Халықтың көбі хат танымайтын, қазақ дейтін қараңғы, мал баққан көшпелі ел. Үйі де, киімі де, тұрмысы да, салты да алабөтен, өзгеше. Тарихи ерекше өмір сүрген, айрықша географиялық және этнографиялық жағдайы бар, дәуірленген қанаушы бай, билері мен молдалары бар, сахарада азап шеккен еңбекші адам, момын да дарынды бұқарасы бар қазақ халқы сырт көрінісінде ешкімге ұқсамайтын сияқты. Бірақ жіті суреткер сырт көрінісімен қалған жоқ, халық өмірінің тұңғиығына барды, адамның ішкі дүниесіне үңілді, адам жанының, адам характерінің әрқилы астарын сырын ашты. Сөйтсе, адам қайда да адам екен. Сырты «бөтен» қазақтың ой – пиғылында, сезімінде, арман – мұратында, бүкіл адам баласына тән қаншама ұқсастық бар дейсіз. Әуезов бейнелеген Зере, Ұлжан, Иіс пен Горький бейнелеген Каширина Ниловна сықылды аналардың аналық сезімінде; Әуезов бейнелеген Тоғжан, Керімбала, Әйгерім, Салиха, Салтанат пен Шекспир, Гете, Роллан бейнелеген Джульетта, Маргарита, Антуанетта сықылды қыздардың кіршіксіз таза махаббатында; Әуезов бейнелеген Ромеоның, Гамлеттің Фаустың, Жан Кристофтың толғанған жан тебіреністерінде ұқсастық жоқ деп кім айтады? Бұл – қазақ адамының ұлттық өзгешелігімен бірге оның бүкіл адамдық қасиет сипаттарын әлемге әйгілі ету, қазақ адамының рухани дүниесін шынайы гуманизм биігінен жер жүзіне таныту.
Қазақ эпопеясының дүниежүзілік даңқы да, Әуезов образдарының дүниежүзі әдебиеті жасаған бүкіл адамзаттың мәні бар образдар галереясынан орын алатын себебі де, міне, осыған байланысты.
М. Әуезов өзінің жан қиярлық әдеби еңбегімен ерлік жасады; қазақтың ұлы ағартушысы және ақыны Абайдың өмірі туралы эпопея жазды, патшалық қанаудың қара түнек қапас жылдарындағы қазақтардың өмірі туралы әңгімелерді, біздің ең асыл арман – мүдделеріміз бен үміттеріне жетелеп енгізді, туған халқының бойындағы бар асылын өз бойына жинаған абзал Абайдың күресі мен өмірін жан – жақты көрсетеді
«М. Әуезовтің шығармаларында меніңше, қазақ халқының ақылы мен даналығы, оның табиғи дарындылығы айрықша күшпен сипатталады. М. Әуезов қазақ әдебиетін, көркемөнер мен мәдениетін бүкіл Одақ көлеміне шығарушының бірі, ол тек талантты жазушы ғана емес, бүгін де бүкіл совет елі мен дүниежүзінің алдыңғы оқымыстыларына танылған зор ғалым да», дейді Гомар Бәширов.
М. Әуезов өзінің шеберлігі, таланты арқасында туған әдебиетімізге жаңа дәстүр, соны із әкелді. Әуезовтің қай туындысын алсақ та, одан кейінгі әдебиет майданына әсер етпей қойған жоқ. Кейіпкерлердің жан дүниесіне үңілу, оны әр қырынан танытатын көркемдік құралдарды пайдалану қазіргі қазақ прозасында өте кең тараған.