«Әділовпен 1921 жылы, Орынборда оқу-ағарту наркомының орынбасары кезімде таныстым. Ол кезде оның не істеп жүргенінен хабарым жоқ, әйтсе де, Қазақ Атқару комитетінің мүшесі екенін білетінмін.. Кейін Әділев жаңғалақ жігіт дегенді естідім: жолдастарынан қарызға ақша алады екен де, оны қайтармай кетеді екен. Ташкентте тұрған кезімде үйіме бір мәрте келді,кейін оған: «Жазғы демалыста үй-ішімді жайлауға жіберсем қайтеді?», – деп хат жазғаным бар. Бұл шаруаны кейін Ташкентте өзімен келістім», – деп жауап берген.
Осы көрсетіндіден-ақ олардың арасындағы таныстықтың орнықты екендігі аңғарылады. Шындығында да, Д.Әділевтің көрсетуі бойынша, екеуі сол жылы Семей қаласында танысқан. Зады Ж.Аймауытов таныстық мерзімін ұзартып көрсеткісі келмеген сияқты.
«Алаш iсiнiң» басталуына себепкер болған куәләрдiң iшiндегi ең «тұлғасы» да Дiнше Әдiлев болғандықтан да бұл тұзақтан Жүсiпбектiң жазасыз құтылуы мүмкiн емес едi. Егерде жеке тұрғанда оның арнаулы кешiрiмге iлiгiп, тағы да жетi – сегiз жыл Өмiр сүруiне мүмкiндiк туатын едi. Жүсіпбек Аймауытовқа тағылған «басты қылмыстың» астарын ашу үшін осы арада «Дала қарақшысы» атты тараудағы Дінше Әділевтің төмендегі көрсетіндісін қайталап ұсынуға мәжбүр екенімізді қаперге іле кетеміз.Жүсiпбектi оқтың үшiне байлаған айып мынау:
«Дiнмұхамед Әдiлевтiң жауабының хаттамасы. 3 ақпан. 1929 жыл.
(Жауаптың басында террор туралы ұзақ-ұзақ толғаулар айтады. Өзiн кекшiл – терроршы ретiнде көрсетедi – авт.). ... Айтпақшы, Есболовтың үйiнде Голощекин туралы әңгiме болды. Онда Голощекиннiң өмiрiне тiкелей қауiп төндiру жөнiнде мәселе қозғалған жоқ. Тек Голощекин қақында ғана болды. Онда қатысып отырғандардың барлығы да: егерде ретi келсе оған қастандық жасаған артық болмас едi. Бiрақта бұл өте қиын дүние, бұл бiрiншiден халыққа қатты күйзелiс әкеледi деген қорытындыға келдi. Сөйтiп, бiз үшеуiмiз осы тақырып төңiрегiнде әңгiмелестiк, алайда бұл мәжілісте нақты шешiм қабылдағанымыз жоқ. Менiң ағайым тұтқындалғаннан кейiн (оның «Алаш iсiне» ешқандай қатысы жоқ - авт.) Қызылордаға екiншi рет келгенiмде ол әңгiмеге қайтып оралғамыз жоқ.
1928 жылы жаз айында мен Шымкент қаласына келiп Аймауытовпен жолықтым. Әңгiме арасында Голощекин жөнiнде сөз қозғалды. Оған дейiн мен одан: Шымкент губерниялық атқару комитетiнiң төрағасы кiм деп сұрағанымда Аймауытов: «Макин. Ол жерге оңбаған бiр бұзықты қойды», - деп жауап бердi. Содан кейiн: Жетiсу губерниялық атқару комитетiнiң төрағасы кiм – деп сұрадым, бұрын ол орында Әлiбековтiң отырғанын бiлетiнмiн. «Оған да бiр бұзықты қойды», - дедi Аймауытов. Ташкентке бару, бармауым туралы Аймауытовпен ақылдасқаным туралы бұрын да айтқанмын. Ол сол жолы қатты мазасызданып: «Әйтеуiр бiр қара түнек төнiп келедi, дүниенiң астан – кестенi шығып, асты – үстiне төңкерiлiп барады. Айналаң толған тыңшылар мен «үндеместер», тынысыңды тарылтып, алға бастырмайды, барлық жерде де тыныштық кеткен, қайда барсаң да аңдудан құтылмайсың. Қазақстанды шыңырауға тастап, қатты күйзелттi, соның барлығына Голощекин кiнәлi. Сол келгеннен бастап дүние асты – үстiне төңкерiлдi», деп мұңын шақты.
Сөйтiп, бiздiң әңгiмемiз Голощекин жөнiнде болды. Әңгiме арасында не ол екенi, не мен екенiм есiмде жоқ, әйтеуiр бiреуiмiз оған қастандық жасауға болмас па екен дедiк, Аймауытов өзiнiң мұны - қастандықты қолдамайтынын бiлдiрдi. Ол маған: «Ол қолдан келе ме, жоқ па бiлмеймiн. Сен өзiңнiң ауылыңа қайта бер, мен жолай Ташкентке соғамын, одан Қызылордаға барамын, сонда Қожановпен, Дулатовпен ақылдасамын, сен өзiңнiң адамыңды жiбер, барлық сұрағыңа жауапты сол арқылы беремiн», - дедi».
Мiне, Дiнмұхамед Әдiлевтiң осы сөзi Жүсiпбектi «саяси қастандық жасады» деген айыппен кiнәлауға себепкер болды. Дiнмұхамед (Дiнше) Әдiлев өте күрделi өмiрбаянның иесi. Осы арада бір інші кітапта баяндалған он өмір жолын қысқаша еске т? сіре кетеміз. Оны он төрт жасында көшеден көрiп қалған Мiржақып Дулатов бауырына тартып, Омбыға оқуға түсiредi. Одан қызылдардың әскерiнiң қатарына кiредi, Колчактың түрмесiне түседi, Қиыр Шығыстағы партизан жасағында соғысады, одан Қожановтың көмегiмен қызметке алынады, қазақ драма театрының тұңғыш директоры мiндетiн атқарады. Мiнезi тез, тентек, оқиға құмар Дiнше ауылына барғанда Бетбақдаланы шулатып жүрген, ауылдың қыз-келiншектерiн Сарысудың бойында жинап алып, бейбастақ әрекетке еркiндiк берген Қараноғай дегендi ұстап, оған өзiнше сот құрып, атып тастайды да денесiн мұздың ойындысына батырып жiбередi. Содан бастап қуғынға түседi.
1928 жылы желтоқсан айының 28 күнi ұсталады. Ол өзiн бiрден ұлттың жоқшысы ретiнде жариялап: «Алашорданың» тапсырмасын орындадым», - деп мәлімдейдi де бүкiл өмiрбаянын хатқа түсiрiп, «Алаш» үкiметiнiң барлық көсемдерiнiң қайраткерлiк әрекетерiн өзiнше баяндап бередi. Сөйтiп, әуелi Мiржақып Дулатов пен Жүсiпбек Аймауытов, содан кейiн Ахмет Байтұрсыновтар түрмеге қамалып, тергеуге алынады. Соның нәтижесiнде алдыңғы топта 42, кейiнгi топта 30 адам жазаға тартылады. Тергеу барысында Жүсiпбек Аймауытов өзiне Дiнмұхамед Әдiлевтiң бiр рет жасырынып келгенiн, Голощекинге қастандық жасаймын деп қоқиланғанын, бiрақта оған: «Тентектiкпен iс бiтпейдi, сен бар жағдайды айтып, Қараноғайдың қылмысын дәлелдеп, өкiметке жаз. Ал қастандық жасаймын дегендi ұмыт. Халыққа кесiрiң тиедi», – деп шығарып салғанын айтады. Сон дай-ақ, Жүсiпбектiң үстiнен өзiнiң шәкiрттерiнiң де арыздары жиналыпты. Шымкент педагогикалық техникумының студентi Қалабай Бекдуллаев бастатқан үш шәкiрттен жауап алыныпты. Оның iшiнде кейiннен аты қазаққа танымал болған бiр адамның аты да ұшырасады. Оның барлығын тәптiштеп айтудың пәлендей қажетi шамалы. Голощекин мен «Үндеу» туралы дерек дәлелденбесе де Жүсiпбектiң мойнына айып ретiнде тағылды. Негiзгi себеп осы ғана....
Өзге тұтқындарға қарағанда бұл екеуінің беттесуі тездетіліп ұйымдастырылыпты (Д.Досжанның жарияланымы бойынша):
«1929 жылы 29 мамыр күнгі Ж.Аймауытов пен Д.Әділевтің беттесуінің хаттамасы.
Аймауытовқа сұрақ: Әділевпен соңғы рет қай уақытта кездестіңіз?
Жауап: 27-жылдың жазында. Оны кездейсоқ көшеде ұшыраттым, ұмытпасам, қасында ешкім болған жоқ. Губерниялық атқару комитетінің төрағасы Сәдуақасов Жанайдарға ауылдың әлдебір шаруасымен келгенін айтты. Иә, дәл солай айтты.
Әділевке сұрақ: Кездескеніңізді мойындайсыз ба?
Жауап: 1927 жылы Шымкент қаласында болған емеспін. Сондықтан да Аймауытов мәлімдеген әлгі кездесудің болуы қисынға келмейді.
Аймауытов: Дәл мерзімі жадымнан шығып қалыпты, әйтсе де Жанайдар Сәдуақасов Сырдария Губерниялық атқару комитетінің төрағасы болып тұрған кезде кездескеніміз рас. Содан кейін Әділевпен бетпе-бет жүздесіп отырғаным осы.
Әділевке сұрақ: Аймауытовпен соңғы рет қашан кездестіңіз?
Жауап: Соңғы рет 28-жылдың маусымның басында Ташкентке бара жатқан жолымда Шымкентте жолықтым. Байдуллаев Ағабекті босатып алу оқиғасына келетін болсақ, Аймауытов бұл ойымды құптайтынын айтқан еді.
Аймауытовқа сұрақ: Ол кездесу есіңізде ме?
Жауап: Мұндай кездесу болған емес. Сіздің көзіңізше Әділевке мынандай сауал қойғым келеді: Әділевке үнемі ақыл-кеңес беріп жүріппін бе?
Әділев: Біреудің ақыл-кеңесіне сүйендім бе, жоқ па, ол өз алдына жеке әңгіме, ал айтып отырған жағдайға байланысты Аймауытов маған ешқашанда кеңес берген емес, көмектескен де жоқ.
Аймауытовқа сұрақ: Саяси оқиғаларға орай Әділевке қандай да бір тапсырма берген кезіңіз болды ма?
Әділев: Жоғарыдағы айтылғаннан басқа маған тапсырма берген емес.
Аймауытов:Егер Әділев менің ақыл-кеңесіме мұқтаж болса, сол ақыл-кеңестің қандай да бір нәтижесі болды ма?
Әділв: Шымкент қаласында тұрғанда Аймауытов Дулатовтың айтқан сәлемдемесін менің хабаршы жігітім Нұрлан арқылы маған жеткізді».
Жауапқа тартылушылардың түбіне жеткен соңғы сөздің мәнісі тергеуде қайталана тәптіштеліп, нақтылана түседі. Тергеудің қайырмасы сияқты қайталана беретін бұл оқиғаға жауап ретінде Жоғары сот анықтамасының:
«ВКП(б) Қазақ өлкелік комитетінің секретары Голощекинге қарсы террорлық қастандықты ұйымдастырғаны жөніндегі айыптау да қызыл сөзге құрылған. Тергеудің осы саладағы қорытындыларында Әділевтің өзінің ойын жүзеге асыруға тырысқан іс-әрекетін және оған Аймауытовтың қатысқандығын дәлелдейтін айғақтар жоқ», – деген қорытындысын назарға ұсынумен шектелеміз.
Бұдан кейін тергеушілер Жүсіпбек Аймауытовқа астыртын ұйымның мүшесі ретінде айып тағу және оның ісін өзге алашордашылармен, Созақ көтерілісімен байланыстыру мақсатында куәлардың ауқымын кеңейтуге ұмтылған. Тергеудің үшінші томына Жүсіпбек Аймауытовтың үстінен өзінің шәкірті Қ.Бекдуллаевтың: «Жүсіпбек Аймауытов шәкірттерді көтеріліске шығуға шақырып үндеу жазған», – деген мағынадағы көрсетіндісі тігілген. Онда кеңес өкіметінің. “болашақ ұстазы” өзінің ұстазы Жүсіпбек Аймауытовты “халық жауы” ретінде әшкерелеген. Ол өзінің көрсетіндісінде қыза-қыза келе Абайды да “халық жауының” қатарына қосып жіберіпті. Соған қарағанда Қ.Бекдуллаевтің кәдімгі көп можантопайдың бірі екені байқалады.
«1929 жыл, 26 маусым. Қалабай Бекдуллаев, 22 жаста, Қызылорда қаласындағы Атбасар көшесінің 2 үйінде тұрады, 1921 жылдан комсомол, қазақ, батырақ, мектеп мұғалімі, үйленген.
Аймаутов Жүсіпбекті 1921 жылдан (-?- мүмкін 1927-жылдан шығар, жазу бедері өшіңкіреп қалған – Т.Ж.) білемін, өзінің айтуы бойынша оның әкесі Ақмола (-?- Семей губерниясы, Павлодар уезі болуы керек – Т.Ж.) губерниясындағы аса үлкен діншіл-молла екен. Ол 1926 жыл мен 28-жылдың аралығында Шымкенттегі педагогикалық техникумның оқытушысы болды. Аталған оқу орынында сабақ берген кезінде ол өзін барып тұрған ұлтшыл – алашордашы ретінде көрсетті, барлық жерде және үнемі студенттердің миына ұлтшылдық сананы егуге тырысты. Мысалы, арнайы әдеби бақылау орындары (цензура – Т.Ж.) басып-шығаруға рұқсат бермей қайтарып жіберген әдеби шығармаларын, кітаптарын шәкірттерге оқуға берді. Әсіресе, жоғары класс оқушыларына оқу үшін таратып берген кітаптарының ішінде “Үрбек” («Ақбілек» - ? – Т.Ж.) атты шығармасы ерекше көзге түсетін. Бұл кітап “алашордашылардың” рухында жазылған, онда ескі қазақ зиялыларын бірігуге шақырған. «Кеңес өкіметінің олармен күресуге шамасы келмейді», – делінген.
Сондай-ақ, ол студенттерге “Ақ жол” газетінің ескі тігіндісін (1923-жылғы ғой деймін) әкеліп, ондағы өзінің “Қилы, қилы заман болды, қарағай басын шортан шалды” – деген мақаласын оқытты. Ол бұл мақаласында қазіргі қоғамға деген өкпесі мен сенімсіздігін білдірген.
Жоғарыдағы аталып өткен әдеби шығармалардан басқа педтехникумның студенттерінің арасына өзінің “Сылаң қыз”, “Мансапқорлар” т.б. кітаптарын оқуға таратып берді. Бұлар студенттерге қосымша құрал ретінде қолдануға ұсынылды, бірақ та мазмұны жағынан алғанда (ұлтшылдық рухта – Т.Ж.) жазылғандықтан да, ондай кәдеге жарамайтын. Ол туралы “Еңбекші қазақ” газетінде сын мақала жарияланды, ал онда: «Бұл кітаптар кеңес өкіметіне қарсы бағытталғандықтан да, қазақ әдебиетіне ешқандай қажеті жоқ», – делінген.
Педтехникумда әдебиет пәнінен сабақ беріп жүрген кезінде сол пәннің мұғалімі ретінде студенттердің назарын әр түрлі қажетсіз нәрселерге аударып, түкке де пайдасы жоқ Мағжан Жұмабаев пен Абайдың өлеңдері мен поэзиясынан мысал келтіріп, үзінді оқитын. Жалпы алғанда оның оқыған дәрісінен студенттер ешқандай да пайда алды деп айта алмаймын”.
Дейді сабазың! Бұдан кейін Қалабай мырзаға кінә тағуға да болмас.
«1928 жылы көктемде педтпхникумның студенттері оқу бітіргелі жатқанда белгісіз біреу Шымкент қаласының көшелеріне алашордашылардың Үндеуін желімдеп жапсырып кетті. Менің пайымдауымша және оның ықпалындағы (Аймауытовтың – Т.Ж.) студенттердің және Губерниялық соттың қызметкері Досовтың (СО ОО ГПУ тұтқынға алған) қолымен істелген іс (Белгілі кеңес қайраткері Ә.Досов емес екені анық. Соған қарағанда Досов деген Ж.Аймауытовтың бұрынғы шәкірттерінің не таныстарының бірі болуы мүмкін – Т.Ж.). Бұл үндеу шыққанға дейін Аймауытов Ербазаров Әлімбек (қазір шет елде жүрген қазақ ұлтшылы Мұстафа Шоқаевтің бауыры) және Хамитов Әлиайдар (Оның да Шоқаевпен туысқандық байланысы бар) сияқты студенттермен ерекше дос болып жүрді. Бұл студенттерді Аймауытов жиі-жиі үйіне қонаққа шақыратын. Үйіне тек молдалар мен байдың баласын ғана қонаққа шақырады. Ленинге арналған қаралы жиында оны мазаққа айналдырған (күліп қойған – Т.Ж.) студенттерді оқудан шығарған соң, оларды Жүсіпбек Аймауытов қайтадан оқуға алдырды. Егерде ішінара кейбір студенттер оған: «Неге сіз бізбен саяси тақырып жөнінде әңгімелеспейсіз», – деп сұрақ қоя қалса, ол үнемі: «Біз саясатқа араласпаймыз, ол жөніндегі біздің құқығымыз шектеулі», – деп жауап беретін» – дейді.
Бұдан кейін шәкірт Бекдуллаев өзімен бірге оқитын шәкірттердің айналасынан шығып, «ұлтшылдардың» ауқымын кеңейте түседі. Өзінің ұстазы жөніндегі Қалабайдың жинаған мағлұматтарының тиянақтылығына қарап, сол оқып жүрген кезінің өзінде: «Үндеместің тыңшысы болмады ма екен?», – деген күдік ұялайды.
«Аймауытов, әсіресе, қазақтың ұлттық театрының артистерімен тығыз байланыста болды және олардың арасында беделі зор еді, оның ішінде мемлекеттік ұлттық театрдың директоры Шанинмен, Жандарбеков Құрманбекпен (Аймауытов кезінде сабақ берген Ташкенттегі Қазақ институтының бұрынғы студенті), Байзақов Исамен және Әміремен (екеуі де ұлттық ақындар) ерекше жақын еді. Бұл артистер жақын достары ретінде Шымкент қаласына келген бетте-ақ Аймаутовтың үйінің төрін бермейтін».
Театрдың драматургсіз өлі ұғым екенінен хабарсыз дегенге сену де, мына сөзіне қарап, сенбеу де қиын. Ж.Аймауытовтың театрға ауысуы туралы Д.Әділевпен арадағы хаттары алдыңғы бөлімде жарияланған болатын, ал Иса мен Әміре, Жұмат – Жүсіпбектің бозбала кезінен бері келе жатқан достары. Оның үстіне өзі да әнші, сері адам. Ұстазы жасаған скрипка мен домбыраның үнін, ол шерткен күйді «шәкірті» естімеді дейсіз бе? Сол кезде Шымкентте бастауыш баспалдақта оқыған Бауыржан Момышұлы марқұм мұны бізге сонау кездің өзінде ерекше ілтипатпен айтқан еді.
1977 жылы қараша айында қызыл әскердің құрылғанына алпыс жыл толуына орай редакция тапсырмасымен Баукеңнің үйінің табалдырығын таңғы сағат онда аттадым. Әр сөзін айтып отырып қағазға түсіртті, соңынан Мағжан Жұмабаев пен Жүсіпбек Аймауытов туралы сұрадым. Бұл деректі өзі жақсы еркелететін қаламгер Мамытбек Қалдыбайдан естігенімді, ал өзім сегіз жыл бері ұстазым, профессор Хайыржан Бекхожиннің тапсырмасымен алаш тарихына қатысты жартылай жабық зерттеу жүргізіп жүргенімді айттым. Сонда ұзақ ойланып отырып:
– Мұны жазба. Маған емес өзіңе сөз келеді. Алаш көсемдерінің бәріне де айып тағуға болады. Өйткені олардың кеңес өкіметін мойындамағаны шындық. Ондай кеңдік демократиялық елде ғана кешірімді. Ал бізде пролетриат диктатурасы. Түсіндің бе, диктатура, пролетариат диктатурасы. Ал кез-келген диктатура ешқашан өзінің дұшпанын кешірмейді. Солардың іщінде диктатураның өзі де кінә таға алмайтын адамның бірі – Жүсіпбек Аймауытов. Менің ұлы ұстазым. Мен ол кісінің ақтығына ант бере аламын. 1927–1928 жылдары Шыменттегі техникумда бізге қазақ әдебиетінен сабақ берді. Кәдімгі қарапайым қара шапан киген ошақтан шыққан. Ондай адамдарды қазақ: «Сегіз қырлы, бір сырлы» деп атайды. Қолы бос кезде, кешке жақын шәкірттердің арасына келіп әдебиет туралы әңгіме айтатын, Әнді сондай нақышына келтіріп орындайтын. «Екі жирен» әнін Торғайға атпен бара жатқанда шығардым деп айтқаны есімде. Музыкалық аспаптарда, әсіресе мандолинді өте шебер орындайтын. Домбыраны өзі жасайтын. Етікшілігі де керемет еді: «Жігіткежеті өнер де көптік етпейді. Пайдасы тиеді», – деп отыратын. Қазіргі қазаққа белгілі адамдардың ішінде Әбділдә Тәжібаев, Құрманбек Сағындықов үшеуміз дәріс алдық».– деп мағлұмат беріп еді Баукең.
Тергеу ісі бойынша Тәжібаев деген студент те куәға тартылған. Алайда оның көрсетінділерінің “ізі өшкен” яғни, кейін жойылған. Айбақ-сайбақ жазуының табы іс қағаздан байқалып қалады:
«Сонымен қатар Аймауытов Қызылорда қаласында тұратын белгілі ұлтшылдар Байтұрсыновпен, Дулатовпен және басқа да өлкелік оқу орындарының оқытушыларымен тығыз байланыс жасап, сол қалаға барып тұратын. 1926-1927 жылдардың арасында Шымкентте тұрған кезінде ол 4 рет Қызылордаға барып келді», – деген мағлұмат тыңшының тиянақтылығын білдіреді.
Әйтпесе, оқытушысының басқан ізін санап жүретін зеректік кез-келген шәкіртке тән емес болса керек. Мұхтар Әуезов туралы сирек те құпия деректерді жариялай бастаған кезім, яғни, 1987 жылдың күзі мен 1988 жылдың көктемінің бірі еді. Күнделігіміз сол тұста қолды болып кеткендіктен де нақты мерзімін анықтай алмадым. Әйтеуір, «қайта құрудың» екпінімен Қауіпсіздік комитеті мен Мемлекеттік архивтің сөрелеріндегі осындай шетін құжаттардың біріне кешкі бесте жолығып, ертең қарауға ысырып қойған түні таңғы сағат жетіде Әбділда Тәжібаев телефон шалып, тура сағат сегізде күтетінін бұйыра айтты. Күдігіміздің үстінен түскенін ішіміз сезді, бірақ секемге қимадым. Салқын қарсы алып, шахмат тақтасын нұсқап, ойынға шақырды. Бірінші кезекті жеңуге мүмкіндігіміз бола тұра жеңілдік. Екіншісінде қапы қалдырды. Қарқылдап ұзақ әрі рахаттана күлді де: «Мұның барлығын неге сүйеніп, кімге сеніп жинап жүрсің?», – деді. Кімге сенемін дерсің? Тек Қайым Мұхамедхановтың атын атап, Мұхтар Әуезовпен бірігіп жазған «Аққайың» пьесасын, «көмілген мысық» тарихын емеуірін еткенімде орнынан атып тұрып, сөздің біткенін білдіріп маған жонарқасын берді. Қапымды шахматтан емес, архивтен қалдырыпты. Кешегі құжаттар қайтып менің қолыма түспей кетті. Демек, кешкі сағат бес пен таңғы сағат алтының аралығында «абыз ақынымыз» тыныш жатпай, «өлілердің архивін» әлдекімнің қолымен ақтарған болып шықты ғой! Қара жер хабар бермесін, «Бесігіңді түзе!..» атты роман-эссеміздің жалғасы (1988) жарияланғанда тура осы мазмұндас пікірімізді білдіріп, қарсы хабар күтіп едік. Дауысы естілмеді. Содан кейін де біраз жыл өмір сүрді. Мағжанның әйелі Зейнеппен соттасқандай болып айтысып, шығармаларының алғысөзін жазды. Сонда да көңілі тыныш таба қойды ма екен. Қайдам.
Ал Жүсіпбек Аймауытовтың өзгелерден бұрын атылып кетуіне себепші болған Қалабайдың көрсетіндісі мынадай:
«1928 жылы Шымкент қаласының көшелеріне ілінген Үндеу туралы педтехникумның студенттеріне ешкімге айтпау туралы ескертілген болатын, сонда да олардың арасында бір-жар ауыз әңгіме айтылып қалып жүрді, ол үндеудің авторы кім екені маған белгісіз, алайда жазу үлгісіне қарап мұны жазған Аймаутовтың жақын араласатын адамдары - Сырдария Губерниялық сотының қызметкері Досов пен студент Ерназаров Әлімбек деген тоқтам жасады».
Бұл үндеуді табуға ұмтылып, барынша зер салсақ та, тергеу ісінен оны кездестіре алмадық. Ал техникум студенттерінің астыртын ұйымы туралы мағлұмат қазір де тым мардымсыз.
Мұндай үндеуді Жүсіпбек Аймауытовтың жазуы мүмкін бе? Голощекин қара бишігін сусылдатып «ұлтшылдардың» басына үйіріп тұрған кезде Жүсіпбектің ондай арандатуға бара қоюы екіталай. Алайда, Ғабит Мүсірепов марқұм көтеріліске шақырған үндеуді өз көзімен оқып шығып: «Бұл – Жүсіпбектің жазу мәнері емес, басқа бір ірі жазушының қолы», – дегенді айтқан.
Бауыржан Момышұлы: «Ол түсініспестік жағдайдағы жаламен ұсталды. Бұл пікірімді Қонаевқа да айтқанмын. Жазуы өте әдемі болатын. Мына Ғабит Мүсірпепов жазушылықта соның жолын ұстанады. Ақтауға ұмтылып жүрген де сол. «Созақтағы көтеріліске шақырып үндеу жазыпты. Хатты мен өз көзіммен оқыдым. Сондықтан ақталуы қиын», – депті Димекең. Ғабит те алып көріп: «Ұқсайды. Бірақ ол емес. Мен де сол кісінің жазу үлгісімен жазамын. Сонда да айырмасы бар. Мына жазу үлгісі оныкі емес. Соған еліктеген шәкірттерінің бірінікі болуы мүмкін», – депті. Ал оған кімді сендіресің? Түбінде қайрылып бір оралатын кез туады. Сондықтан да сенің олардың мұраларын жинақтап, дерек теріп жүргенің дұрыс та шығар. Жүсіпбек мұғалім туралы айтарым осы, қарағым. Ал Мағжанды мен көрдім…», – деп әңгімесін одан әрі жалғастырып еді.
Ол естелік Мағжан туралы бөлімде баяндалатындықтан да кейінге қалдыра тұрамыз.
Енді Ж.Аймауытовқа: – «Контрреволюциялық үгіт-насихатты таратып, идеологиялық саботаж жасайтын «Алқа» астыртын ұйымына қатысқандығы әшкереленді», – деген үшінші айып тағылды.
Соған орай «Алқа» әдеби бағдарламасы мен Ташкенттегі астыртын контрреволюциялық ұйымға қатысты қайыра жауап алды. «Алқа» әдеби үйірмесі туралы арнайы бөлімде дербес талдау жасалатындықтан да Д.Досжанның жарияланымындағы төмендегі хаттамадан үзінді келтірумен ойымызды тиянақтаймыз:
«Сұрақ: астыртын ұйымға мүше болғаныңызды растайсыз ба?
Жауап: Ешқандай астыртын ұйымға мүше болған емеспін.
Сұрақ: «Ақ жол» газетінде ұлтшылдық сарындағы мақалаларыңыз басылды ма?
Жауап: қандай сарында жазылғанын айта алмаймын, әйтеуір әдебиет туралы және сол кездегі казақ кедейінің халі туралы мақалаларым басылды.
Сұрақ: Жұмабаев туралы не білесіз?
Жауап: Ол қазақтың көрнекті ақыны, оның өлеңдерін сынаушылар да көп, мен оны таза ақындық пафостың иесі деп білемін.
Сұрақ: Жұмабаевтің ұйымына ендіңіз бе?
Жауап: «Жұмабаевтың ұйымы» деген ұйым болған емес, ондай ұйымды естіген жоқпын.
Сұрақ: Дулатов жайлы не айтасыз?
Жауап: Дулатовтың «Оян қазақ» деген жинағын оқығаным бар, ол «Ақ жолды» шығарып тұрды, саяси істері жағынан ешқандай баға бере алмаймын, ал, әдебиетшілігі көпке пайда беретін дәрежеде дегім келеді.
Сұрақ: Астыртын ұйымның жоспары болды ма?
Жауап: Ешқандай астыртын ұйымның болмағанын біле тұрып, оның жасалмаған жоспары туралы не айтуға болады».
Иә, бұл жауаптарға не айтуға және оны қалай талдауға болады? Жүсіпбек Аймауытовтың ауызынан тергеушінің сұрағына орай қайталанып айтылған сөздер мен мойындаудан бас тартқан оқиғалардың барлығы оған қылмыс ретінде таңылып:
1. Кеңес өкiметiн құлату үшiн 1921-1922 жылдары Орынбор мен Ташкентте астыртын контрреволюциялық ұйым құрған.
Достарыңызбен бөлісу: |