Менің бұл мақалам сол кезде Орынборда тұратын алашордашылардың ренішін туғызды. Олар менен дәл осындай мақаланы күтпеген тәрізді. Ол аздай, менің бұл мақалам өзімнің коммунист жолдасым, жауапты қызметкер Әуезовтің де наразылығын тудырды. Газет шыққан күні ол мені шақырып алды да жеріме жете ұрысты. Ол менен: «Неге газеттің жауапты редакторына №1 санның материалдарын көрсетпедің, неге келіспедің, өзіңнің мақалаңды алдын-ала маған неге оқытпадың, бұл мақалада сен неге Қазан Төңкерісін жөн-жосықсыз даурыға “жасасындатқансың”, “Алашорданы” жамандап нең бар еді,– деп ұрысты да, түсініктеме беруімді талап етті. Ол бұған қоса: «Бұл мақалада айтылғандардың бәрі де құр көкмылжың қызыл сөз. Егерде “Алашорданың” атына қатысты тағы да осындай пікір білдіретін болсаң, онда сені редакция алқасының мүшелігінен шығаруды талап етемін, не өзім кетемін, мұндай газетте жұмыс істей алмаймын»,– деді.
Менің мақалам туралы Әуезовтен дәл осындай көзқарасты күткен жоқ едім. Керісінше, мені қолдайтын шығар, сөйтіп менің көңіліме қанат бітірер, өйткені бұл менің тұңғыш мақалам еді ғой, әрі анандай маңызды тақырыпқа арналып отыр – деп ойлағанмын. Алайда ол күткенім болмады, жоғарыда айтқанымдай, керісінше боп шықты. Сондықтан да мен шыдай алмадым да Әуезовпен ұрысып қалдым. Мені шамдандырғаны менің мақаламды жақтырмағаны емес, Қазан Төңкерісінің маңызы туралы жазғандарымды мазақтауы еді және оның ескі «Алашордашыл» көзқарасынан бас тартпағандығы, әрі «Алашорданың» көсемдерімен байланысын үзбегендігі жыныма тиді. Ол орнынан тұрды да өзін оңаша қалдыруды өтінді. Мен шығып кеттім.
Мен бұл оқиға туралы редакция алқасының мүшелері: А.Асылбековке, Алдоңғаровқа, Нұрмұхамедовке, сол кездегі обкомның үгіт-насихат бөлімінің меңгерушісінің орынбасарына (аты-жөнін ұмыттым, ұлты латыш болатын) айттым. Соңғы аталған адам бізді обкомға шақырып алды да, әңгімелескен соң, екеуіміздің де кінәлі екенімізді айтты. Маған: «Газет материалын Әуезовпен келіспегенім үшін айыптысың», – деді. Бұл мәселе бізді бірден татуластырып кете қоймады. Біраз уақытқа дейін бір бірімізге қырын қарап жүрдік. Мен оның келісімінсіз-ақ №2 санды шығардым. Содан кейін біздің қарым- қатынасымыз қалпына келе бастады».
М.Әуезов (жалғасы): «Мен 1921 жылдың аяғында «Еңбекші қазақ» газетінің редакторы болып тағайындалдым. Бірақ орнығып істегемін жоқ. Барлық жұмысты Байділдин жүргізді. Іс жүзіндегі редактор сол болды, қызметкерлерді де өзі жұмысқа алды. Газетте сондай сұрықсыз, әдеби тұрғыдан алғанда ешқандай сын көтермейтін дүмбілез мақалалар жарияланып жатты. Онымен ешқандай да принципті әңгіме болған жоқ, мен оған газеттің техникалық тұрғыдан нашарлап кеткенін, газетті өзінің ойы таяз, мән-мағынасыз шұбалаңқы мақалаларымен толтыра беретінін сынадым. Орнығып жұмыс істемегендіктен де өзімнің редакциядағы қызметтен кететінімді мәлімдедім».
Ә.Байділдин (жалғасы): «Тоқжігітов, Орымбаев, Ыдырыс Мұстамбаев, Мұхтар Әуезов және Аймауытов алашордашылардың нұсқауы бойынша коммунист болды. Ол кандидатуралар Семейде талқыланды. Ол туралы маған Нахимжанов айтты. Қазақтардың астыртын ұйымы қазір де жұмыс істейтін болуы керек, бірақ мен олармен 1923 жылдан бастап байланысымда үздім» - деп көрсетті».
М.Әуезов (жалғасы): «Байділдиннің көрсетіндісіндегі: мен және басқалар «Алашорданың» тапсырмасымен коммунист атанды – деуі шындыққа жатпайды. Өйткені бұрынғы алашордашылардың бізге ешқандай ықпалы болған емес. Мен партияға губкомның қызметкері Кожевник пен (танылмады – Т.Ж.) ...дің кеңесімен және кепілдік беруімен өттім. Менің партияға өтуім соған дейін Колчакқа қарсы жүргізген астыртын жұмысыммен тікелей жалғасып жатты».
Жауабының соңында М.Әуезов кеңес өкіметіне кірімді жолды таңдаған. Сөйтіп, өзінің көрсетіндісін:
М.Әуезов (соңы): «Қалған сұрақтар бойынша бұрынғы берілген жауаптарымды мақұлдаймын. Қазақ ұлтшылдарының ұйымына мүше болған емеспін және ұлтшылдық бағдарлама менде болған емес. Ғылыми марксизмді және кеңес құрылысын оқығаннан кейін артта қалған елдер үшін кеңес жүйесі бірден-бір ынталы құрылым екеніне көзім жетті. Менің көзқарасым түбірімен өзгерді, педагогикалық және оқытушылық қызметім тек маркстік көзқарасқа негізделді»,– деген биресми сенімхатпен аяқтайды.
Жауаптың соңына:
«Хаттама маған оқылып берілді – Әуезов. Жауап алған – Попов»,– деп екі жақ та растап қол қойған.
Тергеудің бұл хаттамасы машинкаға басылған. Бұл өте сирек кездесетін жай.
Талант пен төзiмдi таразылайтын тез – түрме емес. Ол жүйкесi темiрдей қатты, ерiк-күшi мықты, парасат пайымы терең деген талай-талай тұлғалардың рухын диiрменге үгiткен қиыршықтай етiп уатып жiбергенiн бiлемiз. Осыдан кейін, арада бір апта өткен соң, 1931 жылы 28 қыркүйек күні хатталған төмендегі жауап Мұхтар Әуезовтiң өз қолымен қағазға түсiрiлмеген. Оны тергеушiлердiң бiрi жазған. Тергеу iсi аяқталып келе жатқанда және М.Әуезовтің соңғы жауабы болғандықтан да ресмилiктi сақтауды қажет деп таппаған сияқты. Жалпы осы тергеу барысында Смағұл Сәдуақасовты, Сұлтанбек Қожановты, Тұрар Рысқұловты қалайда қылмысты етiп шығаруға тырысқан есекдәмелi пиғыл аңғарылады. Әсiресе, 1921-1922 жылдағы осы үшеуiнiң әрбiр әрекетiн тәптiштеп сұрап отырған.
Мұндай сұрақ 28-қыркүйек күні Ә.Байділдиннің төмендегі көрсетіндісінің негізінде Мұхтарға арнайы қойылды.
Ә.Байділдин (жалғасы): «Сол кезде Мәскеуден Ташкентке поезбен кетiп бара жатқан Рысқұлов жолдас Орынборға аялдады. Ол белсендiлердiң мәжiлiсiнде ұлт мәселесi жөнiнде баяндама жасады. Адамдар өте көп жиналды. Мәжiлiс обкомының үйiнде өттi. Бұған қазақ белсендiлерiнен басқа орыс қызметкерлерi де қатысты. Баяндамашы өзiнiң сол кездегi аян көзқарасын баян еттi. Ол: партияның ұлт мәселесi туралы бағдарламасының маңызын, мәнін айтып, содан кейiн мұны өзiнше дамытып, түсiндiрдi. Соның iшiнде Шығыс елдерiнiң компаниясын құру туралы пiкiр қозғады. Баяндамадан соң жарыссөз басталды. Рысқұлов жолдасты мақұлдап Әуезов, Нақыпжан, т.б., ал, Әйтиев, Саматов және бiр еуропалық жолдастар қарсы шықты. Мен бұл жиналыста сөйлегемін жоқ».
Оған Мұхтар:
«...Партияның шығыс бөлiмшесiн құруды көздеген мәселеден хабарсызбын, Орынбор қаласындағы Өлкелiк комитеттiң кеңейтiлген мәжiлiсiнде Рысқұловтың сөйлегенiн бiлемiн, бiрақ партияның шығыстық комитетiн құру туралы мәселе көтерiлген жоқ. Жеке басыма келсем, Рысқұловтың нұсқауы бойынша сөйлеген емеспiн. Қалғандарын өзiмнiң жауабымда айтқанмын. Қазақ ұлтшылдарының ұйымына ешқашанда кiрген емеспiн»,– деп жауап берді.
Зады бұл екi жылға созылған тергеудiң соңғы сұрақ-жауабы болса керек. Өйткенi әлгi жазудың астына:
«Протоколдi оқып шықтым. Мұхтар Әуезов».
«1931 жылдың 28 қыркүйегi күнi тергеудiң аяқталғаны туралы маған хабарлады. Мұхтар Әуезов»,– деп қолын қойыпты.
3.
Араға бір ай өткен соң, яғни, 29 қазан күні Ерекше Мемлекеттiк саяси басқарманың тергеушiсi, сол баяғы ерекше өкiлеттi өкiл В.Попов мүлдем басқа мағынадағы жаңа айыптау қорытындысын Мұхтар Әуезовке таныстырды. Мұхамеджан Тынышбаев, Халел және Жаһанша Досмұхамедовтер бастатқан, Мұхтар Әуезов, Қошке Кемеңгеров қостатқан 20 адамның әскери өнерден аулақ, оларға мұндай жаланы жабу мүмкiн емес екенiне көзi жеткен «ерекше өкiлдер» тергеу саясатын өзгерткені байқалды. Сөйтiп, жазалау идеологиясының түпкi пиғылын ашатын, тұлғаны құртуға арналған айып тағылыпы. Ұлтшыл – қылмыскер, халық жауы ретінде істері қайта қаралып, баптары өзгертіліпті. Енді бұл іс – «Алашорда» мен ұлтшыл-контрреволюциялық ұйымның құрамында болған және соған қатысқан қазақ ұлтшылдарының iсi» – деп аталыпы. Тiзiмнiң он екiншi кезегiнде тұрған Мұхтар Әуезовке:
«34 жаста, қазақ, партияда жоқ, астыртын контрреволюциялық ұйымның тапсырмасымен 1922 жылға дейiн ВКП (б)-ның мүшесi болған, жоғары бiлiмi бар, ұстаз – журналист, үйленген, семьясында үш адам бар. Ол:
Контрреволюциялық астыртын ұйымға қатысып, оның мүшесi бола жүрiп ұйымның тапсырмасымен ВК(б)П-ның мүшелiгiне өткендiгi үшiн; Бөкейхановтың, Омаровтың, Әшiмнiң (?), Сәдуақасов пен Досовтың дайындаған бағдарламасының (платформасының) негiзiнде 12 партсъездiң ұлт мәселесi жөнiндегi қарарларын отаршылдықпен күресу деген желеумен ұлтшылдық бағытын жүргiзгенi және оны заңдастыру үшiн Орынборда өткен бүкiл Қазақстандық 2 съезiнде тек қана қазақ делегаттарын жиып алып, мәжiлiс өткiзгенi үшiн; «Алқа» атты астыртын ұлттық - әдеби үйiрменiң бағыт-бағдарын жасауға белсене араласқаны үшiн;
(Астыртын) ұйымның мүшелiгiнде бола тұрып, кеңестiк мемлекет мекемелерiне сол ұйымның мүшелерiн тықпалағаны үшiн және солардың ықпалындағы қызметкерлердi пайдалану арқылы кеңес аппаратының бағытын өзгертiп, контрреволюциялық ұйымның талап-тiлегiн қанағаттандыру мақсатын көздегенi үшiн;
№ 2370 iстiң – 140, 311, 28, 146, 159, 206 және 378; № 5411784 iстiң (А. Байтұрсыновтардың тергеуi – авт.) 4 томындағы – 28, 106 және 134; I «а» томындағы – 112 және 366; I томдағы – 29, 93, 94, 189, 251, 255, 350, 352, 400, 401, 404 беттердегi куәлiк бойынша – қылмысты iстер кодексiнiң 58-7-10-11 баптарымен айыпталды.
ОГПУ-дiң 1924 жылы № 172 бұйрығы бойынша бұл iс соттан тыс қаралуы үшiн ОГПУ-дiң коллегиясының жанындағы Ерекше Кеңестiң қарамағына жiберiлуге тиіс.
Ескерту: Осы iс бойынша тұтқындалғандардың барлығы да Алматы қаласында қамауда отыр және ОГПУ-дiң коллегиясының қарамағына табыс етiлдi»,– деген айып тағылыпы.
Әрине, мұнда айтылған «қылмыстарды» Мұхтар Әуезов мойындамады. Дегенмен де, бұл айыптау – Мұхтар Әуезовтiң қайраткерлiк iс-әрекетiне, атқарған қызметi мен жазған шығармаларының нысанасына қабысатын. Республикалық ОГПУ-дiң Ерекше бөлiмiнiң бастығы Хворостян мен тергеу барысында жай өкiлдiктен өкiлеттi өкiлдiкке көтерiлген тергеушi В.Попов бұл iске ерекше саяси мән берiп, оны Ерекше Кеңестiң қарауына жiбердi. Бұл – әйгiлi аты шықпағыр «үштiктiң» өзi болатын. Олардың үкiмiн сот та бұза алмайтын. Тек қана қаралау мен ату үшiн ғана құрылған мұндай жазалау «кеңесi» кеңес өкiметiнде ғана болды. Ол, соғыс жағдайында қолданылатын әскери соттың азаматтық мекемелердегi көшiрмесi едi. «Айыптауға» қол қойған прокурор – қазақ. Бiрақ оның қолын ажыратудың сәтi түспедi. Сөйтiп, жазушы, ғалым Мұхтар Әуезов мемлекетке аса қауiп төндiрген саяси қылмыскер болып шыға келдi.
Тергеушілердің жинақтаған айғақтары негізінен, бірінші кітапта көрсетілгеніндей:
«Ұлтшыл коммунистер мен партияда жоқ ұлтшылдардың:
«ақгвардияшыл казактармен, контрреволюцияшыл генерал Колчактың армиясымен бірігіп кеңес өкiметiне қарсы ашық күрескен тұсындағы мәліметтер,
кейiннен контрреволюциялық армия мен үкiметке кешiрiм жасалғаннан соң да контрреволюциялық ұйымның ұйытқысы болған кезіндегі мағлұматтар;
1921-1922 жылдары Орынбор мен Ташкентте кеңес өкiметiн құлату үшiн құрылған астыртын контрреволюциялық ұйымның хаттамалары;
Қазақстан кеңес қызметкерлерiнiң Орынбор қаласында өткен ІІ – съезiнде жеке өткізген «Отарлаушылардың шабуылы және онымен күресудiң әдiс-тәсiлдерi» туралы мәжiлiсінің мәжіліс хаты;
партияның 12 – съезiн өз мүдделерiн жүзеге асыру үшiн Бөкейханов, Байтұрсынов, Сәдуақасов Смағұл, Досов қол қойған «Ұлттық-мәдени автономияны» талап еткен Үндеудің мәтіндері;
айыпталушы Әуезов Мұхтардың осы үндеудегi бағыт-бағдарды қолдай отырып, Қазақстанның партия және кеңес мекемелерiндегi отарлаушылық пиғылдармен күреске шақырған сөзінің мазмұны;
астыртын ұйымның мүшесi Сәдуақасовқа айыпталушы Әуезовтің оған Ташкентке барып, содан әрi қарай Ферғанадағы басмашыларға өтіп кетуді ұсынуының жай-жапсары туралы тыңшылық ақпараттар;
астыртын ұйымның мүшелерінің кеңес аппаратының бағытын өзгертiп, контрреволюциялық ұйымның талап-тiлегiн қанағаттандыру мақсатын көздеген құжаттар» – еді.
Мұхтар бұл «сұрқылтайлармен» бір жыл түрменiң дәмін татып, тұтқын есебiнде тәжiрибе жинақтап, өзiне тағылатын айыптар анықталып, тергеушiлерге жонын алдырмайтындай дәрежеге жетiп, ысылған кезiнде танысып отыр. Қайталауларға ұрынатынымызға қарамастан, біз Мұхтардың жеке басына қатысты тағылған айып пен оның көзқарас арнасынан хабардар ететін көрсетінділерді іріктей ықшамдап ұсынамыз.
«ОГПУ-дiң коллегиясына қазақ ұлтшылдарының қылмысты iсi бойынша тұтқынға алынған Мұхтар Әуезовтiң мәлімдемесі
«Айыптау статьялары қайтадан өзгертiлiп (переквалификация статей) көрсетiлген соңғы жолғы маған тағылған кiнә бойынша, мен: 1) ұлтшыл Байтұрсынов пен Бөкейхановтың тiкелей нұсқауымен кеңес мекемелерi арқылы аты аталған адамдар жетекшiлiк ететiн контрреволюциялық астыртын ұйымның тапсырмасын жүзеге асыру үшiн қаскүнемдiк мақсатпен ВК(б)П-ның қатарына өтiппiн».
Әлкей Марғұлан: «Мұхтар «Алаш» партиясының ешқандай қызметіне сайланбаған. Бұрын-соңды басынан кешкен көп тексерісте соның бірі дәлелденбеді, айғақ табылмады. Оның барлығы жай долбар, топшылау. Студент кезімізде әр түрлі жиналысқа қатыстық. Бірақ, шығып сөз сөйлегеміз жоқ. Кеңес өкіметі орнасымен Мұхтар төңкеріс жолына қызмет етті. Дутов пен Анненковтың бандаларының бүлігін басуға жетекшілік етті. 1921-22 жылы Қарқаралыда бас көтеріп жетпіс сегіз адамды азаптап өлтірген полковник Токаревтің қанқұйлы әрекетіне тойтарыс берген отрядты алып барған Мұхтар болатын. Ол, әншейін, Мұхтардың творчествосын түсінбеген, көзқарасын теріске жатқызған, «Кеңес ісін – кеңес тұсында оқығандар ғана шешсін, бұрынғы оқығандарға сенім жоқ. Салт-санасы уланған» – деген даурықпалардың қауесеті »,– деп жауап берді.
Өзге-өзге, Әлкей Марғұланның бұл сөзіне сенбеу мүмкін емес. Сондықтан да, «басқарма» атынан берілген әр түрлі «атақтар» уақыттың өзі көрсеткеніндей, тарихтың әділ бағалағанындай негізсіз байбалам болып қала берді.
Осы ретте Ә.Марғұланның жауабынына соңғы пікіріне айғақ ретінде жиналған қосымша мәліметтерді қыстыра кетуді жөн көрдік. Өйткені М.Әуезов: партия қатарына губкомның ұсынысы арқылы өткендігіне қанша сендірсе де, оның бұл уәжі жай сылтау есебінде қабылданды. Өмір бойы бетіне шіркеу ретінде басылған осы мәселе қашан көз жұмғанша жанын жегідей жеп, әр кез алдынан шығып отырды. Арада жеті жыл өткен соң өзінің сенімді досының бірі Ораз Жандосов 1937 жылы 20 қыркүйекте қауіпсіздік комитетінің тергеушілері лейтенант Бернер мен сержант (!) Калининге берген жауабында:
«Мен мүше болып кірген кеңес өкіметіне қарсы құрылған қазақ ұлтшылдарының ұйымы өзінің алдына: Қазақстандағы кеңес өкіметін қарулы көтеріліс арқылы құлатуды; Қазақстанның СССР-ден бөлініп кетуіне қол жеткізуді; сөйтіп капитализмді қайтадан орнатуды; тәуелсіз қазақ буржуазиялық мемлекетін құруды мақсат етіп қойды... Әлихан Бөкейханов кеңес өкіметіне бейімделу бағдарламасын ұсынды. Кеңес өкіметіне қарсы ұлттық мамандардың билік басында қалып, қастандық әрекеттерін ұйымдастыру үшін өзінің пікірлестеріне: партия мен кеңес өкіметінің мекемелеріне сіңіп кету туралы тікелей нұсқау берді. Ә.Бөкейхановтың тікелей нұсқауымен М.Әуезовтің, Ә.Лекеровтің, С.Сәдуақасовтың, Жаманмұрыновтың және басқалардың партияға кіргені маған белгілі. Сонымен қатар, Ә.Бөкейхановтың: Қазақстанда социализм құрылымын орнату мүмкін емес, - деген теориясын ұлтшыл топтардың барлық мүшелері мойындайтын»,– деп (Б.Нәсенов, Тарихи құжаттар мен архив мұрахаттары, ҮІІ том, 51-бет) тағы да бір атап өтті.
Демек, бұл қауесетті кеңес сұрқылтайлары «социализм жеңіске жеткен дәуірде» де ұмытпаған.
Жауап берудің кезегі тағы да Ә.Байділдинге келген. Келесі айыптауға «Қаламның» мына сүйкетпесі себеп болған.
Ә.Байділдин (жалғасы): «Бұдан кейін бәрімізді сынақтан өткізген өте қиын жағдайға тап болдық. Қазақстанның біраз губернияларында (Орал, Торғай, Қостанай, Ақмола т.б.) ашаршылық басталды. Партия мен үкімет мекемелері бұл мәселеге тиісті көңіл бөлді. Бірақ та бұл мәселеге «Алашордашылар» мен ұлттық интеллигенция қатты назар аударды. Барлық жерде аштарға көмек ұйымын құру туралы сөз қозғала бастады. Семейдегі Жүсіпбек Аймауытов басқаратын «Қазақ тілі» бұл мәселені бірінші болып көтерді. Сонымен қатарласа Ташкенттегі Қожанов пен Бірімжанов басқарып отырған «Ақ жол» газеті де даурыға айғайлап, оны науқанға айналдырып жіберді. Ташкентте оқып жүрген К.Жәленов, Ғ.Тоғжанов, С.Капин, У.Омаров, Д.Әділев т.б. бастатқан қазақстандық студенттер үлкен шу көтерді. Орынборда да бұл мәселе жөнінде сөз шыға бастады.
Бұл iстiң де бастамашысы Әуезов болғаны тегiн емес. Ол (1921 жылдың желтоқсанында ғой деймiн) Қазақ Орталық Атқару Комитетiнiң атынан қазақ қызметкерлерiнiң (партия мүшелерiн де, партияда жоқтарын да) үлкен мәжiлiсiн шақырды, оған үкiмет мүшелерiмен қоса жекелеген еуропалық жауапты қызметкерлер де қатысты, ашаршылық туралы мәселенi талқылауды күн тәртiбiне қойды. Мәселенi талқылау барысында бұл мәжiлiс: аштарға көмек көрсетудi дереу қолға алу керек, ол үшiн Қазақ Орталық Атқару Комитетiнiң жанынан аштарға көмек көрсету комиссиясы құрылсын – деген шешiм қабылдады. Бұл комиссияның құрамын бекiту кезiнде әдеттегiдей жiкшiлдiк ұсыныстар жасалды. Әр топ (меңдешевшiлер, сәдуақасовшылар, Асылбековтiң өкiлдiгiмен айқындалатын сейфуллиншiлер, алашордашылар) өз адамдарын кiргiзуге ұмтылды. Соның iшiнде өте тосын: комиссияның төрағалығына Ахмет Байтұрсынов сайланып, партияда жоқ көрнектi адамдар оның құрамына мүше боп кірсін – деген ұсыныс (ұмытпасам Әуезов) түсiрдi. Ол бұл пiкiрiн: коммунистерге қарағанда олардың (алашордашылардың) қазақ тұрғындары арасындағы беделi зор, сондықтан да комиссияның жұмысы жемiстi болады – деп дәлелдемек болды. Бұл ұсыныс iшiнара ғана қабылданды. Меңдешев төраға, Байтұрсынов пен Әуезов төрағаның орынбасары болып сайланған бұл комиссияның мүшелiгiне сол кездегi жауапты қызметкерлердiң көпшiлiгi сайланды. Сонымен мәжіліс аяқталды».
Халықтың басындағы қасіретті сейілтуге жанталаса ұмтылу да қылмыс болып па? Егер Ахмет Байтұрсыновтың үндеуі мың адамды емес, бір сәбиді аштан құтқаруға септігін тигізсе, соның өзі кеңес өкіметіне сауап емес пе? «Қазақ тұрғындарының арасында коммунистерге қарағанда алашордашылардың беделi зор, сондықтан да комиссияның жұмысы жемiстi болуы үшін» оларды қызметке тартуы да қылмыс па? Өкінішке орай, қылмыс екен.
С.Меңдешев: «Аштарға көмек комиссиясының» жұмысын кеңес өкіметін құлатуға пайдалану үшін және аштыққа ұшыраған тұрғындарды астыртын ұйымға тарту үшін Әуезов Мұхтар мен Ахмет Байтұрсынов Қазақстанның түкпiр-түкпiрiне үндеу жолдады. Ал Ж.Аймауытов «Алашордашылардың» туыстарына мал таратып беру үшін «Аштарға көмек көрсететін» комиссияның мүшелiгiне қасақана кірген»
Қазақ халқының мүддесін қорғауға тиісті шешуші сәтте Өлкелік партия ұйымының хатшысы Меңдешев ымырашылдық танытты. Бұдан кейінгі Орал, Торғай облысының қазақтары аштан қырылып жатқандығы туралы мәжілісте де шара қолданудың орнына «Алашорданы» әшкерелеп, оған Смағұл Сәдуақасовты теліп, Байтұрсыновты биліктен шеттетуді талап етумен шектелген. Екі жиналыста да Меңдешев қазақ халқының тәуелсіздік күресін «коммунист-колонизаторлармен» ымыраластыруға тырысқан. Соңғы жолы, ашаршылыққа қарсы комиссия құруға қарсы болған. Байтұрсынов табандап тұрып алған соң оның қазақ халқына арнап жазған Үндеуін шығартпай, комиссияға өзі төрағалық етуге мәжбүр болған. Ел-елді аралаған адамдардың соңына тыңшыны қосып жіберген.
С.Меңдешев пен Ә.Байділдиннің пайымдауынша:
М.Әуезов (жалғасы): «Сол мақсатпен отарлаушыларға қарсы күрестi желеу етiп өзiне пайдалы адамдарды кеңес мекемелерiне қызметке орналастырған»,– болып шықты.
Сонда, олар қазақ мемлекетінде тұрып қазақ мекемесінде істемегенде қайда істейді, қалай жан бағып, қайтіп күн көреді? Екіншіден, «оқу-ағарту мен ғылым саласына еңбек сіңірмесе» (Ә.Бөкейханов) «өзге жол жабық болатын». Сондай-ақ бұл тұста «жергілікті маманды тарту» (коренизация) науқаны жүріп жатқан. Кілтипанның басы осында және…
М.Әуезов (жалғасы): «Сондай-ақ – Байтұрсынов, Сәдуақасав, Досов және тағы басқалар дайындаған бағдарламаны 12 партсъезде өткiзiп жiберу үшiн мен Бүкiлқазақстандық ІІ – кеңес құрылтайына жиналған барлық қазақ өкiлдерiнiң басын қосып, мәжiлiс өткiзiппiн».
Бұл өзге емес Ф.И.Голощекиннің өзінің:
«Партияның 12 – съезiн өз мүдделерiн жүзеге асыру үшiн Бөкейханов, Байтұрсынов, Сәдуақасов Смағұл, Досов қол қойған «Ұлттық-мәдени автономияны» талап еткен Үндеу таратты»,– деген көпірме сөзінің негізінде тағылған айып болатын.
Сондықтан да оны өзгерту ешкімнің қолынан келмейтін.
М.Әуезов (жалғасы): «Бұл сұрақтардың барлығына орай мынаны мәлiмдеймiн: бұрынғы түсiнiктерiмде iшiнара атап өткенiмдей, менiң партия қатарына кiруiм туралы жоғарыдағы тағылған айып ешқандай шындыққа сай келмейдi, өйткенi менiң қоғамдық қызметiмнiң өзi партия қатарына өткеннен кейiн басталды деп есептеймiн. Өткен өмiрiмде iс жүзiнде де, идея жүзiнде де «Алашордамен» байланыс жасағаным жоқ, оның ешқандай мекемесiнде қызмет те iстегемiн жоқ. Жас болдым, бiлiм алдым. Керiсiнше, 1919 жылдың қараша айынан бастап қана Колчакқа қарсы астыртын ұйымның жұмысына араластым. Семей қаласындағы кеңестiк төңкерiс жүзеге асқан алғашқы күннен бастап мекеме жұмысын жөнге қоюға, кеңес өкiметiнiң мүддесi үшiн Семей қаласының оқушы қазақ жастары мен жұмысшыларын төңкерiс iсiне тартуға құлшына кiрiстiм».
1917 жылдың 5-13 желтоқсанынан бастап 1920 жылдың 9 наурызына дейін тәуелсіз өмір сүрген «Алашорда» үкіметі таратылғаннан кейін Ә.Ермеков, Д.Төленов Семей губревкомның құрамына кірді. Ал Ж.Аймауытов, М.Тұрғанбаев, А.Шикібаев, М.Әуезов губкомның бұратана халықтар бөліміне қызметке бекітілген болатын. Шындығында да, Мұхтар Әуезов 1919 жылы 1 желтоқсанда Семейде кеңес өкіметі орнаған күннен бастап губерниялық комитеттің жергілікті ұлт жөніндегі бөлімінің меңгерушісі, кейін губерниялық комитеттің меңгерушісі, төрағасы, Қаз ЦИК-тің мүшесі болған Мұхтар Әуезов ешқашан да төңкеріс жолына қарумен қарсы шыққан емес. Керісінше, Қарқаралыдағы ақгвардияшылардың бүлігін басуға төтенше комиссияның мүшесі ретінде аттанды. Оған Семей губревкомының 1920-жылғы 24 қаңтар күнгі берілген:
«Бұл мандаттың иесі Мұхтар Омарханұлы Әуезов жолдас, губревкомньң шешімімен контрреволюцияға, алыпсатарлыққа, тағы басқа да қылмысты әрекеттерге қарсы күресу үшін құрылған Семейдегі Төтенше комиссияның (ЧК-ның -Т. Ж) мүшелігіне тағайындалды, сол үшін куәлікті растап қол, қойып, мөр басылды. Губревкомның председателі – қолы. Секретарь – қолы», – деген мандаты дәлел.
Қарқаралы маңындағы отырықшыланып қалған мұжықтардың арасына сіңіп, қытай шекарасына жөңкіген Анненковтың әскерінен бөлініп қалған ақгвардияшылардың полковнигі Токарев бір-ақ түнде ревкомды басып алып, 78 адамды азаптап өлтіріп, халықты тонап, қырып-жыйып, қан қақсатты. Сонда, оның соңына ергендердің дені жаңағы қаза тапқан болшевиктердің ағайын-туғандары, заимкелестері, кейбірі қызыл әскер қатарынан босанып шыққандар. Губерниялық революциялық комитеттің Төтенше Комиссиясы Мұхтар Әуезовке сол бүліншілікті басып, себебі мен зардабын анықтап, сол жылғы Қоянды жәрмеңкесінде өтуге тиісті Қазақ автономиясының бір жылдық тойын ұйымдастырып қайтуды тапсырды. Сонда бүліншілікті тексеру барысында бұл қарама-қайшылықтың тамыры тым тереңде, ұлт араздығын қоздырған патша әкімшілігінің сұрқия зымияндығында жатқанына көзі жеткен. Қызыл әскердің арасынан бүліктің шығуы тек ұлт аймақтарында ғана кездесуі де кездейсоқ емес. Мұхтар осы ұлт мәселесінен қақпақыл көрсе де тәуекелге бел буып, революция тарихындағы, оның ішіндегі Қазақстандағы ең күрделі, көкейкесті мәселені көтеріп, ұлтаралық қарым-қатынастағы психологиялық қайшылықтың тегін ашуға түсіндіруге тырысып, осы төтенше сапардағы қазақ даласындағы «ақ пен қызыл қырғынын» ашына баяндап, нақты құжаттармен дәлелдеп үлкен есеп жазған. Сол деректерге сүйене отырып:
«Жергілікті жерден Дутовтың шегініп бара жатқан армиясы өз жолындағы қыстақтарды, мал қораларын, шөп маяларын өртеп, дүние-мүлкін тонап, малдарын тартып алып, ондаған мың шаруашылықты (түтін иелерін) баспанасыз, азық-түліксіз қалдырды... Жоғарыдағы баяндалған ерекше жағдайға байланысты жергілікті ұлт бөлімі Губревкомнан жоғарыда көрсетілген мерзімде Семей облысының уездеріндегі қазақтардың құрылтайын шақыруды сұрайды. Жергілікті ұлт бөлімі басқармасының меңгерушісі М. Әуезов», – деген ұсыныс жасады.
Мұның үлкен саяси және ұлттық маңызы бар еді. Қазақтардың сол құрылтайы губернияның басқару құрылымына айналды, қазақтар енді ұлт бөлімінің қызметкері емес, губернияның билік иесі ретінде шешім шығару құқына ие болды. Одан кейін Қазақ автономиясының құзырлы құрылымына айналды. Мұндай билік тұғырына бұл өлке 1822 жылғы бірінші низамнан кейін ие болып көрмеп еді. Кеңес өкіметінің: Қазақстанды Ресейден бөліп әкетуге ұмтылды, – деп үздігіп, ешқашан кешірмейтін бір «өкпесінің өзі» осы еді. Мұның себебін түрмедегі жауабында М.Әуезов былай түсіндірді:
М.Әуезов (жалғасы): «Қоғамдық қызметiмнiң жол басы болғандықтан да мен ол кезде жаныммен берiлiп, шын көңiлiммен, аса зор үмiтпен, жас адамға тән қызығушылықпен қызмет еттiм. Бiрақта өмiрлiк тәжiрибесi аз жас қызметкерге тән балаңдыққа байланысты, оның үстiне артта қалған ұлттық ортадан шыққандықтан да және өзiнiң идеясы үшiн табанды түрде күресетiн саяси дәстүрдiң үлгiсi болмағандықтан да еркiмдi көңiл-күйiме жеңдiрдiм. Сол тұста кеңiнен тараған өткен дәуiрдiң өктемдiгiнен – отаршылық пиғылынан арыла алмаған жергiлiктi партия қызметкерлерiнiң әрекетi менiң көңiлiмдi суытып, әптiгiмдi басты».
Бұл арада М.Әуезовтің басты емеуірін танытып отырғаны – С.Сәдуақасовпен бірге Семей губкомын таратып, оны қазақ автономиясына қосуға ат салысып, өзінің екі айдай губком төрағасы болып істеген кезіндегі «намысты әрекеттері». Ол оқиға бірінші кітаптың «Ел жегісі» атты таруында толық талданған.
М.Әуезов (жалғасы): «Отаршылдық пиғыл бізді, оның iшiнде менiң iшiмдегi намысымды қоздырды, бiрақ ол жоспарлы түрде (ұлтшылдықты ешқашан да өмiрлiк мақсат етiп көрген емеспiн) қалыптасқан ұлтшылдық емес, тек көңiл-күйдiң әсерi ғана болатын. Бұл сезiмнiң билеп алғаны сондай, бұдан әрi менiң партия қатарында қалуыма мүмкiндiк бермедi. Көңiлдiң жетегiне ерiп өмiр сүрiп, өзiңдi сынайтын нағыз шағымды iстi таппағандықтан да бұдан әрi партия қатарында қалуым мүмкiн емес деп шештiм. Сол кезде ұлтшылдық бағыт ұстағаным және партиялық тәртiптi бұзғаным үшiн Қазақстан өлкелiк комитетi менi партиядан шығарды».
Шындығында, ол партиялық билетін өлкелік комитетке почта арқылы салып жіберген еді. Ал кейін барлық жеке бас жұмысына:
Достарыңызбен бөлісу: |