1946 жылғы «Қазақ әдебиеті» деген кітабында (орта мектеп оқу құралы) Исмаилов Кенесарыны халық батыры, ұлт-азаттық қозғалысының көсемі деп бағалайды. 1949 жылы М.Әуезовтың редакциясымен шыққан қазақ әдебиеті тарихының бірінші томындағы «Тарихи жырлар» деген бөлімде Исмаилов «ХІХ-ғасырда болған ұлт-азаттық қозғалысының ішіндегі ең көрнектісі Кенесары Қасымовтың басшылығымен болған халық көтерілісі» (311-бет) деп түйеді. Осының барлығы әдебиетші Исмаиловтың Кенесарының реакцияшыл-ұлтшыл қозғалысының әдебиеттегі адвокаты болып келгендігін дәлелдейді. С. Мұқанов 20 жыл бойына Кенесары Қасымовтың қозғалысын халыққа қарсы реакцияшыл деп келді. 1923 жылы жазған «Шешендер қара тақтаға жазылмаңдар!» деген мақаласында С.Мұқанов Кенесары қозғалысының реакцияшыл мәнін дұрыс әшкереледі. Одан кейінгі жылдарда «Қызыл Қазақстан», «Жаңа әдебиет» журналдарында жарияланған қазақ әдебиеті тарихының мәселелері жөніндегі мақалаларында да алғашқы айтқан пікірінде қалып отырды. 1942 жылы жазған «XVIII және ХІХ ғасырлардағы қазақ әдебиеті тарихының очерктері» деген кітабында С.Мұқанов бұрынғы пікірлерінен безіп, Кенесарының реакцияшыл қозғалысын прогрессивтік, ұлт-азаттық қозғалысы деп таниды. Қазақ халқы тарихының даулы мәселесі болып келген Кенесары қозғалысына көзқарасының тым шұғыл өэгеруінің себебін Мұқанов жолдас осы жиналыста ашып айтуы керек. Профессор Жұмалиевтің көзқарасында да дәл осындай тұрақсыздық болғанын көреміз. 1938 жылы жарияланған «Махамбет Өтемісовтің творчествосы» деген еңбегінде Кенесары қозғалысын халыққа қарсы қозғалыс деп таныса, 1941 жылы «XVIII және ХІХ ғасырлардағы қазақ әдебиетінің тарихы» (орта мектеп үшін оқу құралы) деген кітабында Нысанбай творчествосын талдай келіп, Кенесары қозғалысын прогрессивтік деп түсіндірді. 1948-49-50 жылдары шыққан орта мектептің оқу құралы кітаптарында да осы пікірін қайталайды. Өз көзқарасының өзгеру себебін Жұмалиевтің де ашып айтуы керек. Абай шәкірттері туралы мәселе, дәлірек айтқанда, Абайдың ақындық мектебі туралы мәселе қазіргі кезде әдебиетшілеріміз арасында талас тудырып жүрген мәселе екендігін ескерте келіп, баяндамашы бұл мәселе жөнінде пікір алысу керек деген ұсыныс жасады. Кенесары Қасымовтың реакцияшыл-монархиялық, феодалшыл-ұлтшыл қозғалысына баға беруде әдебиет тарихында жіберілген саяси өрескел қателерді жоюдың шараларына тоқтала келіп, баяндамашы осы жылғы апрельдің 4 күні «Социалистік Қазақстан» газетінде жарияланған «Әдебиетте Кенесары қозғалысын дәріптеуге карсы күресейік» деген Ғұмарова жолдастың мақаласы, сондай-ақ апрельдің 19 күні «Ленинская смена» газетінде жарияланған осы мәселе жөніндегі Ә.Тәжібаев жолдастың мақаласы өте маңызды пікірлерді көтеріп, X.Бекхожин, Е.Исмаилов, X.Жұмалиев, М.Әуезов, С.Мұқановтардың Кенесары қозғалысын бағалаудағы қателіктерін дұрыс ашатындығына атап тоқтады», («Әдебиет және искусство», 1951, №8).
Баяндамадан алынған осы ұзақ үзіндіден қазақ әдебиетінің басына қандай қауіп төнгенін анық байқауға болады. Аты аталған адамдардың партиялық жазадан құтылуы екіталай болатын. Сондай саяси-көркем мағынаға ие емес жаныққан жарыссөздерді бұл араға кіріктірмесе де ештеңе өзгермес еді. Бірақ та жандайшап идеологияның жанықпасы тұсында ұлы тұлғалардың да кібіртіктеп, жасып, еркінен айырылып, пендешілікке ұрынуы – рухани жұтаңдық. Біз тұлғаларды тұлдаған кеңестік жазалау саясатының психологиясын көрсету үшін олардың сол «қызылөңеш кезеңде» бір-бірін «қыстыра» кетіп, жалғыз өзі жазаланып кетпеуге ұмтылған мәжбүрлік пендешілігін аша кеткіміз келді. Бұл да келешекке сабақ. Сөйтіп, өңештеу науқанына өрт қойылды да лаулай жөнелді. Сәбит Мұқановтың өзі баяндамашыдан кейін іле сөз алды:
С. Мұқанов: Түймедей болсын, түйедей болсын, бәрібір, күнәнің аты – күнә. Сондықтан: «Мен аз қателестім» немесе: «Оның қатесі көп» - деп, дәрменсіз дәлелдер іздеп жатудың керегі жоқ. Кінәлісің бе, мойныңа ал кінәңді!..Аз ба, көп пе, әңгіме онда емес, әйтеуір мен де қателестім, онымды түп-түгел мойындаймын. «Кенесарыға көптен қарсы С.Мұқанов пен Х.Жұмалиев жолдастардың кенет өзгергені қалай?» - деді баяндамашы. Дұрыс сұрақ. Өз қатемді адалдықпен мойындай тұра, осы сұраққа жауап бере кеткім келеді. Себепсіз салдар жоқ, жолдастар! Турасын айтуға керек, Қазақстанда совет өкіметі орнағаннан бастап- ақ, Кенесарыға батыл қарсы шыққан кісі екеу болса, біреуі мен едім. Сол пікірім ұлы отан соғысының алғашқы жылдарына дейін өзгерместен келді. Ал, 1942 жылы қазір осында қайта-қайта аталып жатқан кітабымда бұрынғы дұрыс пікірімнен шұғыл бас тарттым. Ашық түрде, большевикше мойындаймын, бұл менің қателігім. Бірақ, сын ретінде, менің әлгі қателігіме сол кездегі жауапты қызметкердің бірі Әбдіқалықов жолдастың да мықтап ортақтасқандығын, тіпті менің қателесуіме қолма-қол себепші болғандығын айтпай өте алмаймын. Бұдан әрі «С.Мұқанов жолдас «Қазақ ССР тарихының» бірінші басылуындағы редакциясын басқарған Әбдіқалықовтың өрескел қателігін, дәлірек айтқанда, Кенесарыны халықтың жауы деп тауып, дұрыс жазылған пікірді өзгерттіріп, мадақтата жаздыртқанын айтты». Сәбит Мұқановтың сол кездегі Орталық комитеттің хатшысы М.Әбдіқалықов жаздырды деп отырған «Қазақтың ХҮІІ-ХІХ ғасырдағы әдебиетінің тарихынан очерктері» атты 1942 жылы жарияланған монографиясындағы «Бостандық күресі» атты тарауындағы пікірлері еді. Соның ішінде Кенесары көтерілісі туралы С.Мұқанов:
« Ең алдымен, 1822 жылдың заңы шығып, қазақ халқын өзіне біржола бағындырып, қазақ феодалдарынан өзіне сенімді кісі тауып, ауыл арасына үкіметке сенімді мықты әкімшілік аппаратын құрғаннан кейін, патша үкіметі халықты ашықтан-ашық талау жолына түсті. Н. Тимофеев, Е. Федоров, «1837-1847 жылдары қазақ халқының өз тәуелсіздігі үшін күресуі» деген мақалаларында («Большевик Казахстана» № 4 1940 жыл) халықтың сол кездегі күйзелушілігіне мынадай мысалдар келтіреді: «қазақ халқын патша үкіметінің бүлдіруінде өте зор ролі болғаи «репрессалия» дейтін заң, екінші сөзбен айтқанда, қарулы орыс әскерінің қазақ ауылына шабуыл жасауы, талауы, малын айдап алуы, қазақтың балаларын тартын әкетуі т. т. Бұл зорлықпен талауда олар, қазақ халқы керуенді талапты-мыс, орыс, калаларына шабуыл жасапты-мыс деген өтірік жалаларды сылтау қылды. Бұл «репрессалиялар» көбінесе, хан мен сұлтандардың ұлықсатымен болды, олар өздеріне қарсы шыққандарды осылай талатып, ықтырып отырды... «Қазақ халқының халі ауырлағандығы сондай, сол кездегі Россия патшасы І Александр, 1808 жылы, 25-майда Оренбург губернаторы Волконскийге былай деп жазады: «Оренбург төңрегіндегі көшіп жүрген қазақтардың халі ауырлағандығы сондай, олар бір жақтан, амалсыз талау жұмысына кіріссе, екінші жақтан Хиуаға апарып, балаларын сатады». «Орта жүз қазақтарының кедейленуі сондай, - деп жазды Тройцкий қаласындағы таможня 1802 жылы сауда министрі Румянцовқа, - олардың көбі осы маңда жалаңаш-жалпы, еркегі, әйелі, балалары қаңғырып қайыр сұрап жүреді. Бұлардың халі аянышты, көзге ерекше түседі». 1819 жылы, І Александр, қазақ балаларын сатып алуға, балаларды алып сатармен сауда жасауға заң шығарды. 1832 жылы «Қырғыз-қазақ ордаларының тарихы» атты кітап жазған Алексей Левшин, «базарда қазақтың еркек баласының сатылатын құны 4 иә 5 қапшық арыш бидай еді, қыз баланың бағасы 3 иә 4 қап арыш еді» - дейді және бір айда қазақтан жүз бала сатылғанын айтады. Халықты осылай талаған патша үкіметі, екінші жақтан, өзіне арқа тіреу болған қазақтың феодалдарын көтермелейді. Даланың қайдағы шұрайлы жерінен қазақ феодалдарына кең жер береді, оларға «дворян» деген атақ береді, сән-салтанат жасайды, қазақ феодалдарын орыс князьдары мен орыс дворяндарының дәрежесінде ұстайды. Кенесары мен Наурызбайдың халық көтерілісін бастаудағы мақсаты туралы соңғы кезге шейін қата ұғым болып, оларды: «хандықты көксеушілер, қара басының пайдасы үшін, хан болу үшін көтеріліске катынасушылар» - деп бағалады. Бұндай қата пікірден, бір кезде, осы очеркті жазушы автор да сау болған жоқ. Кенесарыны демократтық идеядағы адам еді деушілер бар, ол, әрине, асыра бағалағандық. Кенесарының мақсаты − хандықты сақтау. Хандық − қанаушы таптың қолындағы құралы. Бірақ, осы хандықтың өзі адам баласының өркендеу дәуіріндегі белгілі бір сатыда халықтың елдігін сақтауға қажет және прогрестік құрал. Кенесары заманында қазақ ауылында, хандықтан басқа әлеумет билеу формасы болуы мүмкін емес, басқа форманы ол кездегі қазақ ауылының саяси-шаруашылық жағдайы көтермейтін еді. Сондықтан, егер, мемлекет басындағы хан патшаға сатылмай, қазақ халқының тәуелсіздігі үшін күрессе, бұндай хан объективтік жағынан, халықшыл хан еді. Кенесары осындай хан, Кенесарыны одан артық көтермелеу − орынсыз идеалдау боп табылады. Мәселе, Кенесарының хандық құрылысты қолдануда емес, отаршылық саясатқа, екі жақты талауға халық қарсы шығып көтеріліс жасағанда, Кенесарының халық жақта қалуында, халық көтерілісін бастап, казақ халқының тәуелсіздігін қарулы көтеріліспен қорғауға тырысуында» - деп жазып еді.
Бұдан кейін мінбеге Мұхтар Әуезов көтеріліп, «өткендегі қателері мен ескі ойынан арыла» ұзақ сөйледі. Біз тек қысқаша «Хан Кенеге» және алдағы кезеңдерде алдынан шығатын пікірлерді ғана іріктеп береміз.
М.Әуезов: «Правда» газетінде жарияланған мақала және Қазақстан Орталық партия Комитетінің сол мақалаға байланысты қабылдаған қаулысы тарихшылардың қателерін айқын көрсетіп берді, Біздер, әдебиет тарихын зерттеушілер мен жазушылар өз еңбектерімізде болып келген қателеріміз бен ойымызды ашуға тиіспіз. Мен өз қателерімнен бастаймын. Мен 1928 жылы «Хан Кене» пьесасын жазған едім. Бұл шығармада автордың ұлтшылдықты дәріптеу бағыты айқын көрініп еді. Алғашқыда бұл пьеса театр сахнасында да қойылмады, басылып та шыққан жоқ. Тек қолжазба күйінде қалды. 5 жыл уақыт өткен соң, 1933 жылы театр қызметкерлерінің пьесаға біраз түзетулер жасап бер - деген сөзін ескере отырып, мен пьесамды едәуір өңдедім. 1934 жылы пьесамның премьерасы қойылды да, репертуардан алынып қалды. Өйткені, пьеса саяси мазмұны жағынан қате, совет жұртшылығына керексіз болды. Сол кезде менің пьесам туралы да, Кенесарының өзі жөнінде де дұрыс пікір айтқан Мүсрепов жолдас болды. Ол қазақ еңбекшілерінің патша өкіметіне қарсы күресін Кенесары қозғалысынан емес, 1916 жылғы оқиғалардан іздеу керек дегенді айтты, ал, Кенесарыны халықтың қас жауы, кертартпа хан деп атады. Осыдан кейін мен бұл пьесаға қайтып оралған жоқпын. Бұдан соң «Әуезов жолдас сол жылы Халық ағарту Комиссариатының тапсыруы бойынша «ХІХ ғасыр және ХХ ғасырдаң бас кезіндегі қазақ әдебиеті тарихының очерктерін» жазуға қатысқанын айтты. Сонда Бұқар, Махамбет, Нысанбай, Шортанбай, Мұрат, Абай туралы жазып, әсіресе, Нысанбай жөнінде, оның таптық-саяси бағытын өзінше ашып көрсеткенін ескертті. Сонымен қатар, ол Кенесары мен Наурызбайға арнап ештеңе жазбаса да, «Қазақ әдебиеті тарихының» бірінші томына редактор болғандықтан, осы мәселе жөнінде кітаптағы қате мақалаларға солардың авторы Исмаилов, Қоңыратбаевтармен бірдей жауапты екенін білдірді. Және кітаптың екінші басылуында сол қателерді мүлтіксіз түзету үшін әдебиетшілер мен ғалымдардың көмегі керектігін айтты. Содан кейін Әуезов жолдас: Абайдың әдеби мектебі және ақын шәкірттері туралы, солардың ішінде, Кенесары жайында поэма жазған Көкбайға біраз тоқталды. Сөйтіп, оның шығармашылығының қайшылықтарының мәнін ашумен бірге, пайдалыларын қабылдау керек деген пікірге келді. Жалғыз ол емес, Абайдың барлық шәкірттерінің шығармашылығына сын көзімен қарап, дұрыс пікір айту үшін, кең түрде айтыс ұйымдастыруды ұсынды. - Өз қателіктерімді ескере отырып,- деді Әуезов жолдас- мен соңғы кездерде Кенесары маңындағы әдебиетті және ХІХ ғасырдағы оның идеологі болып алғаш дәріптеген, оған табынған Досқожа мен Ныснбай туралы әдебиетті қайта қарап шықтым. Бұл Кенесарыны құптап, қуаттаушы ақындар оны сыпыра мақтаудан басқа ештеңе жазған жоқ екен. Ендеше оларды мақұлдап сөз ету – Кенесарыны дәріптеу болып табылады. 1939 жылдан бастап, осы уақытқа дейін қазақ әдебиетінің тарихында, оқу кітаптарында көптеген мақалалар мен зерттеулерде және жоғарғы мектептерге арналған жылма-жылғы программада Кенесары үнемі мадақталып келгенін Әуезов жолдас атап көрсетті. Солардың ішінде Бекмахановтың кітабының буржуазиялық ұлтшыл концепциясы тым өрескел екенін айтты. - 1941 жылдан бергі дәуірде Жұмалиев жолдас жазған оқу кітаптары мен ХІХ ғасыр әдебиетінің программасында өзгеріссіз, бір ғана сыпаттама (орын алып) келеді, ол Кенесарыны шамадан тыс сыпыра мақтау, дәріптей қастерлеу... Кенесарыны асыра жырлаған Досқожа мен Нысанбайға да сөзсіз жоғары баға беріліп келеді. Кенесары мен Нысанбай және басқа ақындар жөнінде бұдан үлкен, өрескел қателер Исмаиловта да бар. Турасын айту керек, отызыншы жылдардың ақырынан соңғы уақытқа шейін, Исмаилов жолдас өзінің кітаптарында, мақалаларында, баяндамаларында Кенесарыны нағыз белсене дәріптеуші, қастерлеуші және уағыздаушы болды. Ол ол ма, халық ақындары мен ақын, жазушыларға да Кенесарыны дәріптеуде оның үлкен әсері болды. «ХҮІІІ-Х1Х ғасырдағы қазақ әдебиетінің очерктері» - деген Мұқанов жолдастың кітабында да қате көп. Жиырмасыншы жылдары Кенесары туралы дұрыс пікір айтқан Мұқанов жолдас, неге екені белгісіз, ертегідегідей өзгере қалып, оған нағыз қарсы болушыдан оны барынша жақтаушыға айналды. Бір тарихи ақиқатты дәлелдеу үшін, мен 1934 жылғы жоғарыда аталған «Очерктер» мен «Хрестоматияда» жазған мақалама тоқталмақпын. ХІХ және ХХ ғасырдағы әдебиеттің хрестоматиясында мен Нысанбай туралы: «Ол ханға қызмет қылуға тырысты, билеп-төстеуші, үстем таптың күрескері және ақыны болды» - (11-бет) деп жазыппын. Ал, Кенесары туралы (31-бетте) оның хандық тақ, атақ-даңқ үшін күрескенін атап көрсетіппін. Менің осы жұмыстарым Жұмалиевтің оқу кітаптарында кейін әлденеше рет сынға түсіп, кінәләнді. Ал, оның сөзін басқа авторлар да қайталады». Сөзінің соңында Қ.Жұмалиевтің Бұқар жырау туралы пікіріне де сын айтты. Бұл екі үлкен ғалымның арасындағы Абайдың ақындық мектебі туралы айтыстары олардың аражігін мүлдем ашып тынды. Тіпті бір-бірін жеккөрінішті етіп көрсетуге дейін барған. Қ.Жұмалиев те «қарызданып қалмай» «Абай жолы» романы арқылы М.Әуезовтің «ұлтшылдығын әшкерелегені» редакция алқасына ұнап қалса керек:
«Шығып сөйлеген профессор X. Жұмалиев жолдастың сөзі әрі мазмұнды, әрі ғылыми дәлелді болды. Ол Кенесары-Наурызбай қозғалысына байланысты әдебиет зерттеу еңбектеріндегі қателіктердің туу себептерін айта келіп, Бекмаханов, Әуезов, Исмаилов жолдастарды батыл сынады. – Профессор Әуезовтің Абай мектебінің көрнекті өкілі деп жүрген Көкбайы қазақ халқының зұлым жауы Кенесары мен Наурызбайды мадақтап поэма жазған. Сондай-ақ Әуезовтің Абай шәкірттері деп жүрген кейбір ақындары қазақ халқының дана ақыны Абайдың шәкірті деп айтуға татымайды,- деді Х. Жұмалиев жолдас» - деп іштарта көрсетті.
Күнделікті баспасөздердегі даурықпаны былай қойғанда ой қорытып жазуға мүмкіндігі бар журналдық мақалалардың өзінде жоғарыдағы мазмұндағы сөздер қайталанып, астарланып, жұмырланып, саяси-идеологиялық жақтан салмақтанып үзбей жарияланып жатты. «Әдебиет және искусство» басылымының №8 санындағы «Әдебиетіміздің идеялығы үшін» атты редакциялық бас мақала соның бір дәлелі. Онда:
«Көркем әдебиетіміздің өркендеу жолында қолымыз жеткен осындай табыстарды айтумен қатар, біз бұл салада соңғы уақытқа дейін орын алып келген идеологиялық бұрмалаушылықтарды, өрескел қателіктер мен елеулі кемшіліктерді де ешбір жасыра алмаймыз. Өткен жылдың декабрінде «Правда» газетінде жарияланған «Қазақстан тарихының мәселелері маркстік-лениндік тұрғыдан баяндалсын» деген мақала және бұл мақалаға байланысты Қазақстан К(б)П Орталық Қомитетінің осы жылғы 10 апрельдегі қаулысы жалған тарихшы Бекмахановтың «Қазақстан XIX ғасырдың 20-40 жылдарында» деген кітабында Қазақстан тарихы мәселелерін буржуазиялық-ұлтшылдық тұрғыдан баяндағанын, халық бұқарасының қас дұшпаны сұлтан Кенесарының феодалдық-монархиялық қозғалысын «халықтық», «бостандық» қозғалысы болып еді деп дәріптегенін әшкереледі. Бұл мәселені талқылау үстінде Қазақстанның кейбір тарихшыларының еңбектерінде ғана емес, сонымен қатар кейбір әдебиетшілері мен ақын-жазушыларының кітаптарында да буржуазиялық-ұлтшылдық бұрмалаушылықтардың, өрескел саяси қателіктердің орын алып келгендігі анықталды. Қазақстан К (б)П Орталық Комитетінің 1947 жылғы «Қазақ ССР Ғылым Академиясы Тіл және Әдебиет институты жұмысындағы өрескел саяси қателіктер туралы» қаулысында, әдебиетшілер Е.Исмаилов пен X.Жұмалиевтің буржуазиялық-ұлтшылдық бағыттағы қателері атап көрсетілгеніне қарамастан, бұлар өздері жөнінде болған қатаң сындар мен ескертулерден сабақ ала білмеді, соңғы кезге дейін олар әдеби зерттеулерінде, мақалаларында Кенесары мен Наурызбайды жер-көкке сыйғызбай дәріптеумен болды, халықтың бұл дұшпандарын мақтап өлең жазған хан маңындағы ақындар мен жыршылардың зиянды шығармаларын барынша насихаттап, оларға оқу кітаптарынан, оқу программаларынан, әдебиет тарихына арналған еңбектерден кең орын беріп отырды. Жазушы М. Әуезов Қазақ әдебиеті тарихының бірінші томында, «Хан Кене» деген арнаулы пьесасында Кенесары мен Наурызбайды, олардың маңындағы феодалдарды үнемі мақтаумен, оларды бұқараның «көсемдері» етіп көрсетумен болды. Қазақстан жазушылар одағының председателі С.Мұқанов та сұлтан Кенесарыны дәріптеушілердің буржуазиялық-ұлтшылдық пікірлеріне кезінде тойтарыс берудің орнына, қайта ондай зиянды пікірлерді өзі қостап отырды. БК(б)П Орталық Комитетінің органы «Правда» газеті осы жылғы 2 июльдегі «Әдебиеттегі идеологиялық бұрмалаушылықтарға қарсы» деген редакциялық мақаласында және 16 июльдегі «Совет әдебиетінің маңызды міндеті» деген бас мақаласында кейбір жазушылар мен ақындардың шығармаларынан ұлтшылдықтың сарқыншағы байқалатынын көрсетті, бұл жөнін ақын В. Сосюраның «Украинаны сүй» деген ұлтшылдық сарында жазылған өлеңін мысалға алды. Ұлтшылдықтың мәнісі, - деп жазды «Правда» - оқшаулануға және ұлттық тар өрісті шеңберде томаға тұйықтануға тырысушылықта, Совет Одағындағы ұлттардың еңбекшілерін жақындастыратын және біріктіретін істерді көрмеушілікте екені мәлім. Қазіргі заманның тақырыптарынан қашықтап, алыста еткен заманға бой ұру, ескілікті дәріптеу - ұлтшылдықтың жеке жазушыларда кездесетін ерекше бір түрі» - деп атап өтілді.
1951 жылы 24 тамызда Жазушылар одағының қалалық жиналысы өтті. Оны қалалық партия комитетінің хатшысы Исқақов басқарып отырды. Одақтың төрағасы С.Мұқанов «Қазақ әдебиетіндегі идеологиялық бұрмалаушылықтарға қарсы» атты баяндама жасады. Екі-үш ауыз сөзбен әдебиет жетістіктеріне жеделдете тоқталып, сол бір қызылөңеш кезеңнің дәстүріне сәйкес бірден саяси-идеологиялық әшкерелеуге көшті. Әрине, тағы да «дәстүр бойынша» алдымен Мұхтар Әуезов және оның «Хан Кенесі» нысанаға алынды. Қара дауылдың демімен «үш бәйтерек» бірін-бірі тағы да тамырларын солқылдата ырғады.
С.Мұқанов: «Алайда қазақ совет әдебиетінде, сондай-ақ кейбір жеке ақын-жазушылардың творчествосында өрескел саяси қателер, бүгінгі өміріміздің шындығын бұрмалау, совет халқының мүддесіне зиянды, ұлтшылдық сарындар орын алып келді. Қазақтың көптеген ақын-жазушылары өздерінің шығармаларында қазақ халқы мен орыс халқының қас жауы сұлтан Кенесары Қасымовтың монархиялық, кертартпа бағыттағы көтерілісін ұлт-азаттық жолында болған күрес деп дәріптеді. Жазушы Мұхтар Әуезов бір кезде «Хан кене» атты пьеса жазып, онда қанішер Кенесарының бауырлас қырғыз халқына жасаған зұлымдығын, жыртқыштығын оның ерлігі етіп көрсетті. Сөйтіп, бұл зиянды шығарманы жазу арқылы жазушы Мұхтар Әуезов сұлтан Кенесары Қасымовты дәріптеумен тынбады, ол жүздері жарасқан бауырлас қазақ, қырғыз халықтарының достығын бұрмалап, олардың арасында ұлт араздығын қоздыруға әрекеттенді. Бірақ, Октябрь революциясы арқылы қайта туған, Ленин−Сталин партиясының ұлт саясаты негізінде тәрбиеленген қазақ еңбекшілері М.Әуезовтің бұл жат оймен жазылған, зиянды шығармасын қабыл алмады. Халқымыздың мүддесіне опасыздық жасаған Кенесарыны дәріптеуде жазушы Әуезовтен басқа кейбір ақын, жазушыларымыз да қалыса қоймады. Ақын Қалижан Бекқожин Кенесарының баскесер інісі, қанішер Наурызбайды мадақтап «Батыр Науан» деген поэма жазды. Бұл поэмасында ол қазақ халқының қас жаулары Кенесары мен Наурызбайды азаттық туын көтерген, еркіндік аңсаған, халық қамын жеген көсемдер, ел үшін еңіреп туған ерлер етіп суреттеді. Сөйтіп, Қ.Бекхожин совет ақыны деген атты бетке ұстап, халқымыздың мүддесіне опасыздық жасады, халықтың қас жауларын дәріптеуден ол тайсалмайды. Кенесары Қасымовты дәріптеу басқа да көптеген әдебиетшілердің еңбектерінде, оқу құралдары мен хрестоматияларда, сондай-ақ қазақ әдебиеті тарихының профессоры М.Әуезовтің басқаруымен шыққан бірінші томында да орын алды. Профессор Х.Жұмалиев пен Е.Исмаилов жолдастар өздерінің «ғылыми-зерттеу» еңбектерінде маркстік-лениндік методологиядан қол үзіп, өрескел қателіктерге ұрынды» - деп қызылкеңірдек айтыстың тамағын қырнап берді.
Партияда жоқ жазушы Ғ.Мүсрепов те қалыс қалыс қалмады. С.Мұқановтың өзін де қармаққа іле кетті.
Ғ.Мүсрепов: «Большевиктік сын қазір ұлтшылдық пен идеясыздықтың түп-төркінін терең ашып беріп отыр. Большевиктік сын кейбір жазушылардың пікірі Кенесары Қасымовты дәріптеуде буржуазияшыл-ұлтшыл Бекмахановтың пікірлерімен ұштасып жатқандығын көрсетті. М.Әуезовтің «Хан Кене» пьесасында, қазақ әдебиеті тарихының бірінші томында, С.Мұқановтың «Балуан шолақ» повестінде, «XVIII-ХІХ-ғасырлардағы қазақ әдебиеті тарихының очерктерінде», Жұмалиев пен Исмаиловтың оқу құралдарында, Бекхожиннің шығармаларында Кенесары халықтың көсемі ретінде, ал, оның көтерілісі прогрессивті болып көрсетілді. Олардың бұл еңбектерінде ұлтшылдықтың екінші беті − орыс халқына қарсылық көп орын алды. Әуезов жолдастың соңғы жылдардағы ұлтшылдық сарындағы қателері, сөз жоқ, оның өткендегі идеялық тұрақсыздығымен, адасуларымен тығыз байланысты. Басқа ешкім емес, Әуезов жолдастың өзі әдебиетшілеріміз бен ғалымдарымыздың ішінде ең бірінші рет халықтың зұлым жауы Кенесарыны жер-көкке сыйғызбай дәріптеп, аспанға көтерді. Мұқанов жолдастың өрескел қатесі де бұдан кем соқпайды. Ол өзінің «Очерктерінде» Едіге мен Қобландының, Кенесары мен Наурызбайдың, Көтібар мен Есеттің арманы Аманкелді Имановтың Октябрь революциясындағы күресі арқылы жүзеге асты деп жазды. Бұдан большевик комиссар Аманкелді Иманов Едіге мен Кенесарының арманы мен мақсаты үшін күрескен болып шығады. Сөйтіп, Сталин жолдас қазақтың Чапаевы деп атаған Аманкелді Иманов Социалистік Октябрь революциясының жемісі емес, Едігеден бері келе жатқан феодалдық қоғам батырларының ұрпағы болып қана қалады» - деп бұларға тарихшылар Толыбеков пен Қыстауовты да қосақтапқойды.
Бұл да сол қызылөңеш кезеңге тән тақыс тәсіл. Мұндай қыздырмадан қалыс қалу, еруліге қарулы көрсетпеу өзіңнің «жаулығыңды мойындаумен» пара-пар. Сондықтан да «жанр заңына байланысты» М.Әуезов те мінбеге көтерілді. Ол енді жоғарыдағы ұлтшыл-идеясыз жазушылардың қатарына Ғ.Мүсреповтің өзін де «қыстырып» жіберді.
М.Әуезов: «Идеология майданын, әсіресе, әдебиетімізді зиянды әрекеттерден тазарту туралы мәселе қазір барынша батыл қойылып отыр. Буржуазияшыл ұлтшылдық тарихи прогресске, халқымыздың өткендегі тарихына қарама-қарсы. Біздің халқымыздың өзінің өткен замандағы тарихында Шоқан, Абай, Ыбырай сияқты ұлдары болғанын мақтан етеді. Халқымыздың бақытына қарай олар ұлтшылдық адасудан аулақ болды, өз халқының келешегін орыс мәдениетінен, орыс халқымен достасудан көрді. Ал панисламистер мен пантүркистерден бастап алашордашыларға дейінгі ұлтшылдар тарихи прогресске улы зардабын тигізумен болды. Қаіргі совет жағдайындағы ұлтшылдар да сол жат идеяны бүркемелеп өткізуге тырысып бақты. Ұлтшылдықтың бір түрі өткен заманда болған кейбір тарихи адамдарды халық қамын жеген патриот етіп көрсетуде. Сондықтан, біз тарихи тақырыпқа жазылған шығармаларды қайта қарап, оларды бүгінгі күннің тұрғысынан әділ бағалауымыз керек. Бұл ретте драматург Ғабит Мүсреповтің «Ақан сері – Ақтоқты» пьесасын атауға болады. Бұл пьеса орыс халқына жаны қас болған, панисламист ақын Ақан серінің өмірінен алынған. Ал Ақан сері орыс шаруаларының қазақ жеріне орналасуына, қазақ кедейлерінің олармен араласуына барынша қарсы болған, кейде патшадан үміт күтіп, түңілгенде Бұқараға, Түркияға көшуді аңсаған, халықты соған үгіттеген адам. Ақан сері өзінің творчествосында, поэзиясында, музыкада жекелік сарында, эстетизм бағытында болды, халықтан, халық өмірінен аулақтанды. Біз бұл қателердің бетін тереңірек ашып, мұндай адамдардың творчествосын, өмірін таптық тұрғыдан қарап бағалауымыз қажет» - деп Ғ.Мүсреповтің орнына Ақан серіні жазғыруға дейін барды.
Әрине бұл ақыл-ойдың шешімі емес, амалсыздықтың, «суға кеткен тал қармайдының» жанталасы. Сәбит пен Ғабит қатар шығып, екеуінің өзін ортаға тықсырғанына көрсеткен азуы, батырған тісі еді. Қарама-қарсы пікірде сөйлеген пікірлердің бәрін тізіп шығу мүмкін емес. Әсіресе, стенограммалардағы сөздердің тұздығы ащы, қыжырынуы басым. Тіпті бет жыртысуға барған жағдайлар да кездседі. Оның барлығын тізіп шығу біздің міндетімізге де жатпайды. Ресми сипат алған пікірлерге ғана тоқталдық. Кенесары ұлт-азаттық қозғалысы туралы мәселе Қазақстан Компартиясы ОК-нің ҮІІІ пленумында арнайы қаралып, бірінші хатшы Ж.Шаяхметов «Республиканың партия ұйымдарында идеологиялық жұмыстың жайы және оны жақсартудың шаралары туралы» баяндама жасады. Сол кездегі партиялық принцип пен пікірдің, қоғамдық ойдың қандай дәрежеде екендігін көрсету үшін баяндаманың қажетті-ау деген тұсын ықшамдап бердік. Онда жалпы идеологиялық майданға шолу жасай келіп Ж. Шаяхметов:
«Алайда идеологиялық жұмыста, әсіресе тарих ғылымы, әдебиет және искусство саласында әлі де ірі кемшіліктер, саяси қателер және ұлтшылдық бұрмалаушылықтар бар. Бұл қателер, әсіресе Кенесары Қасымовтың қозғалысына баға беруде айқын көрінді. Е.Бекмахановтың және басқа тарихшылардың, әдебиет зерттеушілердің және кейбір басшы партия және совет қызметкерлерінің Кенесары Қасымов қозғалысына баға берудегі принциптік саяси, буржуазиялық-ұлтшылдық қателері неде? Бұл қателер мынада: бұл реакциялық-монархиялық қозғалыс ұзақ уақыт бойына ұлттық-азаттық қозғалыс деп көрсетіліп келді, ал оның басшысы, казақ халқын тұншықтырушы – Кенесары Қасымов қазақ халкыньң азаттық қозғалысының басшысы деп дәріптеліп келді, шынында мұның бәрі тарихи шындыққа және Сталин жолдастың ұлт мәселесі жөніндегі нұсқауларына қайшы келеді. Сталин жолдас былай деп үйретеді: «Мәселенің диалектикалық қойылысы тегінде бір жерде қажет болатын болса, нақ осы жерде, ұлт мәселесінде өте-мөте қажет» (И. Сталин. Шығармалар, 2 том, қазақшасы, 352 бет). «Ұлт мәселесі өзімен өзі ғана болып отыратын, мәңгі бір қалыпта тұрып қалатын мәселе емес. Кәзіргі құрылысты өзгерту туралы жалпы мәселенің тек бір бөлімі бола отырып, ұлт мәселесі тұтасымен әлеуметтік жағдайға қарай, елдегі үкіметтің сипатына қарай, жалпы айтқанда, қоғамдық дамудың бүкіл барысына қарай анықталады» (И. Сталин. Шығармалар. 4 том, қазақшасы. 174 бет). XIX ғасырдың бірінші жартысында, патриархтық-рушылдық қатынастың көптеген қалдықтарының болуына қарамастан, Қазақстан тап күресі айқын көрінген таптық феодалдық қоғам болды. Бұл дәуірде, ең алдымен Россия жағынан, сауда-ақша қатынасы, сауда капиталы қазақ даласына барған сайын кең тарала бастады. Қазақстанның экономикалық дамуындағы бұл жаңа құбылыс еңбекші бұқараны талаудың жаңа формаларын енгізді, бірақ мұнымен бірге ол Қазақстанның экономикасындағы орныққан патриархтық-феодалдық қатынастарды іс жүзінде қирата бастады. Бұл өзгерістерді, әсіресе ханның өкімет билігін жоюға әкеп соққан кейбір жүздердің Россияға қосылуынан кейінгі өзгерістерді Кенесары Қасымов хандар мен сұлтандардың праволарына тікелей шек қойғандық және онан әрі шабуыл жасағандық деп таныды. Феодалдардың осы праволары мен мүдделерін қорғау үшін Кенесары Қасымов көтеріліс бастады. Кенесары Қасымовтың патша әкімдеріне жазған хаттарында айтылған басты-басты талаптарының ап-ашық феодалдық-монархиялық сипаты бар. Кенесары Абылай хандығының үлгісімен ханның өкімет билігін қалпына келтіруді, яғни орта ғасырлық феодалдық тәртіптерді сақтауды талап етті. Кенесарның талаптары қазақ халқын патша өкіметінің отарлық езушілігінен азат етуді емес, өзінің феодалдық праволары мен ардақтылықтарын сақтауға бағытталған. Сталин жолдас өзінің «Социал-демократия ұлт мәселесін халай түсінеді?» деген классиктік еңбегінде былай деп жазды: «Әртүрлі кезеңдерде күрес майданына әртүрлі таптар шығады, сондықтан әрбір тап «ұлт мәселесін» өзінше түсінеді. Демек, «ұлт мәселесі» әртүрлі кезеңдерде әртүрлі мүдделерге қызмет етеді, оны қандай таптың және қашан көтеруіне байланысты түрліше сарын алады» (И. Сталин. Шығармалары, І том, қазақшасы 33 бет). Ленин мен Сталин ұлт мәселесінің әртүрлі дәуірлердегі ерекшеліктерін барлық жағынан аша келіп, бұл дәуірлерде туған ұлттық қозғалыстар бірдей емес екенін, олардың ішінде прогрестік, ұлттық азаттық қозғалыстар және реакциялық, ұлтшылдық қозғалыстар болатынын көрсетті. Оның ішінде реакциялық сипаты бар ұлттық қозғалыстар революциялық қозғалыстың дамуының және жалпы коғамның дамуының мүдделеріне қайшы келіп, еңбекшілердің таптық сана сезімінің өсуіне бөгет жасайды. Кенесары Қасымовтың қозғалысы нақ осындай қозғалыс болды. Бұл
қозғалыс Қазақстанның саяси және экономикалық дамуына бөгет жа-
сап, қазақ халқының орыс халқымен жақындасып, достық жасау ісі-
не зор зыян келтірді. XVIII ғасырдың 30-жылдарында Кіші жүздің қазақтары өз еркімен Россияның кол астына қарап, Қазақстанның Россияға қосылу процесін бастады. Бұл процесс XIX ғасырдың 60-жылдарында аяқталды. Қазақстанның Россияға қосылуы, бір жағынан, товарлы-ақшалы қа-тынастың күшеюіне, өндіргіш күштердің өсуіне, таптық жіктелудің күшеюіне және ол кездегі қазақ ауылының патриархтық томаға тұйықтығының бұзылуына, шаруашылықтың және қоғамдық қатынастың неғұрлым жоғары формаларының дамуына көмектесті, қазақ халқының мәдениетінің өсуіне, қазақ халқының үздік ағартушыларының, жазушыларының және қоғам қайраткерлерінің – Шоқан Уәлихановтың, Абай Құнанбаевтың, Ыбырай Алтынсаринның қалыптасуына көмектесті. Қазақстан Россияға қосылмаған да, сыртқы жауларға қарсы күресте ұлы және қуатты орыс халқының туысқандық көмегі болмағанда, саяси бытыраңқы қазақ халқы өзінің өмір сүруін қорғай алмай, неғұрлым артта қалған орта азиялық хандықтар тарапынан бөлшектелген және құлдыққа түскен болар еді. Россияның неғұрлым алдыңғы қатарлы экономикасымен тығыз байланыс жасамағанда Казақстан өзінің артта қалған, феодалдық-монархиялық құрылысымен экономикалық прогрестен тыс қалған болар еді, озат орыс мәдениетінің игілікті әсері тимей, артта қалған мұсылмандық Шығыстың ықпалына түскен болар еді. Қазақстан Россияға қосылмағанда орыс халқының революциялық азаттық қозғалысына қатыспағанда қазақ халқы жалпы демократиялық революциялық, қозғалыстан шет қалған болар еді. Ол кезде патшалық Россияның қойнауында туған жаңа, революциялық-демократиялық Россия россиялық империяның ұлттық шет аймақтарының халықтарына орасан зор тілектестікпен, кұрметпен қарады, патшалық отаршылдарды әшкерелеп тілдеді. Сонымен, Қазақстанның Россияға қосылуының, патша үкметінің отарлық саясат жүргізуіне және қазақ еңбекшілерін қанауды күшейтуіне қарамастан, сөзсіз орасан зор прогрестік маңызы болды. «...Россия Шығыс жөнінде шынында да прогрестік роль атқаруда». «...Россияның үстемдігі Қара теңіз және Каспий теңіз, Орталық Азия үшін, башқұрттар және татарлар үшін мәдениеттендірушілік роль атқаруда...» –деп жазды 1851 жылғы 23 майда Ф. Энгельс К. Маркске жазған хатында (К. Маркс және Ф. Энгельс, Шығармалар, XXI том, 211-бет).