Тұрсын ЖҰртбай «Ұраным алаш!»



бет50/61
Дата16.11.2016
өлшемі10,06 Mb.
#1885
1   ...   46   47   48   49   50   51   52   53   ...   61

«Көшпелі өмірдің салт-дәстүрін әсірелеп суреттеуді біз жазушы М. Әуезовтің "Абай" романынан кездестіреміз. Сол кездегі қазақ ауылын жазушы адамзаттың жұмағы (коммунизм – Т. Ж.) етіп көрсетеді. М. Әуезовтің жазуы бойынша ауылдың жайлауға көшуі салтанатты саяхат сияқты, қыздар да, әйелдер де жас мөлшеріне қарамастан үлде мен бүлдеге оранып, сайлы сәйгүліктерге мініп жүреді. Мыңғырған малы бар ірі байларды және олардың қалай уақытын өткізгенін моншақтай тізіп, революцияға дейінгі қазақ ауылын тым мадақтап, үлгі еткен автор кедейлердің ауыр тұрмысын ықылассыз баяндайды»,– деген сәуегейлігімен астасып жатты.

Әрине, Б.Степановтың қазақ кедейінің мүддесіне қаншалықты дәрежеде күйінді болғаны белгісіз, бірақ қарауылға алғаны – Мұхтар Әуезов пен қазақтың ұлттық руханияты еді. Бірақ та мұжық пішінді Брагиннің бұл шағын сүйкетпесінің шолақ өрт сияқты лаңы үлкен болды. «Казпарвданың», оның ішінде орыс қаламгерсымағының пікірі еленбей қалуы ол кезде мүмкін емес болатын. Оның үстіне Берияның қылмысы әшкереленіп, жұртшылық: енді қандай дүлей соғады – деп үрейленіп отырған шақпалы шақ туған.



Бұл Мұхтардың да тұла бойын тітіркендірді. «Абай» романынан айырылса оның өмірінің де мағынасы қалмайтын. Сондықтан да түршіге, түйіле қолына қалам алып, «Казахстансая правда» газетінің 1953 жылғы 2 маусымдағы «Абай» романы жөнінде» деген тақырыппен жарияланған мақалаға орай ескертулерін» жазды. Жан күйгендегі жан айқайы болғандықтан да толық аударып береміз.

«Ойы парасатты, көркем шығарманы партиялық талап тұрғысынан сын көзімен қарай алатын әрбір тұлға «Казахстанская правданың» бұл мақаласын, мейлі ол редакциялық мақала делінсе де, партия мен кеңес халқының талданған кітап туралы шынайы пікірінің көрінісі емес екеніне еш күмәнданбаса керек. Керісінше, «Қазақ Ғылым Академиясының хабаршысының» №4 санында Саурамбаевтің редакциялығымен шыққан Нұрышевтің және басқалардың мақаласы да дәл осы «Казахстанская правданың» мақаласы сияқты Әуезов пен оның шығармашылығы туралы ашықтан-ашық теріс бағыт ұстанған, сыңаржақ және қырғи қабақты талдау екеніне ешкімнің күмән келтіруі мүмкін емес.

Бұл мақала , бұдан бұрынғы жарияланымдар сияқты, сынауды емес, адамның көзін жоюға (изничтожить) бағытталған.Олардың арасындағы айырмашылық мынада ғана: бірінші жарияланымда Әуезовтің отыз жылдағы мұқым ғылыми-зерттеумен айналысқан өмір жолын ала отырып, оны мүлдем жоққа шығара үкім айтқан. Ал мұнда оның басты шығармасы «Абай» романын нысанаға алып, бұл шығарманың да көзін жоюдың амалын қарастырған.

Оған көз жеткізу үшін «Казахстанская правда» газетінің өзіне жүгінсек те жеткілікті, бұл мақала өзінің алғашқы сөйлемінен бастап өтірікке, бұрмалаушылыққа, желеуге (инсинуация) құрылған. Бірінші жолынның өзін: ««Қазақ мемлекеттік көркем әдебиет баспасы М.Әуезовтің «Абай» романының жаңа басылымын шығаруға дайындар жатыр»,– деп бастайды. Кітап «дайындалып жатқан» жоқ, осыдан бес ай бұрын осы баспа «Абай» романының бірінші кітабін осы мақалада аталған және автор осыдан бес ай бұрын шығып кеткен романның жаңа басылымында өзгертілген Дулаттың (газеттің қате көрсеткеніндей Болат емес – Дулат) есімі үшін Әуезовті тас-талқан етеді.

Осы мақаланың екінші абзацы тағы да деректерді бұрмалаудан басталады, онда: «Біздің республикамыздың жұртшылығы «Абай» романындағы елеулі кемшіліктерді бірнеше рет атап өткен болатын», –деп жазылған...Ал бұл романды бүкіл біздің отанымыздың, осы Қазақстан жұртшылығынан бастап, соның ішінде «Казахстанская правда» газетінің өзі де бар, ұлы кеңес одағының мұқым жұртшылығының жақсы бағалағанын, сол үшін партия мен үкімет осы романға 1949 жылы 9 көкекте бірінші дәрежелі (сталиндік деген сөзді қолданбаған – Т.Ж.) сыйлық бергенін, осы сияқты тарихи шындықтың бір де біреуі мақалада ескерілмейді, тіпті, әдеп үшін, тарихи әділеттіліктің талабын орындау үшін, оны былай қойғанда, кәдімгі кеңес мекемесіне тән қызмет тәртібі мен мәдениетін сақтау үшін болса да – шығарманың бойындағы қандай де бір жағымды жақты ескерте кетуді мақала авторы өзінің міндетім деп санамаған.

Иә, мақаланың мұқым өн бойында: «Өткен ғасырдың екінші жартысындағы Қазақстанның өмірін көркем бейнелеудегі алғашқы талпыныс болып табылады»,– дегеннен басқа роман туралы бір ауыз жақсы лебіз таппайды. Роман туралы тарихи шындықты ескерусіз қалдырады да «Абай» романының бірінші кітабі бойынша автордың өңдеу жұмысын жүргізгенін жасырып, мақалада екінші бір өтірікті расқа айналдырады. Онда: «Соған қарамастан, М.Әуезов өзінің шығармасын бірнеше мәрте қайта бастыра отырып, әділ пікірді ескермеді, тиісті өзгерістер енгізбеді»,– деп мәлімдейді.

Анығында, «Абай» романы қазақ тілінде, яғни, автордың қолжазба нұсқасы бойынша, екінші рет 1949 жылы, ал автордың өзіне қаратылған сындарды ескере отырып түзету енгізген үшінші басылымы биыл, 1953 жылы жарық көрді. Бұл мақалада, сонымен қатар, Әуезовтің «Абай жолы» атты романының бар екендігі жөнінде қасақана аталмайды, сөйтіп шындықты бұрмалайды, оны: Әуезов партиялық әділ сынды ескере отырып осы мақалада ескерте кеткен «Ақын аға» романында (Бұл «Абай жолының» бірінші нұсқасы) 8 баспа табақ көлемінде ауқымды өзгеріс енгізгенін, сондықтан да роман «Абай жолы» деп аталғанын айпау үшін шындықты саналы түрде жасырған... Ал «Казахстанская правда» газетінің өзі 1951 жылы күзде автордың Абай бейнесіне қатысты жүргізген жаңа өзгерістерін шынай және оның атына лайық деп мойындай отырып, газеттің екі санының қос бетіне жариялаған болатын Ал қазір сол «Казахстанская правданың» мақаласы Әуезовтің еңбектері туралы қауесет таратып қана отырған жоқ, сонымен қатар өзінің бетінде жарияланған шындықты даөтірікке шығарып отыр.

«Абай» романынының жаңа басылымының бірінші томында қазір (1951 жылдан бастап) феодалдық ақындар деп табылған Дулат, Бұқар, Шортанбай, Марабай, Сабырбай сияқты т.б. жекелеген адамдарға қатысты автор өзгерістер енгізді. «Абай» романыының бірінші басылымы жарық көрген 1942 жылы және содан кейінгі 1947, 48, 49, 50-жылдары бұл ақындар халық шығармашылығының өкілдері ретінде Қазақстан мектептерінің оқулығына кірген болатын.

Мақалада бұдан кейін: «Біз, керісінше, үнемі феодалдар мен байлардың балаларының ортасында өзінің уақытын босқа өлтіріп жүрген мақсатсыз, кәсіпсіз Абайды көреміз»,– делінген. Бұл тұжырым мақаладағы: «М.Әуезов өзінің басты кейіпекері – Абай бейнесін ашуда дұрыс бағыт ұстанбауында»,– дегенді дәлелдеу үшін келтірілген. Мақала бұлжерде де шындықты өрескел бұрмалаған. Абайдың жастық шағынан бастап есейгенге дейінгі өмірдегі жақын достарының барлығы, «Абай» романының екі кітабында және «Абай жолының» бірінші кітабында көрсетілгеніндей, Ербол, Баймағабет, Базаралы, Дәркембай, Дәрмен және өзінің сүйікті әйелі, халықтан шыққан талантты әнші Айгерім де кедей отбасынан шыққандар.

Келесі абзацта, өзінің жосықсыздығы жөнінен сондай үрейлі, бірақ авторға қаратыла тағылған саяси айыптауы сондай қорқынышты: «Автор қазақ халқының қарғысына ұшыраған, кейіннен әккі буржуазияшылұлтшыл болған адамды Абайға игі әсері тиді-міс деген желеумен жасырын түрде жағымды кейіпкер ретінде суреттеп, оны жақсыатты етіп көрсеткен. Мысалы, кеңес өкіметіне қарсы табанды түрде күрескен аса ірі феодал, халық жауы Тұраш сүйсіне суреттеледі,–деген жала жабады.

Осында келтірілгендердің ішіндегі жалғы «жағымды кейіпкер» осы Тұраш. Иә, оның аты «Абай» романының екінші кітабінің 519 және 597-беттерінде (Қазмемкөркембаспасы, 1948) Айгерімнің емшектегі баласы ретінде аталып өткен. Сөбе сөз алғанда: «Оңаша үйде ала көлеңке қоңыр кеш. Өзіне тиген жалғыздықты ырзалық рахатпен қабыл көрген Әйгерім сонша бір жақсы ән айтып жатыр. Әннің сылтауы бауырындағы кішкене баласы (Тұраш – бұл есім кейінгі басылымдарда сызылып қалған – Т.Ж.)» (519-бет) және 597-беттегі: «Абай Айгерімді алған жылдарда Ербол да өзінің Дәмелісімен үйленген болатын Оның да (Тұрашпен жасты – деген сөз де кейінгі басылымда қысқартылған – Т.Ж.) Ысмағұлдай жас жеткіншек баласы бар»,– деп жазылған.

Әрине, тіпті бала да болса оның атын атамау керек еді, бірақ осыны негізге алып: «халық жауы Тұрашты сүйсіне суреттейді»,– деп, екі жасар сәбидің аталып қана өтуі – тек Айгерімнің көңіл-күйін беруге байланысты алынған өмірбаяндық дерек қана екенін ескермей, авторға қарата шектен тыс, әділетсіз, жалған айып тағуға бола ма? «Казахстанская правда» газетіндегі мақала шықпай тұрып автор «Абай» романының екінші кітабынан Тұраштые атын сызып тастаған болатын.

Бұдан кейін мақалада «Абайдың жалған ақындық мектебі» жөнінде Әуезовті айыптай келіп: «Ақын аға» атты үшінші кітап осы тұжырымды қорытындалуға арналмақ екен»,– деп дәлелдегенсиді. Бұл арада да «Казахстанская правда»: реакцияшыл, керітартпа Шұбар мен Көбай сияқты ақындарды Абайдың өзі және оның халық арасынан шыққан достары сынаған «Абай жолы» романының бар екенін айтпайды. Сол романда Шұбар буржуазияшыл ұлтшыл, паниламист ретінде, ал Көкбай панислаист және орыс халқының дұшпаны ретінде әшкереленеді. Бұл мақалада: Абай мен қазақ халқының өсу жолына байланысты Әуезовтің олардың дұшпандық әрекеттерін бірте-бірте байыппен әшкерелегені туралы айтылмайды, сол үнсіздік арқылы автордың күрделі әрі байсалды көркем пайымдаулармен дамытыла суреттелген еңбегіне қара бояу жағып, бұрмалап, көлемді шығармасын байыппен аяқтауға бет алған жазушыны алдын-ала қасақана қаралауды, масқаралауды көздеген. Осы да жазушыға көрсетілген көмек пе? Кеңес әдебиетінің алдындағы, партияның әдебиет жөніндегі саясатының алдындағы жауапкершілігін аз да болса сезінетін адам мен баспасөз мекемесі осылай істейме екен? Жоқ, кеңестік сынның міндеттерін ойлайтын сыншылар мен газеттер бұлай істемейді. Оның есесіне, бақас сыншы мен, өкінішке орай айтпаса болмайды, «Қазақ академиясының хабаршысындағы» және «Казахстанская правдадағы» (қазіргі жағдайға байланысты) сияқты көрсоқыр редакторлар ғана: қазіргі кездің өзінде кеңес одағының және кеңестен тыс елдердің жиырма екі тіліне аударылған және аударылып жатқан, сондай-ақ осы тілдердің барлығына Абайды – өзінің еңбекші халықының адал ұлы, әділет күрескері, орыс халқының досы, мәдениеттің жанашыры ретінде көрсеткен бірден-бір шығарманың шекесінен шертіп, авторын қорлауды мақсат еткендіктен де осылай істеп отыр.

Бұдан кейін мақалада: «Дала жыртқышының бірін – жігітек руының биі Бөжейді автор халық қамқоршысы ретінде бейнелейді.», – деп Бөжей үшін авторды кінәлайды. Дұрыс емес, мүлдем теріс тұжырым. Бөжей – шартты түрде, уақытша, қырдағы ең үлкен зорлық иесі Құнанбайдың өзіне қарсы күресіп жүрген кезінде – жағымды жағынан суреттеледі, ал Камшат қыздың өліміне себеп болған кезде, ол даладағы оқиғалар мен романдағы кейіпкерлердің іс-әрекетінің барлығы көз алдында өтіп жатқан жас Абайдың түсінігі арқылы әшкереленеді. Құнанбайдың бейнесіне жинақталған дала феодалының тағылық сыпаты соның дүниетанымы арқылы суреттеледі. Соған қарамастан, Әуезовті федализмді әспеттегені үшін айыптаған мақалада, Абайдан кейінгі екінші басты кейіпкер болып табылатын Құнанбай туралы бір сөз айтпайды. Тарихи процесті диалектикалық негізде ашып берген романдағы терең шындықты айтудан жалтарып, талдаудан бас тартады. Ескі мен жаңаның арасындағы күресті диалектикалық танымның негізі етіп алып, феодализмді әшкерелеген романның маңызын танығысы келмейді. Жаңа заман – Абай, ескі заман – Құнанбай. Романның осындай әділетті әлеуметтік астарын, социалистік реализм әдісімен бейнеленген оның тарихи және көркемдік шындығын бұрмалауға мақаланың қандай қақысы бар еді?

Жас Абайдың Құнанбайға қарсылығының алғашқы көрінісін көрсету үшін Бөжейдің асы Абайға да, авторға да қажет болды. Мұндағы оқиғалардың барлығы Бөжей үшін емес, өзінің ойлаған ойын ересектердің ісінде жүзеге асыруы барысындағы Абайдың талабы мен мақсатты ұмтылысын көрсету үшін қажет болды. Сондықтан да астың өзін, даланың ауқатты адамдарының ермегіне айналған бәйгені, күресті, басқа да көңіл көтеретін қызықтарды суреттемей, оның орынына мешкей қонақтарды күткен әбігерінің бейнеленуін түсіну де қиын ба?

Екінші кітапта автордың бүйрегі ақсүйек жастар ерекше бұрады дей келіп, мақалада авторды феодалдық-патрархальдық ескілікті әспеттеді деп айып тағады. Керісінше, халық өнерін қадірлеген барлық жастар бұл романда өздерінің трагедиялық тағдыры үшін де күйінеді. Керімбала – Оралбайдың, Үмітей – Әмірдің тағдыры да тауқыметті, Біржанның, Базаралының, Балбаланың тағдыры да мұңлы, ең соңында, сол оқиғаларға араласқан әнші Айгерім мен Абайдың да өмірлері тартысқа толы, көңілсіз. Сонда өткенді дәріптеу қай жерден көрінеді? Керісінше, ддала жастарының осы бір талантты өкілдері еркін сезім бостандығы үшін күресу арқылы, олардың ащы тағдыры арқылы феодалдық құрылымның тағылық ұстаныммен тұншықтырған сақара қасіреті романда кеңінен ашылады.

Абай күрес (көтеріліс) көсемі, жалпы халықтың қозғалыстың төңкерісшіл идеологі болған жоқ. Ол аға сұлтанның ұлы болғандықтан да қанаушы тап өкілдерінің арасында өмір сүріп, ер жетті. Алайда оның өзі және оған жақын адамдар байлардың қалың бұқараны қалай қанап жатқанын, зорлығын, зиянкестік әрекеттерін көре білді, ескі салттың ірігендігін, масқаралығын түсінді, сөйтіполарды ішкерелей бастады, шамасы жеткенше күресті, міне, осындай іс-әрекеттерімен, талпыныстарымен олар озық қасиеттерді, демек, өз дәуіріндегі халықтық, тарихи сыпаттарды өзінің бойына жинақтады. Бұл арада олардың шыққан тегі ешқандай бөгет бола алған жоқ, бұл біз үшін де олардың бейнелерінің халықтық сипатын анықтайтын басты талап бола алмайды. Ал «Казправданың» мақаласында кітаптағы халықтық сыпатты – тек кедей ауылдарының өмірі мен тұрмысын, кедей адамдарды суреттеу деп түсінуге тырысады, бұл өзінің тұрпаты жағынан марксизм-ленинизмді тұрпайыландыру болып табылады. Абай өзінің тарихи ортасына сай шынайы кейіпте, ол сол ортаның ойын, жандүниесін және халықтың ұмтылысын жеткізуші ретінде көрсетілуі тиіс. Сыналып отырған романда солай бейнеленген. Ал кедей ауылдарынан шыққан адамдар романда Абайдың өмірімен, оның қоғамдық санасының ояну және толысу сәттерімен бірге біте қайнаса суреттеледі.

Қодардың, Дәркембайдың, Базаралының, жұт кезіндегі кедей көршілер,олардың байлармен күресі, немесе жас ақын, Абайдың досы Дәрменнің бейнесі, сондай-ақ Базаралының қоғадық санасының оянуы және романның барлық кітаптарының желісіне үйлесе оның қыр кедейлерімен қолдаса отырып дала феодалдарымен күрескен саналы, ірі күрескер дәрежесіне көтерілуі, Абай туралы романның, сөзсіз, жағымды да жарқын тұстарына жатады. Осының барлығын көрмеу және мұның барлығын қысыр сөзбен, қымтырылмастан «халық өкілдеріне эпизодтық қана орын берілген» деп көлгірсу – Әуезовтің шығармашылығына деген дені дұрыс емес, біржақты, әділетсіз көзқарасты танытады.

Ең соңында, мақалада: «Бұл пікір кітаптағы Кенесары Қасымовтың реакциялық-монархиялық күресіне де қатысты. Бұл кездейсоқтық емес, өйткені М.Әуезов ұзақ уақыттан бері халықты тұншықтырушы Кенесарыны ұлттық қаһарман ретінде дәріптеп келді», – деп романға және оның авторына қаратыла барып тұрған қиянат және өтірік дәлел ұсынған. Абай туралы Әуезовтің романы жөніндегі өзінің айыптау актісін аяқтай келе «Казправда» осылай деп қорытындылайды. Ал «Абай жолы» романының 393-бетінде («Советский писатель» баспасы, 1952 ж.) Әуезов Абайдың ауызы арқылы Абылайдың тұқымы сол Кенесары туралы былай дейді: «Аяғы Абылайдан өтіп, нәсіліне да тауап қылар тәрізің бар. Шынымды айтайын, жақпайды маған (Бұл – Базаралының сөзі, мақаладғы келтірілген сілтеменің мазмұны бойынша алынды. Бұдан кейінгі сөз Абайдың сөзі – Т.Ж.). Олар үшін, әсіресе, өктемесең болар еді ғой! Қазақ орысты қырды деп, тағы бір тыңнан Әзіретәлі таппақ бопсың, оны қазақтың қалың елінің қамқоры етпексің. Жалған! Бәрі де жалған! Алдамшы бояулар! Қазақтың қамқоры емес, қайта сол қазақты, халықты сатқан аз ғана топ, азғын топ – хан-сұлтанның қамқоры болатын. Бір күнде, бүгінгі нәсілде қазақты орысқа өшіктіруші, қазақ халқына достық етпейді. Енғұрлым сол орыстың шын қасиетін танып, тың өнерін тез үйренуге жетпей, қазақтың көзі ашылмайды. Бұдан өзге өріс те, бұдан өзге шындық та жоқМынау өлең жалған да теріс. Менің өмір бойғы тұтынған жолыма анық қарсы, қияс жолдағы өлең екен. Осылай айтпасқа әддім жоқ». Міне, Әуезовтің жазуы бойынша Абай Көкбайға не дейді, «Абай жолы» романында оның реакциялық тегі өзінің «қаһарманы» Кенесарымен бірге әшкереленіп, қатал сыналады.

Автор өзінің кейіпкерінің жас кезінде Абайдың Кенесарының қозғалысына деген ұстанымын көрсетпей, дұрыс істеді. Оның есесіне, ойшыл және халық ісінің күрескері деңгейіне көтерілген Абай – өзінің толысқан шағында тек қана Кенсарыға ғана емес, сонымен бірге оның қолпаштаушы ақындарына да күйрете соққы береді, бұл Кенесарының қозғалысын Абай жөргекте жатқан кезде (біз 1846-1847 жылдарды мекзеп отырмыз) суреттегеннен көрі тарихи тұрғыдан құнды, маңызды әрі пайдалы тәмсіл болмақ, өйткені жылнамалық жақтан үйлескенімен де, ешқандай көңіл-күй сезімінің, ешқандай ойдың суреттелуі мүмкін емес, демек, Абайдың Кенесарының қозғалаысына қатысты көзқарасын білдіруі мүмкін емес.

Міне, «Казправданың» мақаласының авторы романның авторына тағы да бір ауыр, әділетсіз, соның ішінде жалған деректерге сүйенген айыпты тақпас бұрын, нені ескеруі тиіс еді.

Қайталап айтамыз, Кенесарыны сынайтын «Абай жолы» романының бар екенін оқырманнан жасыруға тырысқан, жалған қауесетке сүйенген бұл мақала – өзінің ұзына желісінде автордың ойын бұрмалап, оның ұзақ жылғы адал еңбегіне өтірік пен жаланы жаба отырып, тек қана Әуезовтің романының көзін жоюға ұмтылған дөрекі талпынысын тағы да бір дәлелдеп берді».

Иә, Мұхтар Әуезов осы уақытқа дейін бойындағы барын да, нәрін де құрбан етіп, түгел туындысынан бас тартып келген, бүкіл саналы ғұмырының мағынасына айналған «Абай» романын жанұшыра қорғады. Енді аянып қалатын еш қымбаты жоқ болатын. Бұл жолы жеңіліске ұшыраса, уақытша да болса оның аты тарихтан сызылып, аты өшетін. Тұтқындағы тозақ қинауына төзе ме, жоқ па, оны бір жазмыш білер. Алайда өзі үшін басын ажал бәйгесіне тіккен Қайым Мұхамедханов шыдаған, түрмеден босаған бетте оның өзіне айтып берген төмендегі естеліктегі:



«– Әй,Қайым, сендердің түрмедегі жайдайларың қалай болды? Қандай әдіс – тәсілдермен сұрап тергеді, қинамады ма? – деп абақты өмірінің шындығын білгісі келді.

Мен қарсы сұрақ қойғым келді де, әуелі Мұханның өзінен сұрадым.

Сіздің 1930 жылы Ташкентте ұсталғанда жағдайыңыз қалай болды? – дедім.



Мұхаң бір күрсініп алды да, орындығына шалқая түсіп, баяу бастан өткен оқиғасын ойланып алды да, қоңыр даусымен:

Онда біздер, ұлтшылар, бәріміз үлкен бір үйде жатамыз. Төсек-орнымыз таза, тамағымыз уақтылы беріліп тұрады. Бір-бірімізбен еркін әңгімелесіп, пікір алысып, кеңесіп отыратынбыз. Тергеуге алып барғанда аздаған қысымдар, қытымырлықтар болып тұратын. Кейін Алматының түрмесіне ауысқанда бұл жағы жиіленіңкіреп кетті,– деп барып тоқтады.



Мен Мұхаңның көп білуге ұмтылған бала мінезді қылығына іштей күле отырып:

Мұқа, онда Сіздер жұмақта болыпсыздар ғой, ал біздер нағыз тозақтың отында күйіп–жанған ақырзаман пенделеріне ұқсайды екенбіз. Жазығымыз жоқ болса да, күні-түні ұйықтатпай, аяғымыздан тік тұрғызып қойып терген, ол аз болғандай, ұрсып-жекіріп, сатып алған құлындай ақыра қорлағанын қайтесіз. Сонда айтары: «Мына қағазға қол қой»,– деп өздері жазып келген нұсқасын ұсынады. «Қол қойсаң болды, сенің бізге керегің аз, үйіңе кете бер. Бізге керегі – Мұхтар Әуезов. Сол туралы жазылған мына қағазға қол қой, қоймасаң, не боларыңды өзің білесің»,– деп әкіреңдейді.



Өтірік анықтамаға қол қоймауға бекіндім. Ол кезде жасым отыздан асқан, күш-қайратым бойымнан қайтпаған кезім. Алдағы күндерде не болар екен деп алаңдаулымын. Тергеушілер бір күні мені бір жеке бөлмеге қамап кетті. Ішінде еш нәрсе жоқ. Тек қана ортасында турник құрулы тұр. Бұл не, мені турник ойнасын деп қойған ба деп таңдандым. Байқасам, бір уақтарда бөлмем қатты жылынып, бірте -бірте ысып барады. Табаным күйіп барады. Саса бастадым. Не қыларымды білмей дағдарып тұрып, жан қысылған соң құрулы тұрған турникке асыла кеттім. Көп тұруға қолым шыдамай барады. Турниктен қолымды жіберейін десем, табаным ыстыққа тиіп күйетінін сезіп тұрмын. Жандалбасамен турникке асылып, қолым қарысып қалыпты. Оны мен есім ауғандықтан сезетін халім жоқ. Біз кезде өздері келіп мені босатып алыпты. Тағы да есім кірген соң «қол қойдың» астына алды. Көнбедім. Екі-үш күн өткен соң тағы да «қол қой» деп қыстады. Қасарыстым. Көнбеген соң кешегі бөлмеме апарып тағы да қамап қойды.Бірақ бөлмеде құрулы тұрған турник жоқ. Үй ысыса не лаж етем деп ойланып тұрғанда, бөлменің суый бастағанын сездім. Бөлме суығы үдеп барады. Тісім тісіме тимей қалтырап барамын. Өлместің қамын жасап, үйді айнала зыр жүгірдім. Тоқтасам қатып қаламын, тек жүгіру ғана жанды сақтап қалмақ. Жүгіре-жүгіре талып түссем керек. Ес-түссіз жатқан мені тағы да өздері сүйреп алып шықты. Шамасы сырттан бақылап тұрса керек. Әрең дегенде есімді жиып, басымды көтерсем, тағы да қағазды алдыма тоса қояды. Тістеніп тұрып қасарыстым. Тоңғаным әлі тарқамай дір-дір етіп азаптанып тұрмын. Абақтыдағы тұрағыма қарай кеттім.

Таңертең тағы да тергеу басталды. Тергеуші түлкі бұлаңға салды. Жылы сөйлеп өз басыңды, бала-шағанды ойласаңшы деп қамқорси түсті. «Мына қағазға қол қой да, бізден қоштасып, үйіңе кетсеңші»,– деп қағазды нұсқады. Пікірімнен қайтпасымды білді де, белгі беретін түймесін басып қалып еді, еңгезердей екі жігіт жемтігін іздеген төбеттей дүрдие кіріп келді. Тергеуші мені алаңдату үшін сөйлей беріп еді, артымда тұрған екеуі қас-қағым сәтте резинка қапшықты басымнан аяғыма қарай кигізіп жіберді де, мені құлатып, қапшықтың аузын байлап тастады. Сол арада-ақ мені үшеулеп сыртымнан таяқпен жабыла ұра бастады. Бар болғаны басымды қорғалақтап, тұншығып бара жатырмын. Тұншығудан есім ауып қалыпты... Қаптың аузын ашып, мені шығарып тастағанын білмеймін. Есім кіріп, көзімді ашып, маңайыма қарасам: әлгі үшеуі маған албастыдай үңіле қарап күлісіп тұр. «Қасапшыға ет қайғы, қара ешкіге жан қайғы»– деген осы екен-ау деп жатырмын. Үшеуі мені тұрғызып алды да, баяғы әдеттеріне басып қағаз бен қаламды алдыма қоя қойды. Мен түк көрмегендей тұра бердім. Үшеуі ақырып-бақырып, мені жұдырықтап, үйден қуып шықты... Міне, алдын ала ойластырылған не бір азаптың тозағынан өтіп, жиырма бес жылға «халық жауы» деген статьямен сотталып, Қарлагқа жөнелтілдім емес пе, Мұқа, – дедім»,– деген (М.Мырзаметұлының жазбасы) қинауға оның шыдас беруі екіталай.

Бұл ол үшін турал өлімге бет алған жол болатын. Қайратты, жас, болатөзек Қайым құсап:



Туған ел – алтын бесік, ұшқан ұям,

Көз жұмылмай тұрғанда қайтіп қиям?

Тарта гөр, Семейімнің топырағы,

Төстіктей жеріңе мен еркін сиям,–

дейтіндей тән мен жан қуаты да бойынан сарқылып бара жатқан.

Сондықтан да өзінің «Казахстансакя правда» газетінің «Әуезовтің және оның романының көзін жоюға ұмтылған дөрекі талпынысына» қарсы жан айқайында бұрын сыртқа шығаруға сескенетін:



«Ойы парасатты, көркем шығарманы партиялық талап тұрғысынан сын көзімен қарай алатын әрбір тұлға ... партия мен кеңес халқының талданған кітап туралы шынайы пікірінің көрінісі емес екеніне еш күмәнданбаса керек... Керісінше, Әуезов пен оның шығармашылығы туралы ашықтан-ашық теріс бағыт ұстанған, сыңаржақ және қырғи қабақты талдау екеніне ешкімнің күмән келтіруі мүмкін емес. Бұл мақала , бұдан бұрынғы жарияланымдар сияқты, сынауды емес, адамның көзін жоюға (изничтожить) бағытталған»,– деген сияқты. ащы сөздерді қолдауы орынды еді.

Шарасыздықтан шамырқанған Мұхтардың өзге амалы да қалмап еді. Сондай-ақ СССР Жазушылар одағында өткен талқылау мен қолдау да сенім берсе керек. Және осы күндері Берияның қылмыстары әшкереленіп, ату жазасына бұйырылуға дайындалып жатқан. Қаншылықты мемлекеттік құпия болғанымен, оны таныстық тамыры кең тараған, соның алдында ғана Мәскеуден келген Әуезовтің білмеуі мүмкін емес еді. Оның үстіне, шындығында да, романның орыс тіліндегі тәржімасында мәскеулік редакторлардың қырағы кеңесіне сүйене отырып Дулатқа пен Кенесарыға, Көкбай мен Тұрашқа қатысты тұстарды қысқартып, қосып, оларға мүлдем кереғар баға беріп, «тиісті саяси өңдеулерден» өткізіп қойған болатын. Сол өзгерістердің айырмашылығы қазақ пен орыс тіліндегі нұсқаларда осы күнгі басылымдарда да сақталып қалған. Мысалы, емшектегі сәби Тұраштың аты сызылып қалғанымен де, Абайдың:




Достарыңызбен бөлісу:
1   ...   46   47   48   49   50   51   52   53   ...   61




©engime.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет