БАСҚАРМАДАН: Төменде төңкеріске жау «Алашорданың» бұрынғы көрнекті басшыларынан болған Ермек ұлы мен Әуез ұлының хаттары басылып отыр, бұл хаттардың тарихи маңызы үлкен. Бұл хаттар «Алашорданың» бұрынғы ірі адамдары Мұхтар мен Әлімханның кеңес үкіметі жаққа қарай бетін түзегендігін көрсетеді. Бұлар хаттарында салт-сана жөніндегі құралдарын бір жола, тегіс тастағандығын, өткендегі төңкеріске жау істерінің бәрін де сөгетіндігін айтып отыр; бұлардың сөздері ауылдағы байлардың жоғын жоқтап, сойылын соғатын төңкеріске жау, ұлтшыл Алашорда оқығандарының салт-санасы да, ісі де мүлдем күйреп, іріп отырғандығын көрсетеді.
Кеңестер одағындағы социалды құрылыстың адам айтқысыз зор табыстары бар, бес жылдық жоспар төрт жылда ойдағыдай орындалғалы отыр; екінші бес жылдықта тапсыз социалды қоғам орнату бес жылдығында алға қойылып отырған міндеттер жер жүзіндік тарихи маңызы бар зор міндеттер; помещик-буржуазия үкіметін енді қайта орнату талаптарының қай-қайсысы болса да бос үмітсіз талап екендігіне жаңағы айтылған табыстар толық айғақ бола алады.
Партия мен кеңес үкіметінің Қазақстандағы табыстары да адам айтқысыз зор. Лениншіл ұлт саясатының дұрыстап жүргізілуі арқасында Одақ пролетариатының көмегімен Қазақстан артта қалған мешеу өлкеден ауыл шарушылығы басымырақ индустриялы, социализм орнатушы өлкеге айнал-ды. Осы табыстар буржуазияшыл ұлтшыл оқығандардың ішіндегі аса адал ниет, бейілі түзулеріне бұрынғы идея-саяси бағыттарының теріс екендіктерін, олары мұратқа жеткізбейтінін сездіріп отыр; ескі ұлтшыл, төңкеріске жау жаңа интервенция қолдарынан қайта бастауларына себепші болып отыр. Ермек ұлы мен Әуез ұлы хаттарында салт-сана жөніндегі қаруларын тастағандығын айтып отыр; пролетариат төңкерісі мен қазақ еңбекшілері алдында істеген ауыр қылмыстарын жууға дайын екендіктерін айтып отыр; бұл үшін «төңкеріс ісіне адал қызмет етемін» (Әуез ұлы) деп отыр.
Шоқаевшылардың, интервенцияшылдардың, ұлтшылдардың Қазақстан «кері кетіп барады», «Қазақстан сықылды бұрын патша отары болған елдердің алдыңғы қатарлы социалды республика болуы мүмкін емес»,– деген шатпақтарының бәрі де төңкеріске қарсы екенін, мейлінше өтірік, ешбір негізі жоқ, шірік, сасық өсек екенін Ермек ұлы мен Әуез ұлының жаңағы сөздері тағы да дәлелдеп отыр.
Ермек ұлы мен Әуез ұлының мәлімдемелерінде ұшырайтын қайбір ашық айтылған жерлерін кәзір талдап, тексеруді былай қоя тұрғанда басқарманың айтатыны: бұлардың, мәлімдемелері, олардың адал ниетті, бейілі түзулігін Қазақстандағы социалды құрылысқа белсене қатысуларымен көрсетулері керектігін айтады.
ӘУЕЗҰЛЫ МҰХТАРДЫҢ ХАТЫ
Менің әдебиет пен саясат жолында бұрын қандай адам болғандығым туралы Қазақстан партиялық кеңестік жұртшылығы өзінің қоғамдық сынын айтқан болатын. Ол сын ашық, нық айтылған дұрыс сын еді. Ондағы берілген баға бойынша мен: «байшыл, алашордашы одағындағылардың салт-санасын әдебиет жүзінде іске асырушы кісі» болғам.
Осы жай барлық жұртшылыққа да, менің өзіме де мәлім. Бұл сияқты тарихы дұрыс және қажет болудан, менің өз ісімнен туған дәл сынды жазушылар кімдер болды? Ол Қазақстанның партиялық кеңестік баспасөзі, соның ішінде бірнеше жылдар бойында сын ретімен, айтыс ретімен тексеру жүргізген КазАПП тобының төңкерісшіл, марксшіл, сыншылары, жазушылары. Газет қызметкерлерінің сындары болды. Сондайлық бетпен келе жатқан жұртшылық соты – өзінің толық сөзін КазАПП-тың соңғы конференциясында түгел жеткізе айтты. Мен қазір осы сөзді жазып отырғанда, сол сотта өзімнің ендігі көзқарасым қандай – соны жұртқа салмақпын. Қазір мен өзімнің сол бұрын басып өткен ізінен қайтып, соны қатты айыптайтынымды білдірмекпін.
Соңғы бірнеше жылдар бойында менің ішімде жай созылса да ілгері басып келе жатқан өзгеріс бар еді. Бұл өзгеріс жолында мен маркстік-лениндік жүйесін және оның тарихи социалдық қисыны мен танымын - дүние танудың ғылыми жолы есебінде бір қабылдап алып ем. Кейінірек, қазірде, сол негізді өзімнің дүние көзқарасымның, бойыма сіңген нанымның іргесі деп ұстадым. Бір жағынан осындайлық менің қазіргі мазмұным мен бағытымды айқындайтын пікірлік жаңа негізді ғылымдық көзқарасы болса; екінші жағынан жаңа жақсы тұрмыс үшін алысқан пролетариаттың жеңуі, дегеніне жетуі, тарих жүзінде ақталған, орнаған табысы болып отыр. Осы халмен қатар пролетариатқа жаулық ниетінде болған үлкенді-кішілі топтардың барлығының жат, жау қимылының бәрі де құлап, күйреп біткелі отыр. Сол сынаған жайлардың барлығын еске алып келіп, мен барлық кеңес жұртшылығының алдында, менің өткен жолымды сынап шыққан КазАПП даусына өзімнің де кінәларымды өзім айыптаған жаңа сыным мен пікір жолындағы жаулық құралымды анық тастаған – дауысымды қоспақпын.
Ең алдымен менің кейінгі барлық саяси, әдеби терістіктерімнің себепшісі болған нәрсе не? Ол менің көп замандар бойында ұлтшыл алашордашы негізінде төңкерістің жауы болған топтың салт-саналық бағытымен байланысты болып еді. Осы халмен тарихи нық байланысқан нәрсе – менің саясат пен әдебиеттегі ісімнің мазмұны мен қалпы соңғылардың саяси бағытын бастады. Бастағанда, анықтағанда пролетар төңкерісінің тілегіне жау болған, барынша қарсы бетке бастады.
Өзге алашорда басындағы жазушылар сияқты мен де бұрынғы ауыл мен пролетариат қожалығының тұсындағы ауылдың байы мен ру басыларының тілегін, мұңын жоқтайтын салт-санасы болдым.
Осы жаймен қатар мен көп уақыт қоғамдық жолдар мен салт-саналық үстемшіліктің мазмұнын түсіндіру, тану мәселесіне келгенде әрі залалды-санашылдық түсінігін ұстап қалдым. Теріске көшкен, қаталасқан бетімнен болып, әдебиетті өзге қоғамдық шаруашылық жағдайлардың барлығынан жарып алып, жекелеп қарап, оның арналған мұратын, ролін, бітімін жеке-дара қып ұстау қажет дедім. Маркс-Лениннің даусыз ақиқат есебінде айырып айтқан дұрыс жолы бойынша әдебиет барлық мемлекет құрылысы мен соның саясатына ежелден бағынатын нәрсе екенін ескермедім, қабылдамадым.
Бұл сияқты, ғылым жағынан негізсіз, тарихи жағынан қате болған салт-саналық бағытымды – қазірде тарих та және ұлғайып өрлеп дәуірлеп келе жатқан социалдық құрылыстың өсуі де түгел теріске шығарып, қағып тастап отыр.
Сондай теріске шығарудың бірі – ұлт мәселесін даусыз, әділ Ленин жолымен шешуде болды. Бұл жолмен бүгінде барлық бұрынғы патша отарының, соның ішінде біздің Қазақстанның елінің тағдыры шешіліп отыр.
Бірақ менің бұл дәуірдегі, социализм құрып жатқан дәуірдегі тарихи уақиғаларды біржақты болып теріс, тар ауданда түсінуім себепті Қазақстанда партия мен үкіметтің жүргізіп жатқан ірі төңкерістік шараларына көбіне көзқарасым теріс болды. Ол шаралар өткен заманда езгіде болған Қазақстан еңбекшілерінің пайдасы, игілігі үшін ең қажет шаралар екенін түсінбедім.
Біздің аймақтың барлық қоғамдық шаруашылық қалпын капиталшылдық жолынан социализм жолына аударып, бұрып салу үшін ол шаралар қажет екенін есептемедім. Жекелеп айтқанда байлар мен ру басыларын конфискелеудің қажеттілігін іштей қабылдамадым.
Үкіметтің колхоз, совхоз құрылысының тұсында істеген берік ұлы шараларына да басында сенімсіздікпен қарап, қарсы болдым. Ал ол құрылыстың орнаған жері кешегі жабайылық күйіндегі көшпелі, жарым көшпелі ауыл мен сол жайлаған жабайы, сансыз ғасырлар бойында өзімен-өзі ғана болып, ылғи артта қалуын, қалғуын сақтап келген дала еді.
Сол сияқты Қазақстанда өндіріс құрылысының кеңінен өріс алуына да сенбеп едім. Бүгінде ол жүзеге асқан ұлы іс болып, Қазақстанның барлық қалпын қайта туғызғандай боп отыр.
Қазір өмірде қайта барлық Одақ пен Қазақстанның ұлы құрылысының тәжірибесі мен және социализм үшін алысқан халық бұқарасының жаңғырған саналы тіршілігінің тәжірибесімен менің жаңағыдай түсініктерімнің барлығы әрі теріс, әрі залалды екендігін айқындады.
Енді Қазақстан еңбекшілеріне жаулық ниет ойлайтын ішкі-тысқы таптар мен жеке адамдардың жат ниеті мен үміттеріне қарсы нақ сеніп айта алатыным – олардың жолы тарихтан қағылып шыққан көзсіз жол – қаза жолы. Бұл таптардың өткен уақыттағы саяси бағыты – енді тарихтың аударып кеткен, жабылып қалған беті болады. Және, бұны ашық мойынға алу керек, ол тарихтың мақтаусыз, бәйгесіз, ажарсыз беті болып саналуға тиіс.
Олардың бұрынғы өзін әлденеге бағалағандығы болса, Қазақстан еңбекшілерінің тұрмысындағы жаңалап өскен дәуірде оның бәрін керексіз қылып, жолынан алып тастап отыр.
Ондай бақыттар бұрын қандай залалды болса да, қазір онан да әрі залалдырақ. Одақ еңбекшілерінің ендігі тұрмысының өсу, гүлденуіне бөгет болар кедергінің бәрін қандай керексіз десек, бұны да сол сияқты керексіз, зиянды деп білемін.
Өзімнің сондай топтармен байланысқан артқы күнімді осылайша нық тексеріп, қайта бағалап келгендегі ендігі байламым: сол ескілігінен өз арамды бұдан былай бір жола үзіп жарып алу және сол ескілікпен мені байланыстырып, жақындастырған жайлардың барлығынан үзілді-кесілді арылып шығу.
Осы сияқты жаңа түсінік, жаңа бағыт тұрғысынан енді менің жүріп өткен әдеби және (қазақ әдебиетінің тарихын қарастырғандағы) зерттеушілік қызметімді шолып өткенде айтатыным: ол қызметтерім Қазақстандағы мәдени төңкерістің жол-бағытымен үйлескен жоқ. Қайта соған қайшы келіп отыр.
Менің өткендегі жазушылық қызметімнің айқын белгілері «Еңлік-Кебек», «Қаракөз» сияқтылары еді. Бұлар бүгінгі төңкеріс дәуірінен алыстағы қазақ салтын көрсетумен қатар, өздерінің екшеліп алынған тақырыптары бойынша төңкеріс тематикасынан әдейі аулаққа жайылып кеткендікті және ұлтшыл жазушылардың тобына кеткендікті білдіретін нәрселер. Мен сол жазушылардың қатарына кіріп, 1920 жыл мен 1928 жыл, аздап 1929 жылдың аяғында Қазақстандағы және Ташкендегі баспасөзге әсер етіп, баурап алмақ боп әрекет еттім. Сол жылда оқушы тобына тар ұлтшылдық бағытында әсер етіп, әдеби шығармалар, сындар, айтыстар арқылы ұйымда қандай іс жүргізсек, жастар арасына сондай ұлтшылдық күйін тараттық. Бұл әрекеттің барлығы ортақшыл партиясы мен кеңес үкіметінің сол жастарды интернационалдық рухында баулимын деген міндет бағытына негізсіз қарсы жүріп отыр. Мен қазірде жаңағы сияқты шығармаларымның бүгінгі күннен аулақ кетіп, бірбеткей тақырыптарды ғана екшеп алғандығын айып деп, кінә деп қоймаймын. Сол тақырыптарды суреттеген, таратқан әдісін салт-санашылдық – суреттеулік ретіндегі қалыптасуын да теріс деп білемін.
Менің шығармамның көпшілігі сарнамашылдық бетімен болуымен бірге, өткен дәуірді төңкерісшіл сарыншылдық жолымен сипаттаудан қашық болды. Қайта ескіліктің кейбір залалды салттарын жарыққа шығарып өсірумен, ол салтты жақтаушыларды аз-аздап пікірі жолындағы құралсыздандырумен қатар, бәрібір мен өз шығармаларымның көпшілігімен анығында беті ашық ұлтшылдық күйіндегі жазушы боп шықтым.
Ал бұл жол – біздің аймақтың кеңесі тарихи өсуінің қорытындысында төңкеріске жаулық жолы боп шықты. Себебі, жаңағыдай шығармалардың пікір, сезім жолындағы теріс әсері, біздің уақытымыздағы қазақ жастарының ойына да, рухына да тиетін болды. Өйткені біздің жастар өткен күнін жаңа танып келе жатқан, жаңа оянған артта қалған елдің жастары болатын. Қорытындысын айтқанда, менің әдеби қызметім, сол жастардың көңіліндегі, салт-санасындағы ұлтшылдық күйін жеңілдетіп, сейілдетуге арналмай, қайта соны нығайта түсуге арналып кетті. Қазіргі күнде мен өзімнің бұрынғы жазушылық жолымдағы бағытыма ғана емес, қазақ әдебиетін тексерген тарихшы, зерттеуші есебіндегі қызметіме де теріс деп қараймын.
Түгелдеп айтқанда, төңкеріс, жолдарының қоғамдық заказы мен төңкерісшіл жұртшылықтың тілегіне біржолата үйлеспейтін сөздерім болған. Бұл ретке қосылатын төңкеріс жолындағы жылдар ішінде қазақ әдебиетінің жолы қандай болу туралы «Шолпан» журналының бетінде ертеректе айтқан пікір. Бұл салт-сана жолында залалды пікір еді.
Сол қатарларым кейбір кейінгі тексерулерімнен де арылған жоқ. Мысалы, соған ұқсаған қаталар Абай шығармаларын тексеруімде де бар.
Онан соң «Алқаның» бағытын әдебиеттегі жаңа төңкерісшіл бағыт деп қабылдауым да теріс еді. Анығында ол марксшылдыққа құр ғана иек сүйеп отырып, негізінде бұрынғы тар ұлтшылдықты қайта тереңдетіп, қайта қалыптап, қайта нығайтамын деген жол болатын. Мен оның негізгі бағытын қаталасып барып, көтере бағалаппын. Қазірде қазақ жазушыларының алдында тұрған төңкерістік міндеттерді түсіну жолында, мен ол «Алқаның» теріс ұлтшылдық бағытынан бойлап астым. Сондықтан бұдан былай онымен ешбір байланысым жоқ деп санаймын.
Тағы бір сөз, ауыр қатам деп санайтыным қазақ баспасөзінің жүзіндегі төңкерісшіл марксшілдік сынына құлақ салмауымда.
Дәлелсіз сыңаржақтықпен қарап, барлық сынды түгелімен ұйымсыз жазушыларға арналған жаулықтың ғана сыны деп санап жүрдім. Өз ісімнен ол сынның ролі де, мұраты да, ортақшыл емес, жазушыны әдебиет жүзінде соққыға жығудан басқа емес деп біржақты теріс баға беріп жүрдім, сонымен сынның негізді - ғылыми негізді төңкерісшіл басшы екенін ескермедім. Сынға осылайша теріс қараған көзқарасыммен соңғы жылдарға шейін келдім де, әдейі ұстанған көңіл құрылысы есебінде, жұртшылық алдында өзімнің қатарларым туралы да үндемей сөз көтермей келдім. Бұл да қатамның бірі еді.
Енді «Қазақстан правдасы» мен «Социалды Қазақстан» арқылы барлық Казақстан жұртшылығының алдында өзімнің бұрынғы әдеби-саяси істерімді осылайша айқын күйінде айыптайтынымды ашық жарияламақ боламын. Сонымен бірге, енді бұрынғы қаталарымды төңкеріс ісіне барынша бой салып ұдайы, адал қызметпен түзетуге бекінгенімді білдірмекпін. Енді мәдениет, салт-сана майданының ең жауапты, ең қызу тартысының кезеңдерінде іс істеуге өзімді-өзім міндеттеймін деп санаймын.
ӘУЕЗҰЛЫ МҰХТАР
«Социалды Қазақстан», 1932 жыл, 10 июнь.
Дар ағашына баспақтап бара жатқан адамның жанталасы мен жанжүйесiн түсiну қиын. Қанша батыр, ержүрек болса да төнiп келе жатқан ажалдан сескенбеуi, тiтiркенбеуi, түршiкпеуi мүмкiн емес. Дегенмен де «Алаш iсiндегi» қайраткерлердiң екi-үш елеусiз айыпкерлерден басқасы ешкiмдi сатпаған. Тек әр түрлi айла-амал қолданған. Ал Мұхтар Әуезов түгiн сыртына салып:
«Бiздiң аймақтың барлық қоғамдық шаруашылық қалпын капиталшылдың жолынан социализм жолына аударып, бұрып салу үшiн ол шаралардың қажет екенiн есептемедiм. Жекелеп айтқанда байлар мен ру басыларын конфискелеудiң қажеттiлiгiн iштей қабылдамадым, үкiметтiң колхоз, совхоз құрылысының тұсында iстеген берiк ұлы шараларына да басында сенiмсiздiкпен қарап, қарсы болдым»,– деп «кiнәсiн» мойынына алды.
Кемтар мен кеще, аяр мен ақымақ, мешеу мен мещан, қызғаншақ пен қорқақ, сараң мен сауатсыздар кекшiл келедi. Кеңес өкiметiнiң үкiмет мүшелерiнiң бәрiнiң бойында осындай бір кiнәраттар мен кiлтипандар бар болатын. Тiптi бүкiл мемлекеттiк құрылымның өзi сол кек пен кекшiлдiкке құрылып, өздерiнiң қастаншықпағыр пиғылын бүркемелеу үшiн «езiлген таптың күресi» деген сылтауды ойлап тапты. Әуелi өмiрге кеткен есесi мен өкпесiн Ресейден қайырып, ендi төрткүл дүниенiң астан-кестеңiн шығарды. Аш адамның ашкөздiгiнен обыр ештеңе жоқ. Билiк пен байлық қолына көшкен кезде олар ұлттың игiлiгiн бір-бiрiнен қызғанып, өзара қырық пышақ болып, бiрiн-бiрi арандатты.
«Алаш iсi» де сондай «қанды науқанның» қарсаңындағы соңғы дайындық болатын. Ал, олардың ең осал тұсы – жалған идеология едi. Өздерiн де, өзгелердi де сол жасанды даурықпаға сендiрiп бақты. Сондай сәтте «алашорданың екi көсемi өзiнiң ұлтшыл-буржуазияшыл көзқарасынан бас тартып, өткендегi қателiктерiн кеңес өкiметi мен еңбекшiлерiнiң алдында ашық мойындауы» оларға таптырмайтын саяси-идеологиялық құрал едi. Соны желеу ете отырып тобырдың санасын тұмандандырды, екiншiден, тұлғаларды үнемi үреймен өмiр сүруге мәжбүр еттi.
ЕКІНШІ ТАРАУ: ТІРЛІК ТАЛҚЫСЫ
I.
Адамның өмірінде бүкіл ғұмырының тағдырын шешетін қас-қағым сәттер, қысылтаяң кезеңдер, аласапыранды мезеттер кездесіп қалады. Кейде, сондай жан дүниең жанталасқан шақта, өткен-кеткенді ойыңда байыппен саралап, тұманыта бұлдыраған мұнардың ішінен болашағыңа адастырмай апаратын үміт сәулесін дәл ұстай білудің өзі соншалықты қиынға түседі. Ондайда салқынқандылық танытып, жандүниеңмен буырқана булыққан таным қарсылығын, қызуы мол ақыл-ойдың толқынын тежеп, асқақ көңілдің аптығын басудың өзі қаншалықты парасатты болғанымен біреудің қолынан келеді, біреудің қолынан келмейді. Үлкен аға-кіші інінің, дос-жаранның, ниеті адал адамның қажеттігі де осындайда. Тіршілік ұсынған талай-талай ащы сыбаға мен сынақты басынан кешкен, бұдан кейін де алдын кес-кестейтін қырсық пен тағдыр тезінен өткен Мұхтар үшін дәл қазіргі кезеңдей, отызыншы жылдардың басындағыдай шешуші міндет жүктеген емес. Бұған дейінгі, бұдан кейінгі талас-тартыстың барлығы оның көркем шығармашылығынан туындап жатса, бұл жолғы зауал – оның өз өміріне де, іс-әрекетіне де, өткені мен кеткеніне де тікелей қатысты еді.
Түрмеде жатқан екі жыл бойы осы сұрақтың жауабын іздеуге тура келді. Өзгелерге қарағанда Мұхтарға тағылған айыптың өзіндік қиындықтары да, жеңілдіктері де болды. Тағылған кейбір айыпты ойланбастан мойындаса да, оның біразына қарсы шықты. Орынсыз, шындыққа ешбір қабыспайтын, «жалаң әлеуметшілдікке» сүйенген талаптар да қойылды. Солардың арасындағы қатты қинағаны – жүрегін жарып шыққан шығармаларынан бас тарту, оларды теріске шығару хақындағы «тапсырма» болатын. Бұл – өз көзқарасыңнан, дүниені өзінше көркем қабылдаудан, әдебиетке ғана тиесілі адамдардың арасындағы табиғи сезім арпалыстарынан, оқиғаны берудегі психологиялық желіден бас тарту, бұрынғы өміріңді бүтіндей сызып тастау керек деген сөз. Ал ертеңгі тірлік үшін бәрін де тәрік етесің. Сонда, жаңа жағдайға бейімделе ала ма? Жалған ұранға құрылған, міндетті түрде жағымды бейнеленуге тиісті кейіпкердің ұйыйтын мәйегі қайсы? Бұл шын өнердің шалғайынан алыс. Мүмкін, бұл талап өзгерер. Дегенмен де, көркем өнер – «көркем өнер үшін өмір сүруі тиіс» сияқты. Адасу ма, қасарысу ма? Қайдам. Бір бұл емес қой, ондай айдар тағылып, ат қойылған? Бәрінен бас тартса, ертеңгі өмірді калай бастайды? Өткенсіз қайтіп болашақта ғұмыр кешеді? Шегінетін жер жоқ.
Екінің бірін таңдау қажет. Екінің бірін.
Екі жыл бойы ақ қағазды ұмытты. Саусақтары қаламсапты да жатырқап қалды. Шынымен, көкіректе қыз-қыз қайнаған сезім толғаныстары, ақыл-ойдың мазасын алған дүние құбылыстары сыртқа шықпай, сөз-маржан боп төгілмей, кеудесінде кеткені ме. Жоқ, қаламды жатырқайтын шақ емес. Ендеше, ең бастысы – қаламын қолдан шығарып алмауы қажет. Онсыз тіршіліктің де мәні жойылады. Ал, мағынасыз, сүреңсіз ғұмыр кешуден асқан азап бар ма десеңізші. Абай айтқандай, мұңсыз «толық адам» емессің. Қасарысқанмен, ұтқаның қайсы? Қателік әркімнің сыбағасына тиесілі. Ол –қозғалыс заңы, болмыстың бітімі. Ағысқа қарсы жүзудің барлығы да қайсарлық емес. Күрестің бәрі мақсатқа жеткізбейді. Өмір-өзеннің ырқына бір сәт бейімделу де лазым. Түптеп келгенде, кімсің өзің? Не үшін күйіп-пістің, кім үшін күрестің? Мақсат-мұратың не сондағы? Әне, Жүсіпбек пен Халел атылып кетті. «Кімсің сен?!»
Сол бір қиын, зауалды кезеңде Мұхтар өзіне-өзі осы сұрақты қоя білді. Жауабын тапты және ең дұрыс жауапты тапты. Ол өзінің келешектегі қандай мұрат-мақсат жолында өмір сүру керектігін түсінді. Ондай шешім қабылдауға жаны жақын жанашыр адамдар септігін тигізді. Қалың алма ағашы мен селмен қоса домалап келген диірмен тастардың ортасында орналасқан Тастақтағы түрмеде жатқан Мұхтарға тағдыр қолын созды.
1932 жылы 23 көкекте шыққан БК(б)П Орталық Комитетінің «Әдебиет, көркемөнер ұйымдарын қайта құру туралы» қаулысының қабылдануы оның шығармашылық қызметіне де, өмірінің аман-есен сақталып қалуына да бірден-бір шарапатын тигізді. Өйткені, мәдени революцияны бесжылдық қарқынына сай жеделдете жүзеге асырамыз деген жалаң ұранды жамылушылар, көптеген келеңсіздікке жол берген еді. Халықтың рухани мұрасын құртып жіберу қаупі төнді. Таптық тартыстың шиеленіскен тұсында «жалаң әлеуметшілдіктің», «ата-текті қуушылықтың» салдарынан істің ақ-қарасы ажыратылмай, сырттан тон пішіліп, қалайда «тап жауын» іздеп табу науқанына жол берілді.
«Жалаң әлеуметшілдердің» желігін қоздырған РАПП-тың, оған ілесе ҚазАПП-тың тарқауы, Максим Горький бастатқан КСРО Жазушылар одағының құрылуы жалпы өнерге, оның ішінде әдебиетке «тапшыл жалаңтөстердің» тигізген кері әсерін жойды, оның орнын социалистік реализм деген жаңа термин алмастырды. Рухани мұраларға байыпты баға беріле бастады. «Екі мәдениетті» ұштастыра дамытудың қажеттілігі көрсетілді. БК(б)П-ның арнайы қаулылары жарияланды. Қаламгерлердің шығармашылық мүддесін қорғайтын Жазушылар одағының төрағасы Максим Горькийдің өзі ілгерідегі қателікті қалпына келтіруге шақырды.
Иә, солай болды. Солай болуы тиіс еді. Бірақ сол бір парасатты талап күшіне енгенше біраз талантты адамдар «көз жаздырып» кетті. Ол адамдардың атын атаудың өзі қылмысқа саналды. Сол бір «аласапыран» шақта, тіпті, көш бастаған азаматтардың да санасын тұман басты. Ой-санасы толысқан, университетті тәмамдап, университеттің философия кафедрасын, Қазақ өлкелік комитетінің баспа, мәдениет бөлімін басқарып отырған Ілияс Қабылов іспетті ірі қызметкердің өзі Абай туралы:
«Жоғарыдағы айтқандарымызды қорыта келе: Абай философиясын кәдімгі буржуазиялық идеологиялық философияның дінге иек сүйеген бір тармағы деп қиналмай-ақ қорытынды шығаруға болады. Бұл философия осы уақытқа дейін қазақ халқының қалың жұртшылығы мен парасатты зиялылардың арасына кеңінен тарап келді, таратылып та жүр. Оны былай қойғанда, біздің өте аянышты өкінішімізге орай, біздің революциямыздың жүзеге асқанына он бір жыл өткен соң да осынау буржуазиялық күл-қоқырды (Абайдың философиясын – Т.Ж.) ешқандай сынсыз-ақ қазақтың жастары нағыз материалистік философияның қазақы түрі деп есептейді. Абай философиясы осы уақытқа дейін барлық қазақ оқулықтарында, қазақ басылымдарында, қазақша шыққан дәптерлердің мұқабасында басылып, үзінділер келтіріліп келеді, келтіріліп жүр, онымен қоймай барлық баяндамалар мен сөздерде т. б. жатқа айтылады. Егер де осынау бір шеттен шыққан сұрқия қылық осыдан бес-алты жыл бұрын көрініс берсе төзіммен қарауға болар еді, ол кезде Қазақстанда еңбекшілердің үстемдік құруы енді ғана жүзеге асып келе жатыр еді. Ал дәл қазір қазақ халқының өмірінің барлық саласы революцияланып болған кезде, болып жатқан кезде біз: Қазақстанның партия ұйымының идеология саласындағы ең бірінші кезек күттірмейтін міндеті – таяу арада шұғыл түрде буржуазиялық күл-қоқыр ретінде абайшылықты құрту болып табылады. Сондықтан да, қысқа мерзімде Қазақстанның партия-совет мекемелерінің мәдениет майданындағы барлық қуат-күшін Абай іліміне және оның қазіргі сыбайластарына қарсы күресуге жұмылдыру керек» («Советская степь», 1928 ж. 2 тамыз), – деп «нұсқау беруіне» онша таң қалуға болмайды.
Ал, «қысқа мерзімде құртылуға тиісті... Абай ілімінің» бірден-бір мұрагері – Мұхтар Әуезов болатын. «Бір-ақ ауыз сөзбен... Абайдың шаруасын бітірген» («Советская степь», 1929 ж. 22 тамыз) соң, кезегі келген М.Әуезов те «тәубесіне түсіп» келді.
Ол түрмеге қамаларының алдында ұлы ақынның екі томдық мұрасын, ол туралы естеліктерді жинап, шығармаларының библиографиялық көрсеткіштерін жасап, баспаға әзірлеп қойып еді. Және Абай төңірегіндегі байбаламдарға қарсы пікір айтпай тұра алмады:
«Қазақ жазушыларынан, әрине, Абайды сүйемін. Менің бала күнімнен ішкен асым, алған нәрімнің барлығы да Абайдан. Таза әдебиет сарынына бой ұрғаны да Абай. Маған Абай деген сөз – қазақ деген сөзбен теңбе-тең түсетіндей кездері бар сияқты. Абайды сүюім үнемі ақылдан туған, сыннан туған сүйіс емес, кейде туған орта, кір жуып, кіндік кескен жерді сүюмен бара-бар болатыны бар»,– деп жауап берген болатын досы С.Сәдуақасовтың сұрағына.
Заман қабағы жылынып, қабыловтардың қисыны ыдырағаннан кейін Мұхтар өзінің «Ашық хатында» бас тартқан көркем әдебиет пен өзінің шығармалары туралы пікірлерін бірте-бірте баспақтай қалпына келтіруге бет алды.
Ең бірінші: Абай және әдебиет тарихының мәселелері жөніндегі, көне мұралары хақындағы «уақытша ұстанған» нысаналарын өзге бір ауанмен әдібін жазды. Араға бір жыл өтпей жатып бұл ниеті жүзеге асты. Абайдың бір томдық шығармалары Мұхтардың құрастыруымен басылып шықты. Сөйтіп, «екі мәдениет» туралы қаулы әдеби мұраның халық игілігіне қызмет етуіне қайтадан жол ашты.
Екінші: революцияға дейінгі қазақ тұрмысынан жазылған шығармаларын «салт-сана», «сарыншылдық» деп бағалап, «Еңлік-Кебек», «Қаракөз» пьесаларын өзінің шығармашылық өмірбаянынан мүлдем сызып тастаған еді. Сонымен қатар, «салт, сана жөнінен, әдебиетті таптық тану тұрғысынан мойынсынбаған, заман ағымымен үйлеспейтін түсініктері де» бар еді. Сол үйлеспейтін дарын мен сарын оның С.Сәдуақасовтың анкеталық сұрағына Ленинградта оқып жүргенде жауап берген:
Достарыңызбен бөлісу: |