Мен баяндамамның соңында: осы он шақырымдық жерді қазақ халқы ежелден иеленіп келгендіктен де, өздеріне қайтарып беру – туралы ұсыныс жасадым.
Ал Каспий теңізінің солтүстік жағалауы – салық жинайтын жер болып жарияланғанымен, патша үкіметі қазақ тұрғындарын иеленген жерлерінен көшіре алмады. Себебі, Каспийдің солтүстік жағына карай «Рың (Нарын – ? – Т.Ж.) құмдары» деп аталатын құм бұйраттары созылып жатыр. Экономиканың қатал заңы тұрғындарды Каспий теңізі жағалауына қуды. Онда олар балық аулаумен шұғылданып, кемеде жұмысшы болып істеп, күн көріс мүмкіндігіне ие болды.
Баяндамамның соңында: қазақтардың бұрын иеленіп келген жерлері өздеріне қайтарылсын және жергілікті қазақ пен отырықшылданған орыс тұрғындары қашан орнығып біткенше Россиядан қоныс аударуды тоқтатқан жөн, – деген ұсыныс жасадым. Осы жерде Владимир Ильич менің сөзімді бөліп: «Қызық екен, орталықтағы жолдас, біздің ЦК-ның мүшесі Сафаров: Түркістаннан барлық кулак шаруашылығын көшіріп жіберу керек, – десе, сіз: тек жергілікті қазақтар мен отырықшылданған орыстар орын тепкенше қоныс аударуды тоқтату керек, - дейсіз. Бұл қалай? Мен мұндай пікірді күтпеп едім?», – деп бір сәт күмілжи қарады. Мен: «Сафаровтың Түркістанның жағдайын жақсы білетінін, ол сол жерде ұзақ уақыт қызмет істегенін айта келіп, ал Қазақстанның жағдайында ондай ұсыныстан бас тарту керек», – дедім. Және де өз ұсынысыма негіз ретінде солтүстік аймақтардағы қазақ пен орыс тұрғындарының сан жағынан арақатынасы жайлы статистикалык мәліметтерді келтірдім. «Орыс тұрғындарын көшіріп жібереміз деген шешімнің орындалу мүмкіндігіне сенбеймін, себебі, ұлттар арасында алауыздық туу қаупі бар», – дедім. Сонда Владимир Ильич: «Ендеше ойлану керек»,– деді.
Бұдан кейін: «он шақырымдық кесімді жер» мен жерге орналастыру мен ауыл шаруашылығын ұйымдасиыру туралы барынша қамти айтқаныма қарамастан, Владимир Ильич: «Тағы да қосымша айтарыңыз бар ма?», – деп сұрады. Сонда мен жастардың атынан (ол кезде 29 жаста едім): жерді өңдеуге және шөп шабуға арналған ауыл шаруашылығы машиналарымен қамтамасыз етсе, сөйтіп ауыл шаруашылығы коммуналарын ұйымдастырсақ,– деген тілек айттым. Владимир Ильич қолын сермеп: «Керегі жоқ, керегі жоқ. Біз ауыл шаруашылығы коммуналары жайлы, тіпті, Орталық Россияда да әлі ойластырғамыз жоқ», – деді. Владимир Ильичтің тарапынан айтылған мұндай сілтеме қсынысқа мен қатты абыржып қалдым.
Коммиссияның мәжілісінде, жасаған баяндамамның біздің республикамыздың территориясын анықтау туралы тұсында: Каспий теңізінің солтүстік жағалауының – Астрахань губерниясынан Қазақстанға қайтарылғаны тиімді екендігі жөніндегі жоғарыдағы ұсынысымдықайталап айттым. Менің бұл ұсынысыма көптеген адамдар мүлдем қарсы болды. Ірі басшылар, әсіресе Астрахань губерниялық атқару комитетінің председателі (фамилиясы есімде жоқ), Лежава, Брюханов секілді басшылар: Каспийдің балығымен Москва жұртшылығын асырап отырмыз, еліміз азық-түлік қиындығын бастан кешіп отыр,– деген сылтауды алдыға тартты. Сөйлеушілердің бұл мәселеге теріс көзқарасын байқаған Владимир Ильич маған бұрылып: «Біздің экономистер жан-жақты талдап, батыл айтқан секілді, ұялмаңыз, өзіңіздің ойыңызды еркін айта беріңіз, енді сөз сізге беріледі»,– деді.
«Мен, кеше ғана институтты бітіргенмін, жақсы тәжірибені үйренуге дайынмын. Бірақ кейбір жолдастардың менің ойыма қарсы болғанына таңым бар. Өйткені, Қазақстанның өзінің ұлттық-тұрмыстық ерекшеліктеріне байланысты алатын автономиялық басқару құрылымы – РСФСР-дің қарамағына кіреді. Соған қарамастан, біздің, Каспий жағалауының республика шекарасына кіргізілуін мақұлдағанымыз дұрыс сияқты. Себебі, ол жерде негізінен балық шаруашылығымен айналысатын қазақтар мекендейді және де бұл жағалау Қазақстан территориясының ішіне кіріп тұр. Ал егер осы жағалауды тұрғындарымен бірге біздің республиканың шекарасына кіргізсе, біз оларды ұйымдастырып, Астрахань губерниясына қарағанда Орталыққа әлдеқайда көп балық жіберетінімізге сенімдімін»,– дедім.
Владимир Ильич Астрахань губерниялық атқару комитетінің председателіне бұрылып, одан: Жағалаудағы қазақ пен орыс тұрғындарының сан жағынан ара қатынасы қандай?, – деген сұрақ қойды. Председатель статистикалық мәліметтер жоқ дегенді сылтау етіп, сұрақтан бұлтарғысы келіп еді, Владимир Ильич: «Жағалауда қанша қазақ, қанша орыс бар – деп отырғаным жоқ, осы өңірдегі тұрғындардың қайсысы басым?»,– деді. Сонда председатель амалсыздан: «Қазақтар басым секілді», - дегенге сайды. Владимир Ильич: «Мәселе түсінікті болды», – деп дауысқа салмақ еді, сол арада хатшы Крестинский: «Ермеков жолдас «Данциг дәлізін» ұйымдастырмақ болып отыр»,– деп қыстырылып еді, Владимир Ильич: «Крестинский жолдас мәселенің маңызын түсінген жоқ. «Данциг дәлізін» Астрахань губаткомы мен біздің шаруашылық басшылары жасап отыр»,– деді. Теңіз жағалауын біздің республикамыздың шекарасына қосуды жақтап Владимир Ильичтің өзі дауы берді және оның ұсынысы көпшілік дауыспен қабылданды»,– деп еске алды.
Иә, Ленин мен Әлімхан Ермековтің көзбе көз тілдесуінің нәтижесінде бүгінгі Атырау өңірі Қазақстанның құрамына мәңгілік қосылды. Автономия мен территория мәселесі 14, 16-17 тамызда талқыланып, 24 тамызда тағы да Лениннің қатысуымен өткен ең соңғы шешуші мәжілісте түбегейлі бекітілді:
Бұл туралы аталған естелікте Ә.Ермеков: «1920 жылдың 24 авгусінде Халық Қомиссарлар Кеңесі Қырғыз (қазақ) Автономиялық республикасы туралы декрет жобасының мәселесі жөніндегі мәжіліске баяндамашының бірі ретінде мен де қатыстым. Мәжілістегі атмосфера аса іскерлік жағдайда болды, әрқайсысы өздерінің жауапкершілігін сезініп, қатал тәртіп сақтап, байсалдылық танытты. Бұл мәжіліске Владимир Ильичтің өзі және біздің тарапымыздан төраға Пестковский қатысып отырды. Мәселе туралы Ұлттар жөніндегі халық комиссарының төрағасының орынбасары Каменский баяндама жасады. Ол өзінің жауапкершілігін қатты сезініп, баяндама барысында көп қиналды.
Владимир Ильич, декретті қарап отырып: «Байланыс торабы мұнда ЦСНХ-ның қарамағына беріліпті, неге НКПС-тің (Байланыс жөніндегі халық комссариатының – Т.Ж.) қарауына берілмеген? – деген сұрақ қойды. Каменский жолдас: «Татар республикасы туралы декретте осындай ереже қабылданған болатын», – деп жауап берді. Владимир Ильич таңданыс білдіріп: «Ендеше ол ережеде мұндай шешім неге қабылданған?»,– деп сұрақ қойды да: мәселенің барлығы нақты қамтылмағаны туралы баяндамашыға қатты ескерту берді. Мен бұл мәселенің мән-жайын Пестковский жолдасқа: «Біздің республикамыздағы темір жолы торабының көлемі шамалы, оның есесіне салынып жатқан темір жолы құрылысы ЦСНХ -ның басшылығына қарайды», – деп. түсіндірдім. Пестковский жолдас сөз алып, жоғарыдағы шешімнің мән-жайын түсіндіріп берді. Владимир Ильич бұған: «Мұндай түсініктемемен келісуге де болады, келіспеуге де болады, бірақ баяндамашы болса: Татар республикасы жөніндегі осыған сәйкес ережеге сілтеме жасағысы келеді»,– деп ескерту жасады. Каменский жолдас өзіне түскен барлық жауапкершілік пен ауырлықты қатты сезініп, қиналды, сөйтіп, осында отырғандарға алдағы уақытта ескеріп жүретіндей үлкен сабақ болды.
Достарыңызбен бөлісу: |