«Тұран» Университі



бет209/212
Дата15.03.2022
өлшемі2,53 Mb.
#135460
1   ...   204   205   206   207   208   209   210   211   212
Байланысты:
философия лекция (7)

Моральдық құндылықтар
Әрине, адамның ішкі рухани өмірінде жақсылық, абырой, ар-намыс, парыз сияқты моральдық құндылықтардың бар екенін ешкім де теріске шығармас. Осы және т.с.с. рухани құндылықтарды жан-дүниесінде сақтап қалу үшін ол көп нәрселерден айырылуға дайын. Біздің ойымызша, моральдың арқауын “тұлға мен қоғам” арасындағы қарым-қатынастардан іздеу керек. Өйткені, адам басқа кісілермен сан-алуан байланыс, өзара іс-әрекетке түсіп қана өмір сүре алады, ол оның әлеуметтік табиғатын көрсетеді. Бұл арада моральдық сананың ережелік, нормативтік ерекшелігін алға тартуға болады, өйткені, күнбе-күнгі адамдардың миллиондаған іс-әрекетін ретке келтіру үшін олар ереже, қағида, идеал ретінде қорытылады. Моральдық сана шындықты алдын-ала болжай алады, оның талаптары күнделікті өмірлік қатынастардың әр жағына өтіп, бізді тиістік әлеміне әкеліп тірейді.
Бұл арада біз моральдың аксиологиялық (құндылық) жағына келіп тірелеміз. Расында да, моральдық норма арқылы ғана өзіңнің, я болмаса, басқаның жүріс-тұрысын бағалауға мүмкіндік аласыз. Олай болса, ол тек қана бізге қоғам өмірінде өзіңді қалай ұстау керек екенін көрсетіп қана қоймай, адамның ішкі руханиятының ажырамас бөлігіне айналады. Моральдық қағидалар адамдардың мәндік қасиеттерін құрайды. Сондықтан, адамның моральдық қағидаларды таңдап оны өз құндылықтарына айналдыруы оның өмір бағыты мен өмір салтын анықтайды. Сол себепті, саясаттан бастап нақтылы күнбе-күнгі адамдардың қарым-қатынасына дейін барлық әлеуметтік құбылыстар моральдық тұрғыдан бағаланады.
Моральдық қағидалар біздің алдымызға абстрактылық жалпыға бірдей талаптар қояды. Өмірдегі нақтылы қарым-қатынастар оның мазмұнын біршама өзгертуге мәжбүр етеді. Мысалы, ерлік пен батылдық - абстрактылық тұрғыдан алғанда – жақсы құндылықтар. Қиын-қыстау жағдайларда әр азамат өз елін қорғау жолында бұл қасиеттерді көрсете білу керек. Сонымен қатар, батылдық жемқор шен иелерінің, я болмаса, қылмыскерлердің де қасиеті болуы мүмкін. Уақытында Гитлер неміс халқына “мен сіздерді ар-ұждан сияқты құбыжықтан босатамын”,- деген болатын. Осы уақытқа дейін фашизмнің жасаған сансыз зұлымдығы адамзаттың есінде қалуда. Өз халқымен күресіп, оны тарихтағы болмаған қуғын-сүргінге, репрессияға ұшыратқан сталиндік тоталитаризмге де сондай баға беруге болады. Дүниежүзілік тәжірибе көрсеткендей, қандай да болмасын тоталитарлық қоғам мен бүкіл адамзаттық моральдық қағидалар ешқашанда бір-бірімен ымыраға келмейді.
Бұл арада біз моральдың бүкіл адамзаттық қарапайым қағидаларына келіп тірелдік. Олар бір қарағанда тұрпайы сияқты болғанымен қазіргі адамзат тағдырына өте маңызды болып отыр. Өйткені, тек қана бірлесіп, сабырлық пен төзімділік, қайырымдылық көрсетіп, зұлымдыққа жол бермей, мемлекеттер арасындағы қайшылықтарды шешіп, ядролық соғыс пен экологиялық апатты болдырмауға болады. Сол сияқты нақтылы адами қарым-қатынастарда да төзімділік пек адалдықтың, біреудің қайғысына ортақ болу, аяушылық, үлкенді сыйлау, әке-шешеге риясыз құрмет көрсету т.с.с. құндылықтардың маңыздылығын асыра бағалау қиын.
Моральдық саланың ең биік көрінісі – сүйіспеншілік. Тек сол арқылы ғана адами болмысқа жетуге болады. Керісінші жағдайда адам толыққанды өмір сүре алмайды. Оны шығармашылыққа жетелейтін, өмірді терең түсінуге жол ашатын, басқалардың терең ішкі сырын аша алатын – тек қана сүйіспеншілік.
Көне грек ойшылы Эмпедокл алғашқы рет сүйіспеншілік ұғымына ғарыштық мән беріп, оны жек көрушілікке қарсы қойды. Оның ойынша, алғашында Ғарыш сүйіспеншіліктің негізінде сапа жағынан әлі бөлінбеген біртұтастықты құрайды. Содан кейін жаугершілік сүйіспеншілікті ысырып біртектілікті бір-біріне қосып, әртектілікті бір-бірінен ажыратады. Келесі сатыда сүйіспеншілік қайта оралып әртектіні бір-бірімен қосып біртектілерді бір-бірінен ажыратады. Соның арқасында тіршілік дүниеге келеді екен. Эмпедоклдың ойларының түйіні мынада: Дүние қайшылықты жаратылған. Заттар мен құбылыстардың қарама-қарсы жақтары бір-бірінсіз өмір сүре алмайды, бір-бірін тартып (Эмпедоклдың сүйіспеншілігі), сонымен қатар, өз болмысын сақтау жолында – итереді (жаугершілік).
Платон да өз еңбектерінде сүйіспеншілік мәселесіне көңіл бөледі. Ол философиялық деңгейде грек мифологиясындағы Эротты (жыныстық сүйіспеншілік) талдайды. Оның ойынша, Эроттың екі түрі бар: біреуі – жердегі, сезімдік құмарту болса, екіншісі - аспандағы идеалды, ой арқылы ғана жетуге болатын түрі. Эрот – байлықтың құдайы Порос пен кедейліктің құдайы – Пенидің баласы. Сондықтан, ол қайшылықты. Ол үне бойы төменнен жоғары қарай және әсемдікке ұмтылады. Адамдардың ең үлкен арманы - өлместіккен жету болса, Эрот шығармашылық шабытын тудырып, сүйіспеншілік арқылы жаңа ұрпақтарды дүниеге әкеледі, ал оның өзі адамға берілген мәңгілік пен өлместіктің бөлігі емес пе? Әсемдікке ұмтылудың екінші – ең биік жағы - Эрот жер мен аспандағы идеалды дүние арасындағы дәнекер. Ал нағыз әсемдік аспан әлемінде жатыр. Олай болса, Платондық сүйіспеншілік – ол Әсемдік, Ізгілік және Ақиқатқа деген құмарту. Өйткені, олар таза, мөлдір, материалдық қоспасы жоқ, құдіретті және біркелкі.
Орта ғасырдағы философияда сүйіспеншілік мәселесіне көп көңіл бөлген А.Августин мен Қ.А.Яссауиді келтіруге болар еді. Киелі Августиннің ойынша, “жер қаласында” адамдар Құдайды ұмытып өздерін ғана сүйеді, өйткені, олар күнәға белшесінен батқан. Ал “аспан қаласында” рухани қауым өздерін ұмытып тек Құдайды ғана сүйеді. Ол кісі мынадай тамаша ой қалдырды: “Сүй, содан кейін не қалағаныңды істей бер !” Бұл ойдың мәні мынада: шын сүйген ешқашанда зұлымдық жасамайды, ол тек қана әсемдік пен жақсылыққа қарай ұмтылады. Қ.А.Яссауи де бұл жалған дүниедегі ешнәрсеге құмартпай, Алла-тағалаға толығынан беріліп, Оны барлық жан-тәнімен сүйуге шақырады.
Тарих қойнауына Ренессанс (Қайта Өрлеу) дәуірі кірген кезде жердегі сүйіспеншілік қайта өз күшіне енеді. Адам өз руханиятымен ғана емес, сонымен қатар денесімен де әсем. Ол неше-түрлі күштерге толы, сондықтан, өз сүйіспеншілігінің арқасында ғарыштың барлық жақтарымен үндесті байланыстар жасап оларды өзгерте алады. Дж.Бруно сүйіспеншілікті лаулаған ыстық дүниетануға деген құмартумен теңейді. Адам неше-түрлі қайғы-қасірет пен болашақ өлімнен тайсалмай, Дүниенің сиқырлы күштерін ашып, шаттық сезіммен шексіз де сарқылмайтын құдіретті Табиғатпен бірігеді. Ақиқаттың жолында өз өмірін құрбан етіп, ойшыл осы ойын өз өмірімен дәлелдеген жоқ па?!
Жаңа дәуірде Р.Декарт “Жанның құмартуы” деген еңбегінде сүйіспеншілік дегеніміз рухтың ықпалындағы жанның қобалжуы, сүйетін затпен жан ерікті түрде қосылады да, басқалардан ажырайды,- дейді. Ол сүйіспеншіліктің түрлерін көрсетуге тырысады. Біріншісі – сүйген жанға жақсылық тілеу және осы жолда өзін құрбан етуге дайын болу. Оның айқын мысалы ретінде әке-шешенің баласына деген сүйіспеншілігін келтіруге болады. Екінші – “нәпсі итерген сүйіспеншілік”. Оған мысал ретінде ердің сүйген әйелге деген құмартуын келтіруге болады. Үшінші – бір нәрсеге құмар болу, соған берілу. Мысалы, ішкіштің араққа, ойыншының кәртқа т.с.с. құмартуы, онда ешқандай сүйіспеншілік жоқ, тек қана соны иелену, тұтыну ғана бар.
Неміс ойшылы В.Лейбниц “достық-сүйіспеншілікті” бірінші орынға қояды. Ол мөлдір риясыз сүйіспеншілікті күңгірт өзімшіл ләззәт алуға деген құштарлықтан айыру керектігін айтады. Шынайы сүйіспеншілік жетілуге қарай ұмтылдырады.
Ал В.Шеллингке келер болсақ, ол сүйіспеншілікті ғарыштық тұрғыдан қарап, оны дүниежүзілік Абсолюттің іс-әрекетінің негізгі қағидасына айналдырады. Сондықтан, қоғам өмірінде әр адам өз сүйіктісін тауып, ең жоғарғы тепе-теңдікте бір-бірімен қосылады. Сүю дегеніміз сүйіктіні тілеу ғана емес, сонымен бірге өзін соған құрбан етуге дайын болу,- деп қорытады үлы ойшыл.
Бұл мәселеге өз үлесін қосқан ұлы Г.Гегель де болды. Оның ойынша, шынайы сүйіспеншіліктің мәні - өзіндік санаңнан бас тартып, өзіңді басқаның менінде ұмытып, сонымен қатар, осы жоғалту мен ұмытуда өз-өзіңді алғаш қайтадан тауып, өзіңмен болу. Біздің ойымызша, мұндай сүйіспеншілік махаббатың ең биік шыңы болса керек.
Л.Фейербах “адамға деген сүйіспеншілік адамның ең жоғарғы да бірінші заңы болуға тиіс”,- деген тамаша ой айтады. Сүйіспеншіліктің негізін ер мен әйелдің бір-біріне деген жыныс тартуынан көреді. Сонымен қатар, ол неше-түрлі рухани, моральдық, эстетикалық сезімдермен безендіріледі. Сондықтан адамның бір-біріне деген сүйіспеншілігін ол діндік дәрежеге көтеру керектігін айтады.
А.Шопенгауердің ойынша, Дүниежүзілік Ырық сүйіспеншілік арқылы адамдардың ұрпақ жалғасын қамтамасыз етеді. Ал неше-түрлі ғашықтық сезімдерге келер болсақ, олар табиғаттың жасаған адамдар ұсталып қалатын торы ғана,- дейді ойшыл. Сүйіспеншілік Дүниежүзілік Ырықтың өз болмысын қамдайды. Ол, жалпы алғанда, өмір мен билікке деген сүйіспеншілікті құрап, оның көрінісі адам махаббатында қол астындағы болмысты аттап өтуге, сүйген адамды жеңіп, көндіруге деген іңкәрді тудырады. Сонымен, сүйіспеншілік өмірлік шығармашылыққа әкеліп, бұрынғы өмірді терістейді, олай болса, ол өлімнің табалдырығына әкеледі,- деп қорытады ойшыл өз ойларын.
Ф.Ницше ер мен әйел махаббатын бір-біріне қарсы қояды. Егер ер “Мен сүйемін!”,- деп өзін бақытты сезінсе, әйел “Мені сүйеді”,- деп шаттанады. Сондықтан, ер билеп-төстеуге ұмтылады да, әйел көнуді тілейді. Екі жақтың бір-біріне деген махаббаты әр-түрлі болғаннан кейін олардың ішкі өмірінде шаттық пен қатар абыржу, достық пен жек көру, таңғалу мен менсінбеу т.с.с. қайшылықтар пайда болып, ақырында сүйіспеншілік алғашқы биологиялық негіздеріне қайтып оралады.
Енді бұл салада болған ХХ ғ. ақуалды талдауға уақыт келген сияқты. Ол, негізінен алғанда, екі төңкерістің болуымен байланысты. Оның біріншісі – патриархалдық қатынастардың әлсіреп, әйелдердің белсенді түрде қоғам өміріне ат салысып өз бостандығын алуында болса керек. Мұны жыныстық саладағы демократиялық революция десек те болғаны. Әдебиетте биархаттық (би – екі, архе- билік) деп те атайды. Өйткені, тәні, жанымен де әр-түрлі ер мен әйелдің әлеуметтік теңдігі бірте-бірте орнап жатыр. Әрине, бұл үрдіс нәзіктік пен ізгілікті өмірде көбейтетіні сөзсіз. Оны жақсылық деп бағалауымыз керек.
Екінші төңкеріс - ғылыми-техникалық революцияның негізінде өндіргіш күштердің орасан-зор дамуының арқасындағы батыс елдеріндегі “тұтыну қоғамының” орнауы. Адамдардың өмір құндылығына жәйлі өмір, пайда табу, ләззәт алу т.с.с. айналуы. Егер көне гректер ләззәт дегеніміз – зардабтың жоқтығы,- деп есептесе, бүгінгі дамыған елдерде – ләззәт алуды мейлінше көбейту - өмір мақсатына айналды. Осындай тәндік-сезімдік өмір бағыты махаббатты да ерекше тұтынуға болатын тауарға айналдырды.
Бұл үрдіске өз үлесін қосқан З.Фрейд болды. Ол адам психикасының өзегінде ақыл-ой, парасат емес, бейсаналық, ал соңғының өзегінде жыныстық күш-қуат – Lіbіdo – жатыр,- деген пікірге келіп, бүкіл мәдениет саласы дегеніміз – сол жыныстық импульстерді ауыздықтауға бағытталған құбылыс деген пікір айтты.
Г.Маркузе осы идеяларды әрі қарай дамытып, адамды езетін, оларды бір-бірінен алыстатып жаттандыратын жаңғыз ғана мәдениет формалары емес, сонымен қатар, экономикалық үстемдік, адамды адамның қанауы,- дейді. Адамның зардап шегуі, ауруы, оның шығармашылық мүмкіндіктерінің сарқылуы, көңіл-күйінің жүдеуі, өмірге тұрпайы-тұтыну тұрғысынан ғана қарауы т.с.с. себептері – жыныстық және экономикалық репрессиялармен байланысты. Сондықтан, бүгінгі таңдағы адамзатқа қанаудың барлық түрлерінен “Ұлы бас тарту” қажет. Ол үшін ең алдымен “жыныстық (сексуалдық) революция”, “жаңа сезімталдық”, “жаңа эстетикалық өмір көрінісін” тәрбиелеу қажет,- деген анархистік ұранды алға тартады. Оның ойынша, сонда ғана “шығармашылық Эрос пен ләззәттық”, шынайы “еріктік пен қиял”, “махаббат пен әсемдік” жер бетінде орнайды. Мұндай идеялар Батыс қоғамында, әсіресе, студенттер қауымында, ХХ ғ. 60 ж.ж. нағыз тұрпайы шын өмірдегі “жыныстық революцияға” әкелді. Тәндік-сезімдік ләззәт алуға бағытталған, рухани өмірі жүдеген қоғамда басқа нәтиже болу мүмкін емес-ті. Газет пен журналдардың беттерінде, теледидар экрандарында жыныстық ләззәт алуға арналған мақалалар, фильмдер қойылып, бұл “революцияны” күшейте түсті. Соның салдарынан жастар арасында “топтық секс”(3-4 адам бірігіп жасалатын), “біржыныстық секс”(ердің ермен, әйелдің әйелмен), “садистік секс”(ұрып-соғумен жүретін), “бейби секс”( балалармен), “анимал секс” (жануарлармен), “сериалық секс” (күнде жаңа адаммен) кеңінен тарады. Жыныстық сезімнің физиологиялық жағы нағыз адами - рухани-эстетикалық - жағынан ажыратылып, адамның жануарлық-табиғи жақтары тұрпайы тұтынудың құралына айналды. Орта ғасырдағы ойшылдардың “адам рухани пенде ретінде Құдайға пара-пар, ал дене ретінде – жануардан да төмен дәрежеге түсуі мүмкін”,- деген болжамдары расталған сияқты болды.
Өкінішке орай, қоғамды қайта жаңарту барысында, біздің елге де жыныстық революцияның “жетістіктері” орасан-зор мөлшерде батыс тұрпайы мәдениет туындылары арқылы ағылып келіп жатыр. Телекомпаниялар пайда табудың “тиімді” құралына кенелді, ал “батысшылардың” ойынша, батыс цивилизациясы бүкіладамзат алдында келе жатқаннан кейін (олар оған күмәндәнбайды), оның көрсеткен жолын қайталамасқа болмайды. Бүгінгі таңдағы жезөкшелік, зорлық-зомбылық, қылмыс т.с.с. теріс құбылыстардың тез қарқынмен елімізде өсуінің бірде-бір себебі - батыс тұрпайы мәдениетінің ықпалы болса керек. Ол өз руханиятымызды жүнге түскен күйе сияқты құртуда.
Жоғарыда айтылғанды қорыта келе, сүйіспеншілік деп адам мен адамды бір-біріне тартатын, қосатын, оларды әсемдік пен ізгілікке, шындыққа ұмтылдыратын, бүкіл адамзатты біріктіретін рухтың ең биік көріністерін айтсақ та болғаны. Ал оның қайнар көзі - Ғарыштың өз ішіндегі тарту күштерінде болса керек, сондықтан, көне заман ойшылдарының “Ғарыштық сүйіспеншілік” туралы интуициялары философия тарихында оқтын-оқтын қайталануда.
Сүйіспеншіліктің ғажап түрі – жер бетіндегі барлық халықтардың мыңдаған жылдардағы жинаған ән-күйі мен дастандарының арқауына айналған махаббат сезімі. Қозы-Көрпеш пен Баян-Сұлу, Төлеген мен Қыз-Жібектің бір-біріне деген жалынды махаббаты Ромео мен Джульетта, Лейла мен Мәжнүннің тағдыры сияқты аянышты трагедиямен аяқталды. Бүгінгі таңда да қаншама Қыз-Жібек мен Төлегендердің бір-біріне деген мөлдір махаббаты жар тасқа соғылған толқындай күл-талқан болып жатыр !!! Тіпті бақытты жандардың махаббат сезімінің өзі-ақ оқтын-оқтын аянышты ақуалдар мен сезімдерге ұшырайтыны баршамызға мәлім. Оның себептерінің ішінде ғашықтардың бір-біріне деген жыныстық құмарту сезімінің жүре келе сарқылуында болса керек. Өкінішке орай, ол мәңгілік емес, күндердің бір күнінде таусылады. Екіншіден, қоғам өміріндегі әлеуметтік мәселелердің қоятын тосқауылы. “Сүйген жармен күрке де жұмақтай” деген көпірме сөз ащы шындыққа келіп тірелгенде нағыз тозаққа айналатыны сөзсіз.
Әрине, махаббат сезімінің негізінде ғашықтардың бір-біріне деген жыныстық тартуы жатыр. Ғашықтардың сол жыныстық күш-қуаттары бір-біріне қосылуының негізінде Дүниеге жаңа өмір келеді емес пе? Сонымен қатар, махаббатты толығынан жыныстық тартуға теңесек, онда адамның басқа жануарлардан айырмашылығы неде?,- деген сұрақ тумай қоймайды. Австрия ғалымы В.Франкл қазіргі батыс қоғамында кеңінен тараған көзқарас - махаббатты тәндік-сезімдік ләззәт алуға теңеу - қаншалықты жастарды жалған жолға түсіріп бақытсыздыққа әкелгені жөнінде айтады. Егер де адамның жүрегінде терең махаббат сезімі болмай, тек жыныстық ләззәтқа ғана ұмтылып, соны ғана ойласа, ол біріншіден, “Дон-Жуанизмдікке” әкеліп, екіншіден, сол тұрпайы мақсаттың өзіне жетілдіре алмайды. Шындығында, адамның махаббат сезімі оның бүкіл жан-дүниесіндегі рухани күш-қуатпен безендіріліп толысады, неше-түрлі қиялдарды тудырып, шығармашылық шабыт әкеледі. Шын сүйген адам бүкіл дүниені ізгілік жолымен өзгерткісі келеді, дүниедегі сан-алуан құбылыстардың ғажаптығын, әсемдігін жете түсінеді, өзінің және сүйіктінің бойындағы бұрын ашылмаған жаңа қасиеттерді тауып, раушан гүлі сияқты ашылады, қуанышқа толы өмір тудырады. Нағыз өмірде болу дегеніміз – шын жүрегіңмен сүю, махаббатың отында лаулап жану,- дер едік. Сонда ғана толыққанды “мен бұл өмірде болдым!”,- деп айтуға болатын сияқты.
Өзінің аса тереңдігі және риясыздығымен көрінетін сүйіспеншіліктің түрі - әке-шеше мен балалардың бір-біріне деген сезімі. Әсіресе, ана махаббатын асыра бағалау мүмкін емес. Ана өз балаларын,- олар қандай да болмасын,- барлық жан-тәнімен сүйеді, өйткені, олар оның ішінен шықты. Ана әр-қашанда өз балаларын қорғайды, оларды кешіре біледі. Әкенің балаға деген махаббатына келер болсақ, ол ана сезіміне қарағанда - өзгеше. Әке балаларын өзіне теңеп, өзіне ұқсас болғанын қалайды, олардың алдына үлкен талаптар қойып, олардың өмірде іске асуын армандап, тілейді. Әке баларын әрқашанда өз ырқына көндіргісі келеді. Ана баланың алдына қойылған талаптар орындалмаса да, оны шүбәзіз сүйеді, оның жаңғыз ғана талабы – баласы бұл өмірде аман-есен болса екен дейді.
Адам қоғами пенде болғаннан кейін, әрине, жаңғыз ғана әке-шешесі емес, сонымен қатар, басқа да туыс, жолдас-жора, көрші-көлемнің ықпалына түсіп, жақынды сүю сезіміне шомылады. Жақынды сүю дегеніміз – бізді қоршаған адамдарды өзімізбен тең құқты ретінде қарау, оларға қамқорлық көрсету, өз жауапкершілігіңді сезіну, сыйлап, түсіністік дәрежесіне көтерілу, олардың өмірдегі жетістіктері мен қайғы-қасіретіне бірдей ортақ болу т.с.с.
Жақынды сүю адамды оның білімі мен мәдениеті өскен сайын өз халқын, оның аянышты да батырлық тарихын, мыңдаған жылдар бойы қалыптасқан әдет-ғұрыптарын, тілін, көркем сөзі мен өрнектерін, ғажап әуендерін т.с.с. сүюге итермелейді. Өз халқын сүйген адам, әрине, сол халықты тудырған жағалай ортаны - табиғатты да сүйеді. Қазақ жері – жылы теңіздер аймалап жатқан Италия, я болмаса Греция емес. Біздің табиғатымыз қатал, ұлы өзендер елімізді қақ жарып ағып жатқан жоқ, теңіз бен мұхиттан да, өкінішке орай, алшақпыз. Десек те, басқа бір жұмақ жерге қазақ деген халық өз мекенін ауыстырмайды. Өйткені, осы топырақта ол жаратылды, бұл жерге оның кіндік қаны тамды, сансыз бұл өмірден озған бабалар осы жерді соңғы қаны тамғанша қорғай білді.
Енді міне, жоғарыда көрсетілген осы екі сүйіспеншілік “Отан” деген терең ұғымды тудырады. Отанды сүю дегеніміз – туған жер мен сол елді мекендеген халыққа деген сүйіспеншілік болып табылады. Осы екі сезім бір-біріне қосылып оны күшейте түседі. Отаншылдық (патриотизм) - өте күрделі сезім, соның арқасында адам өзін үлкен біртұтас елдің ажырамас бір бөлшегі ретінде сезінеді. Олай болса, ол оның жетістіктері мен қателіктеріне – бәріне де ортақ. Отанды сүю дегеніміз – елге жақсылық тілеп қана қоймай, өз үлесіңді белсенді түрде мейлінше соның гүлденуіне қосу. Отанды сүю дегеніміз – тек қана өз ұлтыңды ғана емес, сонымен қатар осы елде тұрып жатқан басқа ұлттар өкілдерін сүю, оларды жаттатпау болып табылады. Өйткені, олар да біздің мемлекетіміздің гүлденуіне ат салысып, бізбен бірге өз тағдырын бөлісуде. Қазақ халқы - осы мемлекеттің негізін құрағаннан кейін - бұл мәселеге аса жауапты түрде қарауы керек.
Сонымен қатар, Отанды сүюге “жақсымызды асырып, жаманымызды жасырайық”,- деген ұран жараспайды. Отанын шын сүйетін адам елдің кемшіліктеріне қамығып, оларды әшкерлей біледі. Өкінішке орай, бүінгі таңдағы ұлттық өзіндік сын ұлы Абайдың заманындағы сыннан да төмен дәрежеде тұрғаны көпшілікке мәлім. Орынсыз қопыйып, өз-өзімізді мақтай бергенімізден еш нәрсе шықпайды. Өркөкіректік, тайыздық, асыра сілтеушілік, шыдамсыз Отан сүйгіштік те жақсылыққа әкелмейді. Мұндай қасиеттегі адамдарға қиын-қыстау заманда толығынан сену де қиын шаруа. Нағыз Отанын сүйетін адамдар көп жағдайда оны үнсіз сүйеді.
Отанын сүйетін адам өз елінің аянышты тарихын да жақсы біліп өз жүрегінен өткізіп, тарихтағы болған оқиғаларды өз өмірінде болған сияқты дәрежеде сезінеді. Сонда ғана ол халықтың болашағына ұқыпты қарап, оның қойнауында болып жатқан, бір қарағанда байқалмайтын, үрдістерді аша алады.
Осы сәтте біз кейбір ауқатты әлеуметтік топтар, біршама жастар арасында кең тараған өмірлік бағдарлауға тоқталсақ дейміз. Ол “тек болашақты ойлап өмір сүрсең, соңында көрдің алдына келесің. Сондықтан, қазір және тап осы жерде өмірден ләззәт ала біл”,- деген соңғы жылдары пайда болған қағида. Мұндай қағиданың пайда болуының негізінде біршама себептер жатыр.
Біріншіден, бұрынғы Кеңес қоғамының шеңберіндегі “болашақ коммунизм” жөніндегі идеология жалғандығының әшкерленуі.
Екіншіден, Батыс “бұқара мәдениетінің” тұрпайы туындыларының тигізген және қазіргі уақытқа дейін тигізіп жатқан әсері.
Үшіншіден, тарихи кезеңнің ерекшелігіне байланысты кейбір адамдардың тез арада байуы, жеңіл жолмен келген ақша буының әсері дер едік.
Әрине, өмірдің әр сәтін бағалап тиімді пайдалану керек. Сонымен қатар, болашағын ойламаған адам жаз айында бір гүлден екіншісіне қонып, күздің келетінін байқамайтын көбелекке ұқсар еді. Екінші жағынан, мұндай өмірге деген көзқарас адамның саналы пенде ретіндегі абыройы мен ар-намысын аяққа басады дер едік. Өйткені, қай ел болашақ ұрпақтарын ойламайды? Осы тұрғыдан алғанда, бүгінгі таңдағы ең өзекті мәселе – тоталитарлық қоғам кезінде ласталған жер, су, ауаны тазарту болмақ. Болашақ ұрпақтар радиация, тұзды ішімдік су, түтін ауаның не екенін тарихи фильмдерден ғана көрсе екен деп тілейік. Екіншіден, кең түрде алынған ұлттық дәстүрді болашақ ұрпақтарға жеткізу мәселесі. “Болашақта ұлттық мәдениет түрлері қоғам өмірінің сыртқы шеңберіне ысырылып, мұражай экспонаттарына айналады да, батыс “масс-медиа” жасаған бұқараға арналған туындылар үстем болады”,- деген “батысшылардың” қара пейіл болжамдары іске аспауы керек. Ол үшін жас ұрпақ білімді, өмірге белсенді қатысатын, өз мәдениетін қорғай алатын нағыз Отаншыл азамат болуы тиіс.
Отанын сүйген азамат білімі мен мәдени дәрежесі өскен сайын бүкіладамзаттың жетістіктеріне қуанып, сәтсіздігіне ренжиді, өз халқының өмірін адамзат тағдырымен тығыз байланысты екенін байқайды (жаһандану үрдістері). Сонымен, ол бүкіладамзатты сүю дәрежесіне көтеріледі. Өз жерін шын сүйген азамат бүкіл тіршілікті дүниеге әкелген Планетамызды, оған өзінің бітпес күш-қуатын төгіп тұрған жұлдыз – Күнді, бүкіл Галактиканы өзін сияқты сезініп, “Ұлы мәртебелі Табиғатқа” осы ғажап болмысқа - Өмірге - әкелгені үшін шексіз алғысын айтудан қажымауы керек. Ал, егер адам Құдайға сенсе, өзінің Соған деген махаббатының арқасында Оны өз жүрегінен табуы әбден мүмкін


Достарыңызбен бөлісу:
1   ...   204   205   206   207   208   209   210   211   212




©engime.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет