Түркістан автономиясы деп жариялап, Түркістан Құрылтайын шақырғанға дейін саяси биліктің Түркістан Уақытша Кеңесі мен Түркістан халық билігіне өтетіндігі жөнінде қаулы қабылдады. Түркістан Уақытша Кеңесі құрамына барлығы 54 адам енді, оның 32-сі Түркістаннан Бүкілресейлік Құрылтай жиналысына сайланған депутаттар еді
Мұстафа Шоқайдың өмір жолында маңызды кезең — балалық шағы мен Ташкент гимназиясы, Петербург қаласында оқыған жылдары екендігін атап көрсету қажет. Қайраткердің қоғамдық-саяси көзқарастарының қалыптасуына өскен ортасы үлкен əсер етті. Мұстафа Шоқай Ақмешіт (Перовск, қазіргі Қызылорда) уезінде дүниеге келді. Тегі — Орта жүздегі қыпшақ, əкесі Шоқай дəулетті, мəдениетті, білімді, елге танымал, беделді адам болған. Ол баласы Мұстафаны əуелі отбасында білімге өзі ұмтылдырған. Бала Мұстафа сауатын ауылда мұсылманша ашып, кейіннен орыс мектебіне барады. Онан кейін Ташкенттегі гимназияға түсіп, 1910 ж. өте үздік бағамен бітіреді жəне алтын медальға ұсынылады. Бірақ генерал Самсонов алтын медальды орыс баласы Зепреметовке жазады. Ал Зепреметев алтын медальды Мұстафаға берілуі тиіс деп, өзі күміс медальді алған [2]. Бұл оқиға Мұстафаның қоғамдық-саяси көзқарастарының қалыптасуына өзіндік ықпалын тигізді.
Мұстафа Шоқай дүниеге келген Түркістан өңірі XX ғ. басында орыс отаршылдығының барынша қыспағын көріп отырған еді. Бұл жергілікті халықтың шаруашылық, əлеуметтік, саяси жағдайынан көрінді. Бұндай əділетсіздікке халықтың қарсылық көрсететіндей күш-қауқары болмады. Осының бəрін жасынан көріп-сезінуі қайраткердің ұлтшылдық, түрікшілдік, азаттық идеяларының қалыптасуына негіз болды. Бұған дəлел 1929 ж. шыға бастаған «Жас Түркістанның» бірінші санында ол былай дейді: «Атамекеніміз отаршылардың тепкісінде жатқанда ішкі саясаттың мəселелері екінші планға ығысады. Атамекенді құтқару жолындағы күрес бірінші планға шығып, маңдай алды міндетімізге айналады. Біздің ұлтшылдығымыз Түркістанда ұлттық өкіметтің үстемдігінен басқа ешбір күшті мойындамау негізінде құрылған, бізге түрі де, мазмұны да ұлттық мемлекет қажет» [3; 14]. Қазақтың ғана емес, барша түркі халқының азаттығы оның өмірлік арман-мұраты болды. Шоқайтанушы, тарих ғылымдарының докторы, Абдуақап Қараның көрсетуінше, Ташкентте лицейде оқып жүргенде Түркістанның түрлі аймақтарынан келген əділетсіздікке ұшырағандардың шағымын біліп, құқығын қорғау үшін Мұстафа Шоқай оларға аудармашы болып көмектескен. Осылайша ол Түркістан губерниясы əкімдері мен жергілікті халық арасындағы негізгі проблемалармен етене танысқан. Осыған байланысты Түркістан генерал-губернаторы Самсоновпен бірнеше мəрте кездескен. Демек, М. Шоқайдың саяси өмірге араласуы осы кезеңнен басталады деуге толық негіз бар.
Мұстафа Шоқайдың ұлт-азаттық қозғалыс басшысы, саясаткер ретінде қалыптасуына белгілі дəрежеде ықпал еткен тұлғаларға тоқтала кетсек, Алаш қозғалысының көсемі Əлихан Бөкейхан оған студент кезінен əсер еткен, оның ұсынысымен Ресей Мемлекеттік думасы Мұсылман фракциясы хатшылығы қызметін атқарған. Ол кейін өзінің «Жас Түркістан» журналында жариялаған бір мақаласында «Əлихан Бөкейхан бізге ұдайы Түркістан мəселесін жете түсіну үшін қазақтың жер-су мəселесін толық білу керек деп ескертетін-ді» деп жазған [5]. Бұдан кейін де олардың тағдырлары жиі тоғысып, М. Шоқай эмиграцияға кеткенге дейін саяси өмірде қатар қызмет еткен. Біздіңше, оларды бір бастаудан аққан қос өзенге теңеуге болады, ал ол бастаудың басында азаттық идеясы тұрды. Сонымен қатар башқұрт халқының қайраткері, досы Зəки Уəлидиді де айту қажет.
М. Шоқайдың рухани кемелденуіне М. Сералин басқарған «Айқап» журналы, «Алаш» партиясының ресми баспасөз органы болған «Қазақ» газеті басқа да басылымдар да ықпал жасаған.
Мұстафа Шоқай қызметінің жаңа кезеңі оның Мемлекеттік думаның қызметіне араласып, саяси эмиграцияға ұшыраған кезеңге дейінгі аралықты қамтиды деген пікірдеміз. Бұл қазақ халқының азаттық күресінің басталуымен қатар келеді. ХІХ ғ. аяғы — ХХ ғ. басында саяси, əскери, экономикалық, мəдени отарлауды жан-жақты жүргізген патша үкіметі қазақ халқын мəңгүрттендірудің аз-ақ алдында тұр еді, бұл басқа да отарлық езгіде отырған түркі халықтарына қатысты. Осының бəрін көріп отырған Мұстафа Шоқай мұндай азуы кең алып күшке бүкіл түркі халқы бір азаттық туының астына бірігіп қана қарсылық көрсете алатындығын түсінді. Осыдан туындаған «Тұтас Түркістан» идеясы оның қоғамдық-саяси қызметінің арқауы болды. 1914 ж. Əлихан Бөкейханның ұсынысымен IV Мемлекеттік думадағы Мұсылман фракциясының хатшысы қызметіне тағайындалады. Ол Мемлекеттік думаның мүшелері Сералы Лапин, Махмуд Ходжа Бахбуди, Минуар Қары т.б. байланыс жасап, Түркістанның болашағы жайлы талқылап жүрген.
1916 ж. Түркістандағы ұлт-азаттық қозғалысты патша үкіметі қатігездікпен басқан кезде Дума жəне үкіметтің тыңдауына арнайы баяндама жасау үшін, əрі материалдар жинақтау үшін депутат, эсер А.Ф. Керенский 1916 ж. күзде Ташкентке келіп қайтады. Оның жанында фракция жетекшісі К.М. Тевкелевпен бірге Мұстафа Шоқай да болады. Ол бұл баяндаманы дайындауға белсенді түрде қатысады. Мұстафа Шоқай, Əлихан Бөкейхан да 1916 ж. ұлт-азаттық қозғалыс кезінде көтерілісшілердің патша жарлығына қарсы шығуына қарсы болды. Олар патша үкіметі мен көтерілісшілердің арасындағы күштің тең еместігін, көтеріліс жеңілген жағдайда бейбіт халықтың есепсіз қырғынға ұшырайтындығынан қауіптенді. Басқаша айтсақ, олар үшін ұлттың амандығы бірінші орында тұрды. Орысша сауаты жоқ қазақ жастарына майданға жіберілген кезде оларды азық-түлік, киім-кешекпен қамтамасыз ету жағынан да, Ақпан төңкерісінен кейін тыл жұмысындағылар елге оралған кезде де көмектескен.
Ресейдегі 1917 ж. Ақпан революциясының нəтижесінде монархияның құлатылуы, Уақытша үкіметтің құрылуын Мұстафа Шоқай өзінің досы, башқұрт қайраткері Зəки Валидимен бірге үлкен үмітпен қарсы алады. Монархияның құлауы, билік басына төңкерісшіл демократтардың келуі қазақ зиялыларының саяси белсенділігін күшейтті. «Бостандықтың, азаттықтың күні туды» деп бағалаған Əлихан Бөкейхан, Мұстафа Шоқайлар Керенский басқарған Уақытша үкіметтің Түркістанды басқаратын Арнайы комитетін құруына қол жеткізді. Жергілікті жерлердегі Уақытша үкіметтің комиссарлары ретінде қызмет етті. Бірақ бұл үкіметтің өмірі қысқа болды. Алайда оның Ресей құрамындағы Түркістан автономиясын құру идеясын Петроград жұмысшы жəне солдат депутаттарының Кеңесін басқарып отырған Н. Чхеидзе «сепaратистік» пиғыл ретінде бағалайды [6]. Мұстафаның негізгі мақсаты Ресей жерінде тұратын күллі түркі ұрпақтарын біріктіріп «Үлкен Түркістан» одағын құру болды, сондықтан да ол 1916 ж. «Түркістан бірлестігі» деп аталатын құпия ұйым ашты. Орыстардың жойқын қысымының күшіне қарсы тұру қамымен мұсылман саяси ұйымдар ассоциациясы (үлкен жамиғаты) мен Мұсылмандар кеңесі (Шурай Ислами), сондай-ақ қазақ ұлттық «Алаш» партиясы бəрі күш біріктіре келе, 1917 ж. наурызда Ташкентте Түркістан мұсылмандарының конгресін шақырып, онда орталық комитет сайлап, мұсылман орталығын құрды. Орталыққа Мұстафа Шоқай басшылық жасады. Ол кеңестік Ресейдің түркі халықтарын одан əрі орыстандыру саясатына үзілді-кесілді қарсы шықты.