Түркістан өлкесінің алғашқы генерал-губернаторы К. П. Кауфманның қызметі



Дата03.12.2016
өлшемі126,68 Kb.
Түркістан өлкесінің алғашқы генерал-губернаторы

К.П. Кауфманның қызметі
Назарова А.А.

Қорқыт ата атындағы Қызылорда мемлекеттік университеті
Түркістан өлкесінде патшалық билік басында болған біріншілер кімдер еді, олардың қызметінің бағыты мен мақсаты қандай болды, губернаторлардың жергілікті тұрғындармен, «жоғарыдағылармен» қарым-қатынасы мәселелерін қарау биліктің отаршыл жүйесінің сипатын ашады.

Генерал-губернаторлардың қызметі осы кезеңге дейін Ресейлік, яғни империялық мүдде тұрғысынан баяндалды, енді қазақ қоғамы мүддесінен қарағанда: олардың қызметін бағалауда ұстанатын негізгі критерий - отарлаушының мүддесін сәтті немесе сәтсіз жүргізуші ретінде бағалау болып табылады.

Түркістанның алғашқы генерал-губернаторы К.П. Кауфманның тұлғасы - күрделі, қарама-қайшылықты тұлға. Төңкеріске дейінгі зерттеушілердің еңбектерінде Кауфманның өмірбаяны, қызметі жан-жақты талданып, ол патша сенімін ақтаған шенеунік келбетінде көрсетіледі [1]. ХІХ-ХХ ғ. Орта Азияға саяхат жасаған белгілі педагог Е. Марков Түркістанның алғашқы генерал-губернаторы Кауфман туралы бір ауыздан айтылған пікірлерге таңданып: «…ол қабілетті, асқақ рухтағы мемлекетке еңбегі сіңген тұлға, оның есімі бүкіл Шығысқа дүркіреп тұр…»,- деп жазды [2, 479 б.]. Түркістанның Ресейге қосылуы тарихын зерттеуші Н. Павлов Кауфман жайлы өз пікірін былай білдіреді : «…Кауфман өлкенің негізін салушы деп әділ саналады; бұл басшы Орыс Түркістаны тарихындағы ірі тұлға; қазір өлкеде біз көріп отырғанымыздың барлығы Кауфманның арқасы...» [3, 129 б.]. Ал, қазақ зиялысы М. Тынышпаев Кауфманды «тамаша адам» және «генерал Кауман өлкені басқарған кезең - дара дәуір» [4, 30-32 бб.], - деп атап көрсетті.

Кеңестік тарих ғылымы стереотиптері бойынша губернаторлардың қызметінің жалпы бағасы жағымсыз болды, сонымен қатар Түркістан әкімшілік басшысының қызметі екі жақты қаралды: бір жағынан , ол – патшалықтың отарлау саясатының құралы, екінші жағынан – орыс мәдениетінің озық әсерін, ықпалын таратушы тұлға. З. Кастельская өз еңбегінде: «…Ресей отаршылдары Кауфманды «түземдіктер» «жарты патша» деп атағанын мақтан тұтты, бірақ ешқайсысы, оны еңбекші халықтың «ашулы жолбарыс» атағанын жасырып айтпады. Кауфман кез келген отарлаушы секілді, өлкенің негізін салушы емес, қайта қанаушы болды…» деп жазды [5, 29 б.]. Ал, П. Галузо өзінің «Туркестан – колония» атты еңбегінде Түркістан өлкесі шенеуніктерін парақорлықта айыптап, Кауфманның заңсыз іс-әрекеттерін әшкерелейді [ 6, 36 б.].

Отандық тарихнамада оның қызметі әлі өз бағасын алған жоқ. Дегенмен, соңғы кезде баспасөз беттерінде оған қазақ даласындағы әкімшілік қызметіне асыра баға беру бағыты байқалады. Л. Ковалеваның мақаласындағы: «…Түркістан өлкесінде көп жыл өмір сүріп, ол патша шенеунігі ретінде емес, өлкенің патриоты көзімен қарады...» деген пікір соның айғағы [7, 10 б]. Осы сарындас көзқарас ресейлік баспасөз беттерінде де жарияланып жүр. Л. Беленчуктің еңбегіндегі: «…Кауфманның қызметін өлке басшысы ретінде бағалай отырып, ол өлкеде оқу ағарту ісінің дамуына зор үлес қосты деп толық сеніммен айтуға болады. Бұл өлкенің жылдам дамуына ықпал етті. Орыстар өлкеге жау болып келіп, өздерін дос ретінде көрсетті…» [8, 80 б.], - деген көзқарас ресейдің империялық мүддесінің жалғасы.

Түркістанның алғашқы губернаторы қызметіне Кауфманды қоюға патша таңдауы кездейсоқ түскен жоқ. Бұл қызметке дейін ол Ресей империясының басқа аймақтарында әкімшілік және әскери қызметтер атқарып, үлкен тәжірибе жинаған шенеунік еді.

Константин Петрович фон-Кауфман (1818-1882жж.) – австриялық дворян отбасынан шығып, балалық шағы Польшада Варшава қаласында өтті. Санкт-Петербор қаласында инженерлік училищеде (1833-36жж), офицерлік класында (кейін Әскери Академия) (1836-38жж) білім алды. Әскери қызметін 40-50 жылдары Батыс өлкесінде, Кавказда жалғастырған ол, 1861 жылдан Соғыс Министрлігінің Кеңсе директоры қызметін атқарады. Солтүстік Батыс өлкесінің генерал-губернаторы және Вилен аймағының әскер басшылығына 1865 жылы тағайындалды [9, 5 б.].

Кауфман Солтүстік Батыс губерниясында бір жылдай қызмет атқарып, ондағы поляк демократ зиялыларының халық арасына патриоттық және еркіндіксүйгіштік көзқарастарды таратуын жаныштады. Сонымен қатар орыстандыру саясатын мықтап ұстанушы ол, «…латын әріптерін литва (жмуд) тілінде қолдануды мәңгілікке тоқтатыңдар…» [5, 31 б.] деп бұйырып, литва кітаптарын латын шрифтімен басуға тыйым салды. Бір сөзбен айтқанда, тұтас бір халықтың мәдени дамуын тығырыққа тіреп, өз ана тілінде кітап шығару және оқу мүмкіндігінен айырды.

Көп ұзамай, Кауфман 1866 жылы жандармерия бастығымен тіл табыса алмай, патша өкімімен 11 айлық демалысқа «генерал-адъютант атағы қалдырылып, қызметтен босатылды» [9, 8 б.]. Дегенмен, көп ұзамай патша оған өз сенімін білдіріп, 1867 жылы 11 маусымда Түркістан генерал-губернаторы қызметіне тағайындады. Кауфманның: «…Мен өзімді және менің шынайы не құпия істерімді бақылаудан қорықпаймын, соңғысынан қандай түрде болса да қашпаймын, бірақ, ерекше артықшылық ретінде, мен өлкеде қызмет атқарған уақытта өлкеге ешқашан көк мундирлерді жібермеуіңізді сұраймын…» деген тілегін патша қабыл алып, оның кезінде өлкеде жандармерия полициясы болмады. Сонымен қатар, Кауфман отар елдегі патшалық абсолютизм өкілі ретінде үлкен құқықтарға ие болды. Император оның қабілетіне сеніп, Кауфманды Орта Азиядағы бүкіл хандар, билеушілермен патша атынан келіссөз жүргізуге саяси құқықпен қамтамасыз етті [10, 9 б.].

Кауфман өлкені басқарған 15 жыл ішінде (1867-1882жж) патша сенімін ақтаған және жаңа отар елде патша мүддесін жеке басының мүддесіндей қабылдаған шенеунік. Кауфман патшалықтың осы кезеңдегі жаулау шараларын басқарып, өзін қатал отарлаушы ретінде көрсетті. Мысалы, Л. Костенко өз еңбегінде патша әскерінің Самарқанды жаулау кезін сипаттай отырып: «… табанды қарсылыққа ызаланған фон-Кауфман тұтқын алмауды бұйырды. Бұйрық сөзсіз орындалды. Жаралылар айуандықпен өлтірілді…» [11, 9 б.], - деп жазды.

Кауфманның әкімшілік қызметінен Түркістанда әскери-халықтық басқару жүйесінің қалыптасуы және оның негізгі қағидалары көрініс табады. Патша мүддесін қорғаушы бола отырып, Кауфман сонымен бірге өз іс-әрекеттерінде ептілігімен ерекшеленеді. Оның Соғыс Министрлігі Кеңсесін басқаруы, Милютиннің басшылығымен әскери реформаларды даярлау бойынша арнайы комитетте жұмыс істеген [12, 161 б.] тәжірибесі Кауфманға Түркістанды басқаруда пайдаға асты. Ұлттық аймақтарды басқару жүйесінде ол жаңа мемлекеттік құрылым мен сот жүйесін асығыс енгізуге қарсы болды.

Кауфманның өлкені басқару бойынша іс-шараларын жергілікті әдет-ғұрыптарға қатысты сақтықпен және мәжбүрлі жол беру деп айтуға болады. Ол жергілікті халықтың түсініксіз тілдегі орыс тәртібі мен бейтаныс заңына қарсылығынан сақтанды, сондықтан жаңа отар елді «құруды» біртіндеп жүзеге асыруды жоспарлады. Тікелей Кауфманның басшылығымен бірсыпыра заң шығару актілері дайындалды. Кауфманның «біртіндеп» деген есеппен дайындаған Түркістанды басқару жобалары (1871,1873 жж) «саяси зиян» саналып министрліктерден өтпеген еді, ал оның жер, салық мәселелеріне араласуын «ерте және қолайсыз» деп саналды, дегенмен бұл жайттар Кауфманның өз қалауы бойынша, яғни жобаны «сынақ» ретінде іске асыруына кедергі бола алмады. Орталықтың жобаларды ресми сынауы олардың Түркістанды «құруға» әртүрлі көзқарастарын білдіретін «өзімізше» сырт көзге дегеніндей болды. Кауфман патша өкімімен шектеусіз құқық иесі екені бәрінің есінде еді.

Кауфман қабылдаған заңдар ішінде, еуропа елдерінде, Азияда батыс мемлекеттері шығарған актілердің ішіндегі ең адамгершілікті заң саналғаны – Түркістанның орыс иеліктеріндегі құлдықты жою туралы акт болды. Сонымен бірге, Түркістан аумағында наша әкелуге тыйым салынып және «тасымал сауда-саттық туралы уақытша Ереже» бойынша наша табылған жағдайда иесіне еш өтемақы берілмей тәркіленді [9, 8 б.].

Жергілікті тұрғындарды империя мүддесіне, отаршыл тәртіпке бағындыру, әсіресе, орыстандыру саясатын жүргізу жақсы жабдықталған әскермен жаулаудан әлдеқайда күрделі екенін Кауфман жақсы түсінді. Ол 1867 жылы соғыс министрі Милютинге жазған хатында: «… Мұсылмандар өздерін салқынқанды, самарқау ұстап, тіпті жоғары билік өкілін сыйламайды, бұдан өлкеде қандай да бір ұран бар деген қорытынды шығаруға болады…Мен бұл жерде халықтың көңілі жайсыз, орыс билігіне қарсылық және одан қолайлы сәтте босануға дайындық шынымен бар деген шешімге келдім…» [5, 29 б.], - деп жазуы, осының дәлелі.

«Орыс билігіне қарсылық», «одан босануға дайындық» – міне, Кауфманның орыстандыру саясатындағы мәжбүрлік іс-әрекетінің сарыны.

Кауфман жергілікті тұрғындардың діни өміріне, әдет-ғұрыптарына араласпау немесе оларды «елемеу» саясатын ұстанды. Өлкедегі мұсылман институттарына қысым көрсетпеді, христиан сенімін қабылдауға мәжбүрлемеді, дегенмен мұсылман дінінен өз еркімен шығып, христиандық қабылдағандарға ақшалай сыйақы берілді. Кауфманның қызметінің бұл саласын еуропалық публицистер «керемет» деп тауып, сол себепті «…Түркістанда патшалық Ресей тек өз армиясының күшімен емес, исламға қатысты тамаша саясатының арқасында саяси толқулардың алдын алды…», - деп атап көрсетті [13, 54 б.].

Кауфман өлкеде миссионерлік қызметке, оның «уақыты ерте», «зиян» деп қарсы шықты. «…Біз, Түркістанда христиан, орыс мәдениетін енгізуіміз керек, бірақ бұл түземдіктерге православия сенімін ұсыну деген сөз емес» [14, 92 б.]. Осы қағиданы ол аяғына дейін ұстанды. Патшалық Ресейдің Түркістандағы белді идеологы Остроумов Кауфманның діни қатынастарға осы көзқарасын оның әкімшілік қызметінің ең әлсіз жағы санатына қосты. Оның пікірінше, Кауфман «… Егер миссия ашуға уақыт келмесе де, дегенмен ол үшін келешекке дайындық жасау қажет еді, миссия қызметі үшін қолайлы пункт анықтау, қажет адам іздеу керек еді…» [15, 73-п.].

Сонымен қатар жергілікті қоғам өмірінде ислам мен ислам діні өкілдерінің көп ғасырлық жетекші рөлін жақсы сезінген Кауфман осы рөлді біртіндеп әлсіретудің жоспарын ұсынды. Ол үшін миссионерлік қызметті не оған тыйым салуды емес, экономикалық тетікті пайдалану көзделді.

Бәрімізге мәлім, мұсылман діни мекемелері – мектептер, медреселер, мешіттер ірі жер меншігінің иелері болды. Олардың қарамағында мал-мүлік, сауда орындары, ақша қаражаттары, асыл мүліктер бар. Шариғатқа сәйкес, бұл меншіктер мекеменің «мәңгілік» меншігінде болып, тек вакуф берілген адам өлген не мекеме тараған жағдайда болмаса сатылмады, вакуфтық жерлер тәркіленбеді.

Отарлық үкімет вакуфтық жер иелену институтын жою арқылы дін өкілдерінің ықпалын әлсіретуді көздеді. Осы мақсатта Кауфман жаңа жер заңын шығаруды тездетуді ұйғарып, оны былай түсіндірді: «…Мильк иелері мен мұсылман діні өкілдері, яғни халықтың осы ықпалды топ өкілдері - өздерін бұрынғы қоғамдық-саяси рөлінен айырған жаңа тәртіпке наразы, саяси тұрғыда бізге жау ақсүйектер тобын құрайды. …Құқылы жер иеленушілер туралы мәселе, осылайша, мүдделері үкімет мүддесімен сай келмейтін жергілікті ақсүйектердің материалдық күші туралы мәселе болып табылады…» [16, 242-243 бб.].

Жоғарыда айтылғандай, отаршыл әкімшілікті жергілікті феодалдардың жеке мильктік және вакуфтік жер иеленушілігін жоюға қандай саяси сарын итермелегенін көруге болады. Сонымен қатар, жер, салық мәселесін шешу барлық жердегі сияқты, таза фискальды мәнге ие. Патша қазынасының кірісі жер салығына тәуелді еді.

Жергілікті ақсүйектердің «материалды күшін» олардың жерге меншігінің құжаттарын қатаң тексеру арқылы күйретпек болды. Бұл туралы Кауфман өзінің есебінде «…Ақсүйектердің өтініштерінің ішінен бекіту үшін мильк пен вакуфке тек заңды құқықтыларын ғана бөліп алу керек…кейінгі жаңа құқық беру тоқтатылу керек…» [16, 243 б.], - деп жазды. Патша үкіметі құжаттардың біразын жарамсыз деп тапты. Кейбір мешіттерге әскер орналасып, олардың жері қазынаға түсті. Мектеп, медреселердің ғимараты қойма, түрме, аурухана, атқораға айналды.

Жерінен айырылған ақсүйектерге өтемақы тағайындалды. «…Түземдік тұрғындардың ең қауіпті бөлігі оған жәрдемақы беретін орыс әкімшілігіне тікелей тәуелді болуы…» [16, 244 б.] үшін белгілі бір мөлшерде мемлекеттік зейнетақы берілді.

Осылайша, әкімшіліктің жергілікті тұрғындардың « діни өмірі мен әдет-ғұрыптарына араласпау» қағидасы іс жүзінде Түркістандағы ұлттық білім жүйесінің басты қамқоршысы мұсылман діні өкілдерінің материалдық негізін күйретуге әкелді.

Кауфман Түркістандағы бастауыш білім беру туралы былай деп жазады. «…Орыс иелігіндегі мұсылман мектептері тіпті басқа жағдайда екен. Ол бұрын саяси рөлге үйреніп қалған. Оның басшысы өзін бұрыннан басқарудың белді мүшесі сезінеді. Заң жүзінде биліктің құрметті қызметкері саналды және өз қызметін кіріс көзі мен ақсүйектік артықшылық ретінде қолдануға үйренген…Қазір бұрынғы қамқорынан айырылған медресе ғимараттары күйрей бастады. Мектептер босап қалды. Жоғары мектеп неғұрлым құлдыраса, соғұрлым халық алдында, біздің жауымыз - саяси діни ұйым тезірек өз ықпалын жоғалтары анық...» [17, 13 б.].

Сонымен қатар, «…қоғамның және мемлекет қажетіне енді медреселерден алған білім керек емес… Тек оның орыс мекемесімен алмастырылмаған шариғат соты үшін ғана маңызы бар. Бірақ осы соңғы артықшылық та… - жер реформасын енгізгеннен кейін жойылады, яғни онымен бірге түземдік мектеп те қазіргі кезеңде жаңа тәртіпке қарсы ықпалды жағдайын жоғалтады… » [17, 15 б.],- дей келе, Кауфман ойын былай аяқтайды: «…Осыны ескере отырып, мен бізге жау түзем мектептерін күштеп жою қандай қауіпті болса, осы мектептің бұрынғы күшін жоғалтып тез күйреуі бізге соншалықты пайдалы әрі тиімді болар еді деп ойладым…» [17, 13 б.]. Өйткені, үкімет оған ашықтан-ашық қарсы тұру үшін ислам мәдениетінің күші орасан еді. Осыны түсінген Кауфман оны біртіндеп әлсіретіп, «өзін-өзі жоюға» итермелейтін бүтін бір саяси бағдарлама ойластырды. Бұл бағдарламаны жүзеге асыруды «…көшпелілерді жалпымұсылмандық азаматтылық рухта тәрбиелейтін мәдени мектептері… » бар көшпелі аудандардан бастамақ болды. Кауфман : «…Татар, сарт діндарлары қоршаған көшпелі қырғыз мектептерін мен, тезірек ешқандай сарт, әсіресе, татар элементтері қоспасынсыз қырғыз-орыс мектебіне айналғанын көргім келеді. Әсіресе соңғысы өте зиян…» [17. 15 б.], - дей отырып, осы «элементтердің» қазақ даласына таралуына кедергі қоюды ұсынды. Өйткені, ол неғұрлым тез дамыса, «…біздің мемлекеттік саясатымыздың басты міндеттерімен сәйкес келмейтін жалпымұсылмандық бағыттардың қырғыз тұрғындардың ішіне таралуын тоқтату соғұрлым күрделенеді..» [17, 15 б.], - деген пікірде болды. Сонымен бірге, Кауфман: «…Қырғыздарды татар және сарттардың ықпалынан оқшауламай, даланы Ресейге бекіту және көшпелілерді орыс азаматтығы мүддесінде тәрбиелеуге қол жеткізу мүмкін емес…» [17, 145 б.], - деп өзінің түпкі мақсатын білдірді. Ол үшін Түркістанда орыс және жергілікті тұрғындардың балалары оқитын «орыс-түзем» мектептерін ашты. Облыстардың әскери губернаторларына берген нұсқауында ол «тәрбие негізіне діни айырмашылықтарды емес, христиан балаларын да, мұсылман балаларын да Ресейге пайдалы азамат тәрбиелеуге көмектесетін бәріне ортақ ережелер » [18, 3 б.] алынуы тиіс деп түсіндірді. Бұл мектептердің ашылуы жалпы отарлық және мемлекеттік мекемелерді, шенеуніктердің жергілікті тұрғындармен қатынасы үшін аудармашы, майда қызметкерлермен қамтамасыз ету қажеттілігінен де туған іс-шара еді.

Кауфман әкімшілік қызметі барысында Түркістанға оның тарихын, мәдениетін, табиғи байлығын зерттеу мақсатында келген орыс қоғамы өкілдеріне көмек көрсетті. Оның бұл қамқорлығын Түркістандағы орыс әкімшілігінің «өркениеттік миссиясын» көрсетуге және орыстардың көпшілігі үшін «экзотикалық жерде» «Ресейдің ұлылығын» бекітуге ұмтылысымен түсіндіруге болады.

Түптеп келгенде, Түркістанның алғашқы генерал-губернаторы К.П. Кауфманның әкімшілік қызметіндегі басты бағыт - патшалық Ресейдің мүддесін жүзеге асыру болып табылды. Ал, империялық мүдденің негізгі ұстанымы – жаңа отарланған жерлерді Ресейге біріктіріп жіберу, халқын орыстандыру, сонымен қатар, жер көлемін ұлғайту және империя ішінде қордаланған саяси, экономикалық мәселелерін шеткері ұлттық аймақтары арқылы шешу еді. Өлкенің алғашқы басшысы Кауфман - осы мақсатқа жету өзінің жаңа иелікте жүргізген саясатына байланысты екенін, яғни жаңа тамыр жая бастаған патшалық биліктің болашақ тағдыры жергілікті халықтың келешекте орыс билігін мойындауына тәуелді екенін терең түсінген және сол үшін отарлаудың алғашқы кезеңінде аяғын ойланып басып көп күш жұмсаған айлалы шенеунік болды.




  1. Полянский К. Памяти К.П. фон-Кауфмана. - СПб., 1913. - 15 с.; Пропащин А. Генерал-адъютант К.П. фон-Кауфман 1-й как устроитель Туркестанского края (1867-1882) - Т., 1913. – 157 с.; Кауфманский сборник, изданный в память 25 лет, истекших со дня смерти покорителя и устроителя Туркестанского края Генерал-адъютанта К.П. фон-Кауфмана. - М., 1910, - 247 с.

  2. Россия в Средней Азии: Очерк путешествия Евгения Маркова. Т.1 - СПб.,1901, - 605 с.

  3. Павлов Н. История Туркестана. – Ташкент, 1910. – 237 с.

  4. Тынышпаев М. История казахского народа. – Алматы: Қазақ университеті, 1993. – 324 с.

  5. Кастельская З. Из истории Туркестанского края. (1865-1917) - М.,1980. – 120 с.

  6. Галузо П.Г. Туркестан — колония (Очерки истории колониальной политики русского царизма в Средней Азии). 2 - изд. - Ташкент: Госиздат, 1929. - 226 с.

  7. Ковалева Л. фон-Кауфман – генерал-губернатор Туркестанского края. // Южный Туркестан. - 2002.,- 14 июля.

  8. Беленчук Л. Генерал-губернатор Туркестана К.П. фон-Кауфман и его просветительская деятельность. // Педагогика. - 2002, - №1.- - С.79-85.

  9. Кауфманский сборник, изданный в память 25 лет, истекших со дня смерти покорителя и устроителя Туркестанского края Генерал-адъютанта К.П. фон-Кауфмана. - М., 1910, - 247 с.

  10. Полянский К. Памяти К.П. фон-Кауфмана. - СПб., 1913. - 15 с

  11. Пропащин А. Генерал-адъютант К.П. фон-Кауфман 1-й как устроитель Туркестанского края (1867-1882) - Т., 1913. – 157 с.

  12. Костенко А.Ф. Средняя Азия и водворение в ней русской государственности. - СПб., 1871. – 358 с.

  13. Хидоятов Г. Британская экспансия в Средней Азии. - Т.,1981, - 213 с.

  14. Знаменский П. Участие Н.И. Ильминского в деле инородческого образования в Туркестанском крае. - Казань,1900. – 97 с.

  15. ӨР ОММ. И-1009-қ., 1-т., 91-іс.

  16. Проект всеподанейшего отчета генерала-адъютанта К.П. Кауфмана по гражданскому управлению и устройству в областях Туркестанского генерал-губернаторства, 7 ноября 1867- 25 марта 1881 гг., составлен титулярным советником П.Хомутовым. - СПб.,1885. – 501 с.

  17. Кауфман К.П. Начальное народное образование в Туркестанском крае.1881. - СПб.,1910, - 227 с.

  18. Граменицкий С. Очерки о развитии народного образования в Туркестанском крае. - Т., 1896, - 79 с.

Каталог: sites -> default -> files -> publications
publications -> М. П. Ешимов ф.ғ. к., доцент, Р. С. Нұртілеуова аға оқытушы
publications -> Жаппарқұлова Анар Абусайылқызы ОҚмпи қазақ және әлем әдебиеті кафедрасының аға оқытушысы, ф.ғ. к. Шымкент қаласы. Майлықожа ақынның шығармашылық ықпалы
publications -> Білімнің биік ордасы. Высокий центр знании.)
publications -> Қазақ халқының шешендік өнері Абилбакиева Ғ. Т
publications -> 1903 жылы Санкт-Петербургте «Россия. Біздің Отанымыздың толық географиялық сипаттамасы» деп аталатын көп томдықтың XVІІ томы қазақ халқының тарихына арналып, «Киргизский край» (Қазақ өлкесі) деген атаумен шықты
publications -> Олжастанудың деректі көздері
publications -> Өмірде өнегелі із қалдырған, халықаралық қатынастар факультетінің тұңғыш деканы Гүлжауһар Шағатайқызы Жамбатырова
publications -> С. торайғыров мұрасының ТӘуелсіздік тұсында зерттелуі
publications -> Жамбыл жабаевтың арнау өЛЕҢдері сағынған Назерке Берікқызы
publications -> Ш.Құдайбердіұлы және М.Әуезов шығармашылығындағы тұтастық Нұрланова Әсем Нұрланқызы


Достарыңызбен бөлісу:




©engime.org 2020
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет