Тәуелсіздік жылдарындағы қазақ әдебиетін оқыту әдістемесі



бет4/5
Дата26.08.2017
өлшемі2,6 Mb.
#29047
1   2   3   4   5


Бұл драманы оқыту барысында да мұғалім оқушыларды театрға алып баруына немесе веб-сайт арқылы театрмен интерактивтік байланыс жасауына мүмкіндіктер мол.

Қазақтың рухани дүниесі тарих шаңынан арылып, жаңа заманға өзінің қуатын беру үшін аршылып жатқанда, нарықтық экономика барлық әлемге билік құратын өзінің заңдарын да қазақ қоғамына ендете бастағаны белгілі.

Әлімжанұлы Еленнің «Тақталас» драмасы – қазақтың материалдық дүние мен рухани дүниенің арпалысына түсіп жатқан психологиялық болмысы керемет суреттелген туынды.

Осы пьесаның мазмұнындағы патриоттық сезімнің, өз ұлтының болашағы үшін алаңдаушылықтың, туған халқын бірлікке, бәтуаға шақыруының ерекше психологиялық портреттер арқылы берілуін оқушыларға талдап-танытып, спектакльге апарып, мектепте оқушылардың драмалық үйірмесін ұйымдастырып санасына жеткізу керек.

«Тақталас» пьесасының басталуының өзі – оқушылардың алға қойған болашақ мамандығының тек «креслоға-таққа» отырумен байланысты болмауын байқатады.
«І бөлім

Төрде бос орынтақ. Жауғабай кіреді. Ол орынтақты көріп тамашалап көріп жүр.

Жауғабай.Пай-пай-пай! Иесі жоқ кездің өзінде айбынды екен-ау бұл тақ дегенің! Тақ қой бұл, иә, тақ! Баяғыда атқа мінген қазақтың арқасы қозып, әруақтанып кетеді деуші еді. Бүгінде креслоға отырған қазақ қоқырайып шыға келеді.

Алдына кірген адамға емес, аспанға қарайды. Басынан көкірегі биіктеп кетеді. Биіктемей қайтсін. Не кием, не ішем демейді. Біздің де аштан өлетін халымыз жоқ, бірақ қанша тамағың тоқ, киімің көк болса да оның қызығы мансаптың қызуындай қайдан болсын. Орынтаққа қолы жеткеннің ақ дегені алғыс, қара дегін қарғыс...».

Пьесаның қазақ қоғамына жат, бірақ жаңа заманның өз талаптарының ішіндегі бастысына айналып бара жатқан «мансап» пен «тақыт», «бастық» деген ұғымдарды комедия жанрында күлдіре отырып күңірентетін күші бар екенін мұғалім талдап түсіндіріп береді.

Сонымен бірге пьесадағы авторлық қолданыстарға тілдік талдау жүргізіледі.

Драматургтің «тақ» пен «орындық» деген сөздерді біріктіріп, оқушыларға «орынтақ» деген сөзге талдау жасату арқылы ерекше қолданыс екендігіне көздерін жеткізу керек.

3 Тәуелсіздік жылдарындағы қазақ әдебиетін оқыту әдістемесі
Қазақ әдебиетін оқыту үдерісінде оқушылардың ойлау және сөйлеу мәдениетін қалыптастыру – негізгі міндетболып саналады. Дұрыс ойлау және сөйлеуге үйретуде оқушылардың интеллектуалдық даму деңгейі, өзін-өзі ұстау тәртіптері, жан-дүниесіндегі мәнді болып саналатын рухани құндылықтары жетілдіруі аса маңызды.

Оқушының интеллектуалдық даму деңгейі оның өзін-өзі және басқа адамдарды тани білуі арқылы танылады. Адам баласы бір-бірімен алдымен, ТАНЫСАДЫ, сонан соң БІЛІСЕДІ, үшінші кезекте – ТАНИДЫ.Бұл – дүниені тану барысындағы теориялық ойлаудың қалыптасу үдерісі.

ТАНЫСУ сатысында оқушы заттың, құбылыстың сыртқы белгілерін танып-меңгереді.

БІЛІСУ сатысында оқушы заттың, не құбылыстың құраушы компоненттерінің өзара байланысы мен одан туындайтын қатынастарының түрін және мәнін танып-меңгереді.

ТАНУ сатысында оқушы алғашқы екі сатыдатанып-меңгерген заңдылықтары негізінде өзіндік ой-тұжырымдар құрап, жаңа зат немесе құбылыстарды танып, аша алатын қабілетін ашады.

Әдебиетті оқыту әдістемесінің маңызды тармағы оқушылардың әдеби шығармаларды оқуын ұйымдастырумен байланысты. Көркем шығарма мәтінін оқу , әрине, күрделі де көпқырлы үдеріс.

Мәтінді оқи отырып, оны тақырыбына, идеясына, мазмұндық көркемдігіне, композициясы мен сюжетіне талдау жасау – арнайы үйретуді қажет ететін біліктілік.

Ал қазіргі кездегі оқушылардың ақпараттық технологияның сан түрін күнбе-күн тікелей өмірлік қолданысында пайдаланып жүргендігін ескеретін болсақ, оқушыларды кітап оқуға отырғызудың өзі – соншалықты қиын мәселе екендігі таныла түседі.

Қазіргі оқушылардың көркем шығармаларды оқуға бет бұра алмай жүруінің, психологиялық тұрғыдан да, әдістемелік, тіпті әлеуметтік тұрғыдан да күрмелген проблемалары көп.

Олардың қатарында оқушылардың Ұлттық бірыңғай тестілеуге даярлану арқылы өзінің рухани дүниесін байытатын көркем шығармаларды оқуға толыққандылықпен бет бұруға уақытының шектеулігі; қазақ тілінде сөйлеу мәдениетінің төмендігі; кітап сатып алу немесе кітапхана жазылып кітап сияқты маңызды шаруаның екінші деңгейге түсіп қалғандығы; ата-ана тәрбиесінің қай тілде басым болып жатқандығы; болашақ өмірін қандай модельде құрып алуымен (Англияда оқимын, Америкада тұрғым келеді т.б.) байланысты мәселелер орын алып отыр.

Негізінде, оқушылардың оқырман ретінде тәрбиелеудің бірнеше кезеңі бары белгілі. Тәуелсіздік жылдарындағы қазақ әдебиеті шығармаларын оқытуда осы кезеңге бөлу ерекшелігін басты назарда тұтқан дұрыс. Кезеңдер:

  1. 5-6 сыныпта оқыту; бұл кезеңде оқушыларды көркем әдебиеттің сезімді, сезімталдықты тәрбиелеудегі ролі өте күшті; бұл жаста әдеби шығармалар мазмұны аса әсерлі болып қабылданады. Шығармашылықтан яғни автордан гөрі бұл жастағы оқушылардың ішкі сезімдері мен қабылдау әсерлеріне кейіпкер ықпал етуші басты рольге ие болады.

  2. 7-8 сыныпта оқыту; бұл кезеңдегі оқушылар, көп ретте, адамгершілік ұстанымдарын таразыға салып, өзіне, достарына, ата-анасына, ұстаздарына, тұтас қоғамға адамгершілік нормаларын қалай ұстап келе жатқандағы тұрғысынан сынай және ойлана қарайды; өзіндік санасы өсіп қалыптаса бастаған осы жастағы оқушының талғамына лайық қазақ әдебиетінің жаңа буынын сұрыптау – маңызды дидактикалық шешім болып табылады; осы жастағы оқушылар репродуктивтік қабылдаудан аналитикалық талдауға көше бастайды.

  3. 9-11 сыныпта оқыту; бұл жастағы оқушыларда кез келген құбылыстың, оқиғаның нәрсенің СЕБЕБІ мен САЛДАРЫН білуге деген ұмтылысы және құлшынысы өседі; әдеби шығарманың өнер туындысы ретіндегі қасиеті мен қадірін авторымен, ұлтымен, қоғаммен тарихи және эстетикалық тұрғыдан байланыстыра түсінуге талпынады. Осы жастағы оқушы өзінің оқырмандық талаптарын жүйеге түсіріп, «жақсы» мен «жаманды» айыратындай дәрежеге әбден жетеді.

Міне, осындай сипаттамаға сүйене отырып, мұғалім оқушыларға әдеби шығармаларды меңгерту үдерісін ұйымдастырады.

Әдебиетті оқытуда мәнерлеп оқытуға көп мән бере қарау керек.

Мәнерлеп оқу – әдебиетті талдаудың негізі, бастау көзі болып табылады. Әрбір әдеби шығарманы оқып-меңгерудің басы көркем мәтінді мәнерлеп оқудан басталады.

Мәнерлеп оқу – әдеби талдаудың ешқайсысымен алмастырымайтын ерекше қабылдау үдерісі болып табылады. Әр буында, әр сөзде, сөз тіркесінде, әрбір сөйлемде орныққан интонация сол сөзді айтып тұрған кейіпкердің жан-дүниесін мәнерлеп оқып тұрған оқушыға бірден ұғындыратыны сөзсіз.

Әрине, оқушы сол интонацияларды айқын беруге ұялатыны белгілі, бірақ, мұғалімнің міндеті – шынайы мәнерлеп оқу мен дұрыс оқымауды салыстыра көрсетіп, сөздің мәнісін сол сөзді қалай айтуы арқылы ғана беруге болатынын барынша түсіндіре алса дұрыс болады.

Әдеби шығармаларға түсініктеме бере отырып (комментарий беріп) оқу – мұғалімнің оқушыға көркем шығарманың терең мазмұнындағы мәнді қабаттарды тани білуіне көмектесетін тамаша әдіс. Көркем әдебиетті алғашқы оқу – көркем шығарманың тақырыптық-идеялық мазмұнын бірден түсіндіре алмасы белгілі. Екінші оқу – талдай оқудың жаңа сатыға көтерілген, сезімге ғана емес, ақыл-ойға әсер етуге бағытталған және басқа әдістермен араластырыла қолданылатын әдіс болып табылады.

Түсініктеме бере отырып оқудың лексикалық түсініктеме беру деп аталатын тәсілі – автордың көркем шығарма мазмұнындағы дәуірге сай қолданған сөздерін немесе автордың өзіндік дүниетанымдық деңгейіне лайықталған сөздерге лексикалық түсініктеме беру – тек көркем мәтіннің байлығын түсіндіріп қана қоймайды, сонымен бірге оқушының сөз байлығын да дамытады.

Тәуелсіздік жылдарындағы қазақ әдебиетін оқытуда дәстүрлі оқу түрлері – кітапты мұғалімнің оқуы, рольге бөліп оқу, өз бетімен оқу сияқты әдістермен ғана шектеуге болмайды.

Жаңа инновациялық технологияларды шеберлікпен және көбірек қолдану арқылы тәуелсіздік жылдарындағы қазақ әдебиетін жаңа және сапалы жүйеде оқыту дәстүрін қалыптастыру керек.

Қазақ әдебиетін оқытдың жаңа технологиялары – қазақ әдебиеті бойынша оқу бағдарламасында берілген тәуелсіздік жылдарындағы қазақ әдебиетінен берілетін білім мазмұнын жүзеге асырушы тәсілдері жүйесі.

Бұл жүйеде білім берудің көздеген мақсат-міндеттеріне сәйкес формалары, әдістері мен құралдары өзара байланыспен орналасып, мұғалімнің шеберлігінің арқасында оқушылардың бірізділікпен білім алуы ұйымдастырылады.

Педагогикалық технология дегеніміз – жүзеге асырылатын педагогикалық іс-әрекеттің түбінде жемісті болуына арналған жүйені ғылыми тұрғыдан жобалау және оны практикада сәйкесінше қолдану. Педагогикалық технологияда кездейсоқтық деген болмайды.

Онда стандарттан бастап, оқу бағдарламасы, күнтізбелік бағдарлама, оқулық, оқу-әдістемелік құралдар, әдіс-тәсілдер – барлығы таңдалған әдіснамалық негіздерді басшылыққа ала отырып, пәннің әдістемелік ұстанымдарына сай, білім беруші тұлға – мұғалім мен білім алушы тұлға – оқушының жеке тұлғалық қасиеттеріне сәйкес жүйелік жиынтыққа біріктіріледі.

Тәуелсіздік жылдарындағы қазақ әдебиетін оқытудың жаңа педагогикалық технологиялары – қазақ әдебиетін оқыту сапасын жаңа деңгейге көтеріп, оқушылардың дамуына заман деңгейіне жауап бере алатын білім беру жүйелері.

Осындай технологиялардың бірнеше түрін атап кетуге болады.

  1. Тәуелсіздік жылдарындағы қазақ әдебиетін оқытудың ОЙЫН ТЕХНОЛОГИЯСЫ.

  2. Тәуелсіздік жылдарындағы қазақ әдебиетін ПРОБЛЕМАЛЫҚ ОҚЫТУ ТЕХНОЛОГИЯСЫ.

  3. Тәуелсіздік жылдарындағы қазақ әдебиетін оқытудың АҚПАРАТТЫҚ-КОММУНИКАТИВТІК ТЕХНОЛОГИЯСЫ.

  4. Тәуелсіздік жылдарындағы қазақ әдебиетін САРАЛАЙ ОҚЫТУ ТЕХНОЛОГИЯСЫ.

  5. Тәуелсіздік жылдарындағы қазақ әдебиетін ДАРАЛАЙ ОҚЫТУ ТЕХНОЛОГИЯСЫ.

  6. Тәуелсіздік жылдарындағы қазақ әдебиетін ШЫҒАРМАШЫЛЫҚ-КРЕАТИВТІК ОҚЫТУ ТЕХНОЛОГИЯСЫ.

  7. Тәуелсіздік жылдарындағы қазақ әдебиетін ЖОБА ӘДІСІ АРҚЫЛЫ ОҚЫТУ ТЕХНОЛОГИЯСЫ.

  8. Тәуелсіздік жылдарындағы қазақ әдебиетін СЫНИ ТҰРҒЫДАН ОҚЫТУ ТЕХНОЛОГИЯСЫ.

  9. ТЕСТІЛЕУ ТЕХНОЛОГИЯСЫ.

Жаңа педагогикалық технологиялармен бірге, сабақ берудің де жаңа инновациялық формаларын қолдану арқылы Тәуелсіздік жылдарындағы қазақ әдебиетін сапалы оқытуды ұйымдастыру жолдары көп.

Негізінде, дидактикада әдебиетті оқыту сабақтарының түрлері көп болғанымен үш топқа жинақталған, олар:

  • көркем туындыларды меңгерту сабақтары;

  • әдебиет теориясы мен әдебиет тарихын меңгерту сабақтары;

  • тіл дамыту сабақтары.

Әдебиет сабақтарының жалпы МОДЕЛІНІҢ мынадай жүйесін анықтадық.
Ә
Әдебиет сабақтары
ДЕБИЕТ САБАҚТАРЫНЫҢ МОДЕЛІ


Тіл дамыту

сабақтары

Әдебиет теориясы, тарихын меңгерту сабақтары

Көркем туындыны меңгерту сабақтары



  • Көркем шығарманы қабылдау сабақтары.

  • Көркем туындымен терең талдау жұмыстарын жүргізу сабақтары.

  • Көркемшығарма туралы жинақтау сабақтары.




  • Әдеби-теорияық ұғымдарды меңгерту сабақтары.

  • Әдебиеттану, сыни еңбектерді меңгерту сабақтары.

  • Ақын-жазушылардың өмірбаяны мен шығармашылық қызметінмеңгерту сабақтары.

  • Тарихи-әдеби оқу материалдарымен жұмыс жасау сабақтары

  • Әдеби шығармалар бойынша шығармашылық жұмыстар сабақтары.

  • Әдеби шығармалар бойынша ауызекі сөйлеу тілін дамытусабақтары.

  • Шығарма, эссе жазуға үйрету сабақтары.



«Тәуелсіздік жылдарындағы қазақ әдебиетін» оқытудадәріс-сабақтың атқаратын қызметі аса тиімді болады.

Дәріс-сабақтың түрлері мен өзіндік ерекшеліктері бар.Мектепте оқылатын дәріс – өзінің қысқа уақытта толыққанды материал бере алатын мүмкіндігімен ерекшеленеді. Дәріс-сабақтарда ой желісі тұтастанып, көркем шығармалардың ортақ ерекшеліктері талданып, көркем бейнелер мен дәйекті дәлелдер, топтастырулар мен теориялық ұғымдар керекті деңгейде жүйеленіп беріледі.Дәріс-сабақты өткізудің өзіндік талаптары бар, оларды атап айтатын болсақ:

  • өтілетін оқу материалы күрделі және көлемі мол болған кезде қолданылады;

  • оқу материалы іріленген дидактикалық бірлік ретінде тұтастыра берілуі керек болғанда қолданылады;

  • белгілі бір курс пен тарау бойынша білім мазмұнын жинақтау және жүйелеу қажет болған кезде қолданылады;

  • белгілі бір күрделі тақырыпты бастарда қолданылады.

  • Мектепте қолданылатын дәріс-сабақтың түрлері бар:

  • шолу дәрісі-сабағы;

  • проблемалық дәріс-сабағы;

  • дәріс-пресс-конференция сабағы;

  • эвристикалық дәріс-сабағы;

  • ойын әдістері арқылы жүргізілетін дәріс-сабағы.

Шолу дәріс-сабағы түрінде өткзілетін«Тәуелсіздік жылдарындағы қазақ прозасы» тақырыбындағы дәріс-сабақтың әдістемелік сценарийі.

Сабақтың тақырыбы: «Тәуелсіздік жылдарындағы қазақ прозасы»

Мақсаттары:

  • оқушыларды тәуелсіздік жылдарындағы қазақ прозасының даму барысымен таныстыру;

  • прозадағы патриоттық, отаншылдық, сүйіспеншілік, нарықтық қарым-қатынастар, экология мәселелерінің терең тыныста талдануына назар аударту;

  • оқушыларға қазақ әдебиетіндегі жаңа жас буынмен таныстыру.

Сабақтың көрнекілігі: слайдтар мен бейне-фильмдер, музыка және иллюстрациялық көрнекіліктер алдын ала әзірленеді. Интерактивтік тақта арқылы оқушыларға көрсетілетін слайдтардың тақырыптары:

  1. Қазақстан Республикасының Тәуелсіздік алуы – ғасыр жеңісі.

  2. Елбасы Н.Назарбаев – қазақ халқының ғасырлар бойы армандаған, қиял-ғажайып ертегілердің кейіпкері етіп жырлаған ардақты перзенті.

  3. Қазақ әдебиетінің жаңашылдық бастаулары.

  4. Астана бейнесі қазақ әдебиетінде.

  5. Қазақ халқының дүниежүзілік жаңа байланыстарға енуі және қазақ әдебиеті.

  6. Тарихтың таразысы жаңа шындықтың болмысын танытуда.

  7. Желтоқсан – жаңғырық емес, желтоқсан – қазақтың азаттық ұран үні.

  8. Тәуелсіз қазақ әдебиетінің даму жолы – даңғыл.

Сабақта қолданылатын әдіс-тәсілдер: дәріс, әңгімелеу (баяндау мен талдау амалдарын араластыра отырып).

Сабақтың эпиграфы: «Дүниеге тәуелсіздік көзімен қарайтын әдебиет керек»Нұрсұлтан Назарбаев.

Сабақтың барысы:

  1. Ұйымдастыру сәті.

  2. Мұғалімнің сөзі:

Дәріс-сабақ мәтіні
Тәуелсіздік жылдарындағы қазақ прозасы

Қазақстан Республикасы дербес ел атанып, тәуелсіз мемлекет ретінде өмір сүре бастаған сәттен халқымыздың ұлттық сана-сезімі, отаншылдық рухы дүр сілкінді. Халқымыздың өзін-өзі тануы жаңаша көзқарастармен толығып, байи түсті. Қазіргі қазақ прозасында халық тарихының аса бір елеулі кезеңдері, дара тұлғалары уақыт шындығының мол деректерін негізге алып жазылды.Ғасырлар бойы басқыншылық-шапқыншылық соғыстарға, отарлық езгіге, қолдан ұйымдастырылған ашаршылықтарға, босқыншылықтарға, саяси қуғын-сүргіндерге, тағы басқа озбырлықтарға ұшыраса да осы күнге дейін ұлттық бірегей қасиеттерін сақтап, тілін, ділін бұзбағаны халқымыздың тарихи, әдеби шығармаларында көркем шындықпен бейнеленуі аса зәру мәселе екендігі айқын сезіліп келді. Осы мәселеге қатысты ҚР Президенті Н.Ә.Назарбаевтың: «Мен өз халқымның көнбеске көніп, шыдамасқа шыдай білетін төзімділігіне қайран қаламын. Мәңгіліктің қатыгез басқыны біржолата шайып әкететіндей талай қилы кезең тұсында қиналса да аман қалыпты. Қазақтар талай жерде тұтасымен қырылып кетуге шақ қалды. Бірақ өмірге құштарлық, азаттыққа құштарлық қайтадан жығылған еңсені көтеріп, тәуекелге бел буғызды». ( «Ғасырлар тоғысы» 1996 ж. 1, 268-269 бб).

Қазақ халқының басынан өткен тарихи шындығы XX ғасырдың аяғы мен XXI ғасырдың басындағы қазақ романдарында жазыла бастады. Тарихи оқиғалар, ондағы жекелеген тұлғаларды, тұтастай алғанда, халық тағдырын қарама-қайшылықты сипатымен қамту жүзеге асырылды. Аталмыш тақырыптар әдебиеттану ғылымында өзектілігімен ерекшеленеді. Роман жанрындағы күрделі шығармалардың халық тағдырын, тарихи кезеңдер шындығын бейнелеуінен уақыт тынысы, жеке адамдардың, отбасылардың, әлеуметтік ортаның даралықтары мен өзара байланыстары да айқындалады. Қазіргі қазақ романдары-қазақ сөз өнері мұраларының бұрынғы және кейінгі көркемдік дәстүрінің жалғасы. Романдарда ұлттық тарихтың ақтаңдақ беттері қамтылуы, күрделі тағдырлы тарихи тұлғалар мен оқиғаларды әдеби үдерісті талдаудың жаңашыл әдіснамалық әдіс-тәсілдермен қарастыру-үнемі дамудағы ұлттық сөз өнері мұраларын терең тануға, бағалауға жетелейді.

XX ғасырдың 90 жылдарынан бастап тәуелсіз Қазақстанның жаңа әдебиеті қалыптаса бастады. Өзіне дейінгі көркемдік, шеберлік үрдісті озық дамыта отырып, жалғастырды. Қазақ ақын-жазушылары халықтың тарихындағы бұрынғы-соңғы қамтылмаған ақтаңдақ беттерді толтыруға кірісті. Қазіргі қазақ әдебиетіндегі әдеби тек (эпос, лирика, драма) жанрлары әлем әдебиетінің классикалық деңгейіндегі туындылар болып саналады. Қазіргі қазақ әдебиетінің XX ғасырдың 90 жылдары мен XXI ғасырдың басындағы дамуында ұлт тарихының ежелгі замандардан қазіргі кезеңге дейінгі аралығында бұрын кең түрде қамтылмаған ақтаңдақ беттерін толық қамтып жазу үрдісі кеңінен өрістеді. Сонымен қатар, көркем шығарманың мазмұны мен пішінінде бұрынғыдай саяси-идеологиялық қатаң бақылауға, шектеуге жалтақтап жазудан арылған хал-ахуал қалыптаса бастады. Тәуелсіз мемлекет тұғырымен әлемге танымал болып жаңа даму жолымен келе жатқан Қазақстанның көркем әдебиеті де өркениет кеңістігіндегі өзіндік орнымен бағалануы тиіс. Сондықтан XXI ғасырдың алғашқы онжылдығында жазылған романдарды тарихи шындық пен көркемдік шешім поэтикасы заңдылықтары бойынша саралап қарастыруымыз керек. Осы мақсатта төмендегідей міндеттерді орындау көзделеді:

  1. Романдардағы өмір шындығының тарихи шындықпен бейнеленуі;

  2. Тарихилықтың көркемдік шындыққа негіз болуының ерекшеліктері;

  3. Реалистік сипат пен көркемдік қиял жинақтауларының сабақтастығы;

  4. Тарихи тұлғалар мен оқиғалардың көркемдік шешіммен жинақтала бейнеленуі;

  5. Әдеби бейнелердің прототиптік негізділігінің мәні;

  6. Кейіпкерлерді даралау мен мінездеудің психологиялық ерекшеліктері;

  7. Тарихи шындық бейнеленуінің көркемдік уақыт аясындағы қамтылуы;

  8. Романдардың идеялық-композициялық желісіндегі ұлттық-этнографиялық сипат болмысы.

Қазіргі қазақ романдарының мазмұны мен пішіні поэтикасына жаңа жазба реалистік әдебиет үлгілерінің (хакім Абай, Ы.Алтынсарин, т.б. шығармалары) классикалық көркемдік негіз болғандығы дау тудырмайды. Қазақ прозасындағы роман жанрының әлем әдебиетіндегі үлгілермен тектесе дамуына XX ғасырдың 90 жылдары мен XXI ғасырдың басындағы әдеби үдеріс, жеке қаламгерлер туралы соны байыптаулар жатады. Деректі романдардың қалыптасу, даму сабақтастығы теориялық-әдіснамалық сабақтастығымен жүйеленді. Қазіргі деректі романдардағы Б.Тілегеновтің «Тұйық өмірдің құпиясы» роман-толғау, Т.Ахметжанның «Ақиқат жолы» роман-диалог, М.Шахановтың «Желтоқсан эпопеясы» тарихи тұлғаларды мінездеу, даралау, эпикалық баяндау, диалог, авторлық толғаныс, қосымша сюжеттерді егіздеу, т.б. ерекшеліктері бойынша сараланады. Қазіргі жаңа романдардағы өмір шындығы мен тарихи шындық сабақтасуындағы көркемдік жалғастық ықпалы айқындалды. Жазушы Р.Тоқтаровтың «Абайдың жұмбағы» роман-хамсасындағы Кенесары ханның көркем бейнесі сомдалуының тарихилығы көркем шындықпен бейнелену сипаты анықталды. Роман-хамсадағы хакім Абай мен оның шәкірттерінің (Ақылбай, Әбдірахман, Шәкәрім, Көкбай, Мағауия), Алаш қайраткері Әлихан Бөкейхановтың көркем бейнелері сомдалуындағы көркемдік ерекшеліктер (авторлық баяндау, диалог, мінездеу, портрет, т.б.) жүйеленді. Қазіргі қазақ романдарындағы Ә.Нұрпейісовтың «Соңғы парыз», С.Жұбатырұлының «Абыржы», Қ.Жиенбайдың «Даңқ түрмесінің тұтқыны»-табиғат-адам-қоғам қарым-қатынастарын әлеуметтік-психологиялық сарынмен жазу ерекшеліктері ғылыми байыпталды. Экологиялық зардаптарды идеялық желі еткен романдардағы қазіргі заман адамдары жан әлеміндегі отаншылды-азаматтық, пенделік-ұсақтық, қайраткерлік пен тоғышарлық т.б. қарама-қайшылықты мінез-құлық психологиясының әр алуандығы, шындығы бейнеленуі сипаты да сыншыл реалистік болмысымен дәйектелген. Қазіргі қазақ романдарындағы І.Есенберлиннің «Мұхиттан өткен қайық», Д.Досжановтың «Алаң», С.Досановтың «Қылбұрау», «Ұйық», Т.Ахметжанның «Ақиқат жолы», С.Елубайдың «Ақ боз үй», Ғ.Құлахметтің «Үйірі жоқ көкжал» деректерден туындайтын қиял қосындыларының әсерлілігі, нанымдылығы айқын берілген. Аталмыш романдарда табиғат аясындағы адам тіршілігінің шынайылығын ашу, ұлттық-этнографиялық дәстүрлерді уақыт шындығымен сәйкестендіру, т.б. көркемдік шешім эстетикасы ерекшеліктері күрделі сипатымен саралана талданған. Аталған романдар қазақ тарихының кезеңдерін қамтыған алдыңғы толқын суреткерлер ізімен кесек туындылар жазған кейінгі толқын қаламгерлер шоғыры қазақ оқырмандарының ұлттық-тарихи санасын оятуға, жаңаша қалыптастыруға ықпалын тигізеді. Қазіргі қазақ романы-әлем әдебиетінің классикалық үрдіс деңгейінде дамып келе жатқан жанр. Дәстүрлік және көркемдік негіздері-қазақтың фольклоры мен әдебиеті мұралары.

XX ғасырдың 90 жылдары мен XXI ғасырдың басындағы қазақ романдары да хакім Абай қалыптастырған, одан кейінгі толқын қаламгерлер жалғастыра дамытқан эпикалық шығармашылық дәстүрдің көркемдік жалғастығын танытады. Өмір шындығының тарихи шындықпен бейнеленуі, тарихилықтың көркем шығармаларға негіз болуы, реалистік сипат пен көркемдік қиял жинақтауларының сабақтастығы жаңа романдардың басты ерекшеліктері. Тарихи тұлғалар мен оқиғалардың көркемдік шешіммен жинақтала бейнеленуі, әдеби бейнелердің прототипті негізділігінің мәні, кейіпкерлерді даралау мен мінездеудің психологиялық ерекшеліктері де қазіргі романдар поэтикасының күрделі болмысын құрайды. Т.Ахметжанның «Ақиқат жолы» (2003 ж.) роман-диалогында желтоқсан көтерілісінен кейін «ұлтшыл», «жершіл» т.б. жалалар жабылып, аудандық партия комитетінің бірінші хатшысы қызметінен босатылған, бірақ қуғын-сүргінге ұшыраса да әділетсіздіктен ықпаған, рухын жоғалтпаған қазақ зиялысының тағдыры арқылы тоталитарлық жүйенің шаруашылық салаларында жүрген қазақ азаматтарына да тигізген зардаптарын көреміз. Романдағы автор мен кейіпкер диалогтары шығарманың поэтикалық мазмұны мен пішін тұтастығымен өрілген. Қазақ әдебиетінің соңғы онжылдықтарда жарық көріп жатқан көрнекті көркем туындылары-ұлттық санамыздағы көркем ойлаудың көрсеткіштері. Әдеби шығармалар мыңжылдықтар белесінде қалыптасқан қазақ өркениетін танытатын тарихи-мәдени құндылықтардың барлығын да шынайы болмысымен толық қамту аясында жазылып жатқандығын байқаймыз. Мысалы, қазақ тарихындағы көрнекті тұлғалардың бірі Құнанбай қажы Өскенбайұлының (1804-1885) әдеби тұлғасының Р.Тоқтаровтың «Абайдың жұмбағы» атты роман-хамсасында жаңаша көркемдік шешіммен сомдалғанын көреміз. Қазіргі қазақ прозасындағы табиғат-адам-қоғам қарым-қатынастарын әлеуметтік-психологиялық сарынмен жазған романдар қатарында жазушы С.Жұбатырұлының «Абыржы» романын айтамыз. Романның тақырыбы –Арал теңізі тартылуынан туындаған экологиялық –әлеуметтік дағдарыс, идеясы-табиғат құбылыстары мен тіршілік иелеріне қалыптасқан жүйенің бұзылуынан туындаған апат қаупі зардаптарын сездіру. Роман-XX ғасырдың 90 жылдарындағы қазақ елінің қоғамдық-әлеуметтік жағдайын реалистікпен бейнелеген көрнекті туынды. Жазушы Қ.Жиенбайдың «Даңқ түрмесінің тұтқыны» романының идеялық-композициялық желісінде XX ғасырдың соңғы онжылдықтары мен XXI ғасырдың басындағы қазақ тұрмысының реалистік сипаты қамтылған. Он төрт тараудан тұратын романның композициясында бірнеше идеялық желілер саралана алынған. Арал теңізінің экологиялық апатты жағдайы, Барсакелмес аралындағы ауыр хал-ахуал, Баймырза, Салтанат оның баласы Ғафизге байланысты оқиғалар, іс сапарға барғанда көңіл қосқан келіншегі Ұмытхан мен содан туған баласы Қабыл-Қабылан тағдырлары шынайы суреттелген. С.Досановтың «Қылбұрау» романында Қазақ елінің бірнеше ғасыр бойы Ресейдің отары болған кезеңдерінің зардаптары тақырып нысанына алынған, идеясы-ұлт тәуелсіздігі жолындағы күрескерлік іс-әрекеттері өрістеткен қайраткерлер тұлғаларын даралау. Романда қазақ халқының ұлттық-тәуелсіздік алуы жолындағы күрескерлер, Алаш көсемдері Ә.Бөкейхановтың, А.Байтұрсыновтың, Н.Бабахановтың тарихи тұлғалары әдеби-көркем бейне деңгейінде алынған. Жазушының көркемдік шешімі кейіпкерлерінің азаматтық-күрескерлік көзқарастарын таныта алған. С.Досановтың «Ұйық» (2005 ж.) атты романының құрылымдық арқауына Қазақ елінің XX ғасыр басындағы тарихи оқиғалары алынған. Романның тақырыбы-XIX ғасырдың аяғы мен XX ғасырдың басындағы қазақ елінің қоғамдық-әлеуметтік тұрмысы, идеясы-қазақ халқына материалдық және рухани зардаптарын тигізген апатты оқиғалардың (Қазан төңкерісі, аштықғ 1937-1938 жылдардағы қуғын-сүргін) сипатын таныту. «Ұйық» романының идеялық бағдары да XX ғасыр басындағы қазақтың Ұлттық рух оянысын, уақыт шындығын қыран тұлғалас қайраткерлердің сілкінген іс-әрекеттері арқылы аңғарту болып табылады. С.Елубайдың «Ақ боз үй» роман-трилогиясының үшінші кітабы «Жалған дүние» романының тақырыбы да XX ғасырдағы Кеңес заманының зардаптары, шындығы (ашаршылық, сталиндік қуғын-сүргін, т.б.), идеясы- жаратылыс қозғалысындағы өмір мен өлім жалғастығының мәңгілігі. Романда XX ғасырдың 60-80 жылдарындағы Қазақстандағы қоғамдық құрылыс кезеңі қамтылған. Кейіпкерлердің өткен өмір белестерін еске алуы, толғаныстары арқылы XX ғасырдың 30-50 жылдарындағы оқиғалары эпикалық баяндау кеңістігінде танылады. Нақтылап айтқанда, кейіпкерлердің психологиялық толғаныстары арқылы 20 жылдардағы қазақ шаруалары мал-мүліктерінің тәркіленуінің, жер аударылуының, 30 жылдардағы ашаршылықтың, жаппай қуғын-сүргіннің қазақтың халықтық-ұлттық даму бағдарын бұзған апатты қасіретін кейіпкердің ішкі жан дүниесіндегі еске алу толғаныстарымен бейнелеген. Он бес тараудан тұратын романның идеялық-композициялық тұтастығы желісіндегі басты кейіпкерлердің бірі-Едіге. Оның көкемдік жинақтаумен бейнеленуі осы романдағы жазушылық-қаламгерлік тағдырының шиеленісті сәті түрінде берілген. Ғ.Құлахметтің «Үйірі жоқ көкжал» романының композициясы поэтикалық бейнелеудің нақты көрсеткішіндей болып табылады. Романның тақырыптық-идеялық, сюжеттік –композициялық желісіне алынған өзекті мәселе-XX ғасырдың 90 жылдарынан басталған Қазақстанның тұрмыстық-әлеуметтік қоғамдық тіршілігі. Романның және оның бөлімдері тақырыптарының да «Көкжал» атауымен берілуінде символдық-мегзеулік мағына негіз етіліп алынған секілді. Адамгершілік пен имандылық, адалдық пен арамдық, мәрттік пен ездік, мейірімділік пен қатыгездік, жомарттық пен сараңдық және т.б. бір-біріне мүлде қарама-қайшы қасиеттер қақтығысқан жаңа кезеңдегі адам тағдыры романның идеялық-поэтикалық сипатын құрайды.

С.Елубайдың «Ақ боз үй» роман-трилогиясында қазақтың ұлттық-этнографиялық діл болмысының ата-бабалық дәстүрлі мәдениет ерекшеліктері мол қамтылған. Роман-трилогияның басталуынан аяқталуына дейінгі идеялық-композициялық желіде қазақтың көшпелі тұрмысындағы өмірлік шындық көріністері табиғи шынайылығымен берілген. Алғашқы кітабының «Ақ боз үй» аталуы да трилогияның ортақ атауы болған. Романның басталуындағы пейзаждық суреттеу мен этнографиялық бейнелеу тұтастығы эпикалық күрделі шығарма композициясының идеялық, поэтикалық мегзеулі мағыналық бағдарын да айқындайтындай әсер береді. XX ғасырдың алғашқы ширегінің аяғына таман қазақ халқын осындай үдере көшу, ауу, босу дүрбелеңдеріне ұшыратқан Ресейдегі Ақпан, Қазан төңкерістерінің, ақ пен қызыл болып майдандасқан азамат соғысының, мал-мүлкін тәркілеудің зобалаңдарынан әбден қажыған, сүргінге ұшыраған қазақ халқының сергелдең жағдайы осындай үздіксіз жосыған көш керуендердің қозғалыстары жағдайында бейнеленген. Жазушы Смағұл Елубайдың «Мінәжат» (1993) атты романы да әңгімесін халық басына түскен нәубет төңірегінде ұйытады. «Ертеңі не болады...білмейді»; «Мінәжат» романының соңғы сөйлемі. Романның Шеге есімді бұрынғы коммунистің кеңеске сенімі жоғалғандықтан солай ойлайды. Кеңеске дүдамалы роман финалында айтылғандықтан ішкі монологының аяқтамасы көркемдік жинақтау күшіне ие болған. Астарына халқының болашағына байланысты қамкөңіл ой бүккен. «Мінәжат»-Смағұл Елубайдың 2005 жылы «Жазушы» баспасынан жарық көрген «Ақ боз үй» трилогиясының ортаңғы кітабы. «Ақ боз үйдің» бірінші кітабы 1985 жылы жазылған. Мұнда негізінен байларды тәркілеу, ауыл шаруашылығын ұжымдастыру, асыра сілтеудің салдарынан ақ сүйек жұтқа ұрынған кезеңдер суреттелген. Ауыл ортасында айдыны ерекше көзге түсетін ақ боз үйдің иесі, жоғарыда аталған оң пейіл байлар типтес Пахраддин мен бәйбішесі Сырға жапан түз Құмшағылда бір үзім нан мен бір тамшы суға зарығып жан тапсырады. Ал, трилогияның 2000 жылы аяқталған «Жалған дүние» атты үшінші кітабы XX ғасырдың 60-70 жылдарындағы азды-көпті тоқ, тыныштық кезеңді суреттесе де, ел шырғалаңы таусылмағанын паш етеді. «Мінәжат» тақырыбы негізінен 37-нің лаңына арналған. Аштықтан құрып біте жаздаған ел тағы бір жұтқа ұшырайды. Жоғарыдан діңкелеткен жоспар бойынша шағын ауылдың соқталдай-соқталдай жиырма жігіті және төрінен көрі жақын бір кемпірі «халық жауы» тізіміне ілігіп ұсталады. «Ақ боз үй» трилогиясы соңғы жылдардың құнды шығармаларының қатарында аталып жүр. Құндылығы –есте қаларлықтай характерлер туғызуында. Әр характер ел басына түскен ауыртпалықпен айқас үстінде ашылады. Романның шебер өрнектелген тұлғаларынан мойны озығы-Хансұлу образы. Ақ боз үйде сыланып бой жеткен байдың мінезді қызы. Ең әуелі айттырылған жігіті Қозбағарды менсінбей сүйгеніне шығуымен елең еткізетін ол, дос түгіл, дұшпанға тілемейтін сұрапыл қиындықтарға тап болады. Әке-шешеден айырылады. Күйеуі әлсін әлі жазықсыз қамалғанда жалғыздықтың қайғы-қасіретті күндері мен түндеріне, НКВД-ның не бір итсілікпесіне шыдас беріп, айдаудағы күйеуі Шеге мен екеуінің балалары Тілеухан мен Үмітті өсіріп адам қылады. Талай әйелдің етегін ашқан сарыауыз, ауыл белсендісі Ждақайдың өзі көңілі қаншама кетсе де, рухы болаттай, мойымас характер Хансұлудың маңайына жолай алмайды. Бұл әйелдің таңдағаны тегін жігіт емес-ті. Сол жары атына лайық мықшеге мінез көрсетіп, жендеттердің тақымына қылбұрау салғандай қинағанына төтеп беріп, су түбіне жіберетін жалалы қағазға қол қоймайды. Өлім жазасына кесілуден аман қалады. Жеті жыл сталиндік лагерьде жазалы жылдарын өтеп, Хансұлуымен, балаларымен қайта қауышады. Романда әсіресе, Дәу-апа бейнесі ерекше көзге түседі. Бұл әдебиетімізде бұрын көрінбеген, мейлінше реалды, жанды характер. Дәу-апа атақты мерген, кеңеске бас имей қашқын атанып ақыры оққа ұшқан Бұлыштың шешесі. НКВД-ның қара төбеті, қаныпезер чекист Құлберген Дәу-апаны абақтыға жабады. Дәу-апа характері осы кезде жарқ етіп, эпизодтық бейне болса да, эпостық әдебиеттің монументальды формасы –эпопеяға татырлық қаһарман тұлғаға айналады. Біз білетін арғы-бергі геройлардан айырмашылығы –дұшпанын найзаның емес, тілдің ұшымен жайратып салатын батыр-ана. Қазақ даласының ерке серкесі, кеудесін ақ патшаға да, кеңеске де бастыртпаған өжет-қайсар Мәдидің өзі:

Ішіне абақтының кіріп барсаң, Көңілің су сепкендей болады екен, - деп қалмай ма. Ал, Дәу-апаң қараңғы үйге қамалдым деп жасып аласармайды, қайта биіктей береді... «Қайда әлгі Сұржекей дегендерің?! Шақыр бермен көзіме көрінсін... Енді Блыштың өзінен ала алмаған өшін, шешесінен алмақ екен ғой, құдайдан безген жендет. Шақыр бермен ЕНКВ бомақ тұрмақ, анау мұртты құдайы –Сталиннің кіндігінен салбырап түссе де... Сол мұртты көсеміңе алып баршы мені, көрейін, қайдан шыққан құдай екенін! Ит терісін басына қаптап берейін, анасынан арам сүт емген, ондай харам жендетті...» Түрменің берген тамағынан Дәу-апа бас тартады. «Әкет әрі, сендердей харамдардың қолынан нәр татпағанмын! Әкет!!!». Кейуананың кеуде бермес сөздері оқырман көңілін алуан әсерге бөлейді. Тұмар, Ақ Баян, Қыз Жібектердің сіңлісі, жерлесі Әлиядай батыр қыздың әпкесі осындай болса керек дегізеді. Дәу-апа аштық жариялайды. Ашығуды оңай жаза деп ешкім айта алмас. Ал, Дәу-апа өз еркімен ашығады! «Дәу-апа сол нәр татпаған күйі, теріс қарап алты күн жатып жан тапсырады».Романның тағы бір табысы-Сұржекей, Ждақай образы... Сұржекей- барып тұрған сталинист. Ауданның қанша адамының қаны мойнына кеткенін санап түгесу қиын. Талай байлардың шаңырағын ортасына түсірген ежовшыл Сұржекей «халық жауларын» топырлатып ұстайды. Сол Сұржекей (Жекен Қалиевич) ауыл белсендісі Ждақайдың қасында адам көрінеді. Сұржекейдің: «Ендігі жерде алғашқы қарқындағыдай топырлатып ұстамай іріктеп-іріктеп ұстамаса көп ұзамай бұл ауданда еңбекке жарар жан қалмауы ықтимао...» -деп алды-артына қарайтыны бар. Халық жауының әйелі деп, тегі кулак Хансұлуды «Алжирге» ысыра салуға болар еді...Бірақ Сұржекейдің еркектік намысы ұстайды. «Сұржекей қатындарды ұстауға кірісіпті» деген сөздің астында қалғысы келмеді». Ежовшы болғаны үшін сотталып, атылуға апара жатқан жолда қарауылды алдарқатып қасындағы Қозбағарды ажал аузынан алып қалады. Қозбағар қашып құтылады. Ал, ферма меңгерушісі Ждақай мен ауылсовет Жорға Күреңде кісіліктің жұрнағы қалмаған. Шеге деген құйыршықтың шешесі, әйелі Хансұлу екеуі Совет өкіметін күнде қарғайды деп сөз жүгіртуден қымсынбайды. Ждақайдың істемейтін қиянаты жоқ. Патшаның қысымымен осы елге жер ауған, енді аупартком болған Апанастың өзін түрік агенті деп қағаз түсіріп ұстатады. Шегедей бірге өскен құрбысын қайта-қайта түрмеге отыртқызады, бала күннен бірге өскен Рысбекті пышақтап өлтіреді. Не жексұрындылықтың бәрін бойына жинақтаған, жұрттың ақырғы малын, сақтаған бірер қапшық астығына дейін сыпырып, «жаңа ауылдағы 48 ошақтың 22-нің отын өшірген» НКВД –дан салпаңқұлақтығы үшін жалақы алып тұратын Ждақай оның бер жағында Құдайдың кәріне де ілікпейтін сужұқпас. Майданға алынғанда да ол сұмырайға неміс оғы дарымайды деген Хансұлудың айтқаны келеді. Құдайсыз қарабет соғыстан қайтқан соң мүләйімсіп діндар бола қалады. Елдің табалауынан қашып Жетісуға қоныс аударған, сол аймақта ері Шегені қара жерге тапсырған қаралы Хансұлуға Ждақай беті шімірікпей кешірім сұрауға әдейі іздеп келеді. Кешірім орнына бір құдайдың жазғанын көрерсің деген жауап алады. Бұл жерде жазушы жеңілмейтін жебір Ждақай образы арқылы жауыздық түптің түбінде жазасын табады дейтін дидактизмге, ұстаздық рухтағы әдеби шығармаларға көлденең келетіндей. Жағымды геройдың бәрі, Шеге мен Хансұлудың Түгелхан мен Үміттей балалары да жапа шегеді. Түгелхан ішімдікке салынады. Үміттің маскүнем күйеуі асылып өледі. Әкесі Бұлыш қаза тапқанда 8 жасар Едіге Қарақалпақ еліне қашып барып, сонда жасырынып мал бағып жүрген Қозбағардың көмегімен оқып адам болады. Жазушы атанады. Бірақ елулерге келгенде ол да көз жұмады. Ашаршылық шындығын жазған шығармасы жарыққа шықпай құсадан өледі. Бала кезінде Ждақай сабағанда жыламай, тістеніп дыбыс шығармаған, соншалық азаптан аман шығып, қаламгерлік өреге көтерілген, партияға өтуден саналы түрде қашқақтаған Едігенің бір шығармасының өтпеуіне бола сынып кетуі оның Дәу-ападай әженің, Бұлыштай әкенің ұрпағы екеніне қайшы келе ме қалай? Едігенің өзінің характеріндегі қайсарлық дән бала кезінен-ақ өне бастағаны байқалмап па еді. «Ақ боз үй» трилогиясы Кеңес тұсында қазақ аспанынан қара бұлт бір де айығып көрмеген деген қорытындыға келтіреді.

Қорыта айтқанда, қазіргі қазақ романдарының ұлттық-этнографиялық сипаты сөз өнері туындыларындағы поэтикалық ерекшеліктердің танымдық тағылымын тереңдете түсуде. Ұрпақтарды қазақы ұлттық рух қуатымен тәрбиелеуде мұндай көркем туындылардың маңызы мәңгілікке жалғасады.
XX ғасырдың 90-жылдары мен XXI ғасырдың басындағы қазақ романдары тәуелсіз Қазақстан әдебиетінің әлем өркениетіндегі классикалық үрдістер көрсеткіштерімен деңгейлес сипатымен бағалана алады. Қазақ әдебиеті шығармаларының ұлттық негізділігін сақтай отырып, әлем әдебиеті арналарымен бірге көркемдік дамудың жаңа жетістіктеріне жетуі жаңа әлемдегі Қазақстан мәдениетінің мәңгілік тұғырын нығайта түседі.

Жазушы С.Елубайдың «Ақ боз үй» романы бойынша сабақтың әдістемелік сценарийі.
Сабақты жазушының шығармашылық өмірбаянынан қысқаша мағлұмат бере отырып, бастау керек. Тақтаға жазушының портретін іліп, кітаптарының көрмесін қою қажет. Сондай-ақ, интерактивті тақтаны пайдаланып, роман оқиғасына байланыстырып ашаршылық жылдарының суреттерінен көріністер жасалғаны құба-құп. 9-11 сыныптарда да, 5-8 сыныптардағыдай, әдеби шығармаларды оқып-үйрену, талдау жұмысы көркемсөз мәтінін оқу, оның мазмұнын ұғынудан басталады. Шығарманы оқып, оның идеялық-тақырыптық мазмұнын оқушылар алдын ала түсініп келмейінше, ешқандай талдау жұмысын жүргізу мүмкін емес. Сондықтан С.Елубайдың «Ақ боз үй» романын оқушыларға күні бұрын үйден оқып келуге тапсырған жөн. Романның мәтінімен танысқан соң ғана оқушылар ол жайындағы пікіралмасуға белсене қатысатын болады.

Сабақтың тақырыбы: С.Елубайдың «Ақ боз үй» романындағы ашаршылық, зұлмат кезеңінің шындығы

Сабақтың мақсаты:

Білімділік: а) жазушының қазақ тарихының шынайы көріністерін суреттеуге қосқан үлесі туралы оқушылардың білімдерін жүйелеу;

ә)шығарма кейіпкерлерінің шынайы образдары, олардың азаматтық рухы, төзімділігі, сенімі мен үміті.

Тәрбиелік: а) оқушылардың туған халқының өткендегі тарихына құрметпен қарауына, қайғысына ортақтасу, келешегіне сену сүйіспеншілігіне тәрбиелеу.

Ә) оқушыларға имандылық, азаматтық. Гуманистік қасиеттер дарыту.

Дамытушылық: а) көркем шығармадағы өмір шындығын танып-білу, одан қорытынды түю, тұжырымды пікір жасау дағдыларына үйрету;ә) жазушының суреттеу шеберлігіне, тарихи тақырыпты ұғыну ерекшеліктеріне үңілу.

Сабақтың көрнекілігі:

  1. С.Елубайдың шығармашылық өмір жолын бейнелейтін слайд журнал.

  2. С.Елубайдың «Ақ боз үй» роман-трилогиясы кітаптары.

  3. С.Елубайдың «Ақ боз үй» роман-трилогиясы үшін ҚР Президенті, Елбасы Н.Ә.Назарбаевтың қолынан медаль алып жатқан сәттері бейнеленген бейнекөріністер.

  4. Жазушының газет, журнал басылымдарына берген сұхбаттарының топтамасын жеке папка ретінде ұсыну.

  5. Үнтаспа, бейнетаспа арқылы жазушының сөздерін тыңдату.

  6. Ашаршылық жылдарындағы қазақ халқының босып бара жатқан суреттерінің көріністері бейнеленген кинокадрды пайдалану.

Сабақтың барысы: Оқытушы интерактивті тақтаны пайдалана отырып, жазушы шығармашылығы туралы мәліметтерін айтады. «Ақ боз үй» романының жазылу тарихы жайында айтқан жазушының сөздерін дерек ретінде келтіреді. Шығарма Кеңес заманы тұсында жазылғанымен, ол кезде басылмағанын, оның саяси, әлеуметтік мәселелерінен терең мағлұмат бере кетеді. Тек шындықты айтуға және жазуға тәуелсіздік заманында ғана қол жеткізгенімізге тоқталады. Қазақ тарихының ақтаңдақ беттерін тәуелсіздік алған уақыттан бастап айтып, жаза бастағанымызға мән беріледі. Ашаршылық, сталиндік қуғын-сүргін зұлматтардың қазақ халқының рухани және экономикалық дамуына тигізген зардаптары баса айтылады. Сонымен қатар, романның кейбір тарауларынан үзінділер оқылып, оқушылардың алған әсерлері мен толғандырған сауалдарына жауаптар берілуі және пікір алмасулары тиісті.

  1. Оқылған үзінділерден жазушының қандай ой айтпақ болғанын аңғардыңдар?

  2. Жазушы қандай көркемдік суреттеу құралдарын пайдаланған?

  3. Ой нақтылығы, суреттеу шеберлігі туралы не айтуға болады?

Келесі кезекте оқушылармен бірлесе отырып «Не білдік, не таныдық, не үйрендік?» деген сұрақтар төңірегінде ой бөлісу, оқушыларды ойлау және түйсінуге жетелеу қажет.

Жұмыстың нәтижесі:

Мұғалімдердің репродуктивтік сипатта, шығармашылық сипатта, зерттеу сипатындағы жұмыстары оқушылардың танымдық әрекетінің қалыптасуына мүмкіндіктер туғызады; білім мазмұнын игерудің қайнар көзіне айналады. Жазушының зер салып, таныған дүниесі –қазақ даласының ашаршылық, қуғын-сүргін замандардағы тыныс-тіршілігі мен қасіретті тағдыры болды. Соны қазақ баласының зердесіне көркемсөз арқылы жеткізіп, халқының қиын тағдырына куә еткізеді. Сол арқылы оқушыларға елін, жерін, Отанын сүйетін өскелең ұрпақ тәрбиелеуге күш салынады.

Сабақтың түрі – аралас сабақ. Бірақ пікірсайысқа және өткенге саяхат жасалатын сабақ. Сабақта оқушылардың тарих сабағынан ашаршылық, қуғын-сүргін, сталиндік репрессиялардан алған білімдері де басшылыққа алынуы тиіс. Сол арқылы қазақ әдебиеті мен Қазақстан тарихы пәндерінің өзара байланыстары ескеріледі. Яғни, қандай да бір оқиға (көркем туынды болса да) белгілі бір тарихи кезең аясында өтетіні белгілі. Сабақтың соңында оқушыларды АЛЖИР, КАРЛАГ, СТЕПЛАГ сияқты мұражайларға саяхатқа апарып, сабақты қорытындылауға болады. Теориялық білімді практика жүзінде іске асырудың маңызы өте зор болар еді. «Мың рет естігеннен, бір рет көрген жақсы» деген мақалдағыдай көзбен көру арқылы да шындықтың шырайы ашыла түседі.

Әдебиетті оқытудағы ендігі бір ұтымды тәсіл-мәнерлеп оқу. Ең алдымен, мұғалім мәнерлеп оқудың үлгісін өзі көрсетуі керек,шәкірттерге соның ұнамды үлгісін беруі тиіс.Тек сонда ғана мұғалім шәкірттерін де мәнерлеп оқуға баули алады.

Тәуелсіздік жылдарындағы қазақ әдебиетін оқытуда «Сыни тұрғыдан ойлау» технологиясын қолдануда қазақстандық мұғалімдер біршама жақсы тәжірибе жинақтап келеді. Көркем шығарманы талдаудың тәжірибеде кеңінен тараған әдістемелік жолдары мыналар:

  • тұтастай (немесе автор ізімен) талдау;

  • образ бойынша талдау;

  • проблемалық-тақырыптық талдау.

Бүгінде оқытудың жаңа технологиялары кеңінен қолданылуда. Жаңа стратегиялар мен оқытудың жаңа технологияларының көбі Қазақстанға «Сорос-Қазақстан» қоры тарапынан ұйымдастырылған «Оқу мен жазу арқылы сыни ойлауды дамыту» бағдарламасының жобасы арқылы жетті.

СТО жобасының инновациялық мүмкіндіктері негізінде оқушыларды шығармашылыққа баули оқытудың мақсаты – ұлттық құндылықтарды бойына сіңірген, жаңашыл көзқарастағы шығармашылыққа бейім ортаны қалыптастыру.

Көздеген мақсатқа жету үшін мынадай міндеттер шешілуі керек:

  • жоба элементтерін тақырыпқа сәйкеc түрлерін жүйелеу;

  • қазақ әдебиеті сабақтарында «ББҮ», INSERT, кубизм, Венн диаграммасы, «Концептуалдық кесте», т.б. стратегиялары арқылы оқушының шығармашылық қабілеттерін дамытуға қолайлы орта жасау;

  • оқушылардың әдебиет сабақтарында сыни тұрғыдан ой қорытындысын жасау, өзіндік пікір білдіру дағдыларын дамыту және шыңдау.

Қазақстан Республикасының «Білім туралы» Заңында «Білім беру жүйесінің басты міндеті ұлттық және адамды қалыптастыруға және кәсіби шыңдарға бағытталған білім алу үшін қажетті жағдайлар жасау; оқытудың жаңа технологияларын енгізу;білім беруді ақпараттандыру, халықаралық ғаламдық коммуникациялық желілерге шығу»деп, білім беру жүйесін одан әрі дамыту міндеттері көзделген. Бұл міндеттерді шешу үшін мектеп ұжымдарының, әр мұғалімнің күнделікті ізденісі арқылы барлық жаңалықтар мен қайта құру, өзгерістерге батыл жол ашарлық жаңа тәжірибеге,жаңа қарым-қатынасқа өту қажеттілігі туындайды.Білім берудің маңызды шарты-оқу үрдісін жаңарта отырып, оқушылардың қызығушылығын арттыру, шығармашылық қабылеттерін дамыту, олардың өздігінен білім алуға құштарлығын жетілдіру, қол жеткен табыстарды сын көзбен бағалай отырып саралауда мұғалім іс-әрекетін жаңаша тұрғыда ұйымдастыру.

«Қазақстан – 2050» стратегиясы – Қалыптасқан мемлекеттің жаңа саяси бағыты» атты Қазақстан Республиксы Президенті – Елбасы Н.Ә.Назарбаевтың Қазақстан халқына Жолдауында және ғылыми мақалаларында біліктілікті жоғарлату, интеграцияланған орталықтар ашу, білімнің қажеттілігін арттыру, жастардың бойына патриоттық, адамгершілік, заңға бағынушылық сияқты қасиеттерді дарыту, отандық ғылымдарды жаңғырту, инновациялық әлеуетті өсіру басты міндеттер ретінде аталған. «Өмір бойы білім алу әрбір қазақстандықтың жеке кредосына айналуы тиіс, білім беру жүйесін ақпараттандыру жүйелі жүргізілуі қажет» деп атап көрсетілген Жолдауда.

Қазақстан әлемдегі елдер арасында бәсекеге төтеп беретін инновациялық экономикасы тұрақты дамыған, білікті, білімді мамандары бар, мемлекетті жаңаша басқаруда ерекше ойшыл басшылары бар ел болуы тиіс. Бұл – Елбасы алға қойған мақсат.

Өздігінен ой толғай білу, күрделі даму жағдайында дәстүрлі емес шешім қабылдай білу – қазіргі заман мұғалімінің кәсіби келбетіне тән қасиет. Бүгінгі мұғалім балаларға тек білім беріп қана қоймай, олардың жаңа қалыптасып келе жатқан ой-санасын жоғары рухта байыта білуге, ойы алғыр, қиялы ұшқыр оқушы тәрбиелей білуге міндетті. Бұл – өмір талабы.

Әрине, сабақтың нәтижелі өтіп, алға қойған міндеттің орындалуы үшін мұғалім мен оқушы арасындағы әрекеттің келісімділігі, сондай-ақ оқушылардың сабаққа дайындығы анықтаушы рөл атқарады. Мұндай жағдайда оқушылардың ойын сергітіп, миын шынықтыруға негізделген әдіс-тәсілдерді пайдаланудың тиімді болатыны белгілі.

Оқыту барысында өз сабақтарымда қолданып жүрген технологиялар ішіндегі «Сын тұрғысынан ойлау жобасы» стратегиялары әдебиет пәніне арнап құрастырылған десем, артық айтқаным болмас.

Сын тұрғысынан ойлау үш сипатқа ие:

Біріншіден, сын тұрғысынан ойлау өзіндік және жеке ойлау болып табылады.

Екіншіден, сын тұрғысынан оқыту жаттанды қағидаларды дәлелдеп айта беру емес, оқушы оқып, оны еске сақтап айту қабілеті жоқ, керсінше терең ойлау арқылы ескіге жаңаша көзқарас қалыптастыруы мүмкін, тың идеялар ойлап табуы мүмкін.

Үшіншіден, сын тұрғысынан ойлау сұрақтар қойып, шешімін табуды қажет ететін мәселені анықтаудан басталады.

RWCT бағдарламасы – ағылшын тілінен аударғанда «Сын тұрғысынан ойлау үшін оқу мен жазу» дегенді білдіреді. Бұл бағдарлама оқытудың
60 түрлі стратегияларынан – әдістерінен тұрады. Мақсаты – шығармашылық ойлауды, сын тұрғысынан ойлауды дамыту.


Әдебиет сабағында оқу мен жазу арқылы сын тұрғысынан ойлау технологиясын қолдана отырып тұлға қалыптастыру тәжірибесін сабақтарда қолданудамын. Сын тұрғысынан ойлауда оқушы болжайды, зерттеп, қорытып, өз ойын жеткізеді, негізін ашады, сұрыптайды, талқылайды, сын көзбен қарайды,пікірін дәлелдейді, пікір алмасады, ортақ пікірге келеді, мақсатқа жетеді, өзін – өзі басқарады, топпен жұмыс істеуге үйренеді, жан дүниесін өзгертеді, ойлауды дамытады, қызығушылықты дамытады, қызығушылықты арттырады, кез – келген сабақты меңгертеді, оқушы өзін – өзі тәрбиелейді.

Жаңа әдістерді пайдалануда өзіміз қолданып жүрген әдістерді жаңа жағдайға бейімдей пайдалануымыз керек.

Өзім қолданып жүрген «Сын тұрғысынан ойлауды дамыту» бағдарламасына тоқталсам, бұл жүйеде қойылатын сұрақтар проблемалы, ойлануды қажет ететіндей беріледі. Оқушы сондай сұраққа өз ойын, өз пікірін білдіре жауап беруге дағдыланады. Жаңа материалдарды талдауға үйренеді.

Сын тұрғысынан ойлау бойынша жүргізілетін жұмыста оқушылардың өз бетінше тұжырым жасау, қорытындыға келу, ұқсас құбылыстар арасынан тиімдісін таңдай білу, проблеманы шеше білу, пікірталасты жүргізе білу қабілеті қалыптасады.

Сын тұрғысынан ойлаудың нәтижелері:

  1. әдістердің көптүрлілігі;

  2. белсенді практикалық іс-әрекетте болу;

  3. басқалармен қарым-қатынас жасай білу;

  4. басқаларды тыңдай білу;

  5. қажет болса өз көзқарасын өзгерту;

  6. топтық тұжырымдарға келе білу;

  7. топ алдына шығып, өз тұжырымын айта білу, қорғау;

Осының бәрі өздігінен білім ала білуін, сын тұрғысынан ойлауіскерлігін, кейбір әдістемелік тәсілдерді дағдыларға айналдыруын қалыптастырады.

Бағдарлама үш деңгейден тұрады:

  1. қызығушылықты ояту;

  2. мағынаны тану;

  3. ой толғаныс.

Жаңа сабақты түсіндіру кезеңіндегі үйрену процесі. Бұл бұрынғы білетін мен жаңа білімді ұштастырудан тұрады. Кез келген өтілетін тақырыптың атын, затын түсінуінен бастаймын. Мысалы: сөздің синонимін табу, қимылмен көрсету. Бұл процесс бойынша, бұл туралы оқушы не біледі, не айта алатындығынан бастаймын. Осы кезеңде «Топтау», «Ойлану», «Болжау» т.б. әдістер бар.
«Сыни тұрғыдан ойлау» жобасы арқылы оқыту бойынша сабақтың әдістемелік сценарийі
Сабақтың тақырыбы: Несіпбек Айтұлы «Бәйтерек» поэмасы

Сабақтың мақсаты:

білімдік – тәуелсіздік жылдарындағы қазақ поэзиясынан ерекше орын алатын іргелі, көркем туындының бірі – Несіпбек Айтұлының «Бәйтерек» поэмасы туралы білімдерін жүйелеу;

дамытушылық – ақынның суреткер ретіндегі ойшылдық шеберлігіне, тереңдігіне ену. Оқушылардың өз бетінше салыстыра білу, зерттеу, қорытынды, тұжырым жасау сияқты дағды-машығын дамыту;

Тәрбиелік – елін, жерін сүюге тәрбиелеу.Бәйтеректі Астананың ғана емес қазақ халқының кешегі ертегі-арманының, бүгінгі ақиқатқа айналған мақтанышының символы ретінде қарастыра отырып, ауызбіршілікке, ынтымақшылдыққа тәрбиелеу.

Көрнекілік: географиялық карта, Н.Назарбаевтың портреті, ақынның портреті, «Бәйтерек» монументі, сызбалар.

Сабақтың түрі: бекіту сабағы.

Қолданылатын әдіс-тәсілдер: топтастыру, кубизм, түсініктеме күнделігі, кейіпкерге хат стратегиялары.

Пәнаралық байланыс: Қазақстан тарихы, география, қазақ тілі.

Сабақтың барысы.

I. Ұйымдастыру кезеңі. а) амандасу; ә) түгендеу; б) сабаққа дайындықтарын тексеру.

ІІ. Сабақты бастау

Қызығушылықты ояту сатысы

Ой шақыру. а) Н.Айтұлы кім? ә) Ақын поэмасында қандай мәселелерді көтереді? б) Бәйтерек деген сөздің мағынасын қалай түсінесіңдер?

Топтастыру. Оқушылар интерактивті тақтада мазмұнға сүйене отыра басты тірек сөздерді топтайды.





Нысанның идеясының авторы – Елбасы Н.Назарбаев.

  • орналасқан жері – Астана қаласы;

  • салмағы 70 тонна;

  • антеннаның төбесі – 105 метр

  • шатыры – 97 метр;

  • металдан, әйнек пен бетоннан жасалған.




Достарыңызбен бөлісу:
1   2   3   4   5




©engime.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет