2.4 Жер асты суларын пайдалану ұсыныстары
Бұл үшін жұмысын тоқтатып тұрған тік дренаждарды қайтадан іске қосу. Жер асты суларын пайдалану арқылы мақта өсіретін шаруа қожалықтарының суға деген сұранысының 20%-ын қанағаттандыруға болады. Тік дренаждарды қайтадан іске қосу арқылы әртүрлі дәрежеде сортаңданған 110 мың гектар жердің мелиоративтік жағдайын жақсартуға мүмкіндік туады.
Сонымен бірге қашыртқылардағы (сбростар) суды насостар көмегімен пайдалану арқылы, мақта егістігінің 10%-ға жуығын сумен қамтамасыз етуге болады. Лабораториялық анализдер жер асты суларының тұздану дәрежесі 3 г/л аспайтынын көрсетеді, сондықтан бұл суларды жазғы суару кезеңдерінде толығымен пайдалануға болады.
2.5 Ылғал сақтау (мульчирование) және «Вермикулит» минералын қолдану ұсыныстары
Бұл агротехникалық шара – мақта қозасының жүйекаралықтарына бидай сабанын төсеу арқылы, топырақтың жоғарғы қабатындағы судын булану процесін 30-40% азайтуға болады. Сонымен қатар әр жылда гектарына 2-3 тонна бидай сабанын төсеу топырақтың құнарлығын арттырады.
Мақта егістіктерінде жүйек арасына қара пленка тарту су булануын азайтумен қатар, топырақ температурасын көтереді. Бұл әдіс мақтаның алғашқы өніп-өсу кезеңдерінде өте тиімділігімен ерекшілінеді.
Суды үнемдеу мақсатында институтта облысымыздың Түлкібас ауданы шығарып жатқан «Вермикулит» минералы мақталықта тәжірибе жүзінде сынақтан өткізіліп жатыр. Ол экологиялық таза, ауыр металдары жоқ минерал. Өз денесіне 4 есе (100 г Вермикулит 400 г суды) сіңіретін қасиеті бар және ол өсімдікті өсу кезінде сумен қамтамасыз етеді. Вермикулит оң нәтиже берген жағдайда, су үнемдеуде үлкен сұранысқа ие болуы мүмкін.
2.6 Жерді күрделі тегістеуден өткізу ұсыныстары
Бұл шара агротехникалық шаралардың ішіндегі ең негізгісі болып есептелінеді. Тегістеу жұмыстары жүргізілген алқапта суару кезінде судың біркелкі жайылуы, суарудан кейінгі жүйекаралық баптау үшін алқаптың біркелкі дайын болуы және кететін судың шығынын 15-17%-ға кемітуге қол жеткізуге болады. Мақта егетін дамыған мемлекеттерде тегістеу жұмыстары 5-60 дәлдікпен жасауға қол жеткізілген. Олар суармалы жерлерін лазерлік тегістеу әдісі арқылы іске асырады. Мұндай тегістеу жұмыстарынан кейін су бір тегіс жайылып, алқап артық суды керек етпейді. Су 10-15%-ға дейін үнемделеді.
Мақтаны баптаудың экологиялық қауіпсіз технологиясы
«Жасыл» экономика.
Жасыл» экономикаға ауысудың маңызды бағыттарының бірі қалдықтарды кәдеге жарату, сондай-ақ оларды қайталама өнім ретінде пайдалану болып табылады. Жасыл» экономика - бұл табиғи қорларды тиімді пайдалану есебінен қоғамның әл-ауқатын сақтауға бағытталған, сондай-ақ соңғы пайдалану өнімдерін өндірістік циклге қайтаруды қамтамасыз ететін экономика. «Жасыл» экономика бірінші кезекте, қазіргі уақытта сарқылуға ұшыраған (пайдалы қазбалар – мұнай, газ) ресурстарды үнемді тұтынуға және сарқылмайтын ресурстарды тиімді пайдалануға бағытталған. Жасыл экономиканың негізінде – таза немесе «жасыл» технологиялар жатыр.
«Жасыл» экономиканы дамытудың жеті негізгі бағыттары
Осы бағыттағы қызмет басты түрде біздің елдің бірегей табиғат
байлығын сақтауға бағытталған.
Бірінші бағыт - жаңартылатын энергия көздерін енгізу.
Екінші бағыт – тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығындағы энергия тиімділігі.
Үшінші бағыт – ауыл шаруашылығындағы органикалық егін шаруашылығы
Төртінші бағыт – қалдықтарды басқару жүйесін жетілдіру
Бесінші бағыт – су қорларын басқару жүйелерін жетілдіру
Алтыншы бағыт – «таза» көлікті дамыту
Жетінші бағыт – экожүйелерді сақтау және тиімді басқару
Жасыл» экономика ел үшін басымдылықтар әкеледі
«Жасыл» экономика бірінші кезекте экономикалық прогреске жағдай жасайды және мыналарды қамтамасыз етеді:
- ішкі жалпы өнімнің өсімі; - елдің табыстарын ұлғайту; - елдегі жұмыссыздық көрсеткіштерін азайта отырып, халық үшін жұмыс орындарын құру.
Бұл жерде «жасыл» экономикаға ауысу климаттың өзгеруі, пайдалы қазбалардың сарқылуы және су ресурстарының тапшылығы сияқты жаһандық қауіптен тәуекелдерді төмендетеді.
Органикалық егіншілік
Адам денсаулығына және табиғатқа зиян келтірмейтін, өндірістен тұтынуға дейін барлық сатысы бақыланатын, сертификатты түрде жүзеге асыралатын егіншілік «органикалық егіншілік» деп аталады.
Органикалық егіншілік он жылда 5 есе дамиды.
Органикалық егіншілікте химикат немесе дәрі қолданылмайды. Органикалық тыңайтқышқа көң‚ көң садырасы‚ құс саңғырығы‚ қордалар‚ шаруашылық қалдықтары‚ шымтезек‚ сапропель, сидераттар т.б. жатады
«Өсімдіктерді қорғаудың биологиялық әдісін демеу- қаржыландыру» бағдарламасының өмірге жолдама алғанына екі жыл. Оның өміршеңдігі мен тиімділігін сын садағына алу үшін «ақ алтын» өндірісінде ілкімді жоба қолға алынған. Оған сәйкес биоагенттерді сатып алуға немесе биологиялық препараттарды пайдалануға ауылшаруашылық тауар өндірушілердің жұмсаған шығынының 40 пайызға дейінгі көлемін мемлекет демеп-қаржыландырылады. Мәселен, мақта 130-140 мың га егілсе, оның 40-50 гектарында биологиялық әдіс қолданылады. Құзырлы министрлік мамандарының сендіруінше, таза биологиялық әдістің химияға қарағанда қоршаған орта мен адам денсаулығы әсері төмен.
Химиялық тыңайтқыштарды және химиялық препараттарды қолданбай органикалық егіс шаруашылығын жүргізу арқылы өндірілетін экологиялық таза өнімдерге сұраныс артады. Осы бағыттағы ғылыми ұсыныстарды меңгеру үшін мамандарға жаңа деңгейдегі білім және біліктілік қажет. Біздің институтта бұл бағытта ғылым жұмыстарды жасап, әрі қарай дамыту бағытында белсенді жұмыстар атқарылуда.
Органикалық тыңайтқыштар. Органикалық тыңайтқыштар – жануарлар мен өсімдіктер қалдықтарының органикалық қосылыстары түрінде кездесетін қоректік заттар. Органикалық тыңайтқыштарға көң, қи, құс саңғырығы, садыра, жасыл тыңайтқыштар, сабан, т.б. өсімдік қалдықтары, залалсыздандырылған тұрмыстық және өндіріс қалдықтары, ақаба сулардың тұнбалары, т.б. жатады. Өнеркәсіпте мочвина шығарылады. Органикалық тыңайтқыштар құрамында топырақтың ең маңызды қажетті макро- және микроэлементтер бар. Топырақты қарашірікпен, қажетті химиялық элементтермен байытуға, оның ылғалдылығын молайтып, ауа мен су режимінің реттелуіне, физикалық қасиеттерін жақсартуға мүмкіндік береді. Органикалық тыңайтқыштар ауыл шаруашылығы дақылдарының өнімділігін жоғарылатып, сапасын арттырады. Құнарсыз топырақты құнарландыру үшін және суландыру жүргізілген жерлерді игеру үшін міндетті түрде органикалық тыңайтқыштар себіледі. Көбіне топырақты жыртқан кезде тұқымды себуге дейін енгізіледі. Қопсыту кезінде өте шіріген қарашірік, тауық қиын, т.б., ал үстеп қоректендіргенде көбіне садыра және тауық қиын қолданады. Картоп, жүгері, көкөніс және техникалық дақылдарды, күздік дақылдарды, т.б. отырғызғанда оның шұңқырына салу тиімді. Жылыжайларда егістік бетін жабындауда қолданады. Органикалық тыңайтқыштарды қолданудың тиімділігі ылғалы жеткілікті аудандардағы шымды-күлгіндеу және орманның сұр топырақтарында жоғары, ал күлгінденген және сілтісіздендірілген қара топырақтарда төмендеу, құнарлы және қарапайым қаратопырақтарда төмен болады. Органикалық тыңайтқыштардың мөлшері дақылдың түріне және топырақ-климаттық жағдайға байланысты 15 – 60 т/га-ға тең. Минералды тыңайтқыштармен бірге қолданғанда оның мөлшері азаяды. Құрғақшылық аудандарда жырту қабатының барлық тереңдігіне енгізіледі, ал ауыртопырақты жерлерде оның тереңдігі 15 – 18 см-ден аспауы керек.
Отандық мақта сорттары
Мақта саласындағы ғылыми-зерттеулерді дамыту отандық бәсекеге қабілетті мақтаның жаңа сорттарын шығару, жалпы мақта өндірудің тиімділігін арттыру мақсатында бұрынғы Мақтаарал ауылшаруашылық тәжірибе стансасының базасында 2005 жылы Ауыл шаруашылығы министрлігіне қарасты Қазақ мақта шаруашылығы ғылыми-зерттеу институты құрылды.
2000 жылға дейін Қазақстанда отандық аудандастырылған мақта сорттары болмаған. Барлық мақта егістігі жерлеріне Өзбекстанда шығарылған мақта сорттары егіліп келген. Қазақ мақта шаруашылығы ғылыми-зерттеу институтының селекционерлерінің қажырлы еңбегінің арқасында қысқа уақыт ішінде өзіміздің жергілікті топырақ-климат жағдайымызға бейімделген, сортаңдану мен ылғал жетіспеушілікке шыдамды, мол өнімді, сапасы жағынан шетелдік орта талшықты мақта сорттарынан еш қалыспайтын, керісінше, кейбір көрсеткіштері жағынан жоғары тұратын бәсекеге қабілетті 10 жаңа мақта сорты шығарылып, олардың бесеуі (ПА-3031, ПА-3044, М-4005, М-4007 және М-4011) аудандастырылды. Тоғыз сортқа авторлық куәлік берілсе, мақтаның ПА-3031, ПА-3044, М-4005 сорттарының селекциялық жаңашылдығы мен жетістігіне Әділет министрлігі Зияткерлік меншік құқығы комитетінен инновациялық патент тапсырылды. Қазіргі таңда аудандастырылған 5 отандық мақта сорттары 110 мың гектар жерге егілуде. Бұл еліміздегі жалпы мақта егістігінің 80 пайызынан астамын құрайды.
– Елімізде өсіріліп жатқан мақта өнімінің сапасы туралы. Сапа мәселесіне келетін болсақ, біздің мақтаның отандық сорттары орта талшықтылардың ішінде жоғары көрсеткіштерге жетіп, талшықтың орташа шығымы – 38,7-39,3%, үзілу ұзындығы – 26,1 км., беріктігі – 4,9 гк., микронейрі – 4,5, талшықтың ұзындығы – 34,1 мм. құрады, бұл көрсеткіштер көршілес өзбекстандық сорттармен салыстырғанда әлдеқайда жоғары.
Мемлекет басшысының осы салада ұстанған көреген саясатының арқасында бүгінде қазақ мақтасы бірте-бірте ел брендіне айналып отыр. Осы саладағы ғылыми-зерттеу жұмыстарының қалыптасып, жолға қойылуы жаңа инновациялық бәсекеге қабілетті сорттар мен жоғары сапалы тұқым шығаруға оңды ықпал етуде. Сонымен қатар, бұл өнімді өндіруге және өңдеуге қажетті жаңа технологиялар өндіріске белсенді түрде енгізілуде.
Халықаралық мақта консультативтік комитетінің мәлімдемесі бойынша, мақтаның өнімділігі жөнінен дүниежүзілік рейтингте Қазақстан 1998-1999 жылдары мақта өндіретін 68 мемлекеттің арасында 24-25 орында болса, соңғы 3-4 жылда 15-17 орынға жоғарылады.
Оның үстіне, жуықта Германияның Бремен қаласындағы мақта талшығын терең зерттеу орталығының мамандары әлемдегі мақта өндіретін сол 68 мемлекеттің арасынан 30 мемлекетті таңдап алып, олардың арасында неғұрлым бәсекеге қабілетті сапалы мақта өндіретіндерін айқындаған болатын. Осы зерттеуге отандық «Мақтаарал» мақта сорттары да ілікті. Зерттеу қорытындысында Қазақстан Республикасы жоғары сапалы орта талшықты мақта өндіретін 10 мемлекеттің қатарына енді. Бұл біздің халықаралық мақта бәсекесі саласындағы үлкен жеңісіміз.
Қыркүйек айының бірінші аптасында Халықаралық мақта консультативтік комитетінің Аргентинаның Буэнос-Айрес қаласында өткен пленарлық отырысына республикамыздың атынан қатысып, баяндама жасадым. Бұл комитеттегілер еліміздегі осы саланың даму барысын жақсы біледі және бақылап та отыр. Комитеттің атқарушы директоры Терри Таунсенд жиналыс жүріп жатқан кезде біздің Қазақстанның қарқынды дамып келе жатқандығы, Елбасымыз Н.Ә.Назарбаевтың ерен еңбегі туралы екі минөттей әсерлі әңгіме айтқанда төбем көкке жеткендей болды. Отырыс барысында еліміздің мақта-тоқыма кластерін ұйымдастыру арқылы мақтаны терең өңдеп дайын бұйым жасап сататын мемлекеттер қатарына енгендігі атап көрсетілді. Бүкіл әлем бойынша 23 мемлекеттің ғана мақтаны терең өндеп, дайын бұйым шығаратынын ескерсек, бұл да үлкен табыс дер едім.
Алайда, бұл айтылғандардың өзі де біздің жетістігіміздің шегі емес. Егер еліміздің мақта өндірушілері Қазақ мақта шаруашылығы ғылыми-зерттеу институты ғалымдары дайындаған мақтаның бәсекеге қабілетті жаңа отандық сорттарын, жаңадан жасалған технологияларды, ұсыныстарды өндіріске оңтайлы ендіріп, Үкімет көрсетіп отырған көмекті дер кезінде тиімді пайдалана алса, гектар өнімділігін 35-40 центнерге жеткізуге толық мүмкіндік бар. Сонда Қазақстан мақтасы дүниежүзілік рейтингте 5-7 орындарға көтеріле алар еді.
Ауа-райына байланысты агротехникалық іс-шаралар кешеуілдеген жылдары тезпісер сорттарды дұрыс таңдап алған шаруашылықтар жоғары өнім алады.
Өндіріске ұсынылып отырған ерте пісетін М-4005 және М-4007 мақта сорттары құнарлы сұр топырақта орналасу жиілігі гектарына 110-120 мың өсімдіктен тура келген жағдайда өзінің потенциалдық мүмкіндіктерін жақсы көрсете алады. Өнімділігі төмен, сортаңданған және құмдауыт топырақтарда орналасу жиілігін 1 гектарға 10-15 мың өсімдікке дейін арттыруға болады.
«Мақтаарал-4005» мақта сорты қозасының биіктігі 123-127 см. Пісіп жетілу мерзімі – 110-117 күн. Ауруларға шалдығуы С-47-27 сортымен салыстырғанда 35,0-38,0% төмен. Өнімділігі орта есеппен гектарына 38,0-39,0 ц. Ал Мақтаарал-4007 сорты қозасының биіктігі 120-135 см. Пісіп жетілу мерзімі – 117-120 күн. Ауруларға шалдығуы С-47-27 сортымен салыстырғанда 38,0-40,0% төмен. Өнімділігі орта есеппен гектарына 40,1-41,0 ц. Екі сорт та ерте пісетін сорттар қатарына жатады.
Өсімдіктердің орналасу жиілігінің әртүрлілігі жеке өсімдіктердің жағдайына және өсіп дамуына әсер етеді және осы өсімдіктерде пайда болған тұқымдардың онтогенезін өзгертеді. Өсімдіктердің орналасу жиілігі бірдей болған бір гектарда өсімдіктерді жүйектерде әртүрлі орналастыруға болады: мысалы, көктем жаңбырлы болып келген жылдары қатараралығын кең етіп ұяшықтарға 3-5 тұқымдық шитті ексе, топырақтың беткі қатқалағын бұзып өніп шығуға қарқындылық туындайды. Ал көктем қолайлы келген жылдары әр ұяшыққа бір өсімдіктен егіп қатараралығын қысқарту мүмкін. Бұл жағдайда бір бірлік алқаптағы өсімдік саны бірдей болуы мүмкін, бірақ өсімдіктердің өсуі мен даму жағдайлары әртүрлі болады. Өсімдіктер жеке егілгенде бірдей оңтайлы жағдайларда өседі. Сондықтан өсімдіктер жеке жайласқан жағдайында ұяшықтарға жиі отырғызылған жағдайға салыстырғанда өсуі мен дамуы жақсы болады. Мұндай егісте көсектердің жинақталуына, отандық сорттардың тұқымдарының түзілуіне және дамуына жақсы жағдай жаратылады.
Ауыспалы егіс тізбектерінде өсірілетін жаңа отандық «Мақтаарал» мақта сорттары
Достарыңызбен бөлісу: |