Тұрсын ЖҰртбай «Ұраным алаш!»



бет14/64
Дата04.11.2016
өлшемі10,61 Mb.
#96
1   ...   10   11   12   13   14   15   16   17   ...   64

«Правданың» статьясы және ол статья туралы ҚК(б)П Орталық комитетiнiң қаулысы жазушылардың белсендiлiгiн мейлiнше көтердi. Жиылыс жазушылар ұйымын саяси жақтан сауықтыру және халық жазушыларының әдебиеттегi зиянкестiгiнiң зардабын түп тамырымен құрту жайында нақты шаралар белгiледi. Жазушылар союзының төтенше пленумын (шақыру) кадр, правленияның жаңа составын сайлауды жазушылар ұйымына тапсырды. Көркем әдебиеттiң барлық жанрларына шығарылған кiтаптарды қайта қарап, қорытынды жасау үшiн, секциялардың жұмысын көтеру үшiн бригадалар құрды. Проза, сын, поэзия, драматургияның әр қайсысына жеке-жеке бригада құрылды. Бригадалардың составына жазушылардың жақсы күштерi енгiзiлдi.

Жиылыс, жазушы Мүсiреповке саяси жағынан сенбейтiндiгiн бiлдiрiп, оның жұмысын қарау – тиiстi орындардан сұралсын дедi.

Жиылыс, Мұқанов Сәбиттi жазушылар ұйымының басшылығынан алу жөнiндегi қаулыны бекiттi, Мұқановты жазушылар союзының мүшелiгiнен шығарды».

Аңғарған адамға бәрi де түсiнiктi. Тiптi қиналатын да ештеңе жоқ. Сәбит Мұқанов қарауылға iлiндi. Тек шүрiппенi басу ғана жетпей тұр. Ғабит Мүсiреповтiң де «базары тарқады». «Басты жазушылардан» қалғаны жалғыз Мұхтар... Бұлқынып шығып кетпей тұрғанда оған бұғалық тастап қою керек едi. Бiр жақсысы, құрық қолдарында. Қашан тартса да кеш емес. Басқаны қайдам, «ажал тұзағын құрып» отырған арандатушының дәл осылай ойлағаны анық. Жиналыстың есебiмен қоса, Ғабиттi әшкерелеген «үн қосуды» дер кезiнде жариялады, ұмытпады. Неткен ұшқырлық десеңiзшi.



Iле, сол мәжiлiстiң есебiмен бiрге «Халық жауларының жетегiндегi жазушы» деген мақала екi бетке жалғаса жарияланды. Түгелiн тiзiп шығу мүмкiн емес. Iшiнара Ғабит Мүсiреповке айып есебiнде тағылған тұстарды ғана ұсынамыз:

«Жаулармен табақтас болып келген, шығармаларында халық жаулары, алашордашыларға көрiне трибуна берген, большевиктiк сынға, өзара сынға мейлiнше қысым жасаған, өзiнiң қызмет орнын пайдаланып жазушылар ұйымының жұмысына бөгет жасап келген жазушы Мүсiрепов Ғабит туралы да көптеген фактiлер келтiруге болады.

Мүсiрепов Ғабит қазiргi әшкереленiп отырған халық жаулары Сейфуллин, Жансүгiровтердің тұсындағы «өзгермейтiн бас жазушының» бiреуi болған адам.

...Шынында Мүсiрепов жаудың батпағына батып, аздаған адамдардың қойнына кiрiп, құшақтасып кеткен адам...

...Мүсiрепов халық жауы Майлиннiң жан аяспайтын досы. Онымен достасып, құшақтасып, бiрге тұрып, бiрге жүрген адам. Сондықтан да Мүсiрепов халық жауы Майлиндi қанатының астына алып, қорғап келдi. Майлиннiң бұрын алашорданың офицерi болғандығы, совет өкiметiне қарсы күрескендiгi, большевиктерге оқ атқандығы, шығармаларындағы контрреволюциялық концепциялары жайында жазушылар ұйымының жанындағы партия ұйымы мәселенi дер кезiнде көтерсе де, Мүсiрепов өзiнiң қызмет орнын пайдаланып Майлиндi жанын салып қорғап келдi. Майлиндi аман алып қалуға тырысты. Соңғы кезге шейiн ашықтан ашық сүйеп келдi.

«Қазақ әдебиетi» газетi осы жылы 9-көкек күнгi номерiнде Майлиннiң шығармаларындағы контрреволюциялық пiкiрлердi әшекерелейтiн статья басыларда Мүсiрепов: «Бұл статья Майлин туралы өте қатты айтылыпты, сондықтан статьяны қайта қарап, сынды жұқалау керек»,– деп, газеттiң сол номерiн өзi қарап, Майлин туралы жазылғанды өз қолымен «түзетiп», номердi бұзып қайта жасатты. Содан асқан жауға либералдық, жаудың өмiр сүруiне мүмкiндiк беру бола ма? Контрреволюцияшыл алашордашыл Майлиндi Мүсiрепов осылай қорғап келдi.

Жазушылар ұйымының жанындағы партия ұйымының жиналысында Мұқановтың iсi қаралғанда, Майлин туралы көп сөз болды. Коммунистер Майлин туралы мәселенi сол жиналыста қарауды дұрыс көрдi. Алайда жиылыста болған Мүсiрепов Майлиндi қорғап, «Майлиннiң мәселесi кейiнге қалып, бөлек қаралғаны жөн» – деген «ориентировка» бердi. «Мен Майлинмен жақын жүрсем, оның кiм екендiгiн бiлген соң жақын жүрдiм»,– дедi. Шынында Мүсiрепов Майлиннiң кiм екенiн бiледi. Майлин де, Мүсiрепов те бiлмейтiн сыр жоқ. Мүсiреповтің саяси бетiн осының өзi-ақ көрсетедi... Халық жаулары Сейфуллин, Жансүгiров, Тоғжановтармен де Мүсiрепов тығыз байланыста болды. Олармен сөз жүзiнде араз болғансып, iс жүзiнде ауыз жаласып, дегенiн iстеп келдi. Ол, бiр кезде халық жауы Сейфуллиннiң партияға қарсы жiгiнде болды. «Алашорданың революциялық ролi болды»,– деген зиянды «теорияны» таратушылардың бiрi болды. Оның бұл зиянды пiкiрi шығармаларынан айқын көрiнiп отыр... Бiздiң жазушылар жұртшылығы жаулардың қалдықтарынан арыла отырып, өзiнiң қатарын табансыз, тұрақсыз адамдардан мүлде тазартуы керек».

Ендi бұған не дауыңыз бар.

Әрине, «Мүсiрепов Майлиннiң кiм екенiн бiлдi». Бiлген соң, адалдығына көзi жеткен соң нақақтан күйiп бара жатқан адамға араша түсiп отыр ғой. Ал соны әлгi белсендiлер бiлмедi ме? Бiлдi. Бiрақ олардың өзi тiрi жүруi үшiн де өзгенi жарға итермеледi. Жаңағы мақала:

«Сталиншiл Нарком Николай Иванович Ежов жолдас бастаған қырағы НКВД орындары қазақ халқының қас жаулары ұлтшыл-фашистердiң қылмысын әшкерелеп қолға түсiрдi. Жапон-Герман фашизмiнiң жалдамалы төбеттерi, кiсi өлтiргiш сұмдардың, қарғыс атқан күшiктердiң шiрiк ұясы талқандалды.

Қазақстанның совет көркем әдебиетiне кiрiп кеткен ат төбелiндей зұлым иттердiң күлi көкке ұшырылды. Олардың сiлiмтiк қалдықтарын да құртады. Қайта туған қазақ халқының ежелгi жаулары Тоғжанов, Сейфуллин, Жансүгiров, Майлин сияқты ұлтшыл-фашист сұмырайлар қылмысы әшкереленiп қолға түстi. Халық жауларымен ауыз жаласып, олардың жетегiне ерiп кеткен, өзiнiң партиялық, моральдық пiкiрiнен айырылған, буржуазияның жырын жырлаған Мұқанов партия қатарынан шығарылды»,– деп хабарлады.

Бұл да «Қазақ әдебиетi» газетiнен алынды. Сонда Тайыр Жарокұлы қол қойған осы газет қана «халық жауын» әшкерелеумен шұғылданған ба деген сауал туады. Жоқ, мүлде олай емес. Мейлi, орталық, мейлi республикалық басылым болсын, бәрi бiр, олардың материалдарының мазмұны мен сөздiк қорының айырмашылығы жоқтың қасы. Айыпкердiң аты басқа, айыптаушының есiмi бөлек. Бiз басқа басылымдарда жарияланған жазушыларға қатысты материалдардың барлығы «Қазақ әдебиетiнде» көшiрiлiп басылғандықтан да негiзiнен соған сүйендiк. Аударылмай дербес күйiнде қалған мақалалар да қаншама. «Каз. Правдада», «Социалистiк Қазақстанда» шыққан «Сәкен Сейфуллин – Жапон империализмiнiң агентi» iспеттi байбаламдар да жеткiлiктi. Бiрақ мазмұны, сөз қолдану тәсiлi бiреу. Мысалы, «Каз. Правданың» қазан айының 11 күнгi санындағы Ғабит Мүсiреповке қатысты жоғарыдағы мәселенi жұртшылыққа мағлұмдаған:



«Две-три месяца назад в республиканской печати появились статьи разоблочающие национал-фашистскую агентуру, орудовавшую в союзе советских писателей Казахстана. Писатель коммунист Габит Мусрепов бывши в то время заведующим кульпросвет отделом ЦК К(б)ПК, бия себя в грудь, заверял тогда партийную группу правления союза советских писателей Казахстана в том, что он несет полную ответственность и ручается за политическую благонадежность своего соавтора Беимбета Майлина. Б.Майлин разаблачен как подлый предатель Родины, как один из соучастников национал-фашистской банды»,– деген мақаланың алдыңғы «үндесуден» қандай айырмашылығы бар.

Журналистер де «уақыттың» тiлiмен сөйледi.

Сонымен, «жапон-герман фашизмiнiң жалдамалы төбеттерi, кiсi өлтiргiш сұмдардың, қарғыс атқан күшiктердiң шiрiк ұясы талқандалды». Олар – Сәкен Сейфуллин, Iлияс Жансүгiров, Бейiмбет Майлин, Ғаббас Тоғжанов, Сәбит Мұқанов, Ғабит Мүсiрепов... едi. Ғабит Мүсіреповтің 1938 жылы 30 мамыр күнгі Сталинге жазған хаты оның аман қалуына қаншалықты септігін тигізгені белгісіз. Бұл оның өзіне де беймәлім күйінде қалса керек. Өйткені ол туралы еш жерде тіс жармаған. Онда: «Халық жауы» Б.Майлинмен тығыз шығармашылық байланыста болғаны үшін; «Шұғыла», «Қыз Жібек», «Қозы Көрпеш – Баян сұлу» шығармаларындағы ұлтшылдық сарын үшін; 1932 жылғы ашаршылық туралы «Ашық хаты» үшін; Мирзоян басқарған Қазаұстан Орталық комитетінің бағытын ұстанғаны үшін 29 мамыр күні партиядан шығарылғаны айтылған. Ал А.Фадеевтің ықпалы туралы деректер бар. Соның ең сенімдісі М.-Х.Сүлейманова мен Ж.Сүлейманованың Ілияс Омаровтың «Күнделікті жазбаларына сүйене отырып келтірген мына дерек:

«Бірде Ілияс Омаров Ғабит Мүсірепов пен оның әйелін қонаққа шақырады. Ол кезде Ғабит Мүсірепов партиядан шығарылған еді, түрмеде үш ай отырып, жаңа босанған кезі еді. Бейімбет Майлинді тұтқындаған кезде Мүсірепов «Казахстанская правда» газетінде: Майлин – халық жауы емес, керісінше, оған жала жапқандардың өзі халық жауы – деген мақала жариялаған болатын. Тұтқындауға осы мақала себепкер болса керек. Ғабит Мүсіреповтің босанып шығуына А.Фадеев ерекше үлес қосқан. Мүсірепов түрмеде жатқанда А.Фадеев «Правда» газетіне Мүсіреповтің әңгімесін жариялатқан. Республика өкіметі содан кейін түрмеден шығарады. Бірақ партбилетін қайтармайды. Ғабит Махмұдұлы 1957 жылы ғана партбилетін қайтарып алды»

Тек бұл тiзiмге Мұхтар Әуезовтің есiмi жетiспей, шолақ қайырылып тұр.

Иә, ол неге оқшау қалды?

Әр адамның маңдайында кездейсоқтықпен астасып жатқан бақ жұлдызы, белгiсiз қорғаушысы бар – деген диалектиканың мойындап-мойындалмайтын заңдылығы бар. Мұхтардың бақытына орай «кезегi келген кезде» сол кездейсоқтық күтпеген жерден тағы да «жанын олжаға» сыйлады. Екi-үш айдың iшiнде қазақ мәдениетiнiң барлық белдi қайраткерлерiнiң саны күрт сиреп, өнер орманы асқан шапшаңдықпен оталып, жалаңаш қалды. Әр жерде бiр қарауытқан емендердiң де түбi босап, құлауға шақ тұрған. Ендi сәл кешiгiп барып тiзгiн тартса, орны толмас өкiнiшке ұшырарын аңғармау мүмкiн емес-тiн. Басқа адамды қайдам, Мирзоян сияқты жандар ол қасiреттiң орны толмасын бiлген.

Мұхамеджан Қаратаев: «Мұхтар қалай аман қалды дейсiң бе? Мен оның анық-қанығын бiлмеймiн. Әйтеуiр, қатты торығып, қалтырап, үреймен күнелткенi рас. Сәбиттi де, Ғабиттi де, Мұхтарды да ұстамақшы болып әрекеттендi. Анық-қанығына дәл көзiм жетпейдi, бiрақ, Мирзоян осы мәселеге орай арнайы Москваға барып, Сталинге жағдайды түсiндiрiп: «Егер де осы бетiмен кете берсе, онда қазақ мәдениетiн өркендететiн тiрi жан қалмайды. Өнер отының мүлде өшiп қалу қаупi төнiп тұр. Бұтақсыз, қорғансыз ағаш сияқты боп қалды. Ендiгiлерiн мәдениет үшiн, халық үшiн аман сақтайық. Қолда ұстайық «,– дептi-мыс. Қазақ әдебиетiндегi аты аталған осы үшеуi болыпты», – дегендi естiдiм. Шындық болуы да. Әйтеуiр олардың аман қалуына сондай әңгiменiң себебi тиген »,– деп тосын жақсылықтың нышаны қай жақтан келгенiн мегзедi.

Тағы бiр жай: жиырмасыншы жылдың басында Мұхтар Әуезов пен Ежов Губкомда бiрге iстеген. Топ боп түскен суреттерi де бар. Осы таныстық септiгiн тигiзбедi ме екен деп те жорамал жасауға болады. Әуезов пен Ежов екеуінің алғашқы таныстығы Николай Ановтың «жөнсіз сүйткетпесінен» басталыпты. Ол туралы Н.Анов:



«Менің Мұхтар Омарханұлы Әуезовпен танысуым үлкен керіспен аяқталды. Бұл 1924 жылы жаз айында өтті, онда екеуміз де Семей қаласында тұратынбыз. Мен орыс тілінде шығатын «Степная правда», ал Мұхтар «Қазақ тілі» газетінде істейтінбіз. Қыста ол Ленинград университетінде оқитын да, жазғы демалыста өзінің туған қаласына келіп, губерниялық газеттің редакторы Тоқжігітовке қолқабыс ететін. Жаңылмасам Мұхтар қаладағы жалғыз студент болатын. Жап-жас, келбетті, қалың бұйра шашты, өзінің «астаналық» сән үлгісімен – көк күнқағары бар студенттік фуражкасымен ерекшеленетін. Оның иесі: «Мен тек қана студент емеспін, мен үшін ғылым басты мақсат», – деп тұрғандай еді.

Комсомол-студенттер кепкі ғана киетін, көбінесе жалаңбас жүретін. Өйткені, ол кезде галстук таққан немесе шалбарына бастырыла үтіктелген жолақ жүргізген жігіттер мен қыздарды комсомолдан шығарып жіберетін. Сондықтан да Мұхтардың студенттік фуражкасын семейлік журналистер жақтырмай қабылдады. Ол тұста Семей – әдеби қала болып табылатын: қазақ тілінде «Таң» журналы шығып тұратын, ал орыс жазушыларының бірлестігі «Шахта» деген жұқалтаң мұқабаша шығаратын. Менің «Айдағанның сегізінші тоқалы» деген бір әңгімем сонда басылды.

Мұхтар Әуезовпен екеуміздің арамыздағы керіс, міне, осы «сегізінші тоқалдан» басталды. Оған себепкер мен болдым. Қазақ халқының тұрмысын білмегендіктен де, мен өзімнің әңгімемде қазір де есіме алсам бетім қызарып сала беретін «қиянпұрыс қиялға» жол беріппін.

Мұхтар әңгімені оқып шығып қатты ренжіді. «Қазақ тілі» газетінің редакторы Тоғжанов «сегізінші тоқал» басылған журналды алды да, Әуезовті өзімен бірге ертіп губкомның партия хатшысы Николай Иванович Ежовқа кірді, сол кезде оның кабинетінде үгіт-насихат бөлімінің меңгерушісі Туриков отыр еді. Хатшы Мұхтардың сөзін үнсіз тыңдай отырып, үш бетке басылған кесірлі әңгімені көзімен жүгіртіп шықты.

Әрине, Ежовқа мырзасынған қазақ ұнаған жоқ. Әуезовті ол үстірт қабылдап, мына шыжық-быжықтың неден өршігенін түсінбеген сыңай танытты. Мұхтар барынша жанығып, барған сайын бастырмалата сөйлей берді. Ежов оны:

Тоқта, тоқта... Өзіңе не керек?,– деп тоқтатты.

Қазақстан туралы мұндай сандырақты жариялауға болмайды. Бұл әңгіме емес, барып тұрған қияли өтірік. Қазақ – мұсылман халық! Ал ислам шариғаты бойынша мұсылмандар төрт әйел алуға ғана құқылы. Сондықтан да қазақтардың сегіз әйел алуы мүмкін емес!

Ежов қабағының астымен Мұхтарға қарады да:

Журнал орыс тілінде шығады. Оны оқитындар да орыстар. Олар шариғаттың заңын білмейді, білуге міндетті де емес. Мысалы, сендердің неше әйел алатындарың маған да белгісіз. Ал істің анығына көшсек, төрт әйел ала ма, сегіз әйел ала ма, бәрібір емес пе. Өзің айтшы, мұның қандай айырмасы бар?



Мұны естігенде Мұхтардың көзі шарасынан шығып кетті.

Бұған қоса айтарым, Айдаған деген кім? Бай! Мыңғырғын қойы бар. Соны пайдаланып қой қорасын тоқалға толтырған екен. Ал ол тоқалдар кім және қайдан келді? Әрине, кедейдің қыздары. Бұған, міне осылайғ таптық тұрғыдан мағына берсек, бәрі де дұрыс дұрыс болып шығады.



Губком хатшысы кенет «сізге» көшіп, жымия қарап::

Кигеніңіз студенттік фуражка, ал мәселенің түп тамырын ажырата алмайсыз,– деді.



Алайда, Мұхтар оңай берілгісі келмеді. Мұны байқаған Ежовтың бетіндегі күлкі белгісі дереу суый қалды. Ол орындықтан тұрды да әдеттегісіндей жирен шашын желкесіне қарай ысыра қайырып:

Мен жұмыспен келген екен десем, қайдағы бір құлақ сасытатын болымсыз әңгімені қозғайсың. Православтардың заңы бойынша олар бір-ақ әйел алуы тиіс, ал шындығына келгенде орыстардың әйелі мұсылмандардан аз емес. Бәрі де анық және түсінікті емес пе, – деді.



Содан кейін Ежов «Қазақ тілі» газетінің редакторына мойынын бұрып:

Осыны да өзің түсіндіріп бере алмадың ба? Редакторлығыңа болайын, – деді.



Олар кабинеттен шығып кеткеннен кейін Ежов темекісін тартып тұрып үгіт-насихат бөлімінің меңгерушісіне:

Осындай қырт шаруамен губкомға келудің өзі ұят емес пе,– деді.



Әуезов пен Ежовтың арасындағы бұл кездесу туралы кейіннен менімен жақсы достасып кеткен Николай Арсеньевич Туриков егжей-тегжейлі айтып берді.

Мұхтардың реніші ешқандай да нәтиже бермеді, бәрі де өз орында қалды, алайда, менің көңілімде терең дақ түсірді. Қатты мазасызданған мен редакцияға келгеннен кейін Мұхтардың алдында өзімнің кінәмді мойындадым»,– деп, есіне алады.

Ал бұдан кейінгі олардың арасындағы байланыс қалай дамыды, ол жағы бізге беймәлім. Әрине, достасып кете қоймаған. Алайда губкомның төрағасы, Қазаткомның саяси хатшысы міндеттерін атқарған қайраткермен есептесуіне тура келгені анық. Кеңсесіне шақырып, естелікке суретке түсуі, отыз алтыншы жылдары Семейді есіне алып, «Мұса ақынды» (Исаны) іздетіп, оны орденмен марапаттауы соған сендіреді. Дегенмен де Мұхтардың өзi теңеген «жетi басты жалмауыздың» бетiн қайтарған Мирзоян дегенге иланғымыз келеді. Өкiнiштiсi, оның қолынан жазықсыз жәбiрленгендердiң барлығын аман алып қалу, арашалау келмедi. Ол мүмкiн де емес-тiн.

Ал сонша адамды құрбандықтан сақтап қала алатындай адам бар ма едi? Бар едi. Ол – Сталиннiң өзi болатын. Оның көсемдiк атына көлеңке түсiргiсi келмегендер: «Сталин iстiң нақты барысын, ауыртпашылығын кеш бiлдi»,– деп лақап таратты. Иә, лақап, бiрақ шындық емес. «Дақпырт пен қасiрет» атты монография арқылы Сталиннiң саяси портретiн жасаған Д.А.Волкогоновтың пайымдауынша, Жоғары Соттың председателiнiң орынбасары В.В.Ульрих пен Вышинский екеуi сот процесi мен үкiмнiң орындалу барысы жөнiнде тұрақты түрде Сталинге (сонымен қатар Молотов пен Ежовқа) мәлiмдеп отырған. Өндiрiлген көмiр мен астықтың мөлшерiмен қоса жазаға тартылған адамдардың санын да Сталин күн сайын есепке алыпты. Партияның ХХ съезiнде жасаған баяндамасында Н.С.Хрущев бұл қасiреттi:

«Бiзге оның iстеген әрекеттерiн шектен шыққан деспоттың әрекетi едi дей алмаймыз. Ол партияның, еңбекшi бұқараның мүддесi үшiн, революцияның жеңiстерiн қорғау үшiн осылай iстеу керек деп түсiндi. Ең басты қасiрет осында!»,– деп негiзгi мәселеден аулақтатқысы да келдi.

Қандай мақсатты көздесе де, ол – сол партияны құрған большевиктердi, сол еңбекшi бұқараның өкiлдерiн құрбан етуге ешқандай да қақысы жоқ болатын. Күнделiктi баспасөздегi халық жауын әшкерелеген тергеу жұмыстары туралы хабарларға көзi түспеуi мүмкiн емес-тiн. Тiптi, «зиянкестiкпен егiн ектiрiп, зиянкестiкпен мал бақтырды» деген сөздiң астарындағы арандатуды аңғару үшiн ойланудың өзi артық.

Сондай тергеудiң бiрi Қазақстанда да өттi. Тергеу – Семей облысы Үржар аудандық партия комитетiнiң хатшысы мен атқару комитетi председателiнiң және басқа да колхоз басқармаларының үстiнен жүргiзiлдi. Бұл ауданның ерекше назарға iлiгуiнiң басты себебi – кезiнде өкiмет комиссиясының құрамында Халық Комиссарлар советi председателiнiң орынбасары Ұзақбай Құлымбетов, Ораз Жандосов, Сәкен Сейфуллиндер осында келген екен. Тергеудiң Сәкенді айыптауға тiкелей қатысы болғандықтан да сәл ғана үзiндi келтiремiз. Ешқандай бұрмалауға ұрынбас үшiн әдейi түпнұсқаға иек арттық. Тергеу iсi «Процесс антисоветской национал-фашистской банды в Урджарском районе» деген атпен «Казправданың» бiрнеше санына жарияланды. Тергеудiң сұрақ-жауабын жариялаудағы мақсатын газеттiң өзiнiң бас мақаласында:

«за них спиной стоят гнуснейшие убицы, Японские шпионы – Кулумбетов, Жандосов, Садвакасов, Ж.Нурсейтов, Сәкен Сейфуллин и другие... Всех, кто поднимает руку на нашу прекрасную Родину, мы будем беспошадно уничтожать, как бешеных собак»,– деп түсiндiрдi.

Зады, айыптаушылардың iшкi ыза-запыраны шарасынан аса көпiршiсе керек, «бидай егуге нұсқау бердi» дегеннiң өзiн «зиянкестiкпен iстеттi» дейдi. Мүмкiн, қолдан жасалған жала шығар. Сонда да жалпы жағдайдан толық мағлұмат алу үшiн де аса қажет. Тергеу iсiнен:



«Председательствующий: И вы завербованы в контрреволюционную организацию националистов?

Да, – Нурсеитов сказал, – что в состав организации входят Кулумбетов, Джандосов, Нурсеитов. Позднее я узнал от Джандосова что Жургенов, Молдажанов, Садвакасов Жанайдар, так же являются членами организаций входит Сакен Сейфуллин, добавив при этом, что о других членах организаций ничто сказать не может, в виду необходимости сохранить строжайшую конспирацию».



Прокурор: Чем он (Кулымбетов – Т. Ж.) у вас занимался?

Матчанов: – Главным образом интересовался постановкой вредительской работы в нашем районе, побывал в колхозах, где его заданием был произведен вредительский посев хлебов и уничтожался обобществленный скот. Там же познакомился с нашими людьми, занимавщимся вредительством.

Прокурор: Известно ли Вам что сказал Кулумбетов Елемесову?

Матчанов: Кулумбетов обещал ему перевести 10 тысяч рублей якобы для ремонта школы. Кроме того, Кулумбетов дал задания Жунусову раздать обобществленный скот в личное пользование колхозников. Это задание нами частично было выполнено в колхозе «Елтай» («Каз. парвда», 30. IХ. 37 г.).

Шыдамның да шегi бар, төзiм де тозады. Сот төрағасының, прокурордың сұрақтарының өте дәлдiкпен қойылып, айыпкерлердiң еш күмәнсiз ығына жығыла жауап беруi қаншалықты шындыққа жақын – оны сарапқа салмай-ақ қоялық. Бiрақ та; «побывал в колхозах, где по его заданием был произведен вредительский посев хлебов», «там же он познакомился с нашими людьми, занимавшимся вредительством», «Кулумбетов обещал ему перевести 10 тысяч рублей якобы для ремонта школы» деген сөйлемдердi: «Ол тұқым сеуiп егiншiлер арасында болды», «сол арада маңдай терiн төгiп жүрген бiздiң адамдармен танысты», «Мектептi жөндеуге 10 мың сом бөлуге уәде бердi» деп өзгертсе, шындық өз орнына келер едi. Бәрiн бүлдiрiп жүрген «зиянкестiк» деген жалғыз сөз.

Жалғыз-ақ сөз. Бiрақ қандай жексұрындық мiндет атқарып тұр десеңшi.

Тергеушiлердiң өз күшiне сенгендiктерi сондай, егiн егу де қылмыс боп шыққан. Сонда олардың өздерi немен күн көрерiн, нанның қайдан келетiнiн бiлмегенi ме? Зады, Ярослав Гашек те мұндай пародияны Швеиктiң аузына сала қоймаған шығар. Бұл жерде жазушының қиялына тергеушiнiң қаламы шаңын да iлестiрмей кеткен.

Өмiр мысқылы, өмiр әжуасы деген осы. Мұндай соттан қандай әдiлеттiлiктi күтуге болады? Ешқандай.

Қасiреттiң ең үлкенi сонда.

4.
Күйiнiшi мол көңiлсiз әңгiменi осымен де доғара салуға болар едi. Қараша, желтоқсан айларында арандатушылардың байбаламы сәл толастап, «апырмау, бiз не iстедiк осы» – дегендей саябыр тапты. Ендi өзара майданға шықпаса, әшкерелейтiн «жау да» қалмап едi. Әсiресе, Жазушылар Одағының арасында Сәбит, Ғабит, Мұхтардың тергеу iсi тоқтатылуы олардың көңiлiне де күдiк ұялатты. Кенет алдыңғыларын да ақтап шығарса ше? Онда қай беттерiмен кiсiге көрiнбек?

Өте қауiптi ойын және күдiк те орынды.

Бiрақ әшкерелеу науқаны күрестiң ең нәзiк жерiне кеп тiрелген едi. Ер де, есер де есiн жия бергенде, Сталиннiң: «Әкесi үшiн баласы жауап бермейдi» – деген атақты қағидасы шықты. Алдыңғылардың барлығы ересектердiң «ермегi» болса, ендiгi кезек жастарға берiлдi. Бұл – әкесiне баласын қарсы қойып, туған анасынан бас тартқызуға мәжбүрлiк жасаған ең сұрқия арандату болатын. Сәкен Сейфуллиннiң құлағын созып, қорлағандар да сондай қасиетсiздердiң бiрi шығар. Әкесiнiң атынан безгендер қаншама. Әлi де фамилиясына көше алмай жүргендер бар ғой. Қателiгiн кеш түсiнiп, әке-шешесiнiң бетiн бiр көруге зар боп өткен талай адамның көз жасының төгiлгенiне куә да табылды арамыздан. Жалғыз-ақ мақсатты ұстанды:

Ол: «адамның арасындағы ең қасиеттi мейiрiм ұясы семьялық жылылықты бұзғысы келдi, әке мен бала арасындағы кәдiмгi қарым-қатынастың тас-талқанын шығарып, болмашы ренiштiң өзiнен үлкен өшпендiлiк тудырып, сол арқылы бала ешкiмнен именбестен әкесiнен бас тартып, өз әкесiн өзi аяққа таптап қорлауын тiледi. Сөйтiп, туыстық мейiрбандықтан айырып, жалғыз қалдыру арқылы өзiнiң қатiгез билiгiнiң алдында қалтырап тұруын армандады».

Философ hам жазушы Фазил Искандер осылай түсiндiредi. Бұл адам шындықтың дәл үстiнен түсiп отыр. Басқаша бағамдау мүмкiн емес.

Ал ұстағанын уысында уататын тағдыр шiркiн мұндайда тiптi құтырынып шыға келмей ме. Қиыннан қиыстырып, ең бiр нәзiк сезiмдердiң өзiн қорлап, аяққа таптады. Кеше ғана көз алдында ойнақтап, мойныңа асылып жүрген ұлыңның бүгiн әкесiнiң көзiн шұқып, «сен жаусың» деп сұқ саусағын жүрегiңе найзадай шаншып тұруы, не құлағыңнан жұлқа тартып ата-бабаңнан, әке-шешеңнен тартып сыбап шығуы, не тергеудiң тезiнен тәнiн қинап әзер өткен ата-анаңа «мен сендерден бас тартамын» деп өз балаңның өзiңнен жерiп, өкпе-бауырыңды суырып алуы қандай сұмдық. Бұны тағдырдың тәлкегi деу аз. Одан да қатыгез, одан да аяр, айтып жеткiзе алмайтын қасiрет. Тағдыр тәлкегi адамның бiр сәттегi кешкен күйiнiң мұң-шерiнен, шарасыздығынан ушығады. Ал, мынау, әдейi жасалған кесiрлiк. Бiр сәтке мұндай суреттi, суреттi емес, өмiр өксiгiн елестетiп көрiңiзшi. Әкесi, ақын әкесi түрмеде азап шегiп, қиналып жатқанда оның тұңғыш баласы «Ақын өлiмiне» арналған өлеңдi оқып, сыйлық алып жатады. Сәби жүрек не iстеп тұрғанын сезбесiн, ал соның барлығын көрiп-бiлiп отырған ересектер ше?

Өкiнiшке орай бұл долбар емес – шындық. Ауыр да ащы ақиқат. Iлияс Жансүгiровтің өкiл ұлы Жәнiбек Бiләлұлы Сүлеев «халық жауының күшiгi» деген айыппен он үш жасында, иә, он үш жасында! – абақтыға қамалып, бiр жылдан соң Сталиннiң «әкесi үшiн баласы жауап бермейдi» деген сөзiнен кейiн бостандыққа шықты. Сол «сенiмсiз күшiк» он жетiге толар-толмасында жасын өтiрiк жаздырып майданға аттанып, ерлiкпен қаза тапты Оның құрдасы Бейiмбеттiң ұлы Мереке ше? Заманның сол ызғары сәби ғұмырына салқынын тигiзiп, әкесi Омардан көз жазып қалған тiрi жетiмнiң бiрi, ақиық ақын Олжас Сүлейменов:



Каталог: repository -> history -> 24%20%D1%82%D0%BE%D0%BC.%20%D0%90%D0%BB%D0%B0%D1%88%20%D1%82%D1%83%D1%80%D0%B0%D0%BB%D1%8B%20%D0%BC%D0%B0%D2%9B%D0%B0%D0%BB%D0%B0%D0%BB%D0%B0%D1%80 -> %D0%90%D0%BB%D0%B0%D1%88%20%D1%82%D1%83%D1%80%D0%B0%D0%BB%D1%8B
%D0%90%D0%BB%D0%B0%D1%88%20%D1%82%D1%83%D1%80%D0%B0%D0%BB%D1%8B -> Тұрсын ЖҰртбай „Ұраным алаш!
%D0%90%D0%BB%D0%B0%D1%88%20%D1%82%D1%83%D1%80%D0%B0%D0%BB%D1%8B -> Халел досмұхамедов
history -> Алматы: «Санат» баспасы, 2001. 480 бет
history -> ҚазақТЫҢ ЖҮз романы. Оқу құралы. Құрастырып, баспаға дайындаған академик Рымғали Нұрғали. –Астана: «Фолиант», 2004. 456 бет. «Қазақтың жүз романы»
%D0%90%D0%BB%D0%B0%D1%88%20%D1%82%D1%83%D1%80%D0%B0%D0%BB%D1%8B -> Абай мектетебі
%D0%90%D0%BB%D0%B0%D1%88%20%D1%82%D1%83%D1%80%D0%B0%D0%BB%D1%8B -> Мағжанға Сәбиттен


Достарыңызбен бөлісу:
1   ...   10   11   12   13   14   15   16   17   ...   64




©engime.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет