Тұрсын ЖҰртбай «Ұраным алаш!»


Мұхтарың. 24. ХI – 27 ж.»



бет24/271
Дата22.12.2021
өлшемі10,61 Mb.
#440
түріБағдарламасы
1   ...   20   21   22   23   24   25   26   27   ...   271
Мұхтарың. 24. ХI – 27 ж.»

Мұхтардың мұқым ғұмырындағы жан сырын ашып, жеке басына қатысты жүрекжарды шындығын жария еткен үш хаттың екеуi осы Смағұл Сәдуақасовқа арналған. Бұл екi хатта ешқандай күдiк пен көлеңке жоқ. Әр сөзi өзiнiң сол кездегi көңiл-күйiнiң көрінiсi. Әлденеге алаңдау, пiкiрiн астарлау, емеуірін таныту, баспақтай басу байқалмайды. Бұдан кейiнгi эпистоярлық мұраларының барлығынан айтылған жолай пiкiрлер үнемi қылаң берiп отырады. Мұның барлығы – әкесiн баласына, маңдайдағы екi көздi бiр-бiрiне аңдытқан тiмiскi өкiметтiң жазалау саясатының кесiрi едi. Ол түрменiң дәмін татқан соң осындай сақтыққа үйрендi. Тiптi мұны өзiнiң мiнез-құлқының бiр бөлшегiне айналдырды. Онсыз зауалды заманның ажал жаңғырығынан аман құтылуы мүмкiн емес едi.

Дәл осы тұста адам ретiнде де, азамат ретiнде де, жазушы ретiнде де ғұмырының ең шешушi кезеңiн басынан кешiрiп жатқан Мұхтардың өмiрi мен көңiл өзегiнiң ыстық-суығын, алаңы мен аптабын толық жеткiзу үшiн толық келтiрiлген хаттағы жайларға қысқаша түсiнiк бере кетейiк. Сонда бiздi дiлгiр еткен бiраз мәселенiң басы ашылады.

Бiрiншiден, Фатима Ғабитоваға жазған хатында: «Жеке басымда өзгешелiк бар»,– деп емеуiрiн танытқанындай, Мұхтар үшiншi рет, бұл жолы соңғы рет төсек жаңғыртып едi. «Валядан сәлем, достығыңа алғыс айтады»,–деген адаммен – Валентина Николаевнамен бiрге тұрып жатты.

Екiншiден, жас отау мен студентке жетiспейтiн жалғыз-ақ нәрсе бар. Ол: Адам-Ата мен Хауа-Ана қосылғаннан бергi адамзат атаулының шеше алмай келе жатқан мәңгiлiк мұхтаждығы – ақша, ақша және ақша болатын. Хаттың мазмұнына, «саған үнемi масыл болу – маған бiр парыз сияқты мiнез болды» – деуiне қарағанда, Смағұл қаражат жағынан Мұхтарды тарықтырмағаны байқалады. Бұрынғы көмегiн «масылдық парыз» деп санаған Мұхтардың бұл жолғы қысылып-қымтырылуын түсiнуге болады. Себебi, Смағұл Сәдуақасов дәл сол күндерi Голощекинмен саяси жекпе-жекке шығып, тәуекелдiң майданына түсiп, жанталаса жанығып жүрген әрi барлық лауазымды қызметтен қуылып, өзi де жұмыссыз жүрген. Соған қарамастан жас отауды «байытып тастағандай» қаражат жiберiп, бiр рет қарық қыпты.

Үшiншiден, басқасын қайдам, дәл осы жолғы Смағұлдың көрсеткен көмегi – Мұхтар үшiн де, қазақ мәдениетi үшiн де тарихи көмек болды. Жаз бойы Жетiсу мен Қырғыз өлкесiн аралап қайтқан Мұхтар Әуезовке Ленинградтағы 1927 жылғы күз, шын мәнiндегi «алтын күз», Пушкиннiң «Болдуино күзiндей» қайырымды, шабытты, шамырқанулы күз болды. Хатта атап көрсеткенiндей, дәл сол күндерi «Қараш–Қараш оқиғасын» баспаға ұсынып, «16-жылдың бiрер сөзiн кiшiлеу әңгiме етiп», «Қилы заманды» еңсерiп тастаған. «Хан Кене» пьесасының оқиға құрылымын ойында екшеп жүрген. Егерде, Смағұл «қаражатпен қарық қылмаса», мұндай күрделi дүниелердi алаңсыз отырып жаза алмас едi. Аталмыш «қолқабысты» – тарихи қолқабыс деуiмiз де сондықтан. «Қилы замансыз», «Қараш–Қараш оқиғасынсыз», «Хан Кенесiз» Мұхтардың жазушылық жолы мен қазақ әдебиетiнiң тарихын елестету мүмкiн емес. Демек, бұлар – ұлттық рухани күрестiң тұсында туған, саяси майданның шайқасында жүрген досының сөзiн дәлелдеу мақсатымен қалам тартқан «коммунистiк колонизаторлыққа», рухани отарлауға қарсы бағытталған шығармалар.

Сонысымен де бiзге құнды.

Төртiншiден, Ақ теңiздiң жағалауында жас келiншегi мен шығармашылық шабыттың буына бөгiп жүргендей көрiнгенiмен, Мұхтардың көңiлi алаңға толы болатын. Сонау шалғайдағы отанында – Қазақстанда жүрiп жатқан Қужақ – Голощекиннiң «естен тандыру» («политика потрясения») саясатының қатерлi бағытын iштей сездi. Күнi ертең қандай күйге ұшырарын анық бiлмесе де, iштей болжады. Сондықтан да, «жазалау науқаны» күш алмай тұрғанда «Сұғанақ сұр» мен «Қилы заманды», «Хан Кененi», «Қараш–Қарашты», «Ескi әдебиет тарихын», Абайдың екi томдық шығармаларын жариялап үлгеруге тырысты. Соны Смағұлға қадағалап айтып өтiнiш еттi. Соның iшiнде «Қараш–Қараш» пен «Қилы заман» ғана жарияланып үлгердi. Өкiнiшке орай, «Сұғанақ сұр» повесi сол күйiнде жоғалып кеттi.

Бесiншiден, осы хатта аты аталып, тегi тектелген адамдар кiмдер және оларға Мұхтардың сондай бейiл бере құлай сенетiндей ретi бар ма едi? Бар да едi, жоқ та едi. Мысалы, ұлттық ойдың ұйытқысы, ұлттық тұлға, терең тамырлы зиялы Телжан Шонанұлы туған халқының адал жүректi азаматы, достыққа берiк, сертке сенiмдi алаш қайраткерлерінің бiрi болды. Отарлаушылардың қазақ жерiн қалай тебiнге айналдырғанын әшкерлеп арнайы «Қазақ жерi мәселесi» атты тұңғыш зерттеу кiтабын жазған осынау ардагердiң ғұлама бiлiмi мен адалдығына дұшпандары да iзетпен қарайтын. Мұхтар сол қасиетi үшiн де қолжазбаларын Телжанның қолына тигiзудi қайта-қайта ескертедi. Бiрақ...

Тiлеген тiлектiң бәрiн жаратқан ием қабыл ете бере ме. Бейiлi – пейiлге, ниетi – пиғылға ауысқан мысық тiлеу заманының «сайқал мiнезiне» сәйкес, бұл қолжазбалар «сұғанақ сұрлардың» қолына тидi. Хатта аты-жөнi көрсетiлген адамдардың iшiнде сенiмсiздерi де, арандатуға дайын тұрғандары да бар едi – дегенiмiздiң астары осында. Бұл өзi жан-жақты тиянақты талдауды қажет ететiн:






Достарыңызбен бөлісу:
1   ...   20   21   22   23   24   25   26   27   ...   271




©engime.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет