Трансшекаралық өзендер Қазақстанның экологиялық және стратегиялық сұрағы. Себебі Ертіс, Іле, Сырдария, Жайық, Тобыл, Есіл және Шу секілді елдің бас өзендері көрші мемлекеттерден бастау алады
Байланысты: Трансшекаралық өзендер Қазақстанның экологиялық және стратегиялық сұрағы
Трансшекаралық өзендер Қазақстанның экологиялық және стратегиялық сұрағы. Себебі Ертіс, Іле, Сырдария, Жайық, Тобыл, Есіл және Шу секілді елдің бас өзендері көрші мемлекеттерден бастау алады. Бұл Қазақстан су ресурстарының 40%-ы, яғни осынша мөлшерде іргедегі елдерге тәуелдіміз деген сөз. Жаһандық жылыну процесі жылдам жүріп жатқанда «бұлақ басында» отырған тараптар су көлемін азайтпасына кепілдік бар ма? Қытай. Ертіс пен Іле. Қытай мен Кеңес Одағының қарым-қатынасы ұзақ жылдар бойы бұзылғандықтан, өзендерді бірлесіп пайдалану секілді сұрақтар толық шешілмей қалған еді. Сол үшін Қазақстан тәуелсіздікке қол жеткізген соң аталған мәселені өзі қолға алуына тура келді. Себебі Қазақстан мен Қытай арасында шекараны кесіп өтетін 25 өзен бар. 1990 жылдары жаппай иммиграция барысында елімізде бұл салаға маманданған дипломаттар, гидрологтер жетіспегені айтпаса да түсінікті. Бірақ осыған қарамай 2001 жылы қос тараптың үкіметі трансшекаралық өзендерді пайдалану туралы келісімге қол қойды. Бұл әжептәуір жетістік болатын. Себебі келешекте өзен суын бөлуде келіссөз жүргізуге негіз болатын құжат пайда болды. Бірақ Ертіс пен Іле мәселесі әлі толық шешілмеді. Оған ең алдымен Қазақстан тарапы алаңдайды. Неге? Біріншіден, Ертіс пен Іле өзендерінің 70% суы Қытай территориясынан бастау алады. Екіншіден, өзендер Қытайдың Шыңжаң-Ұйғыр автономиялық ауданы арқылы өтетіндіктен жыл сайын Іле мен Ертіс өзендерінің суын пайдалану мөлшері артып келеді. Өйткені Қытай үкіметі аталған аймақта хань ұлтының үлесін ұлғайтып, өңірдің экономикасын дамыту жоспарын іске асырып жатыр. Әрине, бұл үлкен көлемдегі су мөлшерін талап етеді. Үшіншіден, 23 млн халық тұратын автономиялық ауданнан өзенге түсетін қалдық аз емес, ол су құрамын бұзады, әсіресе, мұнай өнімдері. Оның зардабын Ертістің бел ортасындағы Қазақстан мен сағасындағы Ресей көреді. Бұл факторлар келіссөздерде Қазақстанның жағдайын о бастан әлсіз етуі мүмкін. Қазақстанды ойландыратын негізгі мәселе – Ертіс пен Іле суының азаюы. Кейбір деректер Қытай бұл қос өзеннің 40%-ға жуық суын өз шаруашылығына қолданады дейді. Соңғы жылдары су пайдалану 5 есеге өскен көрінеді. Қытай тарапы Ертіс суын Қара Ертіс – Қарамай (ені 22 метр, ұзындығы 300 шақырым), Ертіс – Үрімші каналдары арқылы бұрады. Егер жағдай өзгермесе, онда келешекте Қазақстанға келетін су көлемі күрт азайып, Бұқтырма, Шүлбі су қоймаларының түбі көрініп, Ертіс бойындағы ГЭС-тер энергия өндіруін ХХІ ғасыр ортасына қарай 50%-ға азайтуы мүмкін. Ал Ертіс суына Семей мен Павлодар, Астана, Қарағанды қалалары қарап отырғанын ескерсек, онда су мөлшерінің жоғары деңгейде сақталуы Қазақстан үшін аса маңызды.
Іленің келешектегі жағдайы да күмәнді. Оның тек 30% суы Қазақстаннан бастау алады, қалғаны Қытайдан. Бүгіннің өзінде Қытай Іленің бойында 13 су қоймасын құрып, 59 гидроэнергетикалық қондырғы орнатып үлгеріпті. Жыл сайын іргедегі ел Іледен 15 куб шақырым су алады екен. Экологтар егер Қытай Іленің суын тағы 10 пайызға кемітсе, онда Балқаш көлі Аралдың тағдырын қайталауы мүмкін дейді. Бұл қатердің төнуін жоққа шығаруға болмайды. Себебі Бейжіңдегі үкіметтің Шыңжаң-Ұйғыр автономиялық ауданындағы халық санын қазіргі 23 млн-нан 100 млн-ға жеткізу жоспары бар екен. Егер сол діттеген мақсатының жартысына жетсе де, сонша халық, өндіріске қазіргіден де мол су керек болады. Сәйкесінше, Іле мен Ертіс – негізгі су ресурсына айналады. Зардабын Іленің етегіндегі Қазақстан көрмек. 2014 жылы алғашқы фактілер тіркелді. Іле өзенінің Қапшағай су қоймасына дейінгі бойында ағыс секундына 778 текше метр болады деп күтілген, алайда ол 184 текше метрге дейін төмендеп кетті. Сырттай қарасақ, Қытай трансшекаралық өзендерді біржақты қисапсыз пайдаланып жатқандай. Себебі Қытай БҰҰ-ның өзендерді пайдалануға қатысты конвенцияларына қосылмай, трансшекаралық суларды қолданып келеді. Мысалы, тағы да Қытайдан бастау алып, Үндістан, Пәкістан, Мьянма, Лаосқа ағатын Меконг, Брахмапутра секілді өзендердің бойында көрші елдерді ескертпей бірнеше ГЭС, тоғандар салып тастаған. Бірақ сол елдермен салыстырса, бұл салада Қазақстан дипломатиясы біраз жемісті. 2001-2018 жылдар аралығында ортақ комиссия 15 рет кездесті, сарапшылар тобын құрды, гидробекеттерден ақпарат алмасу, Қорғас, Сүмбе өзендерінің бойындағы құрылыс жөнінде келісім жасалды. Яғни, халықаралық құжаттарға қосылмаған Қытаймен трансшекаралық өзендер мәселесі тек осылай бірнеше жылға созылатын ұзақ келіссөздердің нәтижесінде ғана шешілуі мүмкін. Өйткені Қытайға ықпал етер Қазақстанда не экономикалық, не саяси тетік жоқ. Шыңжаңда су қоймасын, бөгет, ГЭС салма деп тағы тыйым сала алмайды. Жалпы, мәселені басқалай шешудің жолдары да айтылған. Мәселен, Іленің суын көбейтсеңдер, азық-түлікті арзан бағада жеткізейік деген ұсыныс Астана тарапынан жасалынған, алайда оған көне қоятын Қытай бар ма? Ертіс Ресейдегі Объ өзеніне құяды. Сол үшін Қазақстан келіссөздерге Мәскеу өкілдерін үшінші тарап ретінде шақырып, өз позициясын нығайтқысы келген, бірақ Бейжіңнің шенеуніктері оған тағы да келісімін бермей қойған. Орта Азия. Сырдария. Орта Азияда шешімін таппаған ең маңызды сұрақтың бірі – трансшекаралық өзендер. 2000 жылдардың ортасында аталған мәселенің ушыққаны сонша, егер мемлекеттер консенсусқа келмесе, келешекте суға талас қақтығысқа ұласуы мүмкін деген болжамдар айтылды. Ара-тұра су үшін шекара бойында оқ та атылып қалып жатты. Сырдария мен Әмудария суының тиімсіз қолданылуы Арал теңізінің трагедиясына әкеліп соқты. 1998 жылы Қазақстан, Қырғызстан және Өзбекстан арасында Сырдария өзенін пайдалану туралы келісім қабылданды және оған кейінірек Тәжікстан да қосылды. Алайда, бұл құжат Орта Азиядағы шекараларды кесіп өтетін сулардың мәселесін шешпеді. Нақтырақ айтқанда, құжат тармақтары толық орындалмады. Оған қоса, Рогун ГЭС-і күрмеуі қиын түйткілге айналды. Тәжікстан өзін электр энергиясымен қамтамасыз етіп, артығын көршілеріне сату үшін Вахш өзенінің бойына Рогун ГЭС-ін салмақ болды. Вахш Әмударияға құяды. Егер су бастауына ГЭС салынса, онда Өзбекстанға су аз жетіп, оның мақталы аймақтары құрғап қалуы мүмкін еді. Сол үшін Ислам Каримов тұсында Өзбекстан бұл энергиястансаның құрылысына қатты қарсы болды. Тіпті, Өзбекстан шетелдерден ГЭС құрылысына келе жатқан материалдарды өз территориясында себепсіз бірнеше ай ұстап, жобаның іске асуын тоқтатты. Жалпы, екі ел арасындағы осы қарсылық Орта Азиядағы трансшекаралық өзендерді бірлесіп шешу процесін тежеді. Алайда, билікке Шавхат Мирзиёевтің келуі жағдайды өзгертті, ол құрылысқа қарсылық білдірмеді. Сырдарияның су мөлшерін дәл бөлу оңай емес. Сырдың бастауы Қырғыз жерінде қалыптасады, Тәжікстан мен Өзбекстан аумақтары арқылы өте отырып, Қазақстанға келеді. Тау аумағынан келетін судың сапасы төмен қарай аққан кезде күрт нашарлайды, оның құрамында гербицидтер, пестицидтер, минералды тыңайтқыштар көп. Яғни, көрші елдердің егін алқабында қолданатын химиялық заттары. Оған қоса, Қазақстан Сырдың етегінде жайғасқан соң бірде Қырғыз елінің, бірде Өзбекстанның шешіміне тәуелді болды. Мәселен, жаздың суармалы маусымында кейде Өзбек үкіметі Сырдарияның суын қысып, Оңтүстік Қазақстандағы жүздеген гектар жерді құрғатып тастап, шаруаларды шығынға батыратын. Ал қыс айларында Қырғыз жеріндегі Тоқтағұл су қоймасында жиналған судың жартысын төмен ағызатын. Сырдың сағасы Шымкент пен Қызылорда аймағы болғандықтан, ол су еріген мұзбен қоса талай рет сол өңірдегі ауылдарды шайып кетті. 2008 жылғы сел 3 мың үйді басып қалды, шығын 130 млн долларды құрады. Осыдан соң Қазақстан үкіметі Оңтүстік Қазақстанда Көксарай су қоймасын соғуға шешім қабылдады. Ол артық суды жинап, қажет кезде Сырдарияға жіберу үшін салынды. Алайда, кей кездері Шардара мен Көксарай су қоймаларының сыйымдылық мүмкіндігі жеткіліксіз. Бұдан бөлек, Ауыл шаруашылығы вице-министрі Арман Евниевтің пікірінше Өзбекстан ара-тұра Достық каналымен суды қажет мөлшерде Мақтаарал ауданына жібермейді, Шардарадан Арнасайға су жіберу мәселесі де реттелмеген. Яғни, трансшекаралық суларды бірлесіп қолдану бойынша Ташкент пен Астана арасында не жаңа құжат қажет, не бұрынғылары толықтырылып, оның орындалуын бақылайтын топ керек.
Шу мен Талас. 2000 жылы Қазақстан мен Қырғыз Республикасы Шу мен Талас өзендерін пайдалану туралы келісімге келді. Өзендер негізінен теңдей бөлінген. Жоғарыдағы келісім бойынша Қырғыз жеріндегі қос өзен суын реттеп отыратын канал, қойма, тоғандарды ұстау, жөндеу жұмыстарының біраз шығынын Қазақстан төлейді, бұл әлемдік практикада бар жайт. Соңғы кезде осы мақсатқа бөлінетін 70 млн теңгені қырғыз тарапы азсынып жүр. Таластың 80% суы Қырғыз жерінде бастау алады, Қазақстанда Жамбыл облысының жерімен өтеді. Облыстың қажеттілігі жылына 3 млрд текше метр су. Ауыл шаруашылығы министрлігінің өкілдері Талас және Шу өзендері бойынша Қырғыз Республикасымен пәлендей пікір қайшылығы жоқ дейді. Жалпы, бұл келісім Бішкектегі билікке С.Жээнбековтің келуімен байланыстыруға болатын шығар. Себебі осыған дейін 2010 жылы Қырғыз еліндегі Киров су қоймасы жарылып, Таразды сел алмақ деген сыбыс көне шаһардың тұрғындарын біраз әбігерге салған еді. Ал 2013 жылы Көксай ауылының халқы Жамбылға барар каналдың суын жауып, жер бөлінісіне қарсылығын білдірді. Дегенмен, екі жақты да ойландыратыны қазір басқа мәселе. Болжам бойынша ХХI ғасырдың ортасына қарай Шу өзенінің суы 25%-ға, Таластың суы 40%-ға азайып кетуі мүмкін. Себебі бастаудағы мұздықтар жаһандық жылыну процесінің әсерінен еріп жатыр. Әлемдік практика. Дүние жүзінде трансшекаралық өзендер туралы 290-ға жуық құжат бар екен және бұл салада суды бірлесе отырып пайдаланудың бірнеше оң тәжірибесі бар. Мәселен, Еуропада 10 елді басып өтетін Дунай бойынша келісім 1948 жылы жасалды. Осы және өзге де құжаттарда өзендерге зиян келтірмеу, суды бірлесіп қолдану, өзенге зақым келтірген тарап оны тазалауға қаражат бөледі деген секілді принциптер жазылған. Рейн өзенін қолдану бойынша да оның бойындағы елдер үнемі кездесіп отырады. Олар суды қалай бөлу деген сұрақтан әрі жылжып, Рейннің тазалығын қалай қамтамасыз етеміз деген мәселеге келген. Осы мақсатта өзен бойында Швейцариядан Солтүстік теңізге дейін 9 станса салынды. Олар су сапасын үнемі жариялап отырады. Үлгі аларлық тәжірибе тек дамыған елдерде ғана емес, дамушы елдерде де бар. Кезінде Эфиопия Ніл өзенінің бойында су бөгенін салмақ болады. Ніл сағасында жатқан Мысырға бұл бастама ұнамайды. Бұларға Судан қосылып, үш тарап аталған сұрақтың шешімін таба алмаған. Батыс елдері, халықаралық ұйымдар араша түсіп, көмектесуге тырысады. Алайда, соңында бәрібір үш елдің өкілдері су мен энергияны әділ бөлудің жолын өздері табады. АҚШ пен Канада қос елдің арасындағы бірнеше өзенді әділ пайдаланып келе жатқанына 100 жылдан асты. Яғни, халықаралық тәжірибеге сүйенсек, трансшекаралық өзен мәселесін шешуде әмбебап әдіс жоқ, алайда келесідей ұстанымдар бар. Келісім біржақты қабылданбауы тиіс, құжатта судың бойында жатқан барлық елдің мүддесі ескерілуі қажет. Керек кезде дауды шешуге халықаралық ұйымдар да үлесін қосуы мүмкін. Су дипломатиясы халықаралық құқыққа негізделгенде ғана сәтті болады. Трансшекаралық өзеннің тазалығы, су құрамының сапасы – қазір ең маңызды мәселенің бірі.