Орталық Комитет пен Халық Комиссарлары Кеңесi сiздерге мынаны ескертедi:
Егерде қысқа мерзiм iшiнде республикадағы астық тапсыру iсiне нақты өзгерiстер енгiзу мәселесi ұйымдастырылмаса, онда бiз солтүстiк Кавказдағы тәрiздi жазалау шараларын қолдануға мәжбүр боламыз. Қолданылған жазалау шаралары туралы сiздiң толық түсiнiктерiңiз болуы үшiн БКП(б) Орталық Комитетiнiң нұсқауы бойынша қабылданған Солтүстiк Кавказ өлкелiк комитетiнiң қаулысын жолдап отырмыз. Орталық Комитет пен Халық Комиссарлары Кеңесi бұл қаулыны сiздердiң жеделхаттарыңызда аттары аталып көрсетiлген артта қалған аудандардың хатшыларымен таныстыру мiндетiн сiздерге жүктейдi. Егерде олар астық дайындаудың көлемiн өсiруге жедел шара қолданбайтын болса және одан әрi осылай жалғаса беретiн болса, Орталық Комитет пен Халық Комиссарлары Кеңесi қараша айының бiрiншi жартысында оларды партия қатарынан шығару туралы мәселе қоюға мәжбүр болады»,– деген үрейлi жедел хат жолдады.
Шындығына көшсек, ол кезде Голощекин мен Исаевтың бұл жеделхатқа жауап беретiндей мұршалары да жоқ болатын. Егiннiң орынына адамның сүйегiн егiп, «тәнтiбайбеттенiп» отыр едi. Елiре-елiре сөйлеп, ауызы ақкөбiктенген Голощекин мен оған көпшiктi қоя-қоя қоялары шыққан Исаев пен Құрамысовтың, Құлымбетов пен Ерназаровтың, Қабылов пен Тоғжановтың, Беккердiң, тағы да басқа идеологтардың жақтары қарысты. Елдi де, өздерiн де «есеңгiреттi». Шегiнетiн жерлерi де жоқ болатын. Сасқанынан сүйек пен тұяқ, жылқының жал-құйрығы мен сиырдың мүйiзiн жинау туралы жарлық шығарды.
Ал бұл кезде адамның сүйегi болмаса қазақ даласында малдың сүйегi де, оны жинайтын адам да қалмап едi.
1931-1932 жылы ашаршылық кезiнде 1921-1922 жылғы аштықтан аман қалған 4 миллион 120 мың қазақтың 2 миллион 200 мыңы, яғни, жалпы ұлттың 49 процентi «кiшi октябрь» мен «естен тандыру» саясатының құрбандығына шалынды. Құрамысов пен Беккер: «Халықаралық пролетариаттың мүддесi үшiн... бүкiл қазақ халқын құрбан етуге даярмыз!» – деген «армандарына» жеттi. Ал ұлтының осынша қорлық өлiмге душар болғанына күйiнген «бестiң тобы» – Ғ.Мүсiрепов, М.Дәулетқалиев, Е.Алтынбеков, Қ.Қуанышев, М.Ғатауллин 1932 жылдың шiлде айында Сталин мен Молотовқа наразылық хатын жолдады. 1937 жылы Қарқаралы округiнiң басшыларын жаппай атуға бұйырған кезде Мансұр Ғатауллин өзiнiң соңғы сөзiнде айып орындығында отырған әрiптестерiн қолымен нұсқап:
« – Мыналар халық жауы емес. Жау – менмiн. Сондықтан менiң өзiмдi ғана соттаңдар. Тек, менi ғана. Бiрақ мен де халық жауы емеспiн, керiсiнше, халықтың жауының жауымын. Ал мен 1932 жылы, Кент қаласына iссапармен келген кезден бастап халық жауы болдым... Көлiктен сыртқа шықсам, айналамда адам да, мал да жоқ, тек қана ұзын созылған мал қорасы тұр. Есiктi ашып қалып едiм, өлi адамның денелерi көрiндi. Соншама үлкен қораның iшi лық толған адамның мәйiтi. Кейбiреулерiнiң көзi ашық, кiрпiктерi әрең қимылдайды, бiрақ кiрпiк қаққанша жантәсiлiм беретiнi сөзсiз.
Сыртқа атып шықтым. Даладан айқай-шу шықты. Есiнен адасқан әйелдер қолдарындағы пышақтарын жалаңдатып менiң жүргiзушiме тап бердi, ойлары оны сойып жемек. Мен аспанға оқ атып едiм, олар жан-жаққа қаша жөнелдi. Жан-жағыма қарасам, анадай жерде үлкен қазан-ошақ тұр екен, астында от жанып жатыр. Әлде не пісіп жатыр. Қақпағын ашып кеп жіберіп, қарасам, бұрқ-сарқ қайнаған сумен бiрге қазанның бетiне бiрде баланың аяғы, бiрде қолы, бiрде өкшесi бүлiк-бүлiк етiп шығып жатыр... Мiне, мен тура сол күннен бастап халық жауы болдым»,– дептi (В. Михаилов, «Ұлы жұттың шежiресi»).
Мұндай ерлiк «ақ жүректер» мен Қуажақтың қуыршақтарының қолынан қайдан келсiн. Халықтан кешiрiм сұрап, иман iздеудiң орынына, сондай бетбақтықпен ұлтының бес азаматын «бестiң тобы», «халықтың жауы» деп жариялады. Сонда бұлардың қызғыштай қорғап жүрген халқы – қай халық? Олар халықтың бағын емес, өздерiнiң астындағы тағын қорғап жүрген баққұмар сiмпiстер едi.
Өзегi үзiлген халық мұны көрiп-бiлмей отырғандай-ақ, асқан аярлықпен өздерiнiң күнәсiн «ұлтшыл-бурзуазияшыл контрреволюционерлерге», «Алаштың» ардагерлерiне жапты. Бес жыл бойы дәлелденбеген «қылмыстарын» ұрып-соғудың нәтижесiнде мойындаттырып, ұялмастан: «Қылмыстарын мойынына алды! Аттық! Астық! Жер аудардық! Кеңес өкiметiнiң саясатына қарсы шығып, елдi ашаршылыққа ұшыратқан солар! Ендi көздерiң ашылатын болды!», – деп өздерi қырып салған халықтан сүйiншi сұрады!
Шiркiн, данышпан Абайдың:
Жамантайдың баласы Көжек деген,
Екi үйдiң арасына безектеген.
Досын келiп досына жамандайды,
Шiркiнде ес болсайшы сезед деген!, –
сөзiн әлгi кеңестің кеңкелес мәңгүрттері түсiнбеді.
«Голщекиндік националдар» Сталин мен Молотовтан жаңағыдай нұсқау алған соң тағы да жанталаса жанықты. Ашаршылықтың зардабын саяси сахнадан ысырылуға тақап қалған Қужаққа – Голощекинге жапты да, мүләйiмсiп-мәймөңкелеп шыға келдi. Республика үшiн, оның iшiнде жеке адамдарға және белгiлi бiр мәселелердi шешуде кәдiмгiдей ынта-пейiл көрсеткен шығар. Бiрақ мұқым ұлттың мүддесi мен халық қамы үшiн олардың қабырғасы қайысты деуге, оларды биiк лауазымға жеткенi үшiн мемлекет қайраткерi болды деп даралауға еш себеп жоқ. Мемлекеттiк машинаның конструкторы, не құрастырушысы емес, соның жай ғана бір елеусiз бөлшегi едi олар. Қажет кезiнде оларды құрал-жабдық ретiнде пайдаланды, мiндетiн өтеген соң лақтырып тастады.
Олардың мансап жолында – тағдырдың тәлкегiне ұшыраған жазықсыз жандардың көз жасы мен қасiрет уайымы, аштан қырылғандардың қураған сүйегi, атылып-асылған, қудаланған ұлт қайраткерлерiнiң өзектi арманы мен өкiнiшi өксiп жатты. Мансұр Ғатауллиннiң:
Достарыңызбен бөлісу: |