Тәрбие сағатының тақырыбы: «Мен елімнің азаматымын.»
Мақсаты:
Білімділік: Жас ұрпақты Отанын сүюге, еліміздің рәміздерін қастерлеуге, бай - қуатты ел екендігін мақтан етуге үйретіп, туған еліне, жеріне деген сүйіспеншілігін арттырып, махаббат сезімін ояту;
Дамытушылық: Ойларын жүйелі түрде жеткізе білу, шығармашылықпен жұмыс жасап, мәнерлеп өлең оқып, мағынасын түсіне білу дағдыларын дамыту;
Тәрбиелік: Отанын, туған жерін қорғай білуге, халқымыздың талантты ақындарының өлеңдері мен ата - бабаларымыздың өнеге етіп қалдырған даналық сөздері арқылы оқушыларды ұлтжандылыққа, атамекенін көздің қарашығындай сақтай білуге, патриоттық сезімге тәрбиелеу.
Көрнекілігі: Елбасы суреті, Қазақстан Республикасының картасы, рәміздер, қанатты сөздер, гүлдер, слайд, тапсырма жазылған карточка
Әдісі: сұрақ - жауап, әңгімелеу, түсіндірмелі, көріністер, ой қозғау, диалог
Формасы: тәрбие сағаты
Тәрбие үрдісі: Азаматтық, патриоттық және полимәдениеттік тәрбие беру.
Барысы:
І Ұйымдастыру кезеңі
Қонақтарды қарсы алып, тәрбие сағатының тақырыбымен таныстырамын.
Мұғалім: Сәлеметсіңдер ме, балалар. Бүгін біз Отан туралы тәрбие сағатымызды бастағалы тұрмыз. «Ой да ортақ, пікір де ортақ » дегендей келген қонақтарымыздың назарына «Мен елімнің азаматымын» атты тәрбие сағатымызды ұсынамыз.
(Оқушыларды шеңбер құрып, қолдарына лента ұстап, бір шаңырақтың астына тұрады. )
Мұғалім: Балалар, бәріміз қолымызға мынау жолақтарды ұстап, Қазақстан халқының бір шаңырақ астында тату-тәтті өмір сүріп жатқандығын көрсетейікші.
-Қазақстан тәуелсіз, бақытты, тату-тәтті мемлекет, солай ма , балалар? Ал , сендер Отан дегенді қалай түсінесіңдер?
Отан дегеніміз - адамның туып өскен жері
Отан – бұл, адамдардың туған - туысқандарымен, жақындарымен бірге тұратын атамекені.
«Отансыз адам – қанатсыз құспен тең» демекші, әр адамның Отаны өзі үшін ыстық.
Қазақ елінде тұратын адамдардың Отаны – Қазақстан тәуелсіз Республикасы.
«Отан отбасынан басталады» демекші, Отан бұл біздің отбасымыз.
Отан біздің кіндік қанымыз тамған жер.
Біздің өмір сүріп жатқан еліміз.
Ата – бабаларымыз бізге аманат етіп қалдырған мекен.
Біздің атажұртымыз
Отан бұл- біздің рәміздеріміз, Ата заңымыз
Отан бұл- бізідң мектебіміз.
- Отан бұл- алтын бесік.
- Отан- Мәңгілік ел Қазақстан.
- Отан бұл – халқымыз.
- Отан дегеніміз- кең байтақ Қазақстан.
- Отан – жеріміз, байлығымыз.
- Отан – досымыз, бауырларымыз.
- Отан дегеніміз – Ата-анамыз, ұстаздарымыз.
- Балалар, жарайсыңдар, «Отан»- деген сөздің түп мағынасы «Қазақ тілі сөздігінде» былай анықталған: І.туған ел, өскен жер; 2.үй-іші, отбасы. Сендер дұрыс таптыңдар. Ендеше үш түрлі жолақ арқылы топқа бөлініп алайық: Сарық жолақ ұстағандар – «Достық» тобы; көгілдір жолақ ұстағандар – «Бірлік тобы»; ал жасыл жолақ ұстағандар «Ынтымақ» тобы болып өз орындарымызға жайғасайық.
(Үш турлі лента арқылы оқушылар үш топқа бөлінеді.
1-топ : «Достық»
2- топ: «Бірлік»
3-топ: «Ынтымақ»)
Мұғалім: Тәрбие сағатты бастамас бұрын оның кезеңдерімен таныстырып өтейін:
1-кезең: Ой қозғау (сұрақ – жауап) (Бәйтерек, күн, қыран)
2-кезең: Ойлан, тап! (сөзжұмбақ) (Отау)
3-кезең: Сөздер маржаны (сөз тізбегін құрастыру) (Жылқы)
4-кезең: «Кім боламын?» (суреттер сөйлейді) (Эссе) (Қарлығаш)
5-кезең: «Өлең сөздің патшасы – сөз сарасы» (Отан туралы өлеңдер жаттау)
6-кезең: «Әдебиет- өмір айнасы,
Сахна - оның жолдасы» (Көрініс) (Гүл, жапырақтар)
7-кезең: «Мақал-мәтел – сөз мәйегі» (Мақалды жалғастыру және түсіп қалған сөздерді үш тілде айтып беру) (Балалар)
8-кезең: Түймедақ әдісі
Мұғалім: Біздің алға қойған мақсатымыз, өткенімізді білетін, бүгінді түсінетін, ертеңге сеніммен қарайтын азамат болып өсу. Солай ма, балалар?
Сондықтан да біз Отанымызға, оның салт-дәстүрлері мен мемлекеттік рәміздеріне, ана тілімізге деген сезімімізді шешендік сөздер мен тапқырлық өнеріміз арқылы білдіретіндігімізді қуанышпен айтамыз.
Олай болса 1- кезеңімізді бастаймыз: «Ой қозғау»
Бұл кезеңде сұрақтар беріледі, яғни бұл сұрақтар арқылы Қазақстан Республикасы туралы қандай білімге ие екендіктерің тексеріледі. Сонымен қатар алдарыңда әр түрлі суреттер жатыр. Сол суреттерді әр топ тапсырманы орындай алса тақтаға іліп отырады. Сабақ соңына дейін біз «Қазақстан менің Отаным» макетін жасап шығамыз. Дайынбыз ба, балалар? Олай болса, бастадық.
1. Біздің Отанымыз қалай аталады?
2. Мемлекетіміз астанасы қай қала?
3. Қазақстан Республикасы қай жылы тәуелсіздігін алды?
4. Қазақстан Республикасының президенті кім?
5. Қазақстан Республикасының мемлекеттік тілі қай тіл?
6. Мемлекеттік рәміздер қайсылар?
7. Ата заңымыз қашан қабылданды?
8. Мемлекеттік гимннің авторы кімдер?
9. Ұлттық валютамыз?
10. Биыл Тәуелсіздігіміздің неше жылдығын тойладық?
Өз елімізге, өз Отанымызға , олардың гүлденуіне біз қалай үлес қоса аламыз?
Өз білімізбен, тәрбиемізбен.
Өте дұрыс, жарайсыңдар, балалар! Ендеше келесі кезекке көшейік.
«Ойлан, тап!» (Сөзжұмбақ)
Мемлекетіміз қай айда тәуелсіз болды?
Отанымызда болғалы отырған әлемдік көрме.
Қанатты пырақтар бейнеленген рәміз
............... - зор байлық.
Мемлекетіміз Елбасы, тұңғыш президентіміз кім?
Алматыда ұйымдастырылған студенттердің қысқы ойындары
Ж Е Л Т О Қ С А Н
Э К С П О
Е Л Т А Ң Б А
Д Е С А У Л Ы Қ
Н А З А Р Б А Е В
У Н И В Е Р С И А Д А
-Жарайсыңдар, балалар, Отан туралы білімдерің өте тереңдігіне көз жеткіздік. Балалар, универсиада деп жатырмыз, ол қай кезде болды?
-Осы қысқы ойында мемлекетіміз спортшылары қандай жетістіктерге жетті, кім біледі?
- Алматыда 28 қаңтардан 8 ақпанға дейін спорттың 13 түрінен қысқы универсиада ойындары болып өтті.
- Онда мемлекетіміздің жас спортшылары 11 алтын, 8 күміс және 17 қола медальді қолға кірітті.
Өте жақсы , Бізде келешекте осындай жарыстарға қатысып, мемлекетіміздің туын биіктерге асқақтамыз деп уәде бере аламыз ба?
Ендеше сөзжұмбақтың ортасындағы қызыл түспен жазылған сөзге назар аударайық, қандай сөз шықты, балалар?
ЖОЛДАУ
Өте дұрыс, Елбасымыз өзінің соңғы жолдауын қашан жолдады кім біледі?
Елбасымыз өз жолдауын 2017 жыл 31 қаңтарда жолдады.
Бұл жолдау қалай аталады?
«Қазақстанның үшінші жаңғыруы: жаһандық бәсекеге қабілеттілік»
Жарайсыңдар, міне балалар, біз осы жолдауларды оқып, оны мұқият үйреніп ондағы көрсетілген жолмен барсақ еліміз аңсаған мәңгілік ел бола алады екенбіз, солайма балалар? Ол үшін бізде өз білімімізбен, ауызбіршілігімізбен, достығымызбен, тәртібімізбен атсалысуымыз.
Ал енді біздің үшінші кезеңіміз «Сөздер маржаны». Мұнда үш топқа үш түрлі сөз беріледі, сол сөздерден сөз шығарып жазамыз. Уақыт кетті, іске сәт.
1-топ: Егемен;
2- топ: Тәуелсіздік;
3- топ: Қазақстан
(Әр топтан бір оқушы жазылған сөздерді оқып береді)
-Ал, енді суреттерімізді жабыстырайық.
Бұл тапсырмада сендердің сөз байлықтарың, шешендіктерің тексерілді, ал енді өнерпаздықтарыңды тексереміз, сурет салу шеберліктеріңді көрейікші. Мұндағы тапсырма әр оқушы келешекте қай мамандықты таңдап, өз Отанына қызмет етуді армандап жүр, соны бейнелейді.
Ал, енді, балалар, мына бір бейнетаспаға назарларыңды қаратамын. Мұқият тамашалаймыз.
Осы бейнекөріністе көргендерімізді негізге ала отырып, Эссе жазамыз.
1-топ: «Менің Отаным-Қазақстан»
2- топ: «Мен Отанымның патриотымын»
3- топ: «Мәңгілік ел - тірегім»
- Осы айтылған ойларымыздың дұрыстығына көз жеткізу үшін қазір өлең шумақтарын тыңдап көрсек. Отан, туған жер туралы қандай өлеңдер білеміз? (Қазақша,орысша, өзбекше, ағылшынша)
1 - оқушы:
Көп аузынан түспейтін, Отан - сенің ата - анаң,
Отан деген немене?, Отан - досың, бауырың.
Оның тұлға түс кейпін, Отан - өлкең, астанаң,
Достым білгің келе ме? Отан - аудан, ауылың.
2 - оқушы:
Отан - жерім, Отан - суым,
Отан - қуат, нәр береді.
Отан - ұран, Отан - туым,
Отан мәңгі гүлденеді.
Сүйемін мен Отанымды,
Гүл жайнаған жерімді.
Сүйемін мен ата - анамды,
Мені өсірген елімді.
Мұғалім:
- Балалар, Үйге қандай тапсырма берілген?
(Отан туралы, Қазақстан Республикасы туралы көрініс дайындап келу.)
-Өте дұрыс , балалар, ендеше тамашалайық.
Жарайсыңдар , балалар, бұл көріністерден біз өз Отанымызды қадірлеуді, қастерлеуді үйрендік , солай ма балалар?
Еліміздің келешек тағдыры, Қазақстанның ертеңі өз қолдарыңда. Туған елімізді өркениетті мемлекеттермен терезесі тең , керегесі кең ететін сендерсіңдер. Ол үшін терең, әрі жан-жақты білімді болу міндеттерің. Орағың өткір болса,
Қарың талмайды.
Отаның берік болса,
Жауың алмайды, - демекші бәріміз бір тән, бір жан болып Отанымызды қорғап, аялап, оған қызмет етуіміз керек.
Ендеше, келесі кезек түгел сөздің тобықтай түйіні - мақал- мәтелге. Көп нүктенің орнына қойылған сөздерді үш тілде айтамыз.
1-топқа:
1)Отанды сүю — …басталады. (отбасы-семья-family)
2)Отансыз адам — … бұлбұл. (ормансыз-лес-forest)
3)Ер қанаты — …(ат-лошадь-horse)
4)Ел көркі — …, өзен көркі – тал. (мал-животное-animal)
5)Ел құлағы …(елу-пятьдесят-fiffty)
2- топқа:
1)Халық күші алып … (күш-сила-power)
2)Адал ұл ер боп туса … тілегі. (ел-страна-country)
3)Отан … ыстық. (от-огонь-fire)
4)Ер туса – елдің көркі,
Қыз туса — …көркі. (жер-земля-world)
5) Ер - елінде, ...... жерінде. (гүл – цветок – flower)
3-топқа:
1)Өз елінде көртышқан да ........... (батыр-смелый- strong )
2) ............ үшін күрес – ерге тиген үлес (Отан-Родина - Motherland)
3) Орағың өткір болса, қарың талмайды,
Отаның берік болса, .............. алмайды. (жау-враг- eneamy)
4) Елінен безген ер болмас, Көлінен безген ....... болмас. (Қаз- гусь - duck )
5) Сағынған елін аңсайды. сары ала қаз ........ аңсайды.(көл – озеро - lake)
Мұғалім: Жарайсыңдар, балалар, өте дұрыс. Біздің соңғы кезеңіміз – «Түймедақ» әдісі. Мұнда түймедаққа жетіспей тұр? Түс солай ма, балалар? Түймедақтың түсі ақ емес пе? Ендеше соны толықтырайық. Әр парақшаға Қазақстанның азаматы қандай болуға тиіс, соны жазып жапсырамыз.
-Бәрекелді, енді бәріміз орнымыздан тұрайық. «Атамекен» әнін айтамыз.
Біз - тәуелсіз қазақ елінің ең жас жеткіншектеріміз. Сондықтан өз жерімізді, өз елімізді, әкелеріміз бен аталарымыз сияқты қадірлеуге, сүюге, қорғауға тиісті екенімізді естен шығармайық. Сіздерді өз елін шын сүйетін, оның дамуы мен көркеюі жолында қызмет ететін нағыз азаматтар болады деп сенемін.
Қазақтың салты бойынша шашумен тәрбие сағатымызды аяқтаймыз.
Достарыңызбен бөлісу: |