Көрнекілігі: жабайы аңдардың қысқы тіршілігі бейнеленген суреттер.
Оқу іс - әрекетінің барысы:
1. Шаттық шеңберін құру.
- Балалар, далада күн суытқанымен біздің жүрегіміз ыстық, мейірімге толы. Бір - бірімізге деген жылы сөздерімізді айтып, көңіл күйімізді көтерейік.
2. Кіріспе бөлім.
Сұрақ - жауап әдісі арқылы балалар жануарлар туралы алған білімдерін ортаға салады.
- Балалар, аңдарды қыстың қатты суық аязынан не қорғайды? (Жылы үлпілдеген жүні, іңдері, апандары). Аңдардың суреттерін көрсете отырып:
- Қыста қоян мен тиіннің жүнінің түсі қалай өзгереді?
3. Негізгі бөлім.
а) Сурет бойынша жануарлардың қысқы тіршілігі туралы әңгіме құрастыру.
- Қыста аңдар немен қоректенеді?
- Қыста қояндар мен бұғылар қысқа азық даярламайды. Қоян ағаштардың бұталарын кеміріп жеп күн көреді. Бұғы ағаштардың кішкентай бұтақтарын жейді. Түлкінің мұрны өте иісшіл, құлағы жақсы естиді. Ол қарды иіскелеп, қар астындағы тышқанның дыбысын естіп қояды. Түлкінің қысқы азығы - тышқан. Ал аю қысқа азық жинайды. Денесіне май жинап алып, қыс бойы апанында жатып табанын сорады. ә) Сөздік жұмысын жүргізу.
Суықта дірдектеп - қалшылдап тоңу, бүрсеңдеу.
Айдын - жайылып жатқан су алабы.
б) Дәптердегі тапсырманы орындау: бір қоян, бір аюдың суреттерін салу. Қоянның тамағы сәбіз, аюдың тамағы бал екенін айтқызу.
в) Ә. Табылдының «Ақ аю» өлеңін жаттату: педагог мәнерлеп оқиды, балпаң - балпаң сөзіне сөздік жұмысын жүргізу (балпаң - балпаң - теңселе басып баяу қозғалады), балаларға өлең жолдарын бірнеше рет қайталату.
4. Оқу іс - әрекетін қорытындылау.
а) «Ақ аю» өлеңін 1 - 2 балаға жатқа айтқызу.
ә) Жануарлардың қысқы тіршілігі туралы алған білімдері сұрақ - жауап әдісі арқылы пысықталады.
1. Қандай жануарлар қысқа азық жинайды?
2. Ал қандай жануарлар қысқа азық жинамайды?
3. Жануарлардың қысқы тіршілігі туралы не білдік?
б) «Қандай жануар?» дидактикалық ойыны. Шарты: бір бала хатқалтадан жануарлардың суретін алады. Сол жануардың қысқы тіршілігі туралы әңгімелейді.
Оқу іс - әрекетінің тақырыбы: Көшедегі көліктер.
Мақсаты:
І.Көліктер туралы түсінік беру, олардың түрлерін ажыратуға үйрету.
2.Сөздік қорларын толықтыру, жаңылтпаштарды дауыс ырғағын көтеру арқылы айтуға жаттықтыру.
3.Ойыншық көлік түрлерін мұқият, ұқыпты ұстауға тәрбиелеу.
Көрнекіліктер: түрлі көліктер бейнеленген суреттер.
Оқу іс - әрекетінің барысы:
1. Кіріспе бөлім.
а) «Қандай көлік түрлерін білесіңдер?» деген сұраққа сурет бойынша көшедегі көлік түрлерін атап шығады.
ә) Көліктердің пайдасы туралы әңгімелеу.
2. Негізгі бөлім.
а) Сөздік жұмысын жүргізу.
Жедел жәрдем - қолма - қол берілетін көмек. Өрт сөндіргіш - өрт сөндіруге арналған техника. Су сепкіш — су тебуге арналған техника.
ә) Жедел жәрдем, өрт сөндіргіш машинасы, су сепкіш сөздерін қатыстырып, сөйлемдер құрастыру.
б) «Төртінші артық» дидактикалық ойыны.
Педагог көлік түрлерінің суреттерін көрсетіп тұрып, олардың аттарын атайды. Балалар аталған көлік түрлерінің артығын тауып айтады және оның неге артық екенін дәлелдейді.
- Камаз, Тойота, Жигули, Мерседес.
- Камаз артық. Өйткені ол - жүк тиейтін машина. Жигули, Тойота Мерседес - жеңіл көліктер.
в) Жұмбақтар шешу. Шешулері: пойыз, автобус.
- Жұмбақта пойызды неге үйге теңеп түр?
- Өйткені пойыздың ішінде жататын төсек, тамақтанатын орын, жуынатын жер және әжетхана бар.
г) Күрделі сөздермен жұмыс.
Сүт тасығыш машина, өрт сөндіретін машина, су себетін машина, жедел жәрдем, т.б.
Балалардан «Сүт тасығыш машина деп аталу себебі, өйткені сүт тасиды. Үш сөзден құралған» деген жауап алу қажет.
ғ) Сергіту сәтін өткізу.
Музыка әуенімен машинаның тұтқышын айналдырып билеу.
3. Оқу іс - әрекетін қорытындылау.
а) Педагог көлік түрлерінің суреттерін көрсетеді, ал балалар оның қандай көлік түрі және не үшін пайдаланатынын айтады. Мысалы:
- Троллейбус - электр қуатымен жүреді. Ол - жолаушы таситын көлік.
- Трамвай - электр қуаты арқылы рельспен қозғалады. Ол - қалада жолаушы таситын моторлы вагон көлік.
ә) «Толықтыр» дидактикалық ойыны. Педагог сөйлемді толық айтпайды. Балалар түсіп қалған сөзді тауып, сөйлемді толықтырып айтады. Мысалы:
Егер жермен жүрсе - бұл... (жер) көлігі. Олар: жеңіл машина, автобус, троллейбус. Егер су мен жүрсе — ... (су) көлігі. Олар: қайық, кеме, теплоход.
б) «Суретті жина» дидактикалық ойыны. Шарты: балалар екі топқа бөлінеді. Көліктердің суреттері салынған парақ бірнеше бөлікке бөлініп, екі хатқалтаның ішінде болады. Әр топ балалары қағаз қиықтарын біріктіріп, көлік түрін құрастырады да, сол көлікке байланысты жұмбақ ойластырады. Жұмбақты келесі топтың балалары шешеді. Мысалы:
1. Бұл көлік қалада жүреді. Электр күшімен қозғалады. Жолаушы тасиды.
2. Ол - вагон көлік. Рельспен жүреді.
Оқу іс - әрекетінің тақырыбы: «Жеті қазынаның бірі» ертегісі.
Мақсаты:
І.Балаларға «Жеті қазынаның бірі» ертегісінің мазмұнын түсіндіру.
2.Сұрақтарға толық жауап беру арқылы тілдерін дамыту.
3.Жеті санының киелі екенін және жеті қазынаға не жататынын түсіндіру арқылы халқымыздың осындай таным - түсініктері көптігін айтып, олардың тәрбиелік мәнін ұғындыру.
Жаңа сөздер: жеті қазына, қыран бүркіт, берен мылтық.
Көрнекілігі: жеті қазына бейнеленген сурет.
Оқу іс - әрекетінің барысы:
1. Кіріспе бөлім.
Педагог жеті санын неліктен қасиетті екенін мысалдар келтіре отырып түсіндіреді. Балалардың пікірлері, жауаптары тыңдалады. Мысалы: жеті ата, жеті шелпек, жеті қазына.
2. Негізгі бөлім.
а) Педагог «Жеті қазынаның бірі» атты ертегіні мәнерлеп оқиды. Дәптердегі ертегі мазмұны бойынша салынған сурет арқылы мазмұнын түсіндіреді.
ә) Сөздік жұмысын жүргізеді.
Мадақтау - біреудің жақсы қасиетін мақтап, көкке көтеру, дәріптеу.
Аластау - біреуді ығыстыру, қуып тастау. Жағымпаздана - жағыну, жарамсақтану, жалбақтау.
б) Сұрақ - жауап әдісі арқылы ертегінің мазмұнын ашу.
- Аң патшасы - Арыстан ормандағы аңдарға қандай сұрақ қойды?
- Аңдар қалай жауап берді?
- Арыстан неге ашуланды?
- Иттің жауабын кім айтады?
- «Дүниеде қайратты әрі ақылды да тек - адамзат» деп жауап берді Ит.
в) Жеті қазына туралы мағлұмат беру.
Қазақ халқы жеті қазынаны ер жігіттің өмірімен байланыстырып, оның ұғымына мыналарды жатқызады:
1. Жүйрік ат - қанаты.
2.Құмай тазысы - абыройын асырар сенімді серігі.
3.Қыран бүркіт - қуаты.
4.Берен мылтық - қаһарлы оты.
5. Қақпан - серті.
б.Майланғыш ау - әдіс - айласы.
7. Өткір кездік - сұсы.
Қазақ халқы жеті қазынаны жеті ырыс деп те атайды. Оларға төмендегі ұғымдарды жатқызады:
1. Адамның ақылы, ой - санасы.
2. Денсаулық.
3. Ақ жаулық (ана)
4. Бала
5.Көңіл
6.Жер
7.Ит
3. Оқу іс - әрекетін қорытындылау.
а) дәптердегі мақал - мәтелдердің мағынасын түсіндіру.
Ақылды адам айтқызбай біледі,
Қыран қаққызбай іледі.
ә) Сұрақтарға жауап беру:
1. Ертегі қалай аталады?
2. Ертегі қандай сөйлеммен басталады?
3. Арыстан өзі туралы не білгісі келеді?
4. Түлкі Арыстанды қалай мақтады?
5. Арыстан Итке не деді?
6. Ал сонда дүниедегі ең қайратты, ең ақылды, әділ әрі епті қайсысы екен?
6. Ит Арыстанға қандай жауап қайтарды? (Мен үшін дүниедегі қайратты әрі ақылды, ол тек - адамзат).
Иттің жауабын балаларға бірнеше рет қайталату.
7. Неге итті «жеті қазынаның бірі» деп айтады екен?
8. Осы ертегіде Арыстан, Ит және Түлкінің жауаптарын қайталап айт.
б) Жеті қазынаның аттарын атату.
Педагог сұрақтарға толық жауап алғаннан соң, сабақты қорытындылайды.
Оқу іс - әрекетінің тақырыбы: Мамандықтың бәрі жақсы.
Мақсаты:
І.Балалардың әртүрлі мамандықтар туралы білімдерін толықтыру.
2.Сурет бойынша қойылған сұрақтарға толық жауап беруге дағдыландыру арқылы зейіндерін дамыту.
3. Үлкендердің еңбегін бағалауға тәрбиелеу және мамандық таңдауға қызығушылықтарын тудыру.
Көрнекіліктері: түрлі мамандық иелері туралы суреттер, құралдар.
Оқу іс - әрекетінің барысы:
1. Шаттық шеңберін құру.
Балалар дөңгелене тұрып, бір - біріне жылы лебіздерін білдіреді. Мысалы:
- Сен қандай ақылдысың! Біздің денсаулығымыз мықты. Біз ойнаймыз, күлеміз, айналадағы дүниені танып - білеміз.
- Міне, көрдіңдер ме? Балалар, болашақта әртүрлі мамандық иесі болу үшін ақылды, білімді, тәрбиелі болу керек.
2.Кіріспе бөлім
а) Жұмбақ шешкізу.
Кірпіштен сарай, үй салады, Ол адам кім болады?
(Құрылысшы)
Осы жерде құрылысшы мамандық иесі екені айтылып, мамандық туралы әңгіме жүргізіледі.
ә) «Кім болам?» дидактикалық ойыны. Шарты: балалар үлкендердің бала күндерінде кім болуды армандағандарын және болашақта өздерінің қандай маман иесі болғысы келетіні жөнінде әңгімелерін, ойларын ортаға салады.
3. Негізгі бөлім.
а) «Мамандықты ата» дидактикалық ойыны. Дәптердегі мамандық иелері бейнеленген суреттерге қарап, мамандық иелерін (дәрігер, ғарышкер, полиция, құрылысшы) айтады. Төмендегідей сұрақтарға жауап береді.
- Дәрігер не істейді?
- Ғарышкер ше?
- Полиция қызметкері не істейді?
- Тағы қандай мамандық түрлерін білесіңдер? (Балалардың жауаптары тыңдалып, толықтырылады).
ә) «Кімге не керек?» тапсырмасы. Шарты: дәптердегі бірінші бағанда тұрған мамандық иелерінің суреттерін екінші бағандағы суреттердің тиістісіне сызықпен қосып көрсету. «Кімге не керек?» сұрағына ауызша жауап беру.
б) Дәптердегі аспан әлемі бейнеленген суретті аяқтау. Бір - екі балаға салған суреттері бойынша әңгімелету. Ғарышкер мамандығы туралы түсіндіру.
Ғарышкер - ғарышта аспан денелерін зерттейтін адам.
в) Жұмбақ шешкізу. Шешуі: ұшақ. Ұшқыш мамандығы туралы әңгіме жүргізіледі.
4. Оқу іс - әрекетін қорытындылау.
а) Педагог бірнеше мамандық түрлерін кезекпен айтады. Балалар әр мамандық туралы әңгімелейді. Мысалы:
- Ұшқыш ұшақты жүргізеді. Жолаушыларды тасымалдайтын ұшқыш, әскери ұшқыш болады.
- Полиция қызметкері елдің тыныштығын қадағалап жүреді.
ә) Педагог мамандықтың бәрі жақсы, тек қандай мамандық иесі болу үшін көп оңу керектігін айтып, сабақты қорытындылайды.
Оқу іс - әрекетінің тақырыбы: Ы. Алтынсариннің «Бір уыс мақта» әңгімесі.
Мақсаты:
1. Оқылған шығарма мазмұнын әңгімелеуге, мәнеріне келтіре айта білуге үйрету, есте сақтау қабілеттерін дамыту. Сөздік қорларын молайтып, байланыстыра сөйлеуге дағдыландыру.
Көрнекіліктер: Ы. Алтынсарин портреті, әңгіме мазмұнына салынган сюжетті сурет.
Сөздік жұмыс: педагог, немере қызы.
Әдіс - тәсілдер: көрсету, әңгімелеу, саусақпен жаттығу.
Оқу іс - әрекетінің барысы:
1. Кіріспе бөлім
а) Педагог балаларға таныс ертегі, әңгімелерден үзінді оқиды. Балалар ертегі, әңгімелердің қалай аталатынын тауып айтады.
- Тышқан: «Апырай қайдан шықты екен осыншама нан? Біліп алып шыққан жеріне кірсем бе екен?» - деп ойлады.
- «Нан қайдан келеді?» ертегісі.
- Бір күні жануарлар «Не дәмді?» - деп таласып қалыпты.
- «Не дәмді?» ертегісі.
- Қыз Мысықтың құйрығын кесіп алады. Мысық: «Құйрығымды берші», - дейді.
- «Мақта қыз бен мысық» ертегісі.
- Ертең апаңның мерекесі. Оған сыйлық әзірледің бе?
- «Не сыйлау керек?» әңгімесі.
ә) Педагог балалардан еңбек туралы қандай әңгіме, ертегі білетіндерін сұрайды. Сонан соң Ы. Алтынсариннің «Бір уыс мақта» әңгімесін оқитындарының, оның еңбек туралы екенін хабарлайды.
2. Негізгі бөлім
а) Ы. Алтынсарин туралы қысқаша мағлұмат береді.
- Ыбырай Алтынсарин - қазақтың тұңғыш педагогі. Қазақ даласында тұңғыш рет орыс үлгісіндегі мектептер ашып, оған орыс әліпбиі негізінде оқулықтар жазды. Өзі сабақ беріп, жаңа талапқа сай келетін мұғалімдер дайындауға күш салды. Қазақ балаларына арнап тәрбиелік мәні бар әңгіме, өлеңдер жазды. Бүгін мен Ы. Алтынсариннің «Бір уыс мақта» атты әңгімесін оқып беремін.
ә) «Бір уыс мақта» әңгімесін оқу. Шапан, мақтаның қиқымы, мамық сөздеріне сөздік жұмысы жүргізіледі.
Шапан - астарына жүн не мақта салып сырып тігілген сырт киім.
Қиқым - бір нәрсенің майда, ұсақ қалдығы. Мақтаның қиқымы.
Мамық - құстың үлпілдеген жұмсақ жүні. Әңгіменің мазмұнына байланысты төмендегі үлгідегідей сұрақтарға жауап беру.
- Үйде анасы мен қызы не істеп отыр еді?
- Қыз артылып қалған бір уыс мақтаны не істеді?
- Мақтаны не іліп алып кетті?
- Торғайға мақта не үшін қажет болды?
Бірнеше балаға әңгіменің мазмұнын айтқызып, тәрбиелік мәнін ашқызу. Балаларға еңбек ету және ысырапшылдыққа жол бермеу керектігі түсіндіріледі.
б) «Ұйқасын тап» дидактикалық ойыны. Педагог өлеңді дауыстап оқиды, балалар «торғайды» деген сөзді тауып айтады.
в) Жаңылтпаш жаттату. Жаңылтпашты жылдам айтқызу арқылы балалардың тілін ұстартып, әртүрлі сөзді шапшаң айтуға үйретеміз.
3. Оқу іс - әрекетін қорытындылау. а) «Бір уыс мақта» әңгімесінің мазмұнын айтқызу. ә) Әңгіменің тәрбиелік мәніне тоқтала келе, сабақтың қорытындылау.
Оқу іс - әрекетінің тақырыбы: Көктем.
(Сурет бойынша әңгіме)
Мақсаты:
І.Балалардың көктем мезгілі туралы білімдерін кеңейту.
2.Сөздік жұмыстары арқылы сөздік қорларын байытумен бірге есте сақтау қабілеттерін дамыту, грамматикалық тұлғада жүйелі сөйлеуге, әңгімелеп айтуға, берілген сұраққа нақты жауап беруге үйрету.
3.Құстарға, ағаштарға, қамқор және еңбекқор болуға тәрбиелеу.
Көрнекіліктері: құстардың, көктем мезгілінің суреті, бүршік жарған бұтақ, үлестірмелі суреттер.
Оқу іс - әрекетінің барысы:
1. Кіріспе бөлім.
а) Педагог тақтаға көктем мезгілін бейнелеген бірнеше суреттерді іледі де, балалардан жылдың қай мезгілі екенін анықтатады. «Көктем екенін қалай білдіңдер?» деген сұрақ арқылы балаларға жауаптарын дәлелдету керек. Балаларға қойылатын жетекші сұрақтар:
1. Көктемде неше ай бар?
2. Қай айдан басталады?
3. Жерде, далада, ағаштарда қандай өзгерістер болады?
4. Айтыңдаршы көктемде алғаш қандай құстар ұшып келеді? (Ұзақ, қараторғай, су құстары).
ә) Педагог балалардың көктем мезгілі туралы айтқандарын қорытындылап, толықтырады.
2. Негізгі бөлім.
а) Педагог Т. Молдағалиевтің «Көктем» өлеңін мәнерлеп оқиды.
ә) Сөздік жұмысын жүргізу. Шартылдайды - сартылдайды, тарсылдайды. Қып - қызыл отпен белгі - бұл жерде найзағайдың көрінісі суреттеліп тұр.
Өпкен жел - бұл жерде желдің денеге жайлы әсер етуі.
б) Өлеңнің мазмұны арқылы көктемгі өзгерістер, көктемгі еңбек туралы әңгіме өрбіту.
в) «Көктемгі гүлдер» дидактикалық ойыны. Шарты: себет - тегі гүлдердің ішінен көктемде гүлдейтін гүлдерді шығарып алып, сол,гүлді сипаттайды. Мысалы: бәйшешек, қызғалдақ, сарғалдақ, т.б.
г) Дәптердегі үлгіге қарап, бәйшешектің суретін салады.
3. Оқу іс - әрекетін қорытындылау.
а) «Өрік ағашы» әңгімесін оқу.
Сұрақ - жауап әдісі арқылы әңгіменің мазмұнын қалай түсінгендерін сұрау.
ә) Балалардың оқу іс - әрекетінде алған білімдері пысықталады.
Оқу іс - әрекетінің тақырыбы: Аналар мерекесі.
Мақсаты:
Көктем мезгілінде болатын алғашқы мереке - аналар мерекесі туралы түсінік беру. Өлең, мақал - мәтелдердің мазмұнын ашу. Қуанышты, мерекелік көңіл күй арқылы әртүрлі іс - әрекеттерде шығармашылық қабілеттерін дамыту. Аналарға құрметпен қарауға тәрбиелеу.
Көрнекіліктері: аналар мерекесі туралы суреттер.
Әдіс - тәсілдер: жаттау, көрсету, түсіндіру, әңгімелеу.
Оқу іс - әрекетінің барысы:
1. Шаттық шеңберін ұйымдастыру.
Балалар дөңгелене тұрып, әр бала өздерінің сүйікті аналары туралы ойлап, аналарының ездерін қалай еркелететінін айтады. Мысалы: Мені анам: «айым, күнім, боташым, ақылдым», - дейді.
2.Кіріспе бөлім.
Көктемде болатын мерекелер туралы әңгіме жүргізу.
3. Негізгі бөлім.
а) Сурет бойынша жұмыс.
Дәптердегі аналар мерекесін бейнелеген сурет арқылы көктемнің алғашқы мерекесі - халықаралық әйелдер мерекесі туралы түсінік беру.
ә) Дәптерге «Анама сыйлық» деген тақырыпта сурет салдыру.
б) F. Ормановтың «Жан анам» өлеңін жаттату.
в) «Кімнің дауысы, табайық!» дидактикалық ойыны. Шарты: балалар диктофон немесе таспаға алдын ала жазылған аналарының, әжелерінің сөздерін тыңдап, дауысынан танып айтады.
4. Оқу іс - әрекетін қорытындылау.
Оқу іс - әрекетінің барысында ана туралы жаттаған өлең - тақпақтарын қайталау.
Оқу іс - әрекетінің тақырыбы: Хайуанаттар бағындағы қызықтар
Мақсаты:
І.Балаларға хайуанаттар багы туралы түсінік беру, жабайы аңдар туралы білімдерін тиянақтау.
2.Аңдардың кейбір ерекшеліктерін салыстыра айтуға үйрету арқылы ойлау қабілеттерін дамыту.
3.Жан - жануарларды қорғауға, қамқор болуға, сүйіспеншілікпен қарауға тәрбиелеу.
Көрнекіліктері: аңдардың, тордың суреттері, ойыншықтар, суреттер.
Оқу іс - әрекетінің барысы:
1. Кіріспе бөлім.
а) Педагог хрестоматияда берілген «Жануарлар әлемі» атты мәтінді оқып береді. Осы мәтін арқылы әлемдегі ең үлкен жануар - көк кит, ең ұзын жануар - керік туралы мәлімет беріледі.
ә) Сұрақ - жауап әдісі арқылы мәтіннің мазмұнын айтқызу. Балаларға жануарлар әлемі туралы теледидардан, бейнетаспалар көруге болатындығы және көптеген кітаптар бар екені айтылады. Астана қаласындағы «Мұхит аралы», Алматы қаласындағы хайуанаттар паркінен көптеген жануарлардың түрін көруге болатындығы айтылып, олардың суреттері көрсетіледі.
2. Негізгі бөлім.
а) Тыныштық сәтін өткізу.
- Біз бүгін бәріміз достарымызбен хайуанаттар бағына саяхатқа шығайық. Айналаға қараңдаршы. Не деген көп аңдар, сайраған құстардың үні қандай тамаша! Жануарларды қорғау керек. Олардың саны азайып бара жатыр.
ә) Сөздік жұмысын жүргізу.
Хайуанат - жан - жануарлардың жалпы атауы.
Хайуанаттар бағы - жан - жануарларды бір араға жиып, көпшілікке көрсету шараларымен шұғылданатын мекеме.
б) Сурет бойынша әңгіме жүргізу.
Дәптердегі хайуанаттар бағы бейнеленген суретті пайдаланып, әңгіме құрастырады. Балалар педагогтің көмегімен торда түрган қасқыр, аю, көжек туралы әңгімелейді.
Қасқыр - ит тұқымдас жануар. Түсі сұр. Оны жыртқыш дейді. Қасқырдың баласын бөлтірік деп атайды.
Қоян - ұзын құлақ жабайы жануар. Қоянды үйде де асырайды. Оның түсі аппақ, сұр болады. Ол - өте қорқақ аң. Қоянның баласын деп атайды.
Аю - ірі денелі, икемсіз жануар. Ол - жыртқыш аң. Ақ аю, қоңыр аю, қара аю болады. Аюдың баласын қонжық деп атайды.
Сондай - ақ піл, мүйізтұмсық, жолбарыс, т.б. аңдар және құстар, бауырымен жорғалаушылар (жылан, кесіртке, тасбақа, қолтырауын) туралы да қысқаша мағлұмат беріледі, суреттерін не солар туралы түсірілген фильм көрсетуге болады.
в) Қоян, аю, қасқыр сөздерін қатыстырып, бірнеше сөз тіркестерін құрастыру. Мысалы, қорқақ қоян, сұр қоян, аппақ қоян, аң аю, қорбаңдаған аю, сұр қасқыр, т.б.
г) Жұмбақтар шешу. Шешулері: қоян, піл.
ғ) «Адасқан көжекті хайуанаттар бағына жеткіз» дидактикалық ойыны. Шытырман жолдардың ішінен баққа апаратын жолды сызып көрсетеді.
3. Оқу іс - әрекетін қорытындылау.
а) Сұрақ - жауап әдісі арқылы сабақта алған білімдері пысықталады.
ә) Сабақ балалардың жануарлар туралы білетін өлең - тақпақтар айтуымен аяқталады.
Оқу іс - әрекетінің тақырыбы: Наурызға шашу, Наурыз мейрамы.
Мақсаты:
І.Наурыз мерекесі туралы түсініктерін кеңейту. Қазақтың ұлттық тағамдары, ойындары, киімдері туралы білімдерін кеңейту.
2.Грамматикалық тұлғада жүйелі сөйлеуге баулу.
3. Елге деген сүйіспеншіліктерін арттырып, салт - дәстүрді құрметтеуге тәрбиелеу.
Көрнекілігі: наурыз мерекесіне арналған суреттер.
Жаңа сөздер: наурыз, уыз, ұршық, алтыбақан.
Оқу іс - әрекетінің барысы:
1. Шаттық шеңберін құру.
Музыка ойнап тұрады. Педагог:
- Көктем мезгілі. Жер әлемі бәрі жап - жасыл. Күн шуағын төгіп түр. Сылдырлап су ағып жатыр. Алыстан таулар көрінеді.
Алма ағаштары аппақ гүл ашқан, айнала түгел әсем. Ересектер, балалар, ұлттық әдемі киімдерін киіп, мерекеге келе жатыр. Бәрі бір - біріне «Наурыз құтты болсын!» деген сөздер айтып, қуаныштарын білдіруде.
2. Кіріспе бөлім.
а) Наурыз мерекесі туралы әңгіме өткізу. ә) «Татулық» сөзіне мағынасы жуық сөздер ойлап айту. Мысалы, татулық, ауызбіршілік, достық, сүйіспеншілік.
3. Негізгі бөлім.
а) Дәптердегі суреттер бойынша әңгіме өткізу.
• Тал егіп жатқан балалар.
• Құстың ұясын ағашқа іліп жатқан балалар.
• Гүл егіп жатқан қыздар.
• Ағаштың түбін қопсытып жатқан балалар.
ә) Сөздік жұмысын жүргізу.
Көшет - көшіріп егу мақсатымен өсірілген жас өсімдіктер, шыбықтар, көкөніс екпелері.
Раушангүл - әдемі ашық түсті ал қызыл гүл.
б) Ә. Табылдының «Наурыз той» өлеңін жаттату.
в) Салт - дәстүр туралы мәлімет беріледі.
Қазақ - қонақжай, зерделі де ойшыл, сабырлы да төзімді, шыдамды да жомарт, елгезек те еліктегіш, кеңпейіл де кішіпейіл, доспен дос бола алатын, әділдікті бағалай білетін халық. «Ата салтың - халықтық қалпың» дегендей біз салт - дәстүрімізді ұмытпауымыз керек. Қазақ халқының рухани тіршілігінде, қарттарды құрметтеу, үлкендерді сыйлау, балаларға жанашырлық, жастарға қамқорлық ету, ата - ананы ардақтау, әйелдерді аялау ізгі дәстүрге айналған. Қазақ халқында тым ертеден келе жатқан көптеген салт - дәстүрлер бар. Олар: шілдехана, тұсау кесу, ашамай, т.б.
г) «Сен білесің бе?» дидактикалық ойыны. Шарты: қоржын ішінен кереге, уық, шаңырақ, түндік деп жазылған парақтарды алып шығып, сол сөздердің мағынасын түсіндіру. Педагог кереге сөзін оқып, оның суретін тақтаға іліп қояды. Осыдан кейін балалардың жауаптары тыңдалады. Педагог толықтырып отырады.
Кереге - киіз үйдің ағаштан жасалған жиналмалы торкөзді сүйегі, қаңқасы.
Уың - кереге мен шаңырақтың арасын ұстап, қосып тұратын сырық, киіз үйдің сүйектерінің бірі.
Шаңырақ - киіз үйдің уықтарын біріктіріп, еңсесін көтеріп, тұтастырып ұстап тұратын дөңгелек шеңбер.
Түндік - киіз үйдің шаңырағын жауып тұратын, жаңбыр өткізбейтін, күн өткізбейтін төрт бұрышты шағын киіз.
ғ) Наурыз көже туралы түсінік беру. Дәптердегі сурет арқылы оның қалай жасалатынын әңгімелеу.
4. Оқу іс - әрекетін қорытындылау.
а) Дәптердегі мақалдың мағынасын түсіндіру.
ә) Сабақта алған білімдері сұрақ - жауап әдісі арқылы пысықталады.
Оқу іс - әрекетінің тақырыбы: «Алтын сақа» ертегісі.
Дәптерде «Алтын сақа» ертегісінен үзінді және мазмұнына сай сюжетті сурет берілген. Ертегіні бөлім бойынша оқып, мазмұнын түсіндіреді. Сонан соң рөлдерге бөліп, сахналайды. Педагог балаларға түсінікті болу үшін, бұл ертегінің мазмұнын толық әңгімелеп беруіне де болады.
Оқу іс - әрекетінің тақырыбы: Ынтымақ мерекесі.
Мақсаты:
І.Мамыр Қазақстан халқының ынтымақ күні туралы түсінік беру.
2.Мамыр мерекесі туралы өлеңдер оқыту арқылы есте сақтау қабілеттерін дамыту.
3.Елімізде тұратын ұлттарды сыйлауға, олармен достық қарым - қатынаста болуға тәрбиелеу.
Достарыңызбен бөлісу: |