Мұғалжар аудандық білім, дене шынықтыру және спорт бөлімі
Зерттеу жұмысының тақырыбы:
«ТОЛҚЫН МЕН ТОЛҚЫН СЫРЛАСЫП...»
(Мағжан Жұмабаевтың шығармашылығына арналған)
Оқушының аты – жөні: ҒАЙНЕЛ ДИАНА
Ақтөбе облысы Мұғалжар ауданы Ембі қалалық №1 орта мектебінің 10 қазақ оқушысы
Бағыты: Қазақ әдебиеті
Жетекшісі: ДОШНИЯЗОВА Г.Ж.
Қазақ тілі мен әдебиет пәнінің мұғалімі.
Ембі қаласы, 2014 жыл
Ақтөбе облысы Мұғалжар ауданы Ембі қалалық №1 орта мектебінің 10 қазақ оқушысы ҒАЙНЕЛ ДИАНАНЫҢ
«ТОЛҚЫН МЕН ТОЛҚЫН СЫРЛАСЫП...»
(Мағжан Жұмабаевтың шығармашылығына арналған)
тақырыбындағы зерттеу жұмысына
ПІКІР
Зерттеу жұмысының авторы Гайнел Диана бұл тақырыпқа мейлінше мол дайындықпен келген. Өйткені Мағжан Жұмабаевтың зерттеу жұмысында талданған кейбір өлеңдері мектеп бағдарламасына енгізілмеген. Автор жұмыстың басты мақсатын жете түсініп, тақырыпты аша білген. Атап айтқанда, сөз зергері Мағжан Бекенұлы Жұмабаевтың поэзиялық шығармаларын жете талдап түсіндірген. Мағжан рухымен сырласа отырып, шығармашыл жас ақынның рухани мұрасы талдаған. Зерттеу жұмысының авторы Мағжанның тілдік суреткерлік шеберлігін, ақын поэзиясының символдық бейнелерін талдаған.
Сұңғыла суреткер ақын Мағжан Жұмабаевтың әлем әдебиетінде алатын орнына баға беруге ұмтылған 10 қазақ класс оқушысы Гайнел Диана бұл жұмысты жазудағы басты мақсатына жеткен.
Жетекшісі: Г.Ә.Дошниязова
Кіріспе
Тақырыптың өзектілігі. Мағжан Бекенұлы Жұмабаев - қазақ әдебиетінде ойып алар өзіндік орны бар, елінің қамын жеген, қаршадайынан қазақ халқы қайтсе қатарға қосылады деп армандаған аяулы ақын. Кешегі культ қаһарына ілігіп талай жылдар бойы қара тақтаға жазылып келген Мағжан аты біз үшін үнемі Алатау шыңдарының аппақ шаңқан басындай кіршіксіз,асқақ көрінетін де тұратын.
Қазіргі жаһандану жағдайында әдебиетті,тарихымызды зерттеп, әлемтану адамзаттану,елтанудың керемет үлгісін көрсеткен ұлылар хақында сөз қозғап, олардың өнегесіне қайта-қайта ден қоймасаң болмайды. Бірте-бірте тарихқа айналып бара жатқан 19-20 ғасырдың қазақы бейнесін әлем жадында қалыптастырған Абай,Ахмет,Міржақып Дулатов есімдерімен қатар тұрған Мағжан Жұмабаевтың еңбектері туралы айтуды жөн көрдім.
Жастықтың оты жалындап,
Жас жүректе жанған шақ.
Талаптың мініп тұлпарын
Әр қияға салған шақ,-
деп Ұлы Абай айтқандай, өткен ғасырдың 19-20 жылдарында Мағжан ақын қазақ әдебиетіне өз жаңалығымен келген еді. Мағжан Жұмабаевтың творчестволық жолы – ақынның өз өмірі тәріздес бұралаңы болса да, буырқанған шабытты ізденістері мол, нағыз поэзия биігіне самғаған, оның нелер асқақ асуларынан асқан жомарт жемісті жол. Өлмейтұғын өлең жазғандар халық жүрегінде мәңгі сақталмақ. Бұл заңдылық Мағжанға да қатысты. Мағжан поэзиясы жарты ғасырдан аса ел көзінен таса жерде ұсталды. Тіпті Қазақстаннан да әрі ұзатылып жіберілді. Алайда кітаптары елінен жыраққа кетсе де, ақын поэзиясы, әлгінде айтқанымыздай халқымен бірге болды. Туған әдебиетінің төрінен амалсыз кетсе де,көңілінің төрінен кеткен жоқ. Мағжан поэзиясының жалынды насихатшысы профессор Хайролла Махмудов айтқандай, «Мағжанның поэтикалық мәдениеті, оның асқан шеберлігі қазақ поэзиясына ғана емес,басқа түркі халықтарының белгілі ақындарының творчествосына игі әсерін тигізді».
Зерттеу жұмысының мақсаты. Біздің негізгі мақсатымыз - көрнекті ақын Мағжан Жұмабаевтың әдеби мұрасын тілдік және әдеби тұрғыда зерттеу, зерделеу. Мағжан жұмабаев еңбегінің маңыздылығына және поэзияда қолданған негізгі әдіс – тәсілдеріне тоқтала отырып, өлең жазу шеберлігіне баға беру.
Зерттеу жұмысы төмендегідей міндеттерді нақтылады:
Мағжан Жұмабаевтың кім екендігі;
Ақынның рухани мұрасына әдеби тұрғыда талдау жасау;
Ақын поэзиясының бүгінгі күн проблемасымен үндестігін айту;
Ақынның тілдік, суреткерлік шеберлігі
Зерттеу жұмысының пәні – қазақ әдебиеті, нысанасы – Мағжан Жұмабаев лирикасы.
Зерттеу әдістері. Жұмысты жазуда негізінен салыстырмалы талдау, жүйелеу, жинақтау, тұжырым жасау әдістері қолданылады.
Зерттеу жұмысының құрылымы. Кіріспе, негізгі, қорытынды мен пайданылған әдебиеттер тізімінен тұрады.
I бөлім. Мағжан поэзиясында танылатын жалпы адамзаттық және рухани құндылықтар.
Ақынның тілдік, суреткерлік шеберлігі туралы және ақын поэзиясындағы символдық белгілер.
Мағжанның барлық өмірі – поэзиясында. Ақын өлеңдерінің көпшілігі негізінен халқының, ел – жұртының тағдырына бағышталған. Ақынның еліне, халқына, бүкіл түркі тілдес, қандас халықтарға деген сүйіспеншілігі. Ақын өлеңдері сан алуан тақырыпқа жазылған: туған жер,атамекен, халық тағдыры,адамгершілік, шынайы махаббат. Зерттеу жұмысымда поэзиялық шығармаларына жеке-жеке тоқталып өткім келеді.
«Жан сөзі»
«Жан сөзі» - терең мағынамен жазылған өлең. Менің ойымша, өлеңде ақынның өзіне – өзі есеп беруі мен болашақты болжауы берілген. Аумалы – төкпелі заманда өмір сүрген Мағжан тағдырын:
Ес білгелі алысам өмірменен,
Өмір – теңіз, толқыны тым көп қақты,- деп суреттейді.
Өлеңді идеялық мазмұнына орай 3-ке бөліп қарастыруға болады. 1 бөлім – өмір жайлы толғаныстары; 2 бөлім – тағдырмен сыласу, 3 бөлім – болашаққа арнау немесе болашақпен сөйлесу. Енді жеке – жеке әр бөліміне тоқталсам деймін. Адам өмірін толқыны мықты теңізге теңеген ақын өз тағдырының қалтарыстарын «мен туғалы ағарып, көп таң атты, қараңғылық жер бетін талай жапты» десе, енді бірде «өтті жылдар жапанда жалғыз қаппын, өмірімді осынша улап не қылғаның» деп налиды. Данышпан Абай айтқан «ақыл,қайрат,жүректі бірдей ұстау» қағидасын басшылыққа алған Мағжан:
Ес білгелі алыстым жүрекпенен,
Ырық бермеді, қаңғыр, ол не тапты?
Ессіз жүрек тулады, бермеді ырық,
Ақыл сорлы ере алмай, қалды тұрды,- деген. Тағдырға кездескен барлық қиыншылыққа қасқайып қарсы тұрған ол өзін табиғаттағы айналамыздағы заттар мен құбылыстарға жел, от, су, күн, көбелекке балаған. «жел бол!»-дедің, жел болып еспедім бе? Желдей жынды есалаң екпінді боп, заулап тұрған отқа өзім түспедім бе?!» немесе «От бол!»-дедің, от болып жанбадым ба? Күйдірмей, сірэ, нәрсе талғадым ба?- деген жолдардан ақынның өршіл рухы көрініп тұрған жок па?
«Жан сөзі» өлеңінде Мағжанның бар өмірін, білгенін сол туған халқына арнағаны айқын байқалған. Өз өмірі жайынан сыр етіп жазған «Жан сөзі» өлеңіне қарағанда, Мағжанның жасөспірім шағындағы күй-жайы бұла өскен бай баласының көл-дария тұрмысына ұқсамаған. Оның жөні де бар. Бірбет, қатігез әкесі Бекен талапты ұлын ауыл молдасы етпекші болып, былайғы оқуына қарсы шығады. Ырқына көнбей үлкен қалаларда оқуға талпынған Мағжанды көк тиынсыз қалдырады. Ақынның жоғарыда аталған өлеңінде «Ата-анадан без дедің безбедім бе?», «Қойнымды жоқшылыққа ашпадым ба?» дейтіні содан болуы керек.
Өзінің ақындық жолын, өлеңдерін сылдыраған суға, жүз бұрлаған жыланға, айдың сиқырлы сәулесіне теңейді.
«Су бол!»- дедің, сылдырлап ақпадым ба?
Жыландай жүз бұралып жатпадым ба?
Ерікті – еріксіз суымнан татар жанды.
Сиқырлы сылдыр менен таппадым ба?..
«Ай бол!»-дедің, Ай болып жүзбедің бе?
Анадайдан сиқырлы сәуле төгіп,
Талайлардың өзегін үзбедім бе?
Бар саналы ғұмырын халқына арнаған ақын, мал жиюмен, дәулет жинаумен шаруасы болмағанын, қызмет қылып, шен алу үшін өмір сүрмегенін мына жолдардан байқадым:
«Дәулеттен қаш!»- дедің сен, ұашпадым ба?
Қойнымда жоқшылыққа ашпадым ба?
«Нәжісті – доңыз, сүйекті – ит жияд»- деп,
Барымды желге ұшырып, шашпадым ба?
"Болашақпен» сырласу" немесе «Болашақпен сөйлесу» деп алған бөлімінде «Бір күні құшағына олар өлім, қара жерді құшақтап мен жатармын» деп «Өзекті адамға бір өлім» деген ой айтады. Шәкәрімше «тумақ бар да өлмек бар» дегендей, еш нәрсенің мәңгілік еместігін, өмірдің диалектикалық заңын айтқан. Және осы бөлімде «өлгеннен кейін мені халқым қалай бағалар екен» деп толғанады. Елім «жел еді, желді жыр ғып өтті дер ме» әлде «ойы жоқ, ессіз от» деп күлер ме деп асқан сезімталдықпен, ішкі психологиялық өзгерістерін суреттеген.
Ақынның лирикалық қаһарманының, яғни өзінің бүкіл тұлғасы, образы, мінезі өмір шындығымен ұштасып жатады. Әдебиетте Абай салған дара жолды жарқыратып, саналы да сапалы өлеңдерін кестелеген ақын риторикалық сұраулы сөйлемді де шебер қолданған.Болашақта елінің оны (Мағжанды) жоғары бағалайтын болжап кеткендей ақын:
«Қызыл гүл еді,солды!»-дер ме?
«Сермеп ед алтын Айға ұлды!»- дер ме?
«Қажымай Айға шапқан арыстан ед,
Сабаз-ай, сол жолда мерт болды!»-дер ме?- деп жырлайды.
«Сұлулықтың асығы – жыршы!»-дер ме?
«Жүректің сырын шешер сыршы!»-дер ме?-дегендей, Мағжан атамыздың жемісті еңбегінің сиқырлы күшін осы зерттеу жұмысымда жаза отырып, сезіндім.
Сұлтанмахмұд айтқандай, «Күнді алуға ұмтылған» ақын еліне «Болғайсың, сыншы болсаң, әділ сыншы» деп бір ауыз сөзін арнап өлеңді қорытқан.
Ахмет Байтұрсынов та Мағжан поэзиясы жөнінде пікір қозғайды. «Әдебиеттанытқыш» атты еңбегінде ғалым өлең табиғатына байланысты тексерулерін үнемі Мағжан шығармаларына сүйейді, Абай туындыларымен бірге үлгі есебінде ұсынады. «Әдебиет танытқышта» Мағжанның толқынды қалай кескіндегені көрсетілген.
Толқыннан толқын туады,
Толқынды толқын қуады,
Толқынмен толқын жарысад.
Күңіренісіп кеңеспен,
Бітпейтін бір егеспен
Жарысып жарға барысад.
Толқын мен толқын сырласып,
Сырларын еппен ұрласып,
Толқынға толқын еркелеп,
Меруерт көбікке оранып,
Жыландай жүзге бұралып.
Жарға жетер ентелеп…
Сыршыл Мағжан табиғат құбылыстарын жандандырып адам кейпінде суреттеу, яғни тілдің көркемдегіш тәсілдеріне жататын құбылту – троптың кейіптеу тәсілін де шебер таңдаған.
Әркім дүниені әрқилы көреді. Өз жүрегімен таниды. Бірақ сол дүниенің көңілге түскен әсерін бәріміз бірдей қалыбында шыншылдықпен көркем кестесіне түсіріп бере алмаймыз. Ол хас таланттың қолынан ғана келмек.
Мағжан толқынға жан бітірген. Толқын жылан болып бүктетіледі,не балаша былдырлайды. Тағы бірде ғашық жардың қылығына көшеді. Жарын құшып өліп те кетеді. Өбеді,сүйеді. Ал «Толқын» өлеңі тұтастай керемет әсер етеді. Көз алдымызға үлкен айдын орнатады. Мың құбылған сезімге бөлейді.
Жансыз дүниеге «жан бітіріп» кейіптеудегі Мағжан жеткен өрені тағы да бір үлкен ақынымыз Әбділдә Тәжібаев ақындықтың биік мәдениетіне балайды. Нағыз ақын жолдары қанған жазылса да ескірмек емес. Бүгін оқысаң – бүгінгінің, ертең оқысаң – ертеңгінің сырын айтуға жарайды. Әбекеңнің Мағжанды «өзі бір жанып тұрған жарық сияқты» деуі осындай ойлардан да туса керек. «Толқын» өлеңінде,- деп жазады Ә.Тәжібаев,- «Ақын өзен,тұнған теңіз дүниесі де ақын өмірінің бір шындығы секілді. Судағы қуаныштың қалай басталып, қалай аякталғаны алты жолдық өлеңді ұзақ хикаяға айналдырып жібергендей.
«Жазғытұры», «Мен жастарға сенемін», «Түркістан» өлеңдерінде біз теңеулерді мол кездестіреміз. Ол белгілі жұрнақтарды («дай» , «дей» т.б) пайдалана отырып, өзінің суреттеу объектісіне қатысын жеткізуге тырысады.
Су ақса, тау жаңғырар сылдыр қағып,
Дәл сұлу бұлаңдаған шолпы тағып
Түрлі үнмен жаңа келген жылдың құсы
Тұрғандай қобыз ойнап, әнге салып («Жазғытұры»)
Арыстандай айбатты,
Жолбарыстай қайратты –
Қырандай күшті қанатты.
Мен жастарға сенемін. («Мен жастарға сенемін»)
Әділ хан аз болады Назардайын,
Алашқа Есім ханның жолы дайын
Тәукедей данышпан хан құрған екен
Басында құлөбенің Құрылтайын («Түркістан»)
Әсірелеу қайталау, шендестіру түрлеріне байланысты мысалдарды Ахаң Абайдан емес, Мағжаннан алады. Ондай түр Абайда жоқтықтан өйтпеген шығар. Әңгіме әсірелеудің осы бір тәсілдерінің Жұмабаевқа өте – мөте тән болғандығында, оның өлеңдерінің ерекше көзге ұрып тұратындығында.
«Әдебиет танытқышта» Ахмет Байтұрсынов Мағжанның «Пайғамбар» , «Сен сұлу» өлеңдерінен үзінділер алынған. Бірінші өлеңнің Ахаң келтірген екі шумағы мынадай:
Қайғыланба,соқыр сорлы,шекпе зар,
Мен – Күн ұлы,көзімде Күн нұры бар.
Мен келемін,мен келемін, мен келем,
Күннен туған, Түннен туған пайғамбар…
Күншығыстан таң келеді – мен келем,
Көк күңіренед: мен де көктей күңіренем
Жердің жүзін қараңғылық қаптаған,
Жер жүзіне нұр беремін, Күн берем!
Мағжан орыс және басқа да еуропалық ақын – жазушылар шағырмаларын көп оқып, олармен жақсы танысқан, шығармаларын сондай әлемдік дәрежеде жазуға талпынған. Мағжан еуропалық ақындардан немістің әйгілі ақыны Гетені тереңірек оқыған. Гетенің шығармашылығында мистикалық кейіпкерлер негізгі орын алатынын ғалымдар дәлелдеген «Пайғамбар» өлеңінде:
Күнбатысты қараңғылық қаптаған,
Күні батып, жаңа таңы аптаған.
Түнеріп жүр түннен туған перілер,
Тәңірісін табанына таптаған...
...Түн баласы түнерген түн жамылған,
Аллаға емес, әзәзілге табынған, - деген жолдарда ақын жын,пері,әзәзіл сияқты образдарды бір жағынан кертартпа заманның надан адамдарын жеріне жеткізе көрсету үшін, екінші жағынан ұлттық сана – сезімде қалыптасқан, қазақтың ертегі, аңыздарында жүретін халық сеніміндегі осы кейіпкерді тарихта, келер ұрпаққа қалдыру үшін қолданған. Бұл мистикалық образдар болса да, ақын олардың халық ұғымындағы мәңгілік образдар боларына сенген. Жалпы ақын нені жырласа да, ұлт тағдырын естен шығармады.
Символизм – дүние жүзі әдебиет дамуының белгілі сатысы екенін де естен шығармау керек. Бұл ағымды мансұқтай бергенше, келтірген пайдасы бар ма,болса кандай,сол жағына зер салған ләзім. Символистер поэзияда бұған дейін кезікпеген,қолданылмаған үйлесімдерін іздестірді.Айталық, қазақ поэзиясының әуезділігін күшейткен қай ақын десек, символист деп талай кінә тағылған М.Жұмабаев есімін атамасқа амал жоқ.
Сылдыр,сылдыр,сылдыр,
Қанымды қайнатты құрғыр
Шық-шық жүрекке тиеді,
Күлпәра талқан боп сыңғыр
Сылдыр,сылдыр,сылдыр,
Өзекті өртеді құрғұр
Әдейі іргеден жүреді,
Сұлу қыз санадан солғыр
Үзінді атақты «Шолпы» өлеңінен алынып отыр,Шолпының сыңғыры,ойнатқан күйі сан ақыл жырлаған бұлбұл әуезінен несі кем? Күннің жібек сәулесінен тоқылған осы жыр, астарында қандай сыр бүккен? Сұлулыққа табыну ма? Әлде жер басып жүргеніңе тәубе еткізетін өмір күйі ме? Меніңше, осы өлеңде соның бәрі өрнектелген.
Мағжан ақын өзі бейнелеп отырған кейіпкердің немесе құбылыстар мен заттардың ерекше сипатын кеңірек таныту мақсатымен эпитетті қолданады. Мысалы «Сағындым» өлеңінде өз жеріне, еліне деген сағынышын мынадай жолдармен жеткізіді:
Алтын күнді, қара жерді сағындым,
Жан – жолдасым – жүйрік желді сағындым.
Көріп отырғандай, алтын күн, қара жер, жолдасым жүйрік жел деген айшықты сөз тіркестері өлеңнің әрін келтіргендей.
Суреткер шығармашылығы – оның автопортреті. Ақынның «Сағындым» өлеңінен айна – қатесіз оның өзі танылады. Мағжан поэзиясындағы лирикалық кейіпкер – ақынның өзі.
Абақтыда айдан, күннен жаңылдым,
Сарғайдым ғой,сар даламды сағындым.
«Қарашығым, құлыным!» - деп зарлаған
Алыстағы сорлы анамды сағындым.
Асау тайдай еркелетіп өсірген
Ағайынды, туған елді сағындым.
Мағжан – өлеңдерінде барлық тақырыптарды қамтыған ақын. Оның лирикалық кейіпкерлері елі, жері, ата-анасы, сүйген жары, тау – тасы, орман – даласы, қазақ азаматы, ұлты т.б болып кете берді. Мағжан үшін бай – кедей деген ұғым жоқ. Оның жүрегінде тек ұлт қана бар. Ол ұлты – қазақ елі. Ақынның қай өлеңін алсаң да, ақынның өз бейнесі «Менмұндалап» көрініп тұрады.
«Сағындым» өлеңінде :
Қара жылан – қалың ойлар қаптады,
Шыбын жаным барар жерді таппады, - дей келе, жазықсыз жазаланған азаматтар қапастағы сан-саққа жүгірген ойларын жиіркенішті жыланға теңейді.
Мағжан поэзиясы тазалық, шынайылық, табиғи тазалық болмыстан тұрады. Мағжан жырларындағы сезім мен сурет астасып жататындықтан сурет бояулары мағыналы – мазмұндығымен ерекшеленеді. Соның дәлелі ретінде ендігі ретте ақынның троптық, яғни ауыстырудың өзгеше бір сипатты түрі – метафораны қолдана білу шеберлігіне тоқталсақ деймін. «Жұлдызды – жүзік, Айды алқа ғып берейін» өлеңіндегі метафораларға назар аударсақ:
Сөзің – сиқыр, есті тұман басқандай
немесе
Шашың – толқын, жүрегімнің жарына
Соғылды да, батты улы зарыма.
және
Жұлдызды – жүзік,
Айды алқа ғып берейін.
Бұл жерде ақын сұлу қыздың сөзін сиқырға,шашын толқынға балаған.
Метафораның тағы бір түрі «Көкшетау» өлеңінде берілген. Өлеңдегі мыны тармаққа назар аударсақ:
Өлеңім – ізгі таяғым,
Көкшеге мен де шығамын,-дейді өлеңнен сұлу сарай соққан ақын. «Аспанменен тірескен, Тәңіріменен тілдескен Көкшетауым біп-биік» деп ақын өз жырларын Көкшенің сұлу табиғатына теңейді.
Ақын өлеңдерінде метафораның және бір түрі –мын,-мін,-бын,-бін,пын,пін қосымшалары арқылы жасалған сөздер де көрініс тапқан. Ол әсіресе «От» өлеңінде айқын көрінеді.
Күннен туған баламын
Жарқыраймын, жанамын
Күнге ғана бағынам
Өзім – күнмін, өзім – от,
Өзіме – өзім табынам.
Бұл жыр жолдарында –мын,-мін жұрнақтары бірде толық жазылса, бірде –м формасында келген.
Ұлтжанды ақын бойындағы ақындығын мен өзен тасқынындай дауыл өлеңдерін лаулап тұрған отқа балайды.
Шоқ қылар да, жоқ қылар,
Мұның аты От болар.
Мен де отпын – мен жанам.
Ақын шығармашылығын зерделегенде жалпы «от» «күйермін»,«жанармын» сөздері жиі кездеседі. Соған қарағанда «от» пен «жалын» суреткердің символдық бейнесі болған іспетті.
Жалынмен жұмсақ сүйеді,
Сүйген нәрсе күйеді.
Жалын жұтам – тез тоям,- дей келе, от пен жалынды бейнелеуде шебер теңеу таба білген.
Кейде жылан арбайтын,
Кейде аждаһа жалмайтын.
Май құямын – өрлейтін, құлашын көкке сермейтін оттан,жалыннан «Сескенбес, сірә, кім сенен» деп «От» өлеңін қорытындылаған. Жүрегі, ұлтына деген махаббат қызыл шоқтай қызған ақынымызды «От» пен «жалынға» теңеу орынды болар еді.
Қорытынды
Арыстандай айбатты,
Жолбарыстай қайратты.
Қырандай күшті қанатты –
Мен жастарға сенемін!
Мен сенемін жастарға
Алаш атын аспанға
Шығарар олар бір таңда
Мен жастарға сенемін!,-деп Мағжан Жұмабаев армандағандай қазақ елі өз тәуелсіздігін алып, керегесі кең, байтақ ел болды. Қазақ жерінде тұратын әр адамның қасиетті борышы – атамекенін, елін, жерін сүюі, мәдениеті мен тілін сақтап, қастерлеуі. Бұл келер ұрпақтың, яғни ізін қуушы жастардың қолында екенін ақын осы өлең жолдарымен жеткізі білді. Елбасымыз Н.Н.Әбішұлы «Еңбегіңмен алған білімің өзің үшін де,елің үшін де таусылмай асыл қазына болмақ. Елін, жерін сүйетін, жаны ізгі жақсы азамат болатындарына сенемін» деп жастарымызға сенім білдірген еді.
Не көрсем де Алаш үшін көргенім,
Маған атақ – ұлтым үшін өлгенім,- деп жырлаған Мағжан.
Абай қазақ поэзиясын әлемдік поэзия деңгейіне көтерсе, Мағжан ақын бұл деңгейді одан әрі биіктетуге күш салды. Қазақ әдебиеті кестесіне романтизм, символизм өрнектерін төкті.
Жарыммен жанымды жұбатам,
Жырымменен жұртымды оятам,
Несіне жас төгейін...
Өлең – менің Шолпаным, Айым, Күнім!
Мағжан – қазақ поэзиясының шолпан жұлдыздарының бірі әрі бірегейі. Ол – артына өшпес рухани мол мұра, өлмес мәңгілік ескерткіш қалдырған ұлы ақын. Міне, Мағжанның барлық өмірі – поэзиясында. Өлеңдері романтикалық сезіммен өрілген. Ешкімге ұқсамайтын қолтаңбасы бар Мағжан атамыздың өлеңдері арқылы болашақ ұрпақтың отансүйгіш, елжанды, адал азамат болатынына сенемін!
Пайдаланған әдебиеттер тізімі:
Мағжан Жұмабаев «Сүй, жан сәулем» Алматы «Атамұра» 2002жыл
Ш.Р. Елеукенов. «Мағжан Жұмабаев жөнінде зерттеулер» Алматы – 1990
«Аңыз адам» журналы, №1 (37) қаңтар 2012жыл
«Қазақ тілі мен әдебиет» журналы, №12,2006жыл
Қазақ тілі мен әдебиеті пәні мұғалімдеріне көмекші құрал. Ақтөбе – 2008
Б.Хасанұлы. «Абай» журналы, №2,2005ж
Достарыңызбен бөлісу: |