«1921 жылы 10 желтоқсан күнi өткен қазақ қызметкерлерi қатысқан қоныс аударған қазақ қызметкерлерiн керi қайтарудың амалын қарастыру.
Қатынасқандар: Жангелдин, Әуезов, Алманов, Асылбеков, Нахимжан, Кенжин, Байтұрсынов, Байдiлдин, Төлепов, Жаманмұрынов, Сарымолдаев, Авдеев, Найманбаев, Нұрмаханбетов, Игiлiков, Қаржасов, Тұнғашин, Бiржаров, Оразбаева, Саматов, т. б.
Жолдас Жангелдин төрағалық еттi.
Қырдағы аудандардың аштыққа ұшыраған тұрғындарына нақты көмек көрсетудi ұйымдастыру туралы М. Әуезовтiң баяндамасы тыңдалды. Әуезов жолдас: аштарға көмек көрсету ұйымдарының аяғы әлi қыр елiне жеткен жоқ. Олардың таяу арада жетуi де неғайбыл екенiн айтты. Әуезов оның себебi мынада деп көрсеттi:
1. Ауылдардың тiкелей өзiмен араласа отырып, олардың мұқтажтықтарын анықтайтын бұл саладағы мiндеттi атқаратын қызметкерлер жоқ. 2. Аштыққа ұшыраған қазақтар нақты бір жетекшi адам болмаса, олар аштарға арналып мемлекет тарапынан бөлiнген сыбағаның өзiне де қол жеткiзе алмайды, өйткенi қазақтар бір үзiм нан үшiн жат жерде қол жайып қаңғып жүргеннен көрi үйiнде өлгендi артық санайды, тiптi көмек сұрап ел кезе қалған күннiң өзiнде де қараңғы, аңқау қазақ оларды өз бетiмен iздеп таба алмайды, көмекке қолы жетпейдi. 3. Жергiлiктi жерделі аштарға көмек көрсету ұйымы қолтығының астындағы, яғный жақын маңдағы қалалар мен қала маңындағы селолардағы күйзелгендерге ерекше қамқорлық жасауға тырысады, сондықтан да қаладан шалғай орналасқан қазақ ауылдары үнемi кейiнге ысырылып қалады. Шындығына көшсек, – дедi Әуезов, – ашаршылық жайлаған қырдағы елдiң қырылғанының жанында, қаладағы аштықтың үрейлi көрiнiстерi ойын сияқты әсер етеді. Егерде бұл аудандарды аштықтан құтқару үшiн дәл қазiр шұғыл түрде шешушi шара қолданылмаса, онда қазақ республикасы қазақсыз қалады. Көптеген аудандардағы қазақтар көптен берi тек қана көртышқанмен, тышқанмен, суырмен, тағы сол сияқты ұсақ жәндiктермен өзегiн жалғауда, соның кесiрiнен әртүрлi жұқпалы аурулар мен iндеттер естiп- бiлмеген деңгейде таралып барады.
Мұның барлығы, аштарға көмек көрсету ұйымдарының қыр елiне жаны ашымайтындығын, оларға немкеттi қарайтындығын көрсетедi, сондай-ақ осындай қасiреттi өрттi өшiруге қазақ қызметкерлерiнiң де бейғамдығы байқалады. Өкiмет басында отырған қазақ қызметкерлерi, бұл iстi дәл осы күйiнде қалдырып қоюға болмайтыны өз алдына, бұл –бәріміз үшiн қылмыс, бiз бұл үшiн қазақ елiнiң алдында, өзiмiздiң арымыздың алдында жауаптымыз, – дедi Әуезов жолдас.
Баяндамасының соңында Әуезов жолдас қырдағы аудандарға аштарға көмек көрсету шараларының жоспарын ұсынды, жарыссөз бен талқылаудан кейiн iшiнара өзгерiстер мен толықтырулар еңгiзiлген соң бұл ұсыныс қаулының негiзi етiп алынды.
Достарыңызбен бөлісу: |