Ғылыми зерттеу саласындағы қателерімді қайта қарау барысында мен қазір Абай туралы монография жазу үстіндемін. Мен онда өзімнің және басқа да зерттеушілердің абайтанудағы жіберген идеялық саяси қателерін түзеуге тырыстым. Қазақ ертегілері туралы зерттеуімді кеңес фольклористикасының талаптарына сай маркстік-лениндік түсініктің негізінде қайта жазып шықтым».
Сол тұста «маркстік-лениндік түсініктің негізінде» өзгертуге түскен бұл басылымдар қазір де сол күйінше жарияланып келеді. Оларды алғашқы түпнұсқасымен салыстырып жариялаудың реті келе ме, жоқ па, кім білсін. Иә, бірі кем дүние.
М.Әуезов (жалғасы): «Қазақ эпостары, лиро-эпостары, тарихи жырлар туралы өзімнің бұрынғы және кейінгі кездегі қателіктерімді де білемін және есімде. Осы аталған еңбектердің әрқайсысындағы жіберілген қателіктерге дәл қазір тиянақты түрде талдауға мүмкіндігім болмағандықтан да, сол кемшіліктердің барлығына ортақ және ең бастысына ғана тоқталамын. Оның басты себебі, мен әдебиеттануға нағыз ғылыми тұрғыдан үлкен біліммен емес, әсіресе, әдебиеттану саласында маркстік-лениндік тұрғыдан дайындықсыз келдім».
Иә, «маркстік-лениндік ілімді» игеруге гимназияның, университеттің, аспирантураның білімі, ғылым докторы атағы, профессор мен академик лауазымы жеткіліксіздік жасапты. Қандай кішіпейіл қорлық!
М.Әуезов (жалғасы): «Отыз жылдан бергі өмірімнің әр тұсында әрқандай мақалалар, сөздер, зерттеулер жаздым. Дәл қазір анық түсінгенім – 1938 жылға дейінгі буржуазиялық ұлтшыл идеялық ұстанымым мен кейінгі мұндай өрескел көзқарастан идеялық, творчестволық тұрғыдан жырақтап кеткен кезімде де, бәрі бір мен ұзақ уақыт бойы марксизм-ленинизм философиясына сүйенген шынайы ең сенімді әдебиеттану ілімін бойыма сіңіре алмадым. Сондықтан да біздің кеңестік вуздардың оқулықтары мен ғылыми зерттеу мекемелеріндегі бағдарламаларын идеялық-методологиялық қате тұжырымын кеңестік ғылымының жетістігі ретінде бағалап келдім. 1932 жылдан кейінгі өзімнің кейбір қателіктерімді бұрынғы және қазіргі қазақ әдебиеттанушыларының барлығына ортақ қате деп есептеймін. Бұл орайдан алғанда мен кейбір әдебиеттанушылардың, «Правда» газетінде жалған ғалым деп дұрыс баға берген, өзінің және оның достарының қателіктері кездейсоқ қате деп сендірген (ол қателіктері бір емес, екі емес, жиырма рет қайталанса да), ал сол мәселе жөнінде, сондай мазмұнда тура өздерінің пікірі сияқты Әуезовтің қателігі – қасақана қателік, яғни Алаш Орданың идеясы дегісі келген Жұмалиев сияқтылардың пікірлерін мойындамаймын және жоққа шығарамын».
Тағы да: иә! Иә! Иә! Ол өзінің профессорлық, академиктік атағынан бас тартуға дайын, бірақ Қ.Жұмалиевті ешқашанда кешіре алмайтын! Бұл оның шындық сөзі және пенделік пиғылы еді.
М.Әуезов (жалғасы): «Мен бұл өзін өзі ақтауға ұмтылған жалған ғалымдардың – топшылдардың, өздерінің қателіктерін өзінен өзі түсінікті мәселе деп жортақтатып, біреудің қатесін ауырлатып, бір мәселе жөнінде айтылған біртектес пікірлердің иесінің бір тобын ақтап, екіншісін қаралайтын мұндай топшылдарды бұрын да әшкерелеп келгенмін, қазір де әшкерелеймін. Олардың ойынша қарапайым адамдар үшін бір бөлек, таңдаулылар үшін бір бөлек қателік бар сияқты. Партияның сын және өзара сын туралы міндеттері мен жалпыға ортақ идеясына осы қылық та сай келе ме? Бұл топшылдардың осындай сорақы өзгертімдері партияның ұранын мазақтау емес пе? Иә, бұл жекелеген сорлы, өзімшіл адамдардың өз кемшілігін жасыруға ұмтылғандығы, жекелеген жазушылардың өрескел қателігі. Қазақстан партия ұйымының жетекшісі Шаяхметов жолдастың ауызымен Жұмалиев пен Мұқановтың және менің де буржуазиялық ұлтшыл қателігімді көрсеткен партияға рахмет. Менің қателіктеріме қоса және менімен бірге Мұқановтың қателіктерін күн тәртібінде талқылауға себеп болған – «Правдаға» рахмет. Сондай-ақ, Жаймурзин жолдастың баяндамасынан бастап Әбішев жолдастың және де басқа да жолдастардың біздің қателіктерімізді тең дәрежеде көрсетуіне мүмкіндік берген осы мәжіліске де рахмет».
Бұған С.Мұқанов сөз арасындағы:
«Мен Мұстафин жолдасты, сол арқылы мұқым Жазушылар одағын қатты соққыдан құтқарып қалдым деп есептеймін. Себебі ол, алашордашылар мен олардың пікірлеріне кең жол ашып қойды. Мен оны ұлтшылдықты дәріптейді деп айтып отырғамын жоқ... Ал қазір онымен Әуезов жолдас жәмпейлесіп жүр»,– деген астарлы емеуірінмен жауап берді..
Шым -шымдап болса да шымшып кетті. Шіркін, тістескен есіл өмір-ай десеңші! Енді М.Әуезовтің ақтарылмаған несі қалды? Қаламы қалды, қаламынан бас тарту ғана қалып еді. Ол тілекке де жеткізді.
М.Әуезов (жалғасы): «Жалпы алғанда өзімнің ғылыми зерттеу жұмыстарым туралы айта келіп, таяу жылдардағы творчестволық міндеттерімді іріктеп, саралай келіп, мынандай шешім жасағанымды айтып өткім келеді: бір мезгілде аса ауқымды көркем шығармашылық жұмыспен қатар ауыр еңбекті қажет ететін әдебиеттану саласындағы ғылыми жұмысты қатар алып жүру өте қиын, мүмкін де емес және осы уақытқа дейін оларды қатар алып жүруге тырысқаным құр әурешілдік сияқты.
Ғылым бәйбіше-тоқалдықты көтермейтін кірпияз сала десек, көркем әдебиет одан да өткен қызғаншақ кәсіп.
Мен қазір жиырма бес, отыз жаста емеспін. Қызмет істей алатын он-он бес жыл ғана уақыт бар, ендеше өзім үшін ең қолайлы, ең сенімді (әрине, ғылым саласындағы педагогикалық қызметімді сақтай отырып), тек кәсіптік тұрғыдан барынша дайындығым күшті, күнделікті шығармашылық тәжірибем қалыптасқан көркем шығармашылықпен айналыссам деймін. Сонымен қатар ғылым мен әдебиеттанудағы менің сыншыларымның да көп екенін ұмытпауларыңызды өтінемін. Өйткені, әдебиет тарихы ғылымының кейбір мәселелері, өткенге қатысты кейбір тақырыптарды мен өзімнің ұзақ жылдар айналысқан жазушылық қызметімнен кейінгі, көркем шығармаларымнан кейінгі екінші, кейде үшінші мәселе ретінде қарастырдым. Менің «Еңлік-Кебек», «Айман-Шолпан», «Қобыланды» пьесаларыммен және «Правда» осы мақаласында жоғары бағалап, объективті түрде баға берген он екі жыл бойы жазып келе жатқан «Абай жолы» романын еске алыңыздаршы. Фольклорлық тарихи тақырыптарға жазған барлық шығармаларымда идеялық көркемдік тұрғыдан дұрыс баяндауда ғалым-зерттеуші ретінде емес, жазушы ретінде табыстарға жеттім. Тақырыпты көркем тұрғыдан игеру барысында мен маркстік диалектиканы творчестволық тұрғыдан терең меңгере алдым.
Ең бастысы мен қазір бүгінгі күнгі біздің өміріміздің өткір шындығын бейнелейтін пайымды да, көлемді көркем шығарманы дүниеге әкелемін деген сеніммен үмітті өмір сүріп келемін. Өзіме-өзім: алып та жығатын, шалып та жығатын шабытты өмірімнің ең жасампаз кезеңіне қадам басқандай сезінемін.
Сондықтан да мен сіздерге: менің алға басқан қадамымыды өткен дәуірде жазған «Абай» романымен өлшемеңіздер, мені сол романдарда жеткен жетістігім мен шыққан биігіммен ғана өлшемеңіздер. Біздің әділ де, талапшыл принципті сынымыз сол кітаптардағы кемшілігімді жоюға көмектессін, маған және біздің мұқым қазақ әдебиетіне көмектесе отырып, менің алдағы уақыттағы ең басты мақсатыма – біздің кеңестік адамдар туралы – коммунизм құрылысшылары туралы біздің кеңестік бұқараның өміріне сай, партияның талабына сай жақсы жазуыма, шын мәніндегі үлкен полотно тудыруыма қол үшін берсін.
Сөзімнің осы бөлімін аяқтай келе, Одақтың төралқасынан менің осы мәлімдемемді республикалық баспасөзде жариялауға көмектесуін өтінемін».
Бұл дегеніңіз – өмір сүруге рұқсат сұрау, жеке басының бостандығына, өміріне қауіп төніп тұрғандығын осы ашық хат арқылы республика жұртшылығына хабарлау, жан қысылғандағы жан дәрмен сөз еді. Қандай жан талас!
Осымен М.Әуезовтің үйде жазып, дайындап әкелген қағаздағы сөзі аяқталады да әрі қарай мінбедегі еркін сөзі басталады. Онда сол күнгі саяси оқиғаның ықпалымен өзін күні кеше ұсталып кеткен саяси тұтқындармен арасын ажыратып алғысы келген. Онсыз тағы да болмайтын. Артқа қалдырған күдік түбінде күйдіріп тынатын.
М.Әуезов (жалғасы, стенограмма): Жолдастар, жазушылар одағындағы жікшілдік және оған менің қатысым туралы мәселе де талқыға ұсынылып отыр. Өткен жолғы үзіліп қалған жиналыста Жароков жолдас менің тобым-мыс делінетіндердің қатарында қазір саяси қылмыстары әшкереленіп отырған Сүлейменов пен Мұхамедханов бар-мыс деп дәлелдеуге тырысты. Бәрінен бұрын айтарым, біріншіден, мен дәлелсымақтың шындығы мен қисынына тоқталайын. Мен Жазушылар одағының ішіндегі жазушылардан топ құрғаным шын болса, онда өз тобыма мүше етіп жазушыларды емес, неге сырт адамдарды тартамын? Сүлейменовтің де, Мұхамедхановтың да жазушы емес екені бәріңізге белгілі емес пе. Ендеше жазушылық шығармашылыққа қатысы жоқ, жазушылардың ортасымен байланысы жоқ адамдардан құралған жазушылар одағындағы қайдағы топ? Алайда бұл адамдарды менің тобымның, немесе мені олардың қылмыстық, дұшпандық тобының мүшелерінің қатарына қосып жүр. Әр нәрсені атымен атасақ, онда кейбір адамдар жер бетіндегі барлық күнәні маған үйіп-төгіп, мені тура осылай көрсетуге дайын тұр!
Мен мұндай ауыр айыптаудан түбегейлі бас тартамын, бас тартып қана қоймаймын, мені бұлай тұздықтауын ызамен айыптаймын. Сүлейменовтен бастайын. Осы жерде отырғандардың көпшілігі оны кезінде көзіміз көріп, құлағымыз естіген әрекеті арқылы қандай деңгейде білсе, мен де оны сондай дәрежеде ғана білемін. Оның ішкі пиғылы қандай еді, халық жауының элементі ретінде не ойлап, не бүлдірді? Оның бұл жағы сіздерге қандай белгісіз болса, маған да сондай көмескі. Әрине, ол қашан тұтқындалғанша мен оның жаулығын аңғарғамын жоқ. Онымен қосылып ешқандай жұмыс жасағамын жоқ, ешқандай шығармашылық ой бөліскемін жоқ, сондай-ақ менің шәкіртім де емес, мен – филологпын, ол – тарихшы.
Сондай-ақ Мұхамедханов туралы да айта кетейін. Абайтану жөніндегі талқылаудың нәтижесінде анықталған, менің баяғыдан бергі қалыптасқан Абай мектебі туралы қате көзқарасымды негізге алған оның жұмысын қолдағаным рас, бұл менің қателігім. Оның сол кезде Абайдың отанынан жинақталған, маған бұрын белгісіз жаңа материалдардың негізінде жүргізген зерттеу жұмысын тұтастай алғанда қолдау арқылы тағы да бір жас кеңес ғалымының өсуіне көмектестім деп ойладым. Ал Исмаиыловтың диссертациясының қорғалуына менің ешқандай да қатысым жоқ. Алайда анықтама, бұл тұрғыдан алғанда ерекше анықтама бере кетейін, профессор – филолог дәрежесі бар адам болғандықтан да, ондай мамандардың тапшылығына байланысты, мен көптеген диссертациялардың қорғалуына қатыстым, егер ол адамдардың барлығын менің шәкіртімнің немесе жақтасымның қатарына қосса, онда докторлық немесе кандидаттық дәреже алғандардың өзі 24-25 адамға жетеді, солардың ішінде әшкереленген, жау адамдардың саны екеу, оның біреуі – қырғыз Саманчин, екіншісі – қазақ Мұхамедханов. Әрине, бұл екеуінің де болмағаны дұрыс еді. Олардың кім екенін алдын-ала білсем, оларды көпшіліктен көрі көбірек білсем, олардың ортасында көбірек болған болсам, онда біздің қоғамға жаулықпен қарайтын, қылмысты адамдарға сөзсіз қолдау көрсетпеген болар едім.
Осы себепке байланысты, Сүлейменов пен Мұхамедхановқа қатысты, менің олармен әшкерелік байланысым жөнінде сөзімді қорытындылай келе, айтарым мынау: анық көрініп тұрған нәрсеге көзді жұмып қарау – анықты танық деу болса, менің атымды мұндай оңбаған қылмыстық типтермен байланыстырып, мені де ағаш атқа теріс мінгізу де сондай ақылсыздыққа жатады. Намыс пен абырой туралы, менің жеке басымның абырой-намысы туралы болмаса да, жеке тұлғаның, тым құрығанда еңбекші қазақ халқының социалистік кеңестік мәдениетінің қандай да бір жетістікке жетуіне септігі тиген жауапты қазақ кеңес жазушысының абырой-намысы туралы да ойлаған дұрыс».
Иә, бұл оның ең соңғы жан айқайы еді. Қайым Мұхамедханов дегдардан: «Өзіңіз қорғап, жиырма бес жыл бас бостандығыңызды қиған адам Сізден бас тартып, «халық жауы» деп танығанда қандай пікірде болдыңыз? Араларыңызға сызат түскен жоқ па?»,– сұрағанымыда: «Жоқ. Қандай да сылтау айтпасын, бізге Әуезовтің бостандықта қалғаны керек еді. Егер Әуезов қамалса, онда күніміздің мәңгі батқаны еді. Алатын жазамызды алып, сотталып кеткеміз. Кейін түрмеден бірден үйіне шақырып, өзі вокзалдан тосып алды. Бір ай сыйлап, киіндіріп, ғылыми мәселемді, жұмысымды шешіп, киіндіріп қайтарды. Сонда: «Мен аман қалсам, сендер қапаста ұзақ қамалмассыңдар деп, айтқан сөзім ғой. Сол сөз болмаса, мен де қастарыңа барар едім. Өзіне нақты қауіп төнгенін Сәбит сонда бір-түсінді. Оны «саяси тәсіл» дейді», – деп күлді», – деп жауап қайырды. Қайбір жетіскеннен қолданған «саяси тәсіл» дейсің. «Өлместің амалы» деп қазақ осындайды айтса керек.
М.Әуезов (жалғасы): «Топшылдық мәселесі жөнінде тағы да мынаны айта кетейін: маған Қазақстан жазушыларынан басқа жақын орта, олардан жақын адам, олардан артық тығыз араласқан дос менде жоқ. Олардың арасында менен жасы үлкендер де, 20 жылдан астам уақыт бойы таныс жазушылар да бар, мысалы, Қалмақан, Жақан, Сапарғали, Асқар, Ғали, Әбділдә, Тайыр, мен сендерден сұрап тұрмын, айтыңдаршы, Мұқанов жолдасқа қарсы топ құру үшін мен сендерді қандай бір кезде болмасын, үгіттедім бе, жолдарыңнан тайдырдым ба? Біздің қатарымызда жас жағынан алғанда кіші: Жұмағали, Әлжаппар, Әбу, Дихан, Дмитрии Снегин, Леонид Макеев, Хамит, Мұқан, Сейтжан, Жұбан және көп, көп жазушылар да бар, қане сендер де айтыңдаршы, Мүқановқа қарсы күресуге сендерді қайрап салдым ба, тіпті, бір ауыз сөзбен емеуірін таныттым ба? Жоқ! Ондай оқиға болған емес! Соған қарамастан жікшілдік болды, бұл жөнінде бүгін осында сөйлеген жолдастар дұрыс айтты. Біздің осы қырғи қабақ қарым-қатынасымыз, жікшілдігіміз біздің оқырман қауымының да «тілін емізіп» жүр. Егерде бұл туралы «Правданың» өзі жазып отырса, онда шынымен де асқынып кеткен екен».
Кеңестік идеологияның үшкіруімен ушығып, шеменнен дертке ұласып, екі тұлғаны да осы күнге жеткізген, ақыры өздерінің басын қатерге тіккен осынау бақталастық психологиясының қасіретін екеуі де түсінді. Енді шіміркенбесе кеш қалатын. Сол екпінімен М.Әуезов іштегі қоясын сыртқа шығарды.
М.Әуезов (жалғасы): Ал топқа бөліну үнемі шығармаларды талқылау барысында басталады, ондай топшылдық менің де, Мұқановтың да басында бар. Өзінің шығармашылығын қызғыштай қоритын мұндай табиғи ұмтылыстың соңы дертке айналды. Өзіңнің ішіңдегі пиғылдан азат болмай, таза сана, нәзік сезім, жарқын ойлы шығарма тудыра алмайсың. Ал бұл пиғыл сөзсіз сені өзімшілдікке, қызғанышқа, тағы да басқа ішмерездікке алып келеді. Алайда, осындай көріністермен қатар, біздің арамызда өзімізге аса қажетті обективті, талапшыл, нақты, шынайы жазушылық сынның да бар екенін айта кету керек. Соңғы пікірге орай менің айтарым мынау, әрине, тыпнақшаның ішінде, иә, мен топ құрып келдім, тобымды көбейте беремін, алдағы уақытта да ол топты нығайта беремін, менің бұл тобым – нашар шығармаларды аяусыз сынайтын болады, өкінішке орай, Мұқановтың ішінара шығармалары сондай болып шығатыны бар.
Менің ойымша, біздің бұл арадағы кезекті әдеби күлдібадамдар туралы пікірлеріміз, бағалауларымыз бір жерден шықты ғой деп ойлаймын.
Әрине, мұндай жағдайда мен өзімнің пікірімді барлық жазушыларға бірдей ашық білдіре бермеймін, ең алдымен өзім жақсы араласатын, өмірдегі дос адамдармен көзбе көз отырып пікір бөлісемін. Ал мұның барлығын мен сынап отырған автор: өзіне деген менің дұшпандық ұстанымым деп, сол авторға деген, тіпті кеңес құрылымына деген жаулығым деп, ол аздай алашордашылдың дұшпандық қастандығы деп баяндайды. Ал осы авторды біреу сынай қалса, егерде оның өзіне жақын дос-жар адамы болмаса, онда бұл адамдарды мен әдейі қайрап салды, оны қасақана ұйымдастырған мен деп тон пішеді, көп жылдан бері орын алып келе жатқан, тым асқынып кеткен мұндай әшкерелі шеңберден, тұңғиық тұйықтан қалай шығарымды білмедім.
Бұл мәселені талқылап, шешіп берулеріңізді өтінемін, бұл дертті – қауымдық негізі әрі тәуелсіз, әрі таза, әрі қуатты, әрі намысты нық екенін сеніммен айта алатын біздің ұйымымыз бірлесіп емдесін».
Бұдан асқан арылу, арыздасу бола ма?!. Сірә, бола қоймас. Ол екеуін де бір үкім күтіп тұрғанын, екеуінің де бір үкімнің үкімін бөліп өтеуіне тура келетінін білді. Соны мегзей С.Мұқановқа:
«Ал жолдас Мұқановқа қарата мынадай ұсыныс жасаймын: біздің жалпы жұртшылығымыз жаппай әділетті сынап отырған мына масқара қылықты екеуміз де доғарайық, мен сізді біздің ұлы Отанымздың игілігі үшін шабытты шығармашылықтың жарқын жолындағы творчестволық еркін жарысқа шақырамын!», – деп (сонда, № 78 – іс, 32-45 беттер) ұсыныс жасаумен сөзін аяқтады.
Бұдан артық ащынғаннан шыққан ыстық жас бола қоймас, сірә! Түсінік берудің өзі артық. Ендігі кезек Сәби Мұқановтыкі еді. Бұған Сәбит Мұқанов:
С.Мұқанов: «Шындығында да, осының барлығын қойып, ол жазушы маған дос па, жоқ, дұшпан ба, оған қарамастан оның жақсылығын ашық, кемшілігін бетіне айтайық (Әуезов: Дұрыс!)... Мен Сіздің ұсынысыңызды қабылдаймын және бізді сыйлайтын осы аудиторияның алдында: топшылдықты доғарып, өзімнің шығармашылығымды дұрыс жолға қоямын, – деп мәлімдеймін»,– деп жауап берді.
Иә, «кәдімгі Сәбит Мұқановтың» жүні жығылған, сөзі пәс, үні әлсіз. Соның өзінде екі-үш жерде М.Әуезовті шымшып өтеді. Өзінен күштің кеткенін, жүктің Әуезов жаққа ауғанына нәумез болып қалғаны анық байқалады. Отыз жыл бойы атойлаған Алаш идеясы да оған бұл жолы азық бола алған жоқ.
Уақыт лебі солай. Бұл бір белгісіздіктің тылсым маусымы болатын. Ә.Жаймурзин өзінің қорытынды сөзін:
«Мен қорытындыны созып жатпаймын. Өйткені сөйлеген жолдастар дертті мәселелер жөнінде өте нақты пікірлер айтты және өте дұрыс айтты. Әуезов пен Мұқанов жолдастар өздерінің қателіктерін мойындады, олардың сөзін барлықтарыңыз тыңдадыңыздар, менің ойымша, бұл сөздердің шындығы іс жүзінде сыналады. Бұл жолдастар өздерінің сөздерінде тұрады және уәделерінің шынайылығы мен ақиқатын дәлелдеп береді – деп сенемін. Өзге жолдастардың сын пікірлеріне ескертпелерім жоқ, тек бір адамның сөзіне ғана қысқаша жауап бере керкім келеді. Ол – С.Бақбергеновтің сөзіне қатысты. С.Бақбергенов жолдас партиялық баспасөздің қызметкері болғандықтан да, оның маған таққан айыптарына жауап беруге міндеттімін.
Бірінші: әдебиетшінің немесе оның теоретигінің орынына ешқашан көз сүзгемін жоқ. Мен еш жерде: өзімнің бойымда жоқ қабілетімнің орынын қызметпен толтырамын деп айтқамын жоқ. Мен өзімді жоғары білімі бар кеңес интелигенциясының қатарына жатқызамын.
Екіншіден: Гурьев облыстық газетінің өтініші бойынша мақала жаздым. Сол мақаламда әдебиеттегі жағымды көрініс ретінде – Мұқановтың «Ботагөз», Мұстафиннің – «Қарағанды», «Миллионер», Мүсіреповтің – «Қазақ солдаты», Әуезовтің – «Абай» романдарын атадым. Жолдастар Әуезовті тым артық мақтап жіберіпсің – дейді. Егер жолдастар солай десе, оны тескеремін, бірақ олары дұрыс емес деп ойлаймын.
Үшінші: Мен өзімнің ешқандай топқа қосылмайтынымды ашық мәлімдеймін. Бәріне бірдей тең қараймын, тең қарауға тырысып бағамын. Әзірше мені біржақтылығым үшін ешкім де көзіме түрткен емес. Мен он жылдан бері басқару жұмыстарында істеп келемін, ешқашанда партияның ұстанымынан ауытқып кеткемін жоқ. Мені мұнда Орталық Комитет топшылдықты күшейту үшін емес, жағдайды түзеу үшін жіберді. Егерде топшылдар мені өз жағына тартқысы келсе, онда олардың бұл талпынысы сәтсіздікке ұшырайтыны анық. Болмағанды – болды деп дәлелдеген оқиға тарихта болған емес.
Бақбергенов: Мен оны әшкереледім және тағы әшкерелейтін боламын
Жаймурзин: Иә, егерде ол туралы мұндай мәжілісте партиялық баспасөздің ресми өкілі айтып отырса, онда тиісті мекемелер бұл айыптаулардың дұрыстығын тесеруі тиіс – деп ойлаймын.
Дауыс: Бақбергенов Кеңестік Жазушылар одағының мүшесі ретінде сөйледі.
Жаймурзин: Оның пәлендей маңызы жоқ. Ол – республикалық партиялық газеттің қызметкері, ол ресми сөз алды, ал мен түсініктеме беріп тұрмын, ол енді өз кезегінде өз сөзіне жауап беруге тиісті.
Төртінші: Кадрларды таңдау мәселесі туралы. Мен: кадрды сыбайластығына, жағымпаздығына және жеке берілгендігіне қарап таңдайды – деген айыпты жоққа шығарамын. Бұл арада менің ешқандай жақындарым жоқ. Тиесеовке қатысты айтарым: ол бұрынғы партия қызметкері, біздң әдебиетімізге көптен бері араласып келеді. Бұл қызметке оны Орталық Комитет тағайындады. Ол істі бүлдірген жоқ, қайта журналдың жұмысын жақсартты. Оның қызметтегі кемшілігін көрсету керек, сынау керек,бірақ та оны кездейсоқ адам деуге болмайды. Ал жұмыстағы кемшілік әркімде бар. Бұдан әрі қарай біздің қателерімізді түзетуге осындай талап тұрғысынан қарайтын боламыз», – деп тұжырымдады.
Біз осынау шағын ғана денелі, кесіп, нықтап сөйлейтін Әбдірахман Жаймурзинмен үйінде де, түзде де ұзақ-ұзақ әңгімелестік. Тура пікірлі адам партиялық тапсырмамен жазушылар одағын басқаруға келгендегі ең басты мақсаты – екі алыптың айтысын тоқтатып, арасын қиюластыру болғанын, осы жиналыс арқылы соған уақытша тоқтау салғанын талдай отырып айтты. Әсіресе, С.Мұқановты ығынан қайыру, М.Әуезов қолды болса, мұның өзін де аман сақтап қалуға шамасы жетпейтініне сендіру өте қиынға соғыпты. Партия жиналысында мұны ашық ескертіпті, әйтпесе, оны партиядан шығару туралы мәселе қоятынын айтқанда ғана, шарасыз қалыпты.
Ал партиядан шығу деген сөз – түрмеге қамалумен бірдей еді. С.Мұқановтың жоғарыдағы сөзінің пәс шыққанында да осындай астар бар еді.
Алдыңғы мәжілістерден бұл мәжілістің ерекшелігі – кеңес өкіметінің дұшпаны мен ұлтшыл-буржуазияшыл элементтер әшкереленген жоқ, барлық назарды, шындығында да соған дейін асқынып келген «топшылдыққа, жікшілдікке», нақтылап айтқанда, Әуезов пен Мұқановтың арасындағы қарым-қатынасқа аударып, «Жаймурзин жолдастың баяндамасының негізінде төмендегідей қаулы қабылдады (мазмұны):
«1953 жылы 30 қаңтарда «Правда» газетінде жарияланған «Сынау орынына мадақтау» атты мақалада Нұртазиннің идеядан ада «Сәбит Мұқановтың шығармашылығы» кітабі мен мәскеулік сыншы З.Кедринаның қате пайымдауларға орын берілген зиянды «Мұхтар Әуезов» монографиясы орынды сыналған. Мұндай кітап тек топшылдықтан, отбасылық мүддеден әлі де арылмаған кейбір қазақ жазушыларының ықпалымен ғана шығып отыр. Төралқа мынаны атап өтті:
Мұқанов өзінің Жазушылар Одағының төрағасы кезінде алаяқ және жалған сыншы Нұртазиннің жазушылар одағына өтіп кетуіне, сөйтіп, Нұртазиннің идеялық жағынан зиянды хальтурасының – шимай-шатпақтарының (стряпни) баспасөзде жариялануына мүмкіндік жасап, сол арқылы көзұмушылық танытып, жалпақшешейлікке жол берген.Жазушылар қауымы осы кітапты қатал сынға алғаннан кейін де Мұқанов жолдас одан тиісті қорытынды шығармады және оны қорғауын жалғастырып келеді;
З,Кедринаның «Мұхтар Әуезов» кітабында жазушының шығармашылығы принциті түрде жан-жақты бағаланбаған, керісінше, Әуезовтің шығармашылығы туралы жалған түсінік беретін, тек қана зиян келтіретін көптеген жаңылысты және қате бағамдаулар орын алған. Сыншы Әуезовтің шығармашылығындағы идеялық қателіктер мен құлдыраушылықты жасырады да оны қазақ кеңес әдебиетінің негізін қалаушылардың бірі ретінде көрсету үшін басқа жазушыларға қарсы қояды, сөйтіп, жекелеген жазушыларды бір-біріне өшіктіру бағытын ұстаған.
Мұқанов пен Әуезов жолдастар өзгелерге партиялық принцип пен жолдастық өзара ынтымақтастықтың негізінде шығармашылық достықтың үлгісін көрсетудің орынына, міне, он бес жылдан бері қазақ әдебиетіндегі жетекші орынға ие болуы үшін өзара принципсіз, жікшіл күрес жүргізіп келеді, ол күреске өзге де жазушыларды тартты, олардың арқасын қалқалаған халтурщиктерді, жағымпаздарды айналасына топтастырды. Мұндай топшылдық жазушылар арасындағы батыл, принципті партиялық сынның өрістеуіне кедергі келтіріп келді, әдебиетші жастардың идеялық және шығармашылық тұрғыдан зиянын тигізді және бүкіл қазақ әдебиетінің дамуынан кесірін тигізді.
Төралқа: топшылдық күрестің осы уақытқа дейін жалғасып келе жатқанының басты бір себебі – Жазушылар Одағының кейбір басқарма мүшелері топшылдықтың кесірінің зиянкестігіне дер кезінде мән бермеді, Әуезов пен Мұқановтың арасындағы дауды шешуде қатаң талап пен принципті талдау көрсете алмады, тіпті, олардың өздері де солардың жетегіне еріп кетті. Жекелеген жазушылар Әуезов пен Мұқановтың көңіллін жықпас үшін олардың беделін көтеруге тырысты, бұл жазушыларды сынаудан жалтарды, қысқасы жалтақтық танытты – деп есептейді.
Осыған байланысты Қазақстан Кеңестік Жазушылар одағы Қаулы етеді:
1. Қазақсстан жазушыларының кейбір топтарының арасындағы зиянды, өзара жалпақшешей топшылдықтың, сыбайлас байланыстың, отбасылық мүдденің орын алғандығы жөніндегі «Правданың» сына дұрыс деп табылсын.
Достарыңызбен бөлісу: |