Төменде берілген екі мәтінді оқып, тапсырманы орындаңыз.
А Отбасының белгілі тұратын мекен- жайы және өзінің табысына лайықты шаруасы болады. Отбасы мүшелерінің бәрі де өз мүмкіндігінше іс атқарады: оқиды, жұмыс істейді, үй шаруасымен айналысады. Барлығының ортақ ісі- отбасын дұрыс ұстап, әр мүшенің дамуына жағдай жасайды. Отбасындағы шаруа ақылдасып шешіледі. Отбасы табысы да бәріне ортақ. Оның мүшелеріне керегінше жұмсалады.
Тәрбие – отбасынан басталады, болашақ ұрпақтың еліне, Отанына деген сүйіспеншілігі алдымен ата-ананың ықпалымен қалыптасады.Дәулет есіктен, ақыл бесіктен кіреді демекші білім бесігі мектептен,тәрбие бесігі отбасынан бастау алады.Отбасының екі тірегі - әлпештеген әке мен аялаған ана. Ата-анаға үлкенге қызмет етіп, әкеңнің еңбегін, анаңның ақ сүтін өтеу - біздің борышымыз.Ата - ана - отбасының негізгі діңгегі, бастапқы дәнекері.
Отбасы – адам үшін ең жақын әлеуметтік орта. Отбасы белгілі дәстүрлердің, жағымды өнегелердің мұралар мен салт-дәстүрлердің сақтаушысы. Отбасында бала алғаш рет өмірмен, қоршаған ортамен танысып, мінез-құлық нормаларын игереді. Отбасы баланың азамат болып өсуінің негізі болып табылады.
( 142 сөз)
+
мәтіні: ғаламтор мақаласынан үзінді
Ә Отбасы-мемлекеттің негізгі буыны. Ал кез келген мемлекет үшін маңызды мәселе – демография. Өйткені қай мемлекеттің де дамуына халық саны ықпал етеді.
Демографиялық зерттеудің өлшемі – нақтылы адам. Оның өмір тіршілігінде физиологиялық ерекшеліктері, әсіресе , оның тұрғын орны, отбасы жағдайы, қызмет түрі, мамандығы, жұмыс орны, қоғамдық жағдайы, білімі, тілдерді білу т.б. біртіндеп өзгеруі мүмкін. Жеке адамдардың сипаттамасын өзгертеді. Мысалы, неке үйленушілердің қатарын көбейтіп, бойдақтардың саны кемиді. Жеке адамдардың мекен тұрағын ауыстыруы – яғни меграция халықтың құрамына, санына әсер ететін үлкен фактор. Демографияда статистикалық әдістердің ерекше зор маңызы бар. Кейбір ғалымдар демографиямен демографиялық статистиканы ұқсас ұғымдар деп есептеп бір-бірімен шатастырады. Бірақ, демографиялық ұғымның мазмұны анағұрлым кең. Оның өзіне деген міндеттері бар. Ол халықтың дамуы, өсуі саласындағы байланысты, заңдылықты ашуы керек, бұл үшін қоғамдағы елеулі қатынастарды ескере отырып, статистикалық деректерді негізге алуға тиіс. Демография халықты зерттейтін барлық ғылымдарды қажетті материалдармен қамтамасыз етеді.
Демография – ұлт тағдыры. Ал қазақ халқы үшін демография мәселесі ерекше орында, оған түрлі тарихи кезеңдердегі қиындықтар, ұлттық салт-дәстүр, рухани-мәдени құндылықтар сан ғасырлар бойы ықпал етіп отырған. «Отан отбасынан басталады» деген аталы сөздің мәні терең. «Бірінші байлық-денсаулық, екінші байлық-ақ жаулық», «Бас екеу болмай, мал екеу болмайды» және өзге де даналық сөздер өмірлік тәжірибиеден туындаған. Демография бұл бүкіл елдің, ұлттың тағдыры. Ең маңызды мәселе халықтың өсуі екенін түсінбейінше, Қазақстанның дамыған 30 елдің қатарына енуі екі талай. Орталық Азия елдері туралы мәліметтерді ақтарып отырып, бізбен бірге Тәуелсіздік алған өзге төрт ел – Қырғызстан, Өзбекстан, Түркіменстан, Тәжікстан бәрінде демографиялық өсу барын аңғару қиын емес.
Қазақтың даласы кең. Жер көлемі бойынша тоғызыншы орын алып отыр. Ал енді осы ата-бабамыз аманат еткен кең жерді сақтап қалу үшін ең әуелі халық санын көбейтуді ойлау қажет.Демек, баланы асырап өсіру-тек ата-ананың ғана емес, мемлекеттің де басты міндеті болуы керек. (276 сөз)
мәтіні: газет мақаласынан үзінді
Екі мәтіндегі ақпарат пен өз пікірлеріңізді пайдаланып, «Ұлттың болашағы – халықтың демографиялық өсімінде ме?» деген тақырыпта эссе жазыңыз. Эсседегі сөз көлемі 170-200 сөз болуы қажет. [20]