«... Жансүгіров – коммунист, сондықтан да оған алашордашыл шығармаларды бастыруға жол бетмеу керек, әйтпесе біз аса бағалы қызметкерден айырыламыз» (1933 жылы тамыз).
Тұрақты оқулық құрастыруды Оқу-ағарту комиссариаты құрамында: Әуезов, Жолдыбаев, Жансүгіров – бар топқа тапсырды. Оқу-ағарту комиссариатындағы Жүргенов пен Жантілеуовтің үлкен қолдауына сүйенген ұлтшыл интеллигенцияның бұл тобы (Сейфуллин, Жолдыбаев, Мүсрепов) жастармен жәмпейлесіп қалуға құштар және дәріс мінберіне ықыласпен көтеріледі.
Бұдан шығатын қорытынды:
1. Әдеби шығармашылықтағы жетекші және ықпалды орын бұрынғысынша алашордашылар мен алашордашыл мамандардың (Әуезовтің, Ермековтің, Жансүгіровтің) қолында қалып отыр.
....
(Орындаушы Рудовский)
ПП ОГПУ-дің ҚАССР-і бойынша өкілетті өкілі (Миронов)
ПП ОГПУ-дің саяси тергеу бөлімі бастығының орынбасары (Павлов)».
Иә, таныс тергеушілер. Тек қызметтері өскен. Сәкен Сейфуллин мен Ілияс Жансүгіровті, Ғабит Мүсірепов пен Темірбек Жүргеновті алашшылдардың қатарына қосуына қарағанда олардың ішкі саяси-барлау қызметінің қайда, қалай бағытталғанын емеуірінсіз-ақ білуге болады. Соның ішінде бірлесіп аударған шығармаларға қойылатын ортақ ныспыларды жасырын шифрға санап: «Жансүгіровтің өзінің алашордашыл шығармаларын жанама есіммен басып шығарғаны, Әуезов өзінің еркі бойынша шығармаларын бүркеншік атпен жариялауы ұйым жиналысында талқылануы», – күдіктің күбірткісінің толық кетпегенін танытады.
Дәл осы тұста Қужақтың қайрағымен жанылған Мироновтар мен Павловтардың кесірінен өнер саласында да тазалау жүріп, театр жабылуға шақ қалып еді. 1932 жылдың күзіне қарай әр түрлі қисынды-қисынсыз себептермен қара шаңырақтың уығын алғаш қадаған артистердің дені сахнадан шеттетіліп, бет-бетіне жіберілді. Қалибек, Күләш, Құрманбек, Шара, Үрия Тұрдықұлова, Жандарбек, Жұмат Шаниндерге «коңырау тағылып», театрдан қуылып, әр жаққа кетті. Өнер адамының шыққан тегі де тәптіштелді. Татулық мәйегі ұйыған коллективтің әділетсіз ірітілуі олардың шығармашылық жұмысына да кері ықпалын тигізді.
Ол Мұхтардың өміріндегі ең сүреңсіз күндер еді. Сахнадағы жұтаңдықты ұмытып, бар қуат күштерін талқылаулар мен мінездемелерге сарып еткен шақ-тын. Желтоқсанға қарсы премьерасы қойылуға тиісті, соның алдында ғана қатты дау-дамаймен талқылаған «Октябрь үшін» спектаклі 9 желтоқсан күнгі қойылымнан соң сахнадан алынып тасталды. «Театрдың сәтсіздігі пьесадағы оқиғаның тым күрделілігіне байланысты. Кеше ғана «Кінәсін мойындаған» адамның қасақана жасаған қастандық әрекеті емес пе екен»– деген ишаралар да айтылды. Орталықтың оқшантайы, большевик дегенмен де Л.И.Мирзоян – Қужақ емес еді. Әдебиет пен мәдениет саласын талқылайтын кеңеске арнайы дайындалған жоғарыдағы “құпия саяси бөлімнің” Баянхатына басқаша тұрғыдан келді. Қырғи қабақ тудырған сол кезең жөнінде Мұхтардың өзі:
«1933 жылы еді. Қазақстанның көркем өнері мен әдебиеті үшін естен кетпестей бір мәжіліс болды. Ол Левон Исаевичтің өз кабинетінде шақырылған жиналыс. Мәдениеттің майданына тарихтың өзі күн салып, «өнер тап, өрге бас, қалуың жетті» деп қанат бітіргелі тұрған күндер еді. Қөңілде сондай көтеріңкі күй бар. Бірақ әдебиет пен көркемөнер қызметшілері – бізде ол кезде күшке сенбейтіндік, қорғаншақтық, тәжірибесіздік мықты еді. Жүдеу артист, тартыншақ жазушы, сенімсіз режиссер, не істерін білмеген композитор, суретшілер болатынбыз. Иә, ол кезде солай еді»,– деп еске алды.
1933 жылдың 8, 9 және 20 кыркүйегінде Қазақ АССР өлкелік партия комитеті мен Халық комиссарлар Кеңесінің және Халык, ағарту комиссариатының «Ұлт өнерін дамыту шаралары жөніндегі» Қаулылары іркес-тіркес шықты. Сол кеңесте Халық Ағарту комиссариаты: «1. Маман режиссер шақырғанға дейін жаңа пьеса қойылмасын, репертуарда бар пьеса ғана ойналсын. 2. Актерлар білімі мен мәдениетін көтеру мақсатында өнер секторы белгіленген программамен оқу жұмысын жүргізу театрға міндеттелінсін. 3. 1933 жыл-дың басында қазақ театры жанынан 40 адамдық театр студиясы ашылсын, ол үшін қабілетті өнерпаздар, драм-кружок, техникум, рабфак, орта мектептерден таңдап алынсын»,– деп қаулы шығарылды.
Шарасыздықтан берілген бұл бұйрық өнерді өрге бастырғанша біраз уақыт өтті. Голощекиннің қасірет тұманын сейілткен, қазақтарға жан жылуын силаған Л.И.Мирзоян да санадағы үрейді айықтыра алмады. Өйткені ол Қазақстанға келген соң Сталин:
«Ұлыорыстық шовинизммен тек қана жергілікті партия ұйымдары ғана күресіп жатқан жоқ, бәрінен бұрын БКП(б) орталық комитеті жаппай шұғылданып отыр. Қазақ большевиктерінің кезекті міндеттерінің бірі – ұлыорыстық шовинизммен күресе отырып, барлық күш-қуатты қазақ ұлтшылдығы мен соған бейімделушілерге қарсы күреске жұмылдыру болып табылады. Онсыз Қазақстанда лениндік интернационализмді ұстап тұру мүмкін емес. Бұқараны интернационалистік тұрғыдан тәрбиелеу жұмысы Украинаға қарағанда Қазақстанда қарқынды жүргізіліп жатыр деп айтуға болмайды. Қайта керісінше шығар. Егерде, бұған қарамастан, дәл қазіргі кезеңде Қазақстан үшін ұлтшылдық басты қауіп болмаса, оның басты себебі – Украинаға қарағанда қазақ ұлтшылдарының шетел интервенттерімен байланыс жасауының қиындығында. Алайда Қазақстан үшін қолайлы мұндай жағдайға қарамастан қазақ коммунистері қазақ ұлтшылдығымен және оларға іштартушылармен күресті босаңсытпауы тиіс. Керісінше, қазақстандық ұлттар бұқарасының санасына лениндік интернационализмді сіңіруге барлық жағдайды жасау үшін жергілікті ұлтшылдықпен күресті барынша ауқымды түрде күшейту қажет. Басшылықа алу үшін БКП(б) орталық комитетінің Тәжікстан туралы қаулысын жолдап отырмыз» , – деп (Алаш қозғалысы, 4 том, 442-бет) тапсырма беріп еді.
Мұндай нұсқау кезінде Қужаққа да – Голощекинге де беріліп, алашордашыларды жаппай жазалау науқаны басталған болатын. Мирзоян да сол жолдан ауытқыған жоқ. «Алашорданың» контрреволюциялық іс-әрекетін әшкерелейтін жинақ құрастыртып, 1933 жылы 8-29 желтоқсан аралығында Марксизм-ленинизм ғылыми зерттеу институтында С.Брайнин мен Ш.Шафироның «Алашорда тарихының очерктері» атты кітабының қолжазбасын талқылауға арналған ғылыми кеңес өткізді. Онда Сталиннің:
Достарыңызбен бөлісу: |