Тұрсын ЖҰртбай «Ұраным алаш!»



бет19/271
Дата22.12.2021
өлшемі10,61 Mb.
#440
түріБағдарламасы
1   ...   15   16   17   18   19   20   21   22   ...   271
Қайталап айтамын, менiң достарымның шүйiркелесуi осы iске тiкелей қатысты екен. Оны көрсетiлген оқиға бойынша обкомда шешiм қабылдағаннан соң барып Әуезовтің өзi маған айтты.

Бiрақта бұл iстiң ресми емес екiншi бір астары бар екендiгiн Қостанайға жүретiн күнi Сәдуақасовтан бiлдiм. Ол маған: «Обкомның шешiмi арқылы бекiтiлген қаулыдағы аштыққа қарсы күрес жұмысын жүргiзумен қатар, барған уәкiлдер жергiлiктi жерлердегi бiздiң қарсыластарымызды, яғни, отарлаушылар мен меңдешевшiлердi орынынан тайдырып, оған қоса кеңестiң 3 съезiне дайындық жүргiзетiн болады»,– деп хабарлады. Осыны айтқан соң ғана Сәдуақасов: «Орынбордағы жаңалықтарды тұрақты жеткiзiп тұр»,– деп өтiндi. Сонымен уәкiлдер елге аттанып кеттi. Қостанайдан Сәдуақасов: «Қостанайдағы пәлен деген еуропалық қызметкерді орынында қалдыру керек, әйтпесе, колонизаторлар оны орынынан ауыстырмақ»,– деп хат жазды».

М.Әуезов (жалғасы): «58-статьяның 7-тармағы бойынша маған тағылған айыпты мойындамаймын, оның үстiне шаруашылық саласындағы iс-әрекеттерiм үшiн тағылған айыпқа менiң мүлдем қатысым жоқ деп есептеймiн және одан үзiлдi-кесiлдi бас тартамын».

Бұған себепкер болған тағы да сол «Қужақтың»:

«Бесінші партия конференциясының жұмысына қарсы ұйымдастырылған (яғни өзін сайлауға – Т.Ж.) Бөкейхановтың, Байтұрсыновтың, Сәдуақасовтың, Досовтың саяси-экономикалық платформасы жасалды»,– деген мәлімдемесі еді.

М.Әуезов (жалғасы): «Өмiрiмде ешқашанда шаруашылық мекемелерiнде қызмет iстегенiм жоқ. Тек қана ағарту саласында жұмыс iстедiм. Бұл арада айтарым, еске алатын бiр мәселе бар: мына айыптауға қарағанда мен ұлтшыл емеспiн, керiсiнше, қаскүнеммiн, әйтеуiр екiнiң бiрi ғана қалуы керек. Бiрақта артта қалған халыққа қызмет ететiн халық ағарту саласында, оның iшiнде сол халықтың өкiлiне зиянкестiкпен шұғылдану намысты әрекет және ақылға қонбайды».

Өткен тарауларда баяндалғанындай, осынау ұшқалақ та таяз ойлы адам талайға кесiрiн тигiзген. «Алаш iсiндегi» аса қауiптi, өзiн де арандатып тынған бұл кiсiнiң өзгеге қазған оры өзiне көр боп бұйырды. Барлық қоясын шығарып, алаш азаматтарын қаралатып алған соң оның өзiн ату жазасына кестi де, тiрi куәнiң көзiн жойды. Тек қана Мұхтарды ғана ажал оғына итермелеп қойған жоқ, өзi танитындардың барлығын шырмауықша шырмады.

Ол енді Мұхтарды басмашылардың қатарына апарып бір-ақ қосты.

Ә.Байділдин (жалғасы): «Бірде ол (Сәдуақасов – Т.Ж.) менің бөлмеме келді. Бұл құрылтай өткеннен кейінгі 11-12 тәуліктің бірі болатын. Ол әңгімені сондай салмақты зілмен бастады. Ол: «Отаршылдар мені қудалауын тоқтатқан жоқ, керісінше, мені партиядан шығарып тастатуы да мүмкін. Сондықтан да бір батыл қадам жасағым келеді, бірақ не істерімді өзім де білмеймін. Әуезов: Ташкентке ауыс, содан әрі басмашыларға қосыласың – деп ұсыныс жасады»,– деді. Әуезовтің бұл ұсынысын қабылдауға қарсы еместігін, бірақта ол туралы менің пікірімді білгісі келетінін айтты.

Мен Смағұлға не айтарымды білмедім. Оның жағдайының сондай қиын екенін және көңілінің қобалжып жүргенін білетінмін. Алайда менің оның дәл осындай ойда жүргенін және баcмашыларға қосылып кетуге келісім бергенінен мүлде хабарсыз едім әрі ондай арандатуға көне қояды деп ойламағанмын. Маған дәл осындай келеңсіз кеңес берген – обком партияның мүшесі және КЦИК-тің (Қазақ Орталық Атқару комитетінің – Т.Ж.) саяси секретары Әуезовтің пікірі түсініксіз, оғаш көрінді. Мен біздің мақсатымызды (ұлт мәселесі жөнінде жүргізіп отырған партияның бағдарламасын) басмашылардың мүддесімен сәйкестендіре алмадым. Мен өзімше, осындай кеңес берген Әуезов әлдебір шірік мақсатты көздеді ме деп ойладым. Сонымен қатар, осы пиғылы арқылы ол Сәдуақасовты құртып, біздің арамыздағы көсем өзі болғысы келді ме екен деп топшылаймын. Себебі: ол кезде біздің мақсатымыз ортақ болса да, әрқайсымыздың жершілдік, рулық тұрғыдан алғанда да жекелеген ішкі мүддеміз бар еді. Әуезов – семейлік, ал біз – Сәдуақасов екеуміз – ақмолалық едік. Соңғы мәселе – Әуезовтің көкейін тескен шешуші мәселе сияқты боп көрінді маған.

Бұл ойымның барлығын Сәдуақасовқа ашық айттым және Әуезовтің ұсынысын қабылдауға түбегейлі қарсы болдым. Мен оған: демалыс алып Мәскеуге бар, одан ауылға барып тынық, жақсылап тұрып демалған соң жұмысыңа қайтіп ораларсың,– деп кеңес бердім. Содан кейін тағы да: мүмкін сен қайтып келгенше басшы адамдардың саған деген көзқарасы өзгерер, сөйтіп бұрынғы жұмысыңды істей бересің – дегенді айттым. Бұған қоса мен: соңғы кезде сенің беделің өте қатты өсіп келеді, жаңа ғана өткен құрылтайда сен өзіңнің жаңа жақтастарыңды таптың, сондықтан да өз болашағың үшін мазасызданудың қажеті жоқ,– деп оны жұбаттым… Келесі күні ол демалыс алды да Мәскеуге жүріп кетті.

Бұл оқиғадан кейін мен Әуезовке күдікпен қарайтын болдым. Ол менің көз алдымда екіжүзді боп елестеді: бірінші Әуезов – партия мүшесі, жауапты қызметкер, ақылды кісі, біздің көзқарасымыздың көсемдерінің бірі, ал екінші Әуезов – бірінші адамның қасиетіне ие, бірақ та, әлдебір астарлы оймен жүрген сияқты көрінді».

Осы мәлiмдемеден кейін Әбдiрахман Байдiлдин туралы қандай да бір «неғылайыны» бар сүйiнштi сөз бiлдiруге бола ма? Әсте.

М.Әуезов (жалғасы): «2) … Ақыр-аяғында Байдiлдиннiң көрсетуiндегi: менi 1921 жылы Смағұл Сәдуақасовқа басмашыларға кетiп қалу туралы кеңес бердi-мiс деген жайға келетiн болсам, мұнысы барып тұрған нағыз өтiрiк, сондықтан да мойындаудан бас тартамын. Өйткенi осы жылы: бiрiншiден, мен Семей қаласында тұрдым, тiптi, Сәдуақасовты көргенiм де жоқ, басмашылар жөнiнде ешқандай да хабарым болған емес. Шындығын айтсам, тура сол жылдары менiң Сәдуақасовқа: колонизаторлармен күрес майданын тастап, барлық ақыл-ойын билеп алған және берiле iстеп жүрген партия мен кеңес мекемелерiндегi тiкелей атқарып жүрген қызыметтi тастап басқа жаққа кете қой деуiм, кеңес беруiм мүмкiн емес. Бұл пәлеқор Байдiлдиннiң маған қарсы бағытталған кезектi ойдан шығарылған жаласының бiрi».

Ә.Байділдин (жалғасы): «…Жоғарыда, мәлiм еткенiмiзден көрiнiп отырғанындай, бұл iс-әрекет кезiнде сәдуақасовшылар өздерiнiң айнымалы екендiктерiн танытты. Олардың бiреуi (Әуезов) алашордашылармен қосылып кетсе, екiншiлерi (Тоғжанов) олардың қол шоқпарына қалай айналғанын өзi де білмей қалды, ал үшiншiлерi (мен сияқты тағы басқалары) олардың iс-әрекетiне белгiлi дәрежеде сын көзбен қарап, өзiн толық пайдалануға жол бермедi (Мысалы: Байтұрсыновтың үндеуiн жарияламадым, т.с.с.)».

М.Әуезов (жалғасы): «Байділдин өзін партияның жолына түскен адам ретінде көрсетуге тырысқаннан бастап барлық жерде мені өзінің сыни нысанасы етіп таңдап алды. Әсіресе баспасөз бетінде қатты белсенділік көрсетті. Өзінің сөздерінде шешендікке салып, тұрпайы марксизмді жамылып, жала жабуға көшті... Ал баспасөзде дерексіз жала жабылды. Мұндай жаланы ол өзінің қызметтегі беделін өсіру үшін пайдалануға тырысты, газеттер мен журналдардың үстінен қарайтын оның жалғыз өзі екендігін көрсетіп қалуға ұмтылды».

М.Әуезов айтқандай, Ә.Байділдин тек «беделін көтеру үшін ғана» қолына қалам алса бір жөн ғой. Біздіңше оның көрсетіндісінің астары бұдан да гөрі терең жатқан сияқты.

Ә.Байділдин (жалғасы): «Бiрақ та бұл екi оқиға (Сәдуақасовтың басмашыларға қосылуы туралы ойы мен менiң мақалама байланысты жағдайлар) осы кездегi бiздiң – Әуезовтiң, Сәдуақасовтың және менiң iс-әрекеттерiмiздi толық айқындап бередi. Әуезовтiң сол кездiң өзiнде-ақ (21-жылдың қарашасы) астыртын байланысы барлығын, дәлiрек айтсақ, алашордашылардан қол үзбегендiгi және контрреволюциялық жоспары болғандығы анық едi. Сәдуақасов екі ортада теңселiп жүрдi де, алашордашыларға қарай бейiмделе бастады, ал мен азды көптi болса да партия ұйымының бағытын ұстадым».

Бұл – «бедел көтеру емес», оның астарында «Советская степь» арқылы ашық мәлімделген:

«Колчактың тұсында, «Алашорданың» Шығыс бөлiмiнiң белсендi қайраткерлерiнiң бiрi ретiнде Әуезов Колчакқа қарсы күреспедi, күрескiсi де келмедi, керiсiнше сол кездегi бүкiл «Алашорда» үкiметi, оның iшiнде Әуезов Колчакпен одақтаса отырып большевиктерге, Кеңес өкiметiне қарсы күрескенi белгiлi... Бiрақ та, Кеңес өкiметi орнаған соң Әуезов сол жаққа шығып, партияға өттi»,– деген шындыққа жақын қылмыстық айыптау жатыр еді.

Бұл шындық па, жала ма? Басқа-басқа, қанша жалақор болса да «Правданың» бетіне жалған деректі жариялауға Ә.Байділдиннің де дәті шыдамайтын.

Бізге салса, әсіресе, «Алашорда» үкіметі мен Әлихан Бөкейханов, Ахмет Байтұрсынов, Заки Валидов тұрғысындағы жауаптарында тарихи деректермен тоғыспайтын тұстар мен пайымдаулар, өмірлік шындықтар бар. Қалай жоққа шығаруға тырысқанымен де, Мұхтар Әуезовтің осы үш тұлғамен де астыртын байланысы болғаны анық. Сонда Мұхтардың Орта Азиядағы басмашылар қозғалысы арқылы Англиямен, Түркиямен астыртын байланыс жасап, қазақ даласында қарулы көтерiлiс ұйымдастырмақ болғаны рас па, жоқ па?

Рас, Мұхтардың өзi түсiнiк бергенiндей, Колчак пен Анненковтiң әскерi Семей қаласын басып алған кезде қазақ зиялыларының астыртын әрекетке көшкенi, Мұхтар мен Әлiмхан Ермековтер шаhарда қалып, ақтарға қарсы күрес жүргiзгенi, кейбiреулерi қолға түсiп, оларды Семейдiң көпестерiнiң көмегi арқылы босатып алғаны, кеңес өкiметi орнасымен 1919 жылдың желтоқсанынан бастап қазақ бөлiмiнде қызмет атқарғаны шындық. Әлiмхан Ермековтiң естелiгi де, түрмедегi жауаптары да мұны толық дәлелдейдi.

Дегенмен де осы арада Мұхтардың өзі де мойындамаған бiр оқиға бар.

Бұрын жазушының өзi де, зерттеушiлер де жасырып келген бiр ақиқат – Мұхтардың «Алаш» партиясының жастар iсi жөнiндегi жауапты адамның бiрi болуы едi. «Алашорда» үкiметiнiң құрамына сайланбағанымен де, партияның идеология саласындағы үгiт-насихат жұмысын, өзi айтқандай, жанын салып iстедi. «Сарыарқа» газетi мен «Абай» журналы «Алаш» идеясының ту ұстар басылымы болды. Сол тұста, Омбы қаласында, 1918 жылдың қазан айында қазақ жастарының құрылтайы өткiзiлдi. Бұл ұйымға Смағұл Сәдуақасов жетекшiлiк еттi. Осы құрылтайға «Алашорданың» Семейдегi шығыс бөлiмшесiнiң жастар өкiлi ретiнде Мұхтар Әуезов қатысып, баяндама жасады. Ол баяндамасы Қызылжарда шығатын «Жас азамат» газетiнiң 15 және 25-қазандағы санында «Ескеру керек» деген атпен жарияланды. Жанартаудай жалындап тұрған Мұхтар бұл құрылтайда батыл пiкiрімен, шешен сөзiмен көзге түстi. Смағұл екеуiнiң танысып, табысуы сол жиыннан басталса кере-тi. Құрылтайда алаш жастарының мiндетi мен бағдары талқыланды. Мұхтар да соған үн қосып:



«Ендiгi халық болумызға ұйытқы болатын нәрсе – құрсаулы әдiл, қатал билiк. Ендiгi хакiмнiң алдында нашар да, жуан да теңшiлiкте болып, белгiлi негiзге құрылған закон болмаса, жуан атаның еркi ел iшiне жүрмеуi керек. Әлi де жуан ата билеп-төстеп, қадiрлi болатын болса, автономия деген, бөлектiк дегеннiң бәрi де сырты бүтiн, iшi түтiннiң iсi болады. Бiрақ мұндай күйдi бұрынғы уақыт көтерсе де, қазiргi уақыт көтермейдi»,– деп құрбыларына көсемдiк жол сiлтеген едi.

Бұл – бұрынғы Ресей империясының астан-кестенi шығып, азамат соғысының аласапыраны басталып кеткен аса қатерлi де аумалы-төкпелi кезең едi. Орыстардың өзi ақ пен қызылға бөлiнiп, адмирал Колчак дербес Сiбiр үкiметiн құрып, тайталасқа түскен шақ болатын. Мұхтар қазақ жастарының құрылтайына қатысқан тұсында «Алашорда» мен Сiбiр үкiметтерiнiң арасында бiр-бiрiн тану туралы келiсiм жүргiзiлiп жатыр едi. Алайда, арада бiр апта өткеннен кейiн Сiбiр үкiметi: «Алашты» да, автономиялық Башқұртстанды да заңсыз – деп жариялап, оларды Колчак үкiметiне бағынуға тиiстi, әскерлерiн таратсын деген жарлық шығарды.

Ашық күнгi найзағайдай әсер еткен бұл оқиға дербестiкке қолы ендi ғана жеткен отар ұлттардың мемлекет қайраткерлерiн дағдартып-ақ тастады. Ақ пен қызылдың қаhарына қатар ұшыраған қазақ пен башқұрт ұлтының сарбаздары аса қиын жағдайда қалды. Мiне, осындай қысылтаяң шақта екi үкiметтiң өзара келiсiмi қажет едi. Қызыл Мешiттегi Башқұрт ұлттық армиясының қолбасшысы Заки Уәлидимен (Валидовпен) жолығуға «Алашорданың» уәкiлдерi де келдi. Заки Уәлиди Тоған өзiнiң 1969 жылы Стамбулда жарияланған «Естелiктерiнде» 1918 жылғы Қызыл Мешiтке келген «Алашорданың» қайраткерi туралы:

«Бiз Ермолаевкада тұрған кезiмiзде, желтоқсанның бiрiншi жартысында өткен, кейiннен бiздiң күрес майданымыздың өзгеруiне тiкелей әсер еткен үш оқиғаны есiме түсiре кеткiм келдi. Бiрiншiсi: тұтқындағы түрiк офицерi Киязим – бей Ташкент қаласындағы үндiстандық либерал-демократ, ағылшындардың дұшпаны – Мавляви Баракатолламен байланыс жасап тұратын... Олар Башқұрт үкiметiне хат жазып, кеңес өкiметiмен келiсiмге келуге шақырыпты... Мұндай тиянақты мәлiметтер бiз үшiн жаңалық едi, сондықтан да кеңес өкiметiмен келiссөздi бастаудың аса қажет екендiгiне бiздiң бiраз серiктерiмiздiң көзiн жеткiздi. Екiншi оқиға – менiң адмирал Колчактың және француз генералы Жанненнiң атаман Дутовқа жолдаған хаттарымен танысуым едi... Ол қағазда Башқұртстан мен Қазақстанның әскерiн шұғыл түрде таратып, менi және басқа да башқұрт қайраткерлерiн әскери-дала сотына беру туралы үзiлдi-кесiлдi бұйрық берiптi... Үшiншi оқиға – «Алашорда» үкіметі өкілдерінің әкелген хабары. Олардың қатарында Ғазымбек Бірімжанов пен жазушы Мұхтар Әуезов болды. Колчак пен оның одақтастары: ұлттық әскер мен ұлттық үкімет құруға қарсы жазалау әрекетіне көшкендіктен де, олар да еріксіз кеңес үкіметімен келісуге мәжбүр болыпты. Кейіннен Ғазымбек Германияға келіп, сонда білім алды, ал отанына қайтып оралғаннан кейін зауалға ұшырады. Мұхтар Әуезов көрнекті кеңес жазушысы болды, алпыс жасқа толған мерейтойы кеңінен аталып өтті, Қазақстан ғылым академиясының академиктігіне сайланды. Ол 1961 жылы дүниеден қайтты»,– деп (277-бет) деп көрсетілген.

Мұхтар Әуезовтің өміріндегі бір құпия оқиға осы. «Алашорданың» атынан кеңес үкіметі жағына шығу туралы өкілдікке баруы Заки Валидовтың «Қатираларыннан» басқа құжаттарда расталмайды. Сол тұста «Алашорданың» Семейдегі Шығыс бөлімі оқшау қалып, қызылдар мен ақ гвардияшылардың, казак атамандарының және жергілікті орыс, қазақ большевиктерінің қыспағында қалып, бірде астыртын, бірде ашық әрекет етіп жүрген болатын. Бұл оқиғалар «Алашорданың» шығыс бөлімінің төрағасы Халел Ғаббасовтың, Әлімхан Ермековтің көрсетінділерінде қамтылған. Мұхтар Әуезовтің Колчак пен қызыл әскердің жазалауынан бой тасалап елге шығып кеткені туралы досы Балтақай Толғанбаевтың естелігі бар. Ал оның Башқұрт үкіметінің Бас штабы орналасқан Ермолаевка селосына құпия баруы алашордашыл жастардың Омбыдағы жиналысына қатысқан тұстарындағы жанама мәліметтермен ғана қосымша расталады.

Егерде әскери жағдай кезінде жол жүрудің өзі өте қауіпті екенін ескерсек, М.Әуезовтің қандай қатерге бас тіккені өз-өзінен түсінікті.

З.Валидов, «Қатира»: «Сол аралықта «Алашорданың» Семейдегі күншығыс бөлімі де таратылды. Оның екі мүшесі Мырзағазы (Сеидазым-? – Т.Ж.) Қадырбаев пен Мұхтар Әуезов наурыз айында Башқұртстанға келді. Кейіннен профессор және Қазақстан ғылым академиясының мүшесі (1961 жылы 27-шілде күні дүниеден қайтты) болған (Мұхтар Әуезов – Т.Ж.) бұдан бұрын, 1918 жылы да Башқұртстанға келген болатын. Бұл жолы оның көңіл-күйі өте түсіңкі екен. Мен оған өзімнің кейбір ойларымды айттым. Иркабаевтің Қиыр Шығысқа баратынын жеткіздім. Өзінің сабырлы және қоңыржай (пассивный) табиғатына қарамастан Әуезов күрестің Түркістанда жалғасын табатынын қызу қолдады, тек қана: «Мұнда сіздерде барлық жағдай бар екен, жақсы қамтамасыз етіліпсіздер. Мұны қалай қиып тастап кетесіздер?»,– деп абыржушылық білдірді. 1959 жылы кеңес өкілдерінің құрамында Нью-Иоркке келген кезінде оған жолыққан қазақ эмигрантының біреуіне: «Сол кездегі қапаспен салыстырғанда Башқұртстан бізге солтүстік шұғыласындай болып көрінді»,– депті.

Бұл – 1920 жылдың көктемінде, М.Әуезов Семей губкомының бұратана ұлт (қазақ) тұрғындарымен жұмыс істейтін бөлімнің меңгерушісі боп тағайындалғанына үш-ақ ай болған кезде өткен оқиға. Демек М.Әуезов Семейден бірден Уфаға барып, қайтар жолда Омбыға аялдаған. Қандай мақсатпен, тапсырмамен барды? Бұл З.Валидовтің «Естелігінде» де, С.Қадырбаевтың да, өзінің де көрсетінділерінде айтылмаған. Әрине, бұл кездесулерді жасырын ұстағаны түсінікті.

Керісінше, М.Әуезов өзінің: басмашылармен және Заки Валидовпен ешқандай байланыс жасамағанын, ол адаммен мүлдем бейтаныс – екенін мәлімдеген. Тергеуге тартылғандардың жауаптарының әрқисынды болуы заңды. Астыртын ұйым жұмысы соны талап етеді. Араға елу жыл өткен соң да З.Валидовтің Бұқарадағы «құрылтайға қатысқан екі қазақ қайраткері әлі тірі» деп олардың атын атамауы да, сол астыртын күрестің заңына бағынғандық.

Алаш азаматтары тергеушіге «қиыннан қиыстырып қандай сылтау айтса да», «Алашорда» қайраткерлерінің Бұқарадағы «Түркістан ұлттық бірлігі» партиясының құрылуына қатты назар аударғаны анық байқалады. Өзге жанама деректерді былай қойғанда, Москвадан бірге шығып, Еділ мен Жайықтың арасында З.Валидовпен қоштасқан А.Байтұрсыновтың және поезда жолыққан Т.Рысқұловтың бұдан толық хабардар болғаны анық. Ал А.Байтұрсыновтың бұл құрылтай туралы Ә.Бөкейханов пен М.Дулатовқа толық мағлұмат бергені еш күмән тудырмайды.

Демек, Ташкенттегі ұйымның биресми төрағасы болып саналатын Х.Досмұхамедовтің де қаперінде бар жағдай бұл. Ал Бұқараға барғандардың ішінде Ғ.Бірімжанов пен Х.Болғамбаев «Алашорданың» өкілетті құзырына ие болған және құпия хатты жеткізген сол екеуі – деп сеніммен айтуға болады. Х.Болғамбаевтің куәлігіне «Алашорданың» мөрі басылғанын, өзінде ондай құқық болмағанын Д.Әділев өзінің көрсетіндісінде атап айтады. Сонымен, «Алашорда» қайраткерлері мен Түркістан, Бұқара, Хиуа республикаларының арасында ынтымақты саяси байланыс болған. Өзінің жасырын өкілдерін жіберу арқылы «Түркістан ұлттық бірлігі» қозғалысының заңды мүшесі ретінде тіркелген деп есептеуге толық негіз бар.

Осы арада толық дәлелденбеген, бірақ шағын топқа ғана мәлім бір жорамал туралы айта кеткенді жөн көрдік. Ол «Қатираларда» аты аталған Мұхтар Әуезовтің астыртын Бұқараға З.Валидовпен жолығуға баруы. Өмірлік деректерде де, тергеу ісінде де, жалпы ауызекі әңгімелерде де М.Әуезовтің «Түркістан ұлттық бірлігі» қозғалысымен байланысы туралы ешқандай мағлұмат та, «сыбыс та» кездеспейді. Мұндай оқиға өмірде болса да М.Әуезовтің оны «мүлдем жадынан өшіріп тастауы» заңды да. З.Валидов жаңылысып, Ғазымбек Бірімжановпен ауыстырып алуы да мүмкін.

Алайда, тура осы жылдары түсірілген бір суреттің сыртына: «Бұқарада, кей түсінікте Маңғыстау мен Хиуада түсірілді»,– деп жазылған М.Әуезов пен Ә.Бөкейхановтың фотосы бар. Онда М.Әуезов қырынан түсірілген және шашын алып тастаған. Сондай-ақ сол жылдары Бұқара мен Самарқанның баспасөзінде алашордашылардың қатарында жарияланған М.Әуезовтің сызба суреті те бар. Қалай дегенмен де біз бұл оқиғаны жоққа да шығара алмадық, шындыққа да жатқыза алмадық. Тек М.Әуезов Ташкентте қоныс аударғанда Қазақстаннан мүлдем күдер үзіп, партиялық билетін тастап кеткені анық. «Аштарға көмек» комитетінің мүшесі ретінде Ғ.Бірімжановпен бірге елеусіз сапармен баруы да мүмкін. Мұндай көңіл-күйдің тұсындағы адамның іс-әрекетін нақты болжау да қиын. Сондықтан да бұл мәселені ашық қалдырамыз.

Бiр таңғаларлық жай: Ғазымбек Бiрiмжанов өзiнiң Германияда оқуда жүргенiнде Заки Уәлидимен жолыққанын тергеушiге баяндап берсе де, Мұхтарға қатысты оқиға жөнiнде ләм-мим демеген. Ал Әбдiрахман Байдiлдин бұл оқиғаларды білген. Өйткені сол кездесуге Ә.Бөкейхановтың адъютанты ретінде қатысып, алаш әскеріне қару-жарақ алып, вагонға тиеген. Бірақ біле тұрып қасақана қағазға түсірмеген. Оған да шүкiр. Егерде жаза қалған жағдайда Мұхтарды тәубесiне келтiрiп, оқиғаны ушықтырып баяндауы әбден мүмкiн едi. Мүмкін өзінің де қауіпсіздігін ойлаған болар. Әлде есі кірді ме?

Заки Уәлидидiң бұл естелiгi отызыншы жылдары жариялана қалса, қазақ ұлты рухани жетiмсiреп қалатыны анық болатын. «Абай жолы» да жазылмай, әлем жұртының алдында еңсемiз аласарып, бақытымызды кiм көтерер екен деп жалтақтап өмiр сүретiнiмiз де кәмiл.


5.
Талант пен тұлғаның тағдыры талқыға түскен шақтағы олардың жандүниесi мен жанжүйесiн түсiну үшiн, енді тергеу барысында тәркiленген бiраз хаттардың ұзын-ырғасымен таныстырып, шағын өмiрбаяндық желi тартамыз. Бұл, бiрiншiден, тұлғалардың өзара тағдыр мен таным тамырластығын байқатады. Ал тағдырсыз тұлға қалыптаспайды. Екiншiден, олардың тiлге тиек етiп отырған ұлттық, мемлекеттiк мәселелерге деген көзқарастарын бiлдiредi. Үшiншiден, Мұхтар Омарханұлы Әуезовтiң ұлттық рухани тәуелсiздiк жолындағы қозғалысқа қатысын және оның кейiнгi өмiрлерiндегi қатпар-қатпар, құбылыстармен қарама-қайшы пiкiрлерiнiң түпкi себебiн ашып бердi.

«Алашорда» мен қазақ мемлекет қайраткерлерiнiң «коммунистiк – колонизаторлыққа» қарсы қозғалысы барынша қуатты күшке ие болған қарбаласы мен жанталасы қауырт дәуiрде Мұхтар Әуезов бұрынғы Санкт-Петербург, сол кездегi Ленинград университетiнде оқуда жүрсе де тарихи оқиғадан тыс қалған жоқ. Ол тiкелей мiнбеде сөйлеп, мақала жазбағанымен де ұлттық сана қозғалысының алдыңғы толқынының ағысында жүрдi (Оған айғақ жетерлiк. Мұны түрмедегi тәркiге алынған құжаттар растайды).

Жат ортада жүрген Мұхтардың да жеке басы аңду мен тiмiскiден азат болмады. Оған Әлкей Марғұланның бiзге айтқан естелiктерi дәлел. Қашан Мұхтар түрмеге түсiп, Марғұлан өзiне-өзi қол салғанша бұлардың соңынан ОГПУ-дiң тыңшысы бiр елi қалмапты. Әлкей Марғұлан марқұм:

«Арнайы орынға тергеушінің атын атап: «Менiң өлiмiме себепкер сол»,– деп жазған қолхатымды алған соң ғана ол сескенетiн болды. Сонда да аурухананы аңдып жүретiн. Мен оның тұрақжайын бiлемiн. Әлi тiрi. Соны бiр қорқытып, шындықты анықтап берiңдершi»,– деп жиi өтiнiш ететiн.

Әрине, кеңес өкiметiнiң өкiлеттiлiгi өктем кезде ол тiлегiн орындау мүмкiн емес едi. Отыз жылға созылған зерттеу iзденiстерiнiң нәтижесiнде мынадай қорытындыға келдiк. Мұхтар Әуезов пен Әлкей Марғұланның соңына тыңшылардың тіміскiлене түсуi – Әлихан Бөкейхановтың СССР Ғылым Академиясының жер мәселесi жөнiндегi ерекше комитетiне қатысуға Ленинградқа келгеннен соң басталған.

«Айыптау қорытындысынан»: «Ташкент қаласында тұрған айыпкер Ә.Ермеков 1928 жылы ақпан айында осы ұйымның мүшесi, Ленинград қаласындағы М. Әуезовке: «Жердi тағы да бөлiске салу, жерге орналастырудағы теңгермелi мөлшердi сақтау – өз жерiңнен өзiң қарақшылықпен қуылған (экспропирация) бұрынғы тәжiрибенi еске салып, бақытсыз халықтың тағдыры үшiн жүрегiңдi қансыратады. Мұндай тәжiрибеге даламыз ендi көне алмайды »,– деп жазды (№ 541784-iс, 5 т., 192-парақ)».

М.Әуезов (жалғасы): «Менiң шаруашылық мәселесiне қатысым туралы жайды тергеушi Попов маған былай түсiндiрдi: Ленинград қаласындағы менiң атыма жолдаған Ермековтiң хатында ол маған Қазақстандағы жергiлiктi халықтың жерге орналастыру барысында қысым көрiп жатқанын жазыпты-мыс. Сұрақ-жауап кезiнде мен тергеушiге онымен (Ермековпен – Т.Ж.) ешқашанда бұл тақырып жөнiнде хат жазыспағанымды айтып, бұл деректi жоққа шығардым. Осы хатқа байланысты мынаны есiме алдым. Ол менiң мекен-жайымды, менiң фамилиямды көрсетiп Ленинградқа хат жазыпты. Iшiн ашып қарағанымда ол хаттың маған арналмағандығын бiлдiм, өйткенi онда менiмен ол сiз деп сөйлесiптi, ал жасының үлкендiгiне байланысты олай жазуы мүмкiн емес едi. Соңынан бiлдiм, ол Әлихан Бөкейхановқа арналған екен, оның Ленинградтағы нақты адресiн бiлмеген Ермеков хатты мен арқылы жолдапты. Осы хатпен танысып шығуларыңызды қатты өтiнемiн».

Сол жылдары елдегi ағайындарынан жасырып, бiрге тұрып жатқан үшiншi әйелi Валентина Николаевна Әуезованың естелiгi бойынша, Әлихан Бөкейхановты Мұхтар Әуезов үйiне қонаққа шақырыпты. Ол кiсi туралы әйелiне көп мағлұмат берiп:

«Қазақтың ұлттық көсемi, нағыз қайын атаң сол. Қалайда риза етуге тырысуымыз қажет. Артық сөз болмасын. Қазiр бұл адам қатты қиналып жүр. Күтiмi келiспей жүр. Көңiлiн сергiтiп жiберейiк»,– деп қадағалап тапсырыпты. Содан жалғыз примусқа от жағып, қазақша ет асып, шай қайнатып, бауырсақ пiсiрiптi. Сонда тұңғыш рет жылқының қазы-қартасын асыпты. Валентина Николаевна қызы Ләйлә Мұхтарқызына: «Ондай зиялы, бiлiмдi әрi мысымен адамды басып жiберетiн қазақты көрмедiм»,– деп сондай бiр инабатпен айтып отырады екен.

Аса мәдениеттi, адамды мысы басып отыратын Әлихан Бөкейханов он бес күндей үйiнде жатқанда Мұхтар өзiн-өзi сол кiсiнiң баласындай сезiнiп, елпек қағып күтумен болыпты. Кейiн ол адамды Мәскеудегi қызы Лиза (Ләззат) келiп алып кетiптi. Бұл адаммен қайтып Валентина Николаевна ұшыраспаған. Ал Лиза (Ләззат) Әлиханқызы қашан Мұхтар дүниеден қайтқанша араласуын үзбеген. Оған Ләйлә Мұхтарқызының:

«Бiр жолы Мәскеудiң үлкен театрына әкем екеумiз бардық. Үзiлiс кезiнде бiр әйел: «Әй, Мұхтар!»,– деп тоқтатып алды да, оған сондай емiн-еркiн, ешбiр қысылып-қымтырылмастан сөйлей жөнелдi. Бiз бiлетiндердiң iшiнде әкемнiң мұндай танысы жоқ едi және ешкiм де онымен дәл осылай бұйыра сөйлеспейтiн. Кейiннен бiлдiм, ол Әлихан Бөкейхановтың қызы, Смағұл Сәдуақасовтың әйелi Лиза (шын аты Ләззат) екен. Сол жолы ол әкеме Смағұл Сәдуақасов пен Жүсiпбек Аймауытовтың романдарының қолжазбасы мен суреттердi бердi»,– деп бізге айтып берген мәліметi дәлел.

Сол қолжазбалар да, суреттер де, өзгедей айғақтар да Мұхтар Әуезовтiң мұражай-үйiнде сақтаулы. Ләйлә Мұхтарқызы Әуезованың аманатымен сол шаңырақтың шырақшысы болған «сүйкімді күндерімізде» біз бұл қолжазбаны ғылымның есігін енді ашқан Дихан Мыңбаевқа (кейін Қамзабекұлы) ықыласпен ұсынып едік. Ол үмітті ақтап, жайдары алашшыл ғалым боп шықты.

Әлімхан Ермековтің бұл хатын Мұхтар Әуезов 1928 жылдың басында, «Қилы заман» мен «Хан Кененi» жазып жатқан кезiнде алған. Әлихан Бөкейхановтың оның үйiнде қонақта жатқаны сол қаңтар, ақпан айлары болса керек. Себебi: Әлiмхан Ермеков Ленинградтағы Мұхтардың мекен-жайына Әлихан Бөкейхановқа арнап хат жолдаған. Хаттың сыртына: «Ленинград. Декабристер көшесі, 14-үй, 1-пәтер. Мұхтар Әуезовке – жолдаушы Әлiмхан Ермеков. 25/II – 28 ж.»,– деп жазылған. Ал iшiндегi сөз Әлихан Бөкейхановқа арналған. С.Мұқанов өзінің естелігінде: Ә.Бөкейханов, М.Әуезов, Ә.Марғұлан үшеуі бір пәтерде тұрды, төртінші боп мен қосылдым. Бірақ алдыңғы екеуін көрмедім,– деп жазды. Бұл арада сәл сәйкессіздік бары анық. Ә.Бөкейханов онда уақытша пәтер жалдап тұруы мүмкін. Яғни, дәл осы күндерi Әлиханның Мұхтардың үйiнде жатқандығын Әлiмхан Ермеков бiлген. Оған хаттағы мәлімет дәлел. Хат түпнұсқада орыс тiлiнде жазылған.

Ә.Ермеков (жалғасы): «ОГПУ-дің өкілі Поповтың түсіндіруі бойынша маған 58 баптың 10-тармағы бойынша тағылған айыпқа менің Мұхтар Әуезовке жазған хатымдағы жер мәселесі жөніндегі пікірім негіз болыпты. Қолтаңбасына қарағанда шындығында да хатты жазған менмін. Бірақ ондай мағынадағы хатты Мұхтар Әуезовке емес, Әлихан Бөкейхановқа жазғанмын. Ол кезде мен Ғылым академиясының Қазақстанды зерттеу бөлімінде істейтінмін және Қазақ Халық Комиссариатының тапсырмасы бойынша қазақтарды жерге орналастыру мәселелесін негіздеумен айналыстым, сонымен қатар ол (Бөкейханов – Т.Ж.) федеральдық комитеттің мүшесі болатын (егерде сол кезде таратылып кетпесе). Осы комиссияның құрамында жүріп Қазақстан үшін зерттеу жұмыстарын жүргізді. Өзі Мәскеуде тұратын, қызмет бабымен ара-арасында Ленинградқа баратын. Лиза Бөкейханова мен Шоқаневаның (–?– Т.Ж.) айтуынша, онда Әуезовтің үйіне тоқтайтын. Бұл хаттың жазылу мәнісі төмендегідей».

Ол хатты 1928 жылы 21-наурыз күнi ОГПУ-дiң тергеушiлерi қолға түсiрген де, iле ОГПУ-дiң КССР бойынша төтенше өкiлi Петросянға:



Достарыңызбен бөлісу:
1   ...   15   16   17   18   19   20   21   22   ...   271




©engime.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет