Сөз жоқ, профессор М.Әуезов жолдас бұрынғы ұлтшылдық қателерінің аяғына тұсау болып жүрген қалдықтарынан неғұрлым тез құтылса, солғұрлым оның өзіне де, жалпы істің мүддесі үшін де өте пайдалы болмақ».
Қазақстандағы ғылым саласындағы басты бақылаушы академиктің, қоғамдық ғылымның бас иедологінің бұл мақаласы тек оның өзінің ғана емес, кеңестік жазалау аппаратының үкімі де болатын. Араға төрт жыл салып барып осында айтылған әр ескертпе саяси. Идеологиялық, ұлтшыл, буржауазиялық өрескел қателіктер мен бұрмалаушылықтар ретінде айыптау қорытындысына айналып, әр абзацтағы пікір жеке мәселе ретінде талқыға салынды. Сондықтан да саясаттың аспанда үйірілген бұлтын алыстан танитын М.Әуезовтің жанұшыра жанталасуы заңды да еді.
Ал бұл әңгіртаяқтан құтқаратын адам біреу-ақ, ол «халықтардың көсемі» Сталиннің ғана қолынан келетінін түсінді. Түсінді де «Қазақстан кеңес жазушылар одағының мүшесі және Қазақ Ғылым Академиясының толық мүшесі Мұхтар Әуезов «БК(б)П Орталық Комитетіне, Сталинге» жанайқайын жеткізуге ұмтылды. Ол «жазушылар мен ғалымдардың әкесіне» (М.Әуезов):
«Осы жылдың 14-наурыз күні қазақ тілінде шығатын республикалық «Социалистік Қазақстан» газетінің бетінде жарияланған С.Бәйішевтің маған аса ауыр айып таққан мақаласы – менің 30 жылдық жазушылық, ғылыми-зерттеу жұмысымды және Қазақстанның жоғары оқу орындарындағы 15 жылдық педагогикалық қызметімді кеңес өкіметіне қарсы жүйелі және табанды түрде жүргізілген әрекет ретінде қаралап шықты. Бұл мақаланың өзегі – обьективті, қатал талап қоя білетін, большевиктік әділ сынға емес, керісінше, республикадағы беделді басылымның жарияланымының, адал кеңес жазушысы, мәдениет майданының қайраткері, отанына берілген кеңес азаматы – менің барлық әдеби-ғылыми, қоғамдық қызметіме дөрекі айып тағу арқылы менің барлық еңбегімді еш кетіруге бағытталуы – аталған мақаланың тапсырысты мақсат көздеп, табалау (глубоко оскорбительный) тұрғысында жазылғандығын айқындап береді. Менің қызметім мен жеке басыма қатысты мұндай әпербақан және қатыгез талқыға (расправой) бойсынғым келмесе де, оған қандай да бір ресми жолмен жауап берудің мүмкіндігі болмағандықтан да, дәл осындай шектен шыққан жанкешуді басынан өткізген партия мүшелерімен, мен сияқты партияда жоқ қызметкерлердің сізге жүгінетіні сияқты, мен де тек Сіздің жеке өзіңізге жүгініп отырмын.
Мен Сізге, ең әділ және ең жоғарғы сот, кеңес жазушыларының, кеңес ғалымдарының әкесі ретінде жүгіне отырып, менің еңбегімнің бағасын және мәдениет майданының қарапайым қызметкері деген атымды қалпына келтіруге, сөйтіп, өзімнің кеңестік отанымның мүддесі үшін қалыпты жұмыс істеуге көмектесуіңізді өтінемін.
Менің еңбектерімнің нәтижесін бағалай отырып үкімет мені 1945 жылы Еңбек Қызыл Ту орденімен марапаттады, ал 1946 жылы Қазақ Ғылым академиясы құрылған кезде мені Академияның толық мүшесі және Президиум мүшесі етіп сайлады.
Ұзақ жылдарғы менің қызмет жолым өзінің ұзына бойында идеялогиялық-саяси, көркемдік-ғылыми тұрғыдан бағалағанда оның барлық белесінде мінсіз болды дей алмаймын.
Қысқаша айтқанда, мен: Қазақстандағы барлық мәдениет майданының жетекшісі (саяси-ұлтшыл бұрмалаушылықтың ұйымдастырушысы – Т.Ж.) ретінде айыпталып отырмын, дәлірек айтсам, Әбдіхалықов жолдастың, ҚК(б)П Орталық Комитетінің хатшысының мәдениет майданында жіберген идеологиялық қателері маған – партияда жоқ жазушы, ғалымға аударылып сап отыр, өйткені, ешқандай пікір таластырмастан, қарсы пікір білдіруге мүмкіндік берместен адамға жала жабу оп-оңай, оның үстіне, ұлтшылдық өмір тарихы бар адамды кез-келген сәтте кез-келген жалған жаламен (в любых смертных грехах) айыптау түкке тұрмайды.
Осындай бағытты ұстанған болуы керек, менің барлық шығармаларымды, оның ішінде кеңестік тақырыпқа арналған пьесаларымды, Бәйішев бір-ақ сөзбен, маңызсыз мағлұмат ретінде жоққа шығара салыпы. Ал, анығында, осы Бәйішев жолдастың өзі 1938 жылы «Социалистік Қазақстанның» редакторы кезінде 1938 жылғы халық жауларын әшкерелеген менің «Шекарада» атты пьесама бір бет мақала арнаған болатын. Алайда бұл пьеса кеңестік тақырыпқа арналған өзге де пьесалар сияқты сақнада ұзақ тұрақтаған жоқ...
Таңқаларлығы сол, қазақ немесе одақ оқырмандары тарапынан менің бір шығармам туралы қандай да бір жағымды пікір айтыла қалса болды, ж.Әбдіхалықовтың маған деген көзқарасы бұзылып шыға келеді. Сонда оның көздеген мүддесі не? Әлде, ол жетекшілік ететін әдебиет, өнер саласының мамандары жаңа туындыларды өмірге әкеліп, сол арқылы мұқым мәдениет майданының даңқын көтергеніне кінәлі ме, әлде, әдебиеттің тағдыры үшін алаңдағансыған сырттайғы жалған құқайы ма, міне, осынысы жұмбақ, бұл менің жеке басым үшін ғана емес, Қазақстан әдебиетінің, өнерінің және ғылымының басым көпшілік мамандары үшін де жұмбақ жайт. Адамның жеке басына қарап еңбегіне баға бермей, еңбегіне қарап адамды бағалау туралы БК(б)П-ның әділ талабы – жолд. Әбдіхалықовтың қызмет талабы мен дағдысына енбеген болса керек. тіпті Шаяхметовтің жолдастың берген бағасына бойсынбау да осы адамнан, осы пиғылдан шығып отыр, соның пікірін малданған жолд. Бәйішевтің мақаласы менің баяғыда өтіп кеткен, еңбек жолымдағы ескірген өмірімді қайта жаңғыртып, менің барлық қызметімді сынға алып отыр.
Қалыптасқан осындай күрделі жағдайға байланысты мен Сізден: мені осындай қиын жағдайға душар етіп, еңбегімді еш кетірген, шарасыз тұйыққа тіреген жағдайға назарыңызды аударуды өтінемін»,– деп үміттене шағынды.
Бұл хаттың қандай нәтиже бергені бізге беймәлім. Сол тұста Орталық Комитеттің тарапынан М.Әуезовті өзгелерден дербес ажыратып, даралай сынап, тобырдан бөліп алу туралы пәрменді жарлық болса керек. Әрине, мұнда алдыңғы тарауда айтылған үш топтың еңбегі ерекше. Пәленше мен түгеншелердің күнделікті сыпсыңы үлкен пікір ретінде қорытылып, жазалау саясатының құралына айналды.
Мұндай қыздырмадан қалыс қалу, еруліге қарулы көрсетпеу өзіңнің «жаулығыңды мойындаумен» пара-пар. Сондықтан да «жанр заңына байланысты» М.Әуезов те мінбеге көтерілді. Ол енді жоғарыдағы ұлтшыл-идеясыз жазушылардың қатарына Ғ.Мүсіреповтің өзін де «қыстырып» жіберді.
М.Әуезов: «Идеология майданын, әсіресе, әдебиетімізді зиянды әрекеттерден тазарту туралы мәселе қазір барынша батыл қойылып отыр. Буржуазияшыл ұлтшылдық тарихи прогресске, халқымыздың өткендегі тарихына қарама-қарсы. Біздің халқымыздың өзінің өткен замандағы тарихында Шоқан, Абай, Ыбырай сияқты ұлдары болғанын мақтан етеді. Халқымыздың бақытына қарай олар ұлтшылдық адасудан аулақ болды, өз халқының келешегін орыс мәдениетінен, орыс халқымен достасудан көрді. Ал панисламистер мен пантүркистерден бастап алашордашыларға дейінгі ұлтшылдар тарихи прогресске улы зардабын тигізумен болды. Қазіргі совет жағдайындағы ұлтшылдар да сол жат идеяны бүркемелеп өткізуге тырысып бақты. Ұлтшылдықтың бір түрі өткен заманда болған кейбір тарихи адамдарды халық қамын жеген патриот етіп көрсетуде. Сондықтан, біз тарихи тақырыпқа жазылған шығармаларды қайта қарап, оларды бүгінгі күннің тұрғысынан әділ бағалауымыз керек. Бұл ретте драматург Ғабит Мүсіреповтің «Ақан сері – Ақтоқты» пьесасын атауға болады. Бұл пьеса орыс халқына жаны қас болған, панисламист ақын Ақан серінің өмірінен алынған. Ал Ақан сері орыс шаруаларының қазақ жеріне орналасуына, қазақ кедейлерінің олармен араласуына барынша қарсы болған, кейде патшадан үміт күтіп, түңілгенде Бұқараға, Түркияға көшуді аңсаған, халықты соған үгіттеген адам. Ақан сері өзінің творчествосында, поэзиясында, музыкада жекелік сарында, эстетизм бағытында болды, халықтан, халық өмірінен аулақтанды. Біз бұл қателердің бетін тереңірек ашып, мұндай адамдардың творчествосын, өмірін таптық тұрғыдан қарап бағалауымыз қажет» - деп Ғ.Мүсіреповтің орнына Ақан серіні жазғыруға дейін барды.
Әрине бұл ақыл-ойдың шешімі емес, амалсыздықтың, «суға кеткен тал қармайдының» жанталасы. Сәбит пен Ғабит қатар шығып, екеуінің өзін ортаға тықсырғанына көрсеткен азуы, батырған тісі еді. Қарама-қарсы пікірде сөйлеген пікірлердің бәрін тізіп шығу мүмкін емес. Әсіресе, стенограммалардағы сөздердің тұздығы ащы, қыжырынуы басым. Тіпті бет жыртысуға барған жағдайлар да кездеседі. Оның барлығын тізіп шығу біздің міндетімізге де жатпайды. Ресми сипат алған пікірлерге ғана тоқталдық.
Мұның түбі жақсылыққа әкелмейтінін зиялылардың бәрі де жақсы білді, біле тұрып, өзіне бөлінген саяси сақнадағы ролін ерікті-еріксіз ойнауға мәжбүр болды. Мысалы, осы сөзінде Ғ.Мүсірепов өзінің «Қозы Көрпеш – Баян сұлу» пьесасындағы қателіктерді тізіп шығып, оны түзетуге уәде берді. Сол қателіктерді Ғ.Мүсірепов шынымен қате деп мойындады ма, түзетілді ме?!. М.Әуезов те уәде берді және өзгертті. Ал одан шығарма ұтты ма, ұтылды ма? Көтібардың – Басыбар, Жиреншені – Қалша деуден шығарманың мазмұны, идеясы өзгерді ме? Сәбит Мұқанов өзінің шығармаларын қайта парақтаған да жоқ. Демек, бұл майдан – көркем әдебиет үшін ашылған майдан емес, топшылдықты қоздыра отырып жоқ ұлтшылдықты «әшкерелеу», сөйтіп, тұлғаларды үрей құрсауында ұстау науқанына айналды. Мұны М.Әуезов қана тап басып ашық айта алды:
М.Әуезов: «Сәбиттің бойында қалыптасқан қате түсінікті айта кетуім керек. ... Егерде әдеби шығармада қате кетсе, оның әдеби қате екенін ... түсінбей, мұны автор қасақана істеп отыр деп айып тағады. ... Қазақ әдебиетінің төселген шебері нақты мәселеден бастамай, дөрекі сөйлеп, автор бұл зиянды мәселені саналы түрде қайта көтеріп отыр – дегісі келеді. Орыстарда: «Дауысың қалай шықса, жаңғырық та солай шығады» («Как аукнется, так и отклекнется») – деген мәтел бар, ендеше ол маған қандай саяси айып тақса, мен де оған тура сондай жауап беремін», – деген (№68 іс, 86-бет) мағынада жауап берді.
... және Сәбиттің жанына батыра сөйледі. Өкінішке орай, олар «жайланып отырып» сөйлесе алмаған сияқты. Ғабит Мүсірепов те ара ағайын бола алмады. Қайта ол түйіншік шиеленісе берді. Әуезов пен Мүсіреповтің оңаша үйде өткен әйгілі талқыласуы тура осы күндері өтті.
Әлжаппар Әбішев: «Ол 47-жылдың көктемі еді. Бұл кез Мұқаңның Ғабеңе катты өкпелеп жүрген кезі болатын. Күндердің бір күнінде Мұқаң телефон соқты. Ол кісінің бір әдеті біреумен өкпелесе қалса оның фамилиясын айтатын-ды. Амандық сұрасудан кейн, сол әдеті бойынша: «Ана Мүсіреповтің менімен кінәласқысы келеді екен, мен оған сенің алдыңда ғана кінәласамын дедім. Сені қалаған себебім...», – деді де, менің астыма бүкіл қазаққа жететіндей бір қалың көпшікті қойып жіберді... Қойшы, Ғабең де телефон соқты... Мен Мұқаңа телефон соғып, қашан, қайда кездесетінімізді сұрап едім: «Ертең кешкі сағат сегізде маған келіңдер деді»,– деді. Біздер айтылған кезде бардық. Барсақ Мұқаң кабинетінде жазу столының басында отыр екен. Ғабең оның қарсысындағы креслоға отырды да, мен екеуінің жүзін бірдей көріп отыру үшін бүйірде тұрған диванға барып жайғастым. Жазу столының үстіндегі шам жанбай тұр екен. Ғабең соны жөндемек болып тіпкі тетігін айналдыра бастап еді, Мұқаң: «Қолыңнан келмеске әуре болып қайтесің, онанда сөзіңді баста»,– деді.
Бұл екеуінің өкпелесуіне себеп болған жай: Ғабеңнің сол жылдың бас кезінде Қазақстан Компартиясы Орталық коммитетінің бірінші секретары Жұмабай Шаяхметов баяндама жасаған қалалық бір үлкен жиналыста Мұқаң туралы сөйлеген қатаң сөзі болатын. Бұл екі алыптың дәл осы тұста кездесулерінен мен екі асқар таудың соқтығысын көретіндей сескенген едім, көргенім күткенімдей болып шықты. Оның мынадай екі түрлі себебі бар».
1947 жылы 21 қаңтар күні «Қаз ССР ҒА-ның Тіл және әдебиет институтының қызметіндегі өрескел саяси қателер туралы» № 39 қаулы шықты. Соған орай Ж.Шаяхметов өзінің сөзінде:
«Ә.Мәметованың «Қазақ билерінің шешендік өнері» атты диссертациялық еңбегінде және «Қазақ әдебиетінің тарихының» (М.Әуезовтің жалпылай жетекшілігімен) бірінші томының қолжазбасында тарихтағы аса белігілі, халық бұқарасын тұншықтырушы Кеңгірбай, Қараменді, Шорман және сол сияқты ірі феодал-байлар мен билер халық данасы және халықтың қорғанышы ретінде марапатталады. Қазіргі аса ірі қазақ жазушыларының бірі, буржуазиялық-ұлтшыл идеяның жаршысы – М.Әуезовтің өткендегі кеңеске қарсы жүргізген әдеби қайраткерлігі принципті түрде нақты талқыланбады»», – деп біраз «салмақты айып» таққан болатын.
М.Әуезовтің көңілін қалдырған Ғ.Мүсіреповтің сол мәжілісте хатшының пікірін қостай, ұлтшылдықтың тамырына балта шаба отырып сөйлеген сөзіндегі:
«Алайда, Жазушылар одағы тарапынан ұлтшылдықпен күресу барысында кеткен өрескел қателер мен үлкен кемшіліктерді Қазақстан компартиясы Орталық Комитетінің соңғы шешімі орынды көрсетіп отыр. Егерде, біз өзімізге өзіміз сын көзімен есеп берсек, өкінішке орай, біз ұлтшылдықпен күресе отырып, сол ұлтшылдықтың жандануына жағдай жасаппыз... Қазақстан жазушылар одағы бір уақытта ұлтшылдықпен күресе отырып, оның жандануына жағдай жасауы кездейсоқтық па? Жоқ, бұл кездейсоқтық емес. ... Екіншіден, бұл пайда болып келе жатқан топшылдықтың отын қоздырудың жасырын амалы, егерде топшылдық жоқ болса, оны қолдан жасайды! ... Әуезов жолдастың соңғы жылдардағы ұлтшылдық сарындағы қателері, сөз жоқ, оның өткендегі идеялық тұрақсыздығымен, адасуларымен тығыз байланысты. Басқа ешкім емес, Әуезов жолдастың өзі әдебиетшілеріміз бен ғалымдарымыздың ішінде ең бірінші рет халықтың зұлым жауы Кенесарыны жер-көкке сыйғызбай дәріптеп, аспанға көтерді»,– деген зілі ауыр айыптаулары болатын.
Ә.Әбішев: «Біріншісі: өзі кінәласуға барып отырған Ғабең сол жиналыстағы қатал позициясынан қайтпауға бекініп Мұқаңның тағдыры үшін оның өзімен айтысуға барыпты. Бүгінгілер үшін қайталап айтайын, ол Мұқаңның тағдыры үшін оның өзімен айтысуға барыпты. Оның ойынша: Мұқаң сақтанбаса, өзгелеріміз сақтандырмасақ, одан айырыламыз. Одан айырылу – Абайдан да айырылу. Егер қазіргі бетінен қайтпаса, халықты осындай апатқа ұшыратушы – Мұқаңның өзі болуы мүмкін. Ғабең сөзді осылай бастады. Екіншісі: Мұқаңның өмірінің соңғы кезінде де өз бойынан өзі тапқан, бірақ түгел жоя алмай кеткен бір қыңырлығы... Егер авторымен жақсы болса, оның жаманы да жақсы. Ал өзімен араз болса, оның жақсысы жаман болатын.
Ғабең жаңағыдай қатал ойымен бекініп барса, Мұқаңның оған қарсы әзірлеген жауабы да осал емес екен. Ол көргісі келмеген кезінде аспандағы күнді де көрмей кететін қыңырлығын қырлап алып, Ғабеңнің бойынан ешқандай жақсылық көрмеске, оның ақ дегенін – қара, қара дегенін – ақ деуге әбден бекініп алыпты. Ғабең өзінің жиналыстағы сөзіне талдау жасап, қырық минуттай сөйлеп еді, кезек алған Мұқаң онан екі есе асырып жіберді. Таулардың нағыз қақтығысы екінші сөзден басталды. Бір ғажабы, екеуі бірін-бірі қимастан, аямастан қинап отыр... Тіпті сөз таластырғысы келген шақтарында үн қатпастан тек ауыр ыңыранып, тына қалады. Қанша қатты сөз естісе де сөз киліктіру жоқ. Ашынған кездерінде мүлдем аспандап кетеді екен. Бір минут толыстамастан төрт жарым сағат бойы сайысқанда екеуінің түйілген қабағы бір ашылған жоқ...
– Мен борышымды өтедім,– деу болды Ғабеңнің ең соңғы сөзі. Ол соны айтты да орынынан түрегелді. Мұқаң сазарып үн қатқан жоқ.
– Шалдар-ай, шаршаттыңдар-ау,– деп мен де түрегелдім. Шынында да мен қатты шаршадым. Өмірімде Мұқаңның үйінен көрсініп шыққаным сол күнгі түн болды. Мұқаңның бұл қыңырлығы кейін «Абайдың» екінші кітабында салқынын тигізе жаздады. Өйткені бұл екеуінің араздығын пайдаланатындар арамыздан біраз табылатын» (Айтпай кетті демесін арттағылар.А. 2007, 237-238 бетер).
Бірақ бұл да 1:2- нің, 2:1-дің ойнақы ойынын тоқтата алған жоқ.
Қазақ тарихы, қазақ эпосы, қазақ драматургиясы, оның ішінде, Кенесары, «Хан кене», «Қара қыпшақ Қобыланды» пьесалары жаппай сынға алынды. Тіпті тілшілер де араласып, Маррдың тіл ғылымындағы «ой ағымына» қарсы науқанның қызған кезінде М.Балақаев сияқты ғалымдар «Абай» романындағы сөйлем құрылымдарының қазақ тілінің заңдылығына қарсы құрылғаны туралы мақала да жазды. Оған М.Әуезов әр жазушының стилі болады, менің ойым ауыр, бар көркемдік салмақ лирикалық ырғақ пен ой екпініне құрылады, сондықтан да бұл жазушының кемшілігі емес, ерекшелігі – деген мағынада жауап берді. «Асыл нәсілдер» пьесасын Ш.Аймановқа одақтың төралқасының отырысында оқыттырып алып, С.Мұқанов, Ә.Әбішев, М.Иманжанов талқыға салып, репертуарға қабылдамай тастады (392 іс).
Ә.Әбішев (сонда): «Ол кісі соғыстан кейінгі жылдардың бірінде «Асыл нәсілдер» дейтін әлсіздеу пьеса жазып еді де, оны театр дайындап жатқан кезде сапарда жүрген Мұқаңның келуіне қаратпастан тоқтаттырған едім. Ол үшін маған Мұқаң маған өкпелеген-ді. Есіме сол түсе кетті де «Асыл нәсілдің» кезінде де біздер осы кездегіміздей жақсы едік қой. Егер мен қателескен болсам, қазір ақ дегеніңіз – алғыс, қара дегеніңіз – қарғыс, неге қойғызбайсыз?», – дедім. Осымен менің жауабым да біткен-ді».
Мұның барлығы М.Әуезовтің жүрегін тілгілеп жатса да, «саяси айыптан» аман болған соң, салыстырмалы түрде қалыпты қабылдады деп айтуға болады. Оның үстіне «Асыл нәсілдер» оның шығармашылық өмірбаянындағы заман тақырыбына жауап беру ниетінде туған өтпелі ғана дүние екенін қаламгердің өзі де, өзгелер де білді.
Міне, осындай шымшымалар мен мыршымалар моншақтай тізіліп, жиырыла келіп М.Әуезовтің ең басты күре тамырының буынына қол салып, тырнағын батырды. Ол – бар ғұмырының мақсаты «Абай» романы болатын. Бірінші кітабі 1943 жылы барынша жан-жақты талқыланып, Ғ.Мүсіреповтің әйгілі мақаласымен сәтті қорытындыланған болатын. Ол тұста айтылмай қалған әттегенайлар мен романның орыс тіліне аударылуына байланысты жаңа «саяси кемшіліктер» алға тартылды. Соның ішінде өскемендік «сыншы» С.С.Ужгиннің 1940 жылы Мәскеуде басылып шыққан «Қазақ поэзиясының антологиясы» атты жинаққа білдірген М.И.Фетисов-Ритманның «Әдеби зерттеулердегі тарихи шындық үшін» деген рецензиясына шүйілген, сол арқылы М.Әуезовтің алғы сөзін де сынай келіп:
«... Тіпті «Абай» сияқты аса үздік тарихи-өмірбаяндық романның кейбір тұстарында М.Әуезовтің революцияға дейінгі қазақ ауылын әспеттей (идеялизация) суреттеп, Абайдың жаңа көзқарасының қалыптасуына әсер еткен орыс халқының орынын жеткіліксіз деңгейде көрсеткенін біздің кеңестік сыншылар әділ атап өтті»,– деген (493 іс) «көшпелі пікірі» М.Әуезовке көк бауырдай жабысты.
Ұлы орыс халқының «оқырмандарының» ойы болып табылған осы пікірсымақты бүкіл қазақ қаламгерлері «идеологиялық нұсқау, саяси көзқарас, партиялық бағыт» ретінде қабылдап, жапа тармағай тілдерінің астына басып, малталарын езе жөнелді. Ақыры 1947 жылы 20 маусым күні «Абай» романының екінші кітабі жазушылар одағының төралқасында талқыға түсті.
Ә.Әбішев «сонда): «Ол кезде Мұқаңның, Сәбеңнің, Ғабеңнің шығармалары жазушылар ұйымы президиумының қаулысынсыз басылмайтын. Арада екі-үш ай өткен кезде Мұқаң «Абайдың» екінші кітабын жазып бітірді де, баспаға жолдама алу үшін одаққа тапсырды. Ол кездегі бастығымыз Сәбең болатын. Сол кісінің ұйғаруы бойынша роман президиумның үш мүшесіне – Ғабит, Ғабиден, мен үшеуімізге тапсырылды. Шығарма талқыланар шақта басқа екеуі командировкада болғандықтан, президиумда баяндаманы мен жасайтын болдым. Мәжіліс сағат екіге белгіленген еді. Мен сағат бірдің кезінде Мұқаңның үйіне бардым: ондағы ойым баяндамада айтылатын екі үлкен сыным бар-ды, соған құлағын алдын ала үйретіп алу еді».
Талқылауға ұсынылған романның мұрағатта сақталған нұсқасында «Аңда» деген тараудан басталып, «Тарауда» атты тараумен жалғасын табады. Ал кейінгі нұсқаларда ондағы оқиғалар «Оқапқа» ауысып, «Биіктемен» аяқталады. Мұның себебі неде? Әлде автордың ырқымен жүзеге асқан жөндеу ме? Жоқ, ықтиярлы өзгеріс емес екен.
Біз «Абай» романының желісін өзгертуге қатысты архив деректері мен тікелей сол оқиғаны қамтитын естелікті жарыстыра баяндаймыз.
Ә.Әбішев (Айтпай кетті демесін арттағылар):«Президиумның екі үлкен мүшесі жоқ болғандықтан ба, жоқ әлде айтуға қомақты болсын деген есеп бар ма, әйтеуір бұл сапар партбюро мүшелері де түгел шақырылып, біріккен мәжіліс әзірленіпті. Басқарып отырған Сәбең. Ол кісі күн тәртібіндегі мәселе біреу-ақ екенін, ол «Абай» романының» екінші кітабын талқылау екенін, оны оқып шығып, бүгінгі президиумда баяндама жасау президиумның үш мүшесіне тапсырылғанын айта келіп, былай деді: «Тапсырылған үшеудің бірі Мұстафин жолдас жарты жапырақ бірдеңе жазып, романды басылмасын депті. Ал Мүсірепов жолдас елуден аса ескертпе жасап, романды бұл күйінде басуға болмайды, түзетілсін – депті. Ендігі сөз осы үшеудің бірі Әбішев жолдасқа беріледі»,– деді. Сәбең: «Ғабеңнің елуден аса ескертпесі бар» – деген кезде Мұқаң: «Қырық бір» – деді. Нендей ескертулер екенін осы күнге дейін білмеймін. Өйткені ешқайсынан еш уақытта сұраған емеспін. Екінші бір сескендірген Сәбеңнің: «Жарты жапырақ бірдеңе» – деген сөзі. Бұл сөз бір үлкен сайыстың алғашқы дабылындай сезілді».
Мұрағаттағы хаттамаға тіркелген Ғ.Мұстафиннің пікірі, яғни, С.Мұқанов айтқан «бірдеме»:
«1) Таптық тартыс тереңдетілсін. 2) Құнанбайдың қажыға баруы дәлелденсін. 3) Ғашықтар: Оралбай – Керімбала, Үмітей – Әмір, – Салтанат – Абай, Тоғжан – Абай, Салиха қыз және Құнанбайдың әйелінің маңы тым көп. Қостаймын. 16/ ҮІ 47».
Ә.Әбішевтің сөзі араб әрпімен жазылып берілген.
Ә.Әбішев (хаттамадан көшірме): «20/ ҮІ 47. 1-тілегім: «Абай» бір ғана қазақ оқырманына арналмаған. Абайдың тап тартысы мен сол тартысқа араласуын баса көрсету керек. Дәркембайды біраз тереңдетсе, Базаралыны күреске қатыстырып, оған Абайды араластырса, сонда Абай бар жағынан кесек тұлға болар еді.
2-тілегім Айгері туралы. Романның басқа адамдарының бәрі де өз орынында жақсы шыққан. Ал Әйгерім өз көңілімдегідей емес. Басында тәуір, ақырында айнып кететін адам боп көрінеді. Шынында солай болса да екі түрлі себеппен Әйгерімді айнытуға қарсымын. Біріншіден: Әйгерім отыз үштен асқан Абаймен қыз кезінде сөйлеседі, қыз көнеді.Басқа жердің бәріндегі күмәнді алып тастауға болады.(Өйткені) Әйгерім (Абайдың өзі): «Әй, керім!», – дейтін адамы. Екіншіден: сондай адамды, романның екі кітабындағы жас әйелдердің ішіндегі ең жақсы (Менше бұл Тоғжаннан Әйгерім жақсы) адамды бұлай құбылту – Абайды төмен түсіру. Өзі сүйген кісіні тани білетін Абайдың өзін сүйген жарды тани алмай, өмір бойы сүйген жарына қосыла алмай келіп, Оспан інісінің әйеліне ғана үйленіп қана жар табуы онша орынды емес».
Ә.Әбішев (Айтпай кетті демесін арттағылар): «Оның бірі Әйгерім қақында. Осы романға сондай қазақтың ақын жанды бір жақсы қызы керек. Оған Тоғжаныңыз татымсыздау, татитын тек Әйгерім ғана, сондықтан ол Абайдан суыған қалпында қалдырмай, оның өнерін тану арқылы, өзінің жоғалтқан махаббатын қайта тапса», – деп едім. Мұқаң өзінің әдеті бойынша танауын бір жұлқып тартты да: «Пәлі, өзің тарихи тақырыпқа жазбаған соң, оның талабын ойламайды екенсің-ғой. Әйгерімді Абайдан суытып қана қоймаймын, кейінгі кітаптарда Абайды онан мүлдем бездіремін, өйткені ол сондай да сондай... Сондықтан Абай одан безіп кеткен, мен тарихты бұрмалай алмаймын»,– деп сүмірейте жөнелді. Өзіне қанша табынсам да Мұқаңның осы сөзі күлкімді келтірді. Мен күлкімді жасырмастан: «Қызысыз-ау, Мұқа, Әйгерімнің сондай да сондай болғанын басқа ел былай тұрсын, іргелес отырған біздің қаракесек білмейді. Сонда сіз немене «Абай» романын бес болыс тобықты үшін ғана жазған ба едіңіз?»,– деп едім, ол кенет ойланып қалды.
... Мен өз пікірімді осында келерден бұрын Мұқаңа ауызша айтып бергенімді, ол айтылған екі ұсынысымның бірі қабылданғанын қоса айтып едім, сірә, Әйгерімді бәрі де қимайтын болуы керек, Мұқаңның бұл шешіміне разы болған жылы сөздер залдың әр тұсынан шығып қалды. «Сын айтылған жеріңді қайта оқышы», – деді біреулер. Мен қайта оқыдым».
Ә.Әбішев (хаттамадан): «3-тілегім: (бұл тек ұсыныс ретінде) екінші кітап туралы ой. Менің ойымша, бірінші: «Татьянаның сақарадағы әні» осы екінші кітаптың ақырына келіп түссе (қосылса – Т.Ж.) деймін. Балалары оқуға беріліп, еліне қайтқан Абай Татьянаның әнін алып қайтса, бұл кітап сол (әнді) Әйгерім бастаған келіншектердің айтуымен бітсе. Сонан келер пайда аз ба? Әйгеріммен сол ән арқылы табысар еді» (403 іс).
Ә.Әбішев (Айтпай кетті демесін арттағылар): «Ол кісі жалаң аяқ отыратын, үнсіз барып диванға отырды да шұлығын кие бастады, әлі үн жоқ. Аздан соң: «Екіншіңді айтшы»,– деді. Мен Абайдың өз балаларын оқытудан әрі бара алмай қалғанына наразы екенімді айта келіп, 37-жылы Пушкиннің жүз жылдығы кезінде «Социалистік Қазақстан» газетінде басылған «Татьянаның қырдағы әні» атты әңгімені кеңейтіп, үлкен бір тарау қосуын тіледім. Татьянаның әнін сүйген Әйгерімнің сөнген оты қайта маздаса, Абайдың ақындығы да орыс мәдениетін өз халқына таратып жатқан даналығы да көрінер еді»,– деп едім, ол тағы да танауын тартқылады: «Пәлі, сен төртінші кітаптың жырын жырлап отырсың»,– деді де ұзақ сөйлеп кетті... Жазушылар үйіне жаяу тартып, парктің ішінде кетіп бара жатыр едік, бір кезде ол иығыма қолын салды да: «Сенің Әйгерім туралы айтқаның дұрыс екен, оны ескерейін, бірақ ол үшін жаңа тараудың қажеті жоқ, соны сен де ескер»,– деді. Нені ескер дегенін түсіндім. Екі ұсынысымның бірі қабылданғанына іштей қуандым, бірақ алғашқы бетімнен қайта алмадым.
Достарыңызбен бөлісу: |