Жолдастықпен: Сәбит Мұханұлы».
«21 февраль, 1933 ж. Москва.
Біздің ойымызша Сәбиттің бұл сенімін Мұхтар толық ақтап шықты. Саяси-таптық қарсыласын бауырына тартқан Сәбиттің осы қадамын нағыз азаматтық қасиет ретінде бағалауға толық негіз бар. Әрине, олардың араз боп, айтысып жүрген кездері де болды. Бірақ, оған әлі талай жыл бар еді. Ең бастысы – Мұхтардың басына күн түскенде Сәбиттің жанынан табылуы.
Мұның өзі Мұхтарға дәл уақытында, ділгір шағында жасалған ұмытылмас жақсылық еді.
Біз жазушының таным жолындағы табандылығын, өмірінің қаншама күрделі оқиғаларға толы болғанын, соны санасын сарқа саралап, парасатпен шеше білгендігін көрсету үшін ғана бұл түсініктерді қайыра баяндап отырмыз. Егер де жазушының өміріндегі үлкен түйін боп келген дәл осы мезет айқын ашылмаса, онда Мұхтардың бүкіл өмір жолын түсіну мүмкін емес.
Ендігі ағат адымның ар жағында – терең жар, құлама құз күтіп тұрды. Үрейлене жүріп сырлас іздеді. Дос көңілді дала данышпаны Қалибек Қуанышбаев пен Ілияс Жансүгіровтен тапты. Ол Ілияс Жансүгіровпен «Қилы заман» мен «Қараш-Қарашты» жазарда Қарқарада танысып, соңы сырластық пен сыйластыққа ұласқан. Даланың самалын, кең сахараның шетсіз-шексіз қиырын қатты сағынса да астанадан алыс кетуге рұқсат етілмеді. Өзге себептермен қоса, азық-түліктің тапшылығы да қолбайлау жасады. Сондықтан да, Ілияс екеуі Медеу шатқалының сағасындағы Жалбыртөбенің етегіндегі Мұғалімдердін демалыс үйіне орналасты. Әдеби өмірден, тіршілік қарекетінен қол үзіп қалғандықтан да, әріптестерімен әңгімелесудің өзі бір ғанибет еді. Белгілі-белгісіз қисындарға байланысты, сол тұстағы қазақтың ірі қалам кайраткерлерінің ішінен Мұхтарды жанына жақын тартқан Ілияс қана болды. Қөңілінде қылауы жоқ өзге азаматтардың бұл «жатбауырлығын» түсінуге де болатын. Тамақтың өзін асханаға кезекке тұрып алатын қиын кезде, мұндай мырзалық тек Ілиястың ғана қолынан келетін.
Шындығына сайғанда бұл серуен де, серілік те емес. Шаң басқан көңіл кірбіңін жазу, көкейдегі күдікті ыдырату, сол арқылы тың қуатпен шығармашылық жұмысқа кірісуге дайындық, уақытша бел суыту еді. Еркіндікке шыққан күннің алғашкы аптасында-ақ кітапханаға барып, тарихи деректерді іздеп, қолжазбаларды қағыстыруында үлкен-үлкен мақсаттың ұшқыны аңғарылады. Ол демала жүріп, ой толғағынан арылмады. Болашақ туындыларынын, жоспарын жасады. Соның ішінде өзі әбден сыналған жанр – драматургияға ат басын тіреді.
Алайда төтенше мекеме мен үштіктің: «Бақылауға алынсын, соңына тыңшы қойылсын, қадамы хабарланып отырсын», – деген сұрқылтай бұрыштамасы М.Әуезовтің еркіндікте еркін өмір сүруіне мүмкіндік бермеді. Голощекин ауысып, орынына Мирзоян келгенде, яғни, «Қужақты – «Мырзажан» ауыстырса да тыңшылар қалғымады. Олар Мұхтар Әуезов пен Ілияс Жансүгіровтің шығармашылық байланысын ұлтшыл-алашордашыл астыртын әрекет ретінде бағалады. Оны Мирзоянның өзіне «аса құпия» түрде былай «таныстырды»:
Достарыңызбен бөлісу: |