Өзімнің барлық қателіктерімді шын пиғылыммен мойындайтындығыма қарамастан, мен, сонымен қатар Қазақстандағы кейбір ғылыми қызметкерлердің маған қаратыла айтылған, көзімді құртып жіберуге бағытталған сойқан сынымен ешқашанда келіспеймін.
Бір адамның 30 жыл бойғы еңбегін тұтастай талақ етіп, дөрекі сыңар езулей мазақ етудің сорақы нұсқасын елестету үшін «Қазақ ССР Ғылым Академиясының Хабаршысының» №4 санында басылған С.Нұрышевтың мақаласындағыдан артық тірідей теріңді сыпырудың өзге жолын табудың өзі қиямет. Ғылыми мекеменің көшбасшысы бола тұра, алдына «Абай творчествосын зерттеудегі буржуазиялық-ұлтшыл бұрмалаушылықтың тамырына балта шабайық» – мыс-деп байсалды ғылыми міндеттер қоя отырып және өзінің деректерінің нақтылығы мен пікірінің дұрыстығына еш күдіксіз сендіре сөйлесе де, бұл мақала Абайдың еңбектері мен өмірін зерттеу жолындағы ең сенімді, тарихи тұрғыдан мойын бұрғызбастай дәлелдермен дәйектелген маңызды деректерді қасақана бұрмалау және қасақана теріс пікір туғызу пиғылы мен арандатуды көздеген.
«Казахстанская правда» газетінің 1951 жылғы 13 қазан күнгі санында абайтану мәселесі туралы пікір таласының қорытындысы ретінде Қазақ ССР Ғылым Академиясының Президиумы мен Қазақстан кеңес жазушылары Прездидиумының біріккен қарары басылды, онда Әуезовтің қателіктерін сынаумен қоса оның романы туралы: «Мұхтар Әуезовтің «Абай» романы көпшілікке кеңінен танымал, онда ХІХ ғасырдың екінші жартысындағы қазақ халқының әлеуметтік-экономикалық өмірінің суреттері шынайы берілген және Абайдың алдыңғы қатарлы ойшыл, ақын ретінде өсуін көрсеткен», – деп атап өтті.
Абайтану саласындағы істеген Әуезовтің еңбектерінен ешқандай жағымды әрекетті көрсетпеу үшін Нұрышев бұл туралы жұмған аузын ашпайды.
Жоғарыда аталып өткен екі президиумның абайтану жөніндегі біріккен қаулысында тек қана Әуезовтің ғана қатесі көрсетілмеген, сонымен қатар Мұқанов, Жұмалиев, Исмаилов, Жиреншин тағы басқалардың да аттары аталып, қателері айтылған. Олар арнайы мақсатты түрде шұғылданған тақырыптары бойынша оқулықтар құрастырды, очерктер мен программалар жасады. Абайтанудағы қателіктерді түзетуге тырысқан Нұрышев өз мақаласында оларды сөз арасында жанай атап қана өтуге дейін дәті барды. Шындығына келетін болсақ, оның бұл үнсіздігі тегін емес, қасақана бақстық, барлық кінәні Әуезовке ғана үйіп, оның бұрынғы ұлтшыл екенін желеу етіп, Абайдың асыл бейнесі үшін істеген оның барлық оң істерін жасырып, арандату үшін оның бұрынғы ұлтшыл екенін желеу етіп, барлық кінәні Әуезовке үйіп-төгу үшін жасаған.
Өзгені былай қойғанда Нұрышев менің Абайдың шығармалар жинағын тұңғыш бастырып шығарушы екендігімді де ұмытып кетеді, яғни, ақынның шығармаларының үштен бірі жоғалып біткен, архиві де, авторлық қолжазбасы да сақталмаған.
Осы уақытқа дейін, тіпті жекелеген кемшіліктері болса да, Абайдың өмірбаянын орыс және қазақ тілдерінде де тек менің ғана – ақынның жалғыз зерттеушісі – менің ғана жазғанымды ұмытып кетуі Нұрышевтің әділетсіздігі.
Менің осы еңбектеріме, дәлірек айтқанда 1939 жылы жарияланған Абай туралы мақалама ғана сүйеніп, Абай туралы менің қаламымнан 36 зерттеудің жазылғаннын қасақана көзге ілмейді: оның ішінде менің Абайға деген творчестволық көзқарасымды білдіретін мынадай еңбектерім бар: а). «Абай» пьесасы (Л.Соболевпен бірігіп жазылған) б). «Абай» операсының либреттосыв в). «Абай» кинокартинасының сценарийі г). «Абай» романының бірінші кітабы д). «Абай» романының екіншші кітабы с). «Абай жолы» романының бірінші кітабы.
Абайтану мәселелері жөнінде ғылымда әлі шешіліп болмаған проблемалар туралы айтылған менің пікірімнің барлығын Нұрышев өзінің мақаласында аямай қара бояу жағып, масқаралауға тырысады, мысалы Нұрышевтан көрі Әуезовтің басқаша ойлауы мүмкін ғой. Мысалы мына мәселер төңірегіндегі: Абайдың жас кезіндегі творчестволық кезеңі, оған шығыстық классикалық поэзияның әсері, «Евгений Онегиннің» Абай аудармасындағы ерекшеліктер т.б. қақындағы көзқарас алшақтықтары жөніндегі мәселелер.
Бұл дегеніміз екі жақтың пікірлері тең дәрежеде бағаланып, екшелуге тиісті нақты ғылымның проблемасы емес пе. Сондықтанда мен өзінің дәлелсіз, шала және ғылымға қарсы ойдан шығарылған долбарларын – марксистік көзқарас, ал оған қарсы айтылған Әуезовтің пікірлері – ұлтшылдық т.б. деп өрекпіген Нұрышевтің кекесіні мен қаралау бағытына түбірімен қарсымын. Орыстың классикалық әдебиетінің дәстүрі мен Абай творчествосының арасындағы терең тамырлы байланыстың бар екендігі туралы арнайы жазылған менің мақалаларымды Нұрышевтің оқырманнан жасырып қалуы кездейсоқтық емес және олардың саны біреу емес бірнешеу, дәл осы мәселеге арналған менің біраз еңбектерім Москва басылымдарында да жарияланған.
Қазақ эпосы жөнінде өткізілген 1953 жылғы 13 көкегіндегі дискуссияда жасаған баяндамасын «Қазақ ССР Ғылым Академиясының хабаршысының» сол санында жариялаған М.Ғабдуллин де осы бағытты ұстанған. Эпос жөніндегі менің еңбектерімнен, тіпті менің бүкіл ғылыми қайраткерлігімнен ешқандай жақсылық пен жағымды сыпатты таппай, өзінің баяндамасында біржақты, асыра қаралауға тырысқан баға береді.
Ол өзінің және басқа да зерттеушілердің ұсақ-түйек қателіктерін тапқан тұсты жадағайлап өтеді де, тура сол мәселеге байланысты менің еңбектерімнен буржуазиялық-ұлтшылдық, контробандалық идеяны қастандықпен қасақана кіргізгенімді «байқайды». Тіпті М.Ғабдуллин қыза-қыза келе қазақ әдебиетінің бірінші томын әзірлеу барысында оған қазіргі кезде буржуазияшыл-ұлтшылдығы әшкерелеген Исмаилов пен Жұмалиеві қатыстырдың деп кінә тағады, ол кезде бұл екеуі де осы томды дайындап жатқан Тіл және әдебиет институтының белді қызметкерлері еді, ал М.Ғабдуллиннің өзі осы институттың директоры болатын.
Өзінің дискуссияда сөйлеген сөзінде «жазушы Әуезов туралы айтып жатпаймын» деп М.Ғабдуллин қасақана тоқталмай кетті. Ал шындығына жүгінсек, эпостағы оқиғаларды театрға лайықтап жазу барысында мен жазушы, драматург ретінде творчестволық тұрғыдан өңдеп, өзімінің ғалым ретінде жіберген қателіктерімді түзеттім ғой. Әрине, қандай да бір үлкен жұмыс бітіру арқылы өзіңнің бүркемелеуге келмейтін қателіктерің де болады. Алайда кез-келген қателікті желеу етіп сызып тастау арқылы әділетсіздікке жол беретін еңбектерде болады екен.
Мен өз қателіктерімді мойындап келдім, қазір де мойындаймын, бірақта менің қателіктерімді еселей өсіріп, өзім кінәлі емес жайларды айып ретінде таққан жаланы мойындай алмаймын. Маған тағылған әділетсіз жалаларды мен мойныма алмаймын. Маған деген күдікті әр түрлі мақсатты көздеген ішкі күмәндарынан шыққан жаланың негізінде М.Ғабдуллин мен туралы бір кезде өзім айыптаған өткен жылдардың шылауында, шырмауында қалды деп үкім шығарды. Менің еңбектерімді кекесінмен мазақтай отырып жоққа шығаруға, біздің партиямыз бен бүкіл кеңес жұртшылығ боп бір кездегі қателіктерім мен адасуымның шырмауынан шығуыма қол ұшын берген өмір кезеңіне мені әдейі зорлап апарып таңуға ұмтылған мұндай әрекеттерге жандүниеңмен наразы болып қарсы шықпау мүмкін емес. Өзімнің өткендегі өмірімді үзілді-кесілді айыптай отырып, содан кейінгі жылдары, бүгін де, болашақта да өз творчеством арқылы кеңес халқына пайдамды тигізуді шын жүрекпен көздедім. Көп жылдардан бергі менің қоғамдық жұмыстардағы ізденістерім соған дәлел бола алады.
Өткен он жылдағы және таяу болашақтағы менің творчестволық қайнарымның көзі мен негізгі арнасы – қазақ халқының жүз жылдық дәуірін қамтитын менің романдарым болмақ. Бұл тарихтың алғашқы елу жылын классик ақын – Абайдың есімімен байланыстырамын. Өз халқымның тарихындағы ең жауапты кезеңдегі даму процесін терең бейнелі түрде жеткізу үшін оның ұлы тұлғасы мен қоғамдық мұрат-мүддесін, ескі өмірмен алысқан ұзақ күресін, оның тағдырын социализмнің көзқарасы тұрғысынан бейнелемекпін. 13 жастағы елгезек және өзгенің қайғысына ортақтаса білетін сезімтал жеткіншек кезінен бастап ұлы ойшыл ақын дәрежесіне жеткенге дейінгі Абайдың бірте-бірте өсу жолын, өз халқының бақытты болашағы үшін күрескен күрескер Россиядағы барлық алдыңғы қатарлы және ұлы идеялармен одақтаса жүріп жүзеге асырғандығын бейнелей отырып, мен ескі өмірдің идеологиясына, салт-санасына, ислам дінінің қалыптасу кезеңдеріне, ұлтшылдықтың реакцияшыл бағыттарына және де басқа көріністерге деген көзқарастарымды қайта қараймын. Бұл ретте мен тек менің өткендегі өзімнің қателіктерімді ғана қайтадан екшеп қоймаймын, сонымен қатар халықтан шыққан халықтың рухани мақсатының шамшырағына айналған Абаймен бірге жарты ғасыр ішіндегі қазақ қоғамының әр түрлі қатпарларындағы идеологиялық, тұрмыстық, саяси реакциялық, артта қалушылық сияқты барлық қайшылықтарды айыптаймын. «Абай» және «Абай жолы» атты екі роман осы бір ең қиын әрі ұзақ дәуірді қамтуға арналған. Биыл «Абай жолының» екінші кітабын тәмамдаймын, сонымен революцияға дейінгі романдар жүйесін аяқтаймын.
Одан кейінгі социалистік заман тұсындағы қазақ халқының тарихын бейнелейтін төрт романды жаңа жүйеге көшемін.
Өмір құбылыстарының, адамдардың тағдырының кеңінен қамтылуы жағынан «Абаймен» үндесіп жатады. Бірінші кітапта байдың қойын бағып жүрген жалшы бала төртінші кітапта аса ірі ғылым қайраткері дәрежесіне көтеріледі. Жас жұмысшы-шахтер, аса ірі инженер-құрылысшы, академик атанады.
Бұл кейіпкерлердің тағдырлары арқылы қазақ социалистік ұлтының, қазақ халқының тарихи жолының қалыптасуына көсемдеріміз Ленин-Сталиннің сызып берген жолымен азиаттық орта ғасырдан коммунизмнің табалдырығын аттаған, бір ұрпақтың жарты ғасырлық немесе қырық жылдық өмірі қамтылады. Өз халқының ұлы ақыны, дана перзенті нақты көрінбегенімен, бірақ оның халқының ортасындағы өмірі өзі армандаған сөзі арқылы үнемі бірге жүреді. Кеңес дәуірін бейнелейтін төрт романның ішінде Абай дәуірінің біздің заманымыздағы тірі куәсі болып бұл күндері шау тартқан, бір кезде жаны жас бір кездегі Абайдың ең сүйікті жас досы, еркелетіп өсірген, тәрбие берген Дәрмен қатысады. Абай өлген кезде оның өлеңдерін аманатқа алған ол бұл жырды революцияға дейінгі қараңғылықтан алып шығып, кеңес халқына жеткізеді. Оның бейнесі бірте бірте романнан романға ауысып, Сталиндік заманның даңқы мен жеңісінің ұлы жыршысына айналады.
Сонымен Ұлы Отан соғысынан кейінгі одақтас туысқан халықтардың бақыты мен айнымас достығын жыр еткен тоқсан жастағы Дәрмен образымен қазақ халқының жүз жылдық тарихын қамтитын соңғы романның соңғы сәттері аяқталады.
Абайдың әкесінің бұйрығымен түйенің өркешіне дарға асып өлтірген Қодардың өлімімен басталған өткен дәуір туралы романдар жүйесі Абайдың ақындық дәстүрін Дәрменнің аманатқа алуымен аяқталады (Кінәсіз дарға асылған Қодардың немересі). Ал романдардың екіншші жүйесі барлық туысқан халықтардың өткен дәуірден ұмытылмай келген данышпан ұлдарының өлмес мұрасы сияқты Абай жырлаған мұқым халықтың бақыты туралы әнмен аяқталады, бұл жүз жылдық мерзімді қамтитын романдар жүйесі – халықтың аңсаған асыл мұратын туғызған және соның салтанатын жырлаған әні туралы болмақ.
Қазір романдардың бірінші жүйесінен екіншісіне өтетін көпір іспетті «Абай жолының» екінші кітабын жазу барысында мен болашақ романымның кейіпкерлеріне айналатын революцияның алғашқы күндерінен бастап біздің заманымызға дейінгі аралықта өмір сүретін үлкен тарихи жолды жүріп өткен, патриархальды-феодалдық дәстүрдегі даланың тағылығынан босанып шығып партия қайраткеріне, ғалым дәрежесіне жетіп, дәл бүгінгі біздің дәуіріміздегі тарих ғылымындағы буржуазиялық ұлтшылдықты әшкерелейтін қазақ әйелінің образын дайындап жатырмын. Әрине, оның тағдыры Қазақстандағы аса ірі кезеңдік оқиғалармен қоса өрілетіні өзінен өзі белгілі. Біздің революциялық тарихымыздың қаһармандарының эпикалық шежіресіне шолу, творчестволық барлау ретінде әзірше тек қана осы әйелдің бейнесіне тоқталамын. Ал романның келесі жүйесінде бұл әйел образы өзге де әр түрлі жастағы кейіпкерлер мен әлеуметтік орталардағы оқиғаларға араласып отырады.
Міне, менің творчестволық өмірімнің негізін анықтайтын, өмірлік мақсаттарымның күре тамырын көрсететін ісім мен ойларым осындай.
Кімде кім менің асқан творчестволық құштарлықпен кеңес халқына қызмет етуге ұмтылған еңбегімді ескергісі келмесе және менің барлық еңбек жетістіктерімді есептен шығарып тастағысы келсе – мен оған шын ниетіммен сенемін – онда ол адам тек маған ғана кесірін тигізіп қоймайды, одан да үлкен, ешкімнің қол сұғуға қақысы жоқ одан да үлкен, біздің даулы мақалаларымыздан да жоғары қасиеттерге нұқсан келтіреді. 1953 ж. 18 мамыр, Москва».
5.
Мұндағы пікірлер – Мұхтар Әуезовтің өзінің шын көңілінен шыққан пікірлер емес, қысымнан құтылудың кезекті бір амалы ғана сияқты еді. Себебі, бұл хаттағы тұжырымдар бойынша М.Әуезов өзінің бүкіл шығармашылығынан бас тартты. Сонда М.Әуезовті қадір тұтатындай не қалды өзі? Ештеңе де. Тек құр сүлдері қалды. Жазалауға негізделген идеология үшін қажеті де сол тірі сүлдерін қалдыру еді.
Алайда СССР Жазушылар одағы басқармасындағы талқылау байыпты өтті. Мұхтар Әуезовтің ұлтшылдығы дәлелденбеді, жергілікті жердің айыптаулары негізсіз байбалам, орталықтың сыны жазушыға емес, сыншыларға арналған – деп шешті. Бұл жиналыстың шешімі КПСС Орталық Комитетіне жіберілді. Жазушы Алматыға қайтпай, Мәскеуде қалатын боп ұйғарылды. М.Әуезов Москва университетінің профессоры қызметіне орналасты. Өкініштісі, жанталаса жүріп «Абай» романының әуелгі желісі мен көркемдік идеясына көптеген өзгерістерді енгізіп үлгерді. Қазір де сол өзгерген қалпында жарияланып келеді. Бұл өзгерістер біздің «Бесігіңді ая!..» және «Құнанбай» атты әфсаналарымызда толығымен салыстырыла зерттелгендіктен де оған тоқталмаймыз. Өйткені бұл басылымның мақсаты кеңестік жазалау талқысын деректер мен құжаттар арқылы әшкерелеу.
Сол тұста Берия қолға алынғанда, кеңестік билік тәсілі әшкерелеудің жаңа науқанын бастайды – деп күтіп, өздерін сақтандыру шараларын қамдастырды. Осындай талмалы тұсты қапы жібермеу үшін М.Әуезовке ең соңғы, ең қастаншықпағыр, ең қиянатты соққы берілді. Қазақстанның Орталық Комитеті мен жазалау мекемелерінің құдіретті шеңгелін білдіргісі келгендей 1953 жылдың 2 маусымы күні «Казахстансая правда» газетінде белгісіз автордың «По поводу романа М.Ауэзова «Абай» атты мақаласы найзағай боп ойнап өтті.
Бұл – Мұхтар Әуезовтің толық талқандалып, қазақ ұлты «Абай» романынан айырылуының алғашқы қаралы дабылы әрі қазақстандық идеология жасақтарының қауқарсыз қалмағанын сездіретін «айбарлы шара» еді. Мақаланың авторларын, біреулер газет редакторы К.И.К.И.Никитин десе, хаттаманы жақсы білетін Әбілмәжін Жұмабаев – Брагин деп анық сеніммен айтты. Алдыңғысы Қазақстанда көп тұрақтай алмады, ал Брагин сүлдерін сүйретіп ұзақ жүрді.
Қазіргі қазақ оқырманы үшін оқу аса қиындыққа түсе қоймас деген ниетпен және түпнұсқаны сақтау мақсатында бұл мақаланы және оған қарсы М.Әуезовтің жазған хатын түпнұсқа бойынша бердік.
«М.Әуезовтің «Абай» романы жөнінде» («Казахстанская правда», 1953жыл, 2 маусым): «Қазақ мемлекеттік көркем әдебиет баспасы М.Әуезовтің «Абай» романының жаңа басылымын шығаруға дайындар жатыр. Бұл шығарма – қазақ халқының ұлы ақыны әрі ағартушысының көркем бейнесін сомдаудағы, өткен ғасырдың екінші жартысындағы Қазақстанның өмірін көркем бейнелеудегі алғашқы талпыныс болып табылады.
Біздің республикамыздың жұртшылығы «Абай» романындағы елеулі кемшіліктерді бірнеше рет атап өткен болатын. Соған қарамастан, М.Әуезов өзінің шығармасын бірнеше мәрте қайта бастыра отырып, әділ пікірді есккермеді, тиісті өзгерістер енгізбеді. Осыған байланысты роман авторы жіберген осы қателіктерге қайтып оралу қажет болып отыр.
Романның негізгі кемшілігі, М.Әуезов өзінің басты кейіпекері – Абай бейнесін ашуда дұрыс бағыт ұстанбауында. Абайдың атақты феодальдың баласы екендігі, феодалдық-патриархалдық ортадан оза шығып, аса ірі өркениетті ойшыл дәрежесіне көтерілгендігі белгілі. Ұлы ақын өзінің өлеңдерінде өзі өмір сүрген қоғамның күйдіргісі мен кемшіліктерін әшкереледі. Өзінің барлық ғұмырын қазақ халқын ұлы орыс халқының мәдениетіне тартқан игілікті мақсатқа арнады.
Еңбекші халықтың оның өсуіне, ақындық толысуына, Абайдың көзқарасының қалыптасуына жасаған ықпалын бейнелейтін күрделі даму жолын көрсету – М.Әуезовтің міндеті болатын. Өкінішке орай бұған қол жеткізбеді. Біз, керісінше, үнемі феодалдар мен байлардың балаларының ортасында өзінің уақытын босқа өлтіріп жүрген мақсатсыз, кәсіпсіз Абайды көреміз. Тек кітаптың бір-екі жерінде ғана Абайдың қара халықпен, еңбекшілермен кездескені туралы кездейсоқ көріністер ғана ұшырасады.
Абайдың ұстазы әрі шабыттандырушысы ретінде, Абайдың өзі сынаған, реакцияшыл Дулат ақын суреттеледі. Автор қазақ халқының қарғысына ұшыраған, кейіннен әккі буржуазияшылұлтшыл болған адамды Абайға игі әсері тиді-міс деген желеумен жасырын түрде жағымды кейіпкер ретінде суреттеп, оны жақсыатты етіп көрсеткен. Мысалы, кеңес өкіметіне қарсы табанды түрде күрескен аса ірі феодал, халық жауы Тұраш сүйсіне суреттеледі.
М.Әуезов 20-жылдары «Абайдың ақындық мектебі» атты тұжырымдама ұсынған болатын, ал кейінгі жылдары оны негздеуге барынша ынталана кірісті. Тарихи шындыққа қарсы келетін бұл концепция арқылы Абайдың ықпалын оның өзімен тікелей байланысы жоқ, халық мойындамаған ақындармен ғана шектеп қойған, олардың ішіне ұлтшыл буржуазия өкілдерін де қосқан, сөйтіп, Абайдың қазақ әдебиетінің тарихынан алатын орынын бұрмалаған. «Ақын аға» атты үшінші кітап осы тұжырымды қорытындалуға арналмақ екен.
М.Әуезов Абай араласқан озық ойлы орыс адамдарын бейнелеуде ашық бояуды аяп қалған. Олар сұрықсыз, ұлы орыс халқының үздік бейнесін бере алмаған. Жанды бейнелердің орынына үстірт, қауқарсыз сүлдердің иелері ғана суреттелген, олардың ауызына жалпылама ұрандар ғана салынған. Абайдың «орыс ғылымын» игерудегі алғашқы ұстаздары – Михайлов та сондай, Андреев те сондай.
Абайдың қоғамдық қайраткерлігі мен саяси шығармашылығы Ресейді Қазақстанға экономикалық және мәдени ықпалы қауырт және жемісті әсер еткен кезеңде қанатын қатайтты. Тарихи тұрғыдан алғанда заңды өркениетшіл мұндай үрдісті қазақ халқының сатқындары – мұсылманшыл шығысқа бет бұрған реакцияшыл байлар мен феодалдық элементтер тарапынан қатты қарсылыққа ұшырады. Олар Абайды өздерінің жағына шығаруға барынша ұмтылды, сөйтіп, оның беделін өздерінің арам ойларын жүзеге асыруға пайдаланбақ болды. Қазақтың ұлы ақыны және ағартушысы оларға үзілді-кесілді қарсы тұрды. Өкінішке орай, романда оны қазақ қоғамының озық ойлы өкілі ретінде көрсететін Абайдың осы қыры ашылмаған. Сонымен қатар автор пантүркизм мен панисламизмнің реакциялық әрекетін әшкерелеуден бойын аулақ салған.
М.Әуезов тарихи жағдайларды суреттеуде дұрыс ұстаным таныта бермейді. Соның салдарынан феодалдық-рулық ескілікті әспеттеп, революцияға дейінгі қазақ ауылындағы таптық қайшылықтың тігісін жатқызып жібереді.
«Абай» романының бірінші кітабына назар аударайық. Мұнда, қазақ ауылы –қатыгездікпен қаналған және бас еркі жоқ еңбекші халықтың ауылы кеңінен суреттелмеген. Оның есесіне ақсүйектер ашық бейнеленген. Автор олардың байлығы мен әшекейін, қыр қожайындарының тұрмысын бейнелей баяндауда бояуды барынша жұмсаған. Романдағы өткеннің көрікті көрінісін суреттеген мысалдың бірі мынадай:
«Абайға тиісті қонақтар бұл күні түске шейін кешегі үйлерінен қозғалған жоқ. Таңертеңнен бері шай, қымызбен сыйлап келіп, дәл түске тақай бергенде барлық он үйге ет тартылды. Абайдың бұл жолы жасаған тәртібі қонақтарды да, көлденең елді де, ас иелерін де қатты сүйсіндірді. Табақ тартуға өңшең жорға аттарды сайлапты. Барлық ат күміс ер тоқыммен ерттелген. Күтуші жігіттер бастарын тегіс жібек орамалмен байлапты. Ас ошағымен екі арада бұлар қос табақтан алып, қатар тізіле жөнелгенде, өлке бойы жайнап кеткендей болды».
Ескі ауылды суреттеген тұстарда феодалдық-байшыл ескілікті мұңая сағынған уайым сезімі билейді. Халықтың қарғысына ұшыраған заманды автор ашық уайыммен бейнелейді. Мұны дәлелдейтін суреттерді романның көптеген беттерінен кездестіруге болады. Міне, соның біреуі:
«... Кең өлкенің бойы жыпырлаған ауылдар. Қораларының отарларында, үйірім-үйірім көбіктей боп, қалың-қалың қойлар жатыр. Оттар өшкен, елсіз, жайын аралда қатар-қатар тізілген қаз, үйректің ұяларында ағарып, дөңгеленіп жататын жұмыртқадай боп, ай астында маңқиып, түңліктері жабық боз үйлер тұр. Алты-жеті үй – бір ұя. Он-он бір үй – бір ұя», немесе:
«Ойынға жиылған жастар қалың көрінді. Кәмшат бөрік, мақпал шапан, жібек шапан киген қыздар көп. Араларында қынай бел, әсем кмзол ғана киген қыздар да жүр. Шолпылары тоқтаусыз шылдырлап, көп үнге салады».
Кітапта феодалдық-патрархальдық дәстүр мен салт ерекше бір қызығушылықпен, сүйіспеншілікпен жазылған. Қазақты феодал-рубасылары өздерінің кедей «руластарын» бұрынғыдан бетер қанай түсу үшін руаралық араздықты үнемі қоздырып, сол жанжалды өз мүдделеріне пайдаланғаны отырғаны белгілі. Осы феодал-рубасыларының халыққа жат әрекеттерін әшкерелеудің орынына М.Әуезов олардың өкілдерін даңқ тұғырына көтеріп, халық бұқарасының мүддесін қорғаушы етіп көрсетуге дәс қалады. Дала жыртқышының бірін – жігітек руының биі Бөжейді автор халық қамқоршысы ретінде бейнелейді. Ол өзінің бойындағы барлық көркемдік қуатын Бөжейге берілген үш күндік асты суреттеуге сарқа жұмсайды. Осы көріністе рулы елдің отбасыларының – шексіз байлық иелерінің де, сол байлықты қан мен терімен тапқандардың да «орыны толмас қайғысын» баяндалады. Осында таңғажайып көріністі таңдана баяндай келіп: «Ұлы дүбір, үлкен астың осындай боп, уақыт өдшеуін айналып кететіні анық. Бірер буынға шейін ұмытылмастай есте қалатыны бар»,– тұжырым жасайды.
Міне, осындай патриархалдық-феодалдық құрылысты кітап авторы келесі толқын жастарға лайықты үлгі есебінде ұсынады.
Патриархалдық-феодалдық ескілікті М.Әуезов өзінің екінші кітабында да дәріптейді. Бұл әспеттеулер жайлауды, үйлену тойын, бүркіт салуды суреттегенде анық байқалады. Автор, әсіресе, ақсүйек жастарға ерекше ынтызарлық танытып, романның көпшілік бөлігін соларға арнайды. Байдың балаларының сұлулығын барлық жерде ерекше атап өтеді... Бұл бейнелерді әсірелей сомдауға М.Әуезов ең нәзік бояуларды пайдаланады. Үмітейдің басындағы камшат бөркі мен үкісінен бастап, асыл маржандарын, қымбатты әшекейлерін қосып, аяғындағы үшкір тұмсықты қара жылтыр кебіс-мәсісі мен кербез жүрісіне дейін тамылжыта баяндап, оның сұлулығын сипаттайды.
Осы әйелдердің барлығы да патриархалдық-феодалдық қоғамның тағы заңдарыына қарсылық білдірушілер, жаңаны жақтаушылар, әйел теңдігі үшін күресушілер болып табылады. Сонда өздерінің күйеулерімен, әкесімен, бауырларымен бірге аянышты күй кешіп, «қараша үйде», «шоқпыт-шоқпыт қоста», «күңгірт жертөледе» тұратын әйелдер мен қыздар қайда? Олар туралы кітапта үстір қана баяндалады. Әлде, «жүдеу жүзі әжімге толған, көйлегі жырым-жырым, көптен жуылмаған» кедейдің келіншектері Есбике ен Баян өзінің күңдік халіне риза ма, олар қарсылық білдіре алмай ма?
Өзінің барлық назарын байдың киіз үйін суреттеуге аударған М.Әуезов еңбекші халықты көзге ілмейді. Феодалдардың образына қарсы тұратын халықтан шыққан бір де бір кейіпкер ірі жоқ. Халық өкілдеріне эпизодтық қана орын берілген. Бұл пікір кітаптағы Кенесары Қасымовтың реакциялық-монархиялық күресіне де қатысты. Бұл кездейсоқтық емес, өйткені М.Әуезов ұзақ уақыттан бері халықты тұншықтырушы Кенесарыны ұлттық қаһарман ретінде дәріптеп келді.
Романда қазақ ауылындағы таптық қатынас мүлдем өшіріліп кеткен, езілуші бұқараның «өздерінің» феодалдарына қарсы күресі көрсетілмеген, бұл, әсіресе, бірінші, екінші кітапқа тән. Онда, бір жағында – дала қожайындары, екінші жағында, М.Әуезовтің көрсеткеніндей, «дау-шармен жұмысы жоқ тыныш туыстар, қарапайым кедей ауылдар» бөлектеніп берілген. Руаралық өшпенділік алдыңғы қатарға шыққан. Күрес кедейлер мен байлардың арасында емес, ру арасында өтеді.
М.Әуезовке романдағы өрескел бұрмалаушылықтарды жою міндеті тұр. Тек сонда ғана сол замандағы қазақ қоғамының әлеуметтік-экономикалық өмірін дұрыс суреттеген, қазақ халқының ұлы ағартушысы туралы шынайы шығарма тумақ».
Қарабайыр, можантопай, жалаң жазғыруға құрылған, мақала авторының пиғылы «ұлы орыс халқы, ұлы орыс мәдениеті» деген сөздерді шағын мақалада он рет «сүйсініп қолдануынан» байқалатын «сынсымақты» талдап жатпаймыз. Ешқандай тың пікірі мен көркем ойлық құны жоқ бұл мақаладағы пікірлер – Н.Н.Поспелов, Б.Степанов, С.И.С.И.Круглов, С.Бәйішев, С.Мұқанов, Ғ.Мүсірепов сияқты беделді шешендер бес жылдан бері тұрақты түрде мінбеден сарнап келе жатқан сары қарын сөздер еді. Оның мағынасы тура Б.Степановтың:
Достарыңызбен бөлісу: |