Дәстүр мен жаңашылдық – әдеби процеске тән жалғастықты, жазу творчествосындағы халықтық үлгілер мен өзіндік соны сипат – қасиеттердің бірлігін танытатын ұғым, қалыптасып, сұрыпталған көзқарас, түсініктер, көркемдік үлгі – өрнектер, тәсілдер.
Жаңашылдық деп кешегі күннің тәжірибесі мен жемістерін мән – мағынасы бай, дәрежелі жоғары заман талабына жауап беретін, бұрынғы – соңғының шеңберінен шығып, болашаққа кең жол ашатын аса маңызды ізденіс – әрекеттерді айтуға болады. Жаңашылдық даму нәтижесінде біраз уақыттан кейін өзі дәстүрге айналады, келесі сатыда басқа жаңашылдық туып өрбиді.
Дәстүр мен жаңашылдық диалектикалық бірлестікте болады. Оның негізі – ескі мен жаңаның жалғастығы. Дәстүр мен жаңашылдық тарихпен бірге өзгеріп отырады. Әдебиет зерттеушісі Мүсілім Базарбаев дәстүрге: «көркемөнердің тақырып ауқымы, үйреншікті сарын, өмірге қатынасы, бейнелер аумағы, идеялық бағыты, қалыптасқан көркемдік құралдарын жатқызады»
Жазушы М.Әуезов «Қазақтың өзіне дейінгі көркемсөз жетістіктерін, батыс пен шығыс әлемінің рухани көздерін жетік біле, меңгере отырып, қазіргі замандағы қазақ прозасы мен драматургиясының үздік үлгілерін жасады. Сөйтіп оның шығармалары тұтастай алғанда халқымыздың көркемдік мәдениетінің ХХ ғасырдағы биік жетістігі болды. Оның суреткерлік жаңашылдығы мен қалыптастырған дәстүрі барлық қазақ қаламгерлеріне белгілі дәрежеде игі ықпал жасағанын атамай өтуге болмайды дейді жазушы Ғабит Мүсірепов
М. Әуезов қазақ әдебиеті тарихында болмаған әрі соны, әрі керемет таңғажайып жаңа дәстүрлерді дүниеге әкелді. Қаламгерлік диапазонының кеңдігі, кең көлемді эпикалық құлашы, көркемдік палитрасының сан алуан бояуы өткен дәстүрлердің жаңаруына басты негіз болды.
Қазақ елі, қазақ әдебиеті үшін Әуезов шығармаларындағы жаңашылдық бұл – ұлы дәстүр.
Ең алдымен ұлтымыздың төлқұжаты болып кеткен ұлттық әдеби жанр эпопеяны дүниеге әкелді.
Фольклор негізінде ұлттық драматургияның негізін салды.
20-30 жылдары жазған прозалық шығармалары ұлттық әдебиетімізде жаңалықтың жаршысы болды.
Сан алуан ұлттық дәстүрді, Абай дәстүрін М. Әуезов қайта дүниеге әкеліп, жаңалап, екшелеп, саралап, түрлентіп алдымызға әкелді. Әдебиет зерттеушісі Рахманқұл Бердібаев Мұхтардың әдебиетке енгізген ұлы жаңалықтары деп төмендегі жайларға тоқталады.
Біріншіден, М. Әуезов шығармаларымен бірге қазақтың жазба прозасына терең реалистік, психологиялық сыпта әкелді. Оған дейінгі шығармаларда адамдардың әлеумет майданындағы істері, қайшылықтары ғана айтылып, характер, мінез ерекшелігі, қайталанбас даралығы ашыла бермейтін. Ол адамдардың іші мен тысын диалектикалық бірлікте көрсету дәстүрінің негізін салды.
Екіншіден, М. Әуезов туындыларында табиғат суреттері тұңғыш рет тамашалау болмай, характерді, жағдайды анықтай түсерлік жанды, қажет бөлшекке айналғанын көреміз. Оның шығармаларында туған жер, табиғаттың түрлі кезеңіне тән суреттер өрнектеліп түскен. Ол халқымыздың ең таңдаулы табиғат жыршысы.
Үшіншіден, М. Әуезовті қазақтың қазіргі жазба әдеби тілін жасаушылардың бірі ғана емес, бірегейі деп те білеміз. Оның қаламынан қазақтың сөз байлығы, сөйлеу дәстүрі өзгеше құлпырып, гүлденіп, түрленіп шығатын. Ол қаншама сөзді қайта тірілтуші, көп сөздерді жаңадан жасаушы ұста еді. Суреткердің шығармалары халқымыздың көркемдік ойлау мәдениетін шыңға көтереді
Қазақ елінің ғана емес, әлем әдебиетінің маңдайына біткен шоқжұлдыздардың қатарына қосылған, қазақ әдебиетіндегі ең биік тұғырға ие болған жазушы М. Әуезовті әдебиет зерттеушісі Рымғали Нұрғалиев былай бағалайды: «М. Әуезов тағдыры – бақытты тағдыр. Қазақтың ұлттық драматургиясын жасау бақыты, қазақтың тұңғыш ұлттық эпопеясын жасау бақыты, ең бастысы тұңғыш рет әлем әдебиетін қазақ халқының рухани дүниесімен жалғастыру бақыты М. Әуезовтің бақытына біткен»