Тұрсын ЖҰртбай «Ұраным алаш!»



бет18/64
Дата04.11.2016
өлшемі10,61 Mb.
#96
1   ...   14   15   16   17   18   19   20   21   ...   64

«Өкінетінім: жалпылама білім беретін пәндерден (физика, химия, жаратылыстану, математика т.б.) мағлұматымның аздығы менің қазіргі әдеби-шығармашылық еңбегіме кедергісін тигізіп келеді, ал өкінбейтінім: менің мектеп пәндерін игеруіме бөгет жасаса да, сол бір шешуші айқаста саяси тұрғыдан шынықтым. Мен оны мақтаныш етемін, өйткені күрестің ауыр күндерінде мен отаныма қаламыммен ғана емес, істікпен де (штыкпен де – Т.Ж.) қызмет еттім. Мектеп пәндерін нашар игеруім менің шығармаларыма да кері әсерін тигізді. Кеңес өкіметінің алғашқы жылдарындағы менің жазған өлеңдерім мен әңгімелерім, мақалаларым өзінің атын ақтай ала ма? Әрине, жоқ! Менің өзім де қазір оларды қызара еске аламын. Әрі ренішпен, әрі ризашылықпен қызарамын. Ренжитінім, сауатсыз, орашолақ жазғаным, ризашылығым, сауатсыз жазылса да, олар қазақ тілінде жазылған кеңестік жырдың алғашқы әуені еді. Бұл туралы сенен басқа қазақ кеңес жазушыларының бәрі де айтты да, жазды да. Тек сен ғана мардымсып: «Сонда Мұқанов не жазды?»,– деумен келесің. Мені жазушы деп мойындау, не мойындамау, әрине, сенің өз еркің.

Мен өзімнің «өсіп келе жатырмын» деген сөзіме қайтып оралайын. Менің поэзиялық шығармаларымның ішінен сенің назарыңды – «Кешегі батырақ, бүгінгі батырақ» (26), «Октябрьге өткел» (27), «Сұлушаш» (28), және «Ақ аю» (35) дастандарына аударғым келеді. Немене, бұл дастандардан ілгерілеу байқалмай ма? Егерде менің прозаларымды алатын болсақ, онда «Ақбөпе» (26) повесімен «Адасқандар» (28), «Жұмбақ жалау» (35), «Балуан Шолақ» (40) романдарының арасында айырмашылық жоқ па?

Бір дерек келтірейін. Осы жолғы Москваға сапарымда жолай Жазушылар одағына соқтым. Онда жаңа ғана келген армян жазушыларының арасында Фадеев және бірнеше орыстың үлкен жазушылары тұр екен. Фадеев мені көре салып құшақтап: «Құрметті Мұқанов! Сенің «Балуан Шолағыңды» оқығанда қуанғанымды айтсаңшы. Сен тамаша дастан (иә, түпнұсқада солай – Т.Ж.) жазғансың!»,– деді де жазушыларға қарап дастанның қысқаша сюжетін айтып беріп, менің қолымды тағы да қысты. Ал осы да алға басқандық емес пе?».

Айтпақшы, «Жұмбақ жалау» туралы. Мен онда кемшілік жоқ демеймін. Егер мен олай ойласам, онда баспаға дайындаған екінші басылымына өзгерістер енгізбес ем. Бірінші нұсқасына өзгерістер жасау туралы ой маған: романның жақсы жақтарымен қоса кемшіліктерін де көрсеткен мыңдаған оқырмандардың хатын алған соң келді. Мен көпшіліктің бұл тілегін қабылдадым. Қабылдағаным, олар Бейсенбайдың (Б.Кенжебаев – Т.Ж.) сауатсыз, қыңыр мақаласынан көрі шын жүректен шыққан сөздер еді. Демек, сен: «Мұқановты Дроздов түзетеді»,– деп бекерге күйіндіріп, сөз таратасың. Әзірше менің әдеби өмірімде мен үшін біреу жазып берген оқиға кездесе қойған жоқ».

Бұл мәліметті кім берді? Егерде түпнұсқаны оқығаны анық болса, онда проза мен поэзия жанрының айырмашылығын айыра алатындай сауат А.Фадеев те болуы тиіс. Сондайда К.Алтайскийдің:



«1946 жылы онымен қазақ әдебиеті туралы әңгімелесе қалғанымда, таң қалдым, Фадеев Қазақстанның әдеби өмірімен өте жетік таныс екен:

Қазақстандағы әдебиет мәселесін баяндап беріп отыратын менің өте жақсы информаторым және кеңесшім бар,– деді Фадеев, содан кейін Әуезовтің атын атады, – Әрбір туысқан республикада бір-бір Әуезов болса ғой, шіркін...,– деді.



Ол сөзінің аяғын айтпады, бірақ та Әуезовті оның қалай жоғары бағалайтыны онсыз да түсінікті еді»,– деген естелігі біраз жайдың әдібін ашып береді.
Жоғарыдағы А.Фадеев жанрын шатастырып отырған «Балуан Шолақ» туралы мағлұмат та «ұзын құлақ» арқылы жетсе керек. Ал «Балуан Шолақтың» қара сөзбен жазылғаны сіз бен бізге анық.

«Менің сыни еңбектерім туралы бірер сөз. Сенің есіңде ме, кеңес өкіметінің алғашқы жылдарындағы ғылыми байсалдылықтан көрі партизан жорықтарын еске түсіретін менің айқайшыл –сауатсыз мақалаларым. Мұны мен қандай әлеуметтік-саяси жағдайда, қандай білім дәрежесімен жазғанымды да білесің. Мен ол кезде техникалық тұрғыдан да (жазу мәнерін меңгеру шеберлігі ме – Т.Ж.), саяси тұрғыдан да сауатым аз еді. Мен Маркс, Энгельс, Лениннің тек жақсы адамдар екенін, өйткені олар мен сияқты қаналған батырақтарға бостандық бергенін ғана білетінмін. Бірақ олардың іліміне үңілуге, теориялық тұрғыдан түсінуге мен дайын емес едім. Алайда уақыт талабы мені күреске шығуға мәжбүр етті. Саяси ғана емес, идеологиялық күрес те жүріп жатқан, өйткені қазақ еңбекші жұртшылығының арасындағы оқығандардың аздығын пайдаланып, әр түрлі бетқап киіп, өздерінің шіріген ойларын насихаттады. Оларға қарсы соққы беру керек болды, мен кеңес өкіметіне сүйене отырып, теориялық қаруымның жетімсіздігіне қарамастан, шабуылға шықтым. Осы бір шешуші айқаста мен біраз қателіктер де жібердім, мысалы, тек дұшпандарды ғана емес, сонымен қатар: Кенесары, Шоқан, Ыбырай, Абай сияқты халықтың нағыз достарына да қамшы үйірдім. Бұл арада оның обьективті де, субьективті де себептері болды. Обьективті себебі: мен марксизм-ленинизмнің ескі мәдени мұраларды игеру туралы ілімін білмейтінмін. Ал субьективті себебі: қазан төңкерісінен кейін ғана бұқарамен бірге қанаудан құтылған маған «бай» деген сөз құбыжық болып көрінді, сондықтан да бай тегінен шыққандарға албасты ретінде қарадым, байлардың ішінен де Абай сияқты жақсы адамдардың шығатынын білмедім. Мен бұл қателігімді кейін түзедім.

Бұрын да және қазір де мен өзімнің негізгі мамандығым сыншы және әдебиеттанушы деп есептеген емеспін. Сын майданына мен жағдайға байланысты ғана араластым. Өсіп келе жатқан адам есебінде бұл салада да аздаған жетістіктерім бар. Сенің өзің де маған бірнеше рет менің бұл еңбектерімнің (менің Абай, айтыс, Қазақстан жазушыларының екінші сьезіндегі баяндамаларым т.б. туралы) ғылыми тұрғыдан пайымды әрі әділ пікір екенін айтып едің ғой.

Мен өз шығармашылығым туралы сөзімді осымен аяқтаймын. Бұл жолдар саған бір түрлі тосын көрінуі: «Мұқанов өзін-өзі неге осынша мақтай береді?»,– деуің мүмкін. Құрметті Мұхтар, бұл мақтау емес, бұл менің өмірім, менің ащы шындығым, өзімді «өсіп келе жатқандардың» қатарына қосқаныма орай ақталғаным».

Міне, Сәбит Мұқановтың қателігі осы жолдарда жатыр. Ол өзінің әлсіз жерін біле, түсіне отырып, соны ескергісі келмейді, керісінше, «ақталғысы келеді», «мақтанғысы келеді». Көркемөнердің қатаң талабы сол, сауатсыздықты ешқашанда ақтауға да, кешіруге де болмайды. Өйткені ол саясат емес, мыңның емес, миллионның біріне берілген табиғи дарынды кещелікпен жұмсау – кешірімге жатпайды. Жалаң идеямен жақсы көркем шығарманың тумайтынын сезе тұрып, соған көңіл бөлмегеніне тап тартысы кінәлі ме?

Жазушылық қасиет – жекенің еншісі. Ендеше оған көпті көлденең тарту әбестік. Әрине, сыннан қорытынды шығармады деген сөз емес бұл. Егерде, дәл осындай сыңар езулеп пікір қозғайтын болса, Әуезовтің де сөз табатыны түсінікті. Сәбең одан әрі өзінің «өсіп келе жатқан жазушы екендігін» табанды түрде дәлелдей келіп, ойын былай өрбітеді:

«Енді мен сенімен, соңғы 2-3 жылда екеуміздің арамыздағы қарым-қатынастың неліктен нашарлап кеткеніне тоқталғым келеді? Оның негізгі себептері мыналар сияқты: сен соңғы жылдары (мүмкін бұрыннан-ақ шығар) – осы жарық дүниеде ешкімге есе теңдік бермейтін, бәріне қызғанышпен қарайтын, әсіресе, Мұхтар Әуезовтің жолын кес-кестейтін, өзінен басқаны ойламайтын Сәбит Мұқанов дейтін бір зұлым бар деп ойлайтын сияқтысың. Сен биыл «Социалистік Қазақстанның» ұйымдастырған жиналысында дәл осылай дедің (Жақшаның ішінде айта кетейін, алашордашылар да оларға қарсы күрескенімде мені осылай атаған, бірақ та өмірдің өзі көрсеткеніндей, совет өкіметінің буржуазиялық мемлекеттің орынын баспағаны сияқты, мен де олардың орынында отырғаным жоқ).

Сенен: «Мұқанов бізді қызғанады»,– дегендегі «біз» дегенің кімдер екенін түсіндіруді өтінемін? Сен қазақ әдебиетінің барлық өкілдерін ой елегінен өткізші, солардың ішінде мен көмектеспеген бір адам бар ма екен? Тіпті, соңғы 3-4 жылдың ішінде қырғиқабақ боп жүрген Ғабиттің өзі де оның творчестволық және мәдени өсуіне менің септігім тимеді деп айта алмайды. Ол жазушылардың бәрі де ол туралы менің мәжбүр етуімсіз жазды. Осы да қызғаныш па? Осы саған қызғанышпен карайтын менің нем бар? Сенің қазақ мәдениетіндегі, әдебиетіндегі алатын орының өте зор. Бірақ та, сен әдебиетте қандай орын алсаң да, мені ол орынға апарып сиғыза алмайсың. Менің өз шаруашылығымды емін-еркін орналастыратындай әдебиеттегі өз жерім өзіме жеткілікті, ендеше менің жеріме түсіп кетеді деп секемденуіңе еш негіз жоқ».

Сәбит Мұқановтың бұл уәжі де түсінікті әрі қисынымен айтылып тұр. Өйткені, Мұхтар – Моцарт, Сәбит – Сальери емес болатын. Ал екеуін осылай көрсеткісі келгендердің саны көп еді. Қазір де бар.



С.Мұқанов (хаттың жалғасы): Сенің кейбір жекелеген шығармаларыңа айтқан сыни пікірлерім: саған деген қызғаныштан емес, менің көзқарасымнан туып отыр. Ашығын айтқанда, сенің соңғы жылдарда жазған шығармаларыңа менің көңілім толмайды. Сенің ол дүниелерің әлжуаз, жасық. Мен сенің совет дәуіріне дейінгі және совет дәуірінен кейінгі шығармаларыңды салыстырдым. «Қыр суреттерін» – «Шатқалаңмен», «Қараш-Қарашты» – «Хасеннің құбылыстарымен», «Қаракөзді» – «Тастүлекпен» салыстырдым. Алғашқы аталғандары нағыз көркем дүние, ал екіншісі – құр схема, бейімделу ғана («Абай» пьесасы мен «Абай» романы туралы кейінірек тоқталамын). Менің есептеуім бойынша, совет өкіметін мойындағаннан кейін Советтік Қазақстанның өмірінен алынып жазылған оншақты пьесаң бар екен. Айтшы, сонда осының ішінде көркемдігі жағынан «Қаракөзбен», не «Еңлік-Кебекпен» теңдесетін біреуі бар ма? («Еңлік-Кебек» туралы пікірім жоғары. Мен оны бұл арада сенің совет дәуіріне дейінгі әдеби қайраткерлігіңнің тұсында жазылған шығарма деп бағалаймын).

Турасын айтқанда, совет тақырыбы туралы ізденістеріңнің кезінде сен өзіңе де, қазақ әдебиетіне де абырой әпермейтін бір пьесадан кейін бір пьесаны жаздың. Мұның себебі не? Талантың бар (жақшаның ішінде тағы да ескерте кетейін: сенің біліміңді біздің заманымыздағы, еуропалықтарды қоса есептегенде де, ең озық жазушылардың білімімен тең деп есептеймін. Бұл – жай қыстырма сөз емес, нақты дерекке негізделген менің түсінігім).

Ендеше, дәл осы жағдайда совет тақырыбына көркемдік қуаты күшті шығарма жазуыңа не бөгет болды? Мен оның субьективті де, объективті де себептерін білемін. Обективті себебі мынада: сен өзіңнің саяси қателігіңді мойындағаннан кейін, 10 жыл бойы өзің саналы түрде қарсы күрескен қоғамдық өмірдің ағымына жылдам бейімделу қиынға соқты. Адам дегеніңіз кез-келген қалыпқа оңай түсіре қоятын өлі зат емес қой. Адам тек дүниені қайта құрып жатқандарға өзі қарсы жүріп, оларға көмектессе ғана жүзеге асады. Менің ойымша сен соларға қол ұшыңды немкеттілеу ұсынатын сияқтысың: «Сен совет өкіметін шын көңіліңмен мойындаған жоқсың»,– деп ойламаймын. Оған менің дәлелім де жоқ. Бірақ сенің ең үлкен осалдығың сол, өткен күнәләрыңнан қашқың келеді; ол туралы ешкімнің жақ ашпауын тілейсің, оны айтқан адам – саған жау. Әрине, кез-келгенді сылтауратып өткен кінәларын бетіне баса беру – адамға ауыр тиетінін білемін. Алайда, құрметті Мұхтар, саған бұлай ешкім жасаған жоқ қой!

Әдебиет тарихы жазылғанда немесе жазушының творчестволық жолы талданғанда, өзіңнің күнәңнан өзің қашып құтыла алмайсың. Қалай қашып құтыласың! Сен 1932 жылдан жаза бастаған жоқсың, одан ерте қолыңа қалам алып ең ғой. Совет өкіметінің бағытына сен ашықтан ашық күрестің емес пе? Соның барлығының із-түзсіз жуылып-шайылып кетуін қалайсың ба? Ол әдебиетке де, сенің өзіңе де ешқандай пайда әкелмейді ғой! Менің ойымша сен өзіңнің күнәңнан бекер қашып жүрсің. «Қолыңмен істесең – мойныңмен көтер».

Егер сен өзіңнің жаңа көзқарасыңа шын сенетін болсаң, онда күнәңә пысқырып та қарама, ол туралы жазса – жаза берсін, шыда! Өзіңнің жаңа жұмысыңды істе! Бұрынғы қателеріңді айтқаны үшін ешкіммен де жауласпа, әсіресе, біздің Москвадағы мәселелерімізді шешіп, көмектесіп отырған Дроздовпен өштесудің еш қажеті жоқ. Оның мақаласынан мен ешқандай жамандықты көріп отырғаным жоқ.

Істің түпкі нәтижесіне келгенде, мәселе сенің күнәларыңда емес, совет жазушысы деген атты қалай алып жүресің, соған байланысты...»

Бұл арада Мұхтардың «жазушы» деген атқа кір түсіріп, абыройын кетіргені меңзеліп отырған жоқ. Қайта «Абай» романы арқылы туған әдебиетін шырқау биікке көтерді. Алайда, Сәбит Мұқановтың ойының астарында қалайда Әуезовті идеологиялық, таптық тұрғыдан шеттету пиғылы байқалады. Салқындық сезіледі. Тіпті салқындық емес, онымен ескі дұшпандарша сөйлеседі. Мұхтарға ондай қағажу көру онша таңсық емес. Дегенмен де он жыл бойы қарауылдың ұшында тұрып, нысанаға үнемі іліне беруі – жүйкесін тоздырғаны да шындық. Мұны Мұқанов та мойындайды, түсінеді, бірақ, қайталап айтуын да қоймаған.

Неге?

«Сен суреткер ретінде «Абай» романын жазғанша кеңестік кезеңге дейінгі деңгейіңе көтеріле алмадың, керісінше, көптеген жағдайда құлдырап кеттің, бұған менің көзім (өзгелердің де) анық жетеді. Адамдарда, оның ішінде менің де көкейіме мынадай заңды сұрақ үйіріледі: кешегі қайталанбайтын тамаша суреткер, бүгін яғни, өзінің қатесін мойындаған соң, неге трафереттік шығармалар жазады? Суреткер ретінде барлық мүмкіндікке ие бола тұра неге биікке көтеріле алмайды?

Мен мұның екі себебі бар деп ойлаймын: бірінші, өзіңнің қателігіңді мойындаған соң, бұрын өзің сенбеген өмірді газеттегі мақалалардың әсері арқылы ғана қабылдадың, көпшіліктің ішіне барып, ұлы құрылыстың жетістіктері мен кемшіліктерін бөліспедің. Сенің кеңес тақырыбына арналған көптеген шығармаларыңдағы схематизм, көркемдік бәсеңдік осыдан туындап отыр. Осы арада сен менен: «Маған жөн көрсеткен жерге сенің өзің неге бармайсың?»,– деп сұрауың мүмкін. Заңды сұрақ. Біздің социалистік құрылысымыз орнатып жатқан жаңалықтардың барлығын мен де толық біле бермеймін. Бірақ та кеңестік ауылдың өмірін мен сенен жақсы білемін десем, қателеспеймін. Өйткені мен: ауылдағы алғашқы кеңестік ұйымды, алғашқы партия ұйымын, алғашқы шаруашылық мекемелерін, алғашқы мәдени ағарту мекемелерін құруға тікелей араластым және олардың әрі қарай дамуына да белсене қатыстым.

Сен тағы да бір мынадай сұрақ қоюың мүмкін: «Жарайды, сен кеңестік ауылды артық білуің мүмкін, ендеше айтшы маған, сен менен асып қандай шығармалар жаздың?,– деп. О, құрметті Мұхтар! Сен мені бәрін бітіріп тастадым дейтін мақтаншақ адам деп ойлама. Маған және менің халқыма бақыт сыйлаған өз отаныма мен өте аз қызмет көрсеттім, әрине, бұл мені толғандырады. Өзімнің бұл кемшілігіме іштей мазасызданып, өзімді-өзім: мен ұлы күрестен тыс қалғамын жоқ, өзімнің қолымнан келгенінше қабілетіме қарай бәрін де істедім. Өзімнің бұл әрекетімді әлі де жалғастыра беремін – деген оймен жұбатамын.

Сенің толыққанды көркем шығарма жаза алмауыңның екінші себебінің тамыры – сенің қадамыңның сенімсіздігінде жатыр, әлдебір нәрсе бүліне қалатындай жан-жағыңа көп жалтақсайсың. Сен: көркем шығарманың – шыңдалу екенін білмейсің. Қателік кез-келген жазушыда болады. Қателіктен қорықпау керек. Тек табан тіреген топырағың тайғанақ болмасын, кеңестік тірек болсын. Ұлы Лениннің өзі: қателіктер жасаймыз, сол қателіктерден үйренеміз, – деп айтты емес пе. Сен әлі мұндай батыл қадам жасамай, мұндай шыңдалудан өтпей кібіртіктеумен келесің, сондықтан да кеңестік тақырыпты игеруің ақсап келеді. Ренжі, ренжіме, мейлі, тура айтайын (көптеген адамдар да айтып жүр): сен суреткер ретінде өзіңнің кеңестік рухыңды шығармаларыңда талантыңа сай көрсете алған жоқсың. Сен бұл сұраққа өзіңнің замандастарыңның алдында жауап беруің керек».

Хатты оқып отырғанда бұл сөздерде ешқандай оғаштық жоқ сияқты. Бәрі де дұрыс көрінеді. Кеңес тақырыбына жазылған Мұхтар Әуезовтің шығармалары, шындығында да, бұрынғы деңгейіне көтеріле алған жоқ. Оның басты себебі, Мұхтардың талант қуатының әлсірегенінде емес, кеңестік идеология, соның ішінде Сәбит Мұқановтың өзі қатаң ұстануды талап етіп отырған «мазұны социалистік, формасы ұлттық» социалистік реализмнің талаптарында еді. Ірі талантқа сай ірі оқиғаларды қамтуға бейім М.Әуезовтің қаламына ұлт зиялыларының қудалануы, ақ пен қызылдың ойраны, отыз екінші жылғы ашаршылық, отыз жеті-отыз сегізінші жылғы қуғын-сүргін сияқты тақыптар лайық болатын. Күрделі көркем ойлау жүйесі мен қою да кесек сөз бояуы, құрмалас сөйлемдердің күрделі үйлесімі тағаны тақыр оқиғаларды баяндауға икемделе алмайтын. Оны сөз иесі ретінде Мұхтар Әуезов те, Сәбит Мұқанов та жақсы түсінеді.

Алайда, соған қарамай, айыптай сөйлеу, Мұхтарды өзімен тең ұстамай, алшақтау ұстап, «тақтаға шығарып қойып» сөйлесуге бейімділік байқалады. Сәбит көрген ауылды Мұхтар көрмеді ме? Мұхтар губернияны, республиканы билеп, ұлтын ашаршылықтан құтқарудың амалында күйінді боп жүргенде Сәбит Мағжанның атының шылбырын ұстап жүрмеді ме? Жалпы осыдан артық қандай өмірлік дерек керек? Біз де Сәбиттің ізімен санамалап бірнеше уәж келтірейік.

Біріншіден: Мұхтардың 1932 жылға дейінгі шығармаларын неге совет дәуірінен бұрын жазылған деп бағалайды. Керісінше, «Қорғансыздың күнінен» – «Көксерекке» дейінгі дүниелер 1920-1928 жылдары жазылды ғой.

Екіншіден: Сәбиттің өзі жиырмасыншы жылдардағы «асыра сілтеген» қателіктерін мойындай отырып, сол қателіктерін көрсетіп, Абайдан бас тартудың теріс пікір екенін дәлелдеген Мұхтардың мақаласы неге «ашық жаулық» ретінде бағаланады? Демек, ол дұрыс айтты емес пе.

Үшінші: «Қолыңмен істегенді – мойныңмен көтер»,– деп нығырлай тұқыртып алады да: «Оларға пысқырып та қарама»,деп неге ақыл береді.

Төртінші: «1932 жылдан соң сен бірде-бір көркемдігі жоғары шығарма бермедің»,– деп бағалайды. Сонда «Абай» трагедиясын, «Абай» романын көзге ілмей, жай қатардағы туындының есебіне қосуға бола ма? Он жыл да емес, бүкіл өмірінде дәл «Абайдай» бір шығарма жазған жазушы – нағыз жазушы ғой. Әлде, ол «совет жазушысы» атану үшін аз ба? Және хатының басында Сәбиттің өзі санға емес, сапаға жүгін демей ме?

Бесінші: 1941 жылға дейін де Мұхтар совет жазушысы атанбап па еді. Ендеше, сол уақытқа дейін одақтың тізіміне ілінбеуі қалай?

Міне, гәп осында.

Екі жазушының арасындағы араздық осыдан басталып, бірте-бірте ұлғая түскен. Бірі – кеме капитанының, екіншісі кемедегі жолаушының орнында болған. Жағдайлары да, қоғамдағы беделдері де әрқилы. Қиын кезде қол ұстасып, ауыртпалықты тең бөліскен қос алып бейбіт күнде көңілдеріне көлеңке ұялатқан. Бір-бірін айыптауға көшкен. Сәбит Мұқанов:



«Сен тарихи тақырыптарда үлкен беделге ие болдың, оның ішінде «Абайға» дейін халық әдебиетіндегі дайын сюжетті пайдаландың («Еңлік-Кебек», «Айман-Шолпан», «Бекет», «Қалқаман-Мамыр») және оларды тың шығарма деп ұсындың. Сен кейде өзіңше, халық сюжеті жұтаң болатын, мен оны байыттым деп ойлайсың. Меніңше, олай емес сияқты. Сенің нұсқаң – асып кеткенде халықтың нұсқасымен теңеседі, бірақ одан жоғары емес»,– дейді хатында.

Бұл енді, нағыз қиянат. Қазір жоғарыдағы Шәкерімнің дастандары халыққа кеңінен мәлім болды. Ал, оны пьесамен салыстыруға бола ма? Екеуі – екі бөлек дербес туындылар. Ал енді осы пікірі үшін Сәбитті қаралауға бола ма? Қайдам. Өйткені ол мұның барлығын шын көңілімен «таптық тұрғыдан» бағалап отыр ғой.



Ол кейін өз қателігін түсініп, алғашқы пікірінен бас тартты. Осы хатта да «Абай» трагедиясы жөніндегі бұрынғы пайымдауларының жаңылыс айтылғанын, өзінің әділетсіздік жасағанын ашық мойындайды. Тарихи тақырып туралы тұжырымдарының терістігін түйсіне келіп, байсалды пайымдауға көшеді. Кейбір сынының орынсыздығын да тілге тиек ете отырып, «Абай» романына жоғары баға береді. Бірақ та пьеса мен романды бір-біріне қарсы қойып, қарабайырлау тәсілмен салыстырады. Бұл шығармалардың жанрлық өзгешілігін былай қойғанда, жазушының көркемдік шешімі мен әлеуметтік-философиялық астарының мүлдем басқа екендігін ескермейді. Ал, мұны аңғармау – өзге-өзге Сәбит Мұқанов іспетті тәжірибелі қаламгерге мін және үлкен мін. Оның бұл мінезін Мұхтардың теріс түсінуі де заңды.

«Сен «Абай» пьесасында Абайдың образын жасадың. «Абайды» оқу кезінде мен өзімнің біраз наразылығымды білдірдім. Содан кейін мен бұл мәселенің төңірегінде көп ойланып, менің пікірлерім қате екен – деген тұжырымға келдім. Гуманист есебіндегі Абай образын сен тәуір шығардың. Бірақ та, «Абай» пьесасындагы өзге образдардың толық бітпей тұрғаны жөніндегі пікірімнен қайтпаймын. Москвада жасалған соңғы нұсқаны оқымағаным өкінішті. «Абай» романы туралы пікірім жоғары.

Өзінің көркемдігі жағынан ол пьесадан әлдеқайда биік тұр деп есептеймін және нағыз шебер Еуропа прозашыларының романдарымен қатар тұр.

Қайталап айтамын, роман жақсы, екінші бөліміне де сондай сәттілік тілеймін.

Бізде «Тарихи тақырып» деген сөздің өзін құбыжық көретін адамдар бар, бұл тарихты бағаламау. Мәселе, не туралы емес, қалай жазуда. Егерде тарихи тақырыпты марксизм-ленинзм идеологиясы тұрғысынан жазса – онда тұрған жаманшылық жоқ, керісінше, тамаша ғой. Ондай еңбекті бағаламау – оңбағандық. «Абай» романында сен толыққанды совет жазушысы есебінде сөйлейсің, мен мұны еш қызғанышсыз-ақ мәлімдеймін. Бірақ бұл соңғы пікір емес. Сен нақты тарихи дәуірде өмір сүріп отырсың, сондықтан да сол дәуір туралы оқырмандар сенен «Абаймен» пара-пар шығарма күтеді және олары орынды да.

Менің тарихқа тіксіне қараған кездерім де болды. Жоғарыда айтқанымдай, баяғыда өтіп кеткен сол күндеріме сын көзбен қараймын. Материалистік диалектикаға негізделген менің қазіргі пікірім бойынша, менде – әке де, шеше де, халық та жоқ (тек тап бар – Т. Ж.) деген адам нағыз сатқын. «Мен – қазақпын, өз халқымды сүйемін» деп айту – коммунизм принципіне қайшы келмейді. Лениннің өзі де ұлы орыс халқының ұлы екенін мақтанышпен айтты ғой. Өте жақсы әрі күшті айтылған. Тек өз халқыңа деген махаббаттың коммунизм принципіне қарсы келмесе болғаны. Біздің халқымыздың кейбір тарихи кезеңдеріне үрке қарағаныммен, мен ешқашанда халқыма дұшпан болған емеспін. Мен өзім шыққан халықты сүйдім, қазір де сүйемін, өйткені ол – көпшілік, оның да қанаушылары бар. Бұрынғы кездерімдегі Абайды жете бағаламауым және басқа да айтқандарын менің халыққа қарсы екендігімнің дәлелі бола алмайды. Өзін халықтың жоқшысымын дейтіндермен бұрын да жарысқа түсіп келдім, қазір де жарысуға (қызмет етуге – Т. Ж.) дайынмын».

Мұндай жалаң даңғазаға құрылған желөкпе сөздерді әлі де естіп қалуға болады. Ол өсектер Сәбит Мұқановтың тірі кезінде де айтылған. Әрине, жаңылмайтын жампоз, сүрінбейтін тұяқ жоқ. Тек қана Кенесары Қасымовтың ұлт-азаттық көтерілісі туралы бірде оны қостап, бірде оған қарсы шығып, үш рет мақала жазыпты Сәбит. Оның ішінде, Мұхтардың «Хан Кене» пьесасын тек сыни пікірінде тілге тиек етіп, Кенесарыны мақтаған тұсында оны қалыс қалдырған. Осы хаттың бас жағында «Кенесары, Шоқан, Ыбырай, Абай сияқты халықтың нағыз достарына да қамшы ойнаттым. Ол менің теориялық білімімнің жетімсіздігінен еді»,– деген сөздер бар. Бұдан кейін де, тура он жыл өткен соң Сәбит Мұқанов Кенесары көтерілісіне:



«Феодализмді көксеген, қазақ халқының жаулары ұйымдастырған бүліншілік»,– деп баға берді.

Сондай-ақ «Алаш» партиясы туралы да осындай екіұдай пікір білдірді. 1937 жылға дейін Сәбит Мұқанов:



«Октябрь революциясына дейінгі «Алаш» қызметі қазақ халқы үшін прогрессивті әсері болды»,– деп келсе, кейін мүлдем кереғар пікірді ұстанды.

Жекелеген ірі тұлғалар жөнінде де екіұшты бағалар берді. Соның ішінде Мұхтар да бар еді. Заман ағымына қарай солай айтуға мәжбүр де болған шығар. Алайда:



«Сәбит Мұқанов – қазақ халқының тарихына үнемі шабуыл жасаумен болды»,– дегеннің де шындығы шамалы.

Бұл арада Сәбит Мұқанов сол қауесетке қарсы шығып отыр. Себебі: сондай пікірді қоздырушының бірі – Мұхтар Әуезов деп түсінген. Халық тарихы туралы әр кездегі қарама-қайшы пікірлеріне, тіпті кейде, оқиғаның тым асқынып кетуіне тосқауыл қоюдың орынына, сол ағымға өзі де қоса араласып кетуіне қарамастан, Сәбит Мұқанов өзінің туған халқын сүйген. Ахмет Байтұрсынов, Міржақып Дулатов, Мағжан Жұмабаев, Шәкәрім Құдайбердиев туралы мәліметтерді оларды ауызға алуға болмайтын күннің өзінде мақалаға кіргізуінде (әрине, сынап отырып) үлкен мән бар. о да күрестің бір түрі, ең болмаса – атын елдің есінде қалдырудың амалы еді.

Бұл хат – екі ой алыбының арасындағы қарым-қатынастың қаншалықты қиын болғанын байқатады. Әрі олардың сол кедергілерді жоюға ұмтылғаны да аңғарылады. Сол үшін «жүрегіне кір жасырмай», көңіл кірбіңдерін бір-біріне ашық айтуды мақсат еткен, яғни, жариялылықты жан демеуі ретінде ұстанған. Сондықтан да, өзара пікір алмасуларының негізінде әдебиет, өнер, тарихи кезеңдер, дара тұлғалар туралы көзқарастары ғана арқау болмаған, жеке бастарының да мүдделері қозғалған.

Өкінішке орай, өзара кінәласулар да шаң береді. Несі бар, ол да өмірлік құбылыс. Мұндайда, Сәбит тізгінді өз қолына алған да Мұхтар «қорғаныста жүрген». Ірі-ірі айтыстарда ғана Әуезов сүңгуір қайық сияқты толқынның бетіне көтеріліп, «жалын көрсеткен». Қолдағы деректер осылай тұжырымдар жасауға негіз қалайды. Кейде олар өздерінің осынау қалыптасқан жағдайына үйреніп те қалған сияқты әсер береді.



Каталог: repository -> history -> 24%20%D1%82%D0%BE%D0%BC.%20%D0%90%D0%BB%D0%B0%D1%88%20%D1%82%D1%83%D1%80%D0%B0%D0%BB%D1%8B%20%D0%BC%D0%B0%D2%9B%D0%B0%D0%BB%D0%B0%D0%BB%D0%B0%D1%80 -> %D0%90%D0%BB%D0%B0%D1%88%20%D1%82%D1%83%D1%80%D0%B0%D0%BB%D1%8B
%D0%90%D0%BB%D0%B0%D1%88%20%D1%82%D1%83%D1%80%D0%B0%D0%BB%D1%8B -> Тұрсын ЖҰртбай „Ұраным алаш!
%D0%90%D0%BB%D0%B0%D1%88%20%D1%82%D1%83%D1%80%D0%B0%D0%BB%D1%8B -> Халел досмұхамедов
history -> Алматы: «Санат» баспасы, 2001. 480 бет
history -> ҚазақТЫҢ ЖҮз романы. Оқу құралы. Құрастырып, баспаға дайындаған академик Рымғали Нұрғали. –Астана: «Фолиант», 2004. 456 бет. «Қазақтың жүз романы»
%D0%90%D0%BB%D0%B0%D1%88%20%D1%82%D1%83%D1%80%D0%B0%D0%BB%D1%8B -> Абай мектетебі
%D0%90%D0%BB%D0%B0%D1%88%20%D1%82%D1%83%D1%80%D0%B0%D0%BB%D1%8B -> Мағжанға Сәбиттен


Достарыңызбен бөлісу:
1   ...   14   15   16   17   18   19   20   21   ...   64




©engime.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет