Тұрсын ЖҰртбай «Ұраным алаш!»


Таптық қайшылықтар ашық көрінетін фольклорлық жанрдың бірі



бет21/64
Дата04.11.2016
өлшемі10,61 Mb.
#96
1   ...   17   18   19   20   21   22   23   24   ...   64

3. Таптық қайшылықтар ашық көрінетін фольклорлық жанрдың бірі мақалдар мен мәтелдер болып табылады. Мысалы: «Бай мен бай құда болса – арасында жорға жүреді, кедей мен кедей құда болса – арасында дорба жүреді, бай мен кедей құда болса – зорға жүреді». Тағы бір мақалды алайық. Мысалы: «Малдының беті – жарық, малсыздың беті шарық», сондай-ақ: «Аузы сасық болса да байдың ұлы сөйлесін». Тағы да бір мысал келтірейік: «Ақшаң болса қалтаңда, талтаңдасаң – талтаңда». Тағы да: «Байдың әйелі өлсе төсегі жаңғырады, кедейдің әйелші өлсе басы қаңғырады», «Байға мал қайғы, кедейге жан қайғы». Осыдан асырып таптық қайшылық туралы айту мүмкін бе? Әуезов пен Соболев жолдастар бұл мәселені де айналып өтеді.

4. Батырлар жырында отанды қорғау желісімен қоса таптар арасындағы қайшылық та жүріп отырады. «Қамбар батыр» дастанында таптар күресі тікелей бейнеленеді. Дастан бойынша, Қамбар ең алдымен «тоқсан үйлі тобырдың» батыры. «Ер Тағын» дастанында ханның ит тілеуі мен Тарғынның жоғары адамгершілігі баяндалады. Өзге дастандарда да тап қайшылығы ұмыт қалмаған. Әуезов пен Соболев жолдастар бұл мәселені де ашып көрсетпейді.

5. Айтыс өнері – таптық қайшылық пен таптық күрес ерекше көзге түсетін фольклор жанрының бірі. Айтыстың маңызы туралы баспасөз бетінде өзімнің ойымды тиянақты түрде баяндағанмын, сондықтан да бұл арада қайталап жатпаймын. Әуезов пен Соболев жолдастар бұл жанрға өзге жанрлар сияқты романтикалық көзқараспен ғана қараған.

Қысқасын айтқанда, қайталап айтсам, егерде Әуезов пен Соболев жолдастардың пікіріне сенетін болсақ, онда қазақ фольклоры таптық күрестен дербес, одан тыс жағдайда қалыптасқан. Бұл жолды орыс фольклористикасы осыдан жүз жыл бұрын басынан өткергенін мен өзімнің баяндамамның басында айтқан болатынмын.

Қазақ фольклорын талдау барысында Әуезов пен Соболев жолдастар марксизмнің деңгейі түгілі сыншыл реализмның деңгейіне де көтеріле алмаған. Соболевпен бірге жұмыс істеген Әуезов жолдас мұны оған ескертуі тиіс еді...»,– деп олардың еңбегіне «маркстік сыншыл реализм» тұрғысынан баға береді.

Өзінің әлеуметшіл сыншыл көзқарасын дәлелдеуге келгенде, өзін Мұхтар Әуезовтің орынды ұстазы дәрежесінде сезінетін Сәбит Мұқанов, бұл арада әдеби көзқарасы мүлдем басқа деңгейде қалыптасқан Л.Соболевті де қосақ арасына қыстырып жіберді. Ал қазақ әдебиеттанушыларына келгенде онша именбестен тіпті еркін көсілді. Қиыннан қиыстырып, оларды Әуезовке әкеп көгендеу С.Мұқановқа онша қиындыққа соқпайтын.



С.Мұқанов (жалғасы): «... Ал Исмаиылов жолдастың қазақ фольклоры туралы зерттеуі Әуезов пен Соболев жолдастардың очеркінің конспектісі ғана. Тек Есмағамбет Исмаиылов жолдастың жанынан қосқаны «ақындар қанаушыларды сынаған» деген бір ауыз сөз ғана. Есмағамбет Исмаиылов жолдас фольклордың өзге жанрлары жөнінде неге осындай тұжырымдар жасамайды? Мектеп бағдарламасы өте жауапты құжат. Біздің қазақ мектептерінің оқушылары, әсіресе, жоғары сынып оқушылары Исмаиыловтың фольклор туралы бағдарламасын пайдаланса, онда Әуезов пен Соболев жолдастардың теориялық материалдарына сүйенген болар еді, мәселенің шиі сонда шықпай ма?

Шыққанда да ши емес, тікен болып шығар еді! Фольклор тарихына қатысты зерттеулерінде ғана емес, жазба әдебиеті өкілдерінің өмірі мен шығармашылығы жөніндегі еңбектерінде де Әуезов жолдас марксизммен онша жанаса бермейді. 1934 жылы құрастырған ХІХ ғасырдағы қазақ әдебиетінің хрестоматиясында Әуезов өткен дәуірді үнсіз айналып өтіп, Махамбетті, Шортамбайды, Шерниязды, тағы да басқа ХІХ ғасырдағы барлық ақындарды кіріктіріп, «феодалдық таптың жыршылары» деп жариялап, әдебиеттің бір жағалауынан екінші жағалауына барып соқтыққан. Мұндай бояманың орынсыз екендігі туралы кезінде баспасөз бетінде айтқан болатынбыз, оны қазір қайталап жатпаймын.

Соңғы жылдары Мұхтар Әуезов жолдас ХІХ ғасырдағы ақындардың ішінде Абаймен көбірек айналысып жүр. Әділдіктен аттап кетуге болмайды, кейбір кемшіліктеріне қарамастан, М.Әуезовтің Абай туралы көркем шығармалары біздің кеңес әдебиетіне қосылған бағалы үлес болып табылады.

Мен бұл жолы тек Мұхтар Әуезов жазған Абайдың өмірбаянына ғана тоқталып өтемін. Бұл өмірбаян 1940 жылы жарық көрген Абайдың ІІ томдық шығармалар жинағында басылды. Бұл еңбекте кездесетін М.Әуезовтің кемшілктері мыналар:

1. Абайдың өмірі мен шығармашылық қайраткерлігі біте қайнасып өткен замандағы экономикалық және саяси алғы шарттар қамтылмаған. Бұл алғышарттарды анықтамайынша маркстік көзқарас тұрғысынан ақынды тану мүмкін емес.

2. М.Әуезов жазған өмірбаяннан біз алдына үлкен ұлттық мақсат қойған алып Абайды көре алмаймыз, керісінше, жігітекпен күрескен, бірде жеңген, бірде одан жеңілген Айдос табының ру жетекшісін көреміз.

3.Әр ұлтта қанаушы және қаналушы тап бар. Қазақта да мұндай таптың барын Абай жақсы түсінген, ол езуші тапқа қарсы күрес жариялай отырып, оларды қанаушылардан қорғады:

Тамағы тоқтық,

Жұмысы жоқтық,

Аздырар адам баласын, – дейді Абай.

Ол өзгенің еңбегін иемдену арқылы байыған, адаммен емес, малмен дос болған тоғышар, әрекетсіз байларды:

Мал жияды мақтанып, білдірмекке,

Көзге шұқып, малменен күйдірмекке.

Өзі шошқа, өзгені ит деп ойлар,

Сорпа-сумен, сүйекпен сүйдірмекке;

ххх

Еңбек қылмай тапқан мал дәулет болмас,

Қардың суы сықылды тез суалар, –

деп сыпаттайды.

Осы арқылы ол қанаумен байыған байлардың байлығының баянсыздығын баяндайды. Мұндай байларды «шошқа» дей отырып, нағыз адамды еңбекшілердің ортасынан табады, өзі де еңбекшілердің жыршысына айналады. М.Әуезовтің жазған өмірбаянында Абайдың осындай халықшыл демократизмі жөнінде ештеңе айтылмайды.

4. Абайдың өзімен замандас қазақ ақындарынан озып кетіп, Еуропаның классиктерімен қатар тұруының бір себебі, оның орыс әдебиетімен сусындауы. Өмірбаянда бұл мәселеге жауап берілмеген.

Кезінде Абайдың өмірбаянын құрастырған тұсында бұл кемшіліктердің барлығы М.Әуезов жолдасқа атап көрсетіліп, түзету ұсынылған болатын. Оның бір түзетуін Абай комиссиясы қабылдамаған болатын. Ол қазір де соны түзету үстінде. Өңделген соңғы нұсқадан айтылған сынның қаншалықты орындалғанын байқауға болады. Алайда әдебиет тарихын жазуда жіберген Мұхтар Әуезовтің ең басты қателігін үнсіз айналып өтуге болмайды. Оның әсіре әлеуметшілдіктен қаншама алшақтап кеткенін білмеймін, бірақ та диалектикалық материализммен қаруланған маркстік әлеуметшілдіктен ат тонын ала қашып жүргені анық, бір сөзбен айтқанда, таптық қарама-қайшылық, таптық күрес деген т.б. сөздерді әдебиет тарихы жөніндегі бір де бір еңбегінде атап көрген емес. Бұл кемшіліктерді атай отырып, М.Әуезов жолдасты әдебиет тарихын жазу майданынан қуып шығу керек деген ойдан аулақпын. Әрине, қазақ әдебиеті пайда болғаннан бергі оның тарихы туралы барлық деректерді жақсы білетіні даусыз, алайда өзінің білімдарлығына маркстік социологияны қоса қолданса, онда ол қазақ кеңес әдебиетінің тарихын жасауда үлкен үлес қосқан болар еді.

Мен өзімнің баяндамамдағы М.Әуезов жолдастың кемшіліктерін көрсетуге арналған тұсын аяқтай келе, енді басқа жолдастардың қателігіне тоқталмақпын»,– дегенімен де араға төрт-бес бет салып барып М.Әуезовті басқа қырынан алып, қайыра шүйіледі.

Бұған қарағанда М.Әуезовтің ұлтшылдығын әшкерелеу үшін арнайы баяндама жасауға Орталық Партия Комитеті мен Бақылау комиссиясынан тікелей пәрменді тапсырма алған сияқты, яғни, Қажым Жұмалиевті «уақытша алмастырған» іспетті. Өйткені баяндамасының келесі тұсында баспада теріліп, түптелсе де көпшілікке таралмаған, атаусыз қалып келе жатқан «Қилы заман» тарихи әфсанасына барынша кең тоқталады.

С.Мұқанов (жалғасы): «Біздің қатарымызда кеңес әдебиетінің кадры болып саналатын, бірақ саясаттың ала арқанын аттаған жазушылар да бар, ол жазушылардың біздің кеңестік шындыққа қарсы келетін шығармалары да бар. Олардың ала арқанды аттағандығын жасырып қалуға болмайды, олардың бізге жат туындыларын талқылаудың да қажеттігі жоқ. Мысал үшін Мұхтар Әуезовтің «Қилы заман» хикаятын алайық. Есмағамбет Исмаиылов жолдас өзінің оқулықтарға жасаған бағдарламасында осы «Қилы заманды» «кеңес повестерінің» қатарына жатқызады. Бұл дұрыс па? Әрине, қателік!

Дегенмен де, «Қилы заман» көркем жазылған повесть, бірақ ол шығарма буржуазиялық-ұлтшылдық рухында жазылған. Бұл туындыда автордың ауылдағы таптық тартысты жасырып қалғанын айтпағанның өзінде, онда қазақтарды орысқа қарсы қою сарыны басым суреттелген. 175 беттен тұратын кітаптың өн бойында автор орыстарды тек жаман жағынан және жаман адамдарды бейнелеу арқылы көрсетеді. Ұлттар достығы ыстық ықыласпен насихатталып жатқан кезде мұндай шығармаларды оушыларға: «Осыны оқы»,– деп тапсырма беруге бола ма? Әрине, болмайды. Есмағамбет Исмаиылов жолдас, «Қилы заман» сияқты бір қатар шығармаларға, міне, осындай орынсыз жомарттық көрсетіп отыр.

3. Е.Исмаиылов жолдастың «Бағдарламасындағы» қосымша құралды оқуға ұсынған тапсырысы өте қызық. Мысалы, ол 1944 жылғы оқу құралында Абайдың шығармаларын түсіндіре келіп, Бөжеевтің «Абайдың аудармалары» атты мақаласын оқуды ұсынады, ал Бөжеевтің өзі болса 1941 жылы саяси тұрғыдан қуғындалған болатын. Мұндай қажетсіз, орынсыз ұсыныстар Есмағамбет Исмаиылов жолдастың «Бағдарламасынан» біраз орын алған.

Есмағамбет Исмаиылов туралы өз ойларымды қорытындылай келе айтарым, ол әдебиет тарихы жөніндегі өзінің көзқарасын білдіргенде үнемі оған таптық тұрғыдан келу қажеттігін баса көрсетіп отырады. Алайда әдеби зерттеулерінде оның өзі осы талапты орындамайды: жап-жақсы ойды дамытып келе жатады да, аяқ астынан жолдан жаңылысып, марксизмге қатысы жоқ быламыққа марксизмді қосып араластырып жібереді. Есмағамбет Исмаиылов жолдас кеңестік тәрбие алды, кеңес мектебінен білім алды, соған қарамастан (шатасады да жүреді), оның бұл дағдысы жақсылыққа әкелмейді. Бір мезгілде барлық тап атаулыға жақсы көрініп, бір мезгілде бәріне бірдей жақсы атануға болмайды. Егерде марксизмге жүгінгің келсе, онда бұл идеяны қабылдамайтындардың жанын ауыртасың. Өйткені, марксизм-ленинизм дегеніміз әлдебір жекелеген өзімшілдіктің жиынтығы емес, ол – еңбекші халықтың еншісі, ол – еңбекші халықтың идеологиясы» (сонда, №264 ).

Соның нәтижесі ретінде «Қазақ ССР тарихы» кітабының екінші басылуын әзірлеу туралы» Қазақстан К(б)П Орталық комитетінің 1945 жылғы 14-тамыздағы қарары шықты1.

Соған қарамастан сол жылы қалалық партия комитеті М.Әуезов пен С.Мұқановтың шығармаларын бүкілодақтық сталиндік сыйлыққа ұсынып, Орталық комитеттің партколлегиясына мінездеме жолдады. Ғ.Мұстафин мен К.Хасановтың қолы қойылған осы бір игі тілек М.Әуезов пен С.Мұқановтың арасындағы жаңа бір бақталастыққа арна ашты. Өйткені осыдан бастап он бес жыл бойы С.Мұқанов пен М.Әуезовтің шығармалары қасақана ұйымдастырылғандай боп (мүмкін солай да шығар) қатарласа әуелі сталиндік, кейіннен лениндік сиылыққа жарыса ұсынылды. Сөйтіп, Алматы мен Мәскеудің арасындағы таусылмайтын «үстірікке» жол салынды. Ол үстірік екі тұлғаның жүйкесін жонды да отырды, жонды да отырды.

Бұл жанығудың нәтижесінде – Қазақстандағы кеңесшіл идеяның көсемі С.Мұқанов Мәскеуде ұлтшыл жазушы атанды, ал Қазақстандағы әйгілі алашорданың көсемі М.Әуезов Мәскеуде қазақ ұлтынан шыққан нағыз интернационалист ретінде тұлғаланды. Бұл жолы «Абай» романы орыс тіліне аударылмағандықтан да кейінге ысырылды. Роман сол жылы Абайдың туғанына жүз жыл толуына орай орыс тілінде жарияланды. 1946 жылы 18-наурыз күні Жазушылар Одағының төрағасы С.Мұқанов сталиндік сыйлыққа ұсынылған Ә.Әбішевтің «Жас түлектер», Қ.Аманжоловтың «Ақын туралы аңыз», Ғ.Мүсіреповтің «Қазақ солдаты» шығармаларының хаттамасын жолдай отырып, оған қосымша комиссияның төрағасы Н.Тихоновқа:



«Мәскеу. Жазушылар одағы. Тихоновқа. Қазақстан ОП партия комитетінің келісімімен Қазақстан Жазушылар одағы төралқасының шешімі бойынша 45 жылы орыс тілінде басылып шыққан Мұхтар Әуезовтің «Абай» романы сыйлыққа ұсынылды. Құжаттары Мәскеудегі комиссияның қарауында. «Абай» романын аяқталған және қазақ кеңес әдебиетінің проза саласындағы соңғы жылдардағы жетістігі ретінде комиссиядан өткізуіңізді өтінемін. Бұдан басқа ұсынылғандардың тізімін (наурыздың) жиырмасына дейін жолдаймыз.

Қазақстан жазушылар басқармасының төрағасы С.Мұқанов. Алматы. Пролетар көшесі, 3. 18 наурыз, 1946 жыл»,– деген жеделхат жолдады.

Жеделхаттың мазмұнына қарағанда «Абай» романының аудармасының «сүйінші» данасы сол күндері қолға тиіп, Мәскеудің баспасы сыйлыққа тікелей ұсынған. С.Мұқанов оны республика атынан мақұлдап отыр. Әрине, сылтауратып кешіктіруіне болатын еді, бірақ ондай пендешілікке бармаған. Ең бастысы «Абай» романын аяқталған шығарма ретінде атап өтуі еді.

Әрине, бәрі де жақсы ниет. Алайда романның орыс тілінде жариялануына байланысты М.Әуезовті тағы бір талқы күтіп тұрды. Одақтық оқырмандар тамсанды, ал қазақстандық орыс идеологтарының төбе шашы тік тұрып, «қазақ ұлтшылдығы мен феодализмді аңсау сарыны етек алып барады» деп өре түрегелді. Оның үстіне саясат майданының «қара дүлейі» тағы да көтеріліп, «Звезда» журналы, А.Ахматова мен М.Зощенконың шығармаларындағы идеясыздық, В.Сосюраның «Украинаны сүй!» атты өлеңіндегі ұлтшылдық сезім, Маррдың тіл ғылымындағы «ой ағымы», «Драма театрларының репертуарлары» мансұқталған қаулы-қарарлар арт-артынан шығып, идеологиялық жазалау науқаны басталды да кетті. Бұл қаулыларға саяси екпін берілгені сондай, оларға арналған жиналыстардың баяндамаларын Орталық комитеттің бөлім меңгерушілері мен қалалық партия комитетінің хатшыларының өзі жасады.

9.

Осы жылдары, яғни, 1945-1946 жылдардың өліарасында қазақ ғылыми ойлау жүйесінде үлкен жаңалық өмірге келді. СССР Халық Комиссарлары Кеңесінің 1945 жылғы 26-қазан күнгі №2747 қаулысымен Қазақ ССР Ғылым академиясын құру туралы шешімі шықты. Міне, осындай қуанышты да жұбанышты оқиға мәдени және ғылыми ортада жаңа бір ұмтылыс пен бақталасты тудырды. Жоғары жақта академияның толық мүшелеріне сайланатын адамдарды іріктеу басталды. Әрине, Қаныш Сәтбаев пен Мұхтар Әуезовтің ешқандай алаңдамауына болатын. Дегенмен де, ғылым саласына да сенімді пәленбайлар мен түгенбайларды кіріктірмесе, еркін ойлы ғалымдарға кеңестік идеологияны сеніп тапсыруға болмайтын.



Осыған орай ұзақ жүргізілген партиялық және идеологиялық құпия екешеулерден кейін және СССР Ғылым академиясының мақұлдауын ала отырып 1946 жылы 31-мамырда Қазақ ССР Халық Комиссарлар Кеңесінің төрағасы Н.Оңдасыновтың қолымен Ғылым академисының құрамын жариялады. Онда толық мүшенің саны, яғни, академиктердің саны – 14, мүше-корреспонденттердің саны – 16 адам деп бекітілді. Сол кездегі республикадағы 76 ғылым докторы мен Еңбек сіңірген ғылым қайраткерлерінің арасынан академиктердің құрамына: 1. Қаныш Сәтбаев, 2. Мұхтар Әуезов сайланды.

Осы науқанның қарсаңында, яғни, 1946 жылы 4-наурызда Тіл және әдебиет институтының №4 ғылыми отырысында Мұхтар Әуезов Қажым Жұмалиевті мүше-корреспонденттік атаққа ұсынды. Ол өзінің ұсынысын:



«15 жылдан астам уақыттан бері қазақ әдебиетінің тарихынан, соның ішінде ХІХ ғасырдағы қазақ әдебиеті тарихынан жоғары оқу орындарында – мысалы, Орал пединститутында, Алматыдағы ҚазПИ-де, Қазақ мемлекеттік университетінде жоғары оқу орындарына арналған оқу құралдары жоқ кезде дәріс оқыған Қ.Ж.Жұмалиев қазақ әдебиеті туралы тереңдетілген ғылыми зерттеулер жазылмаған тұста, өз бетінше «ХІХ ғасырдағы әдебиет тарихы» туралы дербес те байсалды ғылыми курстың бағдарламасын жасады. Өзінің таңдап алған саласындағы пайымды, табанды ғылыми-зерттеу бағытындағы ізденістерінің нәтижесінде Қ.Ж.Жұмалиев қазақ орта мектептеріне арнап бірқатар оқулықтар жазды. Солардың ішіндегі әдебиет теориясы туралы, ХІХ ғасырдағы әдебиет тарихы туралы оқулықтары толық орта мектептерге арналған негізгі оқу құралы болып табылады. Жұмалиев жолдас 1943 жылдан бастап жоғары оқу орындарына арналған «Қазақ әдебиеті тарихының» көптомдығының аса жауапты тарауын («Қазақтың батырлық эпостары» туралы) жазуға табанды түрде атсалысып келеді. Қ.Жұмалиев жолдас жазған «Эпос туралы» тарау аталған «Тарихтың» фольклор жөніндегі І томына енді. Сонымен қатар соңғы жылдары Жұмалиев жолдас «Абай поэзиясының тілі» атты диссертациялық тақырыбын игерумен жүйелі түрде айналысты. Ғылым үшін аса маңызды осындай қиын да игілікті істі ұзақ жылдар бойы жүйелі зерттеудің нәтижесінде тақырыпты сәтті игеріп шыққан автор өзінің толысқан ғалым екенін танытты, сөйтіп, Ленинградтың Шығыстану институтының Ғылыми кеңесінің оған – қазақтың белгілі ғалымы, әдебиеттанушы Қажығали Жұмәліұлы Жұмалиевке филология ғылымдарының докторы ғылыми дәрежесін беруіне негіз қалады. Жоғарыда баяндалып өткен Жұмалиев жолдастың ғылыми қайраткерлігінің негізіне сүйене отырып, оның кандидатурасы Қазақ ССР Ғылым академиясының мүше-корреспондетігіне ұсынуға лайық және орынды деп есептеймін»,– деп негіздеді.

Мұндағы «Қажығали Жұмәліұлы Жұмалиев» деп баса көрсетуін, өзінің ұнатпаған адамын фамилясымен атайтын әдетіне жатқызуға болмас. Ресми сөздің аты – ресми сөз. Алайда араға бес жыл салып барып М.Әуезов «Жұмалиев жолдастың» осы «ғылыми қайраткерлігін» жоққа шығаратынын ол кезде білмеген де еді. «Келер күннің тұманды бір тылсымы» (Абай) осы болар. Анығы, бұл тұста екі ғалымның арасында бір-біріне түсіністікпен қарайтындай төзім сақталып қалғанға ұқсайды.

Ал екеуінің арасына сына қағатын майдан мен саяси науқандық тығырық та ұзақ күттірмеді. «Звезда» және «Ленинград» журналдарындағы идеясыздық пен өрескел саяси қателер туралы» және соған ілесе 1946 жылы 26-тамызда БК(б)П Орталық комитетінің «Театрлардың репертурлары және оны жақсартудың жолдары» туралы қаулысы шықты. 1925 жылы 18-маусымда БК(б)П Қазақ өлкелік комитетінің «Партияның көркем әдебиет саясаты туралы» қаулысы шықты. Соның екпінімен 1946 жылы 30-тамызда Қазақстан Қ(б)П Орталық комитеті бюросы «Қазақстан Қ(б)П Орталық комитеті насихат және үгіт бөлімінің үгіт-насихат жұмыстарына басшылықты жақсарту шаралары туралы» қаулысы шығып, баспасөздегі сынның пәрменділігіне идеологиялық басымдылық берді.

Осыған байланысты Тіл және әдебиет институтында «Қазақ әдебиеті тарихының» бірінші томы талқыға түсіп, томның бас редакторы М.Әуезов қаулыға орай түзетілген тараулар жөнінде баяндама жасады. Ол «БК(б)П Орталық комитетінің «Звезда» және «Ленинград» журналдарындағы идеясыздық пен өрескел саяси қателер туралы» қаулысына сәйкес және соған орай Қазақстан К(б)П Орталық комитеті ашып көрсеткен институттың тарапынан жіберілген «қателіктерге» байланысты:



«Біз «Қазақ әдебиеті тарихындағы» барлық тарауларды түбірімен қайта қарадық және соған орай тиісті толықтырулар мен өзгертулер енгіздік, кейбір тараулар, мысалы «Айтыс», «Шешендік өнер» (Мәметова жазған) тараулар қайтадан жазылды. Бұл жұмысты қайта қарау барысында жүмыс барысында кеткен жекелеген өрескел кемшіліктерді атап көрсеткен рецензеттердің ескертуі үлкен көмек көрсетті. Рецензенттердің ресми ескертулерін назарға ала отырып, жекелеген әдебиетші-мамандардың да пікірлеріне құлақ астық. Біздің еңбегімізге көмек көрсеткен рецензенттерге алғысымызды айта отырып, әлі де талас тудыратын, шешімін таппаған бірқатар принципті мәселелердің бар екенін, соның ішінде, «Қозы Көрпеш – Басян сұлу» батырлық эпосы жөніндегі рецензент Дүйсембаев жолдастың қорытындыларымен менің өз басым келіспейтіндігімді білдіремін. Рецензент (томдықтың – Т.Ж.) стильдік тұрғыдан жеткілікті деңгейде өңделмегендігін атап өтті. Әр (тарауды әр) түрлі авторлар жазғандықтан да стильдік тұтастықтың болуы мүмкін еместігін атап өткім келеді»,– деген пікір білдірді.

Әрине, бұл амалсыздың әрекеті. Қызы – Мәншүк Ахметқызы Мәметова: әке-шешесінің «халық жауы» емес екендігін дәлелдеу үшін майданға сұранып, Ұлы Отан соғысында ерлікпен қаза тауып, Кеңес Одағының Батыры атағын алса да оның шешесі, қазақтың ғұлама тектісі Әминә Мәметованың аты идеология жөніндегі кеңестік қаулылардың барлығында да баса көрсетіліп отырды. Осы кеңесте бөлім меңгерушісі Қ.Жұмалиев те қазақ кеңес әдебиетінің тарихы туралы хабарлама жасады. Ол хабарлама емес, томдықты, сонымен қатар М.Әуезовтің ұлтшылдық, иедеясыздық шығармаларын айыптауға ұласып кетті. «Абай поэзиясының тілі» атты Қ.Жұмалиевтің диссертациялық еңбегі баспаға ұсынылғанда оған М.Әуезов батып-батыл сын-ескертпелер айтып қарымтасын қайырды. Міне, осыдан бастап М.Әуезов пен Қ.Жұмалиевтің арасы бұрынғыдан бетер ушыға берді.

Сонымен, дені жаз айларында қабылданған қаулыларға арналған талқылаулар қыркүйек айынан бастап арасына апта салып алаөкпелене өткізілді. Қазақстан Жазушылар Одағының архивте сақталған БК(б)П Орталық комитетінің үгіт-насихат бөлімі меңгерушісінің орынбасары Н.Н.Поспеловтің жасауға тиісті баяндамасының 1946 жылы 16-қыркүйекте талқыланған жобасы мен 24-қыркүйек күні өткен қалалық мәжілістегі қалалық партия комитетінің хатшысы Сәрсеновтің «Қазақ әдебиетінің тарихы туралы даулы мәселелер жөніндегі баяндамасының тезистеріне» жүгінсек, мұнда қамшы тимеген қаламгер қалмапты. Соның ішінде тарихи тақырыпқа қалам тартқандарға ерекше шүйіліпті. Тіпті Едіге мен Нысанбай жырау да, С.Торыайғыров та, оларды әдебиет тарихына енгізуге ұмтылған Б.Кенжебаев та сыпыра сыналыпты.

Сәрсеков: «Хандық-феодалдық «Едіге» эпосының, сондай-ақ «Шора батырдың» да жылдар бойы дәріптеліп (возвеличивание) келгені кездейсоқтық емес. Бұл эпостарда Қазан қаласын екінші Станбол ретінде, «мұсылмандардың тірегі ретінде суреттейді, Шора батыр «оны орыстардан қорғау үшін аттанады». Бұл нұсқа эпостың (түпнұсқада – былина) пантүркистік және панисламистік өңделуі екені анық көрініп тұрған жоқ па. Бұл «былинаның» қазақтың батырлық жырына қандай да бір қатысы бар ма? Бұл «былина» неге қазақтың өткендегі батырлық әрекетінің көрінісі ретінде оқырмандарға ұсынылады? Әдебиет пен халық шығармашылығы қоғамдық-саяси өмірден тыс қалыптасқан жоқ. Біз өзінің жеріне шапқыншылықпен басып кірген шапқыншыларға қарсы қазақ елінің өзінің өмір сүруі үшін күресін бейнелеген ескі әдебиетті заңды түрде мақтаныш етеміз. Мұның қатарына «Қара қыпшақ Қобыланды», «Қара қасқа атты Қамбар» және Сырым батыр мен Исатай, Махамбет жырлар жатады. Ұлы бунтарь Махамбеттің қанаушыларға қарсы бағытталған жырларын еске алсақ та жеткілікті.



Өткеннің көптеген батырлық жырлары ұлы отан соғысы жылдарында біз үшін қайта тіріліп, рухымызды өсірді. Біз мұның бүгінгі әдебиетпен – Абайдан бастап кеңес жазушыларымен ашық та дәстүрлі түрде байланысып жатқанын өте жақсы түсінеміз. Алайда, біз қазақ әдебиетінің ХҮІІІ, ХІХ және ХХ ғасырдың басындағы тарихының зерттелуі тарихи-әдеби ғылымның ең осал тұсы деп санаймыз. Біз, өткеннің мәдени мұрасына сыни көзқарастың жоқтығынан, бүгінгідей бұрмалаулар мен қателіктерге жол беріліп отыр деп есептейміз.

Бізге: сендердің бүкіл қазақ халқының мәдени мұрасын жер бетінен ысырып тастағыларың келе ме?,– деп сұрақ қояды. Ол шындық емес. Бұл өтірік. Асан қайғы туралы қазақтар қандай сөздер айтқан!... Бір бола жаздап, болмай қалған қызықты айтайын. Егерде «Едіге» туралы сын мақала «Большевик» журналында жарияланбаса, ол біздің мақаламызда айтылса, онда қандай шу көтерілетінін білесіздер ме? Қып-қызыл төбелеске айналар еді. Осындай жағдай Асан қайғы туралы аңызға да қатысты болар еді. Өйткені ол айтты делінген өлеңдер орысқа қарсы болғандықтан да біздің жастарды лениндік-сталиндік рухта тәрбиелеуге кесірін тигізеді.

Бұған не айтасыздар, кеңес жастарын осымен тәрбиелейміз бе? Бұл адалдыққа жатпайды, ұят, мұндай хандық-феодалдық поэзияға көз жұмып қарау дегенміз масқаралық!

Ал енді «зар заман» ақындары туралы айтайық. Мұқанов, Кенжебаев және Исмаиылов жолдастар: «зар заман» поэзиясын орыс патшалығының отарлау саясаты тудырды дейді. Оны тудырған тек қана ол жағдай емес. «Зар заман» поэзиясы ескі феодалдық-патриархалдық қатынастың топырағында өніп, өсті. «Зар заман» ақындары артына қарады, олар еуропалық үлгідегі сауда мен ақша айналымына, қалалардың салынуына, қарасүйектердің ақсүйектермен теңесуіне, әйел теңдігіне, ағартуға қарсы болды...

Олар өздерінің шығармаларында мемлекеттіктің мінсіз үлгісі ретінде феодалдық-патриархалдық өмірді әспеттеді, қазақ хандығын дәріптеді, олар Россияның озық ойлы адамдарының жағымды ықпалын жоққа шығарды, олар Қазақстанға тек қана патшаның қанаушы аппаратымен қоса алдыңғы қатарлы орыс мәдениетінің де келетінін түсінбеді, түсінгісі де келмеді. Өкінішке орай, әдебиеттанушылар ешқандай іріктеместен, ғылыми-сыни саралау жасамастан мұны өткеннің асыл мұрасы есебінде кеңес оқырмандарына ұсынады. Феодалдық қоғамның үстем таптырының идеологиясын жырлаған осы ақындардың шығармаларын табандап қорғағандардың қандай мақсат көздейтіні мүлдем түсініксіз. Кейбір жолдастар: бұл біздің мәдени мұрамыз, бұл біздің дәстүріміздің айнасы – дейді. Қатты қателесу бұл. Мысалы, Нысамбайдың «Кенесары – Наурызбайын» оқығанда: кейбір авторлардың мұның еңбекші қазақтардың қандай ұлттық мақтанышын оятатынын, қандай ұлттық дәстүрді жырлайтынын айтып отырғанын түсінбейсің. Көзбен жүгіртіп шыққанның өзінде Нысамбай Кенесары Қасымовтың қырғыз халқына қарсы қазақ сұлтандары мен феодальдарының шапқыншылығын жырлағанын анық байқайсыз...».

Кремльдегі жазалаушы саясатты жасап, бағыттап, қаулы-қарарды дайындап отырған идеология көсемінің бірі, БК(б)П-нің үгіт-насихат бөлімі меңгерушісінің орынбасарының өзі алдағы «қара дүлей» науқанға «азық дайындау» үшін арнайы келген мәжілісте қала хатшысының бұлай сөйлемеске лажы да жоқ. Дегенмен де: «Бізге: сендер бүкіл қазақ халқының мәдени мұрасын жер бетінен ысырып тастағыларың келе ме?,– деп сұрақ қойғыларың келе ме?» – деген сауалы, сол «сұр кардиналдың» өзіне қаратыла өзі қойған сұрақ сияқты әсер қалдырады. Ондай тәсілдер де кезінде қолданылған. Әрине, бұл сөз саяси екпін алу үшін ғана айтылғаны анық. Н.Н.Поспелов сол жиналыстағы өзінің баяндамасында Ғабиттің жобаны алдына-ала екшеу тұсында айтылған сөзін сөзбе-сөз қайталап:



Каталог: repository -> history -> 24%20%D1%82%D0%BE%D0%BC.%20%D0%90%D0%BB%D0%B0%D1%88%20%D1%82%D1%83%D1%80%D0%B0%D0%BB%D1%8B%20%D0%BC%D0%B0%D2%9B%D0%B0%D0%BB%D0%B0%D0%BB%D0%B0%D1%80 -> %D0%90%D0%BB%D0%B0%D1%88%20%D1%82%D1%83%D1%80%D0%B0%D0%BB%D1%8B
%D0%90%D0%BB%D0%B0%D1%88%20%D1%82%D1%83%D1%80%D0%B0%D0%BB%D1%8B -> Тұрсын ЖҰртбай „Ұраным алаш!
%D0%90%D0%BB%D0%B0%D1%88%20%D1%82%D1%83%D1%80%D0%B0%D0%BB%D1%8B -> Халел досмұхамедов
history -> Алматы: «Санат» баспасы, 2001. 480 бет
history -> ҚазақТЫҢ ЖҮз романы. Оқу құралы. Құрастырып, баспаға дайындаған академик Рымғали Нұрғали. –Астана: «Фолиант», 2004. 456 бет. «Қазақтың жүз романы»
%D0%90%D0%BB%D0%B0%D1%88%20%D1%82%D1%83%D1%80%D0%B0%D0%BB%D1%8B -> Абай мектетебі
%D0%90%D0%BB%D0%B0%D1%88%20%D1%82%D1%83%D1%80%D0%B0%D0%BB%D1%8B -> Мағжанға Сәбиттен


Достарыңызбен бөлісу:
1   ...   17   18   19   20   21   22   23   24   ...   64




©engime.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет