күйеу, лексикалық мағынасы – әйелдің ері, жұбайы деген мағынада; грамматикалық мағыналары –1) жалпы зат атауы; 2)атау тұлғада;
келтір, лексикалық мағынасы – нақты келтіру деген қимыл; грамматикалық мағыналары: 1) жалпы қимылды білдіруі; 2) ол қимыл сабақты; 3) ырықсыз етіс;
қыз, лексикалық мағынасы – кәмелетке толған қыз; грамматикалық мағыналары: 1) жалпы зат атауы болуы; 2) атау тұлғада; 3)деректі;
ұзат, лексикалық мағынасы – құтты орнына қондыру деген қимыл; грамматикалық мағыналары: 1) жалпы қимылды білдіруі; 2)ол қимыл сабақты; 3) ырықсыз етіс;
тойыңды, лексикалық мағынасы – қуанышты мереке, мейрам; грамматикалық мағыналары: 1) жалпы зат атауы болуы;2) тәуелділік мағына; 3) екінші жақ, жекеше;
қыл, лексикалық мағынасы – жалпы жасау деген қимыл; грамматикалық мағыналары: 1) жалпы қимылды білдіруі; 2) қылу қимылының амалын білдіру; 3) екінші жақ, бұйрық рай мәні;
қыз, лексикалық мағынасы – кәмелетке толған қыз; грамматикалық мағыналары: 1) жалпы зат атауы болуы; 2) атау тұлғада; 3) деректі;
таныстыр, лексикалық мағынасы – нақты танысу деген қимыл; грамматикалық мағыналары: 1) жалпы қимылды білдіруі; 2) ырықсыз етіс мәнде; 3) ол қимыл салтты; 4) қимылдың танысу бағытын білдіруі;
қызыққа, лексикалық мағынасы – тартымды көрініс; грамматикалық мағыналары: 1) жалпы зат атауы; 2) жартылай деректі; 3) барыс септік;
жұрт, лексикалық мағынасы – жалпы адам деген мағынада; грамматикалық мағыналары: 1) жалпы зат атауы болуы; 2) атау тұлғада; 3) деректі;
ыржаңшыл, лексикалық мағынасы - жалпы адамның көңілі; грамматикалық мағыналары: 1)жалпы сын атауы; 2) қатыстық; 3) адъективтенген.
Осы шағын талдаудан көрінетіндей, сөйлемдегі әрбір мәнді сөз бір лексикалық мағына және бір я бірнеше грамматикалық мағынаны білдіреді. Және грамматикалық мағыналар біркелкі емес, олардың берілу тәсілдері де әр түрлі. Осы сөздерді кейбір ортақ грамматикалық мағыналарына қарап топтауға да болады. Мысалы, жалпы затты зат атауын білдіруіне қарай: күйеу, қыз, тойыңды, қызыққа, жұрт сөздерін бір топ етіп, екінші жақ субъектінің қимылын білдіруі жағынан келтір, ұзат, қыл, таныстыр сөздерін бір топ етіп, тәуелділік мәніне қарай тойыңды сөзін бір топ етіп т.б. топтауға болар еді. Сөйтіп, жалпы мағына, грамматикалық мағынаның бірыңғайластығы, ортақтығы жағынан сөздерді белгілі топтарға жіктеуге болады. Сонымен бірге ол грамматикалық мағыналардың түрлері де, берілу жолдары да біркелкі емес. Мысалы, келтір, ұзат, қыл, таныстыр, сөздерінің жалпы қимыл, іс-әрекетті білдіруі мен салттылық (туғанда, кірер)я сабақтылық (ашады) мағыналары нақты қимылдың абстракцияланып, жалпылануы арқылы пайда болған. Сондай-ақ күйеу, қыз, тойыңды, қызыққа, жұрт сөздерінің жалпы зат атауын білдіруі нақты заттардың абстракцияланып, жалпылануы арқылы пайда болып отыр. Демек, бұл тәрізді грамматикалық мағыналар сөздердің лексикалық мағыналарының абстракциялануы, жалпылануы арқылы беріледі. Сөйтіп, бұл –грамматикалық мағына білдірудің семантикалық тәсілі (жолы) екен.
Грамматикалық мағына әр түрлі тәсілдер арқылы беріледі. Грамматикалық мағынаны білдіретін синтетикалық тәсілдің бір типі – грамматикалық формалар. Яғни грамматикалқ мағынаның бір түрі, атап айтқанда, категориялық грамматикалық мағына грамматикалық формалар арқылы беріледі. Сөйтіп, грамматикалық формалар белгілі топтпғы сөздердің қосымшалар, грамматикалық тұлғалар (жұрнақ, жалғау) арқылы белгілі жүйелі парадигма бойынша түрленуі болып табылады да, сол арқылы әр тұлғаға сай категориялық грамматикалық маына беріледі. Осы уақытқа дейін жарық көрген еңбектерде, зерттеулерде грамматикалық форманы анықтағанда грамматикалық мағынаны білдірудің сыртқы жағы, грамматикалық тәсілі деп, грамматикалық ағынаны түр-түрге бөлмей, грамматикалық форманың ішкі мазмұны ретінде қаралып келді.
Сөйтіп грамматикалық мағына мен грамматикалық форма деген ұғымдар біреуі әрдайым бір нәрсенің ішкі жағы, мазмұны, екінші оның сыртқы жағы, тұлғасы немесе сол мазмұнның іске асу, көріну тәсілі деп анықтап келдік. «Қандай грамматикалық мағына болса да, оның өзіне тән грамматикалық формасы болады, керісінше қандай бір грамматикалық форма болса да, оның өзіне тән грамматикалық мағысы болады. Грамматикалық мағынасы жоқ грамматикалық форма болмайды, грамматикалық формасы жоқ грамматикалық мағына болмайды». «Тілдегі мағына мен форма, соның ішінде грамматикалық мағына мен грамматикалық форма бір-бірімен тығыз байланыста болады. Белгілі бір грамматикалық формасы болған жағдайда ғана грамматикалық мағына жайында сөз ете аламыз. Керісінше белгілі бір форманың грамматикалық форма ретінде танылуы үшін, оның міндетті түрде грамматикалық мағынаны білдіруі қажет» – деген пікірлер осыған дәлел. Бұл екі ұғымды осындай балама мәнде, бір нәрсенің екі жағы дер түсіну тіпті де дұрыс емес, өйткені олар әр уақытта бір-бірімен балама, сай бола бермейді. Лексикалық мағынаның абстракцияланып, жалпылануы арқылы пайда болатын жалпы грамматикалық мағына, сондай-ақ аналитикалық тәсіл арқылы берілетін қатыстық грамматикалық мағына ешбір грамматикалық формасыз-ақ берілетінін жоғарыдан байқадық. Мысалы, тау, тас, үй, көл және бала, қыз, әке сияқты сөздердегі жалпы заттық мағына, алғашқы топтағы сөздерде жансыз заттар, соңғы топтағы сөздерде адамға байланысты заттар мағынасы грамматикалық мағыналар екендігінде ешбір күмән жоқ. Бірақ бұлардың ешқайсысы да ешбір грамматикалық форма арқылы берілмеген. Сондай-ақ аналитикалық тәсілдің түрлері болып табылатын негізгі сөздердің бір-бірімен тіркесуі, негізгі сөз бен көмекші сөздің тіркесуі арқылы, сөздердің қосарлануы, сөйлемдегі сөздердің орын тәртібі мен дауыс ырғағы, интонация, т.б. арқылы грамматикалық мағынаны білдіруде ешбір форма жоқ. Сондықтан да грамматикалық форма арқылы грамматикалық мағынаның берілуі дегенде әңгіме жалпы граммматикалық мағына атаулы емес, грамматикалық мағынаның бір түрі болып табылатын категориялық грамматикалық мағына жайында ғана болу керек. Қазақ тілінде грамматикалық форма дегенге белгілі бір грамматикалық топтағы сөздердің түрлену, өзгеру жүйесі болып табылатын парадигмалық сипаттағы тұлғалары, форма тудырушы қосымшалары жатады. Өйткені олар, ең алдымен, белгілі бір грамматикалық мағына білдірумен байланысты, екіншіден, грамматикалық мағына біреу ғана емес, бірнеше болуы мүмкін де, түрлену жүйесіне байланысты әрі тектес, бір ыңғайлас, әрі өз ішінде бір-біріне қарама-қайшы мәндегі грамматикалқы мағыналардың бірлігінен тұрады.
Мысалы, Сайра, тілім! (Абай, 95 б.) дегенде сайра етістігі бұйрық райдың екінші жақ жекеше, анайы тұлғасында тұрғанын, ол, бір жағынан, белгілі форма, өзіне қатысты сөзбен байланысынан көрініп тұр; түбір тұлға емес арқылы көрініп тұр, екінші жағынан, осы тұлғаның өзі белгілі түрлену жүйесінің парадигмалық бірліктің жалпы бұйрық райдың, ал бұйрық райдың өзі жалпы рай жүйесінің бір көрінісі болып табылады да, сол жүйенің әрі тектес, бірыңғай, әрі одан ерекшелігі бар оған қарама-қайшы мәнді көрсетеді. Сондықтан да бұйрық райдың жекеше, анайы екінші жағы мағынасымен формасы сол жүйенің, біріншіден, екінші жақ жекеше, сыпайы және анайы, көпше, екінші жағынан бірінші, үшінші жақтағы мағыналары мен тұлғалары арқылы парадигмалық жүйе құрайды. Ал бұның өзі жалпы рай категориясының парадигмалық жүйесі болып табылады. Сондай-ақ тілім зат атауы тұлғасы жағынан тәуелдік жалғауының Iжағы болып, мағынасы жағынан зат атауының объектісі мәнін білдіріп, тәуелдік жалғау жүйесінің бір түрі болып тұр. Ал мұндай ерекшелік сайра деген түбірде жоқ. Сөздің негізгі түбірі -сай, -ра – жаңа сөз тудырушы қосымша. Бұл жерде -ра парадигмалық жүйенің бір көрсеткіші ғана емес, тек грамматикалық мағына ғана үстеп тұрған жоқ, ол жаңа сөз жасап тұр, сондықтан сайра деген етістіктегі жалпы грамматикалық мағына лексикалық мағынаның абстракциялануы, жалпылануы арқылы пайда болған. Сөйтіп қазақ тілінде грамматикалық формаларға жалғаулар және форма тудыратын жұрнақтар жатады. Грамматикалық форма, бір жағынан, сөздің сөйлеу процесінде түрлену жүйесінің тұлғалық көрінісі болып есептелсе, екінші жағынан, белгілі мәндегі грамматикалық мағынаны білдірудің жолы болып табылады. Яғни, белгілі бір грамматикалық мағына белгілі бір грамматикалық формалар жүйесі я оның түрі арқылы беріліп отырады. Мысалы, тәуелдік мағына (оңаша түрі) 1-жақта -ым, -ім, -м, 2-жақта анайы -ың, -ің, -ң, сыпайы -ыңыз, -іңіз, -ңыз, -ңіз, 3-жақта -сы, -сі, -ы, -і тұлғалары арқылы беріледі. Міне осындай мәндегі тұлға грамматикалық форма деп аталады.
Әрбір сөз сөйлемдегі басқа сөздермен қарым-қатынасқа түскенде белгілі бір формада қолданылады. Сондай жағдайда ол (сөз) өзінің нақтылы лексикалық мағынасынан басқа, бір я бірнеше жалпы грамматикалық мағынаны білдіре береді және бере де алады. Бірақ қандай бір грамматикалық мағына болса да, әрбір тілдің грамматиалық құрылысына сәйкес жүйе-жүйе болып қалыптасқан амал-тәсілдер арқылы беріледі. Мысалы, жоғарыда сөз етілген грамматикалық мағыналардың қай-қайсысы болса да, белгілі грамматикалық амал-тәсілдер арқылы айтылған.
Белгілі бір жүйе бойынша қалыптасқан әрбір тілдің әр алуан тілдік амал-тәсілдері грамматикалық формалар деп аталады.
Грамматикалық формалары жоқ тіл болмайды. Тіл-тілдің қай-қайсысының болса да өзіне тән грамматикалық құрылысы болатындықтан, оның қайткенде де өзіне тән грамматикалық формалары да болуы шарт, өйткені тілдің грамматикалық құрылысысол тілдегі сөздердің грамматикалық мағыналары мен грамматикалық формаларының бірлігінен және солардың жинағынан құралады.
Грамматикалық мағынаның берілу тәсілдері мен жолдары
Ең алдымен грамматикалық мағынаның берілу тәсілдері деген ұғым мен жолдары деген ұғым бір ме, бөлек-бөлек пе? Осыны нақтылап түсініп алу қажет.
Грамматикалық мағынаның берілу тәсілдері деген ұғым белгілі бір мағына типтерінің (түрлерінің) не арқылы және қалай берілуінің тілдік қабат негіздері жиынтығы, тобыболып табылады да, ол өз ішінде жекелеген түрлерден тұрады. Грамматикалық мағынаның белгілі бір берілу тәсілінің бірнеше түрлері болуы мүмкін. Сол түрлер ол тәсілдің немесе мағына берілудің жолдары деп аталады.
Грамматикалық мағынаны білдірудің ең бірінші тәсілі – семантикалық тәсіл. Ол — сөздің лексикалық мағынасының абстракцияланып жалпылануы арқылы іске асады. Сөйтіп, жалпы грамматикалық мағына пайда болады. Екінші – синтетикалық тәсіл. Грамматикалық мағынаның синтетикалық тәсіл арқылы берілуінің тіл білімінде бірнеше жолы бар. Олар: қосымша қосылу жолы, яғни грамматикалық тұлғалардың (формалардың) үстелуі арқылы грамматикалық мағынаның берілуі, префикс қосылу жолы, яғни сөзге префикс — приставка қосылу арқылы грамматикалық мағынаның берілуі; ішкі флексия жолы, яғни сөздің ішкі кейбір дыбыстарының өзгеруі, алмасуы, қосылуы арқылы грамматикалық мағынаның берілуі; екпін арқылы, яғни екпіннің өзгеруімен грамматикалық мағынаның берілуі; супплетивті жол, яғни грамматикалық мағынаның жеке-жеке сөздер арқылы берілуі. Үшінші – аналитикалық тәсіл. Аналитикалық тәсілдің бірнеше түрі, жолы бар. Олар: негізгі сөздердің тіркесуі арқылы грамматикалық мағынаның берілуі (мысалы, алтын сағат, темір күрек, ағаш үй, шәкірт бала сияқты тіркестерде алғашқы зат атаулары алтын, темір, ағаш, шәкірт, екінші зат атауын білдіретін сөздермен тіркесу арқылы заттық мағынада емес, қатыстық-сындық мәнде қолданылған) негізгі сөз бен көмекші сөздің (көмекші етістік, шылау, т.б.) тіркесуі арқылы грамматикалық мағынаның берілуі, сөздердің қосарлануы арқылы грамматикалық мағынаның берілуі, сөздердің орын тәртібі арқылы грамматикалық мағынаның берілуі, дауыс ырғағы, интонация арқылы грамматикалық мағынаның берілуі. Сондай-ақ, аралас тәсілдер де болуы мүмкін яғни грамматикалық мағынаның берілуінде бір емес бірнеше тәсілдің элементі болуы мүмкін.
Ал грамматикалық мағынаны білдірудің осы көрсетілген тәсілдері мен жолдары барлық тілдерге де тән бе? Бұл жағынан қазақ тілінің ерекшелігі бар ма?
Грамматикалық мағынаны білдірудің көрсетілген тәсілдері мен жолдары бір тілде толық кездесе бермеуі, кейбіреулері ғана қолданылуы мүмкін. Қазақ тілінде бұл тәсілдердің кездесетіндері мыналар.