Тұрсын ЖҰртбай „Ұраным алаш!


«М.Тынышбаев алдымен Воронеж қаласына жер аударылды. Мұнда ол зайыбы (үшінші қосағы



бет10/38
Дата09.11.2016
өлшемі7,37 Mb.
#1379
1   ...   6   7   8   9   10   11   12   13   ...   38

«М.Тынышбаев алдымен Воронеж қаласына жер аударылды. Мұнда ол зайыбы (үшінші қосағы Т.Ж.) Әмина Ибрагимқызы Шейх-Әли және кенже ұлы Дәулетпен келіп, Москва Донбасс темір жолы құрылысында жұмыс істеді. Жер аударылу мерзімі 1935 жылдың жазында аяқталған соң М.Тынышбаев қуғын-сүргіннің мұнымен тоқтамайтынын жақсы түсініп, зайыбы мен баласын Уфа қаласындағы Әмина Ибрагимқызының туыстарына жібереді. Өзі Батыс Қазақстанның территориясы арқылы Ташкентке, үлкен қызы Фатанад-Бануге келеді. Ташкентте көп аялдамай, Қандыағаш Гурьев темір жолы құрылысына жұмысқа орналасады. Бірақ денсаулығының нашарлауына байланысты ұзамай Ташкентке қайтып оралады. Сонда оны 1937 жылы 21 сәуір күні Өзбек ССР-і Ішкі істер халық комиссариаты тұтқынға алды», – деген мағлұмат береді.

Жоғарыда аталған оқымыстылардың көз қиығы түскен бұл деректерді күдіксіз қабылдауға болады деп есептеймін. Сондықтан да жанұясы – біреу, жарұясы – үшеу болған Мұхамеджан Тынышбаевтің балаларының тағдыры да өте тауқыметті болды. Үш ұядағы ұл мен қыз бірін-бірі білмей, көрмей өсті, кейбіреуі өзінің туған бауырлары бар екенін білмей өмірден өтті. Оған себепкер – әуелі тағдыр, содан кейін кеңестің зұлматы. Алғашқы құдай қосқан қосағы қазақ даласындағы, соның ішінде Жетісу өңіріндегі фельдшер Бақи Шалымбековтің қызы – Гүлбаһрам Бақиқызы. Сауатты, сенімді, мейірбике әйел. Ол: «1921 (бір деректе – 1923 жыл, түрмедегі көрсетіндіге жүгінсек, 1921 жылға орайласады) Шымкентте адамдарды тырысқақ (холера) індетінен емдеу кезінде инфекция жұқтырып алып қайтыс болған, сондықтан да денесін кислота құйып өртеп жіберуге мәжбүр болған» (Ескендір Мұхамеджанұлының мағлұматы). Гүлбаһрамнан – Ескендір атты бір ұл, Фатанад-Бану, Динарзада атты екі қыз қалады. Әкелерін қолдарынан түрмеге жөнелткен бұл екі қыз да тағдыр тауқыметін қатты тартып, жүрекке түскен жаралары емделмеген күйі өмірден озды.

Ал Ескендір Мұхамеджанұлының тағдыры басқаша қалыптасты. Осынау бекзаттығы мен өжеттігі тумысынан құйылып туған, әкесі Мұхамеджан тергеушілерге «қарасүйекпін» деп жазса да ақсүйек, жиырмасыншы жылдардың тілімен айтқанда «нағыз қаратаяқ» азаматпен бірге әкесінің ақталу қуанышын туған елінде бірге тойлап едік. Сондағы білгеніміз бен басылымдардағы, соның ішінде В.Маричеваның «Әкем үшін жауап бергім келеді» атты сұхбатындағы деректерді жинақтай баяндағанда Ескендір аға өзінің әңгімесін тамағын қырнап қойып (қолдан тыныс алдыратын қондырғымен жүретін):

«– Әкем Воронежге жер аударылған соң өгей шешем Әмина Ибрагимқызы ініміз Дәулетпен бірге сонда кетті. Қаланың шетінен пәтер жалдап тұрды. Мен сол кезде өзімнің түсірген фильміме қыруар ақша алған соң бірден Воронежге тарттым. Әкемді Москва – Донбасс темір жолының құрылысына жобалау бөлімінің инженері ретінде жұмысқа алыпты. Ол үнемі: «Мұнда бір түсініспестік кеткен. Бәрі де анықталған соң Қазақстанға қайтып барамыз», – деген үмітін үзбеді. Жанашырларым маған: «Воронежге барма, тіпті, біраз уақыт әкеңнің бар екенін ұмыт», – деп кеңес берді. Маған жұмыс берді, фильмдерім үшін жақсы қаламақы төледі, үнемі: «Әкесі үшін баласы жауап бермейді», – деп ескертіп отырды. Ал мен: «Әкем үшін жауап беремін! Жауап бергім келеді және оның әр сөзіне, әрбір іс-әрекетіне де жауап беремін!», – дедім. Жиырма бір күн ғана комсомол болдым, аудан хатшысы әкемнен бас тартуымды өтінді. Оның тұмсығы бет болды. 1934 жылы мені түрмеге отырғызды. Он жыл өмірім бір түрмеден екінші түрмеге, Соловкиден Беломор-каналға, одан басқа гулагқа ауысумен өтті. Мерзімімді Төменгі Тагильде аяқтадым. Қалтамда көк тиыным жоқ. Ромен Карменге: «Ақшам жоқ, қайда барарымды да білмеймін», – деп хат жаздым. Алматыға келсем тағы да қамап қоюы мүмкін. Кармен ақша жіберіп, Ташкентке баруыма кеңес берді. Ташкентте «Таһир мен Зуһра» фильмін түсіріп, жолым ашылды. Ал «Казахфильмдегі» «Оның уақыты келеді» атты фильм түсіріп, өмір мен өнерге кеткен есемді қайырдым. Әкемнің 1937 жылы тағы да тұтқындалғанын ұзақ жылдар бойы білгемін жоқ. Оны 1959 жыл 29 қыркүйек күні атылғаннан кейін 19 жылдан кейін ақтады», – деп баяндайтын.

Бірінші зайыбы Гүлбаһрам қайтыс болғаннан кейін төрт жылдан соң досы, дәрігер Сәдуақас Шәлімбековтің жесірі, қазақша қайырғанда қайын бикесі Әзизаға үйленеді. Одан туған қызы Еңлік Мұхамеджанқызы 1926 жылы дүниеге келді. Зиялы Әзиза апай ұзақ жылдар бойы туған әкесінің кім екенін жасырып келіп, 1976 жылы, яғни, Еңлікке Мұхамеджанқызы 51 жасқа толғанда ғана айтады. Еңлік Мұхамеджанқызымен жоғарыда аталған оқымысталардың қатарында сапарлас болып, кішілік танытып жүрген кезіміз де болды. Әкесі туралы ашылып сөйлеспейтін, сырын ішіне сақтаған, мінезді тек ретінде есімізде қалыпты. Шындығында да әже атанғанша әкесін әке деп сезінбегеніне өзі де ыңғайсызданған шығар. Алғашында біздің ойымызға мұндай ыңғайсыздық болар деген алаң кірмепті.

Мұхамеджан Тынышбаев туралы бұл түрме әфсанасын мынадай нысаналы естелікпен аяқтағым келеді. «Алашорданың» Жетісуда туын тіккен Лепсі, Сарқант елі Мұхамеджан Тынышбаев ақталып, кітаптары жарық көріп, қашан Темір жол институтына есімі берілгенше тумаларын жатырқап жүрді. Оның басты себебі, Қарғалыда М.Тынышбаев «қарақшы» ретінде әшкерелеген, Тынышбай қарияны және Мұхамеджанның туған туыстарын атып өлтірген әйгілі «қызыл партизан» ағайынды Мамонтовтардың «ерлігін мәңгі есте қалдыруға» арналған «Черкас қорғаны» атты іргелі ескерткіш пен шағын көрсетпе бар болатын және «партизандардың тұқымының» кеудесі басылмаған кез еді. Қалайда кешігіп барып сол ауылда тұратын мал дәрігері болып істейтін бажамыз, Алдиярдан барып қосылатын Мұхамеджанның інісі Қазтай маған хабарласып, мерейтойы есебінде салтанатты шара ұйымдастыратынын, соған орай ғалымдар ғылыми конференция өткізгілері келетінін, менің соған көмектесуімді өтінді. Бас тартатын іс емес. Дереу Кеңес Нұрпейісұлына, Әбу Тәкеновке, Федор Осадчийге, Бейсембай Байғалиевке, Болат Тәуімбетке, Ақыжан Игенбаевқа, Марат Хасанаевқа хабарласып, сол күні ғылыми конференцияның тақырыбын бөлісіп алдық. Бәрі де дайындалды. Күтпеген оқиға, сол жылдары жылы табысып, мені бауырына баса бастаған Дінмұхамед Ахметұлы Қонаев ағамыз: «Ескендір Мұхамеджанұлы екеуі жасынан дос екендігін, өзін Тынышбаевтің шәкірті есептейтінін, Қапалдағы санаторийге демалуға бара жатқандарын, содан Қарғалыдағы салтанатқа қатысатынын, ғалымдардың баратынына қуанатындығын, сонда кездесуге уәде беретінін» айтты. Бұл бізге берілген тапсырма болатын. Сонда да Марат пен Болат, Ф.Осадчий, Ақыжан аға бара алмады. Онысына кейін қатты өкінді. Оның есесіне Еңлік апаймен дидарласа жүрудің сәті түсті. Салтанат та, конференция да, бәйге де сәтті өтті. Димекең мен Ескендір аға екеуі өзара қалжыңдасып қойып бар қызыққа қатысып, Алматыда кездесетін болып Үшаралға аттанып кетті. Біз Алматыға келіп шаңымызды қағып жатқанда Димекеңнің баласы Дияр жылап тұрып, ел ағасының Алакөлде қайтқанын хабарлады...

Иә, жақсының жаны да жақсының жолында мәңгілік ұясына қонды. Араға жыл салмай Ескендір аға да дүниеден озды.

Мұхамеджан Тынышбаевтің үшінші жамағаты құмық қызы Әмина Ибрагимқызы Шейх-Әли мен одан туған ұлы Дәулет туралы профессор Әбу Сақтағанұлы Тәкеновтің «Түркістанда» жарық көрген «Тынышбаевтың екінші ұлы табылды» деп аталатын соңғы жарияланымын ықшамдап ұсынуды парызым деп есептеймін. Жоғарыда аты аталған оқымыстылардың бәрін ортақ көңіл-күйге бөлеген бұл мақалада Мұхамеджан Тынышбаевтің жанұясының тауқыметті де трагедиялық тағдыры толық қамтылған.



«... Бұл арада бірнеше жұмбақтың сырын ашуға тура келеді.Біріншіден, Мұхамеджан Тынышбаевтің «халық жауы» таңбасынан арылғанына (1956) да 40 жыл болыпты. Дәулет оны біледі екен. Екіншіден, оның ағасы – халық артисі, тұңғыш қазақ кинооператоры Ескендір Тынышбаев 1995 жылы 1 көкекте ғана дүние салды. Сонда Ескендір інісінен хабардар болмағаны ма? Мәселе сонда, хабардар болған. Оған дәлел – Дәулеттің Ескендірмен бірге түскен суреті. Фотосурет 1968–1969 жылдары Уфада өткен Қазақстан мәдениетінің онкүндігінде түсірілсе керек. Ал одан бері де 30 жылға таяу уақыт өтіпті. Бірақ ағалы-інілі Тынышбаевтар араласпағанға ұқсайды. Соңғы жылдары М.Тынышбаевтің кітаптары да жарық көріп, оған ескерткіштер қойылып, туған жерінде ас берілді (біз жоғарыда айтып өткен салтанат). Астанада (Алматыда – Т.Ж.) оның атында көше де бар. Бірақ Дәулет бұл жөнінде хабарсыз болып шықты, ал ағасы Ескендірдің қайтыс болғанын да біздің хатымыздан естіпті. Бізге жолдаған екінші хатында ол өзінің елмен байланысы болмағанын былайша баяндапты:

«Ескендірдің өлімі туралы сіздерден үлкен өкінішпен естідім, онымен хат-хабар алысуды маған жазбапты (ол менің кінәмнан емес), сондықтан біз оның туыстарынан да қайғылы хабарды уақытында ести алмадық. Ол мені Қазақстанмен ойша ғана байланыстыратын. Өзінің қарындастары жайында да маған ештеңе айтпай кетті. Мені Қазақстанмен байланыстыратын бір-ақ нәрсе, ол – Ресейдің паспорты. Онда: «Ұлты – қазақ, туған жері – Алматы, әкесі – Мұхамеджан», – деп жазылған».

Мұхамеджан да, кейін Ескендір де жас азаматтың болашағына «халық жауы» деген атақ зиянын тигізбеуін ескеріп, Дәулеттің Шейхали атын алып жүруін ойласа керек. Ескендір аға өз естеліктерінде, бізбен сөйлескенде де, шешесі Гүлбаһрам (Алматыдағы белгілі фельдшер Бақи Шалымбековтің қызы) 1923 жылы Шымкентте тырысқақ (холера) ауруын емдеу кезінде инфекция жұқтырып өлгенін, сондықтан денесін кислота құйып өртеп жібергенін айтқан-ды. Одан көп кейін өзінің құмық досы профессор Шейхалидың қарындасы Әминаға үйленгенін есіне алып: «Әмина әкеме жақсы жар болды. 1932 жылы Воронежге айдалғанда да әкеммен бірге кетті»,деген болатын. Әминадан ұл қалғанын айтпап еді. Оның мәнін енді ғана түсіндік. «Халық жауы» атанған адамға жақын жүру қауіпсіз еместігін Ескендір аға өз басынан өткерген еді. Ол 1934 жылы әкесіне – Воронежьге барып, қайтар жолында Мәскеуде КГБ-нің тырнағына іліккен болатын. Сөйтіп өмірінің он жылын Соловецкіде, Ақтеңіз-Балтық каналын қазуда, Төменгі Тагилда ГУЛАГ лагерлерінде өткізді.

Осы арада 80-жылдардың соңында Ескендір ағаймен алғашқы танысқаным есіме түседі. Мен М.Тынышбаевтың еңбектерін жинап шығарғым келеді деген ойымды білдіріп, әкесі жайлы кейбір естеліктерін тыңдадым. Содан бері Ескендір ағаймен етене жақындастық. М. Тынышбаевтың Сарқандағы асында да бірге болдық (Тіпті 1995 жылы жаңа жылмен құттықтап телефон соққаны бар). Мұхамеджан Тынышбаевтың туған жеріндегі осы жиынға еліміздің белгілі қоғам қайраткері Дінмұхамед Қонаев ағамыз да қатынасып, сөз сөйледі. Ол кісі кезінде Мұхамеджан Тынышбаевқа тиесілі құрмет, дәріптеу жасай алмағанына өкініш білдіріп еді. Өмірінде инженер Тынышбаевпен кездесе де алмапты. Өкінішке орай, бұл Димаш ақсақалдың халық алдындағы соңғы сөзі болып шықты.

Ескендір ағай өте сақ кісі болатын, көрінгенге сыр ашпайтын және саясатқа сенбейтін. Сондағы маған қойған шарты: бір-бірміздің үйімізге қатынаспайық кездесу үшін телефон арқылы келісіп, үйден тыс жерде сөйлесуіміз керек. Осы шарт әр уақытта сақталып келді. Бұның бәріне: туыс-бауырларды бір-бірінен, ата-ананы балаларынан айырған, тіпті аты-жөнін де жасыруға мәжбүр етіп, араларын алшақтатқан сталинизм, тоталитаризмнің сұм заманы кінәлі еді...

Ендігі хабарды Дәулет Мұхамеджанұлының өзіне берелік. Дәулеттің хаты (түпнұсқасы орыс тілінде жазылған):

«Құрметті профессор Тәкенов, саламатсыз ба!

Сізге хат жазып отырған Мұхамеджан Тынышбаевтың ұлы – Дәулет. Біздің қарым-қатынасымыз әуел бастан сенімді сипат алу үшін мен сізге өзімнің туғандығым туралы куәліктің, әкемнің ақталғаны туралы анықтаманың және оның фото-суретінің (сыртындағы жазу: «Мемлекеттік Дума. 1907 ж.) ксерокөшірмесін жіберіп отырмын.

Біздің Мұнай ғылыми-зерттеу институтына Гурьевтен (Атырау – Ә.Т.) келген бір қазақ мұнайшысынан мен кездейсоқ әкемнің «История казахского народа» деген кітабы Алматыда басылап шыққанын естіп, әрине, шексіз қуандым. Өкінішке орай, ол маған тек сіздің Байғалиевпен (Бейсенбай Ұлттық Ғылыми академиксының ғылыми қызметкері Ә.Т.) бірігіп жазған кіріспенің бір бөлігінің және ксерокөшірмесін ғана жіберіпті. Өзіңіз байқаған боларсыз. Мен үшін бұл мүлде жеткіліксіз, енді мен сіздің қатысуыңызбен шыққан әкемнің кітабын алғым келеді. Сөз жоқ, кітапты сатып алуға және жолға кеткен қаржыны өтер едім. Екінші жағынан, егер әкемнің еңбектерін жариялау жалғасса, менің де пайдам тиетін сияқты, өйткені менде бірсыпыра, әрине, көп емес материал бар.

Қысқаша өзім туралы: мен өз фамилиямды (Шейхали – Ә.Т.) әкемнің талабына сай алыппын. Әкем ұсталып кеткенде шешеме осылай деп хабарлапты. Өзіңіз де білетін боларсыз, мен әкемнің екінші некелі әйелінен (нағында үшінші – Т.Ж.) туғанмын. Менің анам – Шейхали Әмина Ибрагимқызы, ұлты – құмық, тегі – Дағыстаннан. Оның туыстары Мұхамеджанды тіпті Санкт-Петербургта оқыған кезінен біледі екен. Олар, мұсылман жастары, генерал Шейхалидың үйінде кездессе керек.

Әкем соңғы рет 1937 жылы тұтқындалғаннан кейін біз шешеммен бірге, онымен туыс нағашы апамның қолында Уфада тұрдық. Мектепті, одан соң Мұнай институтын бітірдім. Ғылыми-зерттеу институтына қызметке тұрдым, кандидаттық диссертация қорғадым. Докторлық диссертациямды, ойда-жоқта Башқұртстаннан тыс жерде ұзақ уақыт қызмет атқаруыма байланысты, тәмамдап үлгермедім, тақырып бойынша жарыққа шыққан 70-тен аса еңбектерім бар. ҒЗИ-нда мен ғылыми-зерттеу бөлімін басқаратынымды, «Башқұртстан Республикасының ғылымы мен техникасына еңбек сіңірген қайраткер» деген құрметті атағым бар екенін айтсам, мақтанды демессіз.

Менің Асқар атты ұлым металтанушы, физика-математика ғылымдарының кандидаты, қызым Аделя дәрігер. Жұбайым музыка мектебінің оқытушысы, қазіргі кезде зейнеткер. Хатымның адрес бойынша сізге тиетініне толық сенбегендіктен, осымен аяқтаймын. Сіздің хабарыңызды асыға күтемін.

Құрметпен және игі тілектермен Дәулет Шейхали (Тынышбаев). 30.05.95 жыл».

... Тұңғыш қазақ инженері Ескендірдің баяндауынша, өте тындырымды, ұқыпты болса керек. Мысалы, өзінің бай кітапханасындағы кітаптарын түн ішінде-ақ тұрған жерінен тауып ала береді екен. Үйіне жиі келетін Тұрар Рысқұловқа алған кітаптарды орынынан ауыстырмауды ескертеді екен. Дәулеттің хатынан оның нағашысы және Мұхамеджанның досы, профессор Дәуіт Махмұдұлы Шейхали туралы хабардар болдық. Ол кісі Мұхамеджанмен құрдас (1879 жылы туған), инженер-мелиоратор. 19271944 жылдары Алматы тәжірибе станциясында каучукты өсімдіктер агротехникасын зерттеген, көптеген аудандарда күріш өсірумен тұңғыш рет айналысқан екен. Осыған байланысты Дәуіт Шейхалиді Талдықорған облысында күріш өсіру тәжірибесін жүргізгені жайында Ескендір ағайдың айтқандары ойымызға оралды. 1944 жылдан бастап Дағыстан ауылшаруашылығы институтында кафедра басқарған. Дағыстан АССР ғылымына еңбек сіңірген қайраткер. 1951 жылы қайтыс болған... Сонымен қатар «\құмықтар қақында құмықтар хикаясы» атты шежіренің де авторы.

Міне, екі түркі халықтарының текті тұқымынан тараған Дәулет бауырымыздың хатына байланысты әзірге білгендеріміз осы».

Біздің де Мұхамеджан Тынышбаев туралы әзірге білгендеріміздің ұзын-ырғасы осындай.

Ал түрме әфсанасына қатысты қамтылмаған мағлұматтар өзге куәлардың айғақтарында қосымша дерек ретінде келтіріледі.

Әзірше тәмәт-тәмәм.



1 наурыз. 2009 жыл. 8:18.

ҮШІНШІ ТАРАУ: «БОСТАНДЫҚТЫҢ АЯТТЫ ЖАСЫЛ ТУЫН ТІККЕН...»

(Халел Досмұхамедов және Жаһанша Досмұхамедов және...)

1.

«Сталин қазақтың жауапты қызметкерлерін бір-біріне қарсы қойып, қидаластыру арқылы бұл халықты зиялылардан айырды», – дегенге саятын Троцкийдің пікірі ақиқат. Бұрын бұл жазалау саясатының көп қитұрқысының бір тәсілі ретінде қаралатын. Құпия құжаттармен дендеп танысқан сайын мұның нақты және ең аяр саясат екені деректі дәлелмен ашыла бастады. Және Каширин, Якубовский, Альшанский сияқты кәнігі арандатушыларды олардың соңына тұрақты түрде салып қойды. Олар, бірінші кітапта айтылғанындай, үш айда, жарты жылда, жыл аяғында Мәскеуге есеп беріп, арандатудың жаңа тәсілдерін алдын-ала қарастырып, жансыздарды дер кезінде «сіңіріп» отырды.



Сонымен қатар «ескі көздер» мен «жаңа көздердің» жазбаларын, мұрағаттарын, құпия күнделіктерін, өзара жазысқан хаттарын тіміскілікпен де, сұғанақтықпен де пайдаланды. Тіпті ерлі-зайыптылардың екеуара «жүрекжардысы» да тергеудің кәдесіне жаратылды. Сондай қатерден сақтанған алаш қайраткерлері өзінің жеке мұрағаттарын құпия сақтады немесе үнемі көзін жойып отырды. «Алашорда» туралы жинақ құрастырғанда өздерінің тек құпия тыңшылар мен жандармереяның жасырын мәліметтеріне сүйенген Брайнин мен Шафиро:

«Осымен қатар басқа бір мәселені қозғай кеткім келеді. Айтушылар бізді: тек қана жандарм мекемесінің құжаттарын пайдаланды – деп айыптайды, мұның да жөні бар. Мәселе: бұл құжаттарды пайдалануға бола ма, жоқ па, – деп қойылып отырған жоқ, мәселе – бұл құжаттарды қалай пайдалануда», – деп (Алаш қозғалысы, 4 том, 73-бет) қысылып-қымтырылмастан ашық мойындады.

Ал қандай құжатты, қай кезде, кімге қарсы және қалай пайдалануды кеңестік күркілдер білетін. Сондықтан да негізінен жандармерея мен ОГПУ тергеушілері жинақтаған тыңшылық құжаттардан құрастырылған «Алашорда» туралы мұрахаттардың тек қана айыптау бағытындағы әшкерелеуші дерек ретінде қызмет еткені түсінікті.

Өкiнiшке орай, уәжге құлақ аспайтын, оған пәрменi де жетпейтiн, пәйнегi де шыдамайтын, тергеушiлердiң ықпалында кеткен, ақыры өзi де арандап тынған жалақорлар мен жалтақтар да әдiлетсiздiктiң үстемдiк құруына септiгiн тигiздi. Түрме iшiне жiберiлген тыңшылар жауапқа тартылғандардың әрбiр сөзiн қағыс қалдырмай қожайындарына жеткiзiп отырды. Солардың сыпсыма өсектерiнiң негiзiнде айып қорытындысы әзiрленiп, сұрақ қойылды. Тiкелей «Алашорда» үкiметiне қатысы жоқ, жай ғана желеумен жауапқа тартылғандардың арасында «салпаңқұлақтардың» кiрiп кетуi әбден мүмкiн. Тергеуге жетпiстен астам адамның алынуы да күдiк келтiредi. Олар бiр-бiрiн жақсы да тани бермейтiн.

Сондай-ақ, «үштiктiң» қарамағына көшкендерге қинаудың қандай да болсын түрлерiн қолдануға еркiндiк берiлген арнайы жарлық та бар болатын. Сол үшiн әрбiр түрменiң iшiнен ыстық, суық камералар жасақталды. Мұны «ұлы құрбандықтарға» да қолданғаны күдiк тудырмайды. Оған ОГПУ-дiң Мәскеудегi Шығыс бөлiмiнiң бастығы Дьяковқа Орта Азия бөлiмiнiң бастығы Каруцкий мен Шығыс бөлiмшесiнiң бастығы Круковскийдiң:



«… Қазақ интеллигенттерiн қинауды күшейту туралы сiздiң жарлығыңыз басшылыққа алынды және интеллигенттердiң сөздерiн жеткiзiп отыру үшiн әзiрше үш тыңшы - «Қалам» («Перо»), «Нияз», «Дальше» - олардың арасына кiргiзiлдi. Өзге тыңшыларды тартуға дайындықтар жүргiзiлiп жатыр.

Ескерте кетерiмiз, «Шағыр» Шымкенттегi тұрақты қызмет орынына жүрiп кеттi, тазарту кезiнде партия қатарынан шығарылды», - деген мәлiметi толық дәлел.

Бұдан «ұлы құрбандарға» қарсы ұрып-соғу, қинау, арандату әрекеттерiнiң барынша кеңiнен әрi қаталдықпен қолданылғаны анық байқалады. Мұның егжей-тегжейiн баяндау дербес тақырыптың арқауы. Қармаққа кiм iлiндi, қандай қиянатқа жол берiлдi, «Қалам» мен «Нияз», «Дальше» дегендер кiмдер едi, «үндеместердiң» мағлұматы тергеу барысына қалай әсер еттi? Бұл – жауапсыз қалатын сұрақтар емес. Жауап берiледi де. Тек адамгершiлiктен аттамас үшiн, кiнәсiз ұрпақтардың бетiне шiркеу түсiрмеу мақсатында әзiрше бұл мәселенi қалтарыста қалдыра тұруды санадық. Сенiммен, кепiлдiк бере айтылатын бiр сөз – алаштың ардагерлерi:

Қинамайды түрмесiне жапқаны,

Қинамайды атқаны,

Қинайды тек өз итiмнiң,

Балағымнан қапқаны, -


деп Ақаң – Ахмет Байтұрсынов айтқандай, түрменi де, қинауды да, ату жазасын да салқындылықпен қабылдап, қасқайып қарсы тұрып, рухын тiк ұстады.

Тергеушiлердiң қитұрқы арандатуларын олардың емеурiнiнен – ақ түсiнiп, мысқылмиен жауап берiп, мысын құртқан. «Бұл мәселенi анау жақсы бiлдi» деп көсемдерге сiлтеме жасап, келесi сұрақты қойдырмай, алдын орап отырған. Тергеушiлердiң өздерi де тiксiнiп арандап қалудан сезiктенiп, арнайы дайындықпен келген. Бiрақ та қанша жаныққанымен де «Алашордада» үкiметiнiң Төрағасы Әлихан Бөкейхановты тұтқындауға дәрменi жетпедi. Сондықтан да тергеушi Балдаев (қолы анық танылмады, сондықтан өзгеше болуы да мүмкiн – Т. Ж.) Бiрiккен Мемлекеттiк Саяси Басқарманың бастығыының орынбасары Альшанскийге берген есебiнде:



«Қолдағы деректердiң жеткiлiксiздiгiнен Бөкейхановты табан астында шұғыл түрде тұтқындауға мүмкiндiк болмады, сондықтанда бiз тергеу жұмысын мынандай тәсілiмен, егерде тағылған айыптауларды мойындамай, терiске шығарса оны тұтқындамай босатып жiберуге мүмкiндiк алатындай есеппен жүргiздiк», - деп жазды.

«Алашорда» Үкiметiнiң Төрағасы әр сөзiн шегелеп, дәлелдеп, бұрынғы және бүгiнгi Ресей өкiметiнiң әрбiр әрекетiн қысқа ғана талдап, «қызылдарға қарсы болған себебiм мынау, оған кеңес өкiметiне былай қарады», - деп түйiп-түйiп айтып, тұқырта түйiндеп отырды. Әлекеңнiң мысы басқаны сондай: «Кеңес өкiметi жер мен аз ұлттар туралы қаулы шығарардың қарсаңында менi тұтқындап, ақыр соңында Бутыркадан – Кремльдiң төрiне бiрақ - ақ шығарушы едi. Бұл жол қайтесiңдер» - деп кекетуден де жасқанбады. Өзiн-өзi ұстай бiлген ұлт көсемiн ОГПУ – тергеушiлерi ақыры тұтқындауға бата алмады. Әлиханның еркiндiкте жүруi түрмедегi Ахмет, Мiржақып, Жүсiпбек, Мағжан, Мұхамеджан, Мұхтар Әлiмхан iспеттi достары мен бауырларының да рухын көтердi. Сталиннiң өзi жеке қалып сөйлеуден именетiн Әлекең – Әлихан Бөкейханов бостандықта жүрсе – өздерiне араша түсетiндерiне сендi. Ол сенгiмдерi ақталды да.

Осының ішінде алаштық және кеңестік қазақ зиялыларын шетінен «жапон имперализмінің шпионы» етіп көрсетіп, оларды баудай қырып түсіруге ту басында себепкер болған деректің бірі де, бірегейі де тұрлауы толық анықталмаған тұлғалар – М.Тұңғашин мен мен Б.Қаратаевтің жеке архив құжаттары еді.

Қарт күрескерлер, патша мен кеңес өкіметі тұсында қазақ мүддесін қузаған, екі өкіметтің де тізгінін кезек қағып, «қамшыгер» атанған М.Тұңғашин мен Б.Қаратаев өздерінің «тиянақты түрде жиыстырып», құпия түрде сақтаған деректердің барлығын (С.Меңдешевтің кеңесімен өткізуі де мүмкін – ?) большевиктердің архивіне өткізді. Егерде «Алашорданың» ұйымдастыру құрылтайында М.Тұңғашин мен Бақытжан Қаратаевті «жандармереяның жансызы» деп жариялап, жиыннан шығарып жібергенін еске алсақ, бұл оқиғаны мына «тиянақтылықпен» салыстырып, оның астары мен залалын таразыласақ, санада «қарт күрескерлердің» бейнесі емес, көмескі тартқан ақ шашты сүлдерлері ғана қалады. Тікелей «Алашорда» үкіметінің құрамына кірмесе де, олардың хаттамалары мен шешімдері, бұйрықтары мен нұсқаулары тіркелген құжаттарға, сол құжаттардағы оқиғаларға қарсы пікір білдіргендердің жазбалары мен куәліктерінің түпнұсқасына немесе көшірмелеріне тиісті түсінік беріп, түптеп отырғандары ұқыптылық па, жоқ, ұрымталдық па? Жоқ, «аурулары қалса да, әдеттері қалмай», қашан да билеуші үкіметтің көңілін тауып, екібетті қалыптарын сақтап қалғаны ма? Әйтеуір, тергеушілерді – сүйіндіріп, тергелушілерді – күйіндірген бұл құжаттар алашордашыларға да, большевиктерге де «жапон шпионы» деген қарғыбау ілді.

Қазақ зиялыларына қарғыбау болып тағылған осынау қарғыс атқан формулировканың шығуына негіз қалаған тарихи оқиға туралы Заки Валиди өзінің «Естелігінде»:

«1918 жылы 15 мамыр күні Астыртын жағдайда «Алашорда» өкілдерімен ақылдаса отырып Қостанайда жасырын кеңес өткізді, онда: Қазақстанның, Башқұртстанның, Түркістанның саяси жағдайы туралы мәлімдеме жазылып, оны бүкіл әлемге тарату үшін Жапония үкіметіне жеткізу мәселесі қаралып, мақұлданды. Жапонияның таңдап алынуы, бұл ел Ресейдің одақтасы болатын. Сол арқылы халықаралық үрдісті сақтауды көзделді. Алайда 27 мамыр күні Чехословак корпусы Челябі – Омбы арасындағы темір жол желісін басып алды... Кеңес өкіметіне қарсы күресу үшін башқұрттарға дем беріп, 7 маусым күні ұлыттық үкімет құрылды. Онда З.Валидов әскери министр міндетін атқарды. Қалыптасқан әскери қоршау жағдайында Урал мен Қазақстан аймағындағы біріккен мұсылман Мемлекетін құру идеясы да ұсынылды. Башқұрт әскері жеңістен жеңіске жетіп, Қазақстан мен Түркістанға бет алды. «Кеңес өкіметіне қарсы башқұрттармен қазақтардың бірігіп күресуі (большевиктердің) өшпенділігін өршіте түсті. «Колчактік Сібір үкіметінің жоғары командованиесі өткізетін 18-21 шілде аралығындағы құрылтайға ұсыну үшін Башқұртстан мен «Алашорда» үкіметінің 12 баптан тұратын ұсынысы Семейде талқыланды. Оған Башқұртстаннан – Сеитгерей Мағазов, «Алашордадан» – Әлихан Бөкейханов, Түркістан – Қоқан автономиясының төрағасы Мұхамеджан Тынышбаев қатысты», – деген мағлұмат береді.

Міне, Жапония үкіметіне қатысты осы құжаттар 1922-1953 жылдардың арасында қазақ зиялыларына «Жапон милитаристік мемлекетінің шпионы» – деген айып тағуға мүмкіндік берді. Ал ол құжаттар Сібір үкіметінің құрылтайынан:





Достарыңызбен бөлісу:
1   ...   6   7   8   9   10   11   12   13   ...   38




©engime.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет