«Тұран» Университі


Дүниежүзілік қауымдастық шеңберіндегі тәуелсіз Қазақстан



бет212/212
Дата15.03.2022
өлшемі2,53 Mb.
#135460
1   ...   204   205   206   207   208   209   210   211   212
Байланысты:
философия лекция (7)

Дүниежүзілік қауымдастық шеңберіндегі тәуелсіз Қазақстан
(қорытынды есебінде)
Адамзат тарихы көрсеткендей, қайсыбір империя ертелі-кеш ыдырайды. ХХғ. 80ж.ж. бастап Жер бетіндегі соңғының бірі болып Совет Одағы да үлкен дағдарысқа түсіп, соның нәтижесінде 90ж.ж. басында тәуелсіз жаңа мемлекеттер пайда болды. Тарихта бірінші рет бабаларымыздан қалған алып территорияда қазақ халқының басы бірігіп, әр-түрлі жағдайлармен келген басқа ұлт өкілдерімен қосыла өз мемлекеттігінің негізін қалай бастады.
Жас мемлекеттің алдында негізінен үш үлкен іс жатыр еді. Біріншіден, біртұтасынан (тотальды) мемлекеттік меншікке өткен ұлт байлығын жекешелендіру (приватизация) арқылы нарықтық экономиканы орнату, екіншіден, саяси қондырманы бүгінгі таңдағы талаптарға сай етіп өзгерту (көппартиялық, құқтық мемлекет т.с.с.), үшіншіден, халықтың тілі мен ділін, рухани өмірін қалпына келтіріп қайта жаңғырту болатын.
Осы талаптарға сай біздің елде болған көп өзгерістерді философиялық тұрғыдан сараптағанбыз (қараңыз: 16-22, 32-35 б.б.).
Бұл тарауда, сондықтан, бір-ақ нәрсеге көңіл бөлгіміз келеді. Ол – адамзаттың рухани дағдарысқа түсуі (қараңыз: осы кітап, 41-50 б.б.). Қазақ елінің жас мемлекеттігі осы дағдарыс шеңберінде қалыптасып жатыр. Расында да, Жаңа дәуір адамзатқа екі ғажап идея ұсынған болатын. Оның біреуі – социалистік идея болатын болса, екіншісі – сциентизм, ғылым мен техниканың негізінде қоғам өміріндегі барлық жетіспеушілікті жеңіп, бақытты өмір орнату болатын-ды. Бүгінгі таңда осы екі идеяның да тас-талқаны шықты. Біз ол жөнінде жоғарғы тарауларда өз ойларымызды айтқанбыз. Дәл қазір бүкіл адамзатты елең еткізетін еш жаңа идея болмай тұр.
Әрине, мұндай ақуал өтіп жатқан өзгерістерге өз ықпалын тигізбей қоймайды. Сондықтан да, реформа барысында Батыс елдерінде дүниеге келіп жетілген "оңшыл" либерализм саясаты қолданыла басталды. Бұл саясаттың қысқаша мәнін "әрбіреуге өзінікі" деген қағидаға теңеуге болады. Әр адам өзінше іс-әрекет жасап, ең алдымен өз қамын ойлауы керек. Осы себепті мыңдаған жылдар бойы қауымдастықтың рухында тәрбиеленген халықтың санасында "құндылықтар қақтығысы" пайда болып, үлкен қайшылықтарды тудырды.
Әлеуметтік-экономикалық салада асығысты түрде жүргізілген жекешелендіру саясаты(біз оған мәжбір болдық), тез арада қоғамның "жаңа қайта топтануына" (рестратификация) әкеліп, әлеуметтік құрылымды түбегейлі өзгертті. Байлық пен кедейлік арасында қалыптасқан айырмашылық Батыста қалыптасқан өлшемдерді басып өтіп ешқандай сын көтермейтін жағдайға әкелді. Негізгі кемшілік – жаңадан пайда болған дәулетті адамдардың, дәлірек айтсақ, - буржуазияның - халық алдындағы жауапкершілігінің төмендігі, моральдық қасиеттерінің тайыздығы. Өтпелі қоғамдағы жаңа қалыптасып жатқан іскер топтар өкілдерінің көбінің бойында қарапайымдылық, басқалардың қамын ойлау, әділеттілік деген қасиеттер жоқтың қасында. Жеңіл келген байлықтың буына мас болған кейбіреулер тіпті дөрекі нәрселерді жасап, өзін қоғамдық пікірге батыл қарсы қоюда. Бір ғана мысал келтірейік. Алматыдағы байлардың "алтын балалары" өздері мінген шет ел мәшинелеріне қосымша жабдықтар қойып (нәтижесінде мәшинелерінің бағасы 150 мың долларға дейін көтеріледі!!!) 800м. қашықтыққа жарыс жасайды екен. Ол үшін жолды жабқызып, автобустарды тоқтатып, қарапайым халыққа қиындықтар жасайды. Тележурналистің "Бұл неге керек? ",- деген сұрағына -"Қанға қосымша адреналин керек",- деп біреуі жауап береді. Егер де олардың ар-ұяты болса, сол шығарған ақшаға қаншама кедейлердің балаларына киім-кешек, кітап-дәптер сыйлауға болар еді ?! Қаншама қарапайым адамдар олардың сол ісіне алғысын айтып, батасын берер еді?! Бірақ, өкінішке орай, оларға ол керек емес.
Мұндай теріс ақуал қалыптасуының негізінде реформаларды тез арада өткізу қажеттігі жатқан болатын. Екіншіден, әрине, батыс өмір салтына, әсіресе, "тәтті өмір" идеологиясына ойланбай еліктеу жатса керек. Нәтижесінде, "жаңа орыстар", "жаңа қазақтар" деген қоспа сөз пайда болып, халық жүздеген анекдоттарда оларға өз бағасын берді. Олар халықтың сый-қошеметіне ие болу, өз әлеуметтік статусын (орнын) мойындату үшін жаңа жұмыс орындарын ашуы, қорланған көп әлеуметтік мәселелерді шешуге ат салысуы қажет. Өйткені, либералдық саясат ұстаған мемлекет, біздің жағдайда, тез арада оларды шеше алмайды.
Қазақ елінің ерекшелігін ескере отырып (территория көлемдігі, ауа-райының қаталдығы, халқының аздығы т.с.с.) мемлекеттің аса үлкен рөлін ескеру қажет. Олай дейтін себебіміз реформа барысында мемлекетке деген "романтикалық", "жеңіл" көзқарастың қалыптасуы, нарыққа аса көп үміт артумен байланысты болды. Реформаторлардың ойынша, нарық қалыптасса, А.Смиттің "көзге көрінбейтін нарық қолы" барлық экономикалық қатынастарды өзі-ақ ретке келтіреді. Ал мемлекет жекенің мүлкін сақтайтын "түнгі күзетші" болып, салықты жинап, қоғамның керектігіне жаратуы керек. Екінші бір кең тараған "либералдық пікір" - тек қана жеке меншіктің аса тиімділігі, ал мемлекеттік меншік болса, оның ауырлығы, өзгеріп жатқан ақуалға тез икемделе алмауы т.с.с. Шынына келгенде, әңгіме меншік формасында емес, оны тиімді басқаруда екенін (менеджмент) бүкіл әлем біледі. Олай болса, мемлекеттік меншікті нығайтып, оны басқаратын "топ менеджерлерді" дайындауға аса көп назар аударылуы қажет сияқты. Энергетика, жолдар мен басқа коммуникациялар, су тораптары т.с.с. өмірлік маңызы бар шаруашылық кешендер мемлекеттің қолында болуы керек. Бүгінгі таңда, өз ұлттық капитал қорланған кезде, ел байлығын "оңға-солға" сатуды тоқтатып, керісінше, бұрын басқаларға өтіп кеткен шикізат кеніштерін мемлекетке қайта оралту қажет. Сонда ғана мемлекет әлеуметтік мәселелерді кеңінен шеше алатын дәрежеге көтеріледі.
Дербестік жолында саяси салада біршама оң өзгерістер қалыптасты. Біз оны "зиялы демократиялық құндылықтарды жақтайтын авторитаризм",- деп бағалар едік. Елімізде "сөз еріктігі", "көп партиялық", "кәсіби парламент", жүздеген "бейөкіметтік ұйымдар" пайда болды. Президенттің тағайындауымен жұмыс жасайтын атқару жүйесінің арқасында елде тәртіп болып ең қиын уақыттардан аман-есен шықтық. Десек те, қайсыбір авторитаризмнің осал жері – коррупция, жемқорлықтың етек алып кетуі, шен иелерінің озбырлығы. Бұл Қазақстанға да қатысты нәрсе. Оның көлемін қысқарту үшін демократиялық үрдіс әрі қарай дамуы қажет. Сонымен қатар, жоғарыдағы көрсетілген ел ерекшеліктері Президенттік басқару жүйесінің сақталуын қажет ететіні де сөзсіз.
Қоғамның рухани өмір шеңберіндегі мәселелерге келсек, онда бірінші орынға білім беру мәселелерін қойған болар едік. Бұл салада да асыра сілтеушілік болмады емес. Ол, негізінен, жеке меншікке негізделген оқу орындарын жасаумен байланысты болды.
Екіншіден, Батыс үлгілеріне өз жағдайымызды ескермей еліктеу, білім саласына технократтық саясат жүргізу, гуманитарлық білім беруге көңіл аудармау, "біржақты, тек өз мамандығын ғана білетін" кадрларды дайындау дер едік.
Қайсыбір рухани саланың өзегі – тіл. Дербестік алған елде қазақ тілі кең тыныс алып даму үстінде. Көп халықтар өкілдері жиналған елдегі жетістік – бүкіл Қазақстан халқының қазақ тілін оқып-білуге бағытталған бет-бұрысы. Әрине, кейбір интеллигенция өкілдері оның тез уақытта күш алып кеткенін жаратар еді. Бірақ, бұл мәселеге сабырлық керек деп есептейміз. Негізгі шаруа - өз халқымыздың бәрін өз тілінде сөйлеуге, оны құрметтеуге шақыру, сол жолда барлық мүмкіндіктерді пайдалану дер едік. Сонда ғана басқа ұлттың өкілдері қазақ тілін тезірек игеруге мүдделі болады.
Өнер саласында да көп өзгерістер байқалады. Талантты азаматтарымыздың ашылып гүлдеуіне біршама жағдайлар жасалды. Бүгінгі таңда қазақ елінің өнерін көп елдерде біліп қошеметтейді.
Сонымен қатар, батыс "бұқара мәдениетіне" жалаң еліктеу де жоқ емес. Әрине, өнер де өз заманына сай өзгеру керек. Десек те, оның ұлттық негізі, арқауы әр қашанда сақталуы қажет деп ойлаймыз. Сонда ғана өнер саласы шынайы дамиды.
Енді ең қиын мәселе – халықтың діліне(менталитет) келер болсақ, ол бүгінгі өмірге сай болуы үшін қаншалықты өзгеруі керек?,- деген заңды сұрақ туады. Себебі, реформаторлық саясатта, әсіресе, алғашқы уақытта, жеке мүдде қауымдық пен ұжымдыққа, еріктік теңдікке қарсы қойылды. Оқырманның өзі де байқаған болар – бүгінгі таңда "ұжым" деген ұғымды өте сирек кездестіруге болады. Ал "әлеуметтік әділеттілік" деген ұғымға қоғамдық санада тіпті де орын қалмаған сияқты. Кейбіреулер тіпті "қазақтың менталитетін өзгерту керек",- деген "терең ой" айтады. Сонда, менталитеті өзгерген қазақ кім болады?,- деген заңды сұрақ туады. Халықты өз ділінен айыру дегеніміз – оның мыңдаған жылдар бойы жиналған мәдениетінен бас тартумен бірдей. Ондай жағдайда өз төл мәдениетіңді мұражайға барып қана табасың. Яғни, астыңа "мерседес" мінген жаңа мәңгүртке айналасың. Ондай "бай өмір", әрине, бізге керек емес.
Қауымдық, әлеуметтік мүдденің жекеден жоғары болуы - қайсыбір салауатты қоғамның рухани өмірі мен адамгершілік құндылықтары негізінде жатыр. Ол адамның әлеуметтік табиғатын көрсетіп, тұлға рухының іргетасын құрап, қоғамның шынайы бірлігін қамтамасыз ететін құндылық. Арам пиғылдық, пайдақорлық, Әл-Фарабидің сөзімен айтсақ, "динарды қуудың" негізінде ізгі қоғам орнату мүмкін емес. Ондай қоғам орнаған жағдайда адамдар мәңгі бітпейтін ұрыс-керіс, тартыс, бір-бірінен жаттану т.с.с. ақуалда болар еді.
Қазақ халқының керемет қасиеттерінің бірі – бұл дүниеде алудан гөрі болуды жақтауы. Яғни, өз бойыңдағы қасиеттерді гүлдетіп сыртқа шығару, өзіңнің ерекше болмысыңмен көріну, "сегіз қырлы, бір сырлы" болу. Бүгінгі Қазақстан қоғамында адамның ерікті еңбек етіп, белсенділік көрсетуіне, бұл дүниеде болуға деген ұмтылысына жағдай жасалған. Бәрі де өз қолымызда. Тек қажымай-талмай ізденісте болып, еңбек етіп, самарқаулықтан арылуымыз қажет.
Қазақстан дүниежүзілік қауымның ішінде өз орнын тапты. Әрі қарай ел дамуының жалпы формуласын ақын О.Сулейменов былайша көрсетті: "жаһандық тұрғыдан ойлан да өз жеріңде іс-әрекет жаса". Бұл пікірге қосылуға болатын сияқты.




Достарыңызбен бөлісу:
1   ...   204   205   206   207   208   209   210   211   212




©engime.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет