«4. Шаруашылықтарды коллективтендiру науқанындағы бұрмалаушылық әрекеттер
Сондай-ақ, астыртын ұйымның мүшелерiнiң жат пиғылдары шаруашылықтарды коллективтендiру науқаны тұсындағы бұрмалаушылықтарынан, оны болдырмауға тырысып баққан әрекеттерiнен байқалды. Коллективтендiрудiң жүзеге аспай қоймайтынына, бұл шараларға тұрғындардың ерекше белсендiлiк танытып отырғанына көздерi жеткен соң, олар жарым-жартылай рулық негiзде құрылған колхоздарды ұйымдастыруға күш салды.
Айыпкер Тынышбаевтің көрсетуi: «Бiз, ұйым мүшелерi – мен, Ермеков және Досмұхамедов үшеумiз колхоз құрылысы туралы өзара пiкiр алыстық, бiрақ та колхоздарды ұйымдастыру науқанына тосқауыл қоя алмайтын болғандықтан да: қазақ ауылдарындағы колхоздарды шағындап қана рулық жүйемен құру керек – деген тұжырымға келдiк. Мұның басты себебi: қазақ қоғамындағы рулық құрылым әлi де күштi сақталып қалған, сондықтан да бар мүлiктi жеке меншiк иелерiнiң қолында сақтай отырып, шағын-шағын жарым-жартылай ортақтастырылған шаруашылқтарды ұйымдастыру қазақ үшiн қолайлы деп есептедiк. Бұл бiздiң ұйымның мүшелерiнiң ортақ пiкiрi едi және арамызда ешқандай көзқарас алшақтығы болған жоқ, оның үстiне бiз бұл туралы Бөкейхановтың және басқалардың дәл осындай пiкiрде екендiгiн бiлетiнбiз. Бiз: кедейлердiң басы бiрiкпейдi, олар өзiне рулас байлардың ықпалынан шыққысы келмейдi, өйткенi рулық туысқандық сезiмi қазақ арасында әлi де күштi,– деп есептедiк. Бiз бұл жөнiнде партияда жоқ көптеген қызметкерлермен, коммунистермен әңгiмелестiк, олар да істі дәл солай жүргiзсе, көптеген қиындықтарды жеңуге болатынына сендiк. Сөйтiп, бiз бұл әрекеттерiмiз арқылы кедейлердiң бiрiгуiне (таптық) бөгет жасап, рулық құрылымды сақтап қалуға тырыстық.
Бұл идеямызды iске асыру үшiн бiздiң көзқарасымызды қолдайтын Бұралқиев, Күдерин сияқты тағы да басқаларды пайдаландық, сондай-ақ бiзден ақыл сұрап келген қазақтардың барлығына да дәл осындай колхоз құрыңдар деп кеңес бердiк, бұл идеяны сол колхоз құрылысын ұйымдастырып және басқарып жүрген қазақ қызметкерлерiнiң бәрiнiң миына сiңiруге тырыстық.
1928 жылы Iле өзенiнiң арғы бетiнде зерттеу-барлау (темiр жол салу үшiн – Т. Ж.) жұмыстарын жүргiзген кезiмде қазақтардың бәрiне өз көз қарасымды түсiндiрiп бердiм және колхоздарды мен айтқандай үлгiмен құруға шақырдым» (№ 2370-iс, 1 т., 141-парақ. Тынышбаевтің 1930 ж. IХ. 6-күнгi жауабынан)».
Бiр адамның кекесiн араластырып жазып берген осы жауабы арқылы 71 адамға үкiм шығарды. Әрине, 14 томнан асатын тергеу iсiнде Тынышбаевтің көрсетуiнен әлдеқайда «кең қамтылған» куәлiктер бар. Тергеушiлердiң М.Тынышбаевтің жауабын қайта-қайта алдыға тарта беруiне қарағанда, «Алаш» партиясының көсемдерiнiң бiрi, «Алашорда» үкiметiнiң мүшесi, уақытша үкiметтiң Жетiсу өлкесiндегi комиссары, Қоқан Автономиялы республикасының премьер-министрi Мұхамеджан Тынышбаевті қалайда жазаға тартудың амалын қарастырса керек.
Бұдан кейiнгi айыптаулардың тақырыбы – «Ет дайындауға жасалған қастандықтар», «Бандылық қарақшылықтар» деп аталады. Ал нағыз «бандылық қарақшылық» қылмысты кеңес өкiметiнiң өзi жасап жатқан едi. Жер мен тәркiлеу, колхоздастыру саясатының кесiрiнен 2 миллионға жуық қазақ аштан қырылды. Қазақ жерiнiң құты – Сарыарқа қаңырап бос қалды. Елдi «естен тандырған» ессiз өкiметтiң есiн ақсүйек ашаршылық та жыйдырмады. Тура сол кезде Кереку, Қызылжар, Омбы қалаларының су айлақтары мен вокзалдарында мал етi иiстенiп, айдалаға апарылып өртелiп жатты.
Қазақ ұлтының аштан қырылып қалғанын бiле тұра Сталин мен Молотов Қужақты қуырдақтай қуырып, «бер, бердiң» астына алды. Бiр республиканың басына қаралы күн туғанда да оның тағдырына пысқырып қарамады. «Сенiп тапсырылған өлкенi» зауалға ұшыратып, баясы шыққан Шаяға – Голощекин мен Исаевқа: КСРО Халық Комиссарлары Кеңесінің төрағасы В.Молотов пен БКП (б) Орталық Комитетiнiң бас хатшысы И. Сталин 1932 жылы 8 қараша күнi:
«ХКК мен ОК-тiң (Халық комиссарлары кеңесi мен Орталық Комитеттiң – Т. Ж.) ескертуiне қарамастан республикадағы астық даярлау қарқыны төмендеп барады. Белгiленген жоспардың орындалмауының себебiн астықтың түсiмiнiң төмендiгiмен түсiндiрген сылтауды Орталық Комитет пен Халық Комиссарлары Кеңесi назарына да iлмейдi, өйткенi бұл көрсеткiш қасақана төмендетiлген және мемлекеттi алдау ниетiнен туған.
Сiздердiң артта қалған аудан хатшылары мен атқару комитеттерiнiң төрағаларының атын атап қана өтiп, тек артта қалуды жоюдың шараларын көрсеткен мәлiметтеріңіздi Орталық Комитет пен Халық Комиссарлары Кеңесiне хабарламай, сырғақтай берулерiңiздi Орталық Комитет пен Халық Комиссарлары: Кеңесi партиялық басшылыққа лайықсыз қылық – деп бағалайды.
Достарыңызбен бөлісу: |