«Алқа» атты астыртын әдеби үйiрменiң өмiр сүруi әдеби еңбектердi белгiлi бiр тәртiп бойынша бөлiсiп дайындауға ұйытқы болды»,– дегізетін көрсетінді ғана жетпей тұрды.
Әрине, мұның ар жағы әккі тергеуші үшін түсінікті. Түсініктісі сол, бұл үйірме – Совет Одағындағы жүздеген әдеби-творчестволық үйірменің бірі ғана болатын. М.Горькийдің өзі «ОПОЯЗ»-ға жетекшілік етті. Солардың үлгісімен КазАПП-тың жанкешті қарсылығына ұшыраған «байшыл, өткенді көксеген ұлтшылдар» – өздерін де, өнерді де қорғау үшін «Алқа» атты әдеби үйірме ашуға ұмтылды. Сол мақсатқа орай шығармашылық бәсекеге түсті.
Мағжанның “Батыр Баян”, «Қойлыбайдың қобызы», Мұхтардың «Көксерек», «Қилы заман», Жүсіпбектің “Күнікейдің жазығы», «Ақбілек» іспетті кесек туындылары сол жылдары жазылды. Үйірме өз алдына саяси мақсат қойған жоқ. Таза өнерді қолдап, таптық мүддеден гөрі көркемдік шеберлікті жоғары қойды. «Жалаң ұраннан арылып, саф өнермен сусындауды» (М. Әуезов) мақсат тұтып, «Сана» мен «Шолпан» журналына жариялау арқылы сол идеяларын жүзеге асыруды ойластырды. Көркем әдебиет туралы Ж.Аймауытовтың, Қ.Кемеңгеровтің, С.Сәдуақасовтың, А.Байтасов пен Д.Ысқақовтың, Ә.Мәметованың, Ы.Мұстамбаевтің орайлас пікірлері тұтаса жарияланып, «тапшыл табашылдардың» бетін қайырды. Соның ішінде «Тікен» атты «тікен сыншы» Сәкенге:
«Тапшыл ақынбыз деп жүрген «ақындардың бет жуары» Сәкен мен Сәбит (Мұқанұлы) қой. Сәкеннің біраз өлеңдерінде суретшілік бар болғанымен, табанды пікір жоқ. Сәкен қара қазақтың қолына түспейтін «асау тұлпар» болып жүрген. Комиссарлықтан түскен күн үні өшкен Сәкенді қалай тапшыл ақын дейміз? Сегіз жылдай айқайы таусылмаған кемпірге үгіт-насихат айтып отырған, өлең жазудың техникасын білмей, соқыр түйедей шалып отыратын Сәбитті қалай ақын дейміз?»,– деп қадалды.
Ал Ыдырыс Мұстамбаев өзіне тән тура мінезбен:
«Сәбит мақаласының аяғын: «Абайдың ар жағында да қазақтың жақсылы-жаманды әдебиеті болған. Сол әдебиеттер сарқылып келіп, Абай заманында бір қазық қағып өтті. Осының кезеңіне Абай кез келген соң, даяр табақтың иесі, даяр тоқпақтың ұрушысы, даяр қазықтың қағушысы болды да жүре берді»,– деп бітіреді... Жөн, жөн, Сәбит!!! Онан да қазақша: «Абай – арамтамақ», – деп бір-ақ айтсаңшы. Көп сөз сөйлеп әуре болып жататын не бар?», – деп бетке айтты.
Қанша жерден «жолдастық сын» тұрғысынан айтылса да мұндай пікірлер жауапсыз қалмады. Оның зардабы бірге емес, мыңға тиді. Әсіресе, сері де шамкөс Сәкен Халық комиссарлары кеңесінің төрағалығынан кеткеннен кейін 1925 жылдың 13-20 мамыр аралығындағы Кеңестің ІІІ құрылтайынан кейін соң:
«Қазақстандағы жағдайлардан, өз жайымнан Сталин, Куйбышев, Молотов жолдастарға арыз бердім. Сталин жолдаспен ауызша сөйлестім, сөйлескенде барлық мән-жайды айттым («үкімет билігінің алашордашылардың – С.Сәдуақасов пен С.Қожановтың қолына көшкендігі туралы – Т.Ж.). Үлкен орындардан түсірілгендердің оқуға сұранатын әдеті бар ғой. Бұл ретпен мен де: «Комакадемияға оқуға кіргізіңіз»,– дедім. Мен осы сөздерді айтқан соң Сталин жолдас: «Комакадемияға орналастыру оп-оңай, бірақ Қазақстанның халі өзің айтқандай болса, сіздердің Қазақстаннан қашуларыңыз керек емес. Қайта қатты белсеніп істеулеріңіз керек, менің мәслихатым осы»,– деген кеңес алады.
«Үкімет билігі С.Сәдуақасов пен С.Қожанов сияқты алашордашылардың емес», Сәкен Сейфуллин сияқты төңкерісшілдің қолында тұрғанда, ұлтының тең жартысы ашаршылықтан қырылып жатқанда «Қазақ халық комиссары қырға шығып, 5-6 ай бойы демалғанын, сол уақыттың ішінде халық комиссарының кеңсесіне бір де бір рет бас сұқпағанын» (Г.А.Коростылев), ақ боз атсыз «қарға адым жердегі жиналысқа да аттап баспайтынын, ешқашан ешқандай мәселеге араласпайтынын, мәселе де қоймайтынын» (А.Жиханов), әрине, Сталинге жеткізген жоқ. Одан гөрі алаш азаматтарын арандату тиімді еді (Д.А.Аманжолова, На изломе. А.2009. стр. 388).
Араға апта салмастан Т.Рысқұлов пен С.Сейфуллиннің баянхатының негізінде Сталиннің «Ақ жол» журналы туралы хаты» жарияланады. Күзге қарай «алашордашыларды аластатып», қазақ қайраткерлерінің өтініші бойынша Голощекинді Қазақстанға жіберді. Басылымның атын ауыстырып алған Сталиннің қарапайым қатесін түзетуге Орталық комитеттің де, өлкелік комитеттің де, екі «арызшының» да дәті жетпеді. Тура сол кезде «Ақ жолды» жабу туралы қаулы да шықты. Ғалым Шериаздан Елеукеновтің сыни ой өзегінен бұл салыстырудың астарында «Қу жақтың» Қазақстанға келуінің «жоғарыдағы себепкерлерін» меңзеу бар. Олар: жақсылықты күтіп – жаманатқа, көсемді күтіп – Қужаққа тап болды.
Иә! Қандай ұқсастық десеңші! Сексен алтыншы жылы да осы жағдай қайталанып еді-ау! Тарихтан сабақ алмаппыз. Айтпақшы сол тарихтың беті кешігіп ашылды емес пе. Біздің мына жиырма жыл бойы салыстыра жинақтаған жанталасты жанығуымыздағы салыстырулар мен талдаулар сол үшін қолға алынып отыр ғой. Кейде жаныңды жеген жегіден: «Осының бәрі кімге керек, не үшін жанымды қинаймын?»,– деген торығудан сондай ойлар жарыққа алып шығады (Бұл мәселелер туралы бірінші кітапта барынша кең салыстырыла талданып, «Ақ жол» туралы қаулының мәтінін түгелдей біз құрастырған «Алаш ақиықтары» (2006) атты деректер жинағында ғылыми түсініктерімен қоса жариялағандықтан да, осы сілтемемен шектелеміз).
Сөйтіп, «Алқаның» бағдарламасы – қиял, жұмысы – жоба күйінде қалды. Жоғарыдағы екі журнал да («Сана» мен «Шолпан») көркемдік-идеялық жат ұстанымы үшін жабылып тынды. «Әйел теңдігі» мен «Жаңа мектеп» журналында жарияланған М.Жұмабаевтің өлеңдері мен Ж.Аймауытовтың, М.Әуезовтің әңгімелері, Ә.Бөкейхановтың аудармалары, Ы.Мұстамбаевтің, Д.Ысқақовтың сыни мақалалары жалғасын таппай, тоқтатылды. Оның есесіне, 1927 жылы шыққан С.Сейфуллин ұйымдастырған КазАПП мүшелерінің «Құс жолы» атты жинағында «Алқа» мүшелерінің «жон терісін сыпырған» бес-алты мақала қатар басылды. Саяси айып тағуға соның өзі де жетіп жатыр еді. Солай болды да. Ондағы айыптаулардың пәрмені сот үкімінен бірде-бір кем соқпады. Әдеби пікір алысудың өзі «жаға жыртысудың» бір түріне айналды. Әсіресе, Мағжанның ақындығы туралы жарыса жарияланған «таңқиттар» (сын) таланттың танауын тіліп жатты. Оған көбік ауыз Голощекин де араласып кетті. Ол 1927 жылы Бүкілқазақстандық ҮІ конференцияда:
«Ескі интеллигенцияның арасында сменовеховшыларды еске түсіретін қозғалыс бар. Сендер Жұмабаевтің «90» жөніндегі әйгілі өлеңін білетін шығарсыздар, ол өзі 90 жағында болғандықтан, 90 туралы жазады, ал көпшілік бұл сан шынайы екен деп алданып қалады. Олар 100 деп еді, жеңіліп қалды, енді 90 деп күңіренуде, бізге жақсы істерімен келсе, біз олардың арқасынан қағамыз, алайда 90-ды басқалардың қолдамауы қажет екенін аңғарту үшін біз арқасын сипап қана қоймай, бір мезгіл соққыға да жығып аламыз»,– деп («Советская степь» газеті, 1927 жыл, 21 қараша) ойқастады.
Сәбит Мұқановтың Мағжан Жұмабаев пен Мұхтар Әуезов түрмеден қайтып оралғанда соларға жазған хатында да осы «сменовеховшылар» туралы ұзақ түсіндіреді. Шындығында да, М.Әуезов айтқандай, Голощекин келісімен Қазақстандағы дәуір де, уақыт өлшемі де, құндылық та, көзқарас та өзгерді. Мұны «ұсыныс жасаушылардың» өздері де кеш аңғарып, бармағын тістеп үлгере алмай қалды.
Әрине, зияткер қауым еріксіз қаламнан бас тартты. Соған қарамастан көркем өнер туралы пікір таластары ушығып келіп, өлім жазасына ұласты.
Қауіпсіздік комитетіндегі хаттамаға сүйенсек, 1929 жылы 20 шілде күні Мағжан Жұмабаев тұтқындалып, жауапқа тартылыпты. Ал зиялы зерттеуші Шерияздан Елеукенов айналымға түсірген дерек бойынша Мағжан Жұмабаев 1929 жылы 6 шілде күні Қызылжар қаласында тұтқындалып, төмендегі ілеспе хат арқылы Алматыға жөнелтіледі:
Достарыңызбен бөлісу: |