Тұрсын Жұртбай: Қазақ әдебиеті «Абай жолы» романынсыз қалар еді



Дата05.11.2016
өлшемі125,34 Kb.
#557
Тұрсын Жұртбай: Қазақ әдебиеті «Абай жолы» романынсыз қалар еді

Қазіргі таңда жұрт: Абай десе – Әуезовті, Әуезов десе – Абайды қатар атайды. Қазақ халқын барша әлемге танытқан бұл эпопеяның жазылу тарихы жайлы айтып берсеңіз.

– Мұхтар Әуезовтің «Абай жолы» эпопеясы қазақтың көркем ойын бүкіл әлемге жеткізген шығарма. Ол туралы Ш.Айтматов: «Біз дүниежүзілік мәдениеттің биігіне Әуезов шыққан шыңнан қараймыз... Біз бұны түркі жұртының әлемдік өркениетке қосқан үлесі деп мақтана аламыз», – деп баға берген. Роман қазақ халқының ғана емес, бүкіл түркі халқының мақтанышына айналып отыр. Бұл шығарманы тек Әуезов қана осындай деңгейге көтеріп, осылай жаза алды. Ғасырлар бойғы қазақтың көшпелі мәдениеті Абайдай дарынды қалай ұзақ толғатып тудырса, Әуезовті де сондай дайындықпен толғатқан және «Абай» романын жазуға жан-жақты дайындап әкелген. «Абай жолы» романы тек М.Әуезовтің талант сыбағасына тиесілі. Жалпы көркемдік тарихи пайымдау тұрғысыан алғанда, Әуезовтің деңгейіне ешкім де жетпек емес. Абайды Әуезовтей жан-жақты зерттеп, зерделеп, бірде астарлай мекзеп, бірде жорта сынай отырып жазған ғалым жоқ. Әуезовтен кейін де Абай туралы жазғысы келген адамдар болды. Олар ұсақ оқиғаларды тілге тиек етіп, жекелеген тұстарда ғана абайтанудың әр түрлі мәселелері бойынша пікір дамыта алды. Бірақ оның өзі «абайтану» деген алып бәйтеректің бір бұтағының бүршігі іспетті. Егер әркім осылайша бүршіктей болса да үлестерін қосып, зерттесе, кез-келген ғалым өзінің ғылыми мұратына жетеді деп айта аламын.

М.Әуезовке Абай арқылы, Абай образы арқылы бүкіл қазақ халқының өткен тарихы мен дәстүрін, арман-мүддесін жеткізсем деген ой бала жастан келген еді. Кішкентайынан Абайдың тағылым тамырынан нәр алып, өлеңдерін, қара сөздерін жаттап, Абай оқыды деген еуропа мен шығыс әдебиеттерін түгел оқыған. Семейдегі орыс мектебіне келгенше шығыс әдебиетін толық біліп, бағамдаған. Ол алғашында Абай туралы жекелеген пікірлер жинақтап, өмірбаяндық деректер іздестірді. Көкбайдан, Ділдәдан, Әйгерімнен, сондай-ақ Абайдың замандастарынан мол мәлімет жинады. Жиналған әр дерек Әуезовтің санасына сіңіп, табиғи көркем танымының қайнар көзіне айналды. Сондықтан да ол қазақтың тіршілігін, Абай заманындағы трагедияларды, қақтығыстарды, көшпелі дала сырын өте терең түсінген.

Әу баста Мұхтар Әуезов Абай туралы екі кітап жазумен шектелмек болған. Бірінші кітаптің атын «Телғара» деп қойған. Кітаптың алғашқы нұсқасы «Татьянаның қырдағы әні» деген атпен 1936 жылы жазылып, 1937 жылы қазақшадан орысшаға аударылып шыққан. Мұхтар романға 1938 жылдың аяғы 1939 жылдың басында түбегейлі кіріседі. Осыған байланысты Әуезовтің: «өзіңнің айтатыныңды айта алмай, арманыңа қолың жете алмай кететініңді сезгеннен артық трагедия жоқ екен. Сондай күйді басымнан кештім. Енді Абайға кірісемін. Материалым толық»,- деген сөзі бар. Ол осы жолда талай қиын-қиын кезеңдерді артқа қалдырып, 1940 жылдың күзіне қарай «Абай жолының» бірінші кітабын толықтай жазып бітіп, баспаға ұсынды. Бірақ кітап араб қарпінде жазылғандықтан, кириллицаға көшіргенше біраз уақыт кеткен. Сол екі ортада соғыс басталып кетіп, кітап шегеріліп, жоспардан алынып қалған. Осы кезде қазақ әдебиетінің және Әуезовтің бақытына орай Мәскеудегі баспасөзде қызмет істейтін

Бейсембай Кенжебаев қазақ баспасына бас редактор болып келеді. Ол терімде жатқан, бірақ жоспардан алынып тасталған «Абай» романын ешкімге айтпай, баспаханаға жіберіп, тергізіп, оның редакторлығына сол кездегі жас жігіт Қуандық Шаңғытбаевты бекітеді. Осылайша екеуі жасырын, жабық жағдайда кітаптың жарыққа шығуын жүзеге асырады. Кітаптің алғашқы сүйінші данасы шыққан күні «Социалистік Қазақстан» газетіне рецензия жарияланады. Романның шыққанын жұрт сол кезде ғана біледі. Әуезовтің қолына да кітап сол күні тапсырылған. Міне, осылай құпия түрде ұрланып жасалған жақсылық Бейсембай Кенжебаев секілді халықшыл адамдардың харекеті арқасында жүзеге асқан.

Бұл романды жазуына Абайдың «байдың баласы» болуы кедергі болмады ма?

– Әуезов «Абай» романын қиыннан қиыстырып, көркем шындық дәрежесіне көтерді. Абайдың жеке шығармашылығы, «бай баласы» туралы айтыстар 1920 жылдары болған. Бұл Абайдың жеке басына қатысты Кеңес үкіметінің алғашқы жылдарында болған дербес мәселе. Ал негізі, Абайды жазуға тыйым салынып, Абайдың жеке басын жазбау керек деген әңгіме болмаған. Абайды көркем бейнелеуге қатысты мәселелер мен сол кездегі қарама-қайшылықтар, таптық, партиялық тұрғыда болған кедергілер – мүлде басқа нәрсе. Ол жазушылық шеберлік пен жазушының көркемдік әлеміне қатысты.

1942 жылы «Абай» романы жарыққа шыққан соң, талқыға салынып, өзгертулер енген екен. Кейіпкерлер образына қатысты қандай өзгертулер еніп еді?

– Ол кездегі талқы Әуезовтің «Абай» романын жазудағы және Абайдың өмірін көркем игерудегі ізденістері мен көзқарастарына байланысты болған.

Алғаш роман шыққанда «соғыс кезінде, қиын-қыстау кезеңде Абай туралы роман неге шықты?», «соғысқа қатысты материалдар шығуы керек қой», «бұл баяғы өткен тарихты қозғайтын роман» деген әңгімелер бас көтерді. Бірақ «Социалистік Қазақстанға» шығып кеткен рецензия және сол тұстағы майдандағы жауынгерлерден келіп жатқан хат осы мәселенің түбегейлі қудалануына бөгет болды. Романды сол кездің ең сыншыл жазушысы Ғабит Мүсірепов талдап, өз пікірін айтқан. Оның «Абай» романы туралы мақаласы, ондағы айтылған пікірлер күні бүгінге дейін «Абай жолы» романының идеясын, оның көркемдік бағытын, тарихи шындық пен көркемдік шындық арасындағы арақатынасына түсінік берген бірден-бір негізгі, тұлғалы, тұжырымды пікір болды. Алайда барлығы осымен бітпей, 1943 жылы наурыз айында тағы да осы әңгіме төңірегінде үлкен мәселе көтеріліп, талқыға түседі. Онда «қазақ әдебиетіне Құнанбай образы керек пе?», «Абай жолы» қандай роман?», «ондағы Құнанбайдың образы қандай бейне?» деген айтыстар басталды. Міне осы тұстағы айтыс М.Әуезовтің өзі жоспарлаған әуелгі негіздерінің өзгеруіне ішінара сюжеттік, идеялық, образдық тұрғыдан өзгертуіне, кейіпкерлердің орын алмастыруына түрткі болған. Осы талқыдан соң Әйгерім мен Құнанбайдың образдарына қатысты өзгертулер енгізген.

Сонда жазушы Абайдың кіршіксіз бейнесін жасап шығу үшін Құнанбай мен Ділдәнің бейнесін «құрбандыққа шалуға» мәжбүр болған ба?

– Сыншылар Құнанбай бейнесін қатты сынағандықтан, жазушы оны барынша қатыгез, қатал, Абайға қарама-қарсы бейне ретінде көрсетуге мәжбүр болды. Романды оқып отырып, Құнанбай болмаса, Абай өмірлік мақсатына жететін еді деп ойлайсың. Онда Абайдың бүкіл ісіне қарсы болып отырған тек қана Құнанбай болып көрсетіледі. Құнанбайдың қарымы, жүргізген билігі, шығарған үкімі Абайға қарсы бағытталған сияқты. Ал тарихи шындыққа келсек, Абай ешқашан да өзінің әкесі Құнанбайға қарсы шығып көрген емес. Иә, әке мен бала арасындағы кейбір түсініспеушіліктер, Құнанбай тұрғысынан берілген бағалар да бар. Бірақ әкесі баласына сын айтпасын деген ұғым жөнге келмейді ғой. Біз таптық қайшылықты Құнанбай мен Абайдың ортасындағы қайшылық деп қарамауымыз керек. Керісінше, әке мен бала арасындағы бір-бірін түсінісу, балаға өзінің білгенін сіңіру тұрғысындағы, ақыл тұрғысындағы әкелік көзқарас деп ұғуымыз керек. Негізі, Абай Құнанбайдың арқасында ақындықтың биік шыңына көтерілді. Құнанбай 1886 жылы қайтыс болғаннан кейін Абай: «Қартайдық, қайғы ойладық, ұлғайды арман» деп жырлаған болатын. Сондай-ақ «Жасымда ғылым бар деп ескермедім» деген өлеңі де сол кезде шыққан. Абай әкесі дүниеден озып кеткеннен кейін барып өзін жалғыз сезінген. Ақынның жалғыздығы осы кезден басаталады.

Байқасаң «Абай жолы» романының тағдыры өте күрделі болды. Мұндай талқыға түсіп, әр сөзі, әр сөйлемі, орыс тіліндегі қазақ тіліндегі нұсқасы болсын аңдылып, талданып, сөйлемдерден астар іздеген, қатты бақылауға алынған шығарма қазақ әдебиетінде болған емес. Ол кезде социалистік реализмнің үш түрлі талабы болды: таптық сипат, партиялық принцип және социалистік мазмұн. Соның ішінде интернационалдық және орыс халқы қазақ халқының рухани асыраушысы деген қағида тағы бар. Міне осы тұрғыда роман үлкен талқыға түсті. Романның бірінші кітабында Абайдың сүйікті жары ретінде Ділдә көрсетілген болатын. Әйгерім болса жағымсыз образ санатында көрстетілуі тиіс болатын. Осыған байланысты «Әйгерім кедейдің қызы. Ол жағымсыз болмауы керек» деген айтыс басталады. Осы мәселені Әлжаппар Әбішев басты талап етіп қояды. Бұл Әлжекеңнің естелігінде де бар. «Абайдың махаббаты кедейдің қызы Әйгерім болуы керек. Оны шын сүйіп үйленген жары етіп жазса, Абайдың демократтығы ашылады»деп романдағы кейіпкерлерді сол кездегі таптық принцип заңдарына мәжбүрлі түрде сәйкестеген. Егер де Әйгерім жағымсыз образ болып көрінетін болса, онда «Абай жолы» романының алдағы уақытта жариялануына тосқауыл қойылатын еді.

Сонымен қатар Құнанбай Меккеге бара жатқан кездегі Абайдың әкесіне жол көрсетіп, сүйсіне отырып шығарып салуы да сынға ілінеді. Орталық Комитетінің нұсқаушысы Поликарпов өзінің баяндамасында: «Абай жолы» романына қараса, қазақтар коммунизмнен өтіп кетіпті; қазақтарға октябрь революциясының қажеті жоқ екен; орыстардың ілгергі революциялық рухы жеткізілмеген; Кенесарының ұлт азаттық көтерілісін Абай да, Әуезов те жақтайды; бай балаларының махаббаты көрсетілген; буржуазияшыл роман» деп айып тағады. 1953 жылы «Казахстанская правда» газетінде үлкен мақала шығып, талқылауға ұласады. Егер сол кезде жаңағы «Казахстанская правданың» айтқаны расталып кетсе, онда қазақ әдебиеті «Абай жолы» романынсыз қалар еді. Сол себепті де романға кезінде күрделі өзгерістер енгізілді. Мысалы, Шәкәрімді Керім образында көрсетеді. Сол образ романда жақсы дамып келе жатады да аяқ астынан Дәрмен пайда болады. Оны үшінші кітапта толысқан ақын ретінде көрсетеді. Шын мәнінде бұл көркем шығарманың ережесіне сәйкес келмейді. Көркем шығармаға дайын кейіпкерді бірден әкеле салуға болмайды. Бұл жазушы үшін үлкен сын. Ал Мұхтар болса мәжбүрліктен кедейдің баласы болғандықтан Дәрменді Шұбардан оздырып, жақсы етіп көрсетеді.

Кітаптың Москвада шығып жатқан орысша басылымдарын өзгертіп барып, қазақша нұсқасына сәйкестендіріп шығарған. Сол өзгертулер мен сындардың нәтижесінде роман төрт кітапқа созылады. Онда жазушы Абайдың өміріне қатысты оқиғалардан ауытқып, романға саяси астар береді.

Романды тарихи шындықтан гөрі көркемдік шындыққа жақын деп жатады...

– Мұнда үш көркемдік шындықтың желісі бар. Бірінші, романның әке мен баланың арасындағы қайшылыққа құрылуы. Бұл әке мен баланың арасындағы қайшылық революцияға алып келеді деген сол кездегі идеологияның ықпалы. Бұл шындық емес. Екінші, романға Абайды өсіретін қарам-қарсы күштер қажет болды. Үшінші, Әуезов Абай бейнесі арқылы қазақтың жан дүниесін бүкіл әлемге танытатын еш кілтипансыз, кіршіксіз, бейне жасағысы келді. Ол осы тұрғыда тарихи шындықты толық және еркін пайдаланды. Менің ойымша, қазіргі қазақтың оқырмандарында бір қате түсінік бар. Өкінішке орай әдеби теоретиктеріміз де сол түсінікті ұстанады. Олар Абайдың өмірін «Абай жолы» эпопеясындағыдай етіп баяндап береді. Бұл сауатсыздық. Тарихи шындық біткен жерден көркем шындық басталады. Тарихи шындықтың басын қосып, көркем оқиғаға ұластырып, қиыннан қиыстырып баяндау көркем шындықтың басты шарты. «Абай жолы» романында тарихи, өмірлік шындық ретінде өмірден алынған, өмірлік оқиғаны тура баяндайтын бірде-бір оқиға жоқ. Ал көркем шындық тұрғысынан алғанда «Абай жолының» бір сөзі де өтірік емес, нағыз тарихи көркем шындық. Ондағы баяндалған оқиғалар Абайдың тікелей өз басынан өтпегенімен де, Құнанбайдың басынан өткен, яғни көшпелілер әлемінде болған оқиға.

Қодар мен Қамқа оқиғасы Абай дүниеге келмей тұрып болған екен. Жазушының бұл оқиғаны романға кіргізуінің себебі неде?

– Қодар – Қамқа оқиғасы 1830-1834 жылдар аралығында болған. Әуезов:

«Қодар Қамқа оқиғасын Абай естіген болуы керек», – деп топшылайды. Жазушы бұл оқиғаны оқырманның көңілін өзіне аударып, Абайдың жанын түршіктіретін қоғам қайшылықтарын көрсету үшін беріп отыр. Сол себепті де бұны Абайдың өз басынан өткізіп отыр. Абайдың жеке өміріне қатысты шындық болмағанымен көркем шығармаға тән, өмірлік, тарихи шындық. Сондай-ақ Базаралы мен Абай ілтипатты, ізетті, бір-біріне берілген дос болған емес. Романда Абай Базаралы итжеккенге айдалып кеткенде қорғап, қорғаушы жалдап, соның жағында жүреді. Міне, дәл осы жайт – социалистік реализм мен таптық белгінің, партиялық принциптің әсері. Базаралы тақымы кеппеген барымташы. Оны сегіз жүз жылқыны барымталап, бір күннің ішінде сойып тастағаны үшін және ұрлығын тыймағаны үшін соттатып отырған Абайдың өзі. Оның ұрлаған сегіз жүз жылқысын екі есе етіп төлетуге үкім шығартқан да Абай. Мұхтардың өзі: «Содан кейін төңкеріске дейін Жігітек руы басын көтере алған жоқ», – дейді. Базаралының айдалғаны, барымта жасағаны өмірлік шындық. Оны айдатқан Құнанбай емес Абай.

Егер, жазушы Абай өмірінің ұсақ-түйек оқиғаларын ғана алса, «Абай» романы шықпас еді ғой. Онда роман өтірік пен өсектің, жалған намыстың соңында кеткен шығарма болып қала берер еді. Ал Әуезовтің басты мақсаты ақындық рухты көрсету. Ол: «Мен тарихи романдарымды, Абайдың ұлы тұлғасын көрсетуге арнадым. Менің басты мақсатым, Абайды қазақтың ұлы ақыны, идеалды кейіпкері ретінде әлемге таныту. Сол жолда барлық тарихи шындықты пайдаландым және ол шындықтардың барлығын көркемдік шындық ретінде өзінің өлеңдерінен алдым»,– дейді. Қалай болғанда да көркем әдебиеттегі Абай образы бір басқа, романдағы тарихи шындық бір басқа.

Романда Құнанбай мен Шыңғыс Уәлихановтың таныстығы айтылмайды. Неге бұл жайт романнан тыс қалып қойған?

– Құнанбай Шыңғыс Уәлихановпен таныс болған. Құнанбайды Омбыда мырзақамақта жатқанында кепілдікке алып, іс біткен соң генерал губернаторға өзі кепілдік жазып, еліне шығарып салған Шыңғыс Уәлиханов. Олардың өтініш хатын жазған сол кезде Омбыда жүрген Шоқан болуы мүмкін. . Ал бұл жайттың романға кірмей қалу себебіне келер болсақ, бұл роман үшін артық оқиға. Егер Құнанбайды Батыс Сібір генерал губернаторының дала істері жөніндегі бас кеңесшісі, полковник, хан тұқымы Шыңғыс Уәлихановтың өзі кепілдік беріп, шығарып салып отырса, онда романдағы тартыс қайда кетеді? Оны біреу тамыр-таныстықпен шығарып алса, мырзақамақта жатып алып үйленіп жатса, Құнанбайдың образы өспей қалады ғой. Онда ол қандай образға қызмет етпек? Романның тартысы, оның шешілуі, образды ашу сияқты шарттар бар. Міне, тарихи деректерді іріктеу деген осыдан шығады. Көркемдік шындық дегеніміз қырық шындықтың басын қосып, бір шындықтың қисынын келтіру. Бұл көркем шығарма, бұл өнер. Ал романда Құнанбай майырды желкесінен басып тұрып, құжаттарды өртетіп жіберіп, пара беріп шығады. Мұнда Құнанбайдың образы тіптен биіктеп тұр емес пе? Сонымен қатар романда бұл оқиға желісін Омбыға апармай, Керекуде өткізеді. Менің «Абай жолы» роман эпопеясында бірде-бір өмірлік шындықты баяндайтын шындық жоқ деуім де осыдан. М.Әуезовтің бұл романындағы әрбір сөз, әрбір сөйлем тарихи, көркем шындық. Қай оқиғаны қай жерде қалай пайдалану жазушының еншісінде. Тігісін бүгіп тіксе де, күрмеп тіксе де өз еркі.

Біз «Абай жолын» оқығанда Құнанбайдың тағы бір әйелі Айбөбек есімін кездестірмеген едік...

– Құнанбай Омбыда бес алты ай мырзақамақта жатқанда онымен бірге жан-жақтан келген болыстар мен билер бірге жатады. Онда айлап жатқандықтан да күтімдері келіспейді. Сондықтан билер мен болыстар үш уақыт тамағы мен кірін жуып тұратын адам керек деп шешіп, араларындағы ауқатты, әулеттісі Құнанбайға әйел алып беруді жөн көреді. Сөйтіп, Құнанбай Омбының бір қызымен некелеседі. Кейін мырзақамақтан шыққан соң, қиын кезде сүйеу болған әйелге Құнанбайдың назары ауып, өзімен бірге Шыңғысқа әкеледі. Бірақ Айбөбекті Құнанбайдың айналасындағылар қабылдамаған. Өкінішке орай ол күндестіктің құрбаны болып, белгісіз жағдайда қайтыс болады. Жуас қыздың артынан іздеп келетін адамы болмай, бұл оқиға сол күйі тыныш жабылып қалады. Ал одан қалған бала жоқ. Бұл туралы Әуезов білуі мүмкін. Құнанбайға қатысты тағы бір шындық бар. Құнанбайдың Нұрғанымнан туған ұлы болған. Ол ұл қазандық жағалап жүргенде отқа күйіп өлген екен. Оның да өлу себептері жұмбақ. Мен бұл материалдарды Тұрағұлдың қызы Мәкен апайдың ауызекі естелігі арқылы айналымға түсірдім.

Мұхтарды сынаушылар көп болған. Оны қудалаған сыншы содырлар кімдер еді?

– Кезінде алаш зиялыларын қудалап, ұстап берген адамдар Мұхтардың да аяғынан шалды. М.Әуезовтің соңына түсіп, тыңшылық еткен адамдар болған. 1930 жылы түрмеге түскенде Әуезовті қаралаушы редакторы болған Әбдірахман Байділдин. Соның әртүрлі жаласымен Әуезов 1930 жылы түрмеге қамалады. Ал елуінші жылдардағы қудалауды ұйымдастырып отырған КПСС орталық комитеті. Олардың әр жақта өз тыңшылары болған. Әуезовті қудалатқан Суслов, «Правданың» Қазақстандағы тілшісі Черниченко, «Казахстанская правда» газетінің редакторы болған Никитин, орындаушылар Брагин мен Кузнецов сияқты бір топ адамдар. Тек осылар ғана емес, қазақтың өз ішінде де адам ауызы бармайтын істерге барғандар бар. Тарих мұндайларды қалай ақтайды? Оның жолын білмеймін. Алайда ар-ождан тұрғысынан алғанда, кешірім бола қоймас деп ойлаймын. Мұндай үкімді айту – бізге де ауыр. Бұл идеологияның табы. Бұл заман талқысынан кейін ұлт зиялыларының қатары өрттен кейін аман қалған жалғыз қарағайға ұқсап сиреп қалды. Соның бірі Мұхтар Әуезов еді. Тірі қалуы тірі қалғанымен, заман талқысы зықысын шығарып-ақ кетті. Енді сол бір жанталасқан заманның зауалын басынан кешуіне тура келді. Басқа түскен соң пенде шіркін көнеді екен. Көнді де.

Олар Әуезовті көре алмағандықтан сондайға барып отыр ма?

– Оларға Әуезовке шендесу, теңесу қайда?! Ондай болса артында мардымды бір дүниелері қалуы керек қой. Олар идеологияның туын ұстаған, қасақана айдауға ерген адамдар ғой.

Әуезов ішіндегі бар айтқысы келген ақиқатын айта алды ма?

– «Абай жолында»: «Уа, қу, кер заман! Менің маңдайыма сені берді ғой. Адымымды аштырмадың. Қашан еркіндік бересің?!» деген Абайдың сөзі бар. Автор мұнда Абайдың аузымен өз ойын жеткізіп отырған жоқ па?! Егер кейін өзгертулер енгізілмеген болса, бұл роман дәл осындай биік дәрежедегі Абай айналасындағы көркем шындыққа құрылған роман болар еді. Ал кейін қосылған өзгерістер тағдыры мылтықтың ұшына ілініп тұрғанда зорлықпен жазылған.

Абай мен Мұхтардың арасында рухани үндестік бар сияқты...

– Рухани тұрғыдан алған кезде Мұхтар Әуезов – Абай Құнанбаевтың тікелей рухани жалғасы. Оған алты жасында Абай: «Әй жарайсың! Әжесінің қара шоңқасынан бірдеңе шығады екен ғой! Жүректі бол!» деп батасын берген екен. Егер Мұхтар Абай өскен ортада өспесе, Мұхтардың таланты да дәл осылай ұшталып, кемеңгерлік деңгейге көтерілмес еді. Ол он жасқа жеткенше Абайдың өлеңін жаттап, қара сөздерінің астарын білген. Ал мұндай жаста Абай өлеңдерінің мазмұнын түсіну екінің бірінің қолынан келе бермейді. Әуезовтің көрген, білген, сүйген данасы Абай ғана. Ол Абайдың рухани түбірі.


Сұхбаттасқан Сабина Зәкіржанқызы

Достарыңызбен бөлісу:




©engime.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет