«Тұран» Университі


тақырып. Құндылықтар әлемі



бет207/212
Дата15.03.2022
өлшемі2,53 Mb.
#135460
1   ...   204   205   206   207   208   209   210   211   212
Байланысты:
философия лекция (7)

18 тақырып. Құндылықтар әлемі

Рух, руханият ұғымдарын нақтылай келе біз құндылықтар әлеміне келіп тірелеміз. Оны зерттейтін философия саласын аксиология (aksіos,- құнды, logos,- ілім) дейді. Жалпы алғанда, құндылықтар деп адам өмірінің бағытын анықтайтын, оған керек, мәнді, оның құрмет тұтатын, керек болса, бас иетіннің бәрін жатқызуға болады. Құндылықтар әлемінің өмір сүруінің терең себептері – адамның өзінде, оның саналы пенделігінде, өмірдің мән-мағнасын іздеуінде жатса керек. Өйткені, адам – ерікті пәнде, ол өз тағдырын өзі күнделікті өмірге келетін мүмкіндіктерді таңдау арқылы жасайды.


Дүниенің екі жағын – материя мен рухты – бір-бірінен ажыратып бөлек қарауға болмайды, біз оны жоғарғы тарауларда көрсетуге тырысқан болғанбыз. Адамның өзі, бір жағынан, дене болса, екінші жағынан,- рух емес пе? Дегенмен де, құндылықтар әлемін, негізінен, екіге бөлуге болады. Олар – материалдық және рухани құндылықтар. Қайсыбір рухани құбылыс өмірге келу үшін заттанса, яғни, материалдық қабыққа ие болса, онда шынайы өмірде материалдық және рухани құндылықтарды бір-бірінен қалайша айырып алуға болады? Оларды бөлудің негізінде адамдардың сан-алуан қажеттіктері жатса керек. Қажеттік деп адамның өмір сүруіне, оның жан-жақты дамуына керектінің бәрін айтуға болады.
Бүгінгі қоғамдағы адамдардың қайсыбірі рухани қажеттіктерін оятып, ең жоғарғы сатыға көтерілді деп айту шындыққа жатпас еді. Өкінішке орай, материалдық құндылықтарға құмартқан көпшілік бүгінгі таңда соның шырмауынан шыға алмай жатыр.
Егер қайсыбір жануардың қажеттіктері оның инстинктері арқылы берілсе, адамның қажеттіктері оның сана-сезімдерінен өтіп, белгілі бір мүдделерге айналады. Жануарлар бір нәрсеге мүдделі деп айту ақылға сыймайды, ол тек адамға ғана тән нәрсе. Өз мүдделерін іске асыру үшін адам алдына неше-түрлі мақсат-мұраттар қояды. Соңғыны іске асыру жолында адам өз ырқын шыңдап, неше-түрлі қиындықтардан өтуге дайын болуы керек. Орындалған мақсат-мұрат келесі сатыда жаңа құндылықтарға бағыттайды т.с.с.
Енді жоғарыдағы айтылған ойларды нақтылай түссек, онда, әрине, бірінші орынға өмір, бүкіл тіршіліктің құндылығын жатқызуға болар еді. Ал оның ең биік шыңы – сана сезімі, рухы бар адам. Сондықтан ұлы И.Канттың моральдық императивтерінің бірі – адамды әрқашанда мақсат-мұрат тұт, оған ешқашанда құрал ретінде қарама,- деген терең ойы еді. Ал бұл талаптан “адам бүкіл тіршіліктің патшасы болуы керек”,- деген тұжырым шықпау керек. Керісінше, ол бүкіл тіршіліктің ең жетілген түрі болғаннан кейін, бәрін өзімен бірге көтеріп (коэволюция), гүлдетіп, үндесті (гармония) өмір сүруі қажет.
Әрине, бүгінгі таңда адамды құрал ретінде пайдалану өмірде жиі кездесетін құбылыс. Адам өмірде кейбір кезде өз орнын таба алмай, қиналып, зардап шегеді, тіпті өмірден түңілуі де мүмкін. Уақытында М.Монтень айтқандай, “кімның басына сартылдап бұршақ ұрып жатқса, сол бүкіл жер бетін найзағай мен дауыл алып кеткендей көреді”. Ол, әрине, сол адамның әлсіздігін, тіпті ақыл-ойының тайыздығын көрсетеді дер едік. Әрине, біз бұл өмірге сұранып келген жоқпыз, бірақ, осы ғажап Дүниенің бір кішкентай да болса бөлігі ретінде бармыз. Одан артық құндылық бар ма екен?! Өмір қиындықтары, кездесетін сәтсіздіктер – уақытша, оларды жеңе білу керек, өйткені, сен – адамсың. Түнде сансыз жұлдыздар жымың қағып, Ғарыштың ақылға симайтын тереңдігін, сонымен қатар, оның бізге жолдап отырған жылы сәлемін көрсетпей ме? Күннің алқызыл атуы мен батуы, асқар таулардың жарқыраған шыңдары, шылдырлап бұлақтан аққан мөлдір су, мойынын бізге қарай бұрған аққудың әсемдігі , бұлбұл құстың әндері, құмнан қашқан ақ бөкеннің секіргені, сүйген жардың әр қимылы мен қылығы т.с.с. – бәрі де ғажап емес пе?!! Тағы да М.Монтень бізге мынадай ақыл тастайды – “өмірді әр қашанда қуанышты сезіммен қабылда, ол сенің даналығыңды көрсетеді”.
Адам өмірінен шығатын келесі құндылық - денсаулық, - оны дана бабамыз “бірінші байлық”,- деп кеткен. А.Шопенгауер айтып кеткендей, “адамның бақытты болуының 9/10-ы оның денсаулығымен байланысты”. Расында да, тек денсаулықтың арқасында ғана өмірде кездесетін ауыртпалықтарды көтеріп жеңуге, ішкі табиғи дарындарды дамытып, шығармашылық деңгейіне көтерілуге болады. Сондықтан, денсаулыққа саналы түрде қарап, спортпен шұғылданып, уақытында тамақтанып, өз дене ақуалыңа зәбірлік жасамау керек. Ішімдік, шылым шегу, нашақорлық жолына түсу – ең зор байлық – денсаулығыңды өз қолыңмен жойумен тең.
Сонымен қатар, өкінішке орай, өмірде мүгедек, табиғатынан әлсіз туған жандар да кездеседі. Мұндай жағдайда олар өз рухының күші арқылы өмір мәнділігі мен құндылығын, қанша қиын болса да, аша білуі керек, ол үшін, әрине, жақындары, жалпы қоғам, мемлекет тарапынан көмек қажет. Дүниежүзілік тарих мұндай адамдардың өмір қиындықтарын жеңе шығармашылық дәрежеге көтеріліп, өз өшпес ізін қалдырғаны жөнінде мыңдаған айғақтар келтіреді. Қайсыбір қоғамның адамгершілік келбетін сол кем-тарларға жасаған ізгі істерінен көруге болады. Өкінішке орай, біз бүгін бұл жағынан мақтана алмаймыз.
Келесі қоғамның құндылықтары – еріктік пен теңдік. Кеңес Одағы заманында теңдік құндылығы жөнінде қаншама кітаптар мен мақалалар жазылып, болашақ коммунистік қоғамның өзегі ретінде қаралды. 1985 ж. жарияланған “қайта құру” (перестройка) саясатынан осы уақытқа дейін еріктік ұраны (либерализм) қоғамдық ақпарат құралдарының өзекті мәселесіне айналды. Егер бұрын партия-кеңес қайраткерлері теңдік ұранымен бүркеленіп, өз мүдделерін іске асырса, бүгінгі “либералдар” теңдікті таза ұмытып, еріктік ұранын пайдаланып, ұлттық байлықты жекешелендірді. Бұл саяси сахнадағы көріністер. Енді біз бұл құндылықтарды философиялық тұрғыдан талдап көрелік.
Біріншіден назар аударатын нәрсе - әрбір қоғам өз даму деңгейіне сәйкес еріктік пен теңдіктің белгілі бір мөлшерін анықтап, өмірге еңгізеді. Тұрпайы қарапайым сана деңгейінде еріктікті “ойыма не келсе, соны істеймін” мен теңестіреді де, теңдікті – “бәрін тең бөліп берумен” шатыстырады. Ал шынайы өмірде ондай еріктік пен теңдік ешқашанда тарихта болмаған және болашақта да болмайды. Абсолютті (шегіне жеткен) еріктік адамның басқалардан тәуелдігін жойып, оны жалғыздықтың тұңғиығына әкелген болар еді. Екіншіден, ондай еріктік абсолютті теңдікпен ұласып, бір-бірін жойып (аннигиляция) жіберер еді. Сондықтан, француз ойшылы А.Камю ондай еріктікті “құзға бара жатқанын байқамайтын соқыр” адамға ұқсатты.
Әрине, еріктік – адамның тектік қасиеті, адам еріктікке жаратылған пенде. Еріктіктің негізінде ғана адам шығармашылық дәрежеге көтеріліп, өз бойындағы қабілеттерін, талантын іске асыра алады. Адамды зорлап шығарма тудыруға итеру мүмкін емес. Өйткені, оған шабыт керек. Ал зорлық пен шабыт бір-бірімен ымыраласпайтын нәрселер. ХХ1 ғ. қойған талаптарына сәйкес даму үшін әр адамның ерікті де шығармашылық еңбегі керек. Ол үшін білімнің биік шыңдарына жету қажет. Сонымен қатар, адамның теңдікке деген ұмтылысы да тарихтың қозғаушы күштеріне жататынын ескерген жөн. Теңдік рухы кең етек алған қоғамдарда адамдар өз абыройын, намысын (мен ешкімнен де кем емеспін деген сезім) жоғары деңгейде сезінеді. Яғни, ол сезім де адамның шығармашылық іс-әрекетіне жол ашады.
Тәуелсіз елге айналып, өз мемлекет іргесін қалау барысында бұрынғы тұрпайы теңдікке негізделген қоғамды еріктікке баулуда біз біршама қиындықтардан өттік. Біріншіден, лезде жарияланған еріктік ұранын пайдаланып қалған белсенділердің саны аз болды да, талай жылдар “жоғарыдан түсетін бұйрықтың” негізінде өмір сүрген көпшілік жаңа жағдайға таңырқап қарап, өз қамын іске асыра алмай қалды. Тек талай зардаптан өткен қалың бұқара жаңа өмірге бірте-бірте бейімделіп, біршамасы іскерлік танытып нарықтың қойнауына кіріп жатқан жағдай бар. Жас мемлекеттің шағын және орта іскерлікті дамыту саясаты да халықтың еріктікті сезініп шығармашылық еңбегін оятуға өз себебін тигізді.
Бүгінгі таңдағы өзекті мәселе – еріктік шеңберін сапалы заңдар арқылы анықтап өмірге еңгізу болмақ. Саясаттану тілінде оны “адам құқтары” дейді. Сонымен қатар, еріктік ұранын алға тартып, ойына не келсе, соны істегісі келетіндерге, әсіресе, қоғам өміріндегі қайшылықтарды пайдаланып, бәріне “қара күйе жағып” билікке ұмтылғандарға заң жүзінде тосқауыл қойылуы керек. Әсіресе керекті нәрсе, бұрынғы қоғамның көп жетістіктерін қараламай жаңа өмірге еңгізу, соның ішінде – халықтың санасында өшпес орын алған теңдік сезімді тек заң жүзінде ғана емес, моральдық құндылық ретінде сақтап қалу керектігі. Сонда ғана қоғамның шынайы демократизмін көруге болады.
Халықтың санасында терең ұяланған келесі құндылық - әлеуметтік әділеттілік. Бұл құндылық, сайып келгенде, еріктік пен теңдіктің өлшемін, бірлігін құрайды. Әлеуметтік әділеттілікті тұрпайы теңдікке теңеуге болмайды. Өйткені, адамдар туа келе әр-түрлі, жүре келе олардың бойындағы айырмашылықтары да өсе бастайды. Өздерінің іскерлігі мен тапқырлығына байланысты адамдар әр-түрлі деңгейде өмір сүреді. Солай десек те, ақыл-ойымызбен оны түсінсек те, әділеттілік сезім көп нәрселерді өзгертуге ұмтылдырады, өйткені, ол адамның жүрегінде ұяланған. Ақыл-ой мен жүрек ақиқаттарының арасында біршама айырмашылықтар бар, кейбір жағдайда жүрек шындығы тарихи көкжиекті дәлірек сезінеді. Әділеттілік сезім кем-тарларға қол ұшын беруді, әлі ересек өмірге кірмеген жастардың өмір бастамасының тең болуын талап етеді. Расында да, әлі өмірге ешқандай үлес қоспаған жастардың арасындағы әлеуметтік айырмашылық болашақ азаматтың жүрегінде көпке дейін жазылмайтын жара қалдырады.
Әлеуметтік әділеттің талаптарын іске асыруда мемлекеттің ролін асыра бағалау қиын. Гегель айтқандай, “мемлекет – адамгершілік идеясының шынайы болмысы”, өйткені, оның негізгі мақсаты - қоғамның біртұтастығын қамтамасыз ету, төмендегі әлсіз әлеуметтік топтарға қамқорлық жасау. Тәуелсіз жас мемлекет алғашқы қадамынан бастап өзінің “әлеуметтік” мәнін шынайы түрде көрсете білді. Экономикадағы сан-қилы қиындықтарға қарамастан, пенсионер, мүгедектер т.с.с. әлсіз топтарға уақытында жәрдемақылар төленіп, олардың көлемі жыл сайын өсуде.
Сонымен қатар, қоғам өмірінде мейрімділік, қайырымдылық рухы әрбір азаматтың ішкі дүниесіне айналуы керек. Бүгінгі таңда неше-түрлі қайырымдылық қорлар әлсіз топтарға көмек беріп, оларға моральдық қолдау жасайды. Іскер топтардың өкілдері де бұл игі істерге жыл сайын көбірек үлес қосуда. Талай жылдар бойы қорланып қалған қиын әлеуметтік мәселелердің бәрін шешуге біршама уақыт керектігі айдан анық. Әлеуметтік әділеттілік талаптарын мемлекет пен қатар бүкіл қоғам болып жұмыла шешу керек.
Жоғарыда көрсетілген құндылықтарды өмірге еңгізудегі құқық нормаларының орны ерекше. Жалпы алғанда, құқық деп біз әлеуметтік нормалар мен қарым қатынастардың мемлекеттің күшімен қорғалатын, сондықтан, олардың талаптары жалпыға бірдей қадағаланатын ерекше түрлерін айтамыз. Олай дейтін себебіміз - қоғам өмірінде басқа да әлеуметтік нормалар бар, мысалы, діни, моральдық, эстетикалық т.с.с. Құқық құндылықтары – цивилизациялық даму деңгейінің туындысы, өйткені, олардың өмір сүруі мемлекетпен тығыз байланысты.
Негізінен, оларды екіге бөлуге болады. Біріншісі – табиғи құқықтар. Олардың ішіндегі іргетасты негізгі құндылық - адамның өмір сүруге деген құқы. Ешбір адам, қандай лауазымды болмасын, мекеме т.с.с. бұл құқыққа қол сұға алмайды. Келесі құқық - адам еріктігі, өйткені, ол тағы да оның рухани пенде ретіндегі тектік қасиеті. Теңдік құқы да осыларға жатады, өйткені, барлық адамдар бұл дүниеге бірдей келіп, соңында – кетеді.
М.Вебердің айтуына қарағанда, табиғи құқтар деп мемлекет қабылдайтын заңдарға қарсы қойылатын, олардан жоғары тұрған әділетті құқтар жөніндегі түсініктерді жатқызуға болады.
Теологиялық көзқарастар оларды Құдайдың даналығы мен еркі арқылы адамдарға берілген құқтар деп есептейді. Мысалы, Орта ғасырда өмір сүрген А.Августин оларды қайсыбір қоғамдағы тәртіптің негізінде жатқан, әділеттіліктің өлшемін құрайтын Құдайдың құдіретті күшінен туған “мәңгілік заң” ретінде қарайды.
Рационалдық философия шеңберінде табиғи құқтарды адамның парасатты ой-өрісінен шығарады.
Кейбір ағымдар табиғи құқтарды адамның терең ішкі дүниесінде жатқан психикалық бастауларынан көреді.
Қалай дегенде де, қазіргі өмір сүріп жатқан мемлекеттердің қайсыбірі болмасын адамның негізгі табиғи құқтарын мойындайды.
Сонымен қатар, құқық құндылықтардың пілдей бөлігі мемлекеттік заңдар арқылы берілген. Әдебиетте оларды позитивтік құқтар (оң) дейді. Тарихи заңдар таптық қоғам дүниеге келген кезде алғашқы қауымдық қоғамның шеңберінде қалыптасқан әдет-ғұрыптарды жаңа жағдайға сай етіп өзгертіп, оларға мемлекеттік қолдау беру арқылы дүниеге келеді. Заңдардың екінші қайнар көзі – сот шешімдері – оларды әдебиетте прецеденттік құқтар дейді. Мысалы, Англияда осы уақытқа дейін ол заңды дамытудың негізгі құралы ретінде пайдаланады. Соңғы ең кең тараған әдіс – заңдарды шығармашылық жолмен тудыру – ол үшін арнайы мемлекет билігінің тармағы – парламенттер жұмыс істейді.
Құқ пен заң ұғымдары бір-біріне өте жақын, бірақ, тең емес. Заңды тудыратын адамдар, ал олардың қол астынан шығатын бірде-бір нәрсе кемшіліксіз болмайды. Біріншіден, қоғам өміріндегі шым-шытырық байланыстардан тұратын қатынастардың бәрін заңдық нормалар қамти алмайды. Келесі – заңда әр-түрлі жағдайда өмір сүріп жатқан әлеуметтік топтардың мүдделері қамтылу керек. Қайсыбір мемлекетте ол көбінесе дәулетті топтардың пайдасына шешіледі, өйткені, олардың парламеттегі өкілдері заң шығару барысында бар күштерін сол топтардың мүдделерін заң арқылы бекітуге жұмсайды (саясаттануда оны “лобби”- қолдаушылар,- дейді).
Құқық құндылықтардың келесі ерекшелігі – олар саясат пен моральдың талаптарын бір-біріне ымыраға келтіретін дәнекер, құрал болып табылады. Қайсыбір саяси бағдарлама, декларация,- егер ол заң бойынша нақтыланып бекітілмесе,- жай сөз болып қала береді. Екінші жағынан, заң моральдық нормалардың талаптарын – аз да болса да - өз бойында қамтуы керек, сонда ғана оны шынайы өмірде адамдар қабылдайды. Сондықтан, заңды “mіnіmum mіnіmorum”- ең аз көлемдегі адамгершілік,- дейді. Қайсыбір заң, бір жағынан, саясаттың өмірге еңгізуге болатын талаптары мен, екінші жағынан, аз да болса да, моральдық рухани қолдаудың бірлігін құрайды. Сонымен, моральдық-рухани сана өз шегіне жеткен талаптарын өмірге еңгізе алмай, мемлекеттің ырқына көнуге мәжбүр болып, соның арқасында өмірге заң келеді.
Тіпті өмірге келген сапалы заңның өзі жүре келе ескіріп, өмірде болып жатқан өзгерістерге сай келмей қалады. Ондай жағдайда заңға өзгерістер, толықтамалар еңгізілуі мүмкін. Сондықтан, тез қарқынмен түбегейлі өзгеріске түсіп жатқан Қазақстан қоғамында заң шығару мәселесіне көп көңіл бөлінуде. Біршама заңдар қайта қаралып, толықтырылып өзгерілуде (Еңбек заңы, Мемлекеттік қызмет ету заңы т.с.с.), жаңа заңдар қабылдануда.
Жоғарыда айтылған ойлардан шығатын түйін – заңды асыра бағалап (құқтық романтизм), я болмаса, оны ескермеуге (құқтық нигилизм) болмайды. Ол қателік, біржақтылық болар еді.
Құқтық мемлекеттің бірде-бір негізгі ерекшелігі – заң өмірге еніп қабылданғаннан кейін бұлжытпай орындалуы керек. Ол, әсіресе, мемлекеттік қызметтегі лауазымды азаматтардың қоғам алдындағы парызы. Егер мемлекет өз шығарған заңдарын бұрмалап бұзып отырса, онда қарапайым адамдардан не күтуге болады? Екінші жағынан, “заң ескірді, өмірге сай емес, олай болса, оны орындау тіпті қажет емес”,- деген ұранды бүркеленіп, тек өз қамын күйттеген адамдарға да тосқауыл қойылуы керек. Егер заңның кейбір қағидалары ескірсе де, жаңа заң ресми түрде қабылданып, я болмаса, ескірген қағидалар жойылып, толықтырулар еңгізілгенше, ескі заң орындалуы қажет. Сонда ғана қоғам өмірінде белгілі бір тәртіп пен тыныштық сақталады.
Жоғарыда көрсетілген құндылықтар күнбе-күнгі ащы шындыққа толы өмірмен байланысты, саяси-құқтық маңызы бар, сол себепті қоғамдық санада жиі талданады. Енді мәселені тереңдетіп рухтың таза құндылықтарына назар аударсақ дейміз. Әрине, осы жолда біз ең алғашқы – діни құндылықтарға тоқталуымыз қажет деп есептейміз.


Достарыңызбен бөлісу:
1   ...   204   205   206   207   208   209   210   211   212




©engime.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет