Тұрсын ЖҰртбай «Ұраным алаш!»



бет26/64
Дата04.11.2016
өлшемі10,61 Mb.
#96
1   ...   22   23   24   25   26   27   28   29   ...   64

«Роман кейбір түзетулерді қажет етеді. Тезірек Мәскеуге келуіңізді өтінеміз. Қолжазба туралы пікірді авиақатынаспен жолдадық Макаров», «Қосымша міндетті түрде керек. Мұқановтың роман жөнінде қандай пікір білдіргенін жедел хат арқылы жіберіңіз», «Кожевниковтың негізгі ескертуі Павлов туралы. Оны сізбен келісе отырып өзіміз жөндейміз. Жалпы жағдай қолайлы», «Жігітектерге қарсы барымтаға аттанбақ болған байлардың әрекетіне Базаралы қалай қарайды, соны міндетті түрде көрсету керек. Өйткені бұл оқиға соның өзінің барымтасының кесірінен туды емес пе»,– деген сөздерінен бұл анық байқалады.

Тіпті В.Кожевниковтің өзі орыс демократтары Михаэлистің, Долгополовтың, Гросстың аттарынан сескеніп оларды – Михаилов, Павлов деген жанама есімдерге ауыстыруға қақпайлады. Чернышевскийдің немересі осыған орай жиі хат жазған. Ал журналдың С.Мұқановтың пікіріне ерекше ынта қоюы екеуінің арасындағы қырғиқабақты білгендіктен ғана емес, сонымен қатар жоғары жақтағы сесті қабақтан сескенуін байқатады. Әлде біреу мұны Кремльдің үгіт-насихат бөліміне жеткізгені анық. Екінші кітаптың орысша аудармасы журналға басылмай жатып оның бас редакторы В.Кожевников БК(б)П Орталық комитетінің идеология жөніндегі хатшысы М.А.Сусловқа «М.Әуезовтің «Абай жолы» романының «Знамя» журналында жариялану барысындағы редакторлардың жұмысы» туралы:



«М.Әуезовпен бірге істелген редакциялық жұмыстың басты ерекшелігі, біз оны екі рет шақырып алып, оның кітабімен ұзақ уақыт өңдеу жұмыстарын жүргіздік. Оның негізгі нәтижесі Әуезовпен редакцияның бірігіп істеген аса ауқымды жұмысының тізбесі жолданып отырған төрт бетте толық келтірілген: аса көп көлемдегі тарихи материалдарды ақтаруға және оны зерттеуге, классиктерді оқуға тура келді, орыс демократтары мен орыс мәдениетінің қазақ халқының қозғалысына ықпалы туралы архив деректерін іздестіруге де көп уақыт кетті. Бұл аса үлкен маңдай терді төккен еңбек болды, біз бұл материалдардың барлығын Әуезовтің – орыс қоныстанушылары келгендегі қақтығыстарды суреттейтін көріністерге негіз етуі үшін дайындадық. Біз оған әр мекемеден, әр түрлі архивтерден олардың қалай қоныс аударғанын, қалай қабылдағанын баяндайтын көлемді көріністер туралы өте мол деректер ұсындық...»,– деп түсінік беруге мәжбүр етті.

Бұған қарағанда М.Әуезовті жатақтар мен Дәркембайға қосылып: «Тегіміз басқа болғанымен де, табымыз бір!»,– деп арбаға жегулі атын доғарып жіберіп, қолына таяғын ала салып, жатақтарға көмектесуге тұра шабатын Шодырдың оқиғасы осы Мәскеуде жазылса керек. Жалпы қазақ өміріне жат көрініс болса да, келер жылдардағы біраз пәледен басын арашалауға септігін де тигізді.

Романның жарияланбай жатып мұншама дүрліктіруінің себебі «Правданың» қазақ ұлтының руханиятының шәт-шәлекейін шығарған мақаласына тікелей байланысты еді. Ол осы қарбалас тұсында төніп келе жатқан қауіпті сезіп Қазақ ССР Ғылым Академиясының президиумына:

«Абай жолы» романының соңғы өңделген нұсқасы... «Знамя» журналының 1951 жылғы №8-9 сандарында жарияланды, бұл романның толық нұсқасы орыс тілінде «Советский писатель», қазақ тілінде «Қазмемкөркемәдбастан» шықпақшы. Романның соңғы нұсқасына бүкілодақтық баспасөзде жоғары, жағымды баға берілді. Қазан айында «Известияда» – З.Кедринаның, қараша айында «Литературная газетада» – Лебединскийдің, қаңтарда (1952) «Бүкілодақты радиода» – Скориннің мақалалары берілді. Онда: «қасақана теріс пікір танытпаған жердің барлығы да (Академияның Тіл және әдебиет институтының кейбір қызметкерлерінен аңғарылып қалғанындай), романның жаңа нұсқасы Қазақстандағы буржуазиялық ұлтшылдықтың әшкереленуіне байланысты автордың өзінің және оған қоса өзге де көптеген қазақ әдебиетшілерінің жіберген қателіктері туралы партиялық әділ сынға қайтарған іскерлі, шығармашылық толық жауабы болып табылады»,– деп бағалаған.

«Абай» романы туралы өткен жылғы жаңа мәліметтерді Президиумның назарына ұсынамын. Қазіргі кезге дейін роман ондаған тілдерге, соның ішінде чех, румын, поляк және болгар тілдеріне аударылды. Бүгіндері қытай, неміс, венгер, украин, қырғыз тілдеріне аударылып жатыр. Роман орыс тілінде 12 басылым көрді, оның төртеуі көпшілік таралым, қазір оның саны жарты миллион данадан асты»,– деп мағлұмат берді.

Дегенмен де алаңдауы орынды еді. Әуезовтің де, «Абайдың» да көрешегі көзіне көрсетілетін күн де сондай бір қатерлі жылдамдықпен жақындап келе жатқан болатын. Ол күннің бұлтын қойылтуға осы орыс тіліндегі басылым да «үлесін» қосты. Абайдың:

Өзіңде бармен көзге ұрып,

Артылам деме өзгеден.

Күндестігін қоздырып,

Әуреге қалма езбеден,–

дегенінің кері келді.

Бұрынғы «қазақы қырқылжыңға» енді орыстық өктем можантопайлық араласты. Алаңға толы көңілінің күдігі басылмай «тобықтылардың Мәскеудегі отауының иесі» Зоя Кедринаға 1951 жылы 18тамыз күні:



«Орталық баспасөзден роман туралы пікір күтемін. «Знамиядағылар»: роман жөнінде бәрінен бұрын «Правдадан» жақсы саяси мақала күтіп отырғандықтарын айтып еді. Әрине, бұл өте жақсы, кітап туралы сыни және әдеби мақалалардың таптырмайтын бастамасы болар еді»,– деп астарлы тапсырма берген болатын.

Бұл емеуірінді Зоя Сергеевна түсініп, қарымы жеткенше орындағанын жоғарыдағы мәлімдемеден аңғарамыз. Алайда, М.Әуезовке де, З.Кедринаға да партияның зұлфуҺары – «Правда» өзгеше сыбаға дайындап жатқан болатын. Ұзамай сол сыбағаның мүшелігін Мұқановпен толықтырып «табағымен» тартты.

Бір жылдан кейін Пәленбайлар мен Түгенбайлардың күні туды. Ол күндері С.Мұқанов пен М.Әуезовтің қақтығысы шырқаулы шырмауына жетіп, бірінің өміріне бірі қауіп төндірді.

ТӨРТІНШІ ТАРАУ ТОБЫРЛАР ТАЛҚЫСЫ

(немесе Кенесары кергісі)

1.

Ешқашанда идеологиялық еркіндікке жібермейтін, жарылқау мен жазалау саясатын қиыстыра жүргізетін, алғысы мен қарғысы айырғысыз кеңестік тәсіл – мемлекеттік басқару жүйесінің тұрақты құралына айналды. Ел басына күн туған шақта Сталин әр ұлт өкілдерінің намысын ояту үшін кәдімгідей әруақ шақырып, ұран тастады. Соның нәтижесінде барлық халықтық батырлар қайтадан тарих сахнасына шығып, сананы баурап, ұлттық рухты күшейтті. Қазақтар да Қобыланды мен Алпамысты, Абылай мен Кенесарыны еске алып, олардың әруақтарынан қолдау іздеді1.



1943 жылы кеңес шекарасы жаудан азат етілген соң есін жиған идеологтар патриоттық-ұлтшылдықтың майдандағы жауынгерлермен бірге елге ілесе келіп, ұлттық сананың күшеюінен сескеніп, астыртын идеологиялық жазалау саясатын ойластыра бастады. Тіпті майдандағы ұлт командирлерінің өзінен ұлтшылдықты іздеді және тапты. Аттары аңызға айналған Бауыржан Момышұлы мен Кеңес Одағының Батыры Мәлік Ғабдуллин бірінші болып тізімге ілікті. Өзіне қарсы жүргізіліп жатқан тіміскіге наразылық білдіріп 1945 жылы 10-ақпан күні ҚК(б)П Орталық комитетінің бірінші хатшысы Ж.Шаяхметовке:

«Мен ешқашанда өзімнің ұлтымды жасырғамын жоқ және жасырмаймын да. Менің ұлтым – қазақ, халқым – кеңес елі. Мен кеңес халқына қызмет етемін, алайда өзімнің ұлтымның, қазақ халқының намысын лайықты деңгейде биікке көтеруге тырысамын. «Мен қазақпын» деген сөз менің ұғымымда: өз ұлтыңа деген махаббат, өзіңнің халқыңның ерлік дәстүріне деген құрмет, оның көп ғасырлық мәдениетіне, әдебиетіне, өнеріне деген сүйіспеншілік, оған ар, намысыңмен қызмет ету, оның өзге ұлттардан кейін қалып қалмауын қадағалау, халықтардың достығын нығайту, бауырлас халықтарға барынша көмек көрсетіп, демеу, қажет болған жағдайда онымен бірге ортақ жауымызға қарсы күресу.

Мен: «Мен қазақпын»,– деп айтқан кезде, өзімнің халқымды әсірелей әспеттеп, аспандата асқақтатпаймын. «Қазақпын» – деген сөз менің ұлттық тегімді білдіреді. Сол сөз арқылы мен өзімнің ұлтыма деген сезімімді білдіремін, бұл сөз – менің сол ұлттың өкілі екенімді білдіреді, соңғы тамшы қаным қалғанша мен оған қызмет етуге міндеттімін. Бұл, сонымен қатар: мен өз ұлтымды сүйемін және қадірлеймін, оған адал қызмет ете отырып, мен барша кеңес халқын сыйлаймын және жақсы көремін, қасиетті кеңес халқы ретінде бауырмдай көріп, оған да қызмет етемін, өйткені біздің ұлы отанымызды мекендеген барлық ұлт біртұтас және бір мақсатқа ұмтылады деген сөз. Мұндай талассыз шындықты дәлелдеудің қажеті де жоқ. Өз халқыңның қызметшісі болудан артық дүниеде асқақ та адал, намысты сезім жоқ»,– деп жазды.

Соған жауап сияқтанып, «Едіге» жыры мен «ел қамын жеген Едігенің бейнесі» әсіре дәріптеліп, ұлтшыл сезімді қоздырғаны, оның буржуазияшыл-ұлтшылдық идеяны дәріптегені туралы СОКП-ның Орталық комитетінің қаулысы шығып, тарихи-эпостық мұралар жаппай сүзгіден өтті. Содан кейін «Звезда» журналы мен А.Ахматова мен М.Зощенко шығармашылығындағы идеясыздық туралы, В.Сосюраның «Украинаны сүй» атты өлеңіндегі ұлтшылдық сезім туралы, Маррдың тіл ғылымындағы «ой ағымы» мансұқталған қаулы-қарарлар арт-артынан шығып, идеологиялық жазалау науқаны басталды да кетті. «Қазақ ССР тарихы» кітабының екінші басылуын әзірлеу туралы» Қазақстан К(б)П Орталық комитетінің 1945 жылғы 14-тамыздағы қарары саяси-идеологиялық жанталасты одан бетер жанықтырды.

Жалпы қазақстандағы «ұлтшылдық пен ұлт тарихын бұрмалау, Кенесарының реакциялық қозғалысы» туралы мәселенің ушығуының түпкі тамыры тереңде жатыр еді және мұндай «жазалау зұлпұһарының қазақ мәдениеті мен ғылымының желкесіне төнгеніне» алты жылдан асқан болатын. Сондықтан осынау қатерлі кезеңнің «тарихи алғышарттарын» Е.Бекмахановтың шәкірті, осы мәселе жөнінде екеуара жылдап пікір алысқан күндердің белгісі ретінде тарих ғылымының докторы, профессор марқұм Ә.Тәкеновтің пайымдауымен баяндауды жөн көрдік.

Тарихты – тарихшыдан артық ешкім түсіндіріп бере алмаса керек.



Ә.Тәкенов: «... Партиялық идеологтар тарих ғылымын қатаң бақылауға алды. Ал өмір талабы идеологияның ырқына көнбей жатты. 1941 жылдың қысында Алматыға бір топ эвакуацияланған орыс ғалымдарының келуі бұдан бұрын оқу-ағарту Халық Комиссариаты белгілеген Қазақстан тарихын жазу ісін тездетті. Бұл істің бас-аяғында комиссариаттың қызметкері, 1937 жылы Воронеж педагогтік институтын бітірген, жас тарихшы Ермұқан Бекмаханов жүрді. ҚК(б)П Орталық комитеті соғыс жағдайында тарихтың патриоттық тәрбие берудегі орынын ескере келе қолдау жасап, академик Панкратова және Орталық комитеттің идеология жөніндегі хатшысы Мұхамеджан Әбдіхалықов «Қазақ ССР тарихының» редакторы болып бекіді. Оны жазуға Греков, Дружинин, Вяткин, Кучкин, Зутис, Миллер, Лурье сияқты орыс ғалымдары атсалысты. Қазақстандықтардан Әуезов, Марғұлан, Покровский, Мұқанов, Мүсірепов, Исмаиылов, Кенжебаев қатысты. Тез қарқынмен жазылған қазақ тарихы ерте дүниеден сол кезге дейінгі уақытты қамтыған еліміздің тұңғыш тарихы еді. Оны оқырмандар да үлкен ықыласпен қабылдады. Солардың бірі – Бауыржан Момышұлы бұл кітапты Панкратовадан алып, пікір айтып, жанашырлық көрсеткен екен. Өз халқының тарихын оқу қай қазаққа да баға жетпес қуаныш емес пе?

Бір ескеретін жай, бұл «егемен кеңес республикаларының» ішінде жеке республика тарихына арналған тұңғыш кітап екен. Бірақ тап осы жай кейбіреулерге күдік туғызса керек. Кітап Сталиндік сыйлыққа ұсынылып, алғашқы сараптан өтіп, мәселе түпкілікті шешілер кезде бұған сенімсіздікпен караған КСРО Ғылым Академиясының корреспондент-мүшесі А.И.Яковлев болды. Бұл кісі кеңес тарихының негізін салушылар: КСРО тарихының оқулығын жазған Панкратова, Тарих институтының директоры академик Греков, академик Дружинин, «Қазақ ССР тарихы очеркінің» авторы, қазақ тарихының маманы Вяткинге немесе бүкіл қазақ ғылымының қаймақтарына – Әуезов пен Марғұланға қарсы шығатындай қазақ тарихының маманы да емес екен. Әңгіме білуде емес, бұл сыншының саяси көзқарасында болып шығады. Оған кітаптың әр жеріндегі он шақты беті, дәлірек айтсақ авторлардың тұжырымдамасы ұнамайды. «Мемлекеттік теория» тұрғысынан келген Яковлев оның себебін: патшалық Ресей өзінің құрамына кірген (жаулап алынған) халықтар үшін прогресс пен мәдениет әкелді, сондықтан оған қарсы күресу реакциялық сипат ретінде бағалануы тиісдеп түсіндірді. Әрине, орыс патшаларын дәріптеген сталиндік көзқарасқа бұл тезис сайма-сай келді. Оның КСРО тарихының оқулығы туралы: «Орыс мектептерінің барлық оқулықтары орыстың ұлттық оқулығы болуы тиіс. Бұл мазмұнға тағы да 100 халықтың мүддесін сиғызуға болмайды»,– деген пікірі Яковлевтің республикалар тарихына қарсы позициясын нығайта түсті. 1944 жылы айтылған бұл пікір тек 1988 жылы белгілі болды (Письма Анны Михайловны Панкратовой – «Вопросы истории», 1988, № 11, 54-79-беттер).

Бұл пікірге «Қазақ ССР тарихының» авторлары қарсылық білдіріп, Панкратова кеңес халықтарының тарихындағы азаттық күресті қолдады. Ғалымның талап етуімен 1944 жылы БК(б)П Орталық комитеті 29-мамыр мен 8-маусымның аралығында көрнекті совет тарихшылары 5 рет кеңес өткізді. Текетірес содан басталды. Яковлев пен Бушуевқа қарсы шыққан Панкратова, Греков, Державин «Қазақ ССР тарихының» тұжырымдамаларын қорғады. Кеңес нәтижесіз өткендіктен де А.Н.Панкратова Орталық комитеттің хатшысы ІЦербаковқа жазған ресми хатында: Яковлевтің пікірі ұлттық-отарлық саясат мәселелері жөніндегі марксизм-ленинизм негіздеріне сай келмейді, сондықтан да «Қазақ ССР тарихы» нақты талқылауды талап етеді. Бұл мәселе Қазақстан үшін маңызды, өйткені бұл: қазақтардың ұлттық сезімін қозғайды,– деген ойы есте ұстарлық, шын жанашырлық пікір. Кеңестік империяның идеологтары «қазақтың ұлттық сезімі» (сол сияқты басқа ұлттардың да) туралы сөз қозғап көрген емес. Тек «ұлы орыстық ұлттық сезім» немесе «ұлы орыстық ұлттық мақтаныш» хақында ғана айтуға жол берілді (мысалы «орыс орманы», «орыс қысы», «орыс аспаны», «орыс даласы» деген сияқты тіркестер осының көрінісі). Басқа халықтардың ұлттық сезімі кеңестік патриотизммен ғана шектелуі тиіс болатын. Кеңестік идеологтар «ұлтшылдыққа» қарсы күреспен «ауызданғандықтан» да, ұлттық тарихты оқу ұлтшылдықты туғызады, деп үрейленді. Соғыс жағдайында аз ұлттарға қысым жасау (депортация) саясаты да осы «ұлтшылдықпен» күрес ретінде жүргізілді. Ұлтшылдықтан қысымшылық көрмеген тек орыс халқы болды. Ал «ұлыдержавалық шовинизм» тек «шовинизм» деп үстірт айтылды, нақты шовинистер «табылмады». Басты жау ұлтшылдық болып айқындалды.

Осы тұрғыдан алғанда 1945 жылы «Большевик» журналында қазақ тарихына еш қатысы жоқ М.Морозов дегеннің «Қазақ ССР тарихы» туралы рецензиясы әлдекімдердің қолтығына су бүріккендей болды. Оның үстіне рецензия авторы 1944 жылы Орталық комитет өткізген кеңесте айтылған теріс пікірлерді теріп жазған партаппарат қызметкері еді. Ал «Большевик» Орталық комитеттің органы болғандықтан да, Кеңестік Орталық комитеттің хатшылары Щербаков, Андреев, Маленьков жұмған ауыздарын ашпағандықтан да, ол рецензия Орталық комитеттің пікірі ретінде қабылданды. «Басты кейіпкерлер» Яковлев пен Морозов емес, олардан да жоғары лауазымды адамдар болып шықты. 1944 жылғы Кеңестің алдында Андреев, Маленков, Щербаковтардың атына хат түскен екен. Ол хат:«Кейбір кеңес тарихшыларының еңбектеріндегі күрделі кемшіліктер мен антилениндік қателіктер туралы» деген жазылып, оған Орталық комитеттің үгіт-насихат бөлімінің меңгерушісі Г.Ф.Александров, оның орынбасары П.Н.Федосеев, «Правданың» бас редакторы П.Н.Поспеловтің қол қойғаны кейін мәлім болды («Вопросы истории», 1991, № 1,188 – 205 беттер. 48).

Бұл хаттың «ұлтшылдық» қателіктерге арналған бөлімінде негізінен «Қазақ ССР тарихына» баса көңіл аударылыпты. Ондағы пікір бойынша: авторлар ұлт мәселесі жөніндегі сталиндік ережелерді түсінбеген, өйткені, сталиндік тұжырым бойынша басқа халықтардың Ресейге қосылуының, тіпті күшпен қосылуының өзінің «зияны шамалы»; ал ол халықтарды, мысалы Грузияны – Персия, Украинаны – Польша жаулап алған болса, мұндай мүмкіндіктің «зияны үлкен» болған болар еді. Бұған қарасақ, бұрын отаршылдықты - «үлкен зиян» деп келгеніміз қате болып шығады. Бұл орыс отаршылдығының зардабын жұмсарту ғана емес, оны ашық жақтау еді.

ҚК(б)П Орталық комитетінің 1945 жылғы 14-тамыздағы Морозовтың рецензиясынан туындаған бұл ресми пікірдің негізінде «Қазақ ССР тарихының» екінші басылымын дайындау туралы» қаулы қабылдады. Қаулының авторлары Қазақстанның – төңкеріске дейінгі дәуір туралы жазылған тұсты сынға алды: ол кезең – әлеуметтік-экономикалық даму, тап күресі тарихы тұрғысынан емес, қазақтардың тәуелсіздік үшін күресінің тарихы болып жазылған. Қазақ сұлтандарының тонаушылық жорықтары мен (Қаратай сұлтан) шынайы ұлт-азаттық қозғалысты шатастыруға болмайды. «Қазақ ССР тарихында» халықтың санасында ұлттық қаһарманы болып келген Едіге мадақталған. Кенесары туралы берілген баға «біржақты, бұл қозғалыстың ішкі қайшылықтары ескерілмеген»,– деген ескерту жасалды. Бұл қаулының кесірі аз болмады. Ең бастысы, қазақ халқының тарихындағы ұлттық сананы оятқан қаһармандардың жаппай сынға алынуына жол ашты. Осы қаулыдан аттай бір жыл бұрын партия хатшысы Ж.Шаяхметов (Сталинге еліктеп) майдандағы қазақ жауынгерлерін олардың батыр бабалары – Абылай, Сырым, Исатай, Махамбет, Кенесары, Наурызбай – аруағымен рухтануға шақырған еді (Қазақ халқының жауынгерлік дәстүрі. «Социалистік Қазақстан», 1944, 18.VШ.).

Кейін бірінші хатшыға бұл сөздерінен бас тартуына тура келді. 1945 жылғы қаулы халқымыздың соғыс кезінде ояна бастаған ұлттық, тарихи санасына нұқсан келтіргенін алдағы оқиғалар дәлелдеді.

Ұлтшылдықпен күрес науқанының отына түскен бірден бір тұлға талантты тарихшы Ермұқан Бекмаханов болды. Оның бірнеше себептері бар еді. «Қазақ ССР тарихының» дау туғызған Кенесары көтерілісі тарауын жазу Бекмахановқа тапсырылған еді. Ал 1943 жылы 28-маусымда ол «Қазақтардың Кенесары Қасымов бастаған азаттық күресі (1837-1847)» тақырыбында Мәскеудің Тарих институтында кандидаттық диссертация қорғады. Іле-шала бұл мәселені кеңейтіп, 1946 жылы 31 жасар ғалым «Қазақстан ХІХ ғасырдың 20-40 жылдарында» деген монографиясы бойынша докторлық диссертация қорғады. Бұл еңбегі 1947 жылы М.П.Вяткиннің редакциясымен Алматыда жарық көрді. Кітаптың бір бөлігі Кенесарының қозғалысын қамтыды. 1946 жылы Бекмаханов Қазақстан Ғылым академиясы Тарих, археология және этнография институтының директоры С.С.В.Юшковтың орынбасарлығына тағайындалды.

Осының бәрі, жас ғалымның зор табыстары, кейбір күншілдерге шаншудай тиді. Бұрынғы «Қазақ ССР тарихына» байланысты айтылып жүрген сын пікірлер, енді тікелей тек Бекмахановқа қана бағытталды. Тактикалық жағынан алғанда, бүкіл авторлар ұжымымен күресуден көрі бір адамды омақастыру оңай болатын. Мұқым елде орын алып отырған идеологиялық шарпысулар да Қазақстанда тағы да ұлтшылдыққа қарсы науқан ашуға орайлы жағдай жасады.

Бұл науқан қазақ топырағында еселене жаңғырып, «ескі феодалдық қоғамды дәріптейтін буржуазияшыл ұлтшылдыққа қарсы күреске» ұласты. Осы ретте ҚК(б)П Орталық комитетінің 1947 жылғы 21-қаңтардағы «Қазақ ССР Ғылым академиясы Тіл және әдебиет институты жұмысындағы өрескел саяси қателіктер туралы» қаулысының кесірі зор болды. Зиялы қауымның дарынды өкілдері негізгі нысанаға алынып, кез-келген белсенді ғалымсымақтарға олардың көзіне топырақ шаша алатындай мүмкіндік берілді, сөйтіп, тұлғалар қорғансыз жағдайда қалды... Бұл дүрмек тарихшылардың да берекесін алып, дегбірін кетірді, 1947 жылы 5-наурызда М.Ақынжанов пен Ә.Тұрсынбаев «Казахстанская правда» газетінде жарияланған «Профессор Маргулан извращает историю» деген мақаласында оны «пантюркист», орыс және қазақ халықтары достығының тамырын «қопарушы» деп айыптады. Тарих институтының сессиясында сол жылы мамыр айында Х.Г.Х.Ғ.Айдарова «Қазақстан тарихы мәселелеріндегі ұлтшылдық бұрмалаушылық» тақырыпта баяндама жасады. Мұндай сынау, орынсыз саяси кінә тағу ғалымдардың азаматтық арын таптап, сағын сындырудан басқа еш нәтиже бермеді. Ал бұл дарынсыз күншілдерге ғана жол ашты. Кадрлар жоғары оқу орындарынан да қуыла бастады... «Идеологиялық айқаста» ғылымға қатысы жоқ партократтар жөнсіз белсенділік байқатты. Мысалы, Алматы қалалық парткомының хатшысы Т.Ысқақов ҚазМУ-дің орта ғасыр тарихының оқытушысы Я.Д.Серовайскийді шетел тарихшыларының еңбегін пайдаланғаны үшін сынады. ҚК(б)П Орталық комитеті идеология бөлімін басқарушы И.П.Храмков БК(б)П Орталық комитетіне «түзету» жасап, тек Батысқа бас игені үшін емес, Шығысқа бас игендерді (әрине, қазақтарды) да айыптауға шақырды. Осындай өрескелдікті сезген Ж.Шаяхметов 1948 жылы наурызда ҚК(б)П Орталық комитетінің Пленумында:«Өткеннің бәрін жамандай беруге болмас»,– деп тоқтау айтуға мәжбүр болды. Дегенмен, саяси науқанды тоқтатпақ түгіл, одан өзі де шыға алмады».

Қазақстан К(б)П Орталық комитетінің 1947 жылғы «Қазақ ССР Ғылым Академиясы Тіл және Әдебиет институты жұмысындағы өрескел саяси қателіктер туралы» қаулысына орай академик Сақтаған Бәйішевтің «Профессор М.Әуезов ескіліктің шырмауында» атты мақаласы «Социалистік Қазақстан» газетінде жарияланғаннан кейін, іле «қазақ әдебиетінің тарихына» қатысты сындар жаппай басылып жатты Бұл науқанның екпіні қанша қатты болғанымен де, тұтқынға түскендерді және репрессияға ұшырағандарды жазалау сияқты уақытша әскери, саяси қысыммен шектелді.

Бір таңданарлығы, тура сол жылы, осы қаулыдан кейін, яғни, 1947 жылдың 14-қыркүйегі күні «Социалистік Қазақстанда» «хан Кененің қаза тапқанына 100 жыл толуына орай «Кенесары Қасымов» деген көлемді мақала жарияланды. Мақала авторы Ермахан Бекмаханов. Алдағы болатын баяндауларға тікелей қатысы бар, ондағы айтылатын әшкерелеулерге мүлдем қарама-қарсы, байыпты пайыммен, жақсы ниетте, «қара дүлейдің» қарсаңында жазылған бұл пікірді таң қала отырып ықшамдап ұсынамыз:

Е.Бекмаханов: «Кенесары Қасымов. (Қаза тапқанына 100 жыл толуына): «Қазақ халқының 1837-47 жылдардағы үлкен ұлт азаттығы қозғалысының басшысы Кенесары Қасымовтың қаза тапқанына биыл 100 жыл толды. Кенесарының қимылы Қазақстанның тарихында, қазақ халқының келешектегі тағдырын белгілеген өзгерісті кезеңмен тұстас келді. Көшпелі қазақ ауылының шаруашылығына товарлы-ақшалы қарым-қатынастың енуіне байланысты Қазақстанның экономикасында үлкен өзгерістер болды, ал, Қазақстанның саяси тұрмысын алатын болсақ бұл дәуірде қазақ хандықтары: 1822 жылы – Орта жүзде, 1824 жылы – Кіші жүзде хандық жойылды.



Қазақ даласына бір жағынан патшалы Ресей, екінші жағынан Орта Азия хандықтары шабуыл жасауда болды. Қазақстанның ол кездегі сыртқы саяси жағдайы осыған қарай белгіленді. Патша үкіметі мен Орта Азия хандықтарының басқыншылық саясатына қазақ халқы күшті қарсылық көрсетті. Қазақ халқының ұлт азаттығы күресін Кенесары Қасымов бастап шықты. Екі жақпен бірдей арпалысуға күші жетпейтінін, қазақ халқының саяси тәуелсіздігін сақтап қала алмайтындығын Кенесары көтерілістің алғашқы күндерінде-ақ түсінді. Сондықтан, Орта Азия хандықтарына ең алдымен Қоқан хандығына қарсы күресе отырып Кенесары соғыс қимылдарын тоқтату туралы патша өкімет орындарымен келісуге тырысты, өйткені, патшалы Россия сияқты қуатты елге қарсы күрестен нәтиже шықпайтынын жақсы білді».

Бұл, әрине, ағылшын барлауына көрсетілген қызмет ретінде бағаланды.



Е.Бекмаханов (жалғасы): «Кенесарының көтерілісі Россия патшалығына, Орта Азия хандықтарына қарсы, отаршылдыққа қарсы азаттық сипаттағы көтеріліс болды. Кенесарының қозғалысында ішкі күрес жоғарыда айтылған негізгі мақсатқа бағындырылды. Ішкі күрес отаршылдыққа қарсы күреспен ұштасты, өйткені, ел билеген сұлтан-провительдер, аға сұлтандар патша өкіметінің сенімді одақтасы болды. Кенесары патша үкіметі мен Қоқан мен Хиуа тартып алған қазақ жерлерін қайтару, Россияның қарамағында қазақ халқының біртұтас мемлекетін құру ұранымен күреске шықты.

Кенесары бастаған күрес 10 жылға созылды, үш жүзге тегіс таралды. Бұл күреске қазақ халқының қалың бұқарасы – кедейлер, егіншілер, жатақтар кеңінен қатысты. Сондықтан Кенесары қозғалысының бүкілхалықтық сипаты болды. Өздерінің мақсаттары үшін, ең алдымен, тартып алынған жайлауларын, жайылымдарын қайтару үшін күрескен қалың бұқараның қатысуы көтерілістің кең өріс алуын қамтамасыз етті. Бірақ, көтеріліске басшылық қалың бұқараның қолында болған жоқ, Қазақстанның патриархалдық-феодалдық бытыраңқылығын жойып, Россияның қарамағындағы қазақтың біртұтас мемлекетін құруды көздеген орташа феодалдық топтардың қолында болды. Көтеріліске қатысқан күштердің мұндай бөлінуі заңды еді, өйткені, көтеріліс Қазақстанда патриархалдық-феодалдық қоғам қатынасы, рушылдық тұрмыс қалпы үстем болып тұрған жағдайда өтті.

Бір жағынан патшалы Россияның, екінші жағынан Орта Азия хандықтарының шапқыншылығына ұшырап тұрған жағдайда Қазақстанның саяси тәуелсіздігін тек іргелес мемлекеттердің біріне сүйенгенде ғана сақтап қалуға болатын еді. Өзінің сыртқы саясатында Кенесары патшалы Россияға сүйенуге тырысты, өктемдік тәртіп орнатушы, артта қалған Орта Азия хандықтарына бағынудан бас тартты. Кенесарының Россияға бағыт бұруының ең бірінші себебі – Россия қуатты мемлекет болды. Мұны түсінген Кенесары өзінің серіктеріне: «Россия барлық мемлекеттерден үлкен, орыс патшасы барлық патшаларға аға»,– деді. Оның үстіне Кіші жүз бен Орта жүз қазақтарының шекарадағы орыс халықымен, патша үкіметінің басқыншылық саясатына ешқандай қатысы жоқ халықпен, ежелден бері сауда-экономикалық қатынас жасауы да Кенесарының Россияға бет бұруына себеп болды.

Каталог: repository -> history -> 24%20%D1%82%D0%BE%D0%BC.%20%D0%90%D0%BB%D0%B0%D1%88%20%D1%82%D1%83%D1%80%D0%B0%D0%BB%D1%8B%20%D0%BC%D0%B0%D2%9B%D0%B0%D0%BB%D0%B0%D0%BB%D0%B0%D1%80 -> %D0%90%D0%BB%D0%B0%D1%88%20%D1%82%D1%83%D1%80%D0%B0%D0%BB%D1%8B
%D0%90%D0%BB%D0%B0%D1%88%20%D1%82%D1%83%D1%80%D0%B0%D0%BB%D1%8B -> Тұрсын ЖҰртбай „Ұраным алаш!
%D0%90%D0%BB%D0%B0%D1%88%20%D1%82%D1%83%D1%80%D0%B0%D0%BB%D1%8B -> Халел досмұхамедов
history -> Алматы: «Санат» баспасы, 2001. 480 бет
history -> ҚазақТЫҢ ЖҮз романы. Оқу құралы. Құрастырып, баспаға дайындаған академик Рымғали Нұрғали. –Астана: «Фолиант», 2004. 456 бет. «Қазақтың жүз романы»
%D0%90%D0%BB%D0%B0%D1%88%20%D1%82%D1%83%D1%80%D0%B0%D0%BB%D1%8B -> Абай мектетебі
%D0%90%D0%BB%D0%B0%D1%88%20%D1%82%D1%83%D1%80%D0%B0%D0%BB%D1%8B -> Мағжанға Сәбиттен


Достарыңызбен бөлісу:
1   ...   22   23   24   25   26   27   28   29   ...   64




©engime.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет