Тұрсын ЖҰртбай «Ұраным алаш!»



бет25/64
Дата04.11.2016
өлшемі10,61 Mb.
#96
1   ...   21   22   23   24   25   26   27   28   ...   64

Таңқаларлығы сол, қазақ немесе одақ оқырмандары тарапынан менің бір шығармам туралы қандай да бір жағымды пікір айтыла қалса болды, ж.Әбдіхалықовтың маған деген көзқарасы бұзылып шыға келеді. Сонда оның көздеген мүддесі не? Әлде, ол жетекшілік ететін әдебиет, өнер саласының мамандары жаңа туындыларды өмірге әкеліп, сол арқылы мұқым мәдениет майданының даңқын көтергеніне кінәлі ме, әлде, әдебиеттің тағдыры үшін алаңдағансыған сырттайғы жалған құқайы ма, міне, осынысы жұмбақ, бұл менің жеке басым үшін ғана емес, Қазақстан әдебиетінің, өнерінің және ғылымының басым көпшілік мамандары үшін де жұмбақ жайт. Адамның жеке басына қарап еңбегіне баға бермей, еңбегіне қарап адамды бағалау туралы БК(б)П-ның әділ талабы – жолд. Әбдіхалықовтың қызмет талабы мен дағдысына енбеген болса керек. Тіпті Шаяхметовтің жолдастың берген бағасына бойсынбау да осы адамнан, осы пиғылдан шығып отыр, соның пікірін малданған жолд. Бәйішевтің мақаласы менің баяғыда өтіп кеткен, еңбек жолымдағы ескірген өмірімді қайта жаңғыртып, менің барлық қызметімді сынға алып отыр.

Қалыптасқан осындай күрделі жағдайға байланысты мен Сізден: мені осындай қиын жағдайға душар етіп, еңбегімді еш кетірген, шарасыз тұйыққа тіреген жағдайға назарыңызды аударуды өтінемін»,– деп үміттене шағынды.

Бұл хаттың қандай нәтиже бергені бізге беймәлім. Сол тұста Орталық комитеттің тарапынан М.Әуезовті өзгелерден дербес ажыратып, даралай сынап, тобырдан бөліп алу туралы пәрменді жарлық болса керек. Әрине, мұнда алдыңғы тарауда айтылған үш топтың еңбегі ерекше. Пәленше мен түгеншелердің күнделікті сыпсыңы үлкен пікір ретінде қорытылып, жазалау саясатының құралына айналды.

11.

Міне, осындай шымшымалар мен мыршымалар моншақтай тізіліп, жиырыла келіп М.Әуезовтің ең басты күре тамырының буынына қол салып, тырнағын батырды. Ол – бар ғұмырының мақсаты «Абай» романы болатын. Бірінші кітабі 1943 жылы барынша жан-жақты талқыланып, Ғ.Мүсіреповтің әйгілі мақаласымен сәтті қорытындыланған болатын. Ол тұста айтылмай қалған әттегенайлар мен романның орыс тіліне аударылуына байланысты жаңа «саяси кемшіліктер» алға тартылды. Соның ішінде өскемендік «сыншы» С.С.Ужгиннің 1940 жылы Мәскеуде басылып шыққан «Қазақ поэзиясының антологиясы» атты жинаққа білдірген М.И.Фетисов-Ритманның «Әдеби зерттеулердегі тарихи шындық үшін» деген рецензиясына шүйілген, сол арқылы М.Әуезовтің алғы сөзін де сынай келіп:



«... Тіпті «Абай» сияқты аса үздік тарихи-өмірбаяндық романның кейбір тұстарында М.Әуезовтің революцияға дейінгі қазақ ауылын әспеттей (идеялизация) суреттеп, Абайдың жаңа көзқарасының қалыптасуына әсер еткен орыс халқының орынын жеткіліксіз деңгейде көрсеткенін біздің кеңестік сыншылар әділ атап өтті»,– деген (493 іс) «көшпелі пікірі» М.Әуезовке көк бауырдай жабысты.

Ұлы орыс халқының «оқырмандарының» ойы болып табылған осы пікірсымақты бүкіл қазақ қаламгерлері «идеологиялық нұсқау, саяси көзқарас, партиялық бағыт» ретінде қабылдап, жапа тармағай тілдерінің астына басып, малталарын езе жөнелді. Ақыры 1947 жылы 20 маусым күні «Абай» романының екінші кітабі Жазушылар Одағының төралқасында талқыға түсті.

Ә.Әбішев (сонда): «Ол кезде Мұхаңның, Сәбеңнің, Ғабеңнің шығармалары жазушылар ұйымы президиумының қаулысынсыз басылмайтын. Арада екі-үш ай өткен кезде Мұхаң «Абайдың» екінші кітабын жазып бітірді де, баспаға жолдама алу үшін одаққа тапсырды. Ол кездегі бастығымыз Сәбең болатын. Сол кісінің ұйғаруы бойынша роман президиумның үш мүшесіне – Ғабит, Ғабиден, мен үшеуімізге тапсырылды. Шығарма талқыланар шақта басқа екеуі командировкада болғандықтан, президиумда баяндаманы мен жасайтын болдым. Мәжіліс сағат екіге белгіленген еді. Мен сағат бірдің кезінде Мұхаңның үйіне бардым: ондағы ойым баяндамада айтылатын екі үлкен сыным бар-ды, соған құлағын алдын ала үйретіп алу еді».

Талқылауға ұсынылған романның мұрағатта сақталған нұсқасында «Аңда» деген тараудан басталып, «Тарауда» атты тараумен жалғасын табады. Ал кейінгі нұсқаларда ондағы оқиғалар «Оқапқа» ауысып, «Биіктемен» аяқталады. Мұның себебі неде? Әлде автордың ырқымен жүзеге асқан жөндеу ме? Жоқ, ықтиярлы өзгеріс емес екен.

Біз «Абай» романының желісін өзгертуге қатысты архив деректері мен тікелей сол оқиғаны қамтитын естелікті жарыстыра баяндаймыз.

Ә.Әбішев: «Президиумның екі үлкен мүшесі жоқ болғандықтан ба, жоқ әлде айтуға қомақты болсын деген есеп бар ма, әйтеуір бұл сапар партбюро мүшелері де түгел шақырылып, біріккен мәжіліс әзірленіпті. Басқарып отырған Сәбең. Ол кісі күн тәртібіндегі мәселе біреу-ақ екенін, ол «Абай» романының» екінші кітабын талқылау екенін, оны оқып шығып, бүгінгі президиумда баяндама жасау президиумның үш мүшесіне тапсырылғанын айта келіп, былай деді: «Тапсырылған үшеудің бірі Мұстафин жолдас жарты жапырақ бірдеңе жазып, романды басылмасын депті. Ал Мүсірепов жолдас елуден аса ескертпе жасап, романды бұл күйінде басуға болмайды, түзетілсін – депті. Ендігі сөз осы үшеудің бірі Әбішев жолдасқа беріледі»,– деді. Сәбең: «Ғабеңнің елуден аса ескертпесі бар» деген кезде Мұхаң: «Қырық бір» – деді. Нендей ескертулер екенін осы күнге дейін білмеймін. Өйткені ешқайсынан еш уақытта сұраған емеспін. Екінші бір сескендірген Сәбеңнің: «Жарты жапырақ бірдеңе» – деген сөзі. Бұл сөз бір үлкен сайыстың алғашқы дабылындай сезілді» (Сонда).

Мұрағаттағы хаттамаға тіркелген Ғ.Мұстафиннің пікірі, яғни, С.Мұқанов айтқан «бірдеме»:

«1) Таптық тартыс тереңдетілсін. 2) Құнанбайдың қажыға баруы дәлелденсін. 3) Ғашықтар: Оралбай – Керімбала, Үмітей – Әмір, Салтанат – Абай, Тоғжан – Абай, Салиха қыз және Құнанбайдың әйелінің маңы тым көп. Қостаймын. 16/ ҮІ 47».

Ә.Әбішевтің сөзі араб әрпімен жазылып берілген.

Ә.Әбішев (хаттамадан көшірме): «20/ ҮІ 47. 1-тілегім: «Абай» бір ғана қазақ оқырманына арналмаған. Абайдың тап тартысы мен сол тартысқа араласуын баса көрсету керек. Дәркембайды біраз тереңдетсе, Базаралыны күреске қатыстырып, оған Абайды араластырса, сонда Абай бар жағынан кесек тұлға болар еді.

2-тілегім Айгерім туралы. Романның басқа адамдарының бәрі де өз орынында жақсы шыққан. Ал Әйгерім өз көңілімдегідей емес. Басында тәуір, ақырында айнып кететін адам боп көрінеді. Шынында солай болса да екі түрлі себеппен Әйгерімді айнытуға қарсымын. Біріншіден: Әйгерім отыз үштен асқан Абаймен қыз кезінде сөйлеседі, қыз көнеді. Басқа жердің бәріндегі күмәнді алып тастауға болады. (Өйткені) Әйгерім (Абайдың өзі): «Әй, керім!», – дейтін адамы. Екіншіден: сондай адамды, романның екі кітабындағы жас әйелдердің ішіндегі ең жасы (Менше бұл Тоғжаннан Әйгерім жақсы) адамды бұлай құбылту – Абайды төмен түсіру. Өзі сүйген кісіні тани білетін Абайдың өзін сүйген жарды тани алмай, өмір бойы сүйген жарына қосыла алмай келіп, Оспан інісінің әйеліне ғана үйленіп қана жар табуы онша орынды емес».

Ә.Әбішев («Айтпай кетті демесін арттағылар»): «Оның бірі Әйгерім қақында. Осы романға сондай қазақтың ақын жанды бір жақсы қызы керек. Оған Тоғжаныңыз татымсыздау, татитын тек Әйгерім ғана, сондықтан оны Абайдан суыған қалпында қалдырмай, оның өнерін тану арқылы, өзінің жоғалтқан махаббатын қайта тапса», – деп едім. Мұхаң өзінің әдеті бойынша танауын бір жұлқып тартты да: «Пәлі, өзің тарихи тақырыпқа жазбаған соң, оның талабын ойламайды екенсің-ғой. Әйгерімді Абайдан суытып қана қоймаймын, кейінгі кітаптарда Абайды онан мүлдем бездіремін, өйткені ол сондай да сондай... Сондықтан Абай одан безіп кеткен, мен тарихты бұрмалай алмаймын»,– деп сүмірейте жөнелді. Өзіне қанша табынсам да Мұхаңның осы сөзі күлкімді келтірді. Мен күлкімді жасырмастан: «Қызықсыз-ау, Мұқа, Әйгерімнің сондай да сондай болғанын басқа ел былай тұрсын, іргелес отырған біздің қаракесек білмейді. Сонда сіз немене «Абай» романын бес болыс тобықты үшін ғана жазған ба едіңіз?»,– деп едім, ол кенет ойланып қалды.



... Мен өз пікірімді осында келерден бұрын Мұхаңа ауызша айтып бергенімді, ол айтылған екі ұсынысымның бірі қабылданғанын қоса айтып едім, сірә, Әйгерімді бәрі де қимайтын болуы керек, Мұхаңның бұл шешіміне разы болған жылы сөздер залдың әр тұсынан шығып қалды. «Сын айтылған жеріңді қайта оқышы», – деді біреулер. Мен қайта оқыдым».

Ә.Әбішев (хаттамадан): «3-тілегім: (бұл тек ұсыныс ретінде) екінші кітап туралы ой. Менің ойымша, бірінші: «Татьянаның сақарадағы әні» осы екінші кітаптың ақырына келіп түссе (қосылса – Т.Ж.) деймін. Балалары оқуға беріліп, еліне қайтқан Абай Татьянаның әнін алып қайтса, бұл кітап сол (әнді) Әйгерім бастаған келіншектердің айтуымен бітсе. Сонан келер пайда аз ба? Әйгеріммен сол ән арқылы табысар еді» (403 іс).

Ә.Әбішев («Айтпай кетті демесін арттағылар»): «Ол кісі жалаң аяқ отыратын, үнсіз барып диванға отырды да шұлығын кие бастады, әлі үн жоқ. Аздан соң: «Екіншіңді айтшы»,– деді. Мен Абайдың өз балаларын оқытудан әрі бара алмай қалғанына наразы екенімді айта келіп, 37-жылы Пушкиннің жүз жылдығы кезінде «Социалистік Қазақстан» газетінде басылған «Татьянаның қырдағы әні» атты әңгімені кеңейтіп, үлкен бір тарау қосуын тіледім. Татьянаның әнін сүйген Әйгерімнің сөнген оты қайта маздаса, Абайдың ақындығы да орыс мәдениетін өз халқына таратып жатқан даналығы да көрінер еді»,– деп едім, ол тағы да танауын тартқылады: «Пәлі, сен төртінші кітаптың жырын жырлап отырсың»,– деді де ұзақ сөйлеп кетті... Жазушылар үйіне жаяу тартып, парктің ішінде кетіп бара жатыр едік, бір кезде ол иығыма қолын салды да: «Сенің Әйгерім туралы айтқаның дұрыс екен, оны ескерейін, бірақ ол үшін жаңа тараудың қажеті жоқ, соны сен де ескер»,– деді. Нені ескер дегенін түсіндім. Екі ұсынысымның бірі қабылданғанына іштей қуандым, бірақ алғашқы бетімнен қайта алмадым.

Айтылған осы екі тілектің бірін Мұхаңның талассыз тез қабылдай кетуін Сәбең басқа жаққа бұрып әкетті. Ол кісі өзі екі айлық творчестволық командировкаға, онан кейін екі ай демалысқа кететін еді. «Онда мұның өзі әлі піспеген дүмбілез дүние боды –ғой. Автор өзі қабылдаған ескертулерді жөндесін. Екіншісін ойлансын. Меніңше Әйгерімді жөндеуден «Абай» романы жөнделмейді, сондықтан мен қайтып келгенше баспаға ұсынылмасын»,– деді. Осыдан айтыс қызып кетті. Жұрт екіге жарылды».

Ғ.Шарипова (хаттамадан): 1) Біржанның келуіне социальный настрой (әлеуметтік астар – Т.Ж.) берілсе. 2) Біржан кеткен соңғы жастардың эротистік (эротикалық, анайы Т.Ж.) картинасы алынсын. 3) Күнту – Марқабай арасындағы натуралистік сурет алынсын».

Ә.Әбішев («Айтпай кетті демесін арттағылар»): «Манадан үнсіз отырған Мұхаң бір кезде кесек қозғалып, қомданып алды да: «Мен Әлжаппардың екінші ұсынысын да қабылдаймын. Оған ең көп дегенде жарты ай уақыт кетеді. Жарты айлық жұмыс үшін романды жарты жыл ұстау қиянат»,– деп өзінің сол жаңа тарауда нені көрсететінін осы күнгі жазылған күйіндегісіндей етіп айтып беріп еді, залдағылардың разы болғаны сондай, қайсыбіреулер қол соғып жіберді. Бірақ жұрттың бұл ықыласы Сәбеңе ұнаған жоқ, ол: «Асықпайық жолдастар, былтырдан бері Мұхтардың атына айтылып келе жатқан ауыр сындарды ұмытпайық, мен келгенше...», – дей беріп еді, Ғали Орманов атып тұрды. Ғали ол кезде біздің партбюроның секретары болатын, ол тұра салып: «Әлжаппар, саған өзі сеніп тапсырған баяндамадан Сәбең безсе – безе берсін, біздер безбейміз. Сен осы баяндамаңды партия ұйымының ашық жиналысында жасайтын бол. Егер роман сенің айтқаныңдай болса, бұлардың ырық-жырық тырбайы үшін ондай шығарманы құрбан ете алмаймыз, партия ұйымының қаулысын аламыз да, Орталық комитетке өзіміз барамыз»,– деп еді, Сәбең: «Мейілдерің»,– деп сылқ түсті. Жалынғандай түр көрсетіп әр жерден Сәбеңнің өзіне салмақ салып едік, ол кісі көп қасарысқан жоқ: «Баспаға ұсынылсын, айтылған кемшіліктер ескерілсін»,– деген қаулыға қол қойды. Мұхаң өзі уәде еткен тараумен ғана тоқтамай, эпилог та қосыпты, аз күннің ішінде роман жөнделіп болды. Достық кеңесті тыңдай білудің де өзі даналық екенін мен сонда Мұхаңның басынан көрдім. Өзінің айтысына қарағанда «Абай» романын СССР (сталиндік) мемлекеттік сыйлығына біткен шығарма етіп ұсыну үшін эпилогті қостырған марқұм Фадеев екен».

Сәбит Мұқанов демалыстан қайтып келгенше романды баспаға өткізіп, мүмкіндігі болса шығарып үлгеруге ұмтылған жазушы, қауырт жұмысқа кіріскен сияқты. Жұмыс барысында алдыңғы оқиғасы ширақ баяндалған «Абай» романы мен соңғы өңделіп, бүйірі шыққан «Абай» романының арасындағы айырмашылық шығарманы мүлдем басқа арнаға салып жіберді. Ғ.Мұстафиннің ұсынысы бойынша «Құнанбайдың қажыға баруын дәлелдеу» үшін және Ә.Әбішевтің «тілегіне» орай Абай мен Дәркембайды тап тартысына араластыру үшін қажыға бара жатқан Құнанбайдан Қодардың құнын сұратты. Соңғы «тілекке» сай Базаралы мен Абайдың арасы «жақындастырылып», кіші шешесі Нұрғаныммен көңіл қосқан Базаралыны сотта қорғап (шындығында барымтасы үшін соттатқан Абайдың өзі болса да), «таптық санасын» оятты. Түпнұсқадағы Ділдәні сүйсіне суреттеген тұстардағы Ділдәнің аты өшіріліп, Айгеріммен ауыстырылды (Бір қызығы, «Татьянаның сахарадағы әні» тарауының кей жеріндегі Ділдәнің аты 1997 жылғы басылымға дейін өшірілмей келіпті. Оны мәтіндік тексеру жүргізген Т.Әкім екеуміз қалпына келтіріп едік). Абаймен араз боп өткен Әйгерім «Абай жолында»:



«Үнінде өкініш тәрізді бір қимас, қиналу салқыны да бардай. Шынында, соңғы бірнеше жыл бойында Абай мен Әйгерім арасы тек бір сыйластық қана сақтасқандай. Көңілдің тоңы жібіп, бұрынғысындай еміреніскен күйді қайта таба алмаған. Сырт сүйіспендікпен ғана бір орында тұрып қалғандай еді. Араларында алғашқы бақыт жылдарындай ұзақ сыр шешіп, шер айтатын сағаттар үзілген. Ыстық толқын күндері тоқталып, әлденеден тиылып қалған болатын»,– деп суреттелетін тату да тәтті жарға айналды.

«Көңілі айныған» Әйгерім – әнші Әйгерімге, сүйкімді Әйгерімге айналып, Тоғжанға арналған «тәтті сағыныш» Абайға «ащы дәм татырған» Әйгерімге бұйырып, Татьянаның әні оятқан:



«... екеуінің жүрегі қазір сөзді қажет етер еместей. Қайта оянған ғашықтық енді көлденең бір сөзді де, көлденең бір көзді де керек етер еместей... Аз уақыт Абай мен Әйгерім екеуі ғана қалғанда, біріне-бірі соншалық ыстық жалынмен құшақ жайып, ұзақ сүйісіп қалған еді. Бірталай жыл ұғыса алмай, тығылып қалған іштегі түйіндерін ән таратты».

Міне, сөйтіп, қауданға жіберілген өрттей лып етіп жайылған бұл «шолақ өрт» асқына келіп романның бүкіл желісін өзгертіп жіберуге негіз қалады. Кейін, «романның толық аяқталған шығарма екенін дәлелдеу үшін А.Фадеевтің өтініші бойынша «Ақшоқыдан асқан ән туралы» эпилог қосылды. Әлжекеңмен – Әлжаппар ағамызбен ұзақ жылдар бойы сырласқан тұсымызда: «Ділдәнің обалына қалған сіз екенсіз ғой», – деп әзілге сая сұрағанымызда: «Ділдәға жаны ашыса – менің жаным ашыр еді ғой. Апайым емес пе. Бірақ менің жаным Мұхтарға ашыды. Егерде Базаралы мен Әйгерімге қас болса, кедейлермен өш болды»,– деп байбалам салушылар шыға келетін. Тіпті, Ғабиттің өзінің де солай демесіне сенім жоқ болатын. Бұл дегеніңіз – «Абай» романынан айырылу, «Абайдан» айырылу – Әуезовтен айырылу»,– деп кәдімгідей қабырғасы қайыса жауап берді.

Мүмкін, Әлжекеңдікі де дұрыс шығар. Бірақ одан роман ұтты ма, ұтылды ма? Кім білсін. Алайда өмірлік шындыққа қиянат жасалғаны анық. Сондай-ақ, егер саяси қысымнан сескенбесе, Мұхтардың мұндай «құбылтулар мен өңдеулерге» бармайтыны да шындық еді. Келер күндердің суық қабағының ызғарын ерте сезген Әуезовтің дер кезіне «майыса қалғаны» қазақ әдебиеті үшін үлкен олжа болды. Мұны тура сол жылы Ленинградтың «Звезда» журналы мен А.Ахматова мен М.Зощенконың шығармаларындағы идеясыздық, драма театрларындағы репертуар, кино өнері туралы БК(б)П ОК-нің қаулыларына сәйкес ҚК(б)П ОК-нің бюросында берген есебінде С.Мұқановтың өзінен бастап Әуезовке дейінгілерді сыпыра сынай келіп қазақ әдебиетінде:

«а) Қазақ халқының ескі өмірін тереңдеп суреттеу, хандық-феодалдық құрылымды әспеттеу, буржуазиялық символизм мен декаденттік ағымға еліктеу (Ә.Тәжібаев жолд. кітабындағы «Біз қазақпыз» дастаны); б) Ескілікті идеясыз көрсету (Ғ.Мүсірепов, «Ер Қаптағай»); в) Қазақ феодалы Құнанбайдың бейнесін әспеттеп бейнелеу арқылы оны жоғары көтеріп, әсіре мадақтау (М.Әуезовтің жолд. «Абай» романының жекелеген тараулары); г) Азамат соғысынын жайдақ, жадағай, кей тұстарда қате баяндау; (С.Мұқановтың «Менің мектептерім» атты романының тараулары); д) колхоз өмірін үстірт, кей тұстарда қате суреттеу (Ғ.Мұстафиннің «Шығанақ» романы); е) Кеңес семьясының тұрмыстық отбасын барынша жаңсақ суреттеу (Ғ.Мұстафиннің скетчі) орын алып келді»,– деп атап өтті.

Осыған байланысты дайындалған Орталық комитеттің қаулысының жобасында:

«М.Әуезов «Абай романының екінші бөлімін бітіріп, үшінші бөлімін жазып жатыр. Содан кейін бүгінгі күнгі қой шаруашылығы туралы роман жазады», – деген әлеуметтік тапсырма берілді.

Бұл ілінген жарлық он жыл бойы алдын орап: «М.Әуезов берген уәдесін орындамады», – деп көзге ұра берген соң, ақыры «Өскен өркенді» жазуға мәжбүр етті. Сол жылы, яғни, 1947 жылы 17 желтоқсан күні М.Әуезовтің С.Мұқановтан қарымтасын қайыратын сәт те туды. «Абай» романынан кейін талқылауға «Ботагөз» романының орысша аудармасы түсті. М.С.Сильченко негізгі, Қ.Жұмалиев қосымша баяндама жасады. Екеуі де жазушыны қостап, оның көркемдік жетістігін:



«Ойдан шығарылған кейіпкерлердің кейбіреулерінің аттарынан-ақ өмірде болған буржуазиялық-ұлтшыл қозғалыстың көсемдерін тану қиынға соқпайды. Мысалы, романда Милюковтың, Гучковтың, Львовтың жақын досы, Кадет партиясының ОК мүшесі, кейіннен алашордашылардың көсемі ретінде суреттелген, тіпті осы атаудың өзінен-ақ тез танылатын Базархан Меделхановтың прототипі – 1917 жылғы ақпан төңкерісінен кейін Кадеттердің ОК Уақытша үкіметтің Торғай облысындағы комиссары етіп тағайындаған және қазақ төңкерісшілерімен аянбай күрескен Әлихан Бөкейханов. Ал Мадиярдың прототипі – буржуазияшыл ұлтшылдардың өзге бір көсемі және алашордашыл, ұлтшыл «Қазақ» газетінің белсенді қызметкері, 1916 жылғы көтерілісшілерді қаруларын тастауға шақырған сатқын Міржақып Дулатов»,– деп (393 іс) бағалап, шығарманы сталиндік сыйлыққа ұсынды.

Академик Қажым Жұмалиевтің осындай «таптырмас теңеулерінен» соң талас өршіп сала берді. Мәселе, ұлтшылдықта емес, шығарманың сыйлыққа ұсынылуында еді. Өйткені одан дәмелі жалғыз М.Әуезов қана емес болатын және Қ.Жұмалиевтің «Ботагөзді» «Абай» романымен салыстыра келіп, оның артықшылығына:

«Өзінің халқымен, мұқым кеңес халқымен бірге коммунизм идеясымен салтанат құрған қазақ кеңес интеллигенциясы адамдардың санасындағы өткеннің сарқыншағымен, ұлтшылдықтың сарқыншағымен осылай күресіп келеді, Сәбит Мұқановтың романы оларға осы мақсат жолында үлкен көмек береді», – деп баға берген пікіріне қарсы дау айта алатындай шешендер де бар болатын.
Ғ.Мүсірепов, Ғ.Мұстафин, Дм.Снегин екіұшты пікірлер білдірді. Бірақ ашық қарсы шықпады. Соның ішінде Ә.Тәжібаев:

«Жазушы қазақтардың қазақ тіліндегі түпнұсқасы жоқ шығарманың орыс тіліндегі аудармасын талқыға салуы мені қынжылтады. Сәбит маған: «Жұмбақ жалаудың» негізіне сүйенсең жетеді»,– деді. Алайда бұл екі шығарманың арасын ондаған жылдар бөліп тұр ғой. Екеуін шартты түрде салыстыруға да келмейді. Қ.Жұмалиевтің баяндамасына қарағанда «Ботагөз» сталиндік сыйлыққа ұсынылу үшін дайындалған. Ендеше «Жұмбақ жалау» туралы сөз болуға тиісті емес. «Абай» мен «Ботагөз» кейін көпшіліктің талқылауына ұсынылады. Сонда бұған бәріміз де сын көзбен қарайтын боламыз. Сондықтан да мен мұны әзірше дипломатиялық тұрғыдан ғана қостаймын», – деді.

Осы жолы «Ботагөз» романы ұсынылып, сыйлықты алып кеткен жағдайда, мүмкін, ондаған жылдарға созылған шығармашылық бақталастық (бәсеке емес) толас табар ма еді. Қайдам. «Абай» романының сыйлық алуына емес, жариялануына қарсы болған Ғ.Мұстафиннің, Ғ.Мүсіреповтің, С.Мұқановтың бұл тұстағы ұстанымын түсіну қиын. Ал 15 желтоқсандағы проза секциясында демалыстан, шығармашылық іссапардан оралған С.Мұқанов «Абай» романын сынап баяндама жасай келіп, оны сталиндік сыйлыққа ұсынған және сол хаттамаға қол қойған.

Ал мұны қалай түсінуге болады? Әрине, қыр көрсету. Әйтпесе, идеологиялық қамытқа салып, талқылап, романның жолын кесуге ол кезде С.Мұқановтың толық мүмкіндігі бар еді. Бұл жолғы итжығыс келесі жылғы жегіге ұласысп, енді М.Әуезовтің «Абай» дилогиясы, С.Мұқановтың «Өмір мектебі», Ғ.Мұстафиннің «Миллионері» тағы да қатарласа сыйлыққа ұсынылды. Үшеуінің де мүмкіндігі бірдей еді. Тіпті заманауи тақырыпқа арналған «Миллионердің» мүмкіндігі өзгелерінен басым болатын. Бірақ қалған екеуінің шығармашылық мысы басым еді әрі күрес тәсілінен тәжірибелері бар болатын. Мәскеумен арадағы байланысы да Мұстафинге қарағанда қарымды болатын. Ал көркемдігі жағынан, әрине, «Абаймен» шендесе алмайтын.

1948 жылы қараша айында Сәбит Мұқанов Орталық комитетке шығармашылық одақтың атынан қолдап «Абайды» СССР мемлекеттік сыйлығына ұсынды. Осы ұсынысты негізге ала отырып Қазақстан К(б)П Орталық комитетінің бюросы қараша айында «Жазушы Мұхтар Әуезовтің «Абай» романын И.В.Сталин атындағы әдеби сыйлыққа ұсыну туралы» қаулы қабылдады. Онда:



«Қазақ халқының ХІХ ғасырдың екінші жартысындағы өмірін суреттеген жазушы Мұхтар Әуезовтің «Абай» романы өткенді социалистік реализм тұрғысынан суреттеген, автор қазақ әдебиетінің негізін қалаушы, ағартушы – ақын Абай Құнанбаевтің жарқын образын бейнелеген қазақ кеңес әдебиетінің аса үздік шығармасы екенін атап өте отырып, Қазақстан К(б)П Орталық комитетінің бюросы:

жазушы Мұхтар Әуезовтің «Абай» романын 1948 жылғы И.В.Сталин атындағы әдеби сыйлыққа ұсыну туралы қаулы қабылдады.

Қазақстан К(б)П Орталық комитетінің хатшысы Ж.Шаяхметов», – делінген.

Ал 1949 жылы Сталиндік сыйлықтың иесі атанғаннан кейін Мұхтар Әуезовтің беделі одақтық, әлемдік деңгейге көтеріліп, тұлғалардың арасындағы талант салмағы соған қарай ауытқи бастады. Соның бір дәлелі, 1949 жылы 30 қараша күнгі «Қазақ совет әдебиеті сынының барысы мен мақсаты» атты Жазушылар Одағының ІҮ пленумын М.Әуезовтің ашуы. Бұрын мұндай жауапты жұмыс сеніп тапсырыла бермейтін. Марапатқа марқайған М.Әуезов сол жылы Мәскеуде өткен қазақ өнерінің онкүндігінің табыстарын айта келіп, Қазақстан ОПК-нің бірінші хатшысы Ж.Шаяхметовтің атына:



«Біз, жазушылар он күндіктің барысында Қазақстан большевиктерінің жетекшісі Шаяхметов жолдастың жеке өзінің бізге бөлген көңілі, бізге көрсеткен көмегі есімізде ұмытылмастай сақталды. Сондай-ақ Орталық комитеттің хатшысы Омаров жолдастың және біздің үкіметіміздің көрсеткен көмегі есімізден кетпейді», – деп (538 іс) құрмет көрсетті.

Бұл М.Әуезовтің үкімет пен партияға қаратылған алғашқы алғауы. Бара-бара ол үйреншікті, дәстүрлі, айтылуға тиісті, айтпай кетпейтін сөз орамына айналды. Бұл – өмір мәжбүр еткен заңдылықтың бірі әрі еруліге қайтарған қарулы жауабы болатын. Алайда соған да қарамайтын, қаратпайтын, қайырылмайтын қаржасулар әлі алда болатын.

Бұдан кейін екі тұлға да барлық тұрғыдан алғанда марқая бастады. Сәбит Мұқанов нағыз халықтық жазушы, көптің сүйкімдісі, мемлекеттік идеологияның тұтқасына айналды. Ол кеңестік қоғамдағы кез-келген тұлғамен тең сөйлесті, үкімет басшыларымен иықтас тұрды, қазақ елінде онымен теңдесетін бедел ешкімде болмады. Қандай деңгейдегі тізім болса да Сәбит Мұқановтың аты бірінші, ғұлама Қаныш Сәтбаев екінші, ұлы актер Қалибек Қуанышбаев үшінші, екі жағын теңшеп отыратын Ғабит Мүсірепов төртінші, мысын бастырмай тісін басып отыратын Ғабиден Мұстафин бесінші, бұлбұл Күләш Бәйсейітова алтыншы, ұлы Мұхтар Әуезов ... жетінші, кейде алтыншы, бесінші, ал жазушылар арасында үнемі төртінші боп аталып жүрді. Бұл «тізім тәртібі» қашан Мұхтар көз жұмғанша өзгере қойған жоқ. Мұның өзі де кеңестік идеологияның көрінбейтін қысымының бірі болатын. Оған Мұхтар Әуезовтің өзі де үнсіз мойынсұнды.

Ал сыртқы дүниеде солай болғанымен де жазушылардың өз ішіндегі ілхамдық талқыда Мұхтардың мысы басым тұрды және ол басымдық «Абай» романының кезекті кітабы жарық көрген сайын үдей түсті.

Қайран қазақы күрестің тәсілдері! Қайран еш кеткен есіл күндер мен түндер! Қайран жүйке!

12.
Осы екпінмен Мәскеу аттанып, «Абай» романының екінші кітабінің орыс тіліндегі басылымын қатты қадағалап, оны тез бастырудың қамына шөгел кірісті:



«... Мен Москвада ойлағанымнан 20 күндей артық бөгелдім. «Знамя» романымды, жарымын подстрочник күйінде оқыса да қабылдап алып отыр екен. Қазақша шыққан кітаптағы қалпынан бір бетін артық демей түгел алыпты, соның үстіне екі-үш жерге азын-аулақ қосымша сұрап еді. Мен өзім қосқан соң жарытып қосайын деп 3/2 б.т. етіп жаңа сценалар қосып бердім. Қысқасы 18 күннің ішінде орысша-қазақшасы аралас 7 баспа табақ жазып өткердім. Өнімді, шапшаң еңбек болды. Бір топ сыншы мен жазушылар өте ырза болып қалды. Қысқартпай басамыз дейді. Не ноябрь, декабрь сандарында, немесе 51 жылдың бірінші нөмері осы романмен басталады»,– деп марқая хат жазды.

Оның бұл қарбаласты шамырқануы алдағы уақытта жанталасты аласапыранға ұласарын ол білген жоқ. Тура сол күндері қазақ тарихына, зиялыларына алашапқынды зауал әкелетін қарақұйын көтеріліп келе жатқан. Дегенмен игілікті істің басы қайырылды. «Абай жолы» деген атпен жарияланған бұл басылым М.Әуезовтің күткенінен кешігіп шықты. Оның басты себебінің бірі – аударманың кешігуі, тиісті редакциялық ескертулерге сай өзгерістерге, қосымшаларға қатысты болған сияқты. Журнал редакциясының талабы, әсіресе, орыстық ықпалдың барынша кең қамтылуын қарастыруға әкеп сайды. Журнал қызметкерлерінің (Макаров, В.Катипов) Алматыға қайта-қайта соққан жеделхатынан, ондағы:



Каталог: repository -> history -> 24%20%D1%82%D0%BE%D0%BC.%20%D0%90%D0%BB%D0%B0%D1%88%20%D1%82%D1%83%D1%80%D0%B0%D0%BB%D1%8B%20%D0%BC%D0%B0%D2%9B%D0%B0%D0%BB%D0%B0%D0%BB%D0%B0%D1%80 -> %D0%90%D0%BB%D0%B0%D1%88%20%D1%82%D1%83%D1%80%D0%B0%D0%BB%D1%8B
%D0%90%D0%BB%D0%B0%D1%88%20%D1%82%D1%83%D1%80%D0%B0%D0%BB%D1%8B -> Тұрсын ЖҰртбай „Ұраным алаш!
%D0%90%D0%BB%D0%B0%D1%88%20%D1%82%D1%83%D1%80%D0%B0%D0%BB%D1%8B -> Халел досмұхамедов
history -> Алматы: «Санат» баспасы, 2001. 480 бет
history -> ҚазақТЫҢ ЖҮз романы. Оқу құралы. Құрастырып, баспаға дайындаған академик Рымғали Нұрғали. –Астана: «Фолиант», 2004. 456 бет. «Қазақтың жүз романы»
%D0%90%D0%BB%D0%B0%D1%88%20%D1%82%D1%83%D1%80%D0%B0%D0%BB%D1%8B -> Абай мектетебі
%D0%90%D0%BB%D0%B0%D1%88%20%D1%82%D1%83%D1%80%D0%B0%D0%BB%D1%8B -> Мағжанға Сәбиттен


Достарыңызбен бөлісу:
1   ...   21   22   23   24   25   26   27   28   ...   64




©engime.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет