Тілдерді дамыту басқармасының 2009 жылғы 2 тоқсаныдағы есебі



Дата22.06.2017
өлшемі130,12 Kb.
#19813
Тілдерді дамыту басқармасының 2009 жылғы 2 тоқсаныдағы ЕСЕБІ

Қазақстан Республикасы Президентінің 2001 жылғы 7 ақпандағы №550 Жарлығымен бекітілген Тілдерді қолдану мен дамытудың 2001-2010 жылдарға арналған мемлекеттік бағдарламасын іске асыру жөніндегі іс-шаралар жоспары көзделген іс-шаралар жүйесін жыл сайын кезең-кезеңмен орындауға бағытталған.

Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2008 жылғы 24 желтоқсандағы №1246 қаулысына сәйкес Тілдерді қолдану мен дамытудың 2001-2010 жылдарға арналған мемлекеттік бағдарламасын іске асыру жөніндегі Шығыс Қазақстан облысының  2009-2010 жылдарға арналған өңірлік іс-шаралар жоспарын орындау жұмыстары мемлекеттік бағдарламаның негізгі басымдықтарын сақтай отырып жүргізілуде.

Тілдерді қолдану мен дамытудың 2001-2010 жылдарға арналған мемлекеттік бағдарламасын құқықтық қамтамасыз ету

Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2008 жылғы 24 желтоқсандағы №1246 қаулысының 3-тармағына сәйкес Шығыс Қазақстан облысы әкімдігінің 2009 жылғы 16 қаңтардағы №293 қаулысымен Тілдерді қолдану мен дамытудың 2001-2010 жылдарға арналған мемлекеттік бағдарламасын іске асыру жөніндегі Шығыс Қазақстан облысының 2009-2010 жылдарға арналған өңірлік іс-шаралар жоспары бекітілді.

Мемлекеттік және басқа да тілдерді дамыту мақсатында Шығыс Қазақстан облысы әкімдігінің 2009 жылғы 12 мамырдағы №67 қаулысымен «Шығыс Қазақстан облысында мемлекеттік және басқа да тілдерді одан әрі дамыту жөніндегі үйлестіру кеңесі» құрылды.



Мемлекеттік басқару органдарындағы тілдік даму

2009 жылдың екінші тоқсанында басқарманың жылдық жұмыс жоспарына сәйкес біршама жұмыстар атқарылды. 


Өткен 2008 жылы атқарылған жұмыстарды қорытындылып, 2009 жылға жаңа міндеттер белгілеу мақсатында облыс әкімінің қатысуымен «Шығыс Қазақстан облысының тілдерді дамыту жөніндегі басқармасының мемлекеттік тіл саясатын жүзеге асырудағы 2008 жылы атқарылған жұмыстарының қорытындылары және 2009 жылғы міндеттері» атты облыстық кеңес өткізілді. Кеңеске аудан және қала әкімдерінің  әлеуметтік мәселелер жөніндегі орынбасарлары мен мәдениет және тілдерді дамыту бөлімдерінің және облыстық басқармалардың бастықтары, мемлекеттік тілді оқыту орталықтарының директорлары, бұқаралық ақпарат құралдарының өкілдері қатысты. Кеңес барысында 2008 жылы атқарылған жұмыстар талданып, олқылықтар мен кемшіліктер ашып көрсетілді, оларды жою жолдары белгіленді. 

Бекітілген кестеге сәйкес Курчатов қаласы әкімі аппараты мен әкімдіктің құрылымдық бөлімшелерінде Зайсан ауданы әкімі аппараты мен әкімдіктің құрылымдық бөлімшелерінде және Экологиялық реттеу және бақылау комитеті Ертіс экология департаментінде «Қазақстан Республикасындағы тіл туралы» Қазақстан Республикасының Заңы мен Тілдерді қолдану мен дамытудың 2001-2010 жылдарға арналған мемлекеттік бағдарламасының орындалу барысы тексерілді.

Есепті кезеңде облыстың мемлекеттік органдарындағы құжат айналымына ай сайын мониторинг жасалып, мемлекеттік тілдегі құжаттардың үлес салмағын арттыруға бағытталған жұмыстар жүргізілді. Облыстың қалалары мен аудандарындағы мемлекеттік органдарда 2009 жылдың 6 айы бойынша кіріс құжаттарындағы мемлекеттік тілдің үлес салмағы 70,1 пайыз, шығыс құжаттарында 98,3 пайыз болып, кіріс және шығыс құжаттарындағы орташа көрсеткіші 84,1 пайызды құрады. Өткен жылдың осы кезеңімен салыстырғанда мемлекеттік тілдің үлесі 6,4 пайызға артты.

Мониторинг қорытындысы бойынша облыстық басқармаларда 2-тоқсанда кіріс құжаттарындағы мемлекеттік тілдің үлес салмағы 46,2 пайыз, шығыс құжаттарында 80,8 пайыз болып, кіріс және шығыс құжаттарындағы орташа көрсеткіші 62,5 пайызды құрады. Өткен жылдың осы кезеңімен салыстырғанда мемлекеттік тілдің үлесі 11,5 пайызға артты.

Республикалық бюджеттен қаржыландырылатын облыстық басқармаларда 2-тоқсанда кіріс құжаттарындағы мемлекеттік тілдің үлес салмағы 56,0 пайыз, шығыс құжаттарында 78,5 пайыз болып, кіріс және шығыс құжаттарындағы орташа көрсеткіші 66,0 пайызды құрады. Өткен жылдың осы кезеңімен салыстырғанда мемлекеттік тілдегі құжаттардың үлес салмағы 20,1 пайызға артты.
Облыс әкімінің аппаратында 2-тоқсанда кіріс құжаттарындағы мемлекеттік тілдің үлес салмағы 49,5 пайыз, шығыс құжаттарында 99,6 пайызды құрап, орташа көрсеткіші 88,1 пайыз болды. Орташа көрсеткіш өткен жылдың осы кезеңімен салыстырғанда 20,6 пайызға артты.

Аудан және қалалардағы мемлекеттік органдардың құжат айналымындағы мемлекеттік тілді қолданудың үлес салмағы аудан және қала әкімдерінің рейтингісін анықтау бағанамасына енгізілген.


Есепті кезеңде облыстың барлық мемлекеттік органдарында мемлекеттік тілде құжат дайындай алатын басқа ұлт өкілдерін ынталандыру жөніндегі комиссиялар құрылды, ол комиссияның құрамына Шығыс Қазақстан облысының тілдерді дамыту жөніндегі басқармасының мамандары енгізілді.

1-2 тоқсан кезінде облыстың мемлекеттік органдарында мемлекеттік тілде жұмыс істей алатын басқа ұлт өкілдерінің 14 мемлекеттік қызметшісіне 79,3 мың теңгенің ақшалай және заттай сыйлықтары берілді.


Мемлекеттік тілде іс жүргізудің сапасын арттыру мақсатында Қазақстан Республикасының  Мәдениет және ақпарат министрлігінен жіберілген 17 мыңнан астам әртүрлі сөздіктер мен анықтамалықтар облыстың мемлекеттік органдары мен мекемелеріне, ұйымдарына таратылды.

Тілдерді дамытудың проблемалары бойынша жүргізілген мониторингтің қорытындысы бойынша «Шығыс Қазақстандағы тілдік ахуал» және «Қазақстан Республикасы Үкіметі жанындағы мемлекеттік терминология комиссиясының 2000-2008 жылдары бекіткен терминдері»  және мемлекеттік органдар мен мекемелердің басшылары үшін «Іс құжаттарында пайдаланатын бұрыштамалар» жинағы шығарылып, облыстың мемлекеттік органдары мен мекемелеріне, ұйымдарына таратылды.

«Мемлекеттік тілде іс жүргізудің проблемалары және оны шешу жолдары» тақырыбында Абай, Ұлан, Бородулиха, Бесқарағай аудандары мен Өскемен, Курчатов қалаларында  семинар-кеңестер өткізілді.
Мемлекеттік органдар мен мекемелерде, ұйымдарда жұмыс істейтін аудармашылардың  біліктіліктерін көтеру мақсатында Д. Серікбаев атындағы Шығыс Қазақстан мемлекеттік техникалық университетінің негізінде мамыр-маусым айларында мемлекеттік органдардағы аудармашылардың біліктілігін көтеру курстары ұйымдастырылып, 29 аудармашы курстан өтті.

Білім беру мен тіл оқыту салаларындағы тілдік даму

Достық үйлері жанындағы ұлттық-мәдени орталықтар жанындағы жексенбілік мектептердегі мемлекеттік тілді оқытудың жағдайы талданып, тыңдаушылардың құрамы, оқыту бағдарламасы, сабақ өткізудің әдістемелік жолдары қарастырылды. Қазір облыстағы 52 ұлттық-мәдени орталықтар жанындағы жексенбілік мектептердегі 103 топта 1408 тыңдаушыға ана тілдері және басқа да тілдер оқытылуда. Өскемен қаласындағы «Возрождение» жексенбілік мектебіндегі 46 топта 15 ұлт өкілінің 773 тыңдаушысы ана тілдерін, соның ішінде 5 топта 81 тыңдаушы мемлекеттік тілді үйренуде.

Мамыр айының 17-де «Возрождение» жексенбілік мектебінің оқу жылының қорытындысы шығарылып, мектептің материалдық-техникалық базасын нығайту үшін 110 мың теңгеге ұйымдастыру техникасы, оқу құралдары мен көрнекіліктер сатып әперілді,  бұл жұмыс басқа аудандар мен қалаларда да жүзеге асты.
Жексенбілік мектеп оқушылары мен олардың ата-аналарының мемлекеттік тілді үйренуге деген ынтасын арттыру мақсатында 2008-2009 оқу жылының қорытындысы бойынша аталған мектептерде мемлекеттік тіл мен ана тілдерін үйренуде жетістікке жеткен 23 оқушысыға ШҚО тілдерді дамыту жөніндегі басқармасының жолдамасы беріліп, «Аюлы» демалыс үйінде «тіл лагері» ұйымдастырылды. Оқушылар дем алу кезінде мемлекеттік тілді үйренумен бірге қазақ халқының мәдениеті және ұлттық салт-дәстүрлерімен танысуды ұштастыратын болады.
Биылғы оқу жылында  Шығыс Қазақстан облысының мемлекеттік тілді оқыту орталығы  облыстық басқармалардың 303, Өскемен қалалық бөлімдерінің 135, республикалық  департаменттердің 239 тыңдаушыларына  және  198 қала тұрғындарына   қызмет көрсетті.

Бүгінгің күні облыстағы мемлекеттік тілді оқыту орталықтарының негізінде 1458 мемлекеттік қызметші қазақ тілін оқып, үйренуде. Оның  840-ы облыстық, 2243-і аудандық және қалалық оқыту орталықтарында мемлекеттік тілді үйренсе, жалпы жиыны  3083 тыңдаушы мемлекеттік тілді оқыту үйірмелерінде дәріс алды. Облыс бойынша барлығы 464 үйірмеде 5173 мемлекеттік қызметші қазақ тілін оқыды. Бұл облыстағы барлық мемлекеттік қызметшілердің 55,2 пайызын құрайды. Яғни 2008 жылмен салыстырғанда 12 пайызға көп. Жалпы мемлекеттік тілді оқуға тілек білдіргендердің саны 2007 жылмен салыстырғанда 20 пайызға артты.


Сонымен қатар, аудан және қалаларда тілдерді оқытудың инфрақұрылымын жасау, бірінші кезекте ересектерді оқытудың озық әдістемелерін  қолдана отырып азаматтардың басқа санаттарына қазақ тілін оқыту облыстағы мектептер негізінде  ұйымдастырылған. Жалпы облыс көлеміндегі  530 үйірмеде мемлекеттік қызметшілер мен мекеме, ұйым тыңдаушылары және азаматтардың басқа санаттарын қоса есептегенде 15059  тыңдаушы мемлекеттік тілді үйренуде. Мемлекеттік тілді меңгерген мемлекеттік қызметшілер саны өткен жылмен салыстырғанда 4,5 пайызға артып, 59,5 пайыз болды.

«Тілдердің үштұғырлылығы» мәдени жобасын жүзеге асыру мақсатында мемлекеттік органдардың қызметшілері арасында облыстың Әділет департаментінде 12 тыңдаушыдан тұратын 1 топта ағылшын тілін оқыту ұйымдастырылған. Сонымен қатар, облыстағы жексенбілік мектептер негізінде азаматтардың басқа санаттарына ағылшын тілін  оқытудан  35 тыңдаушысы бар 3 топ жұмыс істеуде.


Тыңдаушылардың сабаққа қатысуы, берілген материалдарды меңгеруінің жағдайына ай сайын мониторинг жүргізіледі. Тыңдаушылардың сабаққа қатысуы нашар болған басқарма басшыларына қызметшілерді оқыту мәселесіне көңіл бөліп, тиісті шаралар қолдану жөнінде хаттар жіберілді.

Облыстық мемлекеттік тілді оқыту орталығында  тестілеуден өткен тыңдаушылардың материалды меңгеру деңгейі 69,5 пайыз, сабаққа қатысуы 36 пайыз болды.


Оқу жылының қорытындысы бойынша барлық облыстық басқармаларда қорытынды тестілеу жұмыстары жүргізіліп, талдау жасалды. Тестілеу қорытындысы бойынша 2007-2008 оқу жылының  аяғында 125 тыңдаушыға сертификат берілсе, биылғы 2008-2009 оқу жылының қорытындысы бойынша 12 маусымда  284 сертификат тапсырылды. 
Тілдерді оқытудың негізі мектепке дейінгі балалар мекемелері мен жалпы білім беретін мектептерде қалыптасатындықтан бұл мәселе басқарманың тұрақты бақылауында. Облыстағы мектептерде қазақ, орыс және ағылшын пәндері мұғалімдері әлі де жетіспейді. Мәселен, жыл басында облыс мектептерінде 14 қазақ тілі мұғалімі, 5 орыс тілі мұғалімі 11 ағылшын тілі мұғалімдері жетіспеді. Осының салдарынан облыс көлемінде, әсіресе ауылдық жерлерде  30 мектепте ағылшын тілі оқытылмады. Осыған байланысты ақпан айында Семей қаласының жоғары оқу орындарында «кадр жәрмеңкесі» өткізіліп,  ағылшын тілінің 6,  қазақ және орыс тілдерінің 3 маманымен келісім-шарттар жасалды. Осындай «кадр жәрмеңкесі» сәуір айында Өскемен қаласының оқу орындарында өткізіліп, келісім-шартқа қол қойылды.

Облыста мемлекеттік тілде тәрбиелеп, оқытатын мектепке дейінгі балалар мекемелері мен мектептердің санын жоспарлы түрде арттыру жұмыстары жүргізілуде. 2007 жылы  облыста  13 балабақша, 5 мектеп ашылса, 2008 жылы 10 мектеп, 5 балабақша, 6 топ ашылды. 2009 жылдың 1-тоқсанында  Өскемен қаласында  100 орындық «Балапан» атты балабақша ашылды. Бекітілген жоспарға сәйкес 2010 жылға дейін облыста 28 балабақша 16 мектеп ашу жоспарланған. Қазір облыста бар 108 мектепке дейінгі балалар мекемелерінің 32-сі қазақ тілінде, 39-ы аралас тілде, 37-сі орыс тілінде оқытып, тәрбиелейді. Облыстағы қазір жұмыс істеп тұрған 767 мектептің 384-і қазақ тілінде, 182-сі аралас тілде және 201-і орыс тілінде оқытады.  Барлық оқушылардың 54 пайызы қазақ тілінде білім алуда.

2008-2009 оқу жылында облыс мектептеріндегі мектеп бітірушілердің орыс тілінде оқитын сыныптарында қазақ тілінің білім сапасы 62 пайыз, үлгерімі 100 пайыз, ал қазақ сыныптарында 72,3 пайыз білім сапасына және 100 пайыз үлгерімге қол жеткізді.

Мәдениет және бұқаралық ақпарат құралдарындағы, денсаулық сақтау мен тұрғындарға қызмет көрсету салаларындағы тілдік даму

Мемлекеттік тілдің қолданылу аясын кеңейту және мемлекеттік тіл ретіндегі мәртебесін көтеру мақсатында 2-тоқсан кезінде  2 дөңгелек үстел өткізілді. Сәуір және мамыр айларында өткізілген «Тіл болашағы-балабақшада», «Көптілділік-біздің баға жетпес құндылығымыз»  атты дөңгелек үстелдерге қатысушылар құнды пікірлер айтып, ұсынымдар жасады.


Сәуір айының 29-да жоғары оқу орындары студенттерінің арасында мемлекеттік тілді білуден облыс әкімінің жүлдесі үшін «Тілі бірдің-тілегі бір»,  26 мамырда мектепке дейінгі балалар мекемелерінің өзге ұлт тәрбиеленушілері арасында «Қазақшаң қалай, балақай?», 12-маусымда кәсіпорындар мен мемлекеттік органдардағы қазақ тілі кабинеттерінің арасында «Үздік қазақ тілі кабинеті», ұлттық-мәдени орталықтар арасында 26 маусымда «Мемлекеттік тіл және отбасы» облыстық конкурстары өткізілді.
Облыстың аудандары мен қалаларында, облыстық басқармаларда да мемлекеттік тіл саясатын жүзеге асыру мақсатында көптеген шаралар ұйымдастырылды. 2 тоқсан кезінде облыстың аудандары мен қалаларында 5 дөңгелек үстел, 6 семинар-кеңес өткізілді. Мәселен, Жарма ауданында Балаларды қорғаудың халықаралық күні «Бақытты балалық шақ» мерекесі, Ұлан ауданында мемлекеттік қызметшілер арасында мемлекеттік тілді білуден «Мемлекеттік тіл-менің тілім» конкурсы, Көкпекті ауданында «Кәнеки, тілім сөйлеші» атты шешендік өнер сайысы, ШҚО азаматтық қорғаныс, табиғи апаттардың алдын алу және жоюды ұйымдастыру басқармасында «Хош келдің, Наурыз» мерекесі өтті.

Сонымен қатар, сәуір айының 24-де облыс әкімінің қатысуымен өзге ұлт өкілдері жастарын мемлекеттік тілді үйренуге ынталандыру және насихаттау мақсатында «Тіл тұтастығы-ел тұтастығының тірегі» атты мемлекеттік тілді меңгерген өзге ұлт жастарының облыстық форумы өткізіліп, облыс және республика жастарына арналған үндеуі жарияланды.


Мемлекеттік тілді меңгерген өзге ұлт жастарымен арнайы сұхбаттар ұйымдастырылып, олардың қазақ тілін үйрену іс-тәжірибесі көпшілік назарына ұсынылды.

Облыс көлемінде 173 баспа бұқаралық ақпарат құралдары тіркелген, оның 47-сі мемлекеттік, 126-сы жеке меншік түрінде. Осы баспа бұқаралық ақпарат құралдарының 17-сі мемлекеттік тілде, 77-сі екі тілде, 62-сі орыс тілінде және 17-сі қазақ, орыс, ағылшын тілдерінде материалдар жариялауда.


Облыс әкімінің 2009 жылғы 28 наурыздағы №1/1579 хаттамалық тапсырмасына сәйкес 21-22 мамырда және 4 маусымда Риддер қаласы, Бородулиха, Шемонаиха, Глубокое аудандарында әкім орынбасарларымен газет редакторларының кеңесі өткізіліп, қазақ тіліндегі басылымның мәселелері қаралды.

Риддер қаласында қала бюджетінен 2,5 млн. теңге қаражат бөлініп шілде айынан бастап «Алтай көкжиектері» газеті шығатын болды. Бородулиха ауданында 22 мамырдан бастап «Аудан тынысы» газеті 4 беті мемлекеттік тілде, ал шілде айынан бастап қазақ тіліндегі жеке басылым болып шығады. Шемонаиха ауданында «Уба-Информ» газеті сәуір айынан бастап 10 пайыз мөлшерде мемлекеттік тілдегі материалдарды жариялай бастады. Курчатов қаласында «Спектр-резонанс» газеті мемлекеттік және орыс тілдерінде шығарылуда. Глубокое ауданында 1 шілдеден бастап мемлекеттік тілдегі «Ақ бұлақ» газеті баспадан жарық көреді. Зырян ауданында мемлекеттік тілде газет шығару мәселесі шешілу үстінде.

Бірінші жартыжылдықта мемлекеттік тіл саясатының өзекті мәселелері  бойынша телеарналарда 6  тақырыптық хабар ұйымдастырылып, 14 бейнематериалдар көрсетілді. 2 радиорепортаж ұйымдастырылды. Облыстық «Дидар» және «Рудный Алтай» газеттерінде тапсырысты 5 бет шығарылып, тіл саясатының көкейкесті мәселелері бойынша облыстық және аудандық, қалалық газет беттерінде 169 мақала жарияланды.
«Қазақстан Республикасындағы тіл туралы» ҚР Заңының 18-бабының орындалуы бойынша тұрақты мониторинг жүргізіліп отырылады. Мәселен, «Қазақстан-Өскемен» телеарнасында наурыз және сәуір айларында мемлекеттік тілдегі хабардың жиынтығы 58 пайызды, «Қазақстан-Семей» телеарнасында- 53 пайызды, «Алва ТВ» телеарнасында 50 пайызды құрады. Облыс телеарналарында «Жүгіртпе жол» жарнамаларында, мәтінді мемлекеттік тілге аударуда жіберілген 8 қателік анықталып, тәртіпке келтірілді.

Есепті кезеңде бұқаралық ақпарат құралдарында, мемлекеттік органдарда тілдік нышанға байланысты азаматтардың құқықтарының бұзылу фактілері болған жоқ.


Деректемелер мен көрнекі ақпарат тілін Заңның талаптарына сәйкестендіру және халыққа қызмет көрсету салаларында мемлекеттік тілдің қолданылу аясын кеңейту мақсатында «Тілге құрмет-елге құрмет» айлығы, «Тіл бұзарға тосқауыл» акциясы өткізілді. Айлық барысында облыстық басқарма, аудандар мен қалалардың мәдениет және тілдерді дамыту бөлімдері, қоғамдық ұйымдар мен «Нұр Отан» ХДП-ның «Жас Отан» жастар қанатының мүшелерін, оқу орындарының студенттерін тарта отырып, 78 рейд ұйымдастырылды. Рейд кезінде облыс бойынша 993 нысан тексеріліп, 362 жеке меншік нысандарында қателіктер анықталды, оның 241 түзетіліп, 121-нің басшыларына жіберілген қателіктерді түзету үшін уақыт берілді.
2-тоқсан кезеңінде мемлекеттік тіл саясаты бойынша облыс орталығында 8, аудандар мен қалаларда  23 баннер дайындалып, орналастырылды.

Мемлекеттік тілді дамыту мақсатында қазіргі заманғы ақпараттық технологияларды, ауызекі және көрнекі әсер етудің түрлі нысандары мен әдістері пайдаланылуда. Бұл орайда мемлекеттік органдардың мемлекеттік сатып алу кезіндегі веб-сайттарын екі тілде шығарту, семинар-кеңестерде слайдтарды екі тілде ресімдеуді талап ету өз нәтижесін беруде.


Осы жүргізілген тексерулер нәтижесі бойынша анықталған заң бұзушылықтарды жою және алдағы уақытта болдырмау мақсатында облыстық прокуратура тарапынан 18 ұсыныс енгізіліп, заң талаптары жөнінде 17 түсінік берілді.
Өткен жартыжылдықта облыстың қалалары мен аудандарындағы денсаулық сақтау, халыққа қызмет көрсету орталықтарында, жолаушылар көлігінде «Қазақстан Республикасындағы тіл туралы» Қазақстан Республикасы Заңы 21-бабының талаптарының сақталуын қамтамасыз ету мақсатында рейдтер ұйымдастырылып, кемшіліктерді жою бойынша талаптар қойылды.

Жолаушылар тасымалдау және автожолдардың облыстық және қалалық басқармасы басшыларының бастарын қоса отырып, қалалардағы жолаушылар тасымалдау көліктерінде аялдамаларды екі тілде хабарлау,  көлік ішіндегі және сыртындағы жарнамалық материалдарды орналастыру бойынша  арнайы кеңес өткізіліп, заң талаптарын қатаң сақтау талап етілді. Өйткені бұл аталған саладағы тілдік қызметті мемлекеттік реттеудің күрделілігімен сабақтасып жатқандығы көп кедергі келтіріп отыр.



Тілдік дамуды ғылыми қамтамасыз ету

Мемлекеттік тілді насихаттау мен енгізу жалпы тілдік ахуалға жасалған нақты әрі ғылыми талдаусыз табысты болмайтындығына байланысты наурыз-сәуір айларында тілдік ахуалды зерделеу мақсатында Д.Серікбаев атындағы  ШҚМТУ-дың  профессоры,  әлеуметтану  ғылымдарының  докторы Т. Қалдыбаеваның «Қазақстандық қоғамның ұлттық идеясының құраушысы ретіндегі мемлекеттік тілдің дамуы және орнығуы» атты әлеуметтік зерттеу жұмысын жүргізді.


Сонымен қатар ономастика жұмыстары саласында Қазақстан Республикасы Президентінің 1996 жылғы 2 сәуірдегі «Ұлты қазақ азаматтарының тегі мен әкесінің атын жазуға байланысты  мәселелерін шешу тәртібі туралы» №2393 Жарлығының орындалу барысын зерделеу мақсатында облыстың аудандары мен қалаларындағы азаматтардың хал-ахуалдарын жазу (АХАЖ) мекемелерінен жаңа туған нәрестелердің аты-жөні мен тегін Жарлыққа сәйкестендіріп, қазақиландырып жазу жағдайы талданды. Талдау көрсеткендей әлі де болса нәрестелердің аты-жөнін, тегін жазуда бұрыннан келе жатқан үдеріс орын алуда.

Осыған байланысты  облыс орталығындағы және аудандардағы қазақ мектептерінде «Тілді қолдау-ата-тектен басталады» атты акция өткізілді. Оған АХАЖ (ЗАГС) бөлімдерінің, әділет департаментінің мамандары қатысып, тегі мен әкесінің атын дұрыс жаздыру бойынша кеңестер берді. Қаладағы №44 мектеп-гимназиясы оқушыларының облыс мектептерінің оқушыларына арналған үндеуі облыстық газет беттерінде жарияланды.



Тілдерді қолдану мен дамытудың 2001-2010 жылдарға арналған мемлекеттік бағдарламасын іске асыру жөніндегі Шығыс Қазақстан облысының 2009-2010 жылдарға арналған өңірлік іс-шаралар жоспарын жүзеге асыруға бірінші жартыжылдыққа қарастырылған 14 млн.124,5 мың теңгенің 14 млн. 112,5 мың теңгесі немесе 99,9 пайызы иегерілді.
Тілдерді қолдану мен дамытудың 2001-2010 жылдарға арналған мемлекеттік бағдарламасын іске асыру жөніндегі Шығыс Қазақстан облысының 2009-2010 жылдарға арналған өңірлік іс-шаралар жоспарын жүзеге асыру бойынша жұмыстар одан әрі жалғастырылады.

 

Шығыс Қазақстан облысының тілдерді дамыту жөніндегі басқармасы

Достарыңызбен бөлісу:




©engime.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет