Тұрсын ЖҰртбай «Ұраным алаш!»


Әуезов: Жеке комиссия құрылсын



бет193/271
Дата22.12.2021
өлшемі10,61 Mb.
#440
түріБағдарламасы
1   ...   189   190   191   192   193   194   195   196   ...   271
Әуезов: Жеке комиссия құрылсын.

(Орыннан дауыс): Бұл мәселемен комиссия емес, комиссияның жеке бір мүшелері айналыссын.

Жұмалиев: Абай мектебіне қатысты нақты анықтама беруге ешкім де қарсы шықпайды, тек бұл мәселеге қай бағыттан келу керек. Оған қорғалған диссертацияны да қосу керек. Енді Әріп пен Ақылбайдың шығармалары туралы: онымен айналысатын адамдарды бөлейік, олар екі-үш күнде танысып шығып, комиссияға ұсыныс жасасын, содан кейін ол жобаның дұрыс-бұрыстығын комиссия шешсін.

Мұқанов: Әріп те, Ақылбай да менің жеке басымның жауы емес екенін баяндамамда айттым. Мен оларға өзгелермен бірдей қараймын, алайда менің баяндамамдағы дәлелді деректерге ешкім де қарсы шыға алған жоқ. Бізде Кенесары туралы талқылау өтті. Басында үлкен-үлкен саяси айыптар тағылды, содан кейін жалпақшешейлік таныттық. Ол биыл басымызға тиіп отыр. Осындай жалпақшешейлікті кейбіреулер осы мәжілісте де көрсетіп отыр. Сіздердің әр қайсыларыңыз тыңдағанда риза боласыздар да, алайда осы Абай мектебі мәселесі жиырма жылдан бері ұсынылып келеді, әр қайсыларыңыз саяси жақтан сауатты адамдарсыздар, мен бұл арада нақты Әуезовті, не басқаларды мекзеп отырғамын жоқ, тағы да алдыңғы талқының кебін құшып жүрмесін. Мұның саяси зиянды, ғылымға жат екені анық. Мұны қалай сылап, сипаса да жалтарып кете алмайсың, партиялық мәселе – бәрінен жоғары екенін ескеру керек. Осы уақытқа дейін Көкбай (стенограммада Әсен деп жаңылыс жазылған сияқты – Т.Ж.) сияқты дін ұстазын, исламнің мұғалімін және Кенесарының жыршысын айтып келдік, бұлар – жағымды бір жақсылығы жоқ адамдар. Олардың еңбегі, оқуы туралы айтылғандардың барлығы да жалаңаш деректер, одан өзге ақтап аларлық ештеңе де жоқ.



Менің баяндамадағы ұстанымдарыма ешкімде қарсы дерек келтіре алмады, келтіре де алмайды. Мен тағы да комиссия құрып, тағы да тексеріп шығуға қарсы емеспін, алайда ол комиссия да тура осындай шешімге келетіні анық, өйткені шындық жеңеді, дәлел жеңеді, ол адамдардың реакционер және консерватор екені анық. Бұл дәлелденген нәрсе. Мен Әуезовке қарсы емеспін, әңгіме – осы мәселеге саяси жүйелі баға беруде. Бұл мәселенің түбіне жету комиссияға тапсырылсын, алайда тағы да сылап, сипап кетпейік.

Әуезов: Бұл дұрыс қой. Бірақ та сенің баяндамаң абайтанудағы істелген үлкен жұмыстарды жоққа шығарды, өте ауыр айыптар тағылды. Бәріне, оқулықтарға дейін, басқа ешкім емес, тек Әуезов кінәлі боп шықты.

Нұрышев: Бәрін де қосамыз, Мұқановты да қосамыз.

Мұқанов: Федоровты да, Тимофеевті де қосу керек.

Әуезов: Сенің баяндамаңда: Әуезовтің айыбы Бекмахановтан да сорақы – деген біржақтылық басым болды, осы кеңестің өзінде сөйлеген адамдар да, Сәтбаевтің аталған сөзінде де, бұл қателіктерден басқа, бүкіл ел білетін жетістіктерді де ескермедің. Сенің қорытындыларыңда бұлардың бір де біреуі айтылмады, сыңаржақ кеттің. Сен Әуезовті Бекмахановтан да арғы алыс түкпірге жібердің.

Мүсірепов: Комиссияның ондай шешім шығаратынын сіз қайдан білдіңіз?

Т.Шойынбаев: Қазір абайтану мәселесі жөніндегі шешім шығаратын комиссия құрамын шешейік.

Жұмалиев: Комиссия құрамына Ғабдуллинді, Нұрышевті, Покровскийді ұсынамын, жауапты, мәселеге терең және принципті түрде қарайтын адамдар.

Т.Шойынбаев: Ғылыми кеңесте Абай мектебі мен Мұхамедхановтың диссертациясын бірге қарауды ұсынамын.

Ғабдуллин: Мұхамедхановтың диссертациясын қоспаймыз, ол ғылыми кеңесте жеке талқыланады.

Жұмалиев: Мұхамедхановтың оппоненты болғандықтан ғана Әуезов пен Сильченконы комиссияға қоспау ыңғайсыз.

Жармағамбетов: Мен де солай ойлаймын. Абай мектебі мен Абайдың ғылыми өмірбаяны туралы комиссияның құрамына Ғабдуллин (төраға), Сильченко, Мұқанов, Әуезов және Мүсірепов кірсін.

Т.Шойынбаев: Бұл жөнінде арнайы ғылыми кеңес құрайық, бірлескен ғылыми кеңеске ұсыныс жасасын.

Сильченко: 2-3 күн бұрын Академиядағы талқылауда ашық пікірлер айтылды, ал қазір оның қандай шешім қабылдағанын ешкімде тура айта алмайды. Меніңше комиссия шешеді.

Жармағамбетов: Комиссияның ішінен комиссия құрылмайды. Әр мәселе жөнінде жеке топ құрып, нақты ұсыныстар жасауды соған тапсырамыз.

Ғабдуллин: Абайдың ақындық мектебі мен шәкірттері туралы комиссия мүшелері мыналар...

Мұқанов: Мен ол кезде болмаймын, менің орыныма Нұрышевті қосыңдар.

Ғабдуллин: Нұрышев енгізілді».

Бұл мәжілістің қорытындысы С.Нұрышев пен М.Ғабдуллиннің 1953 жылғы атақты баяндамасымен аяқталды. Пікір қайталаулары болмас үшін біз оны кейінге қалдырдық.

Осы айтыстарды тыңдап отырған аспирант М.Дүйсенов тура сол мәжілстен кейін өзінің «Күнделігіне»:



«11.06.1951 ж. Менің көзім анық жеткен бір жай: көбісі Абайды қолшоқпар етіп, өзінің дұшпандарын мұқату үшін пайдаланбақ. Абайды сондайдың құрбаны етпек. Бірақ Абай олардың бәрінен жоғары тұрғандықтан да, қара тақтаға жазып, қаралағысы келгендерге көнбейді, тазарып шыға береді. Бұл жолғы айтыстан да соны көрдік. Мұхтар Әуезовті мұқату үшін Нұрышевтер қанша әрекет жасады, оны қолдаушылар да аз болған жоқ. Бірақ Абайдың жырын жырлаушылар көп екен»,–деп жазыпты.

Шындық та осы шығар, сірә. Дегенмен де тікелей Әуезовке қатысты жағдаймен тағдыры тауқыметке түскен Қ.Мұхамедхановтың кандидаттық диссертациясының қорғауы кезіндегі мына архив құжаттарын назарға ұсынамыз.

Сәбит Мұқанов: «1951 жылы 6-көкек күні Алматыда қорғалған «Абайдың әдебиет мектебі» деген Қайым Мұқамедхановтың диссертациясына Әуезов мақтап пікір айтады, соның ішінде Тұрағұл да мақталып жүр… Әуезов жолдастың Шәкәрім бандит боп өлгеннен кейін де оған мейірімді көзбен қарауы, ең жеңіл тілмен айтқанда ұят… Осындай жолда өлген адамды да 1951 жылға дейін Әуезов жолдастың, оны қуаттап Жиреншин мен Мұхамедханов жолдастың дәріптеуіне қайран қалдым”.

Әрине, Әуезовтің айналасындағы “әдебиетшілерді, ұлтшылдарды” тазартып алған соң, кезек әуелі Әуезовке, содан кейін тура Мұқановтың өзіне келетінін жазушының өзі де кеш түсінді. Өзіндік ойлау жүйесі бар зиялылардың түрмеге қамалуы оларды бұрынғыдан бетер “арқаландырды”. Ғылымда ізі де, еңбегі де, аты да қалмаған С.Нұрышев сияқты қара сүйел жандар Әуезовтің соңына шырақ алып түсіп, барлық жаланы үйіп-төгіп:

“…Жоғарыда келтірілген дәлелдер М. Әуезовтің әдебиеттанушы ретіндегі ұсқынын толық әшкерелеп береді, бұл оның 30 жыл бойы әдебиеттану саласындағы әрекетінің саяси қателіктер мен бұрмалаушылықтан құралатындығын көрсетеді… Өзінің қастандық идеялық позициясын нығайта түсу үшін М.Әуезов қазақ әдебиеттану ғылымына өзінің ғылымға қарсы “концепциясын” сіңіруге тырысты. Осы мақсатқа жету үшін ол “Абайдың әдеби мектебі” туралы Қ. Мұхамедхановтың диссертациясын сондай ұқыптылықпен дайындады, мұнда Әуезовтің өткендегі қателіктері мен қасақана бұрмалаушылық көзқарастары тұжырымды түрде түйінделіп берілген. Диссертация ашық және бүркемеленіп берілген антимарксистік материялдарға сықап тұрған боп шықты. Алайда бұл жолы Әуезовтің жолы болмады. Мұхамедхановқа ғылыми дәреже беруі туралы шешім қабылдаған ғылыми кеңестің ұйғарымы бойынша оның иесі халық жауы ретінде әшкереленді. Осы диссертацияның тарихи төңірегінде ұстанған Әуезовтің позициясы оның бет-бейнесін ашып берді. Ол мұндай зиянды жұмыстың идеялық шабыттандырушысы мен жетекшісі ғана болып сөйлеген жоқ, оның нағыз қорғаушысы да болды. М. Әуезов диссертанттың әрі жетекшісі, әрі оппоненті міндетін бірдей атқарды. Ол оны (Қ. Мұхамедхановты – Т. Ж.) Әдебиет және өнер институтының секторында да, институттың ғылыми Кеңесінде де және Қаз ССР Ғылым Академиясының қоғамдық ғылымдар бөлімшесінің біріккен ғылыми Кеңесінде диссертация қорғаған кезінде де жақтап сөйледі. Міне, бұл М. Әуезовтің дәл осы жаулық пиғылдағы диссертацияны дайындағанында және оны сүйреп алып шыққандығында оның жеке басының аса мүдделі болғандығын айтпай-ақ байқатады. М.Әуезов тек қана аса ауыр қателіктері мен бүлдірушілігі үшін ғана айыпты емес, сонымен қатар, дәл осы пиғылының насихатшысы болғандығы үшін де айыпты. Өйткені ол өзінің айналысына ылғи да идеялық тұрғыдан тұрақсыз, саяси көзқарасы соқыр адамдарды топтастырып келді және қазір де топтастырып жүр”, – деп өршелене өрекпіді.

Ал Қажым Жұмалиев диссертацияның қорғалу кезінде:

Абайдың ақындық мектебі деген жоқ. Ол Әуезовтің айтқаны. Қ. Мұхамедхановтың жазғаны сандырақ. Арандатушы халық жауы ретінде әшкереленсін – (біз стенограмманы жұмсартып келтіріп отырмыз)”– деп екі рет қатарынан үкім шығарды.

Қ.Жұмалиев пен С.Нұрышевтің пікірлерінен Қайымның сескенбеуін өтінген профессор Усанович:

Жас ғалым, бұл сіздің өміріңіздегі ең жауапты да, бақытты сәт. Күндердің күнінде ондаған ғылым кандидатын дайындаған қартаң тартқан ғалымның бұл сөзін есіңізге алып жүргейсіз, мен сіздің диссертацияңызбен танысып шығып, мынадай жөн сілтеймін: зерттеуіңіз өте құнды, ғылымға қосылған үлкен үлес болып табылады. Тек жасымаңыз, қайтпаңыз”– деп қорғау үстінде батасын берді.

Қазақ ССР Ғылым Академиясы мен Қазақстан Жазушылар Одағының Президиумы арнайы қаулы қабылдап:

1951 жыл көкекте Қазақ ССР Ғылым академиясының гуманитарлық біріккен ғылыми кеңесі Қ.Мұхамедхановтың “Абайдың әдеби мектебі туралы” деген саяси зиянды диссертациясын қабылдап, оны қорғауды жүзеге асырды. Бұл диссертацияда Совет өкіметі дәуіріне дейін өмір сүріп, оның бас жауларына айналған буржуазияшыл-ұлтшылдар да Абайдың “шәкірттері” деп мадақталады”– деп бағаланып, Қайымның ғылым кандидаты атағы алынып тасталды.

1951 жылы 11-желтоқсанда Жазушылар Одағының мүшелігінен шығарылып, ісі тергеуге берілді.

2.

Сонымен, жалпылама әшкерелеудің дабылы даңғараға ұласты. «Жау мен даудың» атойын бастап берген бұл жыл (1951) 26-желтоқсандағы «Қазақстан К(б)П УІІІ пленумының қараларының орындалу барысы және Қазақстан К(б)П сьезінің көркем әдебиет саласындағы қаулыларын жүзеге асыру шаралары» атты Жазушылар Одағының Ү пленумымен аяқталды. Бас баяндаманы, әрине, тағы да Қайнекей Жармағамбетов жасады. Ол бір жарым сағатқа созылды. Бұдан кейін тақыстанған тәсіл бойынша кезек-кезегімен шыққан шешендер кезекті «өрескел саяси-идеологиялық қателіктер мен ұлтшыл-буржуазияшыларды» әшкерелеуге кірісті. Біз осы бір кезеңдегі зиялы қауымның санасын билеген психологиялық үрей мен тобырлық жанталасты көрсету үшін мәжілісхаттың мазмұнын қысқаша үзінділермен баяндап беруді орынды санадық.



Сонымен, Қ.Жармағамбетовтің баяндамасы қазақ әдебиетіндегі жарық көрген шығармаларды атап өтуден басталады да, саяси-идеологиялық қателіктер мен ұлтшыл-буржуазияшыларға, реакциялық идеялар менен орыс халқына қарсы жаулыққа қарай ойысады. Әрине, оның «бісмілласы» М.Әуезовтің «идеологиялық-саяси қылмыстарын» санап беруден басталды.

Қ.Жармағамбетов: «М.Әуезовтің шығармашылығының алғашқы кезеңіндегі ұлтшыл қетеліктері кеңестік Қазақстанның барлық жұртшылығына мәлім. Ол мәселе жазушылардың өзарасында 1932 жылы талқыланған болатын, сондай-ақ М.Әуезовтің еңбектерінде соңғы жылдары жіберген ұлтшылдық қателіктері Шаяхметов жолдастың 1947 жылғы Алматы қаласының зиялыларының жиналысындағы және Қазақстан К(б)П УІІІ пленумында сөйлеген сөздерінде бірнеше рет атап көрсетілді. Абайдың шығармашылығы туралы оның 1934, 1940, 1945 жылдары жарияланған мақалаларында М.Әуезов Абайдың әдеби мектебі болды-мыс деген жалған ғылыми теория ұсынды, онымен қоймай, Абайдың шәкірттерінің қатарына Шәкерім Құдайбердиев, Тұраш Құнанбаев, панисламисшіл Көкбай Жанатаев, Әсет Найманбаев сияқты контрреволюцияшыл-ұлтшылдарды қосты. Әуезовтің ғылымға қарсы, лениндік ілімге қарсы бұл тұжырымдары оның редакциялық жетекшілігімен 1948 жылы шыққан «Қазақ әдебиеті тарихының» бірінші томынан орын алды. Көріп отырғандарыңыздай, Әузовтің алашордадағы қайраткерлігімен тікелей терең тамырласып жатқан оның ғылымға қарсы ұлтшыл тұжырымдары қазақ әдебиетінің тарихын зерттеуде жүйелі көзқарас ретінде жүзеге асты».

Мұны тергеу тілінде «Айыптау айғақтары» деп атайды. Оған С.Мұқановтың, Қ.Жұмалиевтің, Қ.Жармағамбетовтің өзінің және С.Нұрышевтің пікірлері, ал тергеу ісіндегі бап-бабымен санамалап берілетін үкімдік шешімге С.Нұрышевтің таққан айыбы негіз етіп алынды.

Қ.Жармағамбетов (жалғасы): «Өзінің ұлтшыл тұжырымдарымен ондаған ғылыми қызметкерлердің санасын улағаны үшін де Әуезовтің кінәсі бұрынғыдан да ауырлай түседі. Әуезовтің қолынан өткен ондаған диссертациялық және дипломдық жұмыстардың тағдыры сіздерге белгілі. Тәптіштеп жатпай-ақ, дәлелге жүгінейін:



1.1934 жылы «Әдебиет майданы» журналының №11-12 сандарында жарияланған «Абайдың ақындық мектебі» атты мақаласында Абайды орыс әдебиетінің классиктері Пушкинге, Лермонтовқа қарсы қойды, көптеген принципті мәселелерді бұрмалады. Сол мақалада 1951 жылға дейін ұстанып келген Абай мектебі туралы мәселені көтерді.




Достарыңызбен бөлісу:
1   ...   189   190   191   192   193   194   195   196   ...   271




©engime.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет