XIX ғасырдың екінші жартысынан XX ғасырдың басына дейінгі уақытта түркі фольклоры енді ғылыми мақсатта да жиналды, арнайы түрде жарияланды, зерттелді. Фольклорды жинаудың бағдарламасы жасалып, жарыққа шықты. Ресейдің зерттеушілерімен қатар әр халықтың өз оқығандары да ұлттық фольклорды жинап, жариялаумен, зерттеумен шұғылданды. Түркі халықтарының рухани мәдениеті мен этнографиясын, халық әдебиеті мен тарихын жинап, зерттеуде ғалым, тюрколог В. Радловтың үлесі өте зор. В. Радловтың «Образцы народной литературы тюркских племен» атты он томдық кітабы (1866-1907) – түркі фольклоры хақындағы құнды еңбектердің бірі. Жарияланған фольклорлық үлгілер нақты әрі толыққанды болып табылады. Бұл жазбалар түпнұсқада хакас тілінде берілген. Бұл ретте түрлі тайпалардың диалектілері мен говорларының ерекшеліктері сақталған. Бүгінгі күні түркі фольклортану ғылымының өсіп-өркендеуі атақты тюрколог Н.Ф. Катановтың есімімен де тікелей байланысты. Ол – хакас халқынан шыққан тұңғыш фольклорист-ғалым. XIX ғасырдың аяғында фольклорлық жанрлардың барлығын дерлік орыс тіліне аударып, жариялаған. 1889-1892 жж. аралығында ғалым Сібірдің түркі тілдес тұрғындары арасынан кең көлемде лингвистикалық, этнографиялық және фольклорлық материал жинап алған.