Тұлға психологияда өзінің өмір жолын белгілей алатын, қайталанбас даралық ерекшелігін сезінетін субъект. Тұлға адам ұғымынан гөрі нақты мағынаға ие. Өйткені адам тұлғалық сипатты иелену үшін өз “менің” өзге “меннен” ажыратып, есейіп, өз бетінше дербес әрекет ету мүмкіндігін ашуы керек. Яғни, белгілі бір мәнді іспен айналысатын, азды-көпті білімі, өмірлік тәжірибесі, дүниетанымы мен сенімі бар адамды тұлға деп атайды.
Топ — әлеуметтік тұтастықтан белгілі бір нышандары негізінде бөлінетін адамдардың шектеулі шамадағы қауымдастығы; бұл нышандар атқаратын қызметтерінің сипаты, әлеуметтік не таптық қатыстылығы, даму деңгейі және т.б. болуы мүмкін. Топты адамдардың санына байланысты саралау: үлкен, шағын, кіші топтар (диада, триада) деп бөлу кең тараған. Әлеуметтік статусы бойынша ресми және бейресми, өзара байланысының тікелей не аралық болуына қарай нақты және шартты, даму деңгейіне қарай даму деңгейі төмен (ассоциациялар, корпорациялар, диффузиялық топтар) және даму деңгейі жоғары топтар (ұжымдар), мәнділігі жөнінен референтті және мүшелік топтар болады. Топтардың шамасы, құрылымы мен құрамы өздері сол үшін топтасқан іс-әрекеттің мақсаттары мен міндеттеріне қарай анықталады. Топ мүшелерінің бірлескен қызметінің мазмұны топ ішіндегі динамиканың барлық үрдістеріне себепкер болады, бұлар: тұлғааралық қатынастардың дамуы, серіктестердің бір-бірін қабылдауы, топтық нормалар мен құндылықтардың, ынтымақтастық және өзара жауаптылық нысандарының қалыптасуы. Өз кезегінде топта қалыптасқан қатынастар топтық іс-әрекеттердің нәтижелілігіне әсер етеді. Топтар, әдетте, әлеуметтік-психологиялық зерттеулердің объектісі болады. Бұл орайда, топ ішінде дамитын үрдістерде, сондай-ақ іс-әрекеттің тұтас субъектісі ретінде басқа топтармен өзара әрекеттестік үрдісінде әлеуметтік қатынастар жүйесіне қамтылған топтың өзі де зерттеледі.