Тәуелсіз Қазақстанның жаңа буын оқулықтарының негізін қалаушылар



бет1/3
Дата28.09.2023
өлшемі412,25 Kb.
#182845
түріОқулық
  1   2   3
Байланысты:
№3


Тәуелсіз Қазақстанның жаңа буын оқулықтарының негізін қалаушылар


Биология оқулықтарын қазақ тіліне тәржімелеуде еңбек сіңірген қазақстандық ғалымдар мен редакторлар (М.Бәйімбетов, Қ. Құрманов, А.Жиенбаева, Қ.Қайым, Г.Шаменов, Ж.Байжанова, А.Көрғұлин, Р.Әлімқұлова, А.Темірәлиева, Ұ.Сайымбөлекова, А.Османова т.б.), олардың отандық биологиялық білім берудің дамуына қосқан үлесі.

1996 жылғы 26 қыркүйектегі Үкіметтің «Қазақстан Республикасының жалпы білім беретін мектептеріне арналған оқулықтар мен оқу-әдістемелік кешендерін дайындау және басып шығарудың мақсатты бағдарламасында» көрсетілген міндетке сәйкес бұған дейін қолданылып келген жалпы білім беретін мектептің оқу бағдарламасы Ы.Алтынсарин атындағы Білім академиясында бірнеше рет қаралып, талқыланғаннан кейін Білім және ғылым министрлігі 1997 жылы бекітті. 1998 жылы Білім және ғылым министрлігінің «Жаңа буын оқулықтары мен оқу-әдістемелік кешендерінің конкурсы» да осы бағдарлама негізінде жарияланды. Осы конкурстың нәтижесі бойынша 1–7-сыныптарға арналған оқулықтарды ең алғашқы болып дайындап, басып шығару «Атамұра» баспасына жүктелді.


Тәуелсіз еліміздің алдында жаңа буын, тың тұрпатты тәуелсіз оқулық жасау міндеті тұрды. Елбасының тікелей қолдауымен жаңа буын оқулықтарын жасау қызу басталып кетті. Министрлік Білім академиясында әзірленген бағдарлама негізінде әр пән бойынша авторлар ұжымын белгілеп, оқулықтарды дайындап, баспаларға дайын қолжазбаларын ұсына бастады. Бұл жерде «дайын қолжазба» деген аты болғанмен, баспа тарапынан жасалатын жұмыс шаш етектен болғанын айта кету керек. Көбіне қолжазбалардың сапасы мен мазмұны сын көтермейтін. Білім академиясында білікті редакторлардың, аудармашылардың, суретті баланың жас ерекшеліктерін ескере отырып салатын суретшілердің, яғни кітап жасаудың нағыз мамандарының жоқтығы бірден сезіліп тұрды. Оның үстіне оқулықтардың алғашқы макетін қолға алған Білім академиясының да, баспаның да оқулықтарды қайта қарау мен өңдеуге уақыты тым аз болды. Бірақ осы аз уақыттың ішінде еліміздің болашағы үшін қыруар жұмыстар атқарылды. Ал оқулық жасаудың өте күрделі де қиын екені белгілі. Баспа қызметкерлері күн-түн демей, Білім академиясымен бірлесе отырып, оқулықтарды қайта қарап, авторларға өз ұсыныстарын жеткізіп, мәтіндерін редакциялады, белгілі мамандарға оқытып, олардың пікірлері ескерілді. Біраз безендіретін суреттерді қайта салғызып, алғаш жарық көрген оқулықтардың жақсара түсуіне өлшеусіз еңбек сіңірілді.
Қазір қазақстандық авторлар ұжымы қалыптасты, министрлік пен баспалар оқулық жасауда мол тәжірибе жинақтады. Қазіргі кезге дейін мектептерде қолданылып келе жатқан негізгі оқулықтардың қолжазбаларын Білім академиясы 1997 жылы әзірлеген еді. Ол кезде баспалардың Академия жасақтаған авторлар ұжымын өзгертіп, басқа бір автор қосуға құқығы болмайтын. Тек 2004 жылдан бастап қана баспа тарапынан авторлар таңдалып, жаңа авторлар ұжымы құрылды. Балама оқулықтар әзірленіп, мектептерде қолданысқа ене бастады. Мұндай балама оқулықтар жасаудан ұтпасақ, ұтылмасымыз анық болды. Мысалы, А.Соловьева, Л.Әбшеновалардың «Биология» отандық оқулықтар әлеміне қосылған жаңалық, үлкен бетбұрыс болды.
Биология оқулықтары мен оқу-әдістемелік кешендері жалпы табиғат құбылыстарымен және олардың заңдылықтары туралы оқушылардың ғылыми дүниетанымдық көзқарастарының дұрыс қалыптасуына әсер етумен қатар, оларға адамгершілік, отансүйгіштік, патриоттық, экологиялық және эстетикалық тәрбие беруде басты рөл атқарады.
Мектептерде оқытылатын биология сабақтарында Қазақстан ғалымдарының ашқан әлемдік деңгейдегі ғылым жаңалықтарымен таныстыру ұрпақтардың бойында өз Отанына деген мақтаныш сезімін оятып, оларды отансүйгіштікке, өз елінің нағыз патриоты болуға тәрбиелейді. Әрбір сыныптарда оқытылатын биология пәндерінің мазмұнына сәйкес, еліміздің әлемдік деңгейдегі ғылым жаңалықтарымен және әлемдік деңгейдегі ерекше қорғалатын табиғи аумақтарымен таныстырып отыру үшін мұғалімнің шығармашылықпен жұмыс істеуіне және ғылыми тұрғыдан көп ізденуіне тура келеді.
Биология ғылымдарының көптеген салалары бойынша қазіргі кезде Қазақстан ғалымдарының ашып жатқан әлемдік деңгейдегі ғылыми жаңалықтарын дүние жүзі ғалымдары мойындап отырғандығы туралы мысалдарды көптеп айтуға болады. Мысалы, қазіргі кезде қолдан өсірілетін қызғалдақтар мен мәдени алма сорттарының (іріктемелерінің) біздің елімізде ерте кездерден бастап өсіп келе жатқан жабайы қызғалдақ түрлері мен жабайы сиверс алмасы екендігін бүгінгі күні әлем ғалымдары мойындап отырған бұлтартпас ғылыми тұрғыда дәлелденген ақиқат екендігіне ешкім де шек келтірмейді. Мұндай ғылыми жаңалықтар Қазақстан ғалымдарының көп жылдық табандылықпен қажырлы түрде жүргізген ғылыми-зерттеу жұмыстарының жемістері екендігін ерекше мақтаныш сезіммен атап айтуға болады.
Қызғалдақтар – дара жарнақтылар класының лалагүлділер тұқымдасына жатады. Елімізде жабайы қызғалдақтардың 34 түрі өсетіні анықталған. Қазіргі кезде көпшілік қауым қызғалдақтардың отаны Голландия мемлекеті деп есептейді. Бұл мүлде қате пікір. Голландия селекционерлері қолдан өсірілетін қызғалдақ іріктемелерінің сан алуан топтарын шығарғандығы белгілі, бірақ олардың арғы тегі біздің елімізде жабайы түрде өсетін қызғалдақтар екендігі кейінгі кезде ғана ғылыми тұрғыда нақты дәлелденді.
Ертеде шығыс пен батысты байланыстырып тұрған әлемге әйгілі «Жібек жолы» арқылы елімізде өсетін жабайы қызғалдақтардың пиязшықтары мен тұқымдары алдында Түркия еліне, кейіннен сол арадан Еуропа мемлекеттеріне бұдан 400 жыл бұрын таралғандығы туралы дәйекті тарихи деректер бар. Ондай нақты тарихи деректерді елімізде өсетін жабайы қызғалдақтардың түрін арнайы зерттеген ғалым А.А. Иващенконың еңбектерінен кездестіруге болады.
Қазақстандық көрнекті биолог ғалым, ҚР Ұлттық Ғылым академиясының академигі Аймақ Жанғалиев (биология ғылымдарының докторы (1969), профессор (1990), Қазақстан ғылым академиясының академигі (2003), Қазақ КСР-інің еңбек сіңірген ғылым қайраткері (1961)). елімізде өсетін жабайы алма ағаштарының биологиясын ұзақ жылдар бойы қажырлылықпен жүргізген ғылыми зерттеулерінің нәтижесінде қазіргі кезде дүние жүзінің түкпір-түкпірлеріне таралған қолдан өсірілетін 15 000-нан астам мәдени алма іріктемелерінің арғы тегі, яғни бастапқы отаны еліміздің Іле және Жетісу Алатауларында ғана өсетін жабайы сиверс алмасы екендігін ғылыми тұрғыда нақты дәлелдеп берді. Дүниежүзінде жабайы алманың 27 түрі өсетіні ғылымға белгілі. Бірақ соның бәрінің де тағамдық және селекциялық тұрғыдан алғанда елімізде өсетін жабайы сиверс алмасына теңесе алмайтындығы дәлелденді.


Достарыңызбен бөлісу:
  1   2   3




©engime.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет