1907 жылдан осы уақытқа дейін Семей географиялық қоғамының мүшесімін, оған мен қазақ халқының шығу тегі туралы тақырыпта баяндама табыс еттім.
Айтылғандардың дұрыстығы үшін моральдық жағынан жауап беремін. Сырдария қорғаушылар алқасының мүшесі Жақып Ақбаев.
Қорғаушылар алқасынын мүшесі Жақып Ақбаевтың қоятын қолын өзі қойғанын куәландырамын».
Тергеу орындарына қарата жазылған бұл анықтамаға қосарымыз, науқастығына қарамастан 1930 жылы 8 тамыз күні Жақып Ақбаев тұтқынға алынды.
Әдетте, барлық сотталушылардың қылмысы көрсетілген, оның айғақтары мен куәгерлерінің көрсетіндісінен үзінді берілетін «Айыптау қорытындысында» Жақып Ақбаев туралы мағлұматта аты ғана аталып өткен. Зады, тергеушілер тура осы уақытта Қазақстан бойынша жаппай көтеріліске шығып жатқан жергілікті жердегі, соның ішінде Балқаш төңірегіндегі көтеріліске қатысқан және қолға түскен адамдардың «айғақтарын» күткен сияқты. Өйткені, Марат Әбсаметтің «Сәкен Сейфуллин» атты құжаттар жинағындағы тергеу хаттамаларына жүгінсек, Жақып Ақбаев түрмеде жатқан тура осы кезде тергеу орындары оның сыртынан қосымша айғақ пен дерек жинап жатқан. Бұл іске Сәкен Сейфуллин мен оның әкесі Сейфолланы да тартып, Жақып Ақбаевты «көтерілістің батагөйі» етіп көрсетпек болған. Оған жоғарыдағы жинақта көрсетілген Қарағанды облыстық архивіндегі «Асманбаев Ахметті тәркілеу және оны Қарқаралы округінің Шет ауданынан жер аудару туралы №154 істегі» мына тергеу құжаттары дәлел. Соның алғашқысында:
«Ахмет Аманбаев қазақ даласына аты әйгілі Ағыбай батырдың (Кенесарының қолбасшысы) тұқымы, Балқаш өңірінде аса үлкен ықпалға ие. Аманбаевтың ауылы азамат соғысы жылдары үнемі қырда көшіп жүрді, сөйтіп қашып жүрген «Алашорданың» көсемдерін паналатты, мысалы Міржақып Дулатов кешірім жасау туралы өкім шыққанша осында болды. Сондай-ақ «Алашорданың» белгілі қайраткері, ақгвардияшы эмигрант Райымжан Марсеков 1922 жылы Аманбаевтің ауылын паналады. Ақбаев Жақып та осы ауылда жасырынып, кейін Түркістанға кетіп қалуды ойластырды. Ақмола ЧОН-ының жасағы Аманбаевтардың ауылынан қайдан келгені белгісіз қару-жарақ, оқ-дәрі қоймасын тауып алды»,– деген (М.Абсамет. Сакен Сейфуллин. Астана. 2006, стр.196) мағлұмат берілген.
Ал бұдан кейінгі Қайырлы Оспановтың:
«1930 жылы көкек айында Ақбаевтың Ново-Троицкідегі үйінде бұл мәселеге қатысты – көтеріліс пен Қытайға қоныс аударуға дайындық туралы кеңеске өте көп адам жиналды (40-тан астам кісі келді)», – деген (сонда, 202-бет) көрсетіндісінен Дала генерал губераторына 1909 жылы жазылған:
«Жақып Ақбаев»: «Олар революционерлермен қосылып Альп, орыс үкіметінің беделін түсіруде. Сондай-ақ қазақтарды Қытай мен Ауғанстанға кұшіруді ойластырып жүргендер бар»,– деген «айыптаудың» ызғары білініп тұр.
Бұған қарағанда кеңестік тергеушілер өзінің ата жауы патшалық жандармереяның тергеу ісімен танысып, ондағы тыңшылардың мағлұматын пайдаланғаны анық байқалады.
ОГПУ-дің белсендісі, бұрынғы жылқышы Жылқыбай Түменбаевтің:
«1928 жылы тамыз айында Қарақаралы округінің Берікқара ауданынан Мойынқұм ауданына кетіп бара жатып жолай №16 ауылдың байы Қасенбек Дүйсеновтің үйіне үш күн қона жатып, Еркебек Дүйсеновті, Жуаспай Тасбаевты, Баймағамбет Алдабаевті, Мақтабек Түсіповты, Тәти Бейсеновті шақыртып алып, құпия кеңес өткізді. Жиналғандар Ақбаевтан: «Қазір кеңес өкіметі мен Қытайдың ара қатынасы қалай, кеңес өкіметінің құрығынан қашан құтыламыз?»,– деп сұрады. Оған Жақып Ақбаев: «Байғұстар, шыдаңдар, таяуда қытайлар жеңіске жетеді, қытай үкіметі қазір олардың темір жолын басып алды, бір айдан кейін олар тұс-тұсына қашатын болады. Сендерге не істеу керек екенін айтамын, киіз үйдің сыртында біреу тыңдап тұрмасын, байқаңдар. Сендер енді бұдан былай өзен мен күре жолдың маңына жоламаңдар, Бетпақдалаға шығып кетіңдер. Әйтпесе, қызылдар сендерді қырғынға ұшыратады. Қызылдар келе салып аттарың мен атандарыңды тартып алады»,– деді. Кеңеске қатысқандар бұған қауқылдасып, қуаныштан көздеріне жас алып: «Жақаң біздің көсеміміз. Арыстаным-ай! Оқымыстым-ай! Сенсіз не істер едік? Еркіндіктің өзін қолымызға ұстатқандай болды!»,– десті. Ахмет Бектеміров Жақып Ақбаевқа қарагер атын мінгізді»,– дегеніне илансақ; сондай-ақ Жақып Ақбаев айтты деген:
«Таяу арада, 1930-1931 жылдары кеңес өкіметі қазақтың байларына қарсы көзқарасын өзгертеді, оларды тап ретінде жояды. Қазақ елі осы саясаттың құрбаны болады. Өйткені біздің халқымыз малмен күн көріп келеді. Соған әбден бейімделген. Егерде олардың тұрмысына бейімделсе, онда сөзсіз құриды. Жыл сайын мал тәргіленіп, саны азая береді, сөйтіп малсыз қалған қазақ аштан қырылады. Қазақ шаруашылығына алғашқы соққы 1930-1931 жылдары жасалады. Кеш қалмай тұрғанда мал мен басты аман сақтаудың қамына кірісу қажет. Қазіргі сәтті пайдаланып дайындыққа кіріскен жөн. Қазақтың мал мен басын сақтаудың жалғыз-ақ жолы бар, ол – Қытайға қоныс аудару. Әрине, Қытайда да қазақтарға еркіндік тимейді, Қытай өкіметі өзінің жерінде шет мемлекеттен келген адамдарды тегін асырамайды. Дегенмен де, қазақтың мал мен басын жоюға бағытталған саясатты ұстап отырған Қазақстаннан гөрі Қытайда өмір сүруге мүмкіндік беріледі. Осы ой кеше де, бүгін де мазамды алды. Менің ұсынысым – тұрғындарды Қытайға, Шәуешек қаласына қарай қоныс аударту»,– деген Ал Жақып Ақбаев айтты деген:
«Мен таяуда ғана Берікқара болысынан келдім, тұрғындардың арасынан: қоныс аудару мен көтеріліс ұйымдастыра алатын адам іздедім. Ондай адам өз ауылымнан табылмады. Тағы да соған қам-қаракет жасау үшін келдім. Бұл жолы ондай адамды таптым, ол – Еркебек Дүйсенов, батыл да шешімді адам. Мен оған Шет ауданының және басқа да жерлердің қазақтарымен байланыс жасауға тапсырма бердім»,– деген көрсетінділердің мазмұнына ден қойсақ, онда Ж.Ақбаев көтерілістің тікелей батагөйі ғана емес, шет елдің шпионы да болып шығады.
Әрине, бұл – тәркілеу науқанында Шет ауданы бойынша 18 адамды тергеусіз, сотсыз атып тастаған қарағандылық төтенше бөлім қызметкерлерінің қылмысын әшкерелеген Жақып Ақбаевқа қарсы тергеушілердің кек қайыру бопсасы. Әйтпесе, «Алашорданың» ісімен айыпталып отырған Жақып Ақбаевқа мұндай айып тағу қисынға келмейтін. Дегенмен де қаперлерінде ұстағаны анық. М.Әбсаметтің жарияланымындағы қарағандылық ерекше бөлімнің тергеушілері бұл қылмысқа Әлімхан Ермековті, Сәкен Сейфуллинді, Сәкеннің әкесі Сейфолланы – Жақып Ақбаевтың дем берушілері ретінде тартпақ болған. Бұған сол тәркілеу науқаны қарсаңында Жақып Ақбаевтың Шуда тұруы, Әлімхан Ермековтің ауылына келіп кетуі себепкерлік еткен сияқты.
Науқасы меңдеу тартқан Жақып Ақбаевты тергеуге алудың өзі де оңайға түспесе керек. Дегенмен де:
Достарыңызбен бөлісу: |