Себу жұмыстары. Себу – маңызды технологиялық операция. Мәдени дақылдарды тіршілікке қажетті түрткіжайттармен қамтамасыздандыру үшін оңтайлы қоректену алаңы және тұқымның сіңіру тереңдігі, негізделінген себу мерзімі, себу мөлшері, тәсілі және егу жұмыстарының сапалы болуы қажет.
Себу мөлшері, танаптық өнгіштік және өсімдіктің тірі қалуы өсімдіктер жиілігін және олардың қоректену алаңын анықтайды.
Қоректену алаңы – бұл бір өсімдікке келетін алаң. Қоректену алаңы оңтайлы болғанда өсімдіктің өсуіне және дамуына жақсы жағдай қалыптасады. Әр өсімдік үшін ол алаң бірдей емес: өсімдік ірі болса, соғұрлым оған үлкенірек алаң қажет. Ең жақсы қоректік алаң – дөңгелек немесе шаршы.
Тұқымның себу мөлшері себуге жарамдылығын ескеріп себілген тұқымның өнгіш санымен немесе салмағымен анықталады. Ірі дәнді дақылдардың себу мөлшері қашанда көп, ал себілетін тұқым саны, ұсақ
тұқымдармен салыстырғанда азырақ. Топырақ-климат жағдайын ескерусіз себілген жоғары себу мөлшері егістіктің қоюлануына, жапырылуына және өнімнің негізгі бөлігінің (астық) қалыптасуына қолайсыз жағдайлар туындауына жетелейді. Себу мөлшерін азайту егістіктің сиреуіне және арамшөп басуына мүмкіндік жасайды.
Әр дақыл және сұрып үшін тұқымның себу мөлшерін олардың биологиялық ерекшеліктерін ескеріп белгілейді. Себу мөлшерін анықтау үшін тұқымның себуге жарамдылығын (СЖ, %) есептейді.
СЖ =
Т Ґ, 100
мұнда Т – тұқымның тазалығы, %; Ө - тұқымның өнгіштігі, %. Тұқымның оңтайлы себу мөлшерін ғылыми тәжірибе жүргізіп анықтайды, ал салмағын (См, кг/га, т/га) – формуламен:
См =
К М 100 , СЖ
мұнда К – тұқым саны, млн. өнгіш дән 1 га; М – 1000 тұқымның массасы, г; СЖ – тұқымның себуге жарамдылығы, %.
Тұқымның себу (сіңіру) тереңдігі – топырақ бетінен тік бойымен тұқымның астына дейінгі қашықтық. Ол тұқымның ірілігіне, себу кезіндегі топырақтың ылғалдылығына, топырақтың түйірлік құрамына, оның мәдениленгеніне және ауылшаруашылық дақылдарының биологиялық ерекшеліктеріне байланысты. Ірі тұқымдар, жарнаған топырақ бетіне алып шығатындардан басқасы, ұсақтармен салыстырғанда, тереңірек сіңіріледі. Жеңіл және құрғақ топырақтарда тұқымның сіңіру тереңдігі, ауыр және ылғалдылармен салыстырғанда, тереңірек. Осыған байланысты тұқымның сіңіру тереңдігі 2 см-ден 8 см- ге дейін өзгереді.
Себу барысында тұқымдарды тегіс және тығыз (қатты) төсенішке орналастырған жөн.
Себу тәсілі өсімдікке оңтайлы қоректену алаңын қамтамасыз етеді. Ол шашып және қатарлап себумен жүзеге асырылады.
Шашып себу – тұқымдарды танапта ретсіз орналастыру.
Қатарлап себу – тұқымдарды ені әртүрлі қатараралықтармен (қатараралықтарының арасы әртүрлі) орналастыру. Қатарарлықтарының еніне қарай ол тар қатарлап (қатараралығы 10 см дейін), дағдылы (10-15 см), кең қатараралықты (25 см артық), нүктелі (пунктирлі), таспалы, ұялы, шаршылы, жолақты, қарықты, жалды, тоғыспалы болады.
Себу мерзімі. Оңтайлы себу мерзімі тұқымның өнуіне қажетті температурамен және топырақ ылғалдылығымен анықталады. Себу, тұқымның өнуіне қажетті түрткіжайттары бар физикалық жетілген топыраққа жүргізілуі тиіс. Жаздық дақылдар себу мерзімі бойынша, сіңіру тереңдігінде температура 1-2оС өне бастайтындар яғни ерте себілетіндер (жаздық бидай, сұлы, арпа, асбұршақ, көпжылдық шөптер,
сәбіз, т.т.); орташа мерзімде себілетіндер – тұқымдары 3-6оС өне бастайтындар (қызылша, күнбағыс, зығыр, ноқат, т.т.); кеш себілетін дақылдар – тұқымдары 8-12оС өне бастайтындар (жүгері, тары, майбұршақ, үрмебұршақ, күріш, қарақұмық, т.т.) болып бөлінеді.
Күздік дақылдарды өскін пайда болғаннан күзгі өсінді кезеңі аяқталғанша ауаның орташа температурасы 5оС-дан төмендегенше 40-50 күн болатындай есеппен себеді. Қазақстанның солтүстігінде күздік дақылдардың оңтайлы себу мерзімі 20-шы тамыздан 10-шы қыркүйекке дейін, жаздық бидайдікі, асбұршақтікі – 15-25 мамыр, малазықтық дақылдардікі – 25 мамыр - 5 маусым.