«Шығармадан бастап, автордың жеке басына» әңгі таяқ ойната жөнелетін «және сөзінің соңы міндетті түрде авторға қылмыстық айып тағумен аяқталатын».
Сондықтан да бұл майданда жеңіліп қалуға болмайтын, жеңілген адам жентектеліп қана қоймайды, түрмеге қарай бет алатын.
8.
Ұлы Отан соғысының алғашқы ауыр кезеңінде кеңес көсемі «ұмытқан құдайын» есіне түсіріп, әр ұлт өкілдерінің намысын ояту үшін кәдімгідей әруақ шақырып, ұран тастады. Қазақтар да Қобыланды мен Алпамысты, Абылай мен Кенесарының әруақтарынан қолдау іздеді. Осындай намысты тұста М.Әуезов те «ескі тақырыбын еске түсіріп» «Науан» атты пьеса жазуға ынта қояды. Театрға берілген тапсырыстың түсініктемесінде:
«М.Әуезов. «Науан». Тарихи-ерлік рухты тақырып етіп алған «Науан» пьесасында Науанның (ХІХ ғасырдың 40-жылдары сұлтандарға қарсы ұйымдастырылған халық көтерілісінің көсемі Сарының ( Кенесарының – Т.Ж.) кенже бауыры) соңына түскен өз туысы отыз сұлтанмен және байлармен күресі бейнеленеді. Науанның дұшпандары оған тұтқиылдан – жалынды да өжет, әрі батыр, әрі ақын жас бозбала өзінің сүйіктісі Қаншайымның ауылында сауық құрып жатқан кезінде шабуыл жасайды. Алайда ержүрек Науан шешуші сәтте аса шиеленіскен рулық тартыста да, қарулы шайқаста да жеңіп шығады. Науан мен оның жасауыл серіктері өздерінің күрестері арқылы сатқындардан, зорлықшылардан және халықтың кәнігі дұшпандарынан отанды қорғау керек – деген жарқын идеяны паш етеді. М.Әуезовтің «Науан» пьесасы өзінің жазылу мәнері жағынан романтикалық-ерлік рухтағы музыкалық туынды болып табылады»,– деп көрсетілген.
Алайда бұл туынды толық аяқталмай «тапсырысты орындауға ұмтылған» ниет күйінде қалған сияқты. Оның орынын Ә.Әбішевпен бірігіп жазған «Намыс гвардиясы» толықтырды. Шындығына көшкенде, «Науанның» жазылмай қалғанына да тәубә. Өйткені 1943 жылы кеңес шекарасы жаудан азат етілген соң кеңес идеологтары ұлттық сананың күшеюінен сескеніп, әдебиет пен мәдениет саласына бағытталған жаңа жазалау саясатын ойластыра бастады. Одан қаперсіз СССР Ғылым Академиясының қазақ бөлімшесі «Кенесары Қасымов бастаған қазақ халқының көтерілісі туралы» кеңес өткізді (баяндамашы Б.Сүлейменов). М.Әуезов Е.Исмаиыловтың Кенесары көтерілісінің әдебиеттегі көрінісі жөніндегі диссертациясы туралы:
«Кенесары Қасымовтың көтерілісінің алғышарттары туралы тарау тым шұбалаңқы, Кенесары Қасымовтың көтерілісіне тікелей қатысы жоқ, тақырыптан тысқары мәселені қамтыған ұзақ сілтемелер келтірілген. Қазақ халқын патшалық отарлық қанауынан бастау керек еді. Негізгі мәтінді шектен тыс басы артық қалмақтар мен экспедицияның жасақталуы туралы деректермен қампитудың қажеті жоқ еді, сондай-ақ Алексей Михайловичтің патшалық құруының тарихының да керегі жоқ, олар басты өзекті тақырыпты игеруге бөгет жасайды...»,– дей келіп, кандидаттық миниумды тапсырмастан қорғауға жіберілсін деген ұсыныс айтты.
Ұсыныс қабылданды. Е.Ысмаиылов кандидат атанды. Алайда оның қызығын толық көріп үлгермеді. 1944 жылы «Едіге» жыры» мен Шамбек Накиннің «Едіге» пьесасы туралы СОКП-ның Орталық комитетінің қаулысы шығып, әдебиет пен өнердегі ұлтшыл-патриоттар әшкереленді. Тіпті Бауыржан Момшыұлы мен Мәлік Ғабдуллин сияқты майдандағы батырлардың хаттарына дейін қарғыға ілінді.
Мұндай науқаннан шығармашылық одақтар тыс қала алмайтын. Ерікті-еріксіз Сәбит Мұқанов 1944 жылы 9-қыркүйек күні өткен Жазушылар Одағының пленумында «Қазақ әдебиетінде көрініс берген кейбір мәселелер туралы» баяндама жасады. «Едіге» дастаны туралы Қ.Жұмалиевтің зерттеулеріндегі «тарихи қателіктерді» сынай келіп, Л.Соболев пен М.Әуезовтің «Қазақ әдебиеті мен фольклоры» туралы бірігіп жазған қырқыншы жылғы мақаласына баса тоқталып, әдеттегісіндей «саяси айып тағумен» аяқтады. Б.Кенжебаев – хандардың қорғаушысы, Е.Исмаиылов – С.Торыайғыров, Ғ.Қарашев, Б.Күлеев сияқты алашордашыл ақындардың ақтаушысы, М.Әуезов – солардың дем берушісі ретінде «жарлық» шығарды. Енді ғана «қарғыстың қарғыбауынан» құтылған М.Әуезовке бұл қатты соққы боп тиді, алдыңғы жақсылықтың ізін көмескілеп жіберді әрі алдағы күдікті күндердің көмескі күмәнін елестетті.
С.Мұқановтың бұл банядамасының қолжазба нұсқасы архив сөресінде қалғандықтан да, тақырыпқа қатысты жерлерінен барынша толық үзінділер келтіреміз:
С.Мұқанов «...Біз орыс халқын өзіміздің аға туысқанымыз ретінде есептейміз. Сондықтан да КБ(б)П ОК-нің қаулысын біздің одағымыздың халықтарының қасиетті мүддесі ретінде қабылдаймыз және одақтың басқа да жазушыларын осындай зиянды қателіктерден дер кезінде сақтандырған шара деп қабылдаймыз.
Едіге бейнесін көрсетуде біздің қазақ әдебиетімізде де қателіктер бар. Өткен жылы жазушы жолдас Қажым Жұмалиев «Едіге» атты пьеса жазды. Бұл пьесаны Жазушылар Одағы мен өнер комитеті қолдады. КБ(б)П ОК-нің аталған қаулысы бұл пьесаға қолдау көрсетудің қате екендігін ашып берді. Жолдас Қажым Жұмалиев өзінің «Едігесін» жазуда өте жақсы мақсатты жетекшілікке алды. Жазушының мақсаты: тамыры сонау ХІV ғасырдан басталатын қазақ пен орыс халықтарының достығын көрсету, олардың сол дәуірдегі ынтымағын бейнелеуге ұмтылу және орыс пен қазақ халықтарының бұл достығы арқылы олардың неміс басқыншыларына қарсы күресін ашу болып табылатын. Қажым Жұмалиев өзінің осындай жақсы ниетін жүзеге асыру барысында мынадай тарихи және саяси қателіктер жіберді:
Достарыңызбен бөлісу: |