1.Устряловшылдық/1. Бұндай әдіс бізде Жүсіпбекте, тағы басқаларда болды. 2. Шын ықыласымен, ескі жолының қателігін танып, жаңа жолға айқын түсініп келгендер. Біз сені қас (дұшпан – Т.Ж.) күніңде де бағалайтын ек. Өйткені Мағжан мен сен кеңес үкіметіне қастықтарыңды ашып айтатын едіңдер. Сондықтан сенің пролетариат тілегіне келуіңді де адал келу деп ойлаймын. Бұл сенің көңліңді көтеру емес, шыным. Біреулер сенің жазаға тартылғаныңа байланыстыруы мүмкін. Оған повод бар да. Өйткені Достоевский жазаға тартқаннан кейін, төңкеріс пікірінен пышақ кескендей айырылып, барып тұрған реакционер болғаны мәлім. Күшке көнетін кісі де, көнбейтін кісі де болады. Ескі пікірінде шын қатқан тұрақты адам, жазаның ауыры – өлімге бара алады. Менің де өз қара басым сені қорқудан емес, ұяттан келген адам (не перед страхом, а совестью) деп оплаймын. Олай болса, күдіктің орны болмауға тиіс. Және болуға мүмкін де емес. Өйткені әрбір адамгершілік санасы бар адамның негізгі ойы – біреуді құлданбауда, адам баласы теңдес өсуде болу керек. Бұған сөз жүзінде: Каутский де, Чемберлен де қарсы емес. Кәтте, «Пуанкаре – война» атын алған Пуанкаре де қарсы емес. Лига нацияны Пуанкаре құрған. Лига сөзде қару тастауды кеңес қылғалы қанша болды? Бірақ, әңгіме сөзде емес, істе. Марксизм іс пен сөзді қатар алады. Олай болса, іс жүзінде адамды адаммен теңдестіруге қандай жол дұрыс апара алады? Қай топ оны істеуге әлі келеді? «Өндіріс құралы жеке меншікте тұрғанда, біреуді біреу құлдану қалмайды», – деген Маркс. Бұл марксизмнің негізгі жолының мықты бір бұтағы. Адам – қоғамдас мақұлық. Және адам өзін-өзі ешуақытта асырай алмайды. Қоғам мүшесі біріне бірі көмектесіп, бірінің жоғын бірі табады. Олай болса, олардың бірлесіп жұмсайтын құралы ортақ және өндірушінің өз еріктерінде болуы керек. Пролетариатқа шейінгі тап, біреуді біреу құлдану негізінде құралған тап болғандықтан, бұны істе жүзеге асыра алмайды. Жүзеге асырса өзін-өзі жою керек. Өзін-өзі жою олардың қолынан келмейді.