Тұрсын ЖҰртбай «Ұраным алаш!»



бет30/64
Дата04.11.2016
өлшемі10,61 Mb.
#96
1   ...   26   27   28   29   30   31   32   33   ...   64

1940 жылы Исмаиловтың басшылығымен Кенесарыға арналған поэмалар мен өлеңдерден жинақ құрастырылып, 1941 жылы Қазақтың Мемлекеттік Баспасына өткізілді. Исмаиловтың басшылығындағы әдебиет секторы бұл шараларға да қанағаттанбай, Кенесары мен оның нөкерлері туралы ақындарға шығармалар жаздырды. X.Бекхожин «Науан батыр» деген поэма жазып, қандыбалақ Наурызбайды халық батыры деп көтермеледі. А.Тоқмағамбетов Кенесарының әскери басшыларының бірі, қырғыз халқына қарсы басқыншылық соғыста жауыздығымен көзге түскен Бұқарбай туралы поэма жазды. Қ.Аманжолов «Көкшетау» деген поэма жазып, Кенесарының Көкшетауда болған кезін аңсайтындығын баяндады. Исмаиловтың тапсыруымен халық ақындары Саяділ Керімбеков, Доскей Әлімбаев, Иманжан Жылқайдаров Кенесарыны мақтап поэмалар шығарды. Бұл поэмалардың бәрін де әдебиет секторы сатып алып, Исмаиловтың басшылығымен Кенесары туралы екінші кітап әзірленді.

Исмаилов 1944 жылы «ССРО Ғылым Академиясы Қазақ филиалының хабарларында» жарияланған «Соғыс жылдарындағы қазақ поэзиясының жайы мен міндеттері» деген (53-бет) мақаласында Шамиль мен Кенесарыны бояулы сөздермен мадақтай келіп, олардың тарихтағы орнын Суворов, Кутузов, Амангелді, Щорс, Чапаевтарға теңейді.

1946 жылғы «Қазақ әдебиеті» деген кітабында (орта мектеп оқу құралы) Исмаилов Кенесарыны халық батыры, ұлт-азаттық қозғалысының көсемі деп бағалайды.

1949 жылы М.Әуезовтің редакциясымен шыққан қазақ әдебиеті тарихының бірінші томындағы «Тарихи жырлар» деген бөлімде Исмаилов «ХІХ-ғасырда болған ұлт-азаттық қозғалысының ішіндегі ең көрнектісі Кенесары Қасымовтың басшылығымен болған халық көтерілісі» (311-бет) – деп түйеді.

Осының барлығы әдебиетші Исмаиловтың Кенесарының реакцияшыл-ұлтшыл қозғалысының әдебиеттегі адвокаты болып келгендігін дәлелдейді.

С.Мұқанов 20 жыл бойына Кенесары Қасымовтың қозғалысын халыққа қарсы реакцияшыл деп келді. 1923 жылы жазған «Шешендер қара тақтаға жазылмаңдар!» деген мақаласында С.Мұқанов Кенесары қозғалысының реакцияшыл мәнін дұрыс әшкереледі. Одан кейінгі жылдарда «Қызыл Қазақстан», «Жаңа әдебиет» журналдарында жарияланған қазақ әдебиеті тарихының мәселелері жөніндегі мақалаларында да алғашқы айтқан пікірінде қалып отырды.

1942 жылы жазған «XVIII және ХІХ ғасырлардағы қазақ әдебиеті тарихының очерктері» деген кітабында С.Мұқанов бұрынғы пікірлерінен безіп, Кенесарының реакцияшыл қозғалысын прогрессивтік, ұлт-азаттық қозғалысы деп таниды.

Қазақ халқы тарихының даулы мәселесі болып келген Кенесары қозғалысына көзқарасының тым шұғыл өэгеруінің себебін Мұқанов жолдас осы жиналыста ашып айтуы керек.

Профессор Жұмалиевтің көзқарасында да дәл осындай тұрақсыздық болғанын көреміз. 1938 жылы жарияланған «Махамбет Өтемісовтің творчествосы» деген еңбегінде Кенесары қозғалысын халыққа қарсы қозғалыс деп таныса, 1941 жылы «XVIII және ХІХ ғасырлардағы қазақ әдебиетінің тарихы» (орта мектеп үшін оқу құралы) деген кітабында Нысанбай творчествосын талдай келіп, Кенесары қозғалысын прогрессивтік деп түсіндірді. 1948-49-50 жылдары шыққан орта мектептің оқу құралы кітаптарында да осы пікірін қайталайды. Өз көзқарасының өзгеру себебін Жұмалиевтің де ашып айтуы керек.

Абай шәкірттері туралы мәселе, дәлірек айтқанда, Абайдың ақындық мектебі туралы мәселе қазіргі кезде әдебиетшілеріміз арасында талас тудырып жүрген мәселе екендігін ескерте келіп, баяндамашы бұл мәселе жөнінде пікір алысу керек деген ұсыныс жасады. Кенесары Қасымовтың реакцияшыл-монархиялық, феодалшыл-ұлтшыл қозғалысына баға беруде әдебиет тарихында жіберілген саяси өрескел қателерді жоюдың шараларына тоқтала келіп, баяндамашы осы жылғы апрельдің 4-і күні «Социалистік Қазақстан» газетінде жарияланған «Әдебиетте Кенесары қозғалысын дәріптеуге карсы күресейік» деген Ғұмарова жолдастың мақаласы, сондай-ақ апрельдің 19-ы күні «Ленинская смена» газетінде жарияланған осы мәселе жөніндегі Ә.Тәжібаев жолдастың мақаласы өте маңызды пікірлерді көтеріп, X.Бекхожин, Е.Исмаиылов, X.Жұмалиев, М.Әуезов, С.Мұқановтардың Кенесары қозғалысын бағалаудағы қателіктерін дұрыс ашатындығына атап тоқтады» («Әдебиет және искусство», 1951, №8).

Баяндамадан алынған осы ұзақ үзіндіден қазақ әдебиетінің басына қандай қауіп төнгенін анық байқауға болады. Аты аталған адамдардың партиялық жазадан құтылуы екіталай болатын. Талқылау барысында әлі жарияланбаған дастандар да сынға ілініп кетті. Оған Қ.Жармағамбетов өзінің қорытынды сөзінде:



«Иә, Асқар Тоқмағамбетовтің дастаны жарияланбаған, бірақ ол ақынның Кенесары қозғалысына көзқарасын білдіреді. Сондықтан да шындықты атап өттім. Ал Кенесары туралы шығармалар бұл жиналыста талқылана ма дегенге келсек, ҚК(б)П қаулысы Кенесары қозғалысы туралы мақалалар шоғырын жариялауды міндеттейді, ондай мақалаларды алдағы уақытта жариялаймыз»,– деді.

Иә, кеңестік жазалау идеологиясы атқарған ісіңді ғана емес, ойлаған ойыңды да жазаға тартуға бағытталды. Өжет ойлы Қайнекей оны ескермесе, өзіне мін тағылатынын біліп, тізімге қосқан. Өкінішке орай, осы бір науқандағы жанталас кезінде оның азаматтық өзегі өртеніп кетті. Аса қуатты ой иесі өзінің арымен өзі арпалысып, ақыры өмірін жалғыздықпен аяқтады.

4.

Сөйтіп, өңештеу науқанына өрт қойылды да лаулай жөнелді. Сәбит Мұқановтың өзі баяндамашыдан кейін іле сөз алды.



С. Мұқанов: «Түймедей болсын, түйедей болсын, бәрібір, күнәнің аты – күнә. Сондықтан: «Мен аз қателестім» немесе: «Оның қатесі көп» деп, дәрменсіз дәлелдер іздеп жатудың керегі жоқ. Кінәлісің бе, мойныңа ал кінәңді!.. Аз ба, көп пе, әңгіме онда емес, әйтеуір мен де қателестім, онымды түп-түгел мойындаймын. Баяндамашы:«Кенесарыға көптен қарсы С.Мұқанов пен Х.Жұмалиев жолдастардың кенет өзгергені қалай?» деді. Дұрыс сұрақ. Өз қатемді адалдықпен мойындай тұра, осы сұраққа жауап бере кеткім келеді. Себепсіз салдар жоқ, жолдастар! Турасын айтуға керек, Қазақстанда совет өкіметі орнағаннан бастап-ақ, Кенесарыға батыл қарсы шыққан кісі екеу болса, біреуі мен едім. Сол пікірім ұлы отан соғысының алғашқы жылдарына дейін өзгерместен келді. Ал, 1942 жылы қазір осында қайта-қайта аталып жатқан кітабымда бұрынғы дұрыс пікірімнен шұғыл бас тарттым. Ашық түрде, большевикше мойындаймын, бұл менің қателігім. Бірақ, сын ретінде, менің әлгі қателігіме сол кездегі жауапты қызметкердің бірі Әбдіқалықов жолдастың да мықтап ортақтасқандығын, тіпті, менің қателесуіме қолма-қол себепші болғандығын айтпай өте алмаймын» («Әдебиет және искусство», 1951, №8).

«Тонна тарта ма, пұт келе ме, бірібір, күнәнің аты – күнә» дейтін С.Мұқанов та ақталу сөзінде жаласын жатқа жауып шыға берді. Орталық комитеттің хатшысы Әбдіхалықов жолдас шақырып алып, Корней Зелинскийдің Жамбыл туралы мақаласында Кенесарыны сынаған пікірі қате екенін ескертіп:



«Бұл қатені түзетіп, Кенесарыны халық қаһарманы етіп көрсету туралы тапсырма берді. Міне, осы нұсқауды жетекшілікке ала отырып қазір үзінді келтіріліп жүрген «атақты кітабімді» жаздым. Мен ертең сіздерге қолжазбамды әкеп көрсетемін, онда Кенесары халық жауы ретінде әшкереленген. Менің қолжазбам Орталық комитеттің қолына түсіп қалыпты да, мені сол кездегі үгіт-насихат бөлімінің бастығы Ахметов шақырып алып: «Кітаптың мына күйінде шығуына рұқста бермейміз»,– деді. Онда қандай бағыт беретінін сұрадым. Ол: «Әбдіхалықовпен сөйлестіңіз бе? Ол қандай нұсқау берсе, сол тұрғыда жазасыз»,– деді. Мен: «Бұл жеке адамның емес, партияның көзқарасы осындай шығар», деп ойладым. Республиканың үгіт-насихат жөніндегі хатшысына сенбеуіме бола ма, соның мәжбүрлеуімен менің кітабімнің ішіндегі пікірді жаздым. Мен түсінемін және қайталап айтамын, көп болсын, мейлі, аз болсын, жексұрындықтың аты – жексұрындық, мен өзімнің қателіктерім үшін өзімді кешірмеймін»,– деп жалтарды.

Сәбит Мұқановтың сол кездегі Орталық комитеттің хатшысы М.Әбдіқалықов жаздырды деп отырғаны «Қазақтың ХҮІІ-ХІХ ғасырдағы әдебиетінің тарихынан очерктері» атты 1942 жылы жарияланған монографиясындағы «Бостандық күресі» атты тарауындағы пікірлері еді. Соның ішінде Кенесары көтерілісі туралы С.Мұқанов:



«Ең алдымен, 1822 жылдың заңы шығып, қазақ халқын өзіне біржола бағындырып, қазақ феодалдарынан өзіне сенімді кісі тауып, ауыл арасына үкіметке сенімді мықты әкімшілік аппаратын құрғаннан кейін, патша үкіметі халықты ашықтан-ашық талау жолына түсті. Н.Тимофеев, Е.Федоров, «1837-1847 жылдары қазақ халқының өз тәуелсіздігі үшін күресуі» деген мақалаларында («Большевик Казахстана» №4, 1940 жыл) халықтың сол кездегі күйзелушілігіне мынадай мысалдар келтіреді: «қазақ халқын патша үкіметінің бүлдіруінде өте зор рөлі болған «репрессия» дейтін заң, екінші сөзбен айтқанда, қарулы орыс әскерінің қазақ ауылына шабуыл жасауы, талауы, малын айдап алуы, қазақтың балаларын тартып әкетуі т. т. Бұл зорлық пен талауда олар, қазақ халқы керуенді талапты-мыс, орыс қалаларына шабуыл жасапты-мыс деген өтірік жалаларды сылтау қылды. Бұл «репрециялар» көбінесе, хан мен сұлтандардың ұлықсатымен болды, олар өздеріне қарсы шыққандарды осылай талатып, ықтырып отырды...

«Қазақ халқының хәлі ауырлағандығы сондай, сол кездегі Россия патшасы І Александр, 1808 жылы, 25-майда Оренбург губернаторы Волконскийге былай деп жазады: «Оренбург төңірегіндегі көшіп жүрген қазақтардың хәлі ауырлағандығы сондай, олар бір жақтан, амалсыз талау жұмысына кіріссе, екінші жақтан Хиуаға апарып, балаларын сатады» .

«Орта жүз қазақтарының кедейленуі сондай,– деп жазды Тройцкий қаласындағы таможня 1802 жылы сауда министрі Румянцовқа, – олардың көбі осы маңда жалаңаш-жалпы, еркегі, әйелі, балалары қаңғырып қайыр сұрап жүреді. Бұлардың хәлі аянышты, көзге ерекше түседі» .

1819 жылы, І Александр, қазақ балаларын сатып алуға, балаларды алып сатармен сауда жасауға рұқста етілген заң шығарды. 1832 жылы «Қырғыз-қазақ ордаларының тарихы» атты кітап жазған Алексей Левшин, «базарда қазақтың еркек баласының сатылатын құны 4, иә 5 қапшық арыш бидай еді, қыз баланың бағасы 3, иә 4 қап арыш еді»,– дейді және бір айда қазақтан жүз бала сатылғанын айтады. Халықты осылай талаған патша үкіметі, екінші жақтан, өзіне арқа тіреу болған қазақтың феодалдарын көтермелейді. Даланың қайдағы шұрайлы жерінен қазақ феодалдарына кең жер береді, оларға «дворян» деген атақ береді, сән-салтанат жасайды, қазақ феодалдарын орыс князьдары мен орыс дворяндарының дәрежесінде ұстайды.

Кенесары мен Наурызбайдың халық көтерілісін бастаудағы мақсаты туралы соңғы кезге шейін қата ұғым болып, оларды: «хандықты көксеушілер, қара басының пайдасы үшін, хан болу үшін көтеріліске қатынасушылар»,– деп бағалады. Бұндай қата пікірден, бір кезде, осы очеркті жазушы автор да сау болған жоқ. Кенесарыны демократтық идеядағы адам еді деушілер бар, ол, әрине, асыра бағалағандық. Кенесарының мақсаты − хандықты сақтау. Хандық − қанаушы таптың қолындағы құралы. Бірақ, осы хандықтың өзі адам баласының өркендеу дәуіріндегі белгілі бір сатыда халықтың елдігін сақтауға қажет және прогрестік құрал. Кенесары заманында қазақ ауылында, хандықтан басқа әлеумет билеу формасы болуы мүмкін емес, басқа форманы ол кездегі қазақ ауылының саяси-шаруашылық жағдайы көтермейтін еді. Сондықтан, егер, мемлекет басындағы хан патшаға сатылмай, қазақ халқының тәуелсіздігі үшін күрессе, бұндай хан объективтік жағынан, халықшыл хан еді. Кенесары осындай хан, Кенесарыны одан артық көтермелеу − орынсыз идеалдау боп табылады.

Мәселе, Кенесарының хандық құрылысты қолдануда емес, отаршылық саясатқа, екі жақты талауға халық қарсы шығып көтеріліс жасағанда, Кенесарының халық жақта қалуында, халық көтерілісін бастап, қазақ халқының тәуелсіздігін қарулы көтеріліспен қорғауға тырысуында»,– деп жазып еді.

Ал редакциялық есепті мақалада бұл сөздер:



«Бұдан әрі «С.Мұқанов жолдас «Қазақ ССР тарихының» бірінші басылуындағы редакциясын басқарған Әбдіқалықовтың өрескел қателігін, дәлірек айтқанда, Кенесарыны халықтың жауы деп тауып, дұрыс жазылған пікірді өзгерттіріп, мадақтата жаздыртқанын айтты»,– деп («Әдебиет және искусство», 1951, №8) жазылды.

Осыған қарап академик Сәбит Мұқанов та дербес ғылыми көзқарас болды ма, жоқ па, соған күмәнданасың. Бірақ оған қысылып-қымтырылмастан «екінші мәселеге» – Әуезовке «жайлап қана ауысып» кетеді. Сол арадан қос тұлғаның шарпысуы басталады. Әңгімені М.Әуезовтің ең жанды жері – «Абай» романынан бастайды:

С.Мұқанов: «Мына бір жаңа көріністі қараңыздар: Кенесары туралы лап ете қалған өртті өшіріп үлгергеміз жоқ, Әуезовтің айналасынан тағы да өрт шықты. Ендігісі – Абай мектебі туралы мәселе. Мен бұл мәселе төңірегінде көп ойландым. «Ақын аға» атты тамаша романыңыздағы ең тамаша тұс Абайдың ақын шәкірттері суреттелетін кез. Сіз: бүркіт өзінің жұмыртқасын жылдың ең суық маусымында шайқайды, содан кейін тастүлек етіп құздан лақтырып жібереді. Сол тастүлек балапандар сияқты Абай да өзінің шәкірттерін қанаттандырып ұшыруға дайын,– деп жазасыз. Ал сіз ол балапандардың қалай қарай ұшатынын өз романыңызда көрсетпейсіз.

Әуезов: Пәлі, олар әлі балапан ғой (күлкі).

Мұқанов: Жоқ, олар онда ұшып жүр, бірақ Абай араласқан өмір тартысына белсенді қатыспайды, олардың әзірше халық өмірімен байланысы жоқ, заманынан оқшау тұр. Әуезов жолдас, менің ойымша, сіз оларды шәкірт болғандықтан ғана оқиғаға араластырмай отырған жоқсыз, сіз реалист жазушы есебінде жөндемі ештеңе ойлап табуға дәрменсіздік көрсеткенсіз.

Әуезов: Олардың өздері ойдан шығарылған кейіпкерлер емес пе.

Мұқанов: Жолдас Әуезов, сіз Абайдың шәкірттері деп көрсеткен адамдарыңыз сол атты ақтай алмайды-ау. Әй, сол күдігім шын боп шығатын сияқты. Өйткені, олар мұны іс-әрекетімен де, шығармашылығымен де, басқа да қасиеттерімен де өтей алмайтындай боп көрінеді маған, сондықтан да еріксіз сіз оларды Кенесарымен байланыстырғансыз, енді келіп оларды қорғамақ боласыз... Соның бір мысалы, Көкбайға Кенесары туралы дастан жаздыруға мәжбүр болғансыз.

Әуезов: Оның бұдан да басқа өлеңдері бар емес пе, (Әріп) төрт өлең (Ленинге) арнаған. Және мен Абайдың шәкірттерінің барлығы әулие деп айтып отырғамын жоқ қой».

Романдағы тастүлектерден Кенесарыны жырлаушылар шығатынын қиыннан қиыстырған бұл қисынын С.Мұқанов алдағы екі жылда одан әрі ұштай түсті.

Бұдан кейін мінбеге Мұхтар Әуезов көтеріліп, «өткендегі қателері мен ескі ойынан арыла» ұзақ сөйледі.

М.Әуезов: «Правда» газетіндегі мақалаға байланысты ҚК(б)П Орталық комитетінің қабылдаған шешімі республикамыздың идеологиялық майданындағы жаңа, кезеңді және маңызды оқиға. Біздің қателерімізді түзету арқылы партия бізге қайта-қайта көмек қолын созумен келеді және кеңестік ғылымды жалған антимаркстік, антилениндік жолға түсіп кетуден сақтандырды. Осы шешім арқылы біздің әрқайсысымыздың және осы уақытқа дейін адасып келген өзге де жолдастардың терең бойлап кеткен қателіктерін мойындап, түсінуді талап етуі заңды тілек.

Бұл қателік ауыр болды және ұзаққа созылды. Өйткені бұл қанатын кеңге жайған және өзінің шеңберіне тарих, әдебиет тарихымен қоса республикамыздың басқа да қоғамдық-саяси өміріне қатысты әр түрлі саларды қамтитын адамдардың басын қосты. ҚК(б)П Орталық комитетінің шешімі мен баспасөздегі, соның ішінде «Правда» газетіндегі мақала арқылы тарихшылардың қателіктерін нақты көрсетті. Ал әдебиет пен әдебиеттану саласындағы кінәларіміз бен қателіктерімізді ашу біздің – әдебиет тарихшылары мен жазушылардың міндеті.

Мектеп оқушыларынан, студенттерден бастап көпшілік қауымның санасына дейін улаған зиянды тамырларға балта шабуға деген партиямыздың қарымды бастамасы мен ұмытылысына көмектесу – біздің парызымыз.

Мен сөзімді өзімнің қателерімнен бастаймын.

Менің «Хан Кене» деген пьесам болды. Қазақ Ғылым Академиясы ұжымындағы жиналыста да, ғылыми-зерттеуден тыс әдеби шығармашылық қызметімде де өзімнің бұл шығармама тиянақтап тоқталғам жоқ. «Хан Кене» пьесасы мен сол кездегі өзімнің саяси қателіктеріме бүгінгі өтіп жатқан әдебиетшілердің арасындағы осы мәжілісте кеңірек түсінік бере кетуді жөн көріп отырмын.

Бұл пьеса 1928 жылы жазылды және онда автордың ұлтшылдық ұстанымына баса көңіл бөлінді. Алғашқы нұсқасы сахнада қойылған жоқ, жарияланған да емес, сол қолжазба күйінде қалды. Тек бес жыл өткеннен соң, 1933 жылы менің «Еңлік-Кебек» деген пьесам сахналық қалыпқа түскеннен кейін ғана театр қызметкерлері «Хан Кене» пьесасын қою туралы әңгіме қозғай бастады. Әртүрлі деңгейдегі мекемелермен кеңестім, олар бірқатар өзгерістер мен өңдеулер жасауымды ұсынды. Мен бұл талапты орындадым, сөйтіп, 1939 жылдың басында оның премьерасы өтті, сол премьерадан кейін тоқтатылды. Оған екі түрлі сыни пікір білдірілді. Қатты сынаушылар да және жағымды баға берушілер де оны репертуардан алып тастау туралы емес, қойылымды уақытша тоқтата тұрып, ішінара өзгерістер енгізіп, содан кейін қойылымды сахнада қайта жалғастыру туралы ұсыныс айтты. Пьесаның ішкі құрылымы қойылымнан соң сыншылардың сол кезде көрсеткен саяси қателіктеріне сай өңдеуге келмейтінін түсіндім. Пьеса сол саяси қате күйінде және кеңестік көрермендерге керексіз дүние болып жабық қалды. Сыншылардың ауызша және баспасөз бетінде айтылған тілектеріне қарамастан, оған қайтып оралудан бас тарттым».

Бұл сол кезде жарияланған С.Сейфуллиннің, Ғ.Мүсіреповтің «Хан Кенені» сақнадан аластату, І.Жансүгіровтің ішінара өзгертулер енгізу туралы «Социалистік Қазақстанда» жарияланған мақалалары болатын. Ол екеуінің атын атауға болмайтындықтан да Ғ.Мүсіреповті ғана көрсеткен.

М.Әуезов (жалғасы): «Осыған орай айта кетерім – менің пьесама және ондағы рөльдер мен Кенесарының жеке басына қатысты ең әділ сынды ж.Мүсірепов айтты. Мысалы, өзге сыншылар маған пьесаның мазмұнын Патшалық Ресейдің режиміне қарсы күрес бағытында өрістетуді ұсынды. Ал Ғабит Мүсірепов: қазақ еңбекшілерінің патшаға қарсы күресін Кенесары қозғалысына қатысты емес, 1916 жылдың оқиғалары негізінде көрсету керек – деп дұрыс бағыт берді. Ал Кенесарыға: халықтың тілегі мен іс-әрекетіне қарсы реакционер хан – деген қатулы баға берді. Сөйтіп, ол пьесаны былай ысырып қойдым, қайтып оған оралғамын жоқ.

Пьесаны тастап, енді оған қайырылып соқпау туралы шешім қабылдағаннан кейін, сол 1934 жылы Оқу ағарту комиссариатының тапсырмасы бойынша «ХІХ және ХХ ғасырдың басындағы қазақ әдебиетінің тарихы» атты ұжымдық оқулыққа қатыстым және сол оқулық бойынша «Хрестоматия» құрастырдым. Соңғы екі еңбектегі: Бұқар жырау, Махамбет, Нысамбай, Шортанбай, Мұрат және Абай туралы тараулардың авторы – мен болдым және (олардың шығармаларын хрестоматияға) мен енгіздім.

Бұл мағлұматтарды, яғни, аталаған тараулардың авторы мен екенімді біле тұрып, Жұмалиев жолдас өзінің еңбектерінде, ХІХ ғасыр әдебиеті туралы оқулықтары мен ол жасаған оқу бағдарламаларында менің авторлығымды ескертпестен, Махамбетті бағалау жөніндегі менің пікірлерімді қате деп көрсетіп, жүйелі түрде сынаумен келді. Ал ол кітаптарда Бұқардың, Шортанбайдың, Мұраттың, соның ішінде ең бастысы Нысамбайдың (Кенесарының жыршысы) шығармаларына дәріптеуші тұрғыда емес, әшкерелеуші бағытта, таптық-саяси ұстаныммен, барынша дұрыс түсінік берілген. Бұл туралы кейінірек барынша толық тоқталамын.

Өзімнің 1934 жылғы сол еңбегімді естеріңізге сала отырып, қазіргі күнде Кенесары мен оның мадақшылары және осы кітаптар туралы әдебиеттермен тиянақты түрде айналысып жатқан тарихшылардың, әдебиет тарихшыларының назарын аудара кеткім келді. Сондай-ақ, бұл жолдастар менің «Хан Кенедегі» қателігімді жою үшін 1916 жылғы оқиға туралы «Түнгі сарын» пьесасын жазғанымды да ескерер деп ойлаймын, ол 1935 жылдан бері жақсы бағаланып келеді. Мұны айтып отырған себебім, осы жағдайлардың барлығы, яғни, қателіктер мен оны жою жолындағы күрестің өзіндік ішкі тарихи және табиғи байланысы болғандығын көрсете кету».

Көркемдік талаптың деңгейінің тым қарабайырланып, әдебиеттің саясаттанып кеткені сондай, Т.Жароков та кейіпкердің өміріне араласып, тумаған сиырдың уызын қорғаштап:



«Бұған қосымша мен Әуезов пен Мұқанов жолдастардың тоғыз томдық басылымдары туралы айта кетпекпін. Әрине жақсы шығармалардың болғаны және олардың көп томдық басылымын шығарғаны жақсы, алайда олардың қалтарысында қатерлердің бұғып жатпауын қадағалау қажет. Әуезов пен Мұқанов жолдастар көптеген қателер, ұлтшылдық қателер жіберді, сондықтан да ең алдымен олардың өзі сақ болғаны жөн. Олар өздерінің шығармаларын өздері тиянақты қарап шығуы тиіс. Онсыз болмайды. Мынадай мысал келтірейін: а/ Осы уақытқа дейін жақсы пьесалардың қатарына жатқызылып келген Әуезов жолдастың «Түнгі сарынды» қайтадан қарап шығуы тиіс. Себебі, оның басты кейіпкері, 1916 жылғы ұлт-азаттық көтерілісінің жетекшісі Мұғалім – ұлтшыл «Қазақ» газетінің оқырманы ретінде көрсетілген. Дәл қазір пьесаны мұндай күйде жіберуге болмайды. б/ Сондай жағымсыз шығармалардың бірі Мұқанов жолдастың «Балуан Шолағы». Онда Кенесарыға байланысты жіберген қатесін Мұқанов жолдастың өзі де мойындады. Бұл туындыны шығармалар жинағына қосу дұрыс емес»,– деп кейіпкерлерден де марксиз-ленинизм ілімі бойынша өмір сүруді талап етті

Соның нәтижесінде «Түнгі сарын» пьесасы да тиым салынған 30 шығарманың қатарына ілінді. Театрдың сахнасында ойналатын да спектакль қалмады.

М.Әуезов (жалғасы): «Жоғарыда айтып өткенімдей, әдебиет тарихшысы және жазушы ретінде де 1934 бастап 1947 жылдар аралығында Кенесары тақырыбына қайтып оралғаным жоқ. 1934 жылдан кейінгі өзімнің жеке еңбектерімде Кенесары тақырыбына жолағамын жоқ, алайда, соңғы жылдары ұжымдық еңбектің редакторы ретінде үлкен, аса үлкен қателік жібердім. Әңгіме – 1948 жылы жарияланған «Қазақ әдебиеті тарихының» бірінші томы туралы болып отыр. Мұндағы лиро-эпостар тарауына – «Наурызбай-Ханшайым» және тарихи жырлар тарауына – Кенесары, Наурызбай, Саржан, Ағыбай туралы мақалалар енгізілді. Біріншісін институттың сол кездегі қызметкері Қоңыратбаев, екіншісін – институттың сол кездегі директоры Исмаилов жолдас жазды.

Ондағы басты қателік – мақалалар тек мадақтауға ғана құрылды. Феодалдық, хандық құрылымның және Кенесары Қасымов пен Наурызбайдың қозғалысын жырлаған бұл жырауларды әспеттей мадақтады, әрине, бұл мақала авторлары Исмаилов пен Қоңыратбаевтың қателіктерін ақтай алмайды. Сол қателіктің үлкен салмағы, әрине, маған тиесілі. Сондай-ақ, оны қолдап рецензия жазған Бәйішев, Дүйсенбаев, Сағындықов жолдастар, құрастыруға қатысқан Сауранбаев пен Мәлік Ғабдуллин де жауапкершілікті бізбен бірге көтеруге тиісті.

Сондықтан да, бірінші томның қайта басылымында бұл қателіктерді жою – менің басты парызым екенін мойындаймын. Ал сіздерден: тиісті кеңестеріңіз бен ұсыныстарыңыз, орынды сындарыңыз арқылы бізге көмектесулеріңізді өтінемін».

«Жаздым, жаңылдым» дегізіп алып, дегеніне көндіретін не сөндіретін сталиндік идеологиялық тәсілдің айла-амалын Мұхтар Әуезов өзгелерден көрі жақсы білетін. Мұндайда С.Мұқанов айтқандай, «құйрығы буырыл тартқан түлкінің бұлаңына» салу да өзін-өзі ақтайтын. Бұл жолы да солай етті.



М.Әуезов (жалғасы): «Сөйтіп, өзімнің соңғы уақыттағы қателіктерімді мойындай отырып, ойлана отырып, Кенесары жөніндегі және Кенесарының идеологі, алғашқы насихаттаушылары, тамсана табынушылары болған ХІХ ғасырдағы ақындар – Досқожа мен Нысамбай туралы әдебиеттерді ақтарып шықтым. Ол ақындар – Кенесарының қозғалысын қостаушылар Кенесары жөніндегі мадақтаулар мен жоқтаулардан басқа ештеңе жазған жоқ, демек, олар туралы жағымды сөз айту – Кенесары туралы да жақсы пікір білдіру деген сөз. Қазақ авторларының тұтас бір кітап шоғырын қайталап оқығанымда мынаны байқадым: 1939-жылдан бастап 41, 42, 43, 46, 47, 48 және 49-жылдарға дейін шыққан және қазір де пайдаланып жүрген қазақ әдебиетінің тарихы туралы оқулықтардағы көптеген еңбектерде, очерктерде, зерттеулерде, мақалаларда, ең аяғы жыл сайын шығып тұратын Жоғары оқу орындарына арналған бағдарламалардан бір бағытта, шырматыла тізбектеліп, табанды түрде жалғасып келе жатқан жағымсыз бағалар мен қателіктерді аңғардым. Әрине, солардың арасында буржуазиялық-ұлтшыл ұстанымдағы Бекмахановтың кітабі ерекше дара көрінеді.

ҚК(б)П Орталық комитетінің 1947 жылғы Тіл және әдебиет институтындағы идеологиялық қателіктер туралы тарихи шешімі Кенесарының жеке басы мен оның орыны және оның нөкерлері Досқожа мен Нысамбай ақынның мұралары туралы пайымдауларға өзгеріс әкелмеді. Үнсіз келісімнің негізі бойынша: айтылған сын тек «зар заман» ақындарына ғана тиесілі сияқты көрініп, Кенесары мен оны жырлаушылар сын көзінен қағыс қалды. Сондықтан да, бұл зұлымдықтың тамырын анықтап, зиянын анықтап, оны тамырынан отап тастау үшін жоғарыда аталған еңбектердің барлығын талқыға салуымыз керек. Одан да әрі көз салып, Абайдың және оның шәкірттерінің қателіктерін олардың қайшылығы ретінде қарастыру керек.


Достарыңызбен бөлісу:
1   ...   26   27   28   29   30   31   32   33   ...   64




©engime.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет