Психологиялық денсаулық негізінде балалардың жеке басының қасиеттері дамып психикалық кейіптері қалыптасады. Сонымен қатар, психологиялық денсаулық балалардың танымдық үрдістерінің жетілуін қамтамасыз ететін бірден-бір фактор болады. Балалардың өзін - өзі дамытып, жетілдіруін, реттей алуын, яғни өзіндік бағаның дұрыс болуын қамтамасыз ететін де, балалардың ересектермен және басқа балалармен қарым-қатынасын реттейтін психологиялық денсаулығы болып табылады. Қазақстандық психология ғылымында қазақ балаларының психологиялық денсаулығы мәселесі бұрын-соңды қарастырылмаған. Психологиялық денсаулық көрсеткіші болып табылатын жекелеген қасиеттердің балалардағы даму ерекшеліктері, коррекциялау мәселелері қарастырылса да, комплексті зерттеу, қамтамасыз ету жолдары мен амалдарын анықтау әлі де қолға алынбаған. Осыған орай, қазіргі кезең жағдайында қазақ балаларының психологиялық денсаулығын қамтамасыз ету жолдары мен амалдарын анықтау мәселелері өзекті болып келеді.